Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 қыркүйектегі N 825 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 қыркүйектегі № 774 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 11.09.2015 № 774 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2007 жылғы» 21 қыркүйектегі
N 825 қаулысымен   
бекітілген   

Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленді. 

      2. Ереже меншік нысанына қарамастан, темір жол көлігі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес темір жол көлігіндегі қауіпсіздікті мемлекеттік бақылауды мемлекеттік көліктік бақылау органдары жүзеге асырады.

2. Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік тәртібі

      4. Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, қоршаған ортаны қорғауға, темір жол көлігі ұйымдарының авариясыз жұмыс істеуіне жағдай жасауға, темір жолдардың, жылжымалы құрамның, құрылыстардың, жабдықтардың, тетіктердің және құрылғылардың жарамды жағдайда ұсталуына бағытталған, мыналарды:
      1) кадрларды сан нормативтері мен кәсіби талаптарға сай жасақтау мен орналастыруды;
      2) поезд қозғалысымен байланысты қызметке үміткерлерді кәсіби іріктеуді;
      3) еңбек тәртібін және технологиялық тәртіпті нығайтуды, әлеуметтік мәселелерді шешуді;
      4) поездар қозғалысына байланысты қызметкерлерді мерзімді медициналық тексеруден өткізуді, сондай-ақ поездар қозғалысына тікелей байланысты локомотив бригадалары мен қызметкерлерінің денсаулығын рейс алдында бақылауды;
      5) кадрларды техникалық оқыту мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды, стандартты емес жағдайлардағы іс-әрекеттердің іс жүзіндегі дағдыларын жетілдіруді;
      6) поездар қозғалысына байланысты қызметкерлердің қозғалыс қауіпсіздігі мәселелерін регламенттейтін қолданыстағы нұсқаулықтар мен ережелерді және лауазымдық нұсқаулықтарды білу мәніне мерзімді тексеру жүргізуді;
      7) "Қозғалыс қауіпсіздігі күні" тақырыбы бойынша апта сайынғы тексерулер өткізуді;
      8) темір жол вокзалдарында перронға шығу үшін өткізу режимін енгізуді;
      9) жолдарды, жасанды құрылыстарды, локомотивтерді, вагондарды, сигнал беру және байланыс, электрмен жабдықтау құрылғыларын, темір жол өткелдері мен басқа да техникалық көлік құралдарын жөндеу мен күтіп ұстаудың сапасын арттыру жөніндегі ұдайы жұмысты жүзеге асыруды;
      10) дефектоскопия мен диагностика жүйелері құралдарын жарамды жағдайда ұстауды және тиімді пайдалануды;
      11) анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдаумен, қауіпсіздікті бақылау құрылғылары мен аспаптарының жай-күйін тексеру мен пайдалануды бекітілген кесте бойынша жүзеге асыруды;
      12) қауіпсіздіктің жаңа құрылғыларын, аспаптарын және жүйелерді жасау мен енгізу жөнінде ұдайы жұмыс жүргізуді;
      13) қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жаңа нысандарын іздестіруді және енгізуді;
      14) авариясыз жұмыс тәжірибесін жинақтауды және таратуды;
      15) жүргізілетін жұмыс ерекшелігіне сәйкес техникалық жарамды аспаптармен және техникалық құралдармен қамтамасыз етуді қамтитын ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етіледі.

      5. Тасымалдау процесіне қатысушылар Қазақстан Республикасының темір жол көлігі туралы заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде:
      адамның өмірі мен денсаулығы, жолаушылардың жүруі үшін қауіпсіз жағдайларды;
      жүктер, багаж және жүк-багаж тасымалының қауіпсіздігін;
      темір жол көлігінің техникалық құралдарын пайдалану кезінде қозғалыс қауіпсіздігін;
      уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес олардың қарауындағы темір жол көлігі объектілерін күзетуді;
      экологиялық қауіпсіздікті;
      өртке қарсы қауіпсіздікті;
      санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

      6. Темір жолдар, темір жол станциялары, жолаушы платформалары, сондай-ақ поездар қозғалысына және маневр жұмыстарына байланысты темір жол көлігінің басқа да объектілері қауіптілігі жоғары аймақтар болып табылады және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілеген талаптарға сәйкес сигналдық қоршаулары болуы тиіс.

      7. Аумақтарында қауіпті жүктерді өндіру, сақтау, тиеу, түсіру, тасымалдау жүзеге асырылатын объектілер Қазақстан Республикасының темір жол көлігі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес темір жолдардан, елді мекендерден, кәсіпорындардан, ғимараттар мен құрылыстардан қажетті қашықтыққа алыстатылған болуы тиіс.
      Байланыс, электр тарату желілерінің, мұнай құбырларының, газ құбырларының және темір жолдарды қиып өтетін немесе оларға тікелей жақын орналасқан басқа да құрылыстардың иелері олардың жұмыс істеу қауіпсіздігін және Қазақстан Республикасының темір жол көлігі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес көрсетілген құрылыстарды салу мен пайдаланудың белгіленген нормаларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін авариялардың немесе авариялық жағдайлардың туындауы туралы мемлекеттік көліктік бақылау органдарын және темір жол көлігі ұйымдарын уақтылы хабардар етуі тиіс.

      8. Қауіпті жүктер өндіруді, тиеуді, түсіруді, сақтау мен тасымалдауды жүзеге асыратын, тасымалдау процесіне қатысушылар олардың тасымалдану қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, авариялық жағдайлар мен олардың салдарын жою үшін қажетті құралдары және ұтқыр бөлімшелері болады.
      Қауіпті жүктерді тасымалдау процесінде авариялық жағдай туындаған кезде тасымалдау процесіне қатысушылар оқиға болған жерге көрсетілген бөлімшелердің дереу жіберілуін қамтамасыз етуі тиіс.

      9. Тасымалдау процесіне қатысушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өздерінің ерекше қасиеттеріне қарай жүктердің жекелеген түрлерін күзетуді және оларды алып жүруді қамтамасыз етуі тиіс.

      10. Тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі:
      жұмыстарды жүргізу тәсілдерін, көтергіш-көлік жабдығын және технологиялық жабдықтауды таңдаумен;
      жұмыстарды жүргізу орнын дайындаумен және ұйымдастырумен;
      жұмыс істейтіндерді қорғау құралдарын қолданумен;
      жұмысқа жіберілген тұлғаларды медициналық қараудан өткізумен және оларды оқытумен қамтамасыз етілуі тиіс.

      11. Өндірістік және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықты, көлік құралдарын ұстау мен пайдалану, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажет.

      12. Өрт қауіпсіздігі:
      өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бөлігінде қауіпті жүктерді тиеуге, сұрыптауға және түсіруге, сондай-ақ жылжымалы құрамның көрсетілген жүктерді тиеуге дайындығын бақылауды ұйымдастырумен;
      белгіленген өртке қарсы режимді сақтаумен, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау жөнінде нұсқаулықтан өтпеген тұлғаларды жұмысқа жібермеумен;
      эвакуациялау жолдарын, өртке қарсы бөгеттерді, үзбелерді, кірме жолдарды және жолдарды, өрт сөндіру құралдарын (гидранттар, ішкі өрт крандары, өртсөндіргіштер) ұстауға бақылау жасау мақсатында аумақтарға, ғимараттарға, өндірістік және қызметтік үй-жайларға мерзімді тексеру жүргізумен және анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде жедел шаралар қабылдаумен;
      өрт сөндіру, өрт сигналын беру, хабарлау және байланыс қондырғыларын жарамды ұстаумен, олардың іс-әрекетке ұдайы дайындығымен қамтамасыз етілуі тиіс.

      13. Темір жол көлігінде қауіпсіздік шараларын сақтамау мынадай салдарға әкеледі:
      қирауға;
      аварияға;
      жұмыстағы ақаудың ерекше жағдайына;
      жұмыстағы ақаулы жағдайға;
      жұмыстағы қиындыққа;
      қозғалыс қауіпсіздігін басқа да бұзушылықтарға.

      14. Нәтижесінде адамдар қаза болған немесе ауыр дене жарақаттарын алған немесе темір жол жылжымалы құрамы мүкәммалдан шығарылу дәрежесіне дейін зақымдалған, магистральдық станциялық немесе кірме жолдарда жүк немесе жолаушылар поездарындағы жылжымалы құрамның соқтығысу, рельстен шығу жағдайлары поездардың қирауына жатады.

      15. Нәтижесінде темір жол жылжымалы құрамының күрделі жөндеу көлемінде бүлінген, магистральдық, станциялық немесе кірме жолдарда жүк немесе жолаушылар поездарында жылжымалы құрамның соқтығысу, рельстен шығу, сондай-ақ нәтижесінде адамдар қаза болған немесе ауыр дене жарақаттарын алған немесе темір жол жылжымалы құрамы мүкәммалдан шығарылу дәрежесіне дейін зақымдалған, станцияларда немесе кірме жолдарда маневрлік жұмыстар кезінде жылжымалы құрамның соқтығысу, рельстен шығу жағдайлары аварияларға жатады.

      16. Ақаудың ерекше жағдайларына мыналар жатады:
      1) нәтижесінде жылжымалы құрамның ағытылуын және жөндеуге қойылуын талап ететін көлемде бүлінуге жол берілген, бірақ осы Ереженің 14 және 15-тармақтарында көрсетілген салдар болмаған, жүк және/немесе жолаушы поездарындағы жылжымалы құрамның магистральдық, станциялық және кірме жолдарда соқтығысуы;
      2) нәтижесінде жылжымалы құрамның ағытылуын және жөндеуге қойылуын талап ететін көлемде бүлінуге жол берілген, бірақ осы Ереженің 14 және 15-тармақтарында көрсетілген салдар болмаған, жүк және/немесе жолаушылар поездарындағы жылжымалы құрамның магистральдық, станциялық және кірме жолдарда рельстен шығуы;
      3) поезды бос емес жолға қабылдау - келе жатқан поезд бағдаршамның рұқсат беру кірме (бағыттық) сигналында немесе шақыру белгісінде өтіп кеткен (локомотивтің бір бөлігімен болса да) немесе поезд машинисі басқа поезд немесе жылжымалы құрам тұрған жолға дайындалған бағыт кезінде станцияға жүріп өтуге рұқсат алған жағдай;
      4) поезды бос емес аралыққа (блок-учаскеге) жөнелту - бағдаршамның ашық шығу сигналы немесе шақыру сигналы кезінде немесе машинистке аралыққа орналасуға берілген рұқсат бойынша және ол қажетті жағдайларда поездың жүруі туралы қосымша нұсқау немесе сигнал алғаннан кейін алда тұрған аралыққа (блок-учаске), онда басқа поездың (кез келген бағыттағы) немесе жылжымалы құрамның тұрғанына қарамастан, поездың жөнелтілуі (немесе тоқтамай өтуі) және осы жолдың шығу сигналынан (сигнал болмағанда - шектік бағанадан) локомотивтің бір бөлігімен болса да өтіп кету жағдайы;
      5) поезды дайындалмаған бағыт бойынша қабылдау (жөнелту) - дұрыс дайындалмаған немесе дайын емес, соның ішінде жылжымалы құрам тұрмаған жолға әкелетін бағытқа бағдаршамның тыйым салатын кірме (шығу) сигналы кезінде келе жатқан (жөнелтілетін) поезд бағдаршамның ашық кірме (шығу) сигналынан өтіп кеткен (локомотивтің бір бөлігімен болса да) немесе станцияға (станциядан) жүруге машинист рұқсат алған, сондай-ақ электр тартымы бар поезға электрлендірілмеген жолға немесе токтың басқа түрімен электрлендірілген жолға немесе түйіспе сымында кернеуі алынған жолға қабылдау бағыты әзірленген жағдай;
      6) бағдаршамның тыйым салу сигналынан немесе шектік бағанадан рұқсатсыз өту;
      7) поезд астынан бағыттаманы ауыстыру;
      8) жылжымалы құрамның станциялардағы, кірме жолдардағы шектік бағанадан асып іргелес аралыққа поезды қабылдау-жөнелту бағытына, станциядан аралыққа немесе аралықтан станцияға кетуі, бірақ осы Ереженің 14 және 15-тармақтарында көрсетілген салдардың болмауы;
      9) жылжымалы құрам осінің, доңғалақ осі мойнағының, доңғалақ жұбының сынуы;
      10) жылжымалы құрам арбашасының бүйір жағының немесе рессоры үстіндегі арқалығының сынуы;
      11) жылжымалы құрам арқалығының үзілуі;
      12) техникалық ақауларға байланысты, буксаның қызып кетуін қоса алғанда, жолда жолаушылар поездарынан вагонның ағытылуы (жолаушылар поездарын құрастыру және тағайындау станцияларынан басқа, барлық станцияларда есепке алынады);
      13) поезды жабылған шеткі крандармен жөнелту;
      14) станцияларда бағдаршам белгісінің тыйым салу көрсеткішінде жылжымалы құрамның жүріп өтуіне әкеп соқтырған бағдаршамның рұқсат сигналының тыйым салу сигналына ауысуы - станцияда белгі беру құрылғыларының, рельстік тізбегінің ақаулығынан, электр энергиясының ажыратылуынан немесе станция кезекшісінің (сигнал берушінің) қатесінен бағдаршамның рұқсат беру көрсеткішінің тыйым салу көрсеткішіне ауысып, жылжымалы құрамның тыйым салу сигналынан өтіп кетуіне әкеп соқтырған жағдай;
      15) локомотивтің жарамсыздығы оны ауыстыруды талап еткен, жолаушылар поезындағы локомотивтің бұзылу жағдайы (локомотив бригадаларын ауыстыру пункттерінен, сондай-ақ негізгі немесе айналымды локомотивтік депосы бар пункттерден басқа, барлық станцияларда есепке алынады);
      16) жолда келе жатқанда жүктің құлауы - жүктің немесе оның бөлігінің темір жолға түсу жағдайы, сондай-ақ жүктің жылжымалы құрамға жүкті тиеудің белгіленген өлшемдерінен шығуын туғызған жүк бекітпесінің ығысуы, бұрылуы, бұзылуы және басқа да ақаулар;
      17) аралықтар мен станцияларда жол жұмыстарын жүргізу орындарының сигналдық белгілермен қоршалмауы;
      18) едендегі бағдаршамда тыйым салу орнына жалған рұқсат беруді көрсетудің немесе одан әрі рұқсат ету сигналын көрсетудің пайда болуы жатады.

      17. Жұмыстағы ақаулы жағдайларға мыналар жатады:
      1) осы Ереженің 14 және 15-тармақтарында көрсетілген салдарлар болмайтын, жылжымалы құрамның маневрлер, жабдықталу және басқа да қозғалыстар кезінде рельстен шығуы;
      2) осы Ереженің 14 және 15-тармақтарында көрсетілген салдарлар болмайтын, бірақ жылжымалы құрамның ағытылуы немесе жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру үшін жөндеуге қойылуы талап етілетін дәрежеде бүлінуі орын алатын жылжымалы құрамның маневрлік жұмыстар мен басқа да қозғалыстар кезінде соқтығысуы;
      3) темір жол көлігінің ұйымдары қызметкерлерінің кінәсінен жол берілген темір жол өтпесінде жылжымалы құрамның өздігінен жүретін немесе автокөлік құралдарымен соқтығысуы;
      4) поездағы жылжымалы құрамның автотіркегіштерінің өздігінен ағытылуы;
      5) поездағы жылжымалы құрам автотіркегішінің үзілуі;
      6) жылжымалы құрам бөліктерінің темір жолға құлауы;
      7) жылжымалы құрамның бағыттамалы бұрманы кесіп өтуі;
      8) аралық станцияларда жүк поезынан вагондардың мыналардың салдарынан ағытылуы:
      техникалық ақаулылық (егер вагонды ағыту техникалық қызмет көрсетудің негізгі пункттерінен басқа, қызмет көрсетудің кепілдік иінінің жылжымалы құрамы үшін белгіленген кез келген аралық станцияда жүргізілген болса, онда ол жұмыстағы ақаулық деп есепке алынады);
      буксаның қызуы (техникалық қызмет көрсетудің негізгі пункттерінен басқа, барлық жағдайларда есепке алынады);
      9) нәтижесінде поездардың аралықта поезд қозғалысы кестесінде белгіленген уақыт нормаларынан артық немесе станцияда бағдаршамның рұқсат белгісі ашылған сәттен бастап бір сағат және одан да көп уақыт кідіруіне жол берілген, жолдың, жылжымалы құрамның, сигнал беру, орталықтандыру, бұғаттау және байланыс, түйіспелі желі, электрмен жабдықтау құрылғыларының және басқа да техникалық құралдардың ақаулығы;
      10) аралықта немесе станцияларда жүк тиеудің техникалық шарттарының бұзылуынан вагонның поездан ағытылуы;
      11) локомотивті ауыстыруды талап ететін, автоматты локомотивтік сигнал берудің немесе локомотив қауіпсіздігінің басқа да аспаптарының ақаулығы (локомотивтерді немесе локомотив бригадаларын ауыстырудың белгіленген пункттерінен басқа, барлық станцияларда есепке алынады);
      12) аралықтарда малды басып кету салдарынан поездан ағытылуы талап етілетін жылжымалы құрамның бүлінуі;
      13) жолөлшеуіш вагонның бастығы немесе қозғалыс қауіпсіздігі тексерушісінің өтінімі бойынша поезд диспетчерінен учаскедегі қозғалысты жабу туралы бұйрық беруін талап ететін жолдың ақаулығы.

      18. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзу осы Ереженің 14, 15, 16, 17-тармақтарына жатпайтын, бірақ мыналарды туындатқан жағдайлар:
      1) жолдың, жылжымалы құрамның және техникалық құралдардың техникалық ақаулығынан аралықта немесе станцияда поездың отыз минуттан астам және одан да ұзақ уақытқа кешігуі;
      2) жолдың жоғарғы құрылысын күтіп ұстаудың бұзылуынан локомотив машинисінің жолдағы "соққыны" мәлімдеуі;
      3) доңғалақ жұбының қай жерде ауыстырылғанына қарамастан, жүріп өту жолында доңғалақ жұбының ақауы бойынша жолаушы поезының доңғалақ жұбын ауыстыру;
      4) поездан жылжымалы құрамды жөндеу үшін ағытпай-ақ, жолда малды басып кетуді туындатқан жағдайлар жұмыстағы қиындықтар болып саналады.

      19. Қозғалыс қауіпсіздігінің өзге бұзушылықтарына сыртқы себептердің салдары болып табылған қозғалыс қауіпсіздігін бұзушылықтар жатады:
      1) сыртқы ауа температурасы минус 35 о С-тан төмен, 20 м/сек-тан артық жел кезіндегі ауа-райы жағдайы;
      2) сигнал беру құрылғыларының техникалық жарамды кезінде автокөлік құралдарымен темір жол өтпелерінде соқтығысулар;
      3) қауіпті жүктің төгілуі себебінен поездың жүру жолында жүк вагонын ағыту;
      4) техникалық күтіп ұстауды бұзу салдары болып табылмаған және/немесе поездарды өткізудің кешігуіне әкелген жағдайлар жылжымалы құрамның, жолдың жоғарғы құрылысының, өртену ретінде есепке алынады;
      5) табиғи факторлардың (жолды су шайып кету және қар басып қалу) немесе бөгде тұлғалардың іс-әрекетінің салдарынан болған осы учаске бойынша поезды өткізудің кідіруін туғызған жолдың жоғарғы құрылысының бұзылуы;
      6) поезды шұғыл тежеуді қолдану қажеттілігін және оның тоқтауын туындатқан бөгде адамдардың темір жолға заттар қоюы;
      7) қозғалыс қауіпсіздігін өзге де бұзушылықтар, жоғарыда көрсетілген тізбеге енбейтін бөгде себептердің салдары болып табылатын жағдайлар, сондай-ақ жолда адамдарды басып кету жағдайлары.

3. Қорытынды ережелер

      20. Темір жол көлігіндегі қауіпсіздікті бұзушылық жағдайлары есепке алуға жатады.

      21. Қазақстан Республикасының темір жол желісінде жіберілген қауіпсіздік бұзушылықтарын есепке алуды мемлекеттік көліктік бақылау органдары жүргізеді.

      22. Локомотив шаруашылығында қауіпсіздікті бұзушылық жағдайлары локомотив бригадалары тіркелген депода есепке алынады.

      23. Жөндеу технологиясының бұзылуынан жіберілген қауіпсіздікті бұзушылық жағдайлары жөндеуді жүргізген ұйым басшылығының жазбаша келісімі болған кезде жөндеу ұйымының өкілімен бірлесіп не өкілінсіз қаралады және жөндеу ұйымына есептеледі.

      24. Осы Ереженің 23-тармағында белгіленген ұқсас тәртіппен жолдың, энергиямен жабдықтаудың, сигнал беру мен байланыстың техникалық ақаулығы бойынша жіберілген қауіпсіздік бұзушылықтары есепке алынады.

      25. Жүк вагондарының техникалық ақаулығынан жол берілген қауіпсіздікті бұзушылық жағдайлары поезға соңғы рет техникалық қызмет көрсетуді жүргізген заңды тұлғаның есебіне, ал жолаушылар тасымалында - осы жолаушы вагонын пайдаланатын тасымалдаушының есебіне алынады.

      26. Егер қауіпсіздікті бұзушылықтарға кінәлі екі және одан артық тасымалдау процесіне қатысушылардың қызметкерлері болып табылатын жағдайда қауіпсіздікті бұзу жағдайы жүргізілетін қызметтік тексеру материалдарының негізінде қозғалыс қауіпсіздігін бұзу жағдайына негізгі кінәлі адам жұмыс істейтін ұйымға есептеледі.

      27. Тасымалдау процесіне қатысушылардың қызметкерінің кәсіптерді қоса атқару тәртібімен оған жүктелген міндеттерді орындамауына байланысты жол берілген магистралдық, станциялық және кірме жолдарда болған қауіпсіздікті бұзушылық жағдайлары кінәлі қызметкер жұмысын атқарған ұйымда (құрылымдық бөлімшеде) есепке алынады.

      28. Поездардың автокөлік құралдарымен және/немесе басқа да өздігінен жүретін құралдармен соқтығысу жағдайларын және малды басып кетуін, егер тексеру кезінде тасымалдау процесіне басқа қатысушылардың қызметкерлерінің кінәсі анықталмаса, осы бұзушылыққа жол берген тасымалдау процесіне қатысушылар немесе темір жолдың осы учаскесіндегі жолдың жоғарғы құрылысын күтіп ұстауға жауапты ұйым есепке алады.

      29. Жеке және/немесе заңды тұлғаларға тиесілі темір жолдарда, олардың қызметкерлерінің кінәсінен жол берілген қауіпсіздікті бұзушылық жағдайлары осы тұлғаларға есептеледі.

      30. Қауіпсіздікті бұзушылық жағдайларын алғашқы есепке алудың дұрыстығы мен толықтығын тасымалдау процесіне қатысушы ұйымдардың бірінші басшылары қамтамасыз етеді.

      31. Қазақстан Республикасының темір жол желісінде жіберілген қауіпсіздікті бұзушылықтар туралы ақпарат жедел тәртіппен бір тәулік ішінде, ал жолаушы поездарымен болған жағдайда - дереу көліктегі уәкілетті органның мемлекеттік көліктік бақылау орталық аппаратына және/немесе аумақтық органдарына беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады