Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы

Жаңартылған

2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      ХАБАРЛАНДЫРУ
      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің" деген сөз "АПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "талап-арыз", "талап қою арызына", "талап-арызды", "талап-арыздың", "Талап-арыздың", "талап-арызының", "талап-арызын", "Талап-арыз", "талап-арыздар", "талап арыз" деген сөздер тиісінше "талап қою", "талап қоюға", "талап қоюды", "талап қоюдың", "Талап қоюдың", "талап қоюының", "талап қоюын", "Талап қою", "талап қоюлар", "талап қою" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "талапкер", "талапкердiң", "талапкерге", "қойылған талапты", "талаптан" деген сөздер тиісінше "талап қоюшы", "талап қоюшының", "талап қоюшыға", "талап қоюды", "талап қоюдан" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "дәлелдеу" деген сөз "уәждеу" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) сот актілерін шығаруды регламенттейтiн нормаларын дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Бірінші сатыдағы сот АПК-нің 21-бабының бірінші бөлігіне сәйкес азаматтық істер бойынша сот актілерін сот бұйрықтары, шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары нысанында қабылдайды. Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар сот актілерін ұйғарымдар мен қаулылар нысанында қабылдайды.

      Заңды күшiне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшiн мiндеттi болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындалуға тиiс.

      Iстi мәнi бойынша шешетiн бiрiншi сатыдағы соттың сот актісі АПК-нің 223-бабына сәйкес шешiм нысанында шығарылады.

      АПК-нің 226-бабындағы шешімнің мазмұны туралы талаптар іс жүргізудің барлық түрлері (оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу, талап қою ісін жүргізу, ерекше талап қою ісін жүргізу және ерекше іс жүргізу) үшін міндетті.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1-1. АПК-нің 267-4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын шешім шығарады.

      Сот тараптың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын шешімді дайындауға міндетті.

      Сот осындай шешімді өз бастамасымен де дайындауға құқылы.

      АПК-нің 267-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы ұйғарыммен бірге, егер бұрын мұндай шешім берілмеген болса, тараптарға кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындап беруге міндетті.

      Уәждеу бөлігі бар шешім сотқа өтінішхат келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуы тиіс.

      Шешімнің уәждеу бөлігін дәлелді себептермен дайындау мүмкін болмаған жағдайда судьяның қолы қойылған кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын шешімге АПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 21.04.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      1-2. АПК-нің 27-1 және 28-1-баптарында облыстық және оған теңестірілген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төменгі тұрған соттардың іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін (талап қоюдың нысанасы мен негіздері бойынша, субъектілік құрамы бойынша ұқсас) талап ету, өзінің іс жүргізуіне қабылдау, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау және шешу құқығы бекітілген.

      Жоғары тұрған соттың істі талап етіп, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарауы үшін іс жүргізуінде іс жатқан сот тараптардың жазбаша келісімін алуға міндетті.

      Егер тараптардың бірінің келісімі болмаса, сот істі талап ете алмайды, өйткені Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды.

      Бір текті істердің бірін талап ету және оны қарау туралы мәселеге жоғары сатыда тұрған сот, іс жүргізуінде іс жатқан сот, сонымен қатар тараптар не тараптардың бірі бастамашылық етуі мүмкін.

      Соттар біртекті істердің бірі бойынша шығарылған шешімді АПК-нің 226-бабының 5-1-бөлігіне сәйкес пайдалана алады.

      Ескерту. 1-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 21.04.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2. Толық тiзбесi АПК-нің 135-бабында көрсетілген және мазмұны бойынша АПК-нің 140-бабының талаптарына сай келуге тиiс сот бұйрығы даусыз талаптар бойынша шығарылады, сондай-ақ сотқа жауапкердің мәлiмделген талапқа қарсылық беру тәртібі мен мерзiмi туралы түсiндiрменi қамтуға тиіс.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Шешiм Қазақстан Республикасының атынан заңға және нақты іс бойынша сот анықтаған фактiлерге қатаң сәйкестiкте шығарылады.

      Тараптардың, талап қоюшының не жауапкердiң жағынан қатысатын үшiншi тұлғалардың не іске қатысатын басқа адамдардың түсініктемелері, куәлардың, сарапшының айғақтары, маманның түсіндірмелері шешiмде даудың мәні бойынша қысқаша, үшiншi жақтан келтiрiлiп, жазылады.

      Шешімнің мәтінінде: оқиғалар мен мән-жайлардың шамадан тыс артық жазылуына; дауға қатысы жоқ құқық нормаларының келтірілуіне; қабылданбаған қысқартулар мен ресми құжаттарда қолданылмайтын сөздерді пайдалануға; сотта айтылмаған түзетулерді енгізуге жол берілмейді.

      Шешім бөгде адамдардың қатысуын және кеңесу құпиясын жария етуді болдырмайтын жағдайларда шығарылады. Шешім бір данада жазбаша нысанда жазылады және қолмен жазу, машинкада жазу немесе компьютерлік тәсілмен дайындалуы мүмкін.

      Шешім қолжазба немесе машинкада жазу тәсілімен дайындалған жағдайда оның көшірмесі сот жүйесінің заң техникасы мәселелерін және сот актілерін әзірлеу өлшемшарттарын регламенттейтін ішкі құжаттарына сәйкес компьютерлік тәсілмен орындалуы тиіс.

      Соттың шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья шешімді толық немесе оның қарар бөлігін жария етеді. Шешімнің жарияланған қарар бөлігіне судья қол қоюы және ол іске қоса тіркелуі тиіс.

      АПК-нің 223-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес жария етілген шешімді түпкілікті нысанда дәлелді себептер бойынша дайындауға мүмкін болмаған кезде судья қол қойған шешімнің қарар бөлігіне АПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері келмеген жағдайда шешім сот отырысында жария етілмейді, бұл туралы сот отырысының хаттамасында белгі қойылады.

      Сот шешімді жария етуді АПК-нің 183-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзім шегінде, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда шешім жарияланғанға дейін түпкілікті нысанда дайындалуы тиіс.

      Iс бойынша шешiм жарияланған күн шешім шығарылған күн болып табылады.

      Шешімді шығару орны осы шешiм шығарылған қаланың немесе өзге де елдi мекеннiң атауына байланысты анықталады.

      Заңмен белгiленген жазбаша нысанда дайындалмаған және судья қол қоймаған ауызша түйіндердің жария етілуі сот шешiмi болып табылмайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      4. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

      Шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы (бұдан әрі – АК) және АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.

      Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Шешiм нысанындағы сот актілері iстi мәнi бойынша қараған кезде шығарылады. Мәнi бойынша қаралмаған талап қою талаптарының сол қатысты бөлігі бойынша сот түйіндерін шешiмнiң қарар бөлiгiне енгізуге жол берiлмейдi. Осы талаптар бойынша сот түйіндері шешiмнен бөлек ұйғарым нысанындағы (арызды қараусыз қалдыру, іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы) сот актiсiнде баяндалуға тиiс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. АПК-нің 226-бабына сәйкес, дауды мәні бойынша шешу кезінде сот кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын шешім шығарады, олардың мазмұны осы баптың үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы бөліктерінде көзделген талаптарға сай келуге тиіс.

      Шешімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелер олардың толық мазмұны ашылмай-ақ баяндалуы мүмкін.

      АПК-нің 222-бабының екінші бөлігіне сәйкес төрағалық етуші сот шешімі жария етілгеннен кейін оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарларын ауызша түсіндіреді. Осы түсіндірме түсініксіз болған жағдайда тараптарға нақтылаушы сұрақтар қою мүмкіндігі беріледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында тиісті белгі қойылады.

      Іске қатысатын адамдар келмеген жағдайда, шешімді түсіндіру жүргізілмейді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 16.03.2018 № 3 нормативтік қаулысымен (01.09.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.09.2018 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 21.04.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      8. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9. Шешімнің кіріспе бөлігін дайындаған кезде АПК-нің 226-бабының үшінші бөлігін басшылыққа алу қажет.

      Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты туралы (болған жағдайда) дербес деректерді оның жеке басын куәландыратын ресми құжаттағы жазбаға сәйкес көрсету қажет.

      Іс бойынша іс жүргізу орыс тілінде жүзеге асырылған да, ал адамның тегі, аты, әкесінің аты жеке басын куәландыратын құжаттарда мемлекеттік тілде көрсетілген жағдайларда шешімде адамның дербес деректері септік жалғауларын жалғамай, жеке басын куәландыратын ресми құжаттағы жазбаға дәл сәйкестікте көрсетілуі тиіс.

      Сот шешіміндегі шетелдік адамның тегі, аты және әкесінің аты іс жүргізу тілінде де, жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген транскрипцияда да жазылады.

      Жеке тұлғаның жеке басы "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 73-V Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағында тізбесі көзделген құжаттардың негізінде куәландырылады.

      Егер тарап заңды тұлға болса, онда оның атауын мемлекеттік тіркеу туралы құжаттарға сәйкес көрсеткен жөн.

      Талап қоюшы, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға немесе қарсы талап қою бойынша жауапкер бірнеше талапты мәлімдеген кезде олардың әрқайсысы нөмірленуі тиіс.

      Кейіннен шешімде, қарар бөлігін қоспағанда, мәлімделген талаптардың толық мәтінін келтірмеуге, талаптың нөмірін - № 1 талап, № 2 талап және т.б. деп көрсетуге жол беріледі.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Шешімнің сипаттау бөлігінде АПК-нің 226-бабы төртінші бөлігінің талаптарынан басқа, дау туындағанға дейінгі және іске тікелей қатысы бар даусыз фактілер қысқаша нысанда жазылады. Бұл ретте талап қоюды және талап қоюға берілген пікірді толық көрсетуге және көшіруге жол берілмейді.

      Егер талап қоюшы талап қоюдың негіздері мен нысанасын өзгертсе, оның мөлшерін азайтса, мәлімделген талаптардың мазмұны, шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетілуі тиіс.

      Егер сот АПК-нің 154-бабында көзделген негіздер бойынша қарсы талап қоюды қарауға қабылдаса, онда қарсы талаптардың да мазмұны да шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетіледі.

      Бұдан басқа, шешімнің сипаттау бөлігінде жауапкердің қарсылықтары және іске қатысқан басқа да адамдардың түсініктемелері келтірілуі тиіс.

      Шешімнің сипаттау бөлігінде шешім шығару кезінде сот шешуге тиіс мәлімделген өтінішхаттар (талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану, тұрақсыздық айыбын азайту, шешімді дереу орындауға жіберу туралы және басқа да өтінішхаттар) да жазылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Шешімнің уәждеу бөлігі сот шешімді қабылдау кезінде негізге алған құқық нормаларын баяндаудан басталады. Сот олардың мазмұнын негізге ала отырып, іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымын анықтайды.

      АПК-нің 225-бабына сәйкес ұсынылған дәлелдемелерді бағалау соттың iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлар анықталғаны және қандай мән-жайлар анықталмағаны жөнінде түйін жасауына мүмкіндік береді.

      Сот шешімі пайдасына шығарылған тараптың дәлелдері мен дәлелдемелерін шешімде біржақты жазуға жол берілмейді. Сот екінші тараптың дәлелдерін қандай негіздермен қабылдамағанын және осы тарап сілтеме жасаған материалдық құқық нормаларын қолданбағанын көрсетуге міндетті.

      Сот актісінің (сот актілерінің) күшін жоғары тұрған сатыдағы сот жойған және істі жаңадан қарауға жіберген жағдайда сот кассациялық сатыдағы соттың қаулысында жазылған ережелерді орындау мүмкін еместігіне уәждер келтіруге міндетті.

      Шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.

      Егер дәлелдемелердi жинау соттың тапсырмасын орындау тәртiбiмен жүргiзiлсе, онда сот осы дәлелдемелер сот отырысында жария етiлген және зерттелген жағдайда шешімді осы дәлелдемелермен негіздеуге құқылы. Егер iске қатысатын адамдар немесе АПК-нің 74-бабының тәртiбiмен тапсырманы орындаған сотқа түсiнiктемелер немесе айғақтар берген куәлар iстi қарайтын сотқа келсе, олар түсiнiктемелер мен айғақтарды жалпы тәртiппен бередi.

      Дәлелдемелердi қамтамасыз ету бойынша процестік әрекеттер АПК-нің 69, 70, 71-баптарында көзделген тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда сот жиналған дәлелдемелерді (хаттамалар мен басқа да материалдарды) сот отырысында зерттеуі және шешім шығарған кезде бағалауы тиіс.

      Іске қатысатын адамдар АПК-нің 46-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оның ішінде: сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; айтылған сөздердің мәтіні мен сот шешімі ұсынылған редакциясын (жобасын) табыс ете отырып, сот жарыссөздеріне қатысуға; бұзылған немесе дау айтылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. Сарапшының қорытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие болмайды және сот үшiн мiндеттi болып табылмайды. Ол басқа дәлелдемелердiң жиынтығымен бірге бағалануға тиiс. Сарапшы қорытындысын бағалау шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде көрсетілуге тиiс. Бұл ретте сот сарапшының түйіндері неге негiзделетінін, сараптамаға ұсынылған материалдардың толық зерделенген-зерделенбегенін және оның тиісті талдау жасаған-жасамағанын көрсетуге тиiс. Сот өз шешiмiнде сарапшының қорытындысымен келiспейтiндiгiн уәждеуге мiндеттi.

      Егер сараптама жүргiзу бiрнеше сарапшыға тапсырылса, олардың әрқайсысы сараптамалық зерттеу нәтижесi бойынша жекелеген қорытындылар берген болса, онда сот әрбiр сарапшының қорытындысымен келiсетiнi не келiспейтiнi жөнінде дәлелдер келтіруге тиiс.

      Сарапшының сот отырысында берген ауызша айғақтары АПК-нің 92-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес оның бұрын берген қорытындысын түсіндіруге, толықтыруға не нақтылауға қатысты бөлігінде ғана дәлелдемелер бола алады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. АПК-нің 76-бабына сәйкес соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам іс-әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Сонымен қатар, бұл үкiмнiң: осы іс-әрекеттердің орын алған-алмағаны және оларды осы адамның жасаған-жасамағаны жөніндегі мәселелер бойынша, сондай-ақ үкiммен анықталған басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағалануына қатысты преюдициялдық маңызы бар. Осындай қылмыстық iстен туындайтын талап қоюды қарайтын сот жауапкердiң кiнәлiлiгiн талқылауға құқылы емес, алайда, тағайындалған соманың мөлшерін (мысалы, жауапкердiң мүлiктiк жағдайын немесе жәбiрленушiнiң кiнәсiн есепке алуды) негiздейтiн азаматтық iстегі дәлелдемелердi шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде келтiруге құқылы.

      Бұрын қаралған азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген сот шешiмiмен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшiн мiндеттi және нақ сол адамдардың қатысуымен басқа азаматтық iстердi қарау кезiнде қайтадан дәлелденбейдi.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. АПК-нің 48-бабының мағынасы бойынша талап қоюды тану жауапкердiң құқығы болып табылады. Егер жауапкердiң талап қоюды тануы қандай да бiр адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн бұзбайтын болса, заңға қайшы келмесе, онда сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде талап қоюдың танылғанын және оны сот қабылдағанын көрсетедi.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Егер сот дәлелдемелердiң әрқайсысын жеке және жиынтығында бағалай отырып, кейбір ұсынылған материалдар, куәлардың айғақтары, басқа да дәлелдемелер тараптар өздерінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды растамайтынын анықтаса, онда шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде бұл туралы түйіндерін негiздеуге мiндеттi.

      Сот отырысында дауды дұрыс шешу үшін маңызы бap дәлелдемені тарап өзінде ұстап қалуы және соттың сұратуы бойынша бермеу фактісі анықталған кезде сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде дәлелдемелер жиынтығының негiзінде АПК-нің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген талаптарды ескере отырып, осы дәлелдемедегі мәлiметтердi бағалайды.

      Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде сот осы құқықтық қатынастарға қолданған материалдық заңды және сот басшылыққа алған процестік нормаларды көрсету қажет.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. АПК-нің 225-бабының екінші бөлігіне және 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот iстi талап қоюшы мәлiмдеген талаптар шегiнде шешедi және өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес. Сот заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана мәлімделген талаптардың шегінен шығуға құқылы. Мәселен, ата-ана құқықтарын шектеу немесе одан айыру туралы шешім шығарған кезде сот балаға алимент өндiрiп алу туралы мәлімделмеген талапты бір мезгілде шешуге құқылы ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 76-бабының 3-тармағы, 79-бабының 5-тармағы).

      Талап қоюдың нысанасы талап қоюшының (арыз берушiнiң) нақты талаптарына негізделеді және сотқа жүгінген тұлғаның құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделерi бұзылуының немесе бұзылуына қауiп төнуiнiң мәнi көрсетiле отырып, материалдық-құқықтық талап ретiнде айқындалады.

      Талап қоюдың негiздемесi деп мүдделi адам көрсеткен, өзiнiң талап қоюының нысанасы болып табылатын материалдық-құқықтық қатынастардың туындауына, өзгеруiне немесе тоқтатылуына әсер ететiн фактiлер түсiнiлуге тиiс.

      Талап қоюдың мөлшерін нақтылау туралы мәселе қозғалып отырғандықтан, талап қоюдың мөлшерiн ұлғайту немесе азайту талап қою нысанасын өзгерту ретiнде қаралуы мүмкін емес.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде белгіленген нақты мән-жайлардан туындайтын талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюды қанағаттандырудан толық немесе оның бір бөлігінде бас тарту туралы соттың түйіні шешімнің қарар бөлiгiнде қамтылуға тиiс.

      Шешiмдi орындау кезiнде түсініксіз жағдайлар мен даулар болмауы үшiн сот шешiмнiң қарар бөлiгiн нақты және түсiнiктi етіп жазуға мiндеттi.

      Шешiм талап қоюшының мәлiмдеген барлық талаптары бойынша қабылданады.

      Бірнеше талап бірнеше іс жүргізуге біріктірілсе немесе сот қарсы талап қоюды, не даудың мәнiне дербес талаптарын мәлiмдеген үшiншi тұлғалардың талап қоюын қарауға қабылдаған жағдайда шешiмнiң қарар бөлiгiнде әрбiр талап бойынша сот нақты қандай шешімге келгені, кiмнiң, қандай нақты әрекеттердi және кiмнiң пайдасына жасауы керектігі, дауланып отырған құқық қай тараптың пайдасына танылғаны тұжырымдалуы тиiс.

      Сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен мiндеттерi туралы мәселенi шешуге құқылы емес.

      Сонымен қатар, заңда көрсетiлген басқа да мәселелер, атап айтқанда: сот шығыстарын бөлу, сот шешiмiне шағым жасау тәртібі мен мерзiмi, шешiмді орындауға қабылдау мерзiмi және оның орындалуын қамтамасыз ету мен орындау бойынша қабылданған шаралар мәселесі шешілуі тиiс.

      Мәлiмделген талаптарды қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы шешiм шығару кезiнде ол кiмге қатысты және неден бас тартылғаны нақты көрсетiлуге тиiс.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. АПК-нің 102-бабына сәйкес сот шығыстары іс бойынша іс жүргізуге байланысты мемлекеттік баж бен шығындардан тұрады.

      Мемлекеттік баж сомасын анықтау кезiнде сот "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) нормаларын басшылыққа алуға тиiс.

      Iс бойынша iс жүргiзуге байланысты шығындар iстi қарау және шешу, сондай-ақ ол бойынша шығарылған шешiмдi орындау кезiнде мүдделi тұлғалардың нақты жұмсаған шығындарын құрайды. Iс бойынша iс жүргiзуге байланысты шығындардың үлгi тiзбесi АПК-нің 108-бабында қамтылған. АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа бұл тараптың оларды төлеуден босатылғанына қарамастан іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді.

      Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде ол жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Талап қоюшы жауапкерге іс жүргізуге байланысты оның жұмсаған сот шығыстарын өтейді. Егер талап қоюшы талап қою берілгеннен кейiн жауапкердiң оларды ерiктi түрде қанағаттандыруы нәтижесiнде өз талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтiнiшхаты бойынша жауапкерден барлық жұмсаған сот шығыстарын өндіріп алады. Егер талап қою жауапкердің кінәлі мінез-құлқынан туындамаса, онда сотта жауапкер қойылған талапты мойындаған жағдайда сот шығыстарын өтеу талап қоюшыға жүктеледі.

      Талап қою iшiнара қанағаттандырылған кезде сот талап қоюшы шеккен шығындарды талап қоюдың сот қанағаттандырған талап қоюлардың мөлшерiне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып береді.

      Процеске қатысатын және тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің көмегiне ақы төлеу жөніндегі шығыстар тараптың нақты шеккен шығындары мөлшерiнде өндiрiлiп алуға жатады, бiрақ ақшалай талаптар бойынша өндiрiлетiн сома талап қоюдың қанағаттандырылған бөлiгiнiң он пайызынан аспауға тиiс екенін соттардың ескергенi жөн (АПК-нің 113-бабы). Мүліктік емес сипаттағы талап қоюлар бойынша шығыстардың сомасы ақылға қонымды шекте өндіріп алынады, бірақ үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

      Бiрнеше жауапкер бар iстер бойынша шешiмдер шығару кезiнде олардан сот шығыстары ортақ қатынаста емес, үлестiк қатынаста өндiрiлiп алынады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18-1. Егер іске қатысатын адамның заңда немесе шартта көзделген дауды реттеудің наразылық немесе сотқа дейінгі өзге де тәртібін бұзуы, оның ішінде наразылыққа жауап беру мерзімін бұзуы, наразылықты жауапсыз қалдыруы салдарынан дау туындаса, сот істі қараудың нәтижелеріне қарамастан, сот шығыстарын осы тұлғаға жүктейді.

      Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелер сот белгілеген мерзімді және дәлелдемелерді дәлелді себептерсіз ұсынудың АПК-де белгіленген тәртібін бұза отырып ұсынылған жағдайда, егер бұл сот процесінің созылуына, істі қарауға және заңды әрі негізді сот актісін қабылдауға кедергі келтіруге әкеп соқса, іс бойынша барлық сот шығыстарын жүктеуге құқылы.

      Ескерту. 18-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      19. Сол немесе өзге құқықты тану туралы iстер бойынша талап қоюды қанағаттандыру кезiнде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде құқықтың бар екенiн, сондай-ақ осындай тануға әкеп соғатын құқықтық салдарларды (мысалы, неке жарамсыз деп танылған кезде мұндай некенi тiркеу туралы акті жазбасы жойылады) да көрсетуге мiндеттi.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20. Теңге АК-нің 127-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгiленген құны бойынша қолдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады. АПК-нің 229-бабын қолдануға қатысты ақша сомаларын өндiрiп алу туралы талап қоюлар бойынша талаптарды қанағаттандыру кезiнде соттар шешiмнiң қарар бөлiгiнде өндiрiлiп алынатын соманың мөлшерiн цифрлармен және сөздермен, Қазақстан Республикасының ақша бiрлiгi - теңгемен көрсетуге тиiс. Мерзiмдi төлемдердi өндiрiп алу кезiнде сот өндiрiп алу жүргiзiлетiн кезеңдi көрсетуге мiндеттi.

      Ақша сомасын шетел валютасымен өндiрiп алу туралы талап қою берілген жағдайда сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде шетел валютасын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан – әрі Ұлттық Банк) шешiм шығарылатын күнге белгiлеген бағамы бойынша теңгеге айналдыру жөніндегі есептердi келтiруге мiндеттi.

      Сот "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі № 167-VI Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда валюталық операциялар жасау кезiнде туындаған құқықтық қатынастар бойынша ақша сомасын шетел валютасымен өндiрiп алу туралы шешiм шығаруға құқылы.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      21. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 21.04.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. Нормативтiк құқықтық актiнi заңға толық немесе iшiнара қайшы деп тану туралы iстер бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың арызы қанағаттандырылған жағдайда сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде акт қабылданған сәттен бастап мұндай актiнi толығымен не оның бiр бөлiгi қолданылуға жатпайды деп тануға мiндеттi. Сонымен қатар сот нормативтiк құқықтық актіні жариялаған бұқаралық ақпарат құралдарын сот шешiмi туралы хабарламаны сот белгiлеген мерзiмде жариялауға мiндеттейдi.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      23. Мүлiктi заттай алып берген кезде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде мүлiктiң жеке белгілі бір белгiлерiн және құнын көрсетедi.

      Ортақ меншiктегi мүлiктi пайдалану не осындай мүлiктi (жер учаскелерi, үй құрылыстары және т.б.) бөлу тәртібін анықтау туралы дауларды қарау кезінде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде тараптардың әрқайсысына берiлетiн мүлiк бөлiгiнiң мөлшерi мен шекарасын, сонымен қатар тараптардың ортақ пайдалануында қалған мүлiк бөлiгiнiң мөлшерi мен шекарасын, өтетiн жерлердiң мөлшерi мен шекарасын, кiрiп-шығатын жерлердi жабдықтау орындарын, қоршаулар орнатуды, үй-жайларды қайта жоспарлау тәртібі мен назар аударуды қажет ететін басқа да мән-жайларды дәл және анық көрсетуге тиiс.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      24. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      25. Соттар iс жүргiзудi тоқтатқан кезде АПК-нің 277-бабында көзделген негiздемелердiң кеңiнен түсiндiруге жатпайтынын ескеруге тиiс. АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес даудың соттың ведомстволығына жатпайтындығына байланысты iс жүргiзудi тоқтата отырып, сот ұйғарымда осы iс ведомстволығына жататын органды және мүдделi тұлғаның қайда жүгiне алатынын көрсетеді.

      Іс жүргізу АПК-нiң 277-бабының 5) және 6) тармақшаларының негiздерi бойынша татуласу туралы келiсiмді немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасуға және оларды соттың бекiтуiне байланысты тоқтатылған жағдайда ұйғарымның қарар бөлiгiнде олардың шарттары, шығыстарды және өкiлдердiң көмегiне ақы төлеу жөнiндегi шығыстарды бөлудiң тәртiбi, егер тараптар мұндай тәртiптi көздесе, көрсетiледi. Тараптар арасында сот шығындарын бөлудiң тәртібі туралы келісім болмаған жағдайда, сот бұл мәселенi АПК-нің 113 және 116-баптарында көзделген тәртiппен шешуге мiндеттi.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      26. Сот АПК-нің 279-бабында көрсетiлген негiздер бойынша талап қоюды қараусыз қалдырады, олардың тiзбесi толық болып табылады. Сот ұйғарымда iстiң сотта қаралуына кедергi келтіретін АПК-нің 279-бабының 1), 2), 3), 9) және 10) тармақшаларында санамаланған мән-жайларды қалай жоюға болатынын көрсетуге міндетті.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      27. АПК-нің 235-бабына орай шешiмдi шығарған сот өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын адамдардың арызы бойынша шешiмде жiберiлген қате жазуларды және анық арифметикалық қателердi түзетуге құқылы. Түзетулердi енгізу туралы мәселені сот шығарылған шешiмнiң орындалған-орындалмағанына қарамастан, бiрақ ол мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкiн уақыттың iшiнде заңда белгiленген мерзiмнiң шегiнде шешiлуi мүмкiн.

      Сот өз қалауы бойынша іске қатысатын адамдарды шақырмастан шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      28. Шешiм дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, ол заңды күшiне енгеннен кейiн орындалады. Сот АПК-нің 243-бабында көрсетiлген iстер бойынша шешiмдердi шығару кезiнде, талаптар қанағаттандырылған жағдайда, оның қарар бөлiгiнде сот шешiмiнiң мiндеттi түрде дереу орындалатынын көрсетедi.

      Егер айрықша мән-жайлардың салдарынан шешiмдi орындаудағы кiдiрiс өндiрiп алушы үшін елеулi нұқсан келтіруі мүмкін болса немесе шешiмдi орындау мүмкiн болмаса (мысалы, талап қоюшыға берiлген мүлiктiң жойылуы), сот талап қоюшының өтiніші бойынша шешiмдi дереу орындауға жiберуге құқылы. Сот шешiмiн дереу орындауға жіберу туралы мәселе шешiмдi шығару кезiнде шешiлуi мүмкiн. Іске қатысатын адамдарға отырыстың өткiзiлетiн орны мен уақыты туралы хабарланып, сот отырысында қаралатын шешiмдi дереу орындау туралы өтiнiшхат шешiм шығарылғаннан кейiн де қаралуы мүмкін, алайда олардың келмеуі осы мәселенi шешуге кедергi болмайды. Шешімді дереу орындауға жіберу туралы ұйғарым шығарылады, ол іске қоса тіркеледі.

      АПК-нің 244-бабына сәйкес шығарылған сот шешiмiн дереу орындау туралы сот ұйғарымына жеке шағым беру, прокурордың өтінішхат келтіруі мұндай ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 16.03.2018 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 21.04.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
      29. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 12.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен.
      30. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      31. Сот АПК-нің 239-бабына сәйкес алып берiлген ақша сомасын индекстеу туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Индекстеу, ақшалай міндеттемені орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту кезеңін қоспағанда, Ұлттық Банктің сот шешiмi орындалатын күнгi базалық мөлшерлемесінің негiзінде шешiм заңды күшiне енген күнінен бастап борышкердің ақшалай мiндеттеменi нақты орындаған күнге дейiнгi кезеңге есептеледi.

      Сот ұйғарылған ақша сомаларын индекстеу туралы арызды өз қалауы бойынша іске қатысатын адамдарды шақырмай-ақ қарауға немесе сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды. Ұйғарылған соманы индекстеу туралы арыз бойынша материалдар азаматтық iс материалдарына тiгiледi.

      Сот ұйғарымы бойынша АПК-нің 239-бабының тәртібімен өндiрiлген сол ақшалай сомаларын индекстеп өндіріп алуға жол берілмейді.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      32. Сот қосымша шешімді АПК-нің 236-бабында көрсетілген жағдайларда ғана шығара алады.

      Егер сот шешiмiне апелляциялық шағым берiлсе немесе апелляциялық өтінішхат келтірілсе, сонымен бiрге қосымша шешiм шығару туралы мәселе қойылса, онда сот ең алдымен сот отырысында қосымша шешiм шығару туралы мәселенi шешiп, одан кейiн iстi қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жiберуге мiндеттi.

      Сот қосымша шешiм шығару себебімен шешiмнiң мазмұнын өзгертуге не сот отырысында зерттелмеген жаңа мәселелердi шешуге құқылы емес.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      33. Шығарылған шешiм түсiнiксiз болған жағдайда iсті қараған сот іске қатысқан адамдардың арызы, сондай-ақ сот орындаушысының өтінішхаты бойынша шешiмдi түсiндiруге құқылы. Егер шешім орындалса немесе заңда көзделген шешімнің мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкiн болатын мерзiм өтіп кетсе, шешiмді түсіндіруге жол берілмейді.

      Сот шешiмдi түсiндiру кезiнде оның мазмұнын өзгертуге, сондай-ақ сот шешiмiнде көрсетiлмеген мәселелердi талқылауға құқылы емес.

      АПК-нің 237-бабының екінші бөлігіне сәйкес судья шешімді түсіндіру туралы арызды сот отырысын өткізбестен шешеді. Іске қатысатын адамдар осындай арыздың келіп түскені туралы хабарландырылады және олар арызға пікірлерін сотқа жіберуге құқылы.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      34. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 09.06.2009 № 6 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      35. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 21.04.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      36. Заңды күшiне енген сот шешімінің күші жойылған жағдайда және осы шешiмнiң орындалғаны туралы анық деректер болған кезде iстi қайтадан қарайтын сот жауапкердің жазбаша арызы бойынша АПК-нің 247-бабына сәйкес талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм қабылдаған немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы не талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған жағдайда шешiмнiң орындалуын бұру туралы мәселенi қарауға мiндеттi.

      Егер сот iстi жаңадан қарау кезiнде күші жойылған шешiм бойынша шешiмнiң орындалуын бұру туралы мәселенi шешпесе, онда жауапкердiң мұндай арызы iске қатысатын адамдарға, ал қажет болған жағдайда – күші жойылған шешiмдi орындаған органға хабарланып, сот отырысында қаралады. Сот iстi қараудың нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарады.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      37. АПК-нің 234-бабына сәйкес сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа адамдарға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі немесе беріледі.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      38. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтiк қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгiзiледi және жалпыға бiрдей мiндеттi болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшiне енедi.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

  Қосымша

      Ескерту. Қосымша алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 10.09.2018 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады