"Қарашығанақ-Орал" газ құбырын салу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қарашадағы N 1151 Қаулысы

     "Қарашығанақ-Орал" газ құбырын салуды ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің:
      1) "Қарашығанақ-Орал" газ құбырына меншік құқығын кейіннен Қазақстан Республикасына бере отырып, бастапқы көлемі жылына 120 миллион текше метр және түпкілікті көлемі жылына 500 миллион текше метрге дейін Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінен аудандардың елді мекендеріне газ жеткізуге мүмкіндік беретін үш автоматты түрде газ бөлу станциясы бар Новопавловка және Жымпиты ауылдарына дейін газ бұратын жоғары қысымды газ құбырын салып, ұзындығы шамамен 147 километр "Қарашығанақ - Орал" газ құбырын салу жобасын 1997 жылғы 18 қарашадағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының мердігерлік учаскесінің өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім бойынша (бұдан әрі - ӨБТК) мердігерлік компаниялардың іске асыруы туралы;
      2) жобаны іске асыруға байланысты шығындарды ӨБТК шарттарында көзделген өтелетін шығындарға жатқызу туралы ұсыныстарымен келісілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.03.17 N 256 , 2009.03.25. N 409 Қаулыларымен.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі осы қаулының 1-тармағын іске асыру жөніндегі қажетті шараларды заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдасын.

      3. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына "Қарашығанақ-Орал" газ құбыры жөніндегі жобалық құжаттамасында көзделген шығыстар сомасының ұлғаюына жол бермеу мақсатында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының (ӨБТК жөніндегі өкілетті орган) өтелетін шығындарға ӨБТК ережелеріне сәйкес тексеру жүргізуін қамтамасыз ету ұсынылсын.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009.03.25. N 409 Қаулысымен.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады