Әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 28 тамыздағы № 15 ұсынымы

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына қосу туралы мәселені шешуге бірыңғай тәсілдемелер әзірлеу мақсатында,

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланған күннен бастап қосымшаға сәйкес өзгерістерді ескере отырып, Әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы ережені (Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 15 қарашадағы № 20 ұсынымына қосымша) қолдануды ұсынады.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 28 тамыздағы
№ 15 ұсынымына
ҚОСЫМША

Әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы ережеге енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. 1-тармақтағы "2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім)" деген сөздер "Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 5-тарауының" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. 2-тармақта:

      а) бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Кодекстің 40-бабы 1-тармағының 7-тармақшасына сәйкес олармен жасалатын мәміле құны (1-әдіс) бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың (бұдан әрі тиісінше – Одақ, әкелінетін тауарлар) кедендік құнын айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға роялтиді, патенттер, тауар белгілері, авторлық құқық үшін төлемдерді қоса алғанда, зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын және бағаланатын (әкелінетін) тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарттары ретінде сатып алушы осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға енгізілмеген мөлшерде тікелей немесе жанама түрде төлеген немесе төлеуге тиіс лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер қосылады.";

      б) үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін төлемдер;";

      3. 7-тармақтың бірінші абзацындағы "Келісімнің 5-бабы" деген сөздер "Кодекстің 40-бабы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. 11-тармақтың екінші абзацындағы "қосымшада" деген сөздер "осы Ережеге қосымшаның І бөлімінде" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. Мынадай мазмұндағы ІІІ және ІVбөлімдермен толықтырылсын:

"ІІІ. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін лицензиялық төлемдер

      12. Кодекстің 40-бабының 1-тармағы 7-тармақшасының негізінде әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін лицензиялық төлемдер, тіпті осындай лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға жататын және оларды төлеу тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылатын жағдайларда да, іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмауға тиіс.

      13. Осы Ереженің мақсаттары үшін "молайту (тираждау)" әкелінген тауарларды көшіруді ғана емес (мысалы, әкелінген бұйымның дәл көшірмелерін дайындау үшін пайдаланылатын шаблон ол бойынша жасалатын бұйымның үлгісі әкелінеді), сонымен бірге әкелінетін тауарлардағы өнертабысты, туындыны, ойды немесе идеяны молайтуды да білдіреді.

      Бұл ғылыми жұмыстардың түпнұсқалары мен көшірмелеріне (мысалы, вакцина өндіру үшін қажетті нысанға жаңғыртылатын бактерияның жаңа штаммын әкелу), әдеби шығармалардың түпнұсқаларына (мысалы, кітап басып шығаруға арналған қолжазбаларды әкелу), прототиптерге, яғни үлгілерге, модельдерге, эталондарға және т.б. (мысалы, жаңа ойыншықтың дәл көшірмелеріне жаңғыртылатын жаңа ойыншықтың үлгісі) және жануарлар мен өсімдіктердің түрлеріне (мысалы, бастапқы түрлерінің таралуына қарсы күресу үшін көбейтілетін генетикалық жағынан өзгерген насекомдар) де жатады.

      14. Әдетте зияткерлік меншік объектілері болып табылатын немесе осындай объектілерді қамтитын тауарларды сатып алу сатып алушыға оларды молайту (тираждау) құқығын өздігінен бермейді. Көптеген жағдайларда мұндай құқық лицензиялық шарт жасасу арқылы беріледі.

      15. Төленетін төлемдердің Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін төлемдер болатыны немесе болмайтыны туралы мәселені шешу мақсатында мыналарға талдау жасау қажет:

      әкелінетін тауарлар зияткерлік құқық объектісі (мысалы, авторлық құқық объектісі, өнертабыс, ноу-хау, селекциялық жетістік) болып табылатын қандай да бір идеяны немесе төлтума жұмысты қамти ма;

      идеяны немесе төлтума жұмысты молайту (тираждау) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қорғалатын құқық болып табыла ма;

      сыртқы экономикалық шарттың (келісімшарттың) немесе басқа да шарттың талаптарымен сатып алушыға әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығын беру көзделген бе;

      қорғалатын құқықтың иесі (лицензиар) сатып алушыға молайту (тираждау) құқығының берілгені үшін сыйақы төлеуді талап ете ме.

      Санамаланған барлық сұрақтарға оң жауаптар төленетін төлемдердің Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін лицензиялық төлемдерге жатқызылуы мүмкін екендігін көрсетеді.

      Әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлардың сипаттамасы бар мысалдар осы Ережеге қосымшаның ІІ бөлімінде келтірілген.

ІV. Өндіріс құпияларын (ноу-хау) пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдер

      16. Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау мен қорғау туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 26 қосымша) 39-тармағына сәйкес өндірістік құпия (ноу-хау) деп кез келген сипаттағы (өндірістік, техникалық, экономикалық, ұйымдастырушылық және басқа да) мәліметтер, оның ішінде ғылыми-техникалық саладағы зияткерлік қызмет нәтижелері туралы мәліметтер, сондай-ақ үшінші тұлғалар заңды негізде еркін қол жеткізе алмайтын мәліметтердің үшінші тұлғаларға белгісіз болуына байланысты шынайы және әлеуетті коммерциялық құндылығы бар және оларды білетіндерге қатысты коммерциялық құпия режимі енгізілген кәсіптік қызметті жүзеге асыру тәсілдері туралы мәліметтер танылады.

      17. Өндіріс құпияларын (ноу-хау) пайдалану құқығын беру кезінде лицензиялық шартта өндіріс құпиясы (ноу-хау) мысалы:

      а) әкелінетін тауарларды өндіру кезінде (оның ішінде өндіріс құпиясы (ноу-хау) оларға инкорпорацияланғанда (қамтылғанда));

      б) Одақтың кедендік аумағында әкелінетін тауарларды (ингредиенттерді, компоненттерді, жабдықтарды, құралдарды және т.б.) пайдалана отырып, өнім өндіру, жұмыстар атқару, қызметтер көрсету кезінде;

      в) лицензиат қызметінің шеңберіндегі ұйымдастыру шешімдерін іске асыру кезінде пайдаланылады деп белгіленуі мүмкін.

      18. Егер өндіріс құпиясы (ноу-хау) әкелінетін тауарларды өндіру кезінде немесе оларға инкорпорацияланған (қамтылған) кезде пайдаланылса, өндіріс құпиясын (ноу-хау) пайдаланғаны үшін лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарлардың кедендік құнына қосылады, өйткені мұндай жағдайларда өндіріс құпиясы (ноу-хау) әкелінетін тауарлардың бір бөлігі болып табылады.

      19. Егер өндіріс құпиясы (ноу-хау) әкелінетін тауарлар (ингредиенттер, компоненттер, жабдықтар, құралдар және т.б.) пайдаланыла отырып, Одақтың кедендік аумағында өнім өндірумен, жұмыстар атқарумен, қызметтер көрсетумен байланысты болса, өндіріс құпиясын (ноу-хау) пайдаланғаны үшін лицензиялық төлемдерді әкелінетін тауарлардың кедендік құнына қосу туралы шешім өндіріс құпиясын (ноу-хау) пайдалану шарттарында әкелінетін тауарларды сатып алу және оларды өнім өндіруде, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде пайдалану туралы талап белгіленгендігі немесе белгіленбегені туралы мәселені зерделеу және талдау негізінде қабылданады.

      20. Егер өндіріс құпиясы (ноу-хау) лицензиаттың қызметі шеңберіндегі ұйымдастыру шешімдерін іске асырумен (мысалы, лицензиаттың персоналын лицензиялық өнім өндіруге немесе машиналарды немесе жабдықтарды пайдалануға оқытумен, басқару, әкімшілендіру, маркетинг, сату, есепке алу және т.б. саласында техникалық қолдаумен) байланысты болса, өндіріс құпиясын (ноу-хау) пайдаланғаны үшін лицензиялық төлемдерді әкелінетін тауарлардың кедендік құнына қосу туралы шешім лицензиялық шартта белгіленген шектеулер мен талаптардың болуы туралы мәселені зерделеу және талдау, не өндіріс құпиясын (ноу-хау) пайдалану әкелінетін (бағаланатын) тауарларды қолданумен мүмкін болатын тауар белгісін, коммерциялық белгіленімді, фирмалық атауды пайдалану жөніндегі лицензиялық шарттың талаптарында көзделгендерден өзге әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың өзіндік ерекшеліктері немесе сипаттамалары негізінде қабылданады.

      Өндіріс құпияларын (ноу-хау) пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлар сипатталатын мысалдар осы Ережеге қосымшаның ІІІ бөлімінде келтірілген.".

      6. Осы Ережеге қосымшада:

      а) атауындағы "Тауар белгісін пайдалану құқығы үшін" деген сөздер алып тасталсын;

      б) атауынан кейін І бөлімнің мынадай мазмұндағы атауымен толықтырылсын:

      "І. Тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлар сипатталған мысалдар";

      в) мәтін бойынша "Келісімнің 3-бабының 1-тармағында" деген сөздер "Кодекстің 37-бабында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      г) 2-мысалдың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұйым мен құқық иеленуші Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 37-бабында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылады.";

      д) мынадай мазмұндағы 8 – 10-мысалдармен толықтырылсын:

      "8-мысал. Ұйым шетелдік құқық иеленушімен лицензиялық шарт жасасты, оған сәйкес шетелдік құқық иеленуші лицензиялық төлемдердің төленуі шартымен ұйымға тауар белгісін спорт сөмкелеріне орналастыру жолымен оны пайдалануға құқық береді.

      Құқық иеленуші тауар белгісі жапсырылатын спорт сөмкелеріне, сондай-ақ оларды өндірушілерге талаптар белгілемеді. Өндірушілерді таңдауды ұйым өз бетімен жүзеге асырады.

      Ұйым және құқық иеленуші Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылады.

      Тауар белгісі ұйым шетелдік өндірушілерден сатып алатын спорт сөмкелеріне орналастырылады.

      Ұйым және шетелдік өндірушілер Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылмайды.

      Ұйым шетелдік өндірушілерге тауар белгісін қамтитын, спорт сөмкелері Одақтың кедендік аумағына әкелінердің алдында оларға орналастырылатын этикеткаларды береді.

      Ұйымға тауар белгісін спорт сөмкелеріне орналастыру жолымен оны пайдалану құқығы берілгендіктен және ұйымның тапсырысы бойынша өндіруші тауар белгісін орналастырған спорт сөмкелерін әкелуді ұйым жүзеге асыратындықтан, лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға қатысты болады.

      Құқық иеленуші спорт сөмкелеріне және оларды өндірушілерге талаптар белгілемегендіктен және мұндай сөмкелер ұйыммен де, құқық иеленушімен де өзара байланысты тұлғалар болып табылмайтын өндірушілерден ұйымның таңдауы бойынша сатып алынатындықтан, лицензиялық төлемдер тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмайды.

      Яғни, лицензиялық төлемдер іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосуға жатпайды.

      Бұл жағдайда әкелінетін спорт сөмкелерінің кедендік құнын айқындау кезінде ұйымның этикеткаларды өндірушілерге беруіне байланысты Кодекстің 40-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықтимал қосымша есептеу туралы мәселе жеке қарастырылуға тиіс.

      9-мысал. Сатып алушы тауар белгісінің иесімен лицензиялық шарт жасасады, ол бойынша сатып алушы құқық иеленушіге тауар белгісі бар және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін әрбір жұп аяқ киім үшін лицензиялық төлемдердің тіркелген сомасын төлеп отыруға міндеттенеді.

      Сатып алушы шетелдік өндірушімен тауар белгісі салына отырып және құқық иеленушінің эскиздерден, суреттерден, чертежден көрінетін тауар белгісіне қатысты көркемдік безендіру мен дизайнға қоятын талаптары сақтала отырып өндіруші дайындаған аяқ киімді сатып алу көзделетін шарт жасасты. Өндірушінің құқық иеленушімен жасасқан лицензиялық шарты жоқ. Сатып алушы мен өндірушінің арасындағы сатып алу-сату шартында лицензиялық төлемдер төлеуге қатысты ережелер қамтылмайды. Өндіруші, сатып алушы және құқық иеленуші Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылмайды.

      Құқық иеленуші тауар белгісі салынатын аяқ киімге, сондай-ақ оны өндірушіге талаптар белгілемеген. Өндірушіні таңдауды сатып алушы өз бетімен жүзеге асырады.

      Лицензиялық шартқа сәйкес лицензиялық төлемдер Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауар белгісі салынған әрбір аяқ киім жұбы үшін төленетіндіктен және өндіруші сатып алушымен жасасқан шартқа сәйкес тауар белгісін осы тауарларды дайындау кезінде салатындықтан, осындай лицензиялық төлемдер сатып алушы әкелетін аяқ киімге қатысты болады.

      Құқық иеленушінің шарттық шеңберде де, сондай-ақ қандай да бір өзге құқықтық қатынастардың шеңберінде де өндірушінің аяқ киім өндірісін бақыламайтынына байланысты лицензиялық төлемдерді төлеу осы тауарларды сатудың шарты болып табылмайды. Демек, бұл жағдайда лицензиялық төлемдерді іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосуға жатпайды.

      Бұл жағдайда әкелінетін аяқ киімнің кедендік құнын айқындау кезінде сатып алушы өндірушіге берген эскиздерге, суреттерге, чертеждерге қатысты Кодекстің 40-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықтимал қосымша есептеу туралы мәселе жеке қарастырылуға тиіс.

      10-мысал. Импорттаушы мүше мемлекеттің аумағында сигареттер және құрамында темекісі бар инновациялық өнім (бұдан әрі – дайын өнім) өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырады, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағына сигареттердің кейбір түрлерін және қыздырылған темекіден жасалған бұйымды (қыздырылатын темекі таяқшалары) (бұдан әрі – стиктер) білдіретін құрамында темекісі бар инновациялық өнімді әкеледі.

      Импорттаушы көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін белгілі бір тауар белгілерін иеленетін шетелдік компаниямен (бұдан әрі тиісінше – құқық иеленуші, тауар белгілері) лицензиялық шарт жасасты.

      Лицензиялық шартқа сәйкес импорттаушыға тауар белгілерін сала отырып, дайын өнім өндіруге, сондай-ақ тауар белгілері салынған сигареттер мен стиктерді әкелуіне байланысты тауар белгілерін пайдалануға құқық берілді. Импорттаушы және құқық иеленуші Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылады.

      Лицензиялық шартқа сәйкес импорттаушы құқық иеленушіге тауар белгілері салынған дайын өнімді өндіру құқығы үшін Одақтың кедендік аумағында дайын өнімді сатудан алынған түсімнің Х пайызы мөлшерінде лицензиялық төлемдер төлейді.

      Лицензиялық шарттың тауар белгілері салынып әкелінетін сигареттер мен стиктерге қатысты талаптарында Одақтың кедендік аумағына осындай сигареттер мен стиктерді әкелу құқығы үшін импорттаушы құқық иеленушіге Одақтың кедендік аумағында сигареттер мен стиктерді сатудан алынған түсімнің Ү пайызы мөлшерінде лицензиялық төлемдерді жеке төлейтіндігі көзделген.

      Лицензиялық шарттың талаптарында әкелінетін сигареттер мен стиктерге қатысты Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде импорттаушымен және құқық иеленушімен өзара байланысты тұлғалар болып табылатын шетелдік өндірушілерден импорттаушының осындай сигареттер мен стиктерді сатып алатыны көзделген. Мұндай өндірушілерді іс жүзінде құқық иеленуші бақылайды, өйткені олар құқық иеленуші айқындаған тұлғаларға сигареттер мен стиктер беруді қамтамасыз етеді.

      Импорттаушы дайын өнім өндіру үшін өзінің қалауы бойынша ингредиенттерді (компоненттерді), атап айтқанда, сигареттер, құрамында темекісі бар инновациялық өнім өндіруге арналған қыздырылатын темекі өндіру үшін темекі шикізатын (бұдан әрі – шикізат), сондай-ақ импорттаушының тапсырысы бойынша дайындау және жеткізу үшін орау қағазын, этикетканы (сигареттерді қораптарға және блоктарға салуға арналған), қаптау ыдысын (гофроқораптар) (бұдан әрі – ілеспе компоненттер) сатып алу үшін шетелдік өнім берушілерді таңдайды. Шикізатты және ілеспе компоненттерді шетелдік жеткізушілер Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде импорттаушымен және құқық иеленушімен өзара байланысты да, сонымен бірге өзара байланыссыз да тұлғалар болып табылады.

      Шикізат қаптау ыдысымен (гофроқораптармен) жеткізіледі, оларға сәйкестендіру мақсатында тауар белгілерін көрсетуді қамтитын таңбалар салынуы мүмкін. Сигареттерге арналған орау қағазына, этикеткаларға және қаптау ыдысына (гофроқорапқа) тауар белгілері салынған.

      Шикізатты және ілеспе компоненттерді шетелдік жеткізушілермен жасалған жеткізу шарттарында импорттаушы құқық иеленушімен жасасқан тауар белгілерін пайдалануға құқық беру туралы лицензиялық шартқа сілтемелер де, импорттаушының тауар белгілерін пайдаланғаны үшін қандай да бір тұлғаға лицензиялық төлемдер төлеу міндеті туралы қандай да бір талап та жоқ.

      Құқық иеленуші шикізат пен ілеспе компоненттер сатып алынатын бағаны қоса алғанда, оларды жеткізуге қатысты бақылауды жүзеге асырмайды. Құқық иеленуші сондай-ақ (оның ішінде лицензиялық шарттың талаптарына сәйкес) дайын өнімді өндіру үшін нақты өнім берушілердің шикізаты мен ілеспе компоненттері ғана пайдалануға болатындығын да белгілемеген. Алайда лицензиялық шартта импорттаушының тауар белгілері салынып өндірілетін және сатылатын дайын өнім сапысының құқық иеленуші белгілейтін сапаға қойылатын талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті екендігі көзделген. Құқық иеленуші импорттаушы өндіретін дайын өнімнің үлгілеріне мерзімдік тексеру жүргізу жолымен тауар белгілері салынған дайын өнімнің сапасын бақылауды жүзеге асырады.

      Баяндалғандардың негізінде тауар белгілерін пайдалану құқығы үшін төленетін лицензиялық төлемдерге қатысты мынадай қорытындылар жасауға болады:

      тауар белгілері салынған дайын өнімді өндіруге байланысты

      лицензиялық төлемдерді төлеу тауар белгілері салынған, сатып алынуы импорттаушының қалауы бойынша жүзеге асырылатын шикізаттан және ілеспе компоненттерден дайындалған дайын өнімге қатысты жүзеге асырылады. Демек, лицензиялық төлемдер әкелінетін шикізатқа және ілеспе компоненттерге қатысты емес.

      Құқық иеленушіге үлгілерді тексеру құқығын беретін лицензиялық шарттың ережелері өндірілетін дайын өнімнің сапасын бақылауға жататындығына және өнім берушілерді таңдауды импорттаушы өз бетімен жүзеге асыратынына байланысты, шикізатты және ілеспе компоненттерді жеткізу импорттаушының лицензиялық төлемдерді төлеуіне қарамастан жүзеге асырылады. Демек, лицензиялық төлемдерді төлеу шикізатты және ілеспе компоненттерді Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмайды.

      Осылайша, осындай лицензиялық төлемдерді әкелінетін шикізат пен ілеспе компоненттердің кедендік құнына қосуға жатпайды;

      тауар белгілері салынған сигареттер мен стиктерді әкелуге байланысты

      импорттаушы сигареттер мен стиктерді салынған тауар белгілерімен әкелуді жүзеге асыратындықтан және лицензиялық төлемдер нақ осы тауарларды әкелу құқығы үшін төленетіндіктен, осы лицензиялық төлемдер әкелінетін сигареттер мен стиктерге қатысты болады.

      Импорттаушы шетелдік өндірушілермен жасасатын жеткізу шарттарында лицензиялық төлемдерді төлеуге байланысты қандай да бір талаптар жоқ. Алайда шетелдік өндірушілер сигареттер мен стиктерді белгілі бір құқық иеленушілерге сатуды жүзеге асырады. Демек, лицензиялық төлемдерді төлеу әкелінетін сигареттер мен стиктерді шетелдік өндірушілердің Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмайды.

      Осылайша, осындай лицензиялық төлемдерді әкелінетін сигареттер мен стиктердің кедендік құнына қосуға жатады.";

      е) мынадай мазмұндағы ІІ және ІІІ бөлімдермен толықтырылсын:

      "ІІ. Әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлар сипатталған мысалдар

      1-мысал. Мүше мемлекеттің аумағында тіркелген ұйым сатып алу-сату шартының негізінде А сортты өсімдіктердің репрдукциялық тұқымдарын (бұдан әрі – негізгі тұқымдар) сатып алады және Одақтың кедендік аумағына әкеледі.

      Өсімдіктердің А сорты мүше мемлекеттің қорғалатын селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген.

      Сатушы мен ұйымның арасында лицензиялық шарт жасалған, оған сәйкес сатушы (құқық иеленуші) ұйымға (лицензиатқа):

      негізгі тұқымдарды кейіннен көбейту мақсатында ғана әкелуді;

      негізгі тұқымдарды кейіннен көбейту үшін егу кондициясына дейін жеткізуді;

      негізгі тұқымдарды А сортты өсімдіктердің гибридтік тұқымдарын алу үшін тікелей көбейтуді;

      негізгі тұқымдардан алынған А сортты өсімдіктердің гибридтік тұқымдарын мүше мемлекеттің аумағында сатуды қоса алғанда, селекциялық жетістікті көбейту құқығын берді.

      Лицензиялық шартқа сәйкес ұйым сатушыға селекциялық жетістікті көбейту құқығы үшін сатылған гибридтік тұқымдардың әрбір тоннасынан Х евро мөлшерінде лицензиялық төлемдер төлейді.

      Лицензиялық шартта сондай-ақ ұйымның лицензиярға тиісті есептілік ұсына отырып, негізгі тұқымдардың есебін жүргізуге міндетті екендігі және негізгі тұқымдармен лицензиялық шартта көзделгендерден өзгеше әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы жоқтығы белгіленген. Осылайша, негізгі тұқымдарды ұйым көбейту мақсатында ғана әкеледі және үшінші тұлғаларға өткізе алмайды.

      Ұйым құқық иеленушіге лицензиялық төлемдерді төлемеген жағдайда лицензиялық шартта сатып алу-сату шартын бұзу және негізгі тұқымдарды жою талабы көзделеді.

      А өсімдіктерінің сорты мүше мемлекеттің қорғалатын селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелгендіктен, осы сорт өсімдіктерінің негізгі тұқымдары зияткерлік құқық объектісі болып табылады және оларды тұқымдармен молайту сияқты іс-әрекеттерді жүзеге асыруды қамтитын пайдалануға қатысты мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құқықтық қорғау беріледі.

      Баяндалғандарды, сондай-ақ ұйымға негізгі тұқымдарды көбейту құқығының берілуі және лицензиялық төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттеме көзделетін лицензиялық шарттың талаптарын ескеретін болсақ, қарастырылып отырған лицензиялық төлемдер Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін төлемдер болып табылады.

      Осылайша, ұйым лицензиялық шартқа сәйкес төлейтін лицензиялық төлемдердің әкелінетін тауарға қатысты болатындығына және оларды төлеу тауарды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылатындығына қарамастан, Кодекстің 40-бабының 1-тармағы 7-тармақшасының негізінде әкелінетін негізгі тұқымдардың кедендік құнын айқындау кезінде лицензиялық төлемдер іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмауға тиіс.

ІІІ. Өндіріс құпияларын (ноу-хау) пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлар сипатталған мысалдар

      1-мысал. Лицензиялық шарт бойынша импорттаушыға көмірсутегілерін өндірумен байланысты, олардың тиімділігі мен өнімділігін айтарлықтай арттыратын бұрғылау және өзге де жұмыс түрлерін жүргізу технологиясында көрініс табатын өндіріс құпиясын (ноу-хау) пайдалану құқығы берілді. Осы технологияны қолдану үшін арнайы әзірленген қандай да бір жабдықты пайдалану талап етілмейді.

      Импорттаушы ноу-хауды пайдаланғаны үшін құқық иеленушіге үшінші тұлғалардың тапсырыстары бойынша импорттаушының жұмыстарды лицензиялық технологияны қолдана отырып орындағаны үшін сыйақы ретінде алынған түсімнің 3 пайызы мөлшерінде лицензиялық төлем төлеуге міндетті.

      Құқық иеленуші мен импорттаушы Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылады.

      Импорттаушы әртүрлі шетелдік сатушылармен (Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде импорттаушымен өзара байланысты да, өзара байланыссыз да) жасасқан шарттар бойынша жабдықтарды, құралдарды және шығыс материалдарын (бұдан әрі – бұрғылау жұмыстарына арналған тауарлар) сатып алуды және Одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асырады.

      Импорттаушы бұрғылау жұмыстарына арналған тауарлардың бір бөлігін үшінші тұлғаларға қайта сатады және олар импорттаушының жұмыстарды жүргізу жөніндегі қызметінде пайдаланылмайды. Бұрғылау жұмыстары үшін әкелінетін тауарлардың екінші бөлігін импорттаушы үшінші тұлғалардың тапсырыстары бойынша көмірсутегілерін өндірумен байланысты жұмыстар жүргізу кезінде пайдаланады. Импорттаушы жұмыстарды лицензиялық технологияны қолданбастан орындаған жағдайда импорттаушы алған сыйақы лицензиялық төлемдердің сомасын есептеу кезінде есепке алынбайды. Ноу-хау қолданылған жағдайда импорттаушы сыйақысының мөлшері көрсетілген жұмыстарды лицензиялық технологияны пайдаланбай орындау кезіндегіден көп болады.

      Бұрғылау жұмыстарына арналып әкелінетін тауарлардың лицензиялық технологияны қолдану кезінде пайдаланылғанына қарамастан, лицензиялық төлемдер оларға жатпайды, өйткені бұрғылау жұмыстарына арналған тауарлар осы технологияны іске асыру үшін арнайы әзірленген жабдық болып табылмайды және лицензиялық шартта ноу-хауды бұрғылау жұмыстары үшін бағаланатын тауарларды ғана қолдануға болатындығына байланысты қандай да бір шектеулер мен талаптар белгіленбеген. Лицензиялық төлемдерді төлеу бұрғылау жұмыстарына арналған тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмайды, өйткені шетелдік сатушылар мұндай тауарларды импорттаушының лицензиарға лицензиялық төлемдерді төлеуіне қарамастан сатады. Бұл пікір лицензиялық шартта импорттаушының жұмыстарды лицензиялық технологияны пайдаланып орындағаны үшін ғана лицензиялық төлемдер төлеу көзделсе де, импорттаушының бұрғылау жұмыстарына арналып әкелінетін тауарларды жұмыстарды ноу-хауды қолданбай орындауға пайдалануы немесе оларды қайта сатуы мүмкін екендігімен расталады.

      Осылайша, қарастырылған жағдайда ноу-хауды пайдаланғаны үшін лицензиялық төлемдерді бұрғылау жұмыстарына арналып әкелінетін тауарлардың кедендік құнына қосуға жатпайды.

      2-мысал. Сатып алушы лицензиялық шарттың негізінде белгілі бір өнім өндіру үшін технологиялық процесті (ноу-хау) пайдалану құқығын алды және ол құқық иеленушіге осы процесс пайдаланыла отырып өндірілген өнімнің мөлшері негізінде есептелетін лицензиялық төлем төлуге міндетті.

      Сатып алушы сондай-ақ шетелдік өндірушімен технологиялық процесті (ноу-хау) орындау үшін арнайы арналған машинаны жеткізуге де шарт жасасты. Көрсетілген машинаны дайындауды Одақтың кедендік аумағында орындалған және сатып алушы ұсынған жобалау құжаттамасына сәйкес шетелдік өндіруші жүзеге асырады. Шетелдік өндірушінің машинаны сатып алушыға сатуы құқық иеленушіге лицензиялық төлемдер төлеуге тәуелді болмайды.

      Шетелдік өндіруші Кодекстің 37-бабында белгіленген мәнде құқық иеленушімен де, сатып алушымен де өзара байланысты тұлға болып табылмайды.

      Қарастырылып отырған лицензиялық төлемді төлеу осы машинада жүзеге асырылатын өндіріс процесімен байланысты екендігіне және бұл осы машинаны пайдаланудың жалғыз тәсілі болып табылатындығына қарамастан, бұл жағдайда лицензиялық төлем машинаның кедендік құнының бір бөлігі болып табылмайды, өйткені оны төлеу машинаны Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмайды.

      3-мысал. Сатып алушы және сатушы металл-прокат жабдығын жеткізуге шарт жасасты. Металл-прокат жабдығы технологиялық процесті (ноу-хау) пайдаланып өнім өндіруді қамтамасыз ететін технологияны қамтиды.

      Сатып алушы мен сатушының арасындағы шартқа сәйкес сатып алушы сатушыға жабдықтың бағасына қосымша технологиялық процесті (ноу-хау) пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлем ретінде Х миллион шартты бірлік мөлшеріндегі тіркелген соманы төлеуге тиіс. Жабдықтың құнын және лицензиялық төлемді төлегеннен кейін сатушы лицензиарға лицензиялық төлемнің бүкіл сомасын аударады.

      Бұл жағдайда лицензиялық төлем көрсетілген технологиялық процесті орындауға мүмкіндік беретін металл-прокат жабдығын пайдалану кезінде технологиялық процесті (ноу-хау) пайдалану құқығы үшін төленеді. Жабдық осы процесті орындау үшін арнайы сатып алынған.

      Технологиялық процесті (ноу-хау) пайдалану құқығы үшін төленетін лицензиялық төлем технологиялық процесті (ноу-хау) пайдаланумен өндірісті қамтамасыз ететін технологияны қамтитын әкелінетін жабдықпен байланысты болғандықтан және лицензиялық төлемді төлеу жабдықты сату шарты болып табылатындықтан, осы лицензиялық төлем әкелінетін металл-прокат жабдығы үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылуға тиіс.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады