Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы

Жаңа

Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауы. 2002 жылғы сәуір

      Құрметті депутаттар!
      Қадірлі отандастар!

      Жуырда ғана баршамыздың бас қосып, мемлекетіміздің он жыл ішіндегі дамуының қорытындысын шығарғанымыз естеріңізде. Бұл ретте жетістігіміздің жемістерін ғана теріп қойғанымыз жоқ, ең бастысы келер ұрпақ үшін ел тәуелсіздігін қалыптастырудың алғашқы кезеңі жайында ғажайып мол тарихи мұра жиғанымызға көз жеткіздік.
      Сонымен қатар біз өзіміздің үлкен жолдан өтіп, толыса түскенімізді, XXI ғасырға қаймықпай қадам баса алатындай биікке көтерілгенімізді пайымдадық.
      Осы жылдар ішінде тындырған ісіміздің басты түйіні Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуында жатыр.
      Әлбетте біз масайраудың да, масаттанудың да ретсіз екенін жақсы түсінеміз, мұның өзі мереке үстіндегі баяндамада да қадап айтылды.
      Біздің әлі де есею мен кемелдену кезеңінен өтуіміз керек, Қазақстандағы азаматтық қоғамның босағасын бекіте беруіміз керек.
      Біздің "Қазақстан-2030" Стратегиясына  негізделген онжылдық жоспарымыз да осыған бағытталып отыр.

                                * * *

      Тегінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін еселеу жөніндегі жұмысты бұрынғысынша серпінді жүргізу үшін орта мерзімдік жоспарлар мен орта мерзімді кезеңге және 2003 жылға арналған басымдықтарды барынша нақты айқындап алудың маңызы айрықша зор.
      Менің жуырда Үкіметтің үш жылға арналған іс-қимыл Бағдарламасын бекіткенім өздеріңізге мәлім.
      Онда экономиканың нақтылы секторының құрылымын жақсарту, көлік инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, ел экономикасын аймақтық ортақ рыноктарға кіріктіруді жеделдете түсу міндеттеріне айрықша ден қойылып отыр.
      Сондықтан да менің осы Жолдауда алдағы басымдықтардың байыбын баса көрсеткім келеді, ал мұның өзі Үкіметке өзінің ертеңгі қам-қарекетін бюджеттің нақты бағдарламасының ауқымында іске асыруға мүмкіндік берер еді.
      Оның ерекшелігі мынада: біріншіден, мен әр жылды белгілі-бір салаға немесе қызметтің бағытына арнау тәжірибесінен бас тартып, басымдықтарды үш жылдық мерзімге белгілеуге көшуді ұсынар едім.
      Екіншіден, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы тұңғыш рет бюджет атқарылғаннан кейін емес, бюджетті қалыптастыру барысында жария етіліп отыр.

                                * * *

      Алдағы кезеңді, яғни 2003-2005 жылдарды ауылды (селоны) түлетуге арнау үшін көптеген себептер бар. Менің Жолдауым да, міне, нақ осы мәселеге арналып отыр.
      Кеңестік экономиканың кембағалдығынан зардап шеккен де нақ сол ауыл шаруашылығы, ең алдымен дәл сол ауыл еңбеккерлері, нарыққа көшу кезеңінде оның залалын жон терісімен сезінген де солар.
      Ауыл дегеніміз - сайып келгенде, халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары. Осынау саяси-моральдық және әлеуметтік факторлардың өзі-ақ бізден ауылға барынша байсалды қарауымызды талап етеді.
      Кез келген революциялық сілкіністер кезінде ауырсындыратын өзгерістер ауыртпалығының ауылға түсетіні мәлім, әрі мұны тарих та дәлелдеп отыр. Мұны Қазақстан да бастан кешті.
      Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз. Бәрінен бұрын тұрақтылық пен байсалды эволюциялық дамуға нақ осы жұрттың ықыласты екені де аян. Тәуелсіздік пен қуатты мемлекет мұраттарын айрықша қастерлеп, терең сезінетін де осы жұрт, өйткені оның қаны мен жанында бабаларымыздың арманы мен үміті қаттаулы қалпында жатыр.
      Сонымен қатар, таза экономикалық себептер де бар. Экономикамыздың ішкі құрылымын, таяу және шеткері жатқан рыноктарды мұқият саралау Қазақстанның агроөнеркәсіптік мамандануын тереңдету хақында зерделеп ойлануға жетелейді.
      Мұның өзі таңданарлық жәйт, бірақ шындық: бізге таяу және шалғай жатқан рыноктардың бәрі де астық пен етке зәру. Алайда Қазақстанның азық-түлігі солардан өзіне орын таба алмай тұр, өйткені сапасы төмен әрі шығасысы жоғары, сондай-ақ оған көрсетіліп отырған мемлекеттік және дипломатиялық қолдау да әлсіз.
      Ол - ол ма, ішкі рыногымыз өзінің бірқатар тұғырлары турасында сырттан азық-түлік тасып әкелудің үдей түсуінен ұтылысқа ұшырай бастады.
      Елімізде қуатты ауыл шаруашылығы секторы болуының айрықша маңызы бар, мұның өзі оған ілесе жүретін салаларды: минерал тыңайтқыштар, ауылшаруашылық машиналарын жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, оның аржағында технологиялық желі бойынша басқа да салаларды мықтап көтеруге мүмкіндік берер еді. Демек, мұның ел экономикасы үшін беретін сан алуан тиімділігі орасан зор.
      Біздің ауылға деген ерекше көзқарасымыздың демографиялық, көші-қон және әлеуметтік астарлары жөнінде айтпау да мүмкін емес.
      Ауылдық жерлерге адамдарды қоныстандыру Қазақстанда тарихи тұрғыда, әсіресе, әміршіл экономика кезеңінде нарық экономикасы жағынан да, сондай-ақ әлеуметтік және экологиялық пайым жағынан да барынша сәтсіз жүргізілгенін айтқан жөн.
      Соның салдарынан көптеген ауылдық аудандарда тоқыраушылық экономика тамыр тартты.
      Жерінің сапасы жағынан, сондай-ақ табиғи және әлеуметтік өлшемдері жағынан алғанда да миллионға жуық адам өзіндік жетімділіктің ең төменгі қалыптары жағдайында өмір сүріп жатқанын еш бүкпесіз тілге тиек етуге болады.
      Біздің мынадай бір ерекшелікті барынша байыпты екшеуіміз керек. Қазақстанда ауыл жұрты 43 процентті құрайды. Ауыл жұртының көптігінен аудандардың көпшілігінде жұмыссыздық дендеді, ал мұның өзі ауылдағы еңбек рыноктарын әлсіретеді, сөйтіп оны елдегі ең төмен деңгейге дейін арзандатады.
      Соның салдарынан ауыл жұрты аудан орталықтары мен қалаларға жаппай көше бастады. Айталық, 2000-2001 жылдары келешегі күмәнді, сол себепті адамдар тастап кеткен 186 мекен тарады, биыл тағы да сондай 93 мекен таратылатын сыңайлы.
      Бұл құбылысқа өзіміз де, өзге жұрт та қаншама тосырқай қарағанмен, оны объективті процесс ретінде пайымдағанымыз дұрыс.
      Мәселе мұның атқарушы биліктің ырқынан тыс, стихиялық сипатта жүруінде ғана болып отыр.
      Он жыл ішінде біз экономикадағы тұғыры тұрлаулы мемлекет ретінде аяғымызға нық тұрдық. Ендеше жеткен биігіміз бен жинақтаған тәжірибемізге сүйеніп, ауылдағы ағайынымызға өмірдің жаңа сапасына жетуіне қол ұшын беретін уақыт туды.
      Менің нақты ұсыныстарым қандай?
      Бірінші. Біздің бәріміз алдымен ауылға (селоға) қолдау көрсету дегеніміз кез келгенді және көрінгенді оңды-солды мемлекеттік қаржыландыруға келіп тіреліп тұрмағанын мықтап ұғынып алуымыз керек. Біз бәз баяғыдай масылдық және мемлекеттік бәйек болушылық тәжірибесін қайта түлете алмаймыз және олай істемейміз.
      Алдағы уақытта да адамның өзі үшін және өзінің отбасы үшін ырзығын теруіне қажетті жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргізу керек, жұмыс істей білетін, өзінің еңбексүйгіштігін көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемлекеттің халықтың және оның болашағының алдындағы жауапкершілігі де, міне, осында жатыр.
      Мемлекеттің бүкіл қаржы-экономикалық, соның ішінде әлеуметтік және ауыл шаруашылығы саясаты саралау арқылы адамның тіршілігі мен нарықтық қатынастардың іске қосылуы тұрғысынан келешегі бар аумақтарға бағытталуы керек.
      Екінші. Мен Үкіметке ауылдық аумақтардың тұрғындарын келешегі болатындай етіп қоныстандыру үлгісін жасауды тапсырамын. Тұралауға ұшыраған бірсыпыра шағын қалалардың тағдырын да жалтақтамай шешу қажет.
      Елімізге ішкі көші-қонды келешегі бұлдыр өңірлерден дамып келе жатқан аудан орталықтары мен шағын қалаларға қарай ойыстыруды көтермелейтін мемлекеттік саясат қажет. Әлбетте, бұл саясат көші-қон легін жоспарлау мен басқару, қоныс аударушыларды жермен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мамандықтарға бейімдеу мәселелерін ескеруі шарт.
      Барлық адамдардың экологиялық таза ортада өмір сүруге, жақсы әлеуметтік қызмет көруге ұмтылатыны белгілі. Бұл ниетті қолдау керек. Шұрайлы жері, іргесінде өнім өткізу рыноктары, қолайлы көлік желілері бар өңірлерде ауылдың қалыпты тіршілік етуге жағдайы толық екені айдан анық.
      Ауыл шаруашылығы министрлігіне аумақтық істер жөнінде қосымша уәзипалар беру мәселесінің де пісуі жетті.
      Үшінші. Мен Үкіметтің алдына барынша қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың үшжылдық президенттік бағдарламасын әзірлеу міндетін қоямын. Сонда бұл бағдарламаны қандай көздерден және қандай шарттармен қаншалықты шамада қаржыландыруға болатыны анықталады.
      Біздің еліміз әлемдік және өңірлік дәстүрлі азық-түлік өнімдерін беруші болып келді және болып қалуға, ал агроөнеркәсіп кешенінің өзі еліміздің экономикалық өрлеуінің, сауда және төлем балансын жақсартудың қосымша қайнары болуға тиіс. Біз осыған жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек.
      Ауылды өркендетудің басты факторы агроөнеркәсіп кешенін тұрлаулы әрі серпінді дамыту және оның экономикасын осы заманғы нарық қағидаттары негізінде шапшаң ілгерілету болып қала береді.
      Бұл мәселенің мынадай тұтқалы тұстарын атар едім.
      Задында экономикалық және, ең әуелі, жер мен су қатынастары реформаларын байыбына жеткізу шарт.
      Жуырда қабылданған Жер туралы заңның  елімізді өркениетті нарыққа қарай ілгерілете алмағанын мойындауымыз керек. Ендеше бірлесе жүріп жіберген қателігімізді тез арада бірлесіп түзейік, осы заңды сындарлы қалыпқа келтірейік. Бұл заңның түпкі мәні өміршең маңызы бар: "Ауыл шаруашылығы жеріне жеке меншік керек пе?" дейтін сауалға қайтаратын жауабы болуға тиіс.
      Осы сұрақтың жауабын іздегенде біз, әдетте, жерді сату - "Отанды сату" дейтін тоғышарлық тұжырымға ойыса береміз, ал жерге деген меншіктің шаруаның ендігі жерде өз жерін ешкімнің алып қоймайтынына деген сенімі мен үміті екенін ескере бермейміз. Керек десеңіз, жерге деген меншік - оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас.
      Иесіз жер жетім. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесіз жер. Қазақстан жағдайында жерді нарық айналысына қосу дегеніміз - пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды экономикаға қосу деген сөз.
      Парламенттің дәл осы құрамының "Жерге жеке меншік туралы" заңды қабылдау арқылы өзінің осынау тарихи парызын орындайтынына сенемін.
      Үкіметке басқа елдердің тәжірибесін зерделеп, "қолдаймын" мен "қарсымынды" қатар таразыға тарта келіп, осы заңның жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуді тапсырамын.
      Сайып келгенде, су қатынастарында да тәртіп орнататын кез жетті, мұнда да ұйымдық-құқықтық былық жетіп жатыр. Гидромелиорациялық құрылғыларды жаңалаудың әбден толғағы жеткен түйіндерін де дәйекті түрде шешу керек.
      Егіншілік пен мал шаруашылығында экспортқа және ішкі ірі мемлекеттік сатып алымдарға бағдарланған орта және ірі тауарлы өндірістер ұйымдастыруға кірісу керек, бұған экономикалық шараларды кіріктіру қажет.
      Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігінің жедел өсімін және өзіндік құнның төмендеуін қамтамасыз ету үшін қайтарымды, бірақ жеңілдікті негізде мемлекеттік жәрдем көрсеткен тиімді.
      Экономикалық тәсілдер арқылы шаруаларды осы заманғы агротехнологияларды енгізуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату салаларын дамытуға бағдарлаудың, сөйтіп қазақстандық өнім өндірушіге, жоқ дегенде, көрші елдерге тең келетіндей экономикалық жағдайлар туғызудың маңызы зор.
      Өнім сапасына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтіп, едәуір жақсарта түсетін уақыт туды.
      Үкімет малдәрігерлік және санитарлық қадағалау, мал мен өсімдік дерттеріне қарсы күрес жүйесін тәртіпке келтіруге, стандарттар мен технологиялық нормаларға қатысты жұмысты күшейтуге, сөйтіп оларды жедел әрі дәйекті түрде әлемдік шарттарға жақындата түсуге тиіс.
      Ауылды ғылыми және ақпараттық қамтуды қалпына келтіру керек. Ауылшарминінің жүйесінде ауылшаруашылық институттары жұмыс істеуге тиіс, ал Статистика жөніндегі агенттіктің бастапқы ақпарат мәселесімен мықтап шұғылдануы керек. Барлық деңгейдегі әкімдерге келсек, олар ақпараттық маркетинг жүйесін өрістетуге жәрдемдесуге тиіс, әзірге мұндай жүйе 36 ауданда ғана жұмыс істеп тұр.
      Үкіметтің сыртқы өткерім рыноктарын кеңейту жөнінде тиімді шаралар қолдануы шарт.
      Сыртқы рыноктарға шығатын көлік жолдарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс та көңіл көншітерлік емес, сондай-ақ сауда жолдарының бойындағы басы артық тарифтік және тарифтік емес жүктемелер де қиындық туғызып тұр.
      Ауылға несие және қаржы қызметін көрсететін түрлі шағын несиелеу және өзара несиелеу институттары түріндегі неғұрлым көп тарамды қаржы желісі де қат.
      Ауыл шаруашылығы өндірісін сақтандырумен де ден қоя шұғылдану қажет.
      Үкіметтің сыртқы займдардың, әсіресе, халықаралық банктер желісі бойынша түскендерінің едәуір бөлігін жеңілдікті және үйлесімді негізде ауыл шаруашылығына бағыттау жөніндегі бүгінгі іс-тәжірибесінен жазбағаны жөн. Лизинг орталықтарының, несие серіктестіктерінің мүмкіндіктерін күшейте беру міндеті де алда тұр.
      Төртінші. Мен Үкіметке әлеуметтік салаға ерекше назар аударуды тапсырдым.
      Мұнда ауылға қатысты жаңа саясат маңызды орын алуға тиіс. Бұл - келешегі кемел өңірлерді өркендету саясаты, әлбетте мұның қаржымен жете қамтуды қажетсінетіні белгілі.
      Ең алдымен, біздің шаруаға кедергі келтірмеуіміз керек, оған өз шаруашылығын көтеруге еркіндік беріп, несие алуына, консалтинг жөнінде, өнімін сатуына жәрдемдесуіміз керек.
      Осы үш жылдың бюджеті ауыл үшін басымдықты сипатта болуға тиіс. Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаражатта алдымен ауыл тұруға: бәрінен бұрын, ауылға арналған жолдар мен сутартқыштар тұруға; бәрінен бұрын, ауыл мұқтажын өтейтін ауруханалар тұруға; бәрінен бұрын ауылға арналған мектептер тұруға тиіс. Мен Үкімет пен әкімдерге 2003-2005 жылдардың ішінде жыл сайын ауылда білім беруді, денсаулық сақтауды қаржыландыру әрі ауыз суға арналған әрі облысаралық және ауданаралық ауылдық автомобиль жолдарын салу мен жаңалауға арналған қаражат көлемін 10 млрд. теңгеге ұлғайтуды тапсырамын.
      Алайда, бұл қаражат ақылмен жұмсалуға тиіс, айталық, жадап-жүдеп, жұрты азайып кеткен жерлерде жаңадан мектептер салудың қажеті бар ма? Мұндай жағдайларда келешегі бар аудандарда мектеп-интернаттар салып, балаларды сонда ауыстырған жөн болмақ. Мұның осы заманғы ауруханаларға да қатысы бар.
      Сонымен қатар, жалпы алғанда 2003 жылдан бастап, жыл сайын ауыл шаруашылығын дамытуға қосымша 8-10 млрд. теңге қарастырып отырған дұрыс.
      Мен білім беру жүйесіндегі істің жағдайын түбегейлі өзгертуді стратегиялық міндет санаймын. Еліміз үшін мұғалім мәртебесін арттыру, ең алдымен, ауылды жерде арттыру ең бір өзекті мәселе. Бірінші кезекте мұғалім еңбегіне ақы төлеу мәселесін шешу шарт.
      Биылдың өзінде мұғалімдердің жалақысын бұрын жоспарланғандай 25 пайызға емес, 30 пайыздан астамға ұлғайту мүмкіндігі бар деп санаймын.
      Үкіметке және әкімдерге бұл үшін қажетті қаржы көздерін табуды тапсырамын.
      Бесінші. Көші-қон стратегиясы, әсіресе ауыл мен әлеуметтік салаға ерекше мән беру, тегінде, белгілі бір деңгейде, сірә, бюджетті орталықсыздандыруды талап етуі мүмкін. Дегенмен бұл тұста Үкіметтің де, Парламенттің де ауыл тұрғындарын қоныстандырудың ұтымды үлгісін жасау үшін, мұның өзі ауылдық аудандар мен округтер ауқымында белгілі бір әкімшілік-аумақтық қайта құруларға әкеліп соқпай қоймайтынын ескеріп, салмақтылық пен салиқалылық көрсетулері керек.
      Енді ең соңғы айтпағым. Алдағы уақытта меншікті, дәлірек айтқанда, қалаларға ауылдан көшкендер мен ұсақ кәсіпкерлердің жері мен жылжымайтын мүлкін жария ету жөнінде тұтас шаралар кешенін қолдану қажет.
      Адамдардың осынау тобының меншігі жасырын және жартылай жасырын болып келетініне, әрі тиісінше ресімделмеуіне байланысты, оны капиталға айналдыру, сату немесе кепілге беру мүмкін емес. Сөйтіп, олар ашық есеп жүйесінен де, жаңа экономикалық қатынастар аясынан да тыс қалады.
      Бұл орасан зор әлеует. Әлемдік сарапшылардың пайымынша, көптеген кедей елдер қазірдің өзінде ілгері серпіліс жасауға мүмкіндік беретіндей активтер мен ресурстарға ие болып отыр.
      Біз экономикалық дамудың аралық өңірінде тұрмыз. Экономист сарапшылардың есебі бойынша шағын және орта бизнесті қоса алғанда, экономикалық өсімнің 25-тен 35%-ға пайызға дейінгі активтері мен ресурстары астыртын айналыста жүр. Ендеше оларды нарық айналысына қосу бүкіл еліміздің экономикасы үшін орасан зор тиімділік береді.
      Міне, осыған сүйеніп, шағын және орта бизнесті жан-жақты нығайта беру қажет, сол үшін кезең-кезеңімен:
      - салық ауыртпалығын азайту;
      - меншік пен активтерді жария ету;
      - несие ресурстарына жол ашуды жеңілдету;
      - әкімшілік ресімдер мен рұқсат беруді оңайлату;
      - бюрократиялық бейбастақтық пен бақылау-тексеру органдарынан қорғау;
      - шағын және орта бизнесті қолдайтын аймақтық орталықтар құру, маркетингтік зерттеулер жүргізуге, біліктілікті арттыруға, орталықтандырылған бухгалтерия құруға көмектесу сияқты өзекті міндеттерді шешу қажет.
      Үкіметке осы мәселелер бойынша арнайы комиссия құруды тапсырамын.
      Ауылды өркендету жөнінде алға қойылған міндеттерді орындау парызы Үкімет пен әкімдердің бірлесіп, зор жауапкершілікпен жұмыс істеуін талап етеді. Мұның өзі атқарушы биліктің бүкіл жүйесі үшін салмақты сын болуға тиіс.
      Осы Жолдауда мен ауылдағы біздің жаңа саясатымыздың бір ғана, алайда аса маңызды мәселесіне әдейі ерекше назар аудардым. Демек, Үкімет пен Бюджет комиссиясы келесі жылға тиесілі басымдықтарды тиісінше нақпа-нақ анықтауы керек.
      Сонымен қатар мемлекеттік құрылыс пен қоғамды демократияландырудың негізгі бағыттарына байланысты бірқатар мәселелерге тоқталғым келер еді.
      Орта мерзімді келешекке арналған тиісті шаралардың кешені мақұлданды. Ол негізгі Заңымыздың бұлжымайтынына және конституциялық құрылысымыздың мызғымайтынына негізделеді.
      Көптеген сарапшылардың, соның ішінде халықаралық сарапшылардың пікіріне сайсақ, Қазақстанның 1995 жылы қабылданған Конституциясы өзінің мәні жөнінен еліміздің даму қажеттіліктеріне сәйкес келетін демократиялық конституция болып табылады.
      Осы Негізгі Заңымыздың әлеуеті көп ретте әлі де толық жүзеге асырылған жоқ. Мен бұл көзқарасты қолдаймын. Біздің халқымызға ең басты керегі - бірлік, ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылық. Мен мұны жақсы білемін.
      Демократия - мен сіздерге ұсынған, ал сіздер қабылдаған әрі өз парасатымызбен қалап алған дамуымыздың даңғыл жолы. Біздің баршамыз осы үдерімді одан әрі орнықтыра беру үшін халқымыздың даналығына сүйеніп, тарихи, экономикалық, саяси, этноәлеуметтік факторлар мен қоғамдық пікірді ескере отырып, жұмыс істеуге тиіспіз.
      Біз негізінде сан ұлттар адамдарының өзара көмегі, ықыласы, ынтымағы, өзара құрмет сезімі қаланған төл мәдениетіміздің құндылықтарын сақтай отырып, байыппен біртіндеп алға жылжи береміз. Бөтен ұсыныстар бізге залалын тигізуі мүмкін.
      Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау ісінде мемлекетіміз бен қоғамымыздың күш-жігерін еселей беретін, нақты іс-қимылымызбен орталықтағы, сондай-ақ жер-жерлердегі бюрократиялық жолсыздықтарға қарсы күресетін боламыз.
      Бізде партиялық саяси құрылысты, ең алдымен оның заңнамалық негіздерін жетілдіруге бағытталған резервтер аз емес. Партиялардың қызметінде саяси экстремизмге жол бермейтін құқылық нормалар енгізу; этностық немесе діни қауымдастық қағидаттары негіздеріндегі партиялық құрылысқа ырық бермеу; олардың қызметінің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету сияқты мәселелер баяғыда пісіп-жетілді.
      Бұл ретте мен депутаттар тобының партиялық заңнаманы өзгерту жөніндегі бастамашылығын қолдаймын.
      Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесі мен құқықтары туралы заңның әзірленуіне Үкіметтің өзі ұйытқы болуға тиіс.
      Біз мемлекеттік құрылысты жетілдіру, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқаруды дамыту, сот пен сайлау жүйесін жақсарту жөніндегі жұмысты алдағы уақытта да табанды әрі жігерлі жүргізетін боламыз.
      Менің тапсыруым бойынша Үкімет Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.
      Осы жұмыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік уәзипалардың, басқару деңгейлері бойынша оларды ажыратудың оңтайлы тізбесінің жобасы әзірленеді. Бұл құжат 2004 жылдың басында-ақ мемлекеттік әкімшілік жүргізудің жаңа қағидаттарына және бюджетаралық қатынастардың тиісті үлгісіне көшудің іргелік шарттарын жасауға негіз болады.
      Мұнда өкілеттіктер мен жауапкершіліктің бір бөлегін орталықтан өңірлерге беру мәселелерін шешу қажет. Сонда биліктің өзінің құрылымы да айқындалып, әрі басшыны қай жерде сайлау, қай жерде тағайындау керек екені анық болып шығады.
      Тұжырымдама міндеттерінің бірі - ауылдық басқару деңгейінде мемлекеттік биліктің нағыз өтімді институттарын қалыптастыру.
      Ауылдық жерлерде биліктің белгілі бір босаңдығы білініп жүр. Жер-жерлердегі әкімдердің қолында жеткілікті өкілеттіктер, ал ең бастысы қаржы ресурстары жоқ. Сондықтан Үкімет және облыстар әкімдері төменгі буындарда ұтымды мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруға тиіс.
      Биылғы тамыз айында ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жөніндегі тәжірибеге мұқият талдау жасалып, соның негізінде халықтың осы санаттағы басшыларды сайлауының тиімділігі хақында шешім қабылданады. Сонымен бір мезгілде бізде басқарудың қанша деңгейі болуы керек екенін анықтап алу керек. Мемлекеттік басқарудың барлық негіз қалайтын қағидаттарын айқындап алғаннан кейін ғана жергілікті өзін өзі басқарудың үлгісі мен заңына құлық қоюға болады.
      Биыл Мемлекеттік қызмет туралы заңға  да елеулі өзгерістер енгізіледі. Бұл - мемлекеттік қызмет сатылары бойынша жылжудың конкурстық жүйесінен мансаптық жүйесіне көшу, сондай-ақ қолданылып жүрген заңда орын алған қиғаштықтардан арылу.
      Соттар саласындағы кадр саясатын жетілдіру мен судьялар қатарындағы сыбайластықты шектеу, құқық қорғау тетігіндегі адвокатураның рөлін күшейту жөнінде шаралар қолданылады. Биылғы жылдың соңына қарай алқабилер (присяжные заседатели) институтын енгізу тұжырымдамасы әзірленеді.
       Ендігі жерде өлім жазасына кесу үкімін кідіртуді енгізуден бастап, оны толық мансұқ етуге дейінгі мәселені де мұқият зерделеу қажет. Бұл үшін қажетті жағдайлар туғызу керек екенін түсінем. Мұның өзі қаржыландыру мен уақытты талап етеді. Бұл жайында қоғамымызда да сан түрлі пікір бар. Алайда бұл мәселені шешуді қолға алу керек.
      Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін жетілдіру жөнінде де бірқатар шаралар белгіленіп отыр.
      Таяу уақытта радиожиіліктерін бөлу жөніндегі тендерлік комиссияның құрамы қайта қаралып, кеңейтілетін, оның құрамына жұртшылық өкілдері енгізілетін болады. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының жанында ақпарат саясаты жөніндегі қоғамдық кеңес жасақталу үстінде.
      Өзінің даму барысында біздің мемлекеттілігіміз Парламент өзіне Конституция  берген өкілеттіктерді, соның ішінде Үкіметке қатысты өкілеттіктерді барынша толық пайдаланатын шепке сатылап жақындай түсті.
      Парламент пен Үкіметтің арасындағы тұрақты диалог, олардың бірлескен заң шығарушылық жұмысы - мемлекеттілікті нығайтудың аса маңызды шарты.
      Алдағы жылы да күрделі міндеттерді шешу көзделіп отыр. Олардың қатарында "Үкімет туралы" Конституциялық заңға  өзгертулер мен толықтырулар енгізу, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру тетігін кіргізуді заңнамалық дәйектеу, "Баламалы әскери қызмет туралы" заң жобасын әзірлеу және басқалары тұр.
      Сөзімді қорытындылай келе, біздің сыртқы саясатымыз туралы бірқатар принципті қағидаларды ортаға салайын. Біздің халықаралық қатынастарда әуелден-ақ дұрыс бағыт таңдап алғанымызды өмірдің өзі де, іс-тәжірибеміз де қуаттап отыр.
      Ядролық қарудан бас тарту жөніндегі шешіміміз күні бүгінге дейін қауіпсіздігімізге қызмет етіп, еліміздің беделін биіктетіп келеді.
      Қазақстан - кеңестен кейінгі кеңістіктегі барлық елдермен өзінің стратегиялық мүдделеріне нұқсан келтірмей, тұрақты жақсы қатынастар орната білген азын-аулақ мемлекеттердің бірі.
      Біз алдағы уақытта да Қазақстанның геосаяси орналасуы мен экономикалық әлеуетіне толығымен сай келетін нақ осындай көп бағытты екшенді саясатты жүргізе беретін боламыз. Өйткені, нақ осындай саясат - өзіміздің ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту кілті.
      Сонымен бірге біздің Қазақстанның көрші мемлекеттермен қарым-қатынасындағы болжамдылық пен тұрлаулылық тұғырларын нығайта беру үшін бұдан да көп күш-жігер жұмсауымыз міндет.
      Біздің дипломатия ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы сияқты басымдығы бар ұйымдарды нығайтуға айрықша ден қоюға тиіс.
      Сонымен қатар біз АҚШ-пен, Батыс Еуропамен және басқа елдермен ынтымақтастықты да дамыта береміз.
      Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру жөнінде нақтылы нәтижелерге жетуіміз керек.
      Мемлекет пен жеке бизнестің сыртқы рыноктарда берік тұғырға орнығуға бағытталатын күш-жігерін ұштастыру арқылы біз өзіміздің сыртқы экономикалық саясатымызды нығайта беруге тиіспіз.
      Нарық экономикасын жасақтай білген Қазақстан жаһандану үдерімінің ажырағысыз бөлегіне айналды.
      Біздің әлемдегі өз орнымызды табуымыз, өз іс-қимылымыздың шығасыға жол бермей, керісінше кіріс түсіруімізге мүмкіндік беретін стратегиясын түзуіміз өте-мөте маңызды.
      Осы орайда Үкімет Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге әзірлік жұмысын барынша ширата түсуге міндетті.

* * *

      Осы Жолдауда қозғалған мәселелерді өмірдің өзі алдымызға тартып отыр. Олардың көпшілігін менімен кездескен кезде өздеріңіз көтерген едіңіздер, оларды адамдар алдымызға қойып отыр.
      Жыл өткен сайын мемлекет пен қоғамның қызметі көбінесе заңдармен реттелетін бола бастады. Сондықтан Парламенттің де, Үкіметтің де осы заңдар бойынша өмір сүруге тиіс жандармен көбірек кеңескені жөн.
      Әрине, бәрін бірден шешіп тастау мүмкін емес, сондықтан төзімділік таныту керек, ұсақ-түйекке шашыла бермей, күш-қуатымызды қалап алған басымдықтарымызға жұмылдыруымыз керек.
      Біздің, атқарушы және өкілді биліктің халық сайлаған өкілдері ретінде маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу барысында сезім жетегіне ілесіп кетпей, салмақтылық көрсетіп, парасатқа жүгінгеніміз ләзім.
      Мен осы Жолдаудың қағидаларын іске асыруда сіздердің қолдауларыңызға үміт артамын.

     Ықылас қойғандарыңызға рахмет.

    

     

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады