Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында бiлiм беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі N 1008 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында білім берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы Қазақстан Республикасында білiм берудi дамытудың
2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 8) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесiн дамыту мақсатында қаулы етемін:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білiм берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтілсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметі бiр ай мерзiмде Бағдарламаны iске асыру жөнiндегі iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн.
      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттік органдар Бағдарламаны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.
      4. Бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етудi бақылау және үйлестiру Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлiгіне жүктелсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Білiм және ғылым министрлігі жарты жылда бiр рет, есептi кезеңнен кейінгi айдың 25-күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшілігiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне Бағдарламаны iске асыру барысы туралы ақпарат берсiн.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2004 жылғы "___" _______
N ____ Жарлығымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың
2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасы

    1. Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның    Қазақстан Республикасында білiм беруді дамытудың
атауы            2005-2010 жылға дейінгі мемлекеттiк бағдарламасы

Әзiрлеу үшін     Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Бәсекеге
негіздеме        қабiлеттi Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлетті
                 экономика үшiн, бәсекеге қабiлетті халық үшін"
                 Қазақстан халқына 2004 жылғы 19 наурыздағы
                  Жолдауы , Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001
                 жылғы 4 желтоқсандағы N 735 Жарлығымен бекiтiлген
                 Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі
                  стратегиялық даму жоспары

Жауапты          Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрлігі
орындаушы

Мақсаты          Адам ресурстарын дайындау сапасын арттыру, жеке
                 тұлға мен қоғамның қажеттіліктерiн қанағаттандыру
                 үшiн Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi
                 стратегиялық даму жоспарының басымдықтары негiзiнде
                 көп деңгейлі білiм берудiң ұлттық жүйесiн жаңғырту

Мiндеттерi       Халықтың барлық жiктерi үшін сапалы бiлiм беруге
                 қол жеткiзудi қамтамасыз ету;
                 білiм берудi басқаруды одан әрі демократияландыру
                 негiзiнде бiлiм беру ұлттық жүйесiнiң жұмыс
                 істеуiнің нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру;
                 қазақстандық патриотизмдi, толеранттықты, жоғары
                 мәдениеттілікті, адамның құқықтары мен бостандығын
                 мемлекеттік тiлдi басым дамыту;
                 отандық дәстүр, әлемдік тәжірибе және тұрақты даму
                 қағидаттары негізiнде білім берудiң мазмұны мен
                 құрылымын жаңарту;
                 12 жылдық жалпы орта білiм беруге көшу;
                 кәсiптiк бiлiм беру және Бiлiм берудi халықаралық
                 стандартты жiктеу (БХСЖ) ұсынымдарына сәйкес
                 кадрларды даярлау жүйесін қайта құрылымдау;
                 оқытудың шоғырландырушы кредиттiк жүйесiне
                 негізделген кадрларды даярлаудың бiртұтас үш сатылы
                 жүйесiн құру: бакалавриат - магистратура -
                 докторантура;
                 экономиканың барлық салалары үшiн жоғары бiлiктi
                 және бәсекеге қабілеттi кадрларды даярлаудың
                 сапасын арттыру;
                 әлемдiк білiм кеңiстігіне ықпалдасу;
                 білiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiн құру;
                 бiрыңғай бiлiм беру ақпараттық ортасын
                 қалыптастыру;
                 бiлiм беру процесiн оқу-әдiстемелiк және ғылыми
                 қамтамасыз етудi жетiлдiру;
                 білiм беру жүйесiнiң материалдық-техникалық базасын
                 нығайту;
                 бiлiм берудi, ғылым мен өндiрiстi ықпалдастыру;
                 бiлiм берудiң сапасын арттыру үшiн экономика
                 секторларына ресурстарды тартудың тетiктерiн жасау;
                 бiлiм беру жүйесін қаржылық, кадрлық қамтамасыз
                 етудi жетілдiру, педагогикалық қызметкерлердiң
                 әлеуметтік мәртебесiн арттыру;
                 көп деңгейлі үздiксiз білiм беру жүйесiнде
                 мемлекеттік, қоғамдық және жеке тұлғалық
                 мүдделердiң теңгерiмiн қамтамасыз ету.

Қажеттi          Бағдарламаны iске асыруға қажеттi мемлекеттiк
ресурстар және   бюджет шығыстарының көлемi 330 812,0 млн. теңгенi
оларды           құрайды, оның iшiнде республикалық бюджет
қаржыландыру     қаражатынан - 175 769,8 млн. теңге; жергілiкті
көздерi          бюджеттер қаражатынан - 155 042,2 млн. теңге.

                 Жылдар     Барлығы    Республикалық   Жергілiктi
                 бойынша               бюджет          бюджет
                 2005 жыл   41 402,2   23 379,8        18 022,4
                 2006 жыл   53 514,2   34 036,9        19 477,3
                 2007 жыл   53 855,9   32 150,8        21 705,1
                 2008 жыл   57 769,3   26 216,8        31 552,5
                 2009 жыл   61 600,0   29 484,4        32 115,6
                 2010 жыл   62 670,4   30 501,1        32 169,3
                 2006-2010 жылдарда Бағдарламаны қаржыландыру көлемi
                 тиiсті қаржы жылына арналған республикалық және
                 жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезiнде
                 нақтыланатын болады.

Күтілетiн        Бағдарламаны iске асырудың нәтижесiнде:
нәтижелер        кәсiптiк мiндеттердi дербес әрі шығармашылық
                 тұрғыдан шешуге, кәсіби қызметтiң тұлғалық және
                 қоғамдық маңызын түсінуге, оның нәтижелерi үшін
                 жауап беруге қабілеттi кәсiби құзыреттi жеке
                 тұлғаны, бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды
                 қамтамасыз ететiн бiлiм берудi басқарудың тиiмдi
                 жүйесi құрылатын болады;
                 "ғұмыр бойы барша үшін білім алу" қағидатын iске
                 асыру қамтамасыз етілетін болады;
                 нәтижеге бағдарланған сапалы, бәсекеге қабiлетті
                 білім алу үшін жағдай жасалатын болады;
                 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жүзеге
                 асырылады;
                 білiм берудiң барлық деңгейiне қол жетiмдiлiк пен
                 сабақтастық қамтамасыз етiледi;
                 басқа да әлеуметтiк салалармен және экономика
                 салаларымен салыстырғанда білім берудi озыңқы
                 дамыту қамтамасыз етіледi;
                 мамандарды даярлаудың үш сатылы: бакалавриат-
                 магистратура-докторантура жүйесiне көшу жүзеге
                 асырылатын болады;
                 бiлiм берудiң барлық деңгейін ғылыми және оқу-
                 әдістемелік қамтамасыз етудiң тиімдi жүйесi
                 жасалады;
                 білім беру жүйесiнiң бiрыңғай білiм беру ақпараттық
                 ортасы құрылады;
                 халықаралық статистикалық стандарттарға барабар
                 бiлiм берудiң статистикалық көрсеткiштер жүйесi
                 құрылады;
                 бiлiм беру жүйесiн дамытудың мониторингі және оны
                 болжау жүйесі, білiм беру сапасын бағалаудың ұлттық
                 жүйесі құрылады;
                 педагогикалық қызметкерлердiң еңбегiн мемлекеттiк
                 қолдау және оны ынталандыру тетiктерiн жетілдiру
                 күшейтіледі;
                 кадрларды кәсiби даярлаудағы әлеуметтік әрiптестiк
                 үшiн жағдай жасалады;
                 білiм беру саласындағы ғылыми және инновациялық
                 қызмет жандандырылатын болады.

Iске асыру       2005-2010 жылдар
мерзiмi          Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады:
                 бiрiншi кезең - 2005-2007 жылдар;
                 екiншi кезең - 2008-2010 жылдар.

  2. Кіріспе

      Қазақстан Республикасында білім берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Бәсекеге қабiлетті Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлеттi экономика үшін, бәсекеге қабiлетті халық үшiн" Қазақстан халқына 2004 жылғы 19 наурыздағы Жолдауына сәйкес әзiрлендi. Бағдарлама білім беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың стратегиясын, негізгi бағыттарын, басымдықтарын, мiндеттерiн және оны iске асыру тетiктерiн айқындайды және заңнамаға, басқару және қаржыландыру жүйесiне, бiлiм беру жүйесiнiң құрылымы мен мазмұнына, кадрлық және әлеуметтiк саясатқа өзгерiстер мен толықтырулар енгізу үшін негiздеме болып табылады.
      Осы Бағдарламаны әзiрлеу бiлiм беру сапасын арттыруға, жаңа экономикалық және әлеуметтік мәдени жағдайларда қазақстандық бiлiм беру жүйесiнiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердi шешуге бағытталған түбегейлі қайта құрулардың қажеттігінен туындады.
      Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 30 қыркүйектегi N 448 Жарлығымен бекiтiлген "Бiлiм"  мемлекеттiк бағдарламасын (бұдан әрі - "Бiлiм" бағдарламасы) iске асырудың нәтижелерiн талдау негiзiнде әзiрлендi.

  3. Бiлім беру жүйесiнiң жай-күйiн талдау

      Қазақстан Республикасын әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикалы мемлекет ретiнде таныды. Елімiз тәуелсiздiк алған қысқа тарихи кезеңде әлемдiк қоғамдастыққа ықпалдаса отырып, экономиканың айтарлықтай өсуiне қол жеткiздi.
      Осы контексте, қоғамдық даму деңгейінің, елдiң экономикалық қуаттылығы мен ұлттық қауiпсiздiгiнiң өлшемдерi ретiнде бiлiм беру жүйесiнiң, адами ресурстардың рөлi мен маңызы арта түседі. Қоғамдық қатынастар жүйесiндегi қайта құрулар бiлiм беруге, одан ұтқырлықты, жаңа тарихи кезеңдер шындығына барабар жауап берудi және экономиканың даму қажеттілiктерiне сәйкестiктi талап ете отырып ықпал етедi.
      Жедел өзгерiп тұратын әлемде және ақпарат легiнiң көшкiн тәрiздi артып отырған жағдайында iргелi пәндiк білім мiндеттi, бiрақ ол бiлiм берудiң жеткiлiксiз мақсаты болып табылады. Бiлiм алушылар білiмнiң, дағдылар мен iскерлiктiң жиынтығын (оқыту центризмi) меңгерiп қана қоймауға тиiс, қазақстандық бiлiм беру жүйесi соған бағытталған. Білiм алушыларға барынша өзiн iс жүзiнде көрсете бiлу және қоғам өмiрiне пайдалы түрде қатысу үшiн ақпаратты өз бетiнше табу, талдау, құрылымдау және тиiмдi пайдалану дағдысы сияқты құзыретті бойына сiңiрту (құзыреттілiк) аса маңызды да күрделі. Қазақстандық білім беру жүйесi оған әлемдiк бiлiм беру кеңiстігінде лайықты орын алуға мүмкiндiк бермейтiн әдiснамалық базасы, құрылымы мен мазмұны ескiрген жағдайда дамуын жалғастыруда. Білiм беру мазмұны фактологиялық күйiнде қалып отыр және бiлiм алушыларды қоғам өмiрiне құзыреттiлiк, жауапкершілік пен шығармашылық тұрғыдан қатыстыра отырып даярлауға бағдарланбаған. Өңiрлiк деңгейде бiлiм берудi басқарудың бiрiздендiру жүйесiнiң болмауы, бiлiм беру бөлiмдерiнде мамандардың штаттық санының жетiспеушiлiгі білiм берудi тиiмдi басқаруға терiс әсер етедi.
       Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту
      Көптеген дамыған елдер мектепке дейiнгi бiлiм беруге бiрдей қол жеткiзу үшін мүмкiндiктер жасайды. Бұл тек қаржыландыру деңгейiнде ғана емес (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерiнiң жалпы бiлiм беру бюджетiнен 9,5 %, 1999 ж.), сонымен қатар балалардың толық күндiк немесе қысқа уақытқа келуiне негізделген мектепке дейiнгi тәрбиенiң әр түрлi модельдерiн жасауда да айқын көрiнедi: мiндеттi аналар мектептерi, сәбилерге арналған мектептер, 3-тен 5 жасқа дейінгі балаларға арналған мектептер, ойын топтары, балаларды қарау және күту топтары.
      Қазақстанда 2000 жылмен салыстырғанда мектепке дейiнгі ұйымдардың саны 12 бiрлiкке (1 %), олардағы балалардың контингентi 25 421 балаға (18,7 %) өсті, бұл мектепке дейiнгі тәрбиелеу мен оқыту сұраныстарының өсуi мен осы сұраныстарды қанағаттандыру мүмкiндiктерi арасындағы тепе-теңсiздiк туралы куәландырады (1-кecтe). Нәтижесiнде мектепке дейiнгі ұйымдардағы 100 орынға 105-тен 130-ға дейiн баладан келдi. Тұтастай алғанда, республика бойынша 22 мыңға жуық бала мектепке дейінгі ұйымдарға орналасу үшiн кезекте тұр, бес-алты жастағы 127 мың бала мектепалды бағдарламаларымен қамтылуы тиiс.

                                                           1-кесте
___________________________________________________________________
     Жылдар       |         Желi        |       Контингент
__________________|_____________________|__________________________
      2000                 1144                 135287
      2001                 1167                 146375
      2002                 1162                 153965
      2003                 1156                 160708
___________________________________________________________________

      Мектепке дейiнгi тәрбие жүйесiнде 16,3 мың педагогикалық қызметкерлер еңбек етуде, оның 38,7 %-ының жоғары бiлiмi, 52,8 %-ының арнаулы орта педагогикалық бiлiмi, 6,4 %-ының аяқталмаған жоғары педагогикалық бiлiмi және 2,1 %-ының орта білімi бар. Мектепке дейiнгi ұйымдар педагогтарының 40 %-ының ғана жоғары және бiрiншi санаттары бар, ал 31,2 %-ының санаты жоқ.
      Мектепке дейiнгi тәрбиенiң нормативтік құқықтық және оқу-әдiстемелiк базасы құрылады. Мемлекеттік және орыс тілдерiндегi 82 атаудан тұратын 19 оқу-әдістемелік кешен әзiрлендi, сынақтан өткiзiлдi және 2003/2004 оқу жылында алғаш рет енгізiлдi.
      1999 жылы Қазақстанда балалардың мiндетті мектепалды дайындығы енгiзiлдi, бұл балаларды мектепалды дайындық бағдарламасымен қамтуға әсер еттi (1-диаграмма).

                                                      1-диаграмма
Балаларды мектепалды дайындықпен және мектепке дейінгі оқытумен қамту көрсеткiштерi (%)

      1-диаграмманың суретін қағаз мәтіннен қараңыз

      Сонымен қатар, мектепке дейiнгi бiлiм беруде де бiрқатар проблемалар бар. Қазiргi таңда мектепалдындағы тек 40 %-ға жуық бала ғана жергіліктi бюджет есебiнен оқулықтармен қамтамасыз етiлген. Жұмыс iстеп тұрған бала бақшалардағы жиhаздар, спорттық мүкәммал, кiтапхана қоры, ойыншықтар, оқытудың көрнекi құралдары моральдық және табиғи жағынан ескiрген. Тек аудандық және қалалық бiлiм беру бөлiмдерiнiң 58 %-ы ғана мектепке дейiнгі мамандармен жасақталған.
      МКҚК (мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсiпорын) мәртебесiне ие болған мектепке дейiнгi ұйымдарды қалдық қағидаты бойынша қаржыландыру балалардың бала бақшада болу ақысының өсуiне әкелiп соқты және мектепке дейінгі ұйымдар оларға неғұрлым мұқтаж халықтың аз қамтылған және осал топтарына ауыр тидi.
      Тұтастай алғанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бiр жастан алты жасқа дейiнгi балалардың бала бақшалармен қамтылуының төмендiгін көрсетедi (19,1 %). Мектепалдындағы мiндеттi бағдарламаны бес жастағы балалардың 63 %-ы және алты жастағы 60 % бала ғана алады.
       Жалпы орта бiлiм беру
      Жалпы білiм беретiн мектептегi реформалардың шетелдiк тәжiрибесі оқытудың мерзiмiн 12-13 жылға дейiн ұзартуды, жоғары сатыдағы оқушылардың оқу жетiстiктерi мен кәсiби оқытуын сырттан бағалауды енгізудi көздейдi.
      Қазақстанның жалпы орта білiмi жалпы білім беретiн мектептер санының көбеюімен және демографиялық және көшi-қон процестерiне орай жекелеген өңiрлерде аз қамтылған мектептердiң өсуiне ықпал еткен оқушылар контингентiнiң азаюымен сипатталады (2-кесте).

                                                           2-кесте
___________________________________________________________________
   Оқу жылы     |         Мектептер саны     |     Білім алушылар
                |                            |      контингенті
________________|____________________________|_____________________
   2000/2001                  8109                    3043,3
   2001/2002                  8171                    3019,5
   2002/2003                  8164                    3095,6
   2003/2004                  8260                    3026,2
___________________________________________________________________

      Республикада 4272 аз қамтылған жалпы бiлiм беретiн мектеп (бұдан әрi - АҚМ) (жалпы мектептер санының 52 %-ы) жұмыс iстейдi. Оларда 429,1 мың бала (жалпы бiлiм алушылар контингентінің 14,1 %-ы) оқиды. АҚМ-нiң бір оқушысын оқытуға жұмсалған шығын қарапайым мектептерге қарағанда (өңiрлерге байланысты) 30-100 %-ға жоғары. Мектептердiң тұратын жерден алыс орналасуына байланысты 37 мың баланы тасымалдау ұйымдастырылған.
      Қазiргi таңда 3687 (44,6 %) қазақ тiлiнде оқытатын жалпы бiлiм беретiн, 2069 (26,1 %) қазақ және орыс тiлдерiнде оқытатын мектептер жұмыс істейдi. Мемлекеттік тiлде оқытатын мектептердегi оқушылардың контингенті артып келедi. Егер 2000 жылы оқушылардың 52,1 %-ы мемлекеттiк тiлде оқыған болса, ал бүгінгі таңда 54,8 %-ы оқиды. Өзбек, ұйғыр, неміс, тәжiк, украин және басқа ана тілдерiнде оқытатын мектептер жұмыс iстейдi.
      Республиканың жалпы бiлiм беретін мектептерiнде 270 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішiнде 195,8 - жоғары білiмі, 60 мыңынан астамының кәсiптiк орта білiмi бар, 36,5 мың педагог жоғары санатты, 67,0 мыңы бiрiншi санатты. Аз қамтылған мектептерде 64 мыңнан астам мұғалiм жұмыс iстейдi.
      Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң оқу процесіне оқушы жетiм балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларындағы балалар тегін қамтамасыз етiлетiн 1-8 сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтары енгізiлген. Кәсіптік мектептерде (лицейлерде), колледждерде арнайы пәндер бойынша отандық оқулықтар енгiзiлуде.
      "Бiлiм"  мемлекеттік бағдарламасын iске асыру нәтижесiнде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың саны 27 бiрлiкке артты, бұл арнайы оқытуға мұқтаж балаларды анықтауды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
      Республикада 614 интернаттық мекемелер жұмыс iстейдi, оларда мемлекет есебiнен 75 мыңға жуық жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан шыққан балалар, девианттық мiнез-құлықты балалар тұрады; 18 балалардың интернат-үйлері жұмыс iстейдi, оның iшiнде бipeуi дене бiтiмiнде кемшілігі бар балаларға арналған, онда толық мемлекеттiк қамтамасыз етуде 2,8 мың бала тәрбиеленуде.
      5 отбасылық үлгідегi балалар ауылы және 17 жасөспірімдер үйлерi ашылды, онда өмiр сүру жағдайы отбасылыққа жақындатылған. Тәрбие берудің патронаттық нысаны даму үстінде.
      2000 жылдан бастап мектептен тыс ұйымдардың саны 25 бiрлiкке, оқушыларды қамту 1,6 %-ға артты (3-кесте).
                                                        3-кесте
___________________________________________________________________
   Оқу жылы     |        Мектептен тыс       |      Контингент
                |        ұйымдардың саны     |
________________|____________________________|_____________________
   2000/2001                  568                     219126
   2001/2002                  598                     251684
   2002/2003                  617                     266547
   2003/2004                  629                     291545
___________________________________________________________________

      Сонымен қатар, жалпы орта бiлiм беруде өз шешiмiн талап ететін проблемаларда анықталды. Оқулықтар шығару тәжiрибесiнiң, авторлар мектептерінің, толыққанды сараптаманы қамтамасыз етудiң қаржылық тетігін және институционалдық қолдаудың жоқтығынан оқулықтардың сапасы педагогикалық жұртшылықты қанағаттандырмай отыр.
      Ескiргендердi пайдалану және қазiргi заманғы оқу жиhаздары мен жабдықтарының, спорттық мүкәммалдың (әcipece, ауылдық мектептерде) жоқтығы мемлекеттiк жалпыға бiрдей білiм беру стандарттары талаптарын толық көлемде орындауға мүмкіндік бермей отыр және балалар мен жасөспірімдер денсаулығына керi әсерiн тигiзедi. Республиканың әрбiр үшiншi мектебiнде пән кабинеттерi: химия, физика, биология, математика және т.б., мамандандырылған зертханалар мен спорт залдары жоқ.
      256 мектеп авариялық жағдайда тұр 2 мыңнан астам мектеп күрделi жөндеуге мұқтаж. Елiмiз бойынша оқушы орнына тапшылық 500 мыңға жуықты құрайды.
      Пәндiк көзқарасқа негізделген мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары оқушыға өмiр жолын, қызығушылығы мен перспективаларын таңдауда нақты белгіленген оң уәждеме бермейді. Тек, жоғары сынып оқушыларының 30 %-ы ғана өздерiнiң қабілеттерiне сәйкес келетiн кәсiби қызметті саналы түрде таңдайды. Болашақтағы мектеп бiтiрушiлердiң 70 %-ының өзін-өзі бағалау деңгейi өте төмен және жеке өмiрге дайын емес. Жоғары сатыда бейінді оқытудың жетiспеушiлiгінен еңбек нарығында мектеп бiтiрушілерге деген сұраныс жоқ.
      Кешендi тестiлеудiң нәтижелерi талапкерлердiң бiлiм деңгейлерiнiң жоғары еместігін көрсетедi. Қанағаттанарлық емес баға алғандар үлесi 5 жыл бойы өзгерiссiз қалып отыр және олар 28-30 %-ды құрайды. 2004 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудiң (ҰБT) қорытындылары мектеп бiтiрушiлердiң 24,2 %-ы жинауға болатын 120 балдың 40 балдық өту деңгейiн жинамағандығын, оқушылардың 0,7 %-ы тек 101-120 балл жинап, үздiк бағаларын растағанын көрсетедi.
      120 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалардың үштен бір бөлігі ғана арнайы түзеу ұйымдарында арнайы білім берумен қамтылған. Арнайы білім берудiң нормативтік құқықтық және бағдарламалық-әдiстемелiк базасы түзеу мекемелерi үшін педагогикалық кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдiрудi және жаңартуды қажет етедi. Мүмкiндiктерi шектеулi балаларды орталықтандырылған есепке алу жүйесi жоқ. Инклюзивтiк бiлiм беру нашар дамып келе жатыр.
      Балалар мен жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнiң бөлігін бiлiм беру жүйесiнен бөлiп алу мектептен тыс жұмыстарды бiрыңғай үйлестiрудiң жоғалып кетуiне, әскери-патриоттық және дене тәрбиесi деңгейiнiң, жасөспiрiмдердi сауықтыру бағдарламаларымен қамту деңгейiнiң азаюына әкеп соқты.
       Кәсiптiк бастауыш және орта білiм беру
      Дамыған елдердегi кәсiптiк білім беру жағдайына жасалған талдау кадрларды даярлау процесiне қатысу үшін жұмыс берушiлердi көтермелеу тетіктерiнің барлығын, кәсіптік бiлiм берудiң сапасын (білiктілiктi беру және растаудың ұлттық орталықтары) реттеудiң институционалдық негiзiнiң барлығын және кәсiптік бағдарламалардың жоғары ұтқырлығы мен бiрiгуiн айғақтайды.
      Қазақстан Республикасының кәсіптік бастауыш және орта білім беру жүйесі 722 оқу орнынан, оның iшiнде 307 кәсіптік мектеп (лицейлер) және жалпы оқушылар контингентi 341,3 мың адам 415 колледжден тұрады.
      Кәсiптiк бастауыш білім беретiн оқу орындарындағы білім алушылардың контингентi 2000 жылдан бастап 2004 жылға дейiн 10,3 мың адамға артты. (4-кесте).

                                                          4-кесте
___________________________________________________________________
   Оқу жылы   | КМ (КЛ) саны |    Бiлiм     |  Мембюджет қаражаты
              |              | алушылардың  |     есебiнен бiлiм
              |              | контингенті  |    алушылардың саны
______________|______________|______________|_______________________
   2000/2001        306           88,3               75,4
   2001/2002        312           88,1               72,1
   2002/2003        312           89,6               82,3
   2003/2004        307           98,7               91,3
___________________________________________________________________

      2000 жылмен салыстырғанда колледждер саны жеке меншiк оқу орындарын ашу есебінен 101 бiрлiкке өстi. Колледждердегі бiлім алушылардың контингентi 86,5 мың адамға артты (5-кесте).

                                                         5-кесте
___________________________________________________________________
   Оқу жылы   |  Колледждер  |    Бiлiм     |  Мембюджет қаражаты
              |     саны     | алушылардың  |     есебiнен бiлiм
              |              | контингенті  |    алушылардың саны
______________|______________|______________|_______________________
   2000/2001        314           156,1               43,8
   2001/2002        349           189,8               45,7
   2002/2003        382           207,9               54,8
   2003/2004        415           242,6               63,3
___________________________________________________________________

      Кәсiптiк бастауыш және орта бiлiм беретін оқу орындарында 28,1 мың педагог жұмыс істейдi. Оның iшiнде 2231 адамның жоғары білiмi бар, 5647 адамның кәсiптiк орта, қалғандарының орта техникалық бiлiмдерi бар. 7580 адам жоғары санатты, 6989 адам бiрiншi санатты. Колледждерде 5 ғылым докторы және 96 ғылым кандидаттары жұмыс iстейдi.
      Сонымен қатар, тез өзгерiп отырған экономикалық жағдайда білiм беру қызметтерінің реттелмеген рыногының дамуы, жұмыс беруші мен бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру жүйесi арасында әлеуметтiк бәсекелестіктiң болмауы бiлiм беру деңгейi және экономика секторлары бойынша кадрлар даярлаудағы тепе-теңсіздікке әкеп соқты. Тұрғындардың 10 мыңына шаққандағы техникалық және қызметтер көрсету еңбегі мамандарын даярлаудың саны жоғары бiлiм беру саласына қарағанда едәуiр төмен және ол колледждерде - 162 оқушыны, кәсіптік мектептерде - 66 оқушыны, ал жоғары оқу орындарында 439 студентті құрайды. Қызметтер көрсету саласы және өндiрiстiк емес сектор үшiн кадрларды даярлаудың артуы байқалады, бiрақ, техникалық, құрылыс және ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс қанағаттанарлықсыз қалып отыр (2-диаграмма).

                                                       2-диаграмма

       2003-2004 оқу жылындағы кәсіптік мектептер (лицейлер)
       оқушыларының контингенті экономика салалары бөлінісінде

      қағаз мәтіннен қараңыз

       2003-2004 оқу жылындағы колледж оқушыларының оқу
       бағыттарының бөлінісіндегі контингеті

      2-диаграмманы қағаз мәтіннен қараңыз

      Жұмыс берушілер мен басқа да әлеуметтік әрiптестiктер техникалық және қызметтер көрсету мамандарын даярлау тапсырысын қалыптастыруға нашар тартылған. Кәсiптiк бiлiм берудi және кадрларды даярлауды ұйымдастыруға экономиканың жеке меншік секторының қаражаттарын тарту тетiгi жоқ. Кәсiптiк мектептердiң 122 ғимараты күрделі жөндеуді, ағымдағы жөндеуді 115 (42,1 %) ғимарат талап етедi, кәсiби циклдегі 153 кабинет, жалпы білiм беру цикліндегі 146 кабинет, 108 оқу зертханасы, 78 оқу шеберханасы, 33 асхана, 72 медициналық пункт жетіспейді.
      Өндiрiстік оқытуды ұйымдастыруға, оқу материалдарын, құралдар мен жабдықтарды сатып алуға, инженерлiк-педагогикалық кадрларды қайта даярлауға және олардың біліктілігiн арттыруға қаржы қаражаты бөлiнбей отыр.
      Бөлiнген қаржы қаражатын, негізiнен, жалақы мен әлеуметтiк салық төлеуге (54 %), тамақтануға, киiм-кешек және стипендияға (23 %), коммуналдық қызметтер көрсетуге (10 %), үй-жайларды ұстауға және қызметтер көрсетуге (3 %) жұмсалады.
      Кәсiптiк мектептер мен колледждердегі кадр тапшылығы 934 арнайы пәндер мен өндiрiстiк оқыту шеберiн құрайды. Кәсiптiк мектептер мен колледждердегі кадрлық құрамның қартаю үрдiсi, неғұрлым біліктi оқытушылардың шағын және орта бизнеске кетуi сақталған. Жас мамандардың еңбек ақы мен педагогтың әлеуметтiк мәртебесiнің төмендеуiнен кәсiптiк мектептер мен колледждердегі жұмыс iстеуге деген ынтасы жоқ.
      Облыстық деңгейде кәсiптiк бiлiм беру оқу орындарының және кадрларды даярлаудың басқару құрылымы мен оқу-әдiстемелiк қамтамасыз етілуi осы оқу орындарының басқару және қаржыландыру функцияларын жергiлiктi өкiлдi орындары және атқарушы билiк органдарына берген сәттен бастап (1996 жыл) нығайтылмаған.
      Кәсiптiк білім беру мен техникалық және қызметтер көрсету еңбегi кадрларын даярлаудың құрылымы мен бiлiм беру бағдарламалары бiлiктiлiк деңгейлерi бойынша Техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұсынымдарына (ЮНЕСКО, 2001 жыл), Бiлiм берудi халықаралық стандартты жiктеу бағдарламасының өлшемдерiне (БХСЖ, 1997 жыл) сәйкес келмейдi, бұл кәсiптiк білiм беру жүйесiнiң ұтқырлығын, икемдiлiгiн азайтады және әлемдiк білiм кеңiстiгiнде оны тану ықтималдығын төмендетедi.
       Жоғары білiм беру
      Әлемнiң жетекші елдерiнде жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi білiм беру жүйесiнiң дамуын талдау онда кредиттiк бiлiм беру жүйесіне негізделген, кадрлар даярлаудың үш сатылы моделiнiң кен тарағанын көрсетеді: бакалавриат-магистратура-докторантура Ph.D. Бұл модель АҚШ университеттерiнде және Еуропаның көптеген елдерiнде қолданылады. Ол неғұрлым икемдi және тиiмдi болып табылады, академиялық ұтқырлықты және еңбек рыногының тез өзгерiп тұрған шағында түлектерге деген сұранысты қамтамасыз етедi.
      Қазақстан Республикасының жоғары бiлiм беру жүйесінде 180 жоғары оқу орындары және жоғары оқу орындарының 86 филиалы бар. 9 жетекші университеттiң ерекше мәртебесi бар. Педагогикалық кадрларды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жетiлдiру мақсатында 2004 жылы 5 мемлекеттiк педагогикалық жоғары оқу орындары ашылды.
      Жоғары оқу орындарының саны, студенттер контингенті және мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы өсiп отыр (6-кесте).

                                                         6-кесте
___________________________________________________________________
   Оқу жылы   |  Жоғары оқу  |    Бiлiм     | Мемлекеттік тапсырыс
              |   орындар    | алушылардың  |    (бiлiм алуды
              |    саны      | контингенті  |  жалғастырушылардан
              |              |              |       басқасы)
______________|______________|______________|_______________________
   2000/2001        181           440715              21970
   2001/2002        185           514738              25265
   2002/2003        177           597500              25465
   2003/2004        180           656561              26465
___________________________________________________________________

      Жоғары оқу орындарының 41 мың адамды құрайтын профессорлық-оқытушылық құрамының 2520-сы ғылым докторы және 11610-ны ғылым кандидаты. 10000 тұрғынға шаққандағы студенттердің саны 2000-2001 оқу жылындағы 257 адамнан 2003-2004 оқу жылында 439 адамға артқан.
      2000 жылы қабылданған "Бiлiм"  мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру барысында жоғары білім беру мамандықтарының жіктеуіші жетілдірілген. Оқу процесінің технологиялылығын қамтамасыз еткен бастауыш курстарының сәйкестендірілген бiлiм беру бағдарламаларымен қоса жоғары білім берудiң мемлекеттiк жалпыға міндетті стандарттары әзiрлендi. Жоғары білімдi даярлаудың мамандықтары мен бағыттарының пәндерi 7000 үлгілік оқу бағдарламаларымен қамтамасыз етілген.
      Кәсiптiк жоғары білiм алуға тең қол жеткiзудi қамтамасыз ету және неғұрлым дайындалған жастарды iрiктеу мақсатында кешендi тестілеу немесе ұлттық бiрыңғай тестілеу және конкурстық негізде мемлекеттiк білiм беру гранттары мен кредиттерін беру арқылы студенттер контингентiн қалыптастырудың жаңа моделi енгізілген.
      Кадрларды даярлау жүйесiн әлемде жалпы қабылданған бакалавр-магистр моделіне көшiру негізi қаланған. Жоғары оқу орындарына айтарлықтай академиялық еркiндiк берiлген. Оқытуда пайдаланылатын ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық жандандырылған. Қазақстан Республикасының 19 мыңға жуық азаматы әлемнiң 35 елiнде оқиды, оның iшiнде 16,4 мыңы - Ресей жоғары оқу орындарында оқиды. 800 адам Қазақстан Республикасы Президентінiң "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегерi болды. Республиканың жоғары оқу орындарында 8690 шетел азаматтары оқиды.
      Сонымен қатар жекелеген жоғары оқу орындарының және олардың көптеген филиалдарының зияткерлік, кадрлық, материалдық-техникалық әлеуетiнiң жетiспеуi кезiнде талапкерлердi және студенттердi даярлау деңгейiне қоятын талаптарының төмендеуi мамандарды даярлау сапасының төмендеуiне әкеп соқтырады. Бұл жоғары оқу орындарын кадрлық қамтамасыз етуге және оның материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру қажеттiлiгiн туындатады.
      Жоғары оқу орындарындағы бiр бейiндi мамандықтар бойынша даярлау жоспарлы экономикаға тән тұрақты салаларға және тұтынушыларға ғана бағдарланған.
      Әлеуметтік әрiптестiк және кадрларды атаулы даярлау, әсiресе, өңірлiк деңгейде одан әрi дамытуды қажет етедi. Техникалық, аграрлық, технологиялық, ветеринарлық мамандықтар бойынша, әсiресе, мемлекеттiк тiлдегi оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығы байқалады. Жоғары оқу орындарындағы оқулықтар, оқу-әдiстемелiк және ғылыми әдебиеттердi 50 %-ын жаңарту талап етіледi.
      Қазақстандық және шетелдiк бiлiм беру бағдарламаларын, бiлiм туралы құжаттарды өзара есепке алу және өзара тану тетiктерiн әзiрлеу процесi баяу жүруде, ол студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын тежейдi.
       Жоғары оқу орнынан кейiнгi білiм
      Бюджеттік негіздегі аспирантура 48 мемлекеттiк жоғары оқу орнында, 5 мемлекеттiк емес жоғары оқу орнында және 66 ғылыми ұйымда, докторантура 15 мемлекеттік жоғары оқу орнында және 23 ғылыми ұйымда жұмыс iстейдi.
      Соңғы жылдары аспирантура бітірушiлерiнiң кемiнде 18 %-ы оны ғылыми дәреже алып бiтiредi, бұл ғылыми кадрларды даярлаудың қазiргi жүйесiнiң тиiмдiлігінің төмендiгін көрсетедi.
      Жоғары оқу орнынан кейiнгі бiлiм беру бағдарламалары ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын басқаруға мүмкiндiк бермейдi. Бiлiм және ғылым ұйымдарының ғылыми басшыларының (консультанттардың) аспиранттар мен докторанттарды оқыту нәтижесiне деген жауапкершілігі төмендеген.
      Бiрқатар бағыттар, оның iшiнде медициналық мамандықтар (трансплантология және жасанды органдар, нейрохирургия, гематология, емдiк дене шынықтыру, спорттық медицина және т.б.) бойынша ғылыми кадрларға деген тапшылық бар, бұл республикада тиiстi ғылыми мектептердiң жоқтығына байланысты. Ғылыми-зерттеу институттарында және жоғары оқу орындарында кадрлардың "қартаюы" орын алуда. Егер 10 жыл бұрын ғылым докторларының орташа жасы 56 жасты құраса, ал қазiргi уақытта 62 жасты құрайды, ғылым кандидаттарының жасы тиiсiнше - 44 және 47 жас.
      Ғылыми ұйымдардың жоғары оқу орындарының бiлiм беру процесiне қатысуы аз. Білiм берудiң мазмұны мен ғылымның қазiргi жағдайының арасындағы алшақтық, "маман" даярлаудан жаңа ғылыми идеяларды шығармашылықпен қабылдай алатын, жаңа технологиялардың жол серiгi болатын және қазiргi заманғы технологиялық процестерді басқара алатын "зерттеушi маман" даярлауға толыққанды көшудi жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейдi.
      Педагогикалық ғылымдар бойынша жүргiзiлген көптеген зерттеулердiң практикалық маңыздылығы төмен. Соңғы жылдары педагогикалық ғылымдар бойынша 140-қа жуық докторлық және 600 кандидаттық диссертациялар қорғалғанына қарамастан, көптеген он жылдықтар бойы бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде оқытудың әдiстерi мен нысандары өзгерiссiз қалып отыр; дайын бiлiмнiң қайнар көзi ретiндегi педагогтiң мiндетi туралы ескiрген көзқарас өзгермеген.

       Педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және бiлiктілігiн арттыру
      Педагогикалық кадрлар бойынша базалық даярлықты бiлiм алушылар контингентi 167 мың адамнан астам, жылына 22 мыңнан астам мұғалiм шығаратын 34 жоғары оқу орны 19 педагогикалық мамандық бойынша жүргiзедi.
      Педагогикалық кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік бiлiм беру тапсырысы өсiп келедi: 2001 жылғы 5655 грант және кредиттен 2004 жылы 6075-ке.
      Қайта даярлау және білiктігін арттырудан өткен мұғалiмдердiң саны артып келедi: 2001 жылы - 42784 мұғалiм, 2003 жылы - 48157. Алайда бұл әрбiр мұғалiмнің білiктілік арттыру курстарынан кемiнде 5 жылда бір рет өтуiн мiндеттейтiн Бiлiм туралы  заңның ережесiн iске асыру үшін жеткiлiксiз, оған сәйкес жыл сайын 54000 мұғалiм бiлiктілігін арттырудан өтуi тиiс.
      Бейіндік сыныпта, шетел тілдерiне, информатикаға оқыту 2 сыныптан бастап оқыту, кәсiптiк мектептердiң желiсiн кеңейту қосымша 28 мың педагогикалық жүктемелердi енгiзудi талап етедi.
      Жоғары оқу орындарының түлектерін ауылдық жерлерде жұмыс iстеуге тарту және бекiту тетiктерiн әзiрлеу қажет.
      Жоғары оқу орындарының мүмкiндiктерi педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруда толыққанды пайдаланылмайды. Педагогикалық кадрлардың біліктілігiн арттыру және қайта даярлау проблемалары бойынша шет елдермен тәжiрибе алмасу жөніндегі халықаралық байланыстар нашар дамыған. Білiм беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлерiнiң жаңа бiлiм алуын материалдық және моральдық тұрғыдан көтермелеу тетiктерiнiң тиiмділігі жеткіліксiз пайдаланылуда; практикалық қызметке бағдарланған оқытудың белсендi тренингтік технологиясы нашар енгізiлуде.
       Бiлiм берудi ақпараттандыру
      Орта бiлiм беру жүйесiн ақпараттандырудың  мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жалпы білiм беретiн мектептердi 100 пайыздық компьютерлендiру аяқталды. Орталық коммуникациялық торап құрылған, оған Бiлiм және ғылым министрлігінiң орталық аппаратының торабы және облыстық білiм департаменттерінің телекоммуникациялық тораптары қосылған. Жалпы орта білім беретiн ұйымдарға арналған электронды оқулық басылымдары мектеп пәндерінің 25 %-ын ғана қамтиды. Қашықтықтан оқытудың спутниктiк арнасына республиканың алты облысының 717 (8,7 %) мектебі қосылған.
      Сонымен қатар, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі - AKT) дамыту және оларды білiм беру саласында қолдану қажеттiлiктен әлдеқайда артта қалуда.
      Қазақстанда бiр компьютерге жалпы білім беретiн мектептердегi 54 оқушыдан келедi, бұл ЮНЕСКО-ның деректері бойынша ТМД елдерiнiң арасындағы ең жоғары көрсеткiштердiң бiрi (Ресейде - 59). Сонымен қатар 2002 жылы Экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымдары елдерi бойынша бұл көрсеткiш 13-ке теңелдi, Латвияда, Венгрияда және Чехия Республикасында бұл тиiсiнше 5,9 және 15-тi құрады. 2004 жылдың басында Ұлыбританияның орта мектептерiнде 1 компьютерге 5 оқушыдан келген, АҚШ-та - 4.
      Қазiргi таңда Интернет желiсiне Қазақстан мектептерiнiң тек 44 %-ы ғана қол жеткiзген. Финляндияда 1999 жылы 90 %-дан астам мектептер, 2000 жылы Эстония мектептерiнiң 100 %-ы, Австралия, Канада, Исландия мектептерiнiң 80 %-ы, Венгрияда 58 %, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы елдерде мектептердiң орташа есеппен 52 %-ы Интернет желiсiне шығу мүмкiндiгiне қол жеткiзген.
      Кәсіптік мектептер (лицейлер) мен колледждерде бiр компьютерге тиiсiнше 31 және 25 оқушыдан келедi. Интернет желiсiне кәсiптiк мектептердiң (лицейлердiң) 39 %-ы және колледждердің 51 %-ы қосылған.

                                                       4-диаграмма

Облыстар бөлісінде Интернет жүйесіне
қол жеткізген мектептер саны

      4-диаграмманы қағаз мәтіннен қараңыз

      Жоғары бiлiм беру деңгейiнде ақпараттық жүйемен келiсiлген интерфейсi жоқ оқу процесiн басқаратын жеке локалдық жүйе жұмыс iстейдi.
      Тек жекелеген жоғары оқу орындары ғана қашықтықтан оқытудың технологиясын енгізген, олардың кейбiреулерiнде аталған технология эксперименттік режимде iске асырылуда.
       Бiлiм берудi қаржыландыру
      Елiмiздегi экономикалық ахуалдың тұрақтылығы бiлiм беруге арналған мемлекеттiк бюджет шығыстарын едәуір арттыруға мүмкiндiк бердi (7-кесте).

                                             7-кесте (млн. теңге)
___________________________________________________________________
                            |  2000 | 2001  | 2002  | 2003 | 2004
____________________________|_______|_______|_______|______|_______
Мектепке дейінгі тәрбие мен
оқыту                         2975   3322    3880    4553   5742
Жалпы орта бiлiм беру         60007  67224   81744   98906  124979
Кәсiптік бастауыш білiм беру  2693   3018    3910    5299   6540
Кәсiптiк орта бiлiм беру      2662   2526    2989    3495   5001
Жоғары және жоғары оқу
орнынан кейiнгі білiм беру    8120   9344    11783   12763  15506
Басқа да бағдарламалар        4959   17640   1467l   24505  33547
Жиынтығы                      81416  103076  118977  149521 191315
ІЖӨ-ге %                      3,1    3,1     3,2     3,4    3,8
___________________________________________________________________

      Бiлiм беруге арналған мемлекеттің шығыстары абсолюттік артып қана қоймай, оның өсуiнiң едәуір қарқынына қарамастан ІЖӨ-ге пайыздық қатынасы өсті.
       Бiлім беру сапасы
      Оқу жетiстіктерiн тәуелсіз сырттай бағалау жүйесі: ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ), аралық мемлекеттік бақылау (бұдан әрі - AMБ) енгізiлуде.
      Дегенмен, бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнің сапасын бақылайтын және бағалайтын қолданыстағы тетiгі білiм берудiң қазiргi нақты жай-күйін толыққанды көрсете алмайды және басқару үшiн кері байланыстың объективті құралы бола алмайды.
      Бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң сапасын бағалау көрсеткiштерi мен өлшемдерi жетілмеген, объективті мониторинг жоқ. Білiм беру сапасын басқару компоненттері бытырап жұмыс iстейдi. Бiлiм алушылардың жетiстiктерiн сырттай бағалаудың мазмұны, мақсаты мен мiндеттері қазiргі заманның білiм сапасына деген талаптарына сай емес. Қазақстан бiлiм алушылардың бiлiм деңгейiн салыстырмалы зерттеу жөніндегі халықаралық бағдарламаларға қатыспайды.
      Бiлiм және ғылым министрлiгiнің қолданыстағы статистика жүйесi қазiргі заман талабына мазмұндық та, технологиялық аспектілері жағынан да сәйкес келмейдi, мол және жедел халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн кешенділігі мен толықтығы жөнiнде қажетті сәйкестендiрiлген статистикалық ақпараттық ағын әзiрленбеген. Бiлiм беру көрсеткiштерiнiң жүйесi әр түрлi негіздемелерден жиналған деректер жиынымен алмастырылады, олар пысықталғаннан кейiн әкiмшiлiк есеп беру терминдерiнде түсiндiрiледi.
      Бiлiм беру жүйесiнде қалыптасқан ахуалдың негізгі себептерi:
      бiлiм беру сапасын бағалауда объективтiлiктi қамтамасыз етпейтiн рәсiмдердiң басымдығы;
      бiлiм беру жүйесiнiң жаңа енгізiлімдерге жеткiлiксiз құлақ асуы, бiлiм берудiң мазмұны мен құрылымының ескiрген қағидаттарын ұстану;
      педагогикалық кадрларды даярлау деңгейiнiң төмендiгі, кадрлардың кетуi, педагогикалық еңбекті нашар материалдық көтермелеу;
      бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың жеткiлiксiз қаржыландыруы;
      оқу-зертханалық, дене шынықтыру, ойын жабдықтарының, оқу және әдiстемелiк әдебиеттердiң қазiргi заманғы талаптарға сәйкес келмеуi;
      бiлiм беру қызметтерiнiң рыногында сұраныс пен ұсыныстың ғылыми негiзделген ұзақ мерзiмдi болжамының жоқтығы;
      сабақтас мемлекеттік жалпыға мiндетті білім беру стандарттарын және бiлiм берудiң барлық деңгейлерi мен сатыларына арналған бағдарламаларды, олардың мониторингінiң тетiгін жасау және iске асыру кезiнде әдiснамалық көзқарастардың келiспеушiлігі;
      кәсiптік оқытуды және мамандар даярлауды ұйымдастыру процесiне жұмыс берушілер мен әлеуметтік әрiптестердi тарту тетiктерінің жоқтығы;
      бiлiм беру саласындағы құралдардың, әдiстердiң және бағалы қызметi технологияларының жеткiлiксiз әзiрленуi;
      педагогикалық, ғылыми-педагогикалық кадрлардың және өндірiстiк оқыту шеберлерiн қайта даярлау және білiктiлігін арттыру жүйесiнiң нашар дамуы;
      өзiнде бiлiм берудi басқару жүйесiн қамтитын бiлiм беру жүйесiнiң бiрыңғай ақпараттық инфрақұрылымының жоқтығы.
      Жаңа жүзжылдықтың басында елдегi экономикалық ахуалдың жақсаруы, сондай-ақ "Бiлiм"  бағдарламасын iске асыру жөнiнде қабылданған шаралар, тұтастай алғанда, бiлiм беру жүйесiне оң әсерiн тигіздi. Алайда, бiлiм беру жүйесінің нарықтық экономиканың және ашық азаматтық қоғамның қажеттіліктерiне сәйкессiздігін жою үшін қабылданып отырған шаралар жеткіліксіз.
      Келеңсiз құбылыстарды болдырмау, түбегейлi ұйымдық, құрылымдық қайта құрулар, бiлiм берудiң мазмұнын жаңарту және балаларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын жетiлдiру, республиканы дамытудың қазiргі заманғы әлеуметтiк-экономикалық және саяси жағдайларына және жоғары дамыған елдердiң озық тәжiрибесiне сәйкес мамандарды даярлау жөнiнде шаралар қабылдауды қажет етедi.

  4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Мақсаты: адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру және жеке тұлға мен қоғамның қажеттілiктерiн қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі  стратегиялық даму жоспарының басымдықтары негізiнде көп деңгейлi бiлiм берудiң ұлттық жүйесiн жаңғырту.
      Мiндеттерi:
      халықтың барлық жiктерi үшін сапалы бiлiмге қол жеткiзудi қамтамасыз ету;
      бiлiм берудi басқаруды одан әрі демократияландыру негiзiнде бiлiм берудiң ұлттық жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;
      қазақстандық патриотизмге, төзiмдiлiкке, жоғары мәдениеттілікке, адам құқығы мен бостандығына құрмет көрсетуге тәрбиелеу;
      мемлекеттiк тiлдi басым дамыту;
      отандық дәстүр, әлемдiк тәжiрибе және тұрақты даму қағидаттары негiзiнде бiлiм берудiң мазмұны мен құрылымын жаңарту;
      12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшу;
      кәсіптік бiлiм беру жүйесiн қайта құрылымдау және БХСЖ өлшемдерiне сәйкес кадрларды даярлау;
      кадрларды даярлаудың толық үш сатылы жүйесін құру: кредиттік оқу жүйесiн шоғырландыруға негізделген бакалавриат - магистратура -  докторантура;
      экономиканың барлық салалары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілеттi кадрларды даярлаудың сапасын арттыру;
      әлемдiк бiлiм беру кеңiстігіне ықпалдасу;
      білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру;
      бiрыңғай бiлiм беру ақпараттық ортаны қалыптастыру;
      бiлiм беру процесiн оқу-әдiстемелік және ғылыми қамтамасыз етудi жетілдіру;
      бiлiм беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту;
      бiлiм берудi, ғылым мен өндiрiстi ықпалдастыру;
      бiлiм берудiң сапасын арттыру үшін экономика секторларының ресурстарын тартудың тетiктерiн жасау;
      білiм беру жүйесін қаржылық, кадрлық қамтамасыз етудi жетілдiру, педагогикалық қызметкерлердiң әлеуметтік мәртебесiн арттыру;
      көп деңгейлi үздіксіз бiлiм беру жүйесiнде мемлекеттік, қоғамдық және жеке тұлғалық мүдделердiң тепе-теңдiгін қамтамасыз ету.

  5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгі бағыттары мен тетiгі

      Қойылған мiндеттердi iске асыру үшін:
      бiлiм берудiң мазмұнын орталықты бiлiмнен нәтижеге бағдарланған құзыреттілікті бiлiмге түрлендiру;
      білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, пәндiк-кеңiстiктiк ортасын және оқу-әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн қазiргi заманғы әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға және оқу-тәрбие процесiнiң талаптарына сәйкес келтiру;
      бiлiм алушылардың тiлдiк, ақпараттық, экологиялық, экономикалық және құқықтық дайындығын күшейту;
      бiлiм берудiң барлық деңгейлерiндегі кадрлар даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттырудың кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларының құрылымын және мазмұнын жетілдiру;
      бiлiм беру деңгейлерiнің мазмұны мен оқудың ұзақтығы бойынша сабақтастығын қамтамасыз ету қажет.
       Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту
      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттырудың негізгi бағыт балалардың тұлғалық мәдениетiнiң негіздерiн, мектепте оқытуға қажетті дағдыларын, мемлекеттік тiлдi үйренуiне, зияткерлік және эмоционалдық дамуына, олардың табиғи және психикалық денсаулығын сақтауға және нығайтуға жағдай жасау болып табылады.
      Халықтың мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтерiне артып келе жатқан қажеттіліктерiн қанағаттандыру мақсатында материалдық-техникалық базаларды ашу және жаңарту үшiн нормативтік құқықтық және қаржылық жағдайларды жасау қажет:
      әртүрлi бейiндi (дене тәрбиесi-сауықтыру, гуманитарлық, спорттық, эстетикалық, лингвистикалық, экологиялық, ата-аналарды оқыту жөнiндегі, мектепке дейінгі жастағы дарынды балалар үшiн, мүмкiндiгi шектеулi балалар үшін т.б.) мектепке дейінгі орталықтар;
      отбасылық балабақшалар;
      түзеу және инклюзивті бiлiм беру кабинеттерi;
      қысқа мерзiмде болу топтары бар жалпы бiлiм беретiн мектептер базасындағы мектепке дейінгі шағын орталықтар;
      балалар бөбекжайын, балалар бақшасын, бөбекжай бақшасын;
      "мектеп-бала бақша" кешендерiн;
      бiлiм беру ұйымдарының базасында мектепалды топтары мен сыныптарын.
      Жергіліктi жерлерде мектепке дейiнгi тәрбие берудi басқару және әдiстемелiк қамтамасыз етудi тиiсті мамандар білiм берудi басқару органдарының құрамында жүзеге асыруы тиiс.
      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын қоғамның өзекті және перспективалы қажеттілiктерiне сәйкес ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету үшін "Meктепке дейінгі балалық шақ" республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылады. Орталық мектепке дейінгі оқытуды дамыту стратегиясын әзірлейдi және iске асырады, мектепке дейiнгі тәрбие мен оқыту жүйесiнiң қызметiн зерделейдi және талдайды, мемлекеттік стандарттар, инновациялық жобалар әзiрлейдi, оқу-әдістемелiк құралдарды, ойыншықтарды, ойын құралдарын сараптауды өткiзедi.
      Жұмыс берушілердің мемлекеттiк емес мектепке дейінгі ұйымдар желiсiн дамытуға, iрi кәсiпорындардың жанынан балабақшалар ашуға үлестік қатысуын ынталандыру тетiктерiн жасау керек.
      Мектепте оқу үшін бiрдей бастапқы жағдайлар жасау үшін бес жастағы балалар жалпы бiлiм беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар базасында мектепалды даярлық бағдарламаларымен қамтылады.
       Орта білім беру
      Орта бiлiм берудiң мазмұны мынадай бiлiм беру бағыттарын қамтиды: тiл және әдебиет, адамтану, қоғамтану, математика, информатика, жаратылыстану, өнер, технология, дене тәрбиесi.
      Жалпы орта бiлiм беру үш сатыны көздейтiн 12 жылдық оқытуға көшу жүзеге асырылатын болады.
      I саты - жалпы бастауыш бiлiм беру, оқыту ұзақтығы - 4 жыл, 1-4 сыныптар. Оқу 6 жастан басталады. Бастауыш мектептің бағдарламасы баланың жеке тұлғасын қалыптастыруға, оның жеке қабiлетiн анықтауға және дамытуға бағытталған.
      Бiлiм беру мазмұны epтe жастан (2-сыныптан бастап) шетел тiлiн және информатика негiздерiн оқытумен толықтырылатын болады.
      I сатыдағы оқыту мен тәрбиелеу оқу қызметінде негiзгi мектептің келесi бiлiм беру бағдарламаларын игеру үшiн мыналарды: оқу, жазу, есептеудiң тиянақты дағдыларын, қарапайым тiлдiк қарым-қатынас тәжiрибесiн, өзiн-өзi шығармашылықпен іс жүзінде көрсетудi, мiнез-құлық мәдениетін, жеке гигиена және салауатты өмiр салтының негiздерiн қалыптастыруға бағдарланған. Осы саты оқушылардың бiлiмiн аралық бақылаумен және оқу жетiстіктерiн iшiнара мониторингтік бағалаумен аяқталады.
      II саты - негізгі жалпы бiлiм беру, оқыту ұзақтығы - 6 жыл, 5-10 сыныптар. Оқушылардың ғылым жүйесiнің базистік негіздерiн игеруi, оларда тұлғааралық және этносаралық қарым-қатынастағы жоғары мәдениеттілікті, өзiн-өзi тануды және кәсiби бағдарды қалыптастыру негiзгi мектептiң функционалдық қызметiнің басым бағыты болып табылады. Осы сатыда әрбiр пәннiң мазмұны негізгі базалық бiлiм беру көлемiнде логикалық түрде аяқталады. Таңдауы бойынша оқу пәндерiн игеру үшiн оқу жоспарының вариативтік бөлiгі кеңейтiледi, бейіналды даярлық енгізіледі.
      II саты аяқталғаннан кейiн орта бiлiм берудiң III сатысында оқудың одан арғы бейінін таңдау үшін оқушылардың қабiлетi және дайындық деңгейi анықталады.
      Саты қабiлеттерiн, бейiмдiлiктерiн және өткен материалдарды игеру деңгейiн анықтау үшiн оқушылардың бiлiмiн орталықтандырылған тестілеу түрiндегі аралық бақылаумен аяқталады.
      III саты - жалпы орта бiлiм беру, бейiндi оқыту, оқыту ұзақтығы - 2 жыл, 11-12-сыныптар.
      Жалпы орта білім берудiң III сатысының бағдарламалары бiлiм берудiң мазмұнын саралау, ықпалдастыру және кәсiбилендiру негізiнде әзiрленетiн болады. Оқушыларды кәсiптікке дейiнгi тереңдетiлген даярлауды жүзеге асыру үшiн әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану, технологиялық және басқа да бағыттар бойынша бейiндi оқытуды енгізу III сатының қағидатты жаңалығы болып табылады.
      ІІІ сатының оқушыларына шығармашылық қызметке және жеке қабiлетiн дамытуға ерекше орын бөлiнетiн жеке бiлiм беру бағдарламаларын таңдау мүмкiндiгі берiледi. Бiлiм алу деген нұсқамадан әлем, қоғам және адам туралы жүйелендiрiлген түсiнiкті игеруге көшу, оларды өз бетінше және шығармашылық тұрғыдан пайдалана, тереңдете және кеңейте бiлуге және оған ұмтылуға көшу қамтамасыз етіледi.
      Жалпы орта бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру ұлттық бiрыңғай тестілеумен аяқталады.
      12 жылдық бiлiм беруге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 2008-2009 оқу жылы бiрiншi сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша оқи бастайды. 2009-2010 жылдан бастап 5 және 11 сыныптарды 12 жылдық бiлiм беруге көшiру басталады.
      Орта бiлiм беруде:
      12 жылдық оқытуға көшудiң нормативтік құқықтық базасын жасау;
      бiлiм беру бағдарламаларының базалық және бейiндiк мазмұнын жетiлдiру, эксперименттiк оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендер әзірлеу және сараптау;
      оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк әдебиеттi әзiрлеудi және басып шығаруды әдістемелік қамтамасыз ету, 12 жылдық мектепке арналған оқу әдебиетiн сараптауды ұйымдастыру мiндетi болатын "Оқулық" ғылыми-әдiстемелiк орталығын құру;
      оқытудың жаңа педагогикалық, ақпараттық және денсаулық сақтайтын технологияларын енгізу;
      бiлiм алушылардың оқу жетiстіктерiн сыртқы ағымдағы және қорытынды бағалау жүйесін құру;
      оқытуды ұйымдастыру қағидаттарын және білiмді, iскерлiктi және дағдыны "алушы" енжар оқушы рөлінен танымдық процестің субъектiсiн белсендi танушыға өзгерту;
      облыстық және аудандық (қалалық) бiлiм басқармалары туралы ереженi әзірлеу жолымен басқару буындары мен олардың бағыныстылық функцияларын нақты ажырату;
      барлық қауымдастықты мектептегі оқытудың күтiлетiн нәтижелерiн және оларға жету жолдарын мониторинг деректерiнiң негізiнде талқылау процесiне тарту жүйесiн құру;
      жалпы бiлiм беретiн мектептердi салу қажет.
      Оқу процесi мыналарға бағытталады:
      бiлiмдi өз бетiнше алу және оны практикада қолдану қажеттілігі мен дағдысын қалыптастыруға, ғылыми тану тәсiлдерiне мақсатты және жүйелi баулуға;
      оқушыны жеке тұлға және қызмет субъектiсi ретiнде дамытуға, өмiрлiк құнды бағыттарды қалыптастыруға;
      ұлттық мәдениетті қадiрлеуге және басқа да ұлттық бастауларға деген ашықтыққа;
      нарықтық экономика мен сапаның негізгі түсiніктерiн қалыптастыруға және оларды практикада қолдана бiлуге;
      жалпы негізгі оқыту сатысында бейiналды даярлықты және жалпы орта бiлiм беру сатысында бейiндi оқытуды қамтамасыз етуге.
      Жалпы орта бiлiм берудiң жаңа мемлекеттік жалпыға мiндеттi стандарты түлектердiң нәтижеге бағытталған базалық құзыреттілігi түрiндегі бiлiм берудiң ұлттық мақсаттары жүйесiн белгiлейтiн болады.
      Қазақстан Республикасының зияткерлiк әлеуетiн қалыптастыруға бағытталған дарынды балалармен жұмыс нысандары мен әдiстерi жетiлдiрілетін, халықаралық байланыстар дамытылатын болады.
      Ауылдық мектептердi дамытуға ерекше көңiл аударылатын болады. Шағын жинақталған мектептерде оқу процесiн толыққанды және сапалы өткiзу үшін негізгі және аға буынның бiрiктiрiлген сыныптары бiрте-бiрте қысқарады. Ауылдық жерлерде шағын жинақталған мектептердiң балалары үшін бейiндi мектеп-интернаттар салу және ашу көзделiп отыр. Ашық бiлiм беру ортасын құру үшін оқу процесiн ұйымдастырудың қашықтықтан оқыту және басқа инновациялық нысандары кеңiнен енгізілетін болады.
      Арнайы түзеу бiлiм беру ұйымдарының желiсi сақталады және кеңейтiлетiн болады, мүмкіндiктерi шектеулі балалардың кәсiптiкке дейiнгі және кәсіптік даярлыққа қол жеткiзуi кеңейтiледi, мүмкіндiктерi шектеулі адамдарды ықпалдастырып оқытуды мемлекеттік қолдау, бұрын оқыту мүмкiн емес деп саналған балаларды оқытуды ұйымдастыру жөніндегі шаралар әзiрленедi, арнаулы бiлiм берудiң кадрлық қамтамасыз етілуi жетілдіріледі.
      Мүмкіндiктерi шектеулі балаларды ерте жастан түзей-дамыта оқыту бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру осы санаттағы балалардың елеулi бөлiгін қалыпты жалпы бiлiм беретiн мектептерде оқыту үшін жағдай жасайды.
      Қосымша бiлiм берудi дамыту үшiн қосымша бiлiм беру ұйымдары желiсiн жетілдiру және дамыту, нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған жiгінің балалары мен девианттық мiнез-құлыққа бейiм балаларды сабақтан тыс жұмыспен мейлiнше қамту; мүмкiндiктерi шектеулі балалардың қосымша бiлiм беру ұйымдарына баруы үшін жағдай жасау көзделедi.
      Арнайы және қосымша бiлiм берудi дамытуға қатысуға халықаралық, үкіметтік емес ұйымдар, жеке меншiк сектор тартылатын болады.
       Техникалық және кәсiптік білiм беру
      Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру және техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша кәсiптiк орта бiлiмнiң бөлiгi орта білім беру жүйесiнiң құрамдас бөлiгі болып табылатын және адамды жаңа технологиялар мен еңбек нарығы талаптарының деңгейiндегі тиiмдi кәсіптік қызметке даярлауды қамтамасыз ететiн техникалық және кәсiптiк бiлiм беруге түрленетiн болады.
      Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру бiлiктi жұмысшы кадрларды және қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтiң барлық негізгі түрлерi бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегінiң мамандарын даярлауға бағытталған кәсiптiк бiлiм беру және кадрларды даярлау жүйесiнiң базалық деңгейi болады.
      Техникалық және кәсіптік бiлiм беру iске асырылып жатқан кәсiптiк бағдарламаларының күрделiлiгіне қарай мыналарға бөлiнедi:
      1) терең теориялық және кәсiптiк даярлауды талап етпейтiн күрделi емес көпшiлiк техникалық және қызмет көрсететiн еңбек кәсiптерi бойынша жұмысты орындау iскерлiгі мен дағдыларын игерудi көздейтiн техникалық және кәсіптік бiлiм берудiң бiрiншi сатысы.
      Бiрiншi сатының білiм беру бағдарламаларының мазмұны жалпы кәсiптік және арнайы пәндердi ойдағыдай игеру және кәсіптік дағдыларды алу үшiн бейiндi болып табылатын жалпы бiлiм беретін, әлеуметтік-экономикалық пәндер бойынша бiрiктiрiлген курстарды зерделеудi көздейдi. Оқу аяқталғаннан кейiн нақты мамандық бойынша кәсiптiк бiлiктiлiктiң қол жеткiзген деңгейi (разряд, класс, санат) берiледi. Оқытудың ұзақтығы негізгі жалпы бiлiм базасында кемiнде 2 жылды құрайды;
      2) неғұрлым күрделi (аралас) мамандықтарды және жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысы экономиканың барлық салаларындағы техникалық және қызмет көрсету еңбегі жұмыстарын орындаудың практикалық дағдыларын игерудi көздейтiн техникалық және кәсіптік бiлiм берудiң екiншi сатысы.
      Бұл сатының бiлiм беру бағдарламаларының мазмұны жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсiптiк, арнайы пәндердi зерделеудi және кәсiптiк дағдыларды игеру және бекiту жөнiнде практикалық жұмыстарды орындауды көздейдi. Оқыту аяқталғаннан кейiн нақты мамандық бойынша кәсiптiк бiлiктiлiктiң жоғары деңгейi берiледi (техник-механик, техник-құрылысшы және т.б.). Негізгі жалпы бiлiм беру базасында оқыту ұзақтығы кемiнде 3 жылды құрайды.
      Осы сатының бағдарламаларының мазмұны келесi бiлiм беру сатысының бағдарламаларымен үйлестірiледі.
      Мәдениет және өнер мамандықтарының бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру ерте кәсiбилендiру қағидатын және кәсіптік бағдарламалар мазмұнының ерекшелiктерiн ескере отырып жүзеге асырылады.
      Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламалары жалпы орта бiлiмi бар адамдар үшiн таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсiптiк қызметтi айқындайтын жалпы кәсiптiк, экономикалық және арнаулы пәндердi зерделеудi көздейдi. Оқытудың ұзақтығы кәсiптiк бағдарламалардың күрделiлiгіне және берiлетiн бiлiктілік деңгейiне байланысты.
       Орта білімнен кейiнгі кәсiптiк бiлiм беру
      Кәсiптiк орта бiлiм берудiң жекелеген бағдарламаларын iске асыру жаңа - орта бiлiмнен кейiнгі бiлiм беру деңгейiне көтерiледi. Орта бiлiмнен кейiнгі кәсiптiк бiлiм беру экономика, құқық, экология, социология, психология, медицина, ақпараттық технологиялар және инновациялық менеджмент саласындағы қызмет көрсету және басқару еңбегі орта буын мамандарын даярлаудың кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру үшін қазақстандық кәсiптiк білiм беру және кадрларды даярлау жүйесiнiң бөлiгі ретiнде көзделедi және тек жалпы орта бiлiм беру базасында қамтамасыз етіледi. Оқытудың ұзақтығы (медицина мамандықтарынан басқа) - кемiнде 2 жыл, техникалық және кәсiптiк бiлiм беру базасында - кемiнде 1 жыл.
      Осы сатының білім беру бағдарламаларының мазмұны (кәсiптікпен қатар) жоғары оқу орындары бакалавриатының 1-2 курстарының бiлiм беру бағдарламаларымен біріктірілген әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану ғылымы пәндерiнен тұратын қауымдастырылған бiлiм беру бағдарламаларын зерделеудi көздейдi.
      Оқу аяқталғаннан кейiн экономика, құқық, социология, психология, медицина және ақпараттық технологиялар саласындағы қызмет көрсету және басқару еңбегінiң кiшi маманы деңгейiнде бiлiктiлiк берiледi.
      Техникалық кәсiптік және орта бiлiмнен кейінгі кәсiптік бiлiм берудi дамыту үшін:
      құрылыс салу арқылы кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары желiсiн дамыту және кеңейту, жергіліктi бюджеттер және жеке меншiк сектор қаражаты есебiнен материалдық-техникалық базасын нығайту;
      өңiрлiк деңгейде кәсiптiк бiлiм берудi және техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң білікті мамандарын даярлауды және республикалық бюджеттен аса мұқтаж, стратегиялық мәнi бар кәсiптер мен мамандықтар бойынша қаржыландыруды арттыру;
      жеңілдiкпен салық салу жүйесі есебiнен техникалық және кәсіптік орта бiлiмнен кейінгі кәсіптік білім беру саласында жеке меншiк секторының инвестицияларын ынталандыру тетігін жасау;
      нормативтiк құқықтық базаны жетілдіру;
      арнайы пәндердiң оқулықтары мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн әзiрлеу және енгiзу;
      техникалық және кәсiптік, орта білімнен кейiнгi кәсіптік бiлiм беру ұйымдарын ақпараттандыру;
      мемлекеттік жалпыға мiндетті кәсіптік білiм беру стандарттарын Бiлiм берудiң халықаралық стандартты жіктемесімен /1997 жылғы БХСЖ/ үйлестіру;
      оқытудың кредиттік жүйесін енгізу, жоғары білiм беру бағдарламаларымен бiрге техникалық және орта бiлiмнен кейінгі кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм бағдарламаларын үйлестіру;
      республикалық және өңiрлiк бiлiктілiктi растау және беру орталықтарын құру жолымен кәсiби даярлықтың сапасын, білiктілiктi берудi және растауды тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу көзделедi.
      Техникалық және қызмет көрсету еңбегінiң жоғары сапалы бiлiктi мамандарын даярлау Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 17 мамырдағы N 1096 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының индустриалдық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған  стратегиясын табысты iске асыру үшiн жағдай жасауға мүмкiндiк бередi және жалпы алғанда, өндiрiстi, құрылысты, шағын және орта бизнесті, қызмет көрсету мен экономиканы дамытудың импульсы болып табылады.
      Орта бiлiмнен кейiнгі кәсiптiк білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары тиiсті оқу және материалдық базасы және лицензиясы болған жағдайда бейiндiк оқыту және техникалық кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыруы мүмкiн.
       Жоғары бiлiм беру
      Жоғары бiлiм берудi дамыту үшін:
      кадрларды даярлауда сегменттеудi, бiр бейiндiлiкті, тепе-теңсiздiктi және артық қайталанушылықты жою үшiн Жоғары білiм беру мамандықтары жіктемесiн одан әрi жетілдiру;
      оқытудың прогрессивті жүйелерi мен технологияларын, оның iшiнде кредиттік және қашықтықтан оқытуды әзiрлеу және енгізу;
      магистратураны жоғары оқу орнынан кейiнгі деңгейге көшiру;
      жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсіптік бiлiм берудi үш деңгейлі жүйеге түрлендiру: бакалавриат-магистратура- докторантура;
       құрылымы және мазмұны жағынан халықаралық бағдарламалармен үйлестiрiлген бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын әзірлеу;
      бiлiм беру гранттарының санын арттыру, студенттерге кредит берудiң жаңа үлгiсiн жасау жолымен жоғары бiлiмге қол жетімдiлiктi арттыру;
      елдiң үздiк жоғары оқу орындары арасында кәсiптiк кадрларды даярлауға мемлекеттiк тапсырысты бөлу тетігін енгiзу;
      әлеуметтік әріптестіктi дамыту, жұмыс берушiлердi кәсiптiк практикаларды, студенттердiң тағылымдамасын, түлектердi жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруға тарту;
      ғылыми ұйымдардың әлеуетін жоғары бiлiмдi мамандар даярлау үшін тарту жөнiндегi нормативтiк құқықтық және ұйымдық-экономикалық тетiктердi әзiрлеу;
      жоғары оқу орындарының қаржы-шаруашылық қызметiнiң ашықтығын қамтамасыз ету;
      жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық және оқу-зертханалық базасын нығайту және жаңарту;
      жоғары оқу орындары мен филиалдарға кадрлық қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасы бөлігінде қойылатын талаптарды күшейту;
      стратегиялық жоспарлауға, сапа менеджментi жүйесiне және автономдықты арттыруға негізделген жоғары оқу орындарын басқарудың жаңа қағидаттарын қалыптастыру;
      жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының дәреже иеленуiнiң өсуi;
      жетекшi шетелдiк аккредиттеу агенттіктерiнің талаптарына сәйкес жоғары оқу орындарының кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын аккредиттеуге дайындау үшін жағдайлар жасау көзделедi.
      Оқу процесiн ұйымдастырудың дәстүрлі жүйесiнiң орнына оқытудың кредиттік жүйесi енгізiледi, ол бiлiм алушылардың белсендi өз бетiнше жұмыс iстеуiн ынталандырады, жеке бiлiм траекториясының таңдамалылығын, ұтқырлығын, бакалаврлардың, магистранттардың және докторанттардың академиялық еркіндігінің үлкен деңгейiн қамтамасыз етедi, бiлiм туралы құжаттардың әлемдiк бiлiм беру кеңiстігінде танылуына ықпал етедi.
      Жалпы бiлiм беру құрамдас бөлiгінiң мазмұны бакалавриаттың алғашқы екi курсында мейлiнше бiрдейлендiрiледi, ал бакалавриаттың келесi курстарында даярлық базалық пәндер бойынша жүзеге асырылатын болады. Жоғары оқу орнының құрамдас бөлiгі шеңберiнде бейiндi даярлық iске асырылатын болады.
      Бакалавриаттағы оқытудың нормативтік мерзiмi 4 жылды құрайды. Бакалавриаттың бiлiм беру бағдарламаларын игеру сол немесе басқа саладағы бакалаврдың тиiсті академиялық дәрежесiн берiп қорытынды мемлекеттік аттестаттаумен аяқталады.
      Одан кейiн бакалаврдың 1-2 жылдық магистратурада бiлiмiн жалғастыруға мүмкiндiгі болады.
       Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру
      Магистратурада дайындық екi бағытта жүргізiледi:
      бейiндiк тереңдетiлген даярлық;
      ғылыми-педагогикалық даярлық.
      Магистратураның бiлiм беру бағдарламалары iргелi бiлiм беру, әдiснамалық және зерттеу даярлығын және ғылымның бiр бағыты бойынша пәндердi тереңдетілген зерделеудi көздейдi.
      Магистратурада мамандар даярлауға бөлінетін қаражаттың көлемiн айтарлықтай арттыру, сондай-ақ олардың тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз eту қажет.
      Магистратураны бiтiрушілерге "магистр" академиялық дәрежесi берiледi. Магистрлер докторантурада оқуын жалғастыруға немесе ғылыми-педагогикалық және өзге де еңбек қызметiмен айналысуға құқылы.
      Докторантура жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлаудың аяқтаушы бiлiм беру деңгейi болады.
      Докторлық бағдарламалар бойынша оқу мерзiмi кемiнде 3 жыл.
      Докторантура бағдарламасын игерген және докторлық диссертация қорғаған адамдарға философия докторы (РhD) академиялық; бейiндiк докторантураны игерген кезде - бейiнi бойынша доктор (медицина, музыка, білiм беру, құқық және т.б.) дәрежесi беріледi.
      PhD докторантурасына аспирантура, адъюнктура, iзденушiлiк, шығармашылық демалыс беру, дәстүрлi докторантура және барлық басқа да ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау нысандары түрленедi.
      Докторлық бағдарламалар оқу мен зерттеу қызметi арасындағы оңтайлы теңгерiмдi, кең ауқымды ғылыми, бiлiм беру және әдiснамалық даярлық алуды оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердiң академиялық ұтқырлығын қамтамасыз етедi.
      Бiлiм мен ғылымды ықпалдастыру мынадай бағыттарда жалғастырылады:
      ресурстарды басым ғылыми бағыттарға шоғырландыру;
      жоғары оқу орындарында оқу-ғылыми ұйымдар, ғылыми зертханалар және ғылыми ұйымдарда жоғары оқу орындары кафедраларының филиалдарын құру, технопарктер құру;
      ғылыми бағдарламалардың әкiмшілерi болып табылатын жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың ғылыми зерттеулердi бiрлесiп жүргiзуi.
       Педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілiгiн арттыру
      Педагогикалық кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау саласында:
      жетекші университеттер базасында жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесiн қалпына келтiру және одан әрi дамыту;
      педагогикалық мамандықтардың бiлiм беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, бiлiм берудiң вариативтік үлгiлерiн жасау;
      педагогикалық кадрларды даярлау бағдарламаларына оқытудың бүкiл жылдары бойы үздiксiз педагогикалық және психологиялық-педагогикалық практиканы енгiзу;
      екiнші мамандықтың қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша, оның ішінде мемлекеттік, шетел және ана тiлдерi, информатика, психология бойынша пән мұғалiмдерiн қайта даярлау;
      болашақ мұғалiмдер үшін олардың кәсiптiк даярлық деңгейiн тәуелсiз кәсiби бағалаумен қоса үш айдан бiр жылға дейiнгі педагогикалық тағылымдаманы енгiзу;
      12 жылдық мектепте және мектепке дейiнгi, арнайы, жалпы қосымша және кәсiптiк білім беру ұйымдарында жұмыс iстеу үшін педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға мемлекеттiк тапсырысты ұлғайту;
      педагогтарды және басшыларды аттестаттаудың және қайта аттестаттаудың, мұғалiмнiң педагогикалық қызметiн сертификаттаудың жаңа жүйесiн әзiрлеу;
      еңбектi көтермелеу және жергілiктi жерлерде педагогтарды тұрақтандыру тетіктерін жетілдіру;
      бiлiм берудiң жаңа мазмұнын, оқыту технологиялары мен оқыту әдiстемелерiнiң өзгергенiн ескере отырып, мұғалімдер мен бiлiм беру ұйымдарының басшыларын қайта даярлауды және олардың бiлiктілігiн арттыруды жүзеге асыру көзделедi.
      Мектепке дейінгі ұйымдар үшiн педагогикалық кадрларды даярлау кезiнде қосымша мамандандыру мүмкiндiгі көзделетін болады: мектепке дейiнгi жастағы балалармен жұмыс жөніндегі педагогика-психология, мектепке дейiнгі бiлiм беру менеджментi, мектепке дейінгі жастағы балалар үшін шетел тiлi, қосымша бiлiм беру педагогикасы.
      Бiлiм беру бағдарламалары инновациялық педагогикалық технологияларды, iздену, зерттеу және шығармашылық қызмет дағдыларын, оқытудың ақпараттық және қашықтықтан оқыту технологияларын меңгерген көп тiлдi мұғалiмдi даярлауға бағдарланатын болады.
       Бiлiм берудi ақпараттандыру
      Ақпараттандыру блогын iске асырудың негізгi бағыттары:
      АКТ-ны оқу процесiне енгiзу жөнiндегі нормативтік құқықтық базаны жетiлдiру;
      компьютерлiк техникамен қамтамасыз етiлудiң әлемдiк көрсеткiштерiне (1 компьютерге келетiн оқушылардың саны - 10-15) қол жеткiзу үшін орта бiлiм беру ұйымдарын одан әрi компьютерлендiру;
      орта бiлiм беру ұйымдарын Интернет желісiне қосу;
      бiлiм берудiң барлық деңгейiнде қашықтықтан оқыту технологияларын әзiрлеу және енгiзу;
      өңiрлерде бiлiм беру ақпараттық ресурстық орталықтарын және Министрлiктiң білім беру порталын құру;
      орта бiлiм беру ұйымдарын бiлiм беру бағдарламаларына сәйкес электрондық оқу басылымдарымен қамтамасыз ету;
      Мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көпшiлiк ортасы негізiнде өңiр порталын және ресурстық орталықтарын бiрiктiру;
      бiлiм беру ұйымдарының мониторингі, талдау және басқару ақпараттық жүйесiн енгiзу.
      Көрсетілген бағыттарды iске асыру оқу процесiне ақпараттық коммуникациялық технологияларды енгiзу және бiлiм беру жай-күйiнiң мониторингі мен оны талдаудың сенiмдi деректерi негізiнде басқарушылық шешiмдер қабылдау есебiнен бiлiм беру сапасының деңгейiн арттыруды қамтамасыз етедi.
       Бiлiм беру сапасы
      Бiлiм беру сапасын бағалау ұлттық жүйесiнiң мiндеттерiн (бұдан әрi - БСБҰЖ) iске асыру үшін:
      бiлiм беру сапасын iшкi және сыртқы бағалау рәсiмдерi енгiзіледi;
      бiлiм алушының оқудағы жетiстіктерiнiң деңгейiн анықтайтын стандартталған бағалау құралдары мен аспаптары жетiлдiрiледi;
      бiлiм беру сапасын бағалауды жүзеге асыратын ұйымдық құрылымдар құрылады.
      Бiлiм беру ұйымдарын сыртқы бағалау үшiн лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу, саралау, орталықтандырылған тестілеу және тiкелей мониторингтік зерттеулер рәсiмдерi көзделедi.
      Ішкі бағалау өзiн-өзi бағалау (өзiн-өзi аттестаттау), үлгерiмдi ағымдағы бақылау, білiм беру ұйымдарында жүзеге асырылатын бiлiм алушының оқудағы жетістіктерiн бағалау нысанында көзделедi.
      Бiлiм алушыларды орталықтандырылған тестілеу бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнiң мемлекеттік жалпыға мiндеттi стандарттарына сәйкес әзiрленетiн стандартталған тапсырмалардың базасында өткiзiлетін болады.
      Бiлiм алушылардың оқудағы жетiстіктерiн орталықтандырылған тестілеу нысанында мемлекеттік бақылау жалпы орта білiм берудiң әрбiр сатысын (4 сынып, 9 (10) сынып, 11 (12) сыныптар) бiтiргенде колледждер мен жоғары оқу орындарының бiтiрушi курстарында өткiзiлетiн болады.
      БСБҰЖ-ның жұмыс iстеуiне тиiсті инфрақұрылыммен қолдау көрсетілетін болады.
      Бiлiм беру мен тестілеудiң мемлекеттік стандарттары ұлттық орталығы (БТМСҰО) барлық бiлiм беру деңгейлерi мен сатыларында бiлiм алушылардың оқу жетiстіктерiн орталықтандырылған тестiлеу нысанында сыртқы бағалауды жүргiзедi; әдiснамалық, технологиялық, техникалық алып жүрудi қамтамасыз етедi; мемлекеттік жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарын және бағдарламаларды әзiрлеудi ұйымдастырады, білім беру стандарттарының мазмұнын әзірлеу үшін ғылыми, әдiснамалық және әдiстемелiк база құрады.
      Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық орталығы (БСБҰО) бiлiм беру жүйесi жай-күйінің мониторингін жүзеге асырады және Қазақстан Республикасында бiлiм беру саласының даму стратегиясын әзiрлейдi. Сапаны талдауды және бағалауды жүзеге асыру үшiн статистикалық дерекқор жасайды, ақпараттық ресурстарды білiм беру саласының бiрыңғай мониторингi жүйесiне бiрiктiредi және Қазақстан Республикасындағы бiлiм берудiң жай-күйi туралы ұлттық баяндаманы дайындайды.
      Ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰАО) жоғары оқу орындарын институционалдық аккредиттеудi және кәсіптік білiм беру бағдарламаларын аккредиттеудi жүргізедi, сапаны бағалауды Болон процесiнiң шарттарымен үйлестіру үшін аккредиттеудің келiсiлген өлшемдерi мен рәсiмдерiн әзiрлейдi, шетелдiк білiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттарды тану және нострификаттау рәсiмдерiн жүзеге асырады, сапаны қамтамасыз ету жөнiндегi халықаралық желiлерге қатысады.
      Сертификаттау, сапа менеджментi және консалтингi орталығы (CCMКO) 9000 және 14000 сериялы /ISO/ стандарттарының негізiнде сапа менеджментi жүйелерiн жоғары оқу орындарына енгізудi және сертификаттауды, сапа менеджментi саласында оқу-әдiстемелiк және нормативтiк құжаттаманы әзiрлеудi жүзеге асырады.
      Республикалық бiліктілiктi растау және беру орталығы (РБҰБО) жұмысшы кадрлар мен техникалық және қызметтер көрсету еңбегі мамандарының кәсiби даярлығын дербес бағалауды жүргiзудi, білiктiлiгін растауды және оны берудi ұйымдық-әдiстемелiк қамтамасыз ету жүктелген.

  6. Қажеттi ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi

      Қазақстандық бiлiм берудiң жаңа моделiне көшуге жағдай жасау үшiн экономикалық базисті нығайту қажет. Бағдарламаны iске асыруға қажеттi қосымша шығыстардың жалпы сомасы 2004 жылдың балалық бағасында 330 812,0 млн. теңгенi құрайды (8-кесте).

                                              8-кесте (млн.теңге)
____________________________________________________________________
          |  2005 |  2006 |  2007 |  2008 |  2009  | 2010 | Барлығы
__________|_______|_______|_______|_______|________|______|_________
Республи.
калық
бюджет    23379,8 34036,9 32150,8 26216,8  29484,4 30501,1  175769,8
Жергілік.
тi бюджет 18022,4 19477,3 21705,1 31552,5  32115,6 32169,3  155042,2
Мемлекет.
тік
бюджет    41402,2 53514,2 53855,9 57769,3  61600,0 62670,4  330812,0
____________________________________________________________________

      Бағдарламаны 2006-2010 жылдары қаржыландыру көлемi тиiсті қаржы жылына арналған республикалық және жергілiкті бюджеттердi жоспарлаған кезде нақтыланатын болады.

  7. Бағдарламаны iске асырудан күтілетін нәтижелер
және оның индикаторлары

      Бағдарлама кезең-кезеңiмен iске асырылатын болады:
       Бiрiншi кезең (2005-2007 жылдар)
      Өңiрлiк деңгейде бiлiм берудi басқарудың бiрiзділік жүйесi құрылатын болады.
      Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту жүйесiнде әйелдерге жұмыс iстеуге, әлеуметтік жағынан қорғалмаған және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсететiн әлеуметтiк институт ретінде мектепке дейінгі бiлiм беру ұйымдарын дамыту жөнiндегі нормативтiк құқықтық база және ғылыми-әдiстемелiк негiздер әзiрленетiн болады.
      Кәсiпорындарға жеңiлдiктi салық салу беретiн көп функционалды бiлім беру ұйымы ретінде оларда "мектеп - бала бақша" кешендерiн құру мақсатында ауылдық мектептердi қайта құрылымдау жөнiнде нормативтік құқықтық кесiмдер әзiрленетiн, сондай-ақ "Мектепке дейiнгi балалық шақ" республикалық ғылымы-практикалық орталығы құрылатын болады.
      Мектепке дейiнгi ұйымдар желісi балалар бақшаларын салу және бiлiм беру ұйымдарының базасында мектепке дейінгі шағын орталықтарды құру есебiнен кеңейедi.
      Арнайы бiлiм беру жүйесiнде:
      мүмкiндiктерi шектеулi балаларды қамту кеңейтіледі;
      білім бepу ұйымдарының арнайы түзеу желiсi сақталады және құрылады;
      мүмкіндіктері шектеулі балаларды есепке алудың бірыңғай нысаны жасалатын болады;
      мүмкiндiктері шектеулi балаларды кәсiптiк алдындағы және кәсiптiк даярлауға қол жеткiзiледi.
      Қосымша білім беру жүйесінде:
      жасөспірiм балалардың спорт мектептерi бiлiм беру жүйесiне қайтарылатын болады;
      кәмелеттік жасқа толмағандардың сабақтан бос уақытта iспен шұғылдануы артады;
      қызығушылықтарына қарай оқушылардың бiрлестіктерге қатысуы артады;
      әлеуметтен тыс мiнездi балалардың саны азаяды.
       Орта бiлiм беруде:
      12 жылдық оқытуға көшуге нормативтiк құқықтық және ұйымдастырушылық жағдай жасалады;
      "Оқулық" ғылымы-әдiстемелік орталығы құрылады;
      сыртқы ағымдағы және қорытынды бағалау жүйесi құрылады;
      оқытуды ұйымдастыру қағидаттарын және бiлiмдi, іскерлiкті және дағдыны "алушы" енжар оқушы рөлі танымдық процестiң субъектiсiн белсендi танушыға өзгередi;
      мектептегі оқытудың күтілетін нәтижелерiн және мониторинг деректерінің негізiнде оларға қол жеткiзу жолдарын талқылау процесіне бүкiл қоғамдастықты тарту жүйесі құрылады;
      аудандық бiлiм бөлiмдерi жанындағы әдiстемелiк кабинеттерді қалпына келтiру жолымен әдiстемелік қызмет жетілдiрiледi;
      оқытудың жаңа педагогикалық, ақпараттық және денсаулық сақтайтын технологиялары енгізiлетiн болады.
      Жыл сайын 31 мыңнан астам педагогикалық кадрлар бiлiктiлiгін арттырудан өтетiн болады.
      Ауылдық аумақтарды дамыту  мемлекеттік бағдарламасының шеңберiнде ауыл мектептерiн салу жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа республикалық бюджет қаражаты есебiнен қосымша қалалық жерлерде 2005 жылы 7 мектеп, 2006 жылы 8 мектеп және 2007 жылы 11 мектеп салу жүзеге асырылатын болады.
      2005-2007 жылдары көру қабiлеті бұзылған балаларға арналған екi мектеп-интернат салынады, бұл 500 мұқтаж баланы оқытумен қамтуға мүмкiндiк бередi.
      2005 жылы - 780, 2006 жылы - 880, 2007 жылы - 970 білiм беру объектiсiн жөндеу көзделедi.
      2005 жылы - 2746, 2006 жылы - 1628, 2007 жылы - 1864 білiм бepу ұйымдары лингафон және мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз етіледi, бұл оқушылардың тiлдiк дайындығын жақсартуға ықпал етедi.
      Арнайы түзеу бiлiм беру ұйымдары мүгедек балаларды оқыту үшін арнайы техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз етіледі.
      Мектептен тыс ұйымдардың желiсiн ұлғайту балаларды қосымша бағдарламалармен қамтуды 20-25 %-ғa дейiн жеткiзуге мүмкіндік бередi. Мұндай шара кәмелетке толмағандардың сабақтан тыс бос уақытында iспен шұғылдану проблемасын шешуге және қоғамға жат мiнез-құлықты балалар мен жасөспірiмдердiң санын азайтуға көмектеседi.
      Кәсiптiк бiлiм беруде:
      кәсіптік кадрларды даярлауды ұйымдастыруға экономиканың нақты секторын тартудың нормативтік құқықтық негізі құрылатын болады;
      еңбек рыногы мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кәсіптік білім берудiң қол жетiмдiлiгi мен беделi өседi (техникалық және кәсiптік білiм беру ұйымдарында оқуын жалғастыратын мектеп бітірушілердің үлесі кемiнде 30%-ды құрайды);
      техникалық және кәсiптік бiлiм беру жүйесiнiң жұмыс берушілермен әрi шағын және орта бизнес субъектілерiмен байланысы нығаяды, әлеуметтік әрiптестiк субъектілерінің тиiмдi ынтымақтастығы артады;
      жұмыс берушiлер мен МЖБС-ның қазiргі талаптарына сәйкес келетін жаңа оқу, оқу-әдістемелiк әдебиет, оқу құралдары жасалатын болады;
      кредиттік оқыту жүйесі енгізілетін, техникалық және орта білiмнен кейiнгі кәсіптік бiлiм беру бағдарламаларын жоғары білiм бағдарламаларымен үйлестіру қамтамасыз етілетін болады;
      бiлiм беру процесінде АКТ-іні қолдану кеңейедi;
      техникалық және кәсіптік бiлiм беретiн оқу орындарында компьютерлер саны 25 оқушыға 1 компьютерден келу ара қатынасына дейiн жеткiзiледi;
      жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, оларды қайта даярлау (мақсатты келісім-шарттық даярлауды дамытуды қоса алғанда), кәсiптiк өзiн-өзi қалыптастыру, оның iшiнде, жеке iстерiн ашу жүйесі жасалатын болады;
      техникалық және кәсіптік білiм беретiн оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылатын болады.
      Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгі бiлiм беру жүйесiнде Қазақстанның Болон процесіне қосылуына жағдай жасалатын болады.
      Жоғары оқу орындарының кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуiне қойылатын талаптарды қатайту нәтижесiнде азаматтық жоғары оқу орындарының және олардың филиалдарының желісі азайтылады.
      Жыл сайын жоғары оқу орындарына арналған 100-ге дейінгі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар және оқу-әдiстемелiк кешендер әзiрленетін болады (бұл ретте 30 %-ғa жуығы мемлекеттік тiлде), 300-ден астам атаулы, оның ішінде магистратураның жаңа бiлiм беру бағдарламалары және Ph.D докторлық бағдарламалары бойынша шетелдiк оқу әдебиеттерi сатып алынады. Оқу әдебиеті неғұрлым басым, ең алдымен техникалық, технологиялық, аграрлық, ветеринарлық және педагогикалық мамандықтарға бөлiнетiн болады.
      Аспирантураны, дәстүрлi докторантураны Ph.D докторантурасына кезең-кезеңiмен түрлендiру және кадрларды даярлаудың үш деңгейлi жүйесiне (бакалавриат-магистратура-докторантура) толық көшу жүзеге асырылады. Жаңа бағдарламалар бойынша магистратураға жыл сайынғы қабылдау 2500-ден астам адамды құрайтын болады, Ph.D докторантурасына - 100 адам. 5 жоғары оқу орындарының базасында аккредиттелген докторлық бағдарламалары бар жетекшi шетелдiк жоғары оқу орындарымен әрiптестік қарым-қатынастағы Рh.D докторларын даярлау жөнiндегi орталықтар құрылатын болады. Сондай-ақ жыл сайын Шығыс Еуропаның, Ресейдiң ең үздiк жоғары оқу орындарында кәсiптiк жоғары бiлiм беру бағдарламасы бойынша Қазақстанның 3 мың азаматын даярлау жүзеге асырылатын болады.
      Онда:
      жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгі бiлiм беру бағдарламалары жаңартылады, пәндiк білімнiң iргелiлігі, кең бейінділігі, меңгерудiң және қолданудың шығармашылық деңгейi қамтамасыз етiлетiн болады;
      студенттердiң белсендi өз бетiмен жұмыс жасауы, оқыту траекториясын жеке таңдау, бiлiм алушылардың, оқытушылардың академиялық ұтқырлығы үшiн жағдай қамтамасыз етілетiн болады;
      сапа менеджментi жүйесi енгізiледi, жоғары оқу орындарының кәсiптік бiлiм беру бағдарламаларын аккредиттеу үшiн жағдай жасалатын болады;
      жұмыс берушiлердiң және басқа да әлеуметтік әрiптестердiң жоғары бiлiм беру проблемаларын, оның iшiнде қазiргі заманғы бiлiктiлiк талаптарымен келiсiлетiн бiлiм стандарттарын әзiрлеуге, мамандар даярлауға тапсырысты қалыптастыруға, студенттердiң өндірiстік практикасы мен тағылымдамадан өтуiн ұйымдастыруға қатысуы қамтамасыз етiледi;
      неғұрлым дайындалған жастарды iрiктеу мақсатында студенттер контингентiн қалыптастыру тетiгі жетiлдiрiледi;
      бiлiм беру гранттарының санын арттыру және студенттердi оқытуды кредиттеудiң жаңа моделiн жасау жолымен жоғары бiлiмге қол жеткiзу деңгейi арттырылады;
      сабақтастықты, үздiксiздiкті күшейту арқылы жоғары бiлiктi ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың тиiмдiлігі артады, сапасы жақсарады, мерзiмi азайтылатын болады, сондай-ақ жастардың ғылымға келуiне жағдай жасайтын бiлiм беру және ғылыми компоненттер, магистратураның және Ph.D докторантураның бiлiм беру бағдарламалары оңтайлы ұштастырылатын болады;
      жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға қойылатын лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу талаптарына, оның iшiнде Ph.D дәрежесiне ие кадрлардың болуы мiндеттi болатын бөлiгіне өзгерiстер мен толықтырулар енгізiледi;
      басшылар, мамандар және басқа қызметшiлер лауазымдарының бiлiктілiк анықтамалығына, ғылыми ұйымдар қызметкерлерiнiң лауазымдық бiліктілiк сипаттамасына өзгерiстер мен толықтырулар енгізіледi;
      ғылым кандидаттары мен докторларының дәстүрлi дипломдарын және PhD дипломдарын қатар тануды қамтамасыз ететін тетік жасалады.
      Жетекшi жоғары оқу орындары базасында жоғары оқу орнының оқытушыларын қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталықтары жұмыс жасайтын болады. Осы орталықтарда бiліктіліктi арттыру бағдарламаларымен 10,3 мыңнан астам педагог қамтылады.
      Бағдарламаны орындау нәтижесiнде бiлiм берудiң бiрыңғай ақпараттық ортасының негiздерi қаланатын болады, ол:
      бiлiм берудi дамытуды ақпараттық және ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесi негіздерiн қалыптастыруға;
      бiрыңғай көліктiк орта негізiнде объектiлер мен бiлiм беру процестерiн тиiмдi басқару үшiн салалық ақпараттық жүйе құруға;
      ауыл мектептерiн қоса алғанда, бiлiм беру ұйымдарында аталған мекемелердiң жалпы бiлiм беру ресурстарына қол жеткiзуiн ұйымдастыру, жоғары білікті педагогикалық кадрларды ұтымды пайдалану, әрбiр білім беру ұйымы үшін жаңа АКТ саласында мамандар даярлау жолымен бiлiм беру ұйымдарында оқу сапасын арттыруға;
      2005 жылдың аяғына дейiн республика мектептерiнiң 75 %-ын Интернетке қocуға;
      2007 жылы мектептердегi компьютерлердiң санын 35 оқушыға 1 компьютер ара қатынасына дейiн жеткiзуге;
      оқу процесiне қазiргi заманғы электрондық оқулық басылымдарын әзiрлеуге және енгiзуге, жалпы білім беретін мектептің негізгi пәндерi бойынша электрондық оқулық басылымдарының таралымын ұйымдастыруға және оларды дәстүрлi оқыту құралдарымен бiрiктiрудi жүзеге асыруға;
      республиканың жоғары оқу орындары мен өңiрлерінде бiлiм берудiң ақпараттық ресурстық орталықтарын құруға;
      барлық деңгейдегi бiлiм беру мекемелерiнің оқытушыларын әдiстемелiк қолдау жүйесiн құруға, жаңа АКТ саласында педагогикалық, әкiмшiлiк және инженерлiк-техникалық кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүргiзуге;
      қашықтықтан оқыту технологиясы мен АКТ-ны қоса алғанда, ашық бiлiм беру саласында стандарттау бойынша нормативтiк құжаттар базасын құруға мүмкiндiк бередi.
      Бiлiм беру статистикасын жетілдiру статистикалық деректерге, бiлiм беру сапасы туралы ақпаратқа негізделген Қазақстан Республикасында бiлiм беру мониторингінің жаңа жүйесiн құруға ықпал етеді.
      Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесi білім сапасын кешендi емтихандар арқылы бағалауға, білім беру сапасы мониторингiнiң ұлттық жүйесiн әзiрлеуге мүмкiндiк бередi. Бiлiм беру сапасын сырттай және іштей бағалаудың объективті құралдары жасалатын, бiлiм беру ұйымдарын кезең-кезеңiмен саралау енгізiлетiн болады. Әрбiр оқу жылының қорытындылары бойынша білім берудiң жай-күйі туралы ұлттық баяндама дайындалатын болады.
      Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық орталығы, Ұлттық аккредиттеу орталығы, Сертификаттау, сапа менеджменті және консалтинг орталығы, Бiлiктiлiктi растау және беру республикалық орталығы өз қызметтерін бастайды.
      2005-2006 жылдары Қазақстан PISA халықаралық зерттеулер бағдарламалары шеңберiнде бiлiм алушылардың нақты жетістіктерiн салыстырмалы талдауға қатысатын болады.
       Екiншi кезең (2008-2010 жылдар)
      Бағдарламаны толық ауқымды іске асыру, жинақталған тәжірибені, елдегі еңбек рыногы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың дамуын ескере отырып, оны түзету басталады.
      Балаларға үш жастан бастап мiндеттi бiлiм беруге біртіндеп көшу есебiнен мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың барлық нысандарына жалпы қол жеткізу үшін жағдайлар жасалатын болады. Мектепке дейiнгі тәрбие жүйесiнiң ресурстары мен әлеуетi мыналардың есебiнен артады:
      1) 23 мың орындық 164 мектепке дейiнгі ұйымдардың құрылысын салу;
      2) бiлiм беру ұйымдарының базасында 20 мың орындық 800 мектепке дейінгі шағын орталықтар құру;
      3) мүмкiндiктерi шектеулі балаларды мектепке дейiнгi бiлiм беру жүйесіне бiрiктiру үшiн 380 түзеу және инклюзивті бiлiм беру кабинеттерiн ашу.
      Бес жастағы балалардың 75 %-ы жақсартылған оқу-әдiстемелік, кадрлық және материалдық-техникалық базасы бар "мектепалды" институтымен қамтылатын болады.
      Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 30 %-ы мектепке дейiнгі бағдарламалармен қамту есебiнен аз қамтылған отбасыларды бiлім беруде қолдау жүйесi жұмыс iстейтiн болады.
      Орта бiлiм беру жүйесiнде:
      12 жылдық орта білiм беруге көшу жүзеге асырылады;
      нәтижеге бағдарланған мемлекеттік жалпыға міндетті бiлiм беру стандарттары әзiрленедi;
      кәсiптiк кадрларды даярлауды ұйымдастыруға экономиканың нақты секторын тартудың заңнамалық базасы құрылады;
      кәсіптік білiм беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны өзгередi;
      техникалық әрi кәсiптiк білім беру ұйымдарының жеткілiктi желiсi құрылады және үлгілерi жетілдiрiлетін болады.
      Дамуында проблемалары бар балалардың бiлiм алуына, оларды әлеуметтік, медициналық-педагогикалық түзеуге қолдау көрсетуге және қоғамға бiрiктiруге басқалармен бiрдей жағдайлар жасалады; кәмелетке толмағандардың оқудан бос уақытта еңбекпен айналысу проблемалары шешiледi, балалардың шығармашылық мүмкiндiктерiн iске асыруға жағдайлар жасалады.
      Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру жүйесiнде бакалаврлық, магистрлiк, докторлық бағдарламалар және оқытудың кредиттiк жүйесi бойынша жоғары бiлiктi кадрларды даярлауға толық көшу жүзеге асырылатын болады. Басым мамандықтар бойынша кадрларды даярлауға арналған бiлiм беру гранттарының саны арттырылатын болады. Профессорлық-оқытушылық құрамның дәреже иеленуiнiң орташа көрсеткiшi 40 %-ға жетедi. Тұтастай алғанда, бұл кезеңде жоғары бiлiм берудiң желiсi мен көрсеткiштерi тұрақталады.
      Жоғары оқу орындарында сапа менеджментi жүйесiн, институционалдық бағаны және жетекшi шетелдiк аккредиттеу агенттіктерiнiң талаптары деңгейiнде кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын аккредиттеудi енгізуiмен Болон декларациясының негізгi қағидаттарын iске асыруға және Дүниежүзiлiк сауда ұйымының шарттарына сәйкестікке қол жеткiзiледi.
      Қазақстан бiлiм алушылардың нақты жетiстiктерiн TIMSS, CIVIC, SІTES, LES халықаралық зерттеулерi шеңберiнде жоғары бiлiм беруде сапаны қамтамасыз ету жөнiндегi ENQA, INQAAHE және басқа да агенттіктердiң халықаралық желiлерiнде салыстырмалы талдауға қатысады.
      Мониторингтің, Бiлiм берудiң жай-күйі туралы ұлттық баяндаманың, бiлiм беру ұйымдарын жіктеу нәтижелерiнiң деректерi негiзiнде әртүрлі кәсiпке сұраныс, әртүрлі бiлiм беру ұйымдарында, өңiрлерде бiлiм беру қызметтерiнiң болуы және оның сапасы туралы қоғамды ақпараттандыру жүйесі құрылатын болады, бiлiм берудi дамыту стратегиясы анықталады.
      Бiлiктiлігін арттыру институттары бiлiм берудi дамыту орталықтарының мәртебесiне өтедi.
      2010 жылдың аяғына қарай мектептердегі компьютерлердiң саны 20 оқушыға 1 компьютерден жеткiзiлетiн болады.
      Қазақстан Республикасында 2010 жылға дейiн бiлiм берудi дамытудың мемлекеттік бағдарламасын iске асыру нәтижесiнде бiлiм берудiң тиiмдi жұмыс iстейтiн қазақстандық үлгісi қалыптасатын болады, қазiргі заманда Қазақстанның лайықты орын алуына мүмкiндiк беретiн бiлiм беру мен кадрларды даярлаудың сапалық биiк деңгейiне қол жеткiзетiн боламыз.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады