Мемлекеттiк органдардың шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексерулер жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 маусымдағы N 572 қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2006.11.15. N 1082 (алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.

      Кәсiпкерлердiң мүдделерiн қорғау мен бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар жүргiзетiн тексерулердi жүргiзудi реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Мемлекеттiк органдардың шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексерулер жүргiзу ережесi бекiтілсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн хабардар ету мақсатында жыл сайын бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың толық тiзбесiн мерзiмдi баспа басылымдарында жариялауды қамтамасыз етсiн. 
       Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.20. N 364   қаулысымен ,   2004.06.16. N 661   қаулысымен ,   2005.01.28. N 73   қаулысымен .

      3. Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жарты жылдың қорытындылары бойынша 20 қаңтарға және 20 шiлдеге шағын бизнестi қолдау жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, тексерiлетiн объектiлерде бұзушылықтардың неғұрлым көп тараған түрлерiн көрсете отырып, жүргiзiлген тексерулер туралы ақпарат берсiн.

      4. Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын орталық, жергiлiктi атқарушы органдар мен өзге де мемлекеттiк органдар (келiсiм бойынша) тексерулер жүргiзу тәртiбiн көздейтiн өздерiнiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiн осы қаулымен бекiтiлетiн Ережеге сәйкес келтірсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

 Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2003 жылғы 17 маусымдағы 
N 572 қаулысымен    
бекiтiлген       

Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне мемлекеттiк органдардың тексерулер жүргiзу
ережесi

      1. Осы Ереже мемлекеттiк органдардың шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексерулер жүргiзу тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Ереже, егер заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентiнiң кесiмдерiнде, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда және осы Ережеде өзгеше белгiленбесе, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексерулер жүргiзу кезiнде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын барлық мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының орындауы мен қолдануы үшiн бiрыңғай және мiндеттi болып табылады.

      3. Осы Ереженiң әрекетi салықтық тексерулерге, жедел-iздестiру қызметiне, атқарушылық iс жүргiзуге, мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүргiзетiн тексерулерге, сондай-ақ азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын мiндеттемелердiң орындалуы жөнiндегi тексерулерге қолданылмайды.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.03.14.   N 227   қаулысымен.

  1. Жалпы ережелер

      4. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғым пайдаланылады:
      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн тексеру - шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын және орындауын айқындау мақсатында жасалатын бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың (бұдан әрi - бақылаушы органдар) әрекетi.

      5. Тексеру түрлерi:
      1) жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысы бойынша заңнамада белгiленген уақыт аралықтарын ескере отырып өткiзiлетiн, бақылаушы орган алдын ала жоспарлаған тексеру;
      2) рейдтiк - Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген талаптарын шағын кәсiпкерлiк субъектілерінің сақтауы мәселелерi бойынша бақылаушы органдар жүзеге асыратын тексеру;
      3) жоспардан тыс - қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және ұлттық қауiпсiздiкке төнген қатердi тезарада жоюды талап ететiн, қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық ахуалға байланысты белгiленетiн, сондай-ақ шағымдарға, жүгiнулерге және өтiнiштерге тезарада әрекет етудi талап ететiн тексеру;
      4) қарсы - егер тексерулерді жүргiзу кезiнде бақылаушы органдарда көрсетілген тұлғаларға байланысты қосымша ақпаратты алу қажеттiгi туындайтын жағдайда үшiншi тұлғаларға қатысты жүргiзiлетiн тексеру.

      6. Иесi көрсетiлмеген хабарламаларды қоспағанда, шағымдар, өтiнiштер және ресми жүгiнулердiң басқа да нысандары тексерулердi жүргізу үшін негiз болуы мүмкін.

  2. Тексерулердi ұйымдастыру және оларды жүргiзу тәртiбi

      7. Барлық бақылаушы органдар тексерулердi қатаң өз құзыретiне сәйкес жүргiзуге тиiс.

      8. Тексерулер Қазақстан Республикасының "Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы, "Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы" 1992 жылғы 4 шiлдедегi, "Жеке кәсiпкерлiк туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы Заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық кесiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      8-1. Адам саны 10-нан аспайтын Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн салық органдарын қоспағанда, сондай-ақ қылмыстық iстер қозғалғаннан басқа жағдайларда, мемлекеттiк бақылаушы органдар ең жиi дегенде үш жылда бiр рет тексеруi мүмкiн.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн тексеруді уәкiлеттi мемлекеттiк органдар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жылына бiр реттен жиi жүргiзбейдi.
       Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      9. Тексерулердi белгiлеу туралы берiлетiн актiлерде көрсетiлетiн тексерулер жүргiзудің мерзiмi Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленгеннен басқа жағдайларда 15 күнтізбелік күннен аспауы тиiс. <*>
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      10. Бақылаушы орган 2 аптадан кешiктiрмей тексерілуге тиiс шағын кәсiпкерлік субъектiсiн жоспарлы тексерудiң басталғандығы туралы хабардар етуге мiндеттi.

      11. Бақылаушы органның шағын кәсіпкерлік субъектiсiне құжаттарды ұсыну туралы талаптарын тапсыру мен сұрау салынатын құжаттар іс жүзiнде ұсынылған сәттер арасындағы уақыт кезеңдерiнде тексеру жүргiзу мерзiмiн есептеу тоқтатыла тұрады.

      12. Тексеру мерзiмдерi ұзартылған жағдайда бақылаушы орган мiндеттi түрде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп жөнiндегi комитетiнде немесе оның аумақтық органдарында тiркелген тексерудi белгiлеу туралы бұрынғы актiнiң тiркеу нөмiрi мен күнi және ұзарту себебi көрсетілетiн тексерудi ұзарту туралы қосымша акт ресiмдейдi.

      13. Аумақтық мемлекеттiк органдар өздерiне қатысты тексеру жүргiзген шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi орталық мемлекеттiк органдар тарапынан тексеруге ұшырамайды.

      14. Объектiге тексеру үшiн келген бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары мынадай құжаттарды:
      1) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп жөнiндегi комитетiнде немесе оның аумақтық органдарында тiркелгенi туралы белгiсi бар, осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған тексерудi белгілеу туралы актiнi;
      2) қызмет куәлiгiн;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң аумағына немесе үй-жайына кiру үшiн қажет болса, арнайы рұқсаттарды; <*>
      4) бақылаушы органның басшысы бекiткен тексеру жоспарын көрсетуге мiндеттi.
       Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      15. Тексерiлетiн шағын кәсіпкерлік субъектiсiне тексерудi белгiлеу туралы актiнi тапсыру сәтi тексеру жүргiзудiң басталуы болып саналады.

      16. <*>
       Ескерту. 16-тармақ алынып тасталсын - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      17. Тексерудi белгiлеу туралы актiнi көрсеткен кезде тексерiлетiн шағын кәсіпкерлік субъектісi:
      1) тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларына тексеру актiлерiн есепке алу кiтабын ұсынады;
      2) тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларын тексерудiң мән-жайына жататын барлық қажеттi материалдармен қамтамасыз етедi;
      3) қажет болған кезде тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларына тексерудiң мән-жайына жататын мәселелер бойынша түсiндiрме бередi;
      4) тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларының өзге де заңды талаптарын орындайды.

      18. Тексерудi белгiлеу туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруге қажеттi материалдарға тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларының қол жеткiзуiне кедергi болған жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органның лауазымды тұлғасы және тексерiлетiн шағын кәсіпкерлік субъектiсiнiң уәкілетті тұлғасы қол қояды. Тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi тұлғасы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiндiрме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi белгiлеу туралы актiнi алудан бас тарту тексерудi доғару үшiн негiз болып табылмайды.

      19. Бақылаушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделген әрекеттердi қоспағанда, зерттеу үшiн сынамалар мен үлгiлердi бақылауға сатып алу мен iрiктеудi жүзеге асыруға құқығы жоқ. <*>
       Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      19-1. Түпнұсқа бухгалтерлiк және өзге де құжаттарды алып қою мен алуға тыйым салынады. Ерекше жағдайларда олар жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы ретiнде не қылмыстық iс бойынша дәлел ретiнде рұқсат етіледi. <*>
       Ескерту. 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      20. Тексеру аяқталғаннан кейiн:
      1) тексеру жүргiзу орны, актiнiң жасалған күнi;
      2) тексеру түрi;
      3) тексеру жүргiзген бақылаушы органдар тұлғаларының тегi, аты, әкесiнiң аты, лауазымдары;
      4) тексеру объектiсi (тексерiлетiн шағын кәсіпкерлік субъектiсiнiң атауы);
      5) тексерудi белгiлеу туралы актiнiң деректемелерi;
      6) алдыңғы тексеру туралы мәлiметтер және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұрын анықталған бұзушылықтарын жою жөнiнде қабылданған шаралар;
      7) тексеру нәтижелерi;
      8) анықталған бұзушылықтарды жою жөнiндегi ұсынымдар;
      9) тексерiлетiн шағын кәсіпкерлік субъектiсiнiң тексеру нәтижелерiне шағым жасау құқықтары және апелляция беру мерзiмi;
      10) тексеру жүргiзген бақылаушы органдар тұлғаларының қолдары көрсетіле отырып, тексеру актiсi жасалады.

      21. Тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне тексерудi белгілеу туралы актiде көрсетiлген тексерудiң аяқталу мерзiмiнен кешiктiрмей тексеру актiсiн тапсырған күн тексеру мерзiмiнiң аяқталуы болып саналады.

      22. Тексеру нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру актiсiнде тиiстi жазба жүргiзiледi.

      23. Тексеру актiсi екi данада жасалады және тексерудi жүргiзген бақылаушы органның (органдардың) лауазымды тұлғасы (тұлғалары) және тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкілеттi тұлғасы қол қояды. Бiр данасы тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне тапсырылады.

      24. Тексеру барысында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, (заңнаманың нақты нормаларына сiлтеме жасала отырып) оларды жою жөнiнде шаралар және мерзiмдер ұсынылады. <*>
      Шағын кәсiпкерлiк субъектілерi актiнiң қандай ережелерiмен өздерiнiң келiспейтiндiгiн актіде көрсетуге құқылы. <*>
       Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

      25. Тексерулер аяқталғаннан кейiн мемлекеттiк бақылаушы органдардың қызметкерлерi шағын кәсiпкерлiк субъектiсiндегi Келушілердi есепке алу кiтабына тексеру жүргiзушiнiң лауазымын, тегiн, тексерудiң мақсаты мен нәтижелерiн көрсете отырып, белгi қояды. <*>
       Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2004.06.16. N 661   қаулысымен .

  3. Тексерулер жүргiзу кезiндегi шектеулер

      26. Тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсi тексеру жүргiзiлетiн аумаққа немесе үй-жайға бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларын мынадай жағдайларда кіргiзбеуі мүмкiн, егер:
      1) тексеру адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн бұзушылықтарды болдырмау жөнiнде шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігінен туындаған ерекше жағдайлардан басқа, тексерудi белгілеу туралы акт жоқ не ол белгiленген тәртiппен ресiмделмеген болса, сондай-ақ бұзушылықтар оларды тiкелей жасау сәтiнде байқалған және айғақтарды бекiту үшiн кезек күттiрмейтiн iс-қимылдар жасау қажет жағдайда (тексерулердi белгiлеу туралы актiлер Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп жөнiндегi комитетiнде келесi жұмыс күнi iшiнде ұсынылады);
      2) тексерудi белгiлеу туралы актiде көрсетiлген тексеру мерзiмдерi басталмаса немесе өтiп кетсе;
      3) тексерудi белгiлеу туралы актiде бақылаушы органның лауазымдық тұлғалары көрсетiлмесе.
      Мемлекеттiк органдардың заңсыз әрекеттерiне тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсi заңнамада белгіленген тәртiппен шағымдана алады.

      27. Тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларына тексерудiң мән-жайына қатысы жоқ талаптар қоюға және өтiнiшпен жүгiнуге тыйым салынады.

      28. Тексерудi жүзеге асыратын бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнен бөлек үй-жай, ұйымдастыру техникасын және автокөлiк беруiн талап етуге құқығы жоқ.

      29. Тексерулер жүргiзу кезiндегi бақылаушы органдар лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілiкке әкеп соқтырады.

Шағын кәсіпкерлiк субъектiлерiнiң  
қызметiне мемлекеттiк органдардың  
тексерулер жүргiзу ережесiне    
қосымша               

                                                (алдыңғы бетi)

Шағын кәсіпкерлік субъектiсiнiң қызметiне
тексерiс белгiлеу туралы акт

      коды ___________________ Тiркеу N ________________________

________________________________________________________________
            (мемлекеттік бақылаушы органның атауы)

________________________________________________________________
                (Аты-жөнi, лауазымы, куәлiк N)
CTTH
________________________________________________________________
         (тексерiлетiн субъектiнiң атауы, мекен-жайы)

_____________________________________________________ мақсатында

_______________________________________________________ негiзiнде

_______________________________________________________ мерзiмiнде

______________________________________ тексеру жүргiзудi тапсырады
     (тексеру тексерiс түрi)

Басшы _______________________ аты-жөні __________________________
           (лауазымы)                          (қолы)

M.O.                                200 жылғы "___"___________

-------------------------------------------------------------------
                                                     (қию сызығы)

             Тексерудi белгiлеу туралы актiге қима талон

      код ______________________ Тiркеу N _____________________

________________________________________________________________
                 (Мемлекеттiк бақылаушы орган)

________________________________________________________________

________________________________________________________________

________________________________________________________________
                 (Аты-жөнi, лауазымы, куәлiк N)

________________________________________________________________
 (тексерiлетін шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң атауы, мекен-жайы)

______________ CTTH ____________________________________________
_____________________________________________ тексеру өткiзілдi.
      (тексеру, тексерiс түрi)

өткiзу мерзiмi 200_ жылғы "__"________ - 200__ жылғы "__"_______

Мынадай ________________________________________________________

______________________________________________________ анықталды
     (құқықтық кесiмнің тармақтарына, баптарына,
нормаларына сiлтеме жасап, заң бұзушылықтың сипаттамасы)

Тексеру нәтижелерi _____________________________________________
________________________________________________________________
_______________________________________________ жазылды (жасалды)
 (актiлер, нұсқамалар, хаттамалар, анықтамалар)

_______________________________  Аты-жөнi ______________________
   (Тексерушiнiң қолы, күнi)

                                                (артқы бетi)
-----------------------------------------------------------------
                                                (қию сызығы)

        N ____ тексерудi белгiлеу туралы актiге қима талон

      Тексерiлетiн шағын кәсiпкерлiк субъектiнiң басшысы (өкілі)

_________________________________________________________________
                      (Аты-жөнi, телефоны)

Жүргiзiлген тексеру бойынша ескертулер мен ұсыныстар ____________
_________________________________________________________________
тексеру жүргiзудің iс жүзiндегi мерзiмi

      200__ жылғы "___"___________ - "__"__________

____________________________   Аты-жөнi _____________________
  (Тексерушінің қолы, күнi)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады