"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне сақтандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 20 желтоқсан N 1663

     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне сақтандыру  мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.     

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі

                                                            жоба

                  Қазақстан Республикасының Заңы

           Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне
                    сақтандыру мәселелерi бойынша
             өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

     Қазақстан Республикасының мына заң актілерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі  Z947000_ Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 15, 201-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 2, 186-құжат; 1998 ж., N 24, 447-құжат): 
      24-баптағы "мемлекетаралық және облысаралық автомобиль көлігімен" деген сөздер "қалалық электр көлiгін қоса алғанда, автомобиль көлігімен" деген сөздермен ауыстырылсын. 
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2697  U952697_ заң күшi бар Жарлығына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 28, 148-құжат): 
      95-бапта: 
      бiрiншi бөлiк алынып тасталсын; 
      екiншi бөлiктегi "бұған қоса Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген сақтандыру туралы заңдарға сәйкес азаматтық жауапкершiлiктi сақтандыруға мiндеттi" деген сөздер "Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген сақтандыру туралы заңдарға сәйкес тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыруға мiндеттi" деген сөздермен ауыстырылсын. 
      3. 1999 жылғы 1 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық  K941000_ кодексiне (Ерекше бөлiм) (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 16-17, 642-құжат; N 23, 929-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2000 ж., N 10, 244-құжат; N 22, 408-құжат): 
      833-бапта: 
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын: 
      "833-бап. Сақтандыру тәуекелiн және келтiрiлген зиянды бағалау"; 
      бiрiншi бөлiктегі "қарап тексеруге" деген сөздер "қарап тексеру мен бағалауды дербес жүргiзуге" деген сөздермен ауыстырылсын; 
      мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын: 
      "Сақтандырушы жүзеге асыратын сақтандырылатын мүлiкті және келтiрiлген зиянды бағалау сақтандырудың құрамдас бөлiгi болып табылады және қосымша лицензиялауды талап етпейдi."; 
      мынадай мазмұндағы төртiншi бөлiкпен толықтырылсын: 
      "4. Сақтандыру жағдайы нәтижесiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн сақтандырушы немесе оның бастамасы бойынша бағалаушы (сарапшы) анықтайды. Зиянды бағалау нәтижелерiмен келiспеген кезде сақтанушы өзгеше дәлелдеуге құқылы.". 
      4. "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы  Z000109_ Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., N 20, 381-құжат): 
      1) 1-бапта: 
      бiрiншi бөлiктегi "және осы Заңнан, соған сәйкес қабылданатын" деген сөздер ", Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексiнен, осы Заңнан және" деген сөздермен ауыстырылсын; 
      мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын: 
      "Сақтандыру кезiнде сақтандыру тәуекелдерiн және келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау ерекшелiктерi сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарға сәйкес анықталады."; 
      2) 10-баптың 1-тармағының үшiншi абзацындағы "сақтандырушысы," деген сөз алынып тасталсын. 
      5. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 247-құжат; 2001 жылғы 9 қарашада "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне сот сараптамасын жүргiзу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 6 қарашадағы  Z010251_ Заңы): 
      1) 175-баптың бiрiншi бөлiгінде: 
     бiрiншi абзац "Заңдарда" деген сөздiң алдынан "Сақтандыру ұйымының" деген сөздермен толықтырылсын, "жалтару" деген сөз "жалтаруы" деген сөзбен ауыстырылсын;
     екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын: 
     "лауазымды адамдарға - айлық есептік көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";
      2) мынадай мазмұндағы 175-1 және 175-2-баптармен толықтырылсын:
          "175-1-бап. Көлiк құралдары иелерiнiң үшiншi тұлғалар
              алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершiлiгiн
                     мiндетті сақтандырудан жалтаруы

     "Автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мiндеттi сақтандырылуға жататын адамдардың мiндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтаруы, -
     азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгінен бiрге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - жиырма бестен отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      175-2-бап. Тасымалдаушылардың темiр жол, әуе, теңiз, iшкi су,
                      автомобиль көлiгінде жолаушылар
              алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн
                     мiндеттi сақтандырудан жалтаруы

      Тасымалдаушылардың темiр жол, әуе, теңiз, iшкi су, қалалық электр көлiгiн қоса алғанда, автомобиль көлiгiнде заңдарда белгіленген жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудан жалтаруы, - 
      азаматтарға (кәсiпкерлiк қызметтің осы түрiн жүзеге асыратын) айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгі мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - жиырма бестен елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады."; 
      3) 543-бапта: 
      бiрiншi бөлiктегi "165" деген саннан кейiн ", 175-1, 175-2 (темiр жол, теңiз, iшкi су және әуе көлiгi саласындағы тәртiп бұзушылықтарды қоспағанда,)" деген сөздермен толықтырылсын; 
      екiншi бөлiктiң 7) тармақшасындағы "осы Кодекстiң" деген сөздерден кейiн "175-1, 175-2 (темiр жол, теңiз, iшкi су және әуе көлiгі саласындағы тәртiп бұзушылықтарды қоспағанда)," деген сөздермен толықтырылсын; 
      4) 545-баптың бiрiншi бөлiгіндегі "осы Кодекстiң" деген сөздерден кейiн "175-2 (әуе, теңiз, iшкi су және қалалық электр көлiгiн қоса алғанда, автомобиль көлiгі саласындағы тәртiп бұзушылықтарды қоспағанда)," деген сөздермен толықтырылсын; 
      5) 546-баптың бiрiншi бөлiгіндегі "осы Кодекстiң" деген сөздерден кейiн "175-2 (темiр жол, әуе және қалалық электр көлiгін қоса алғанда, автомобиль көлiгi саласындағы тәртiп бұзушылықтарды қоспағанда)," деген сөздермен толықтырылсын; 
      6) 547-баптың бiрiншi бөлiгіндегі "осы Кодекстiң" деген сөздерден кейiн "175-2 (темiр жол, теңiз, iшкi су және қалалық электр көлiгiн қоса алғанда, автомобиль көлiгі саласындағы тәртiп бұзушылықтарды қоспағанда)," деген сөздермен толықтырылсын; 
      7) 573-бап мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын: 
      "3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалғандығы туралы хаттама жасауға құқығы бар сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларының құзыретi осы Кодекске сәйкес айқындалады.";
      8) 636-баптың екінші бөлігінің екінші абзацындағы "451-баптың екінші бөлігі" деген сөздердің алдынан "175-2-бап," деген сөздермен толықтырылсын.     

     Қазақстан Республикасының
            Президенті   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады