Жеке және заңды тұлғалардың астана аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 сәуірдегі N 366 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 15 қаңтардағы № 7 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 15.01.2024 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы " 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке және заңды тұлғалардың астана аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 21 сәуірдегі
N 366 қаулысымен
бекітілген

Жеке және заңды тұлғалардың астана аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке және заңды тұлғалардың астана аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы астанасының аумағында заңды тұлғаны құрусыз кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалардың және меншік нысанына қарамастан, заңды тұлғалардың (бұдан әрі - жеке және заңды тұлғалар) сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету тәртібін белгілейді.

      2. Ереже Қазақстан Республикасы астанасының аумағында әрекет етеді.

      3. Сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету объектілері Қазақстан Республикасының еңбекті, азаматтардың денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

      4. Астана аумағында медициналық қызметтер көрсететін медицина ұйымдарының қызметін Қазақстан Республикасы астанасының әкімдігі өз құзыреті шегінде үйлестіреді.

      5. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) медицина ұйымдары - халыққа медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсету негізгі қызметі болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдары;

      2) медициналық көмек - халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені;

      3) медициналық қызметтер - нақты адамға қатысты алдын ала, диагностикалық, емдеу немесе оңалту бағыты бар медицина қызметкерлерінің іс-әрекеттері;

      4) сатушы - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметін жүзеге асыратын сауда қызметінің субъекті;

      5) тұтынушы - тауарды сатып алатын және жеке шаруашылықта жеке тұтыну немесе пайдалану мақсатында жұмыстарды және қызметтерді пайдаланатын азамат;

      6) қонақ үй қызметтерін көрсетуші - өтеулі шарт бойынша тұтынушыларға қонақ үй қызметтерін көрсететін заңды тұлға, сондай-ақ жеке кәсіпкер;

      7) пациент - медициналық қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке тұлға;

      8) санитарлық киім - персоналдың шикізатты, қосалқы материалдар мен дайын өнімді (тауарды) ластанудан қорғауға арналған қорғау киімі жиынтығы;

      9) денсаулық сақтау субъектілері - денсаулық сақтау ұйымдары және жеке меншік медициналық іс-тәжірибемен айналысатын жеке тұлғалар;

      10) тауар - айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбастауға арналған кез келген еңбек өнімі;

      11) арнайы киім - сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсететін объектілер персоналының біріздендірілген киім нысаны.

2. Сауда қызметтерін көрсету тәртібі

      6. Астана аумағындағы сауда қызметтері Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ішкі сауда объектілерінде: сауда объектілерінде (сауда үйлерінде, сауда базарларында (бұдан әрі - базар), дүңгіршектерде, шатырларда, автодүкендерде, дүкендерде, жылжымалы сөрелер мен сауда автоматтарында) және қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) көрсетіледі.

      7. Сатушы сауда қызметiн жүзеге асыру және сауда қызметтерiн көрсету кезiнде өзiнiң бейiнi мен мамандануын ескере отырып, ұлттық стандарттардың, санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, өртке қарсы қағидаларда және басқа да нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарды сақтайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.

      8. Сауда қызметтерін көрсету үшін сатушының сату орнында тауарларды сақтау мен сату кезінде стандарттардың талаптарына сәйкес олардың сапасы мен қауіпсіздігін сақтауды, сауданың тиісті жағдайын, сондай-ақ тұтынушының тауарды дұрыс таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін қажетті үй-жайлары, жабдығы мен мүкаммалы болуы тиіс.

      9. Сатушы "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға рұқсат етілген өлшеу құралдарын жарамды күйде ұстайды.

      10. Сауда объектілерінің және қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмыс тәртібін сауда объектілерінің және қоғамдық тамақтандыру объектілерінің әкімшілігі белгілейді.

      11. Сауда объектілерінің қызметкерлері лауазымы, тегі, аты көрсетілген қызметтік кеуде белгілерімен (бейдждермен), азық-түлік тауарларын сататын сауда объектілерінде - қосымша санитарлық киіммен, қоғамдық тамақтандыру объектілерінде - санитарлық және (немесе) арнайы киіммен қамтамасыз етіледі.

      12. Азық-түлік тауарларын сатуды және қоғамдық тамақтандыру қызметтерін ұсынуды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен медициналық тексерістен және гигиеналық оқытудан өткен сауда объектілері мен қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметкерлері жүзеге асырады.

      13. Сатушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сатылатын тауарлардың мемлекеттік және орыс тілдерінде баға көрсеткішінің болуын қамтамасыз етеді.

      14. Тауарларды сатқан кезде сатушы тауарлардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын ақпаратты тұтынушының назарына жеткізеді және тұтынушының талабы бойынша мынадай құжаттардың бірін ұсынады:

      1) тауардың сәйкестігі туралы сертификатты немесе декларацияны және қауіпсіздігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны;

      2) сертификат түпнұсқасын ұстаушы немесе сертификатты берген тауарларды сертификаттау жөніндегі уәкілетті орган куәландырған сертификаттың көшірмесін;

      3) әзірлеуші немесе өнім беруші (сатушы) ресімдеген тауарлық-ілеспе құжаттарды;

      4) шығармаларды авторлық (лицензиялық) шарт бойынша жаңадан өндіру жағдайында - шарт көшірмесін;

      3) және 4) тармақшаларда көрсетілген құжаттар деректемелерін көрсетумен, әзірлеушінің (өнім берушінің, сатушының) қолымен және мөрімен куәландырылады.

      15. Сатушы сауда қызметтерін көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда фискалдық жады бар бақылау-кассалық машиналарды қолданады.

      16. Тамақ өнімдерін сату Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген тиісті талаптарға сәйкес келетін ішкі сауда объектілерінде ғана жүргізіледі.

      17. Өзіне-өзі қызмет көрсету әдісімен тауарларды сату кезінде сауда объектілерінің әкімшілігі себеттер, арбаша және сауда объектісі шегінде тауарларды тасымалдауға арналған басқа да құралдардың болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ сатып алуды жүзеге асыру кезеңінде сатып алушының заттарын (сөмкелер, пакеттер, чемодандар, портфельдер және басқалар) уақытша сақтау үшін арнайы орындарды көздейді.

      18. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде сауда қызметтерін көрсету үшін сатушылар мүліктік кешендерді - меншіктегі не өзге де мүліктік құқықтағы мейрамханаларды, дәмханаларды, асханаларды, барларды пайдаланады.

      19. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық тамақтандыру объектілері мемлекеттік, орыс тілдерінде, ал қажет болғанда, сатушының қалауы бойынша, басқа тілдерде, ұсынылатын өнімнің түр-түрі және дұрыс таңдау жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін көрсетілетін қызметтердің тізбесі туралы қажетті және дұрыс ақпаратты тұтынушыға ұсынады.

      20. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар санаттар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      21. Базарларда сауда қызметтерін сатушылар арнайы жабдықталған сауда қатарлары мен орындары, сондай-ақ базар аумағында орналасқан дүкендер, дүңгіршектер, шатырлар арқылы ұсынады.

      Базар аумағының көрнекі орындарында базардың, барлық қажетті объектілердің: сауда қатарларының, анықтама бюросының, зертхананың, санитарлық желілердің, бақылау таразыларының, базар аумағында құқық тәртібін қорғау органдары бөлмесінің және т.б. және сауда қатарларына (көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт, тұрмыстық тауарлар, киім, аяқ киім және т.б.), тамақтану пункттеріне, бақылау таразыларына, автобус аялдамаларына, шығуға бағыттарды көрсететін жоспары бар стендтер орналастырылады.

      Сауда қатарларында орындарды, үстелдерді және тауарды сатуға арналған өзге де құрылғыларды орналастыруды базар әкімшілігі санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелердің, тауарлардың көршілестік нормаларының сақталуын, сондай-ақ сатушылар мен тұтынушылар үшін қолайлылықтың қамтамасыз етілуін ескере отырып белгілейді.

      22. Базарларда азық-түлік өнімдерінің саудасы тауарлық көршілестік қағидаттарын және Қазақстан Республикасының сауда қызметі мен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтау арқылы жүзеге асырылады.

      23. Базарлар әкімшілігі сатылатын азық-түлік өнімдеріне мемлекеттік ветеринарлық қадағалауды және санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыратын адамдардың жұмысына қажетті жағдайды қамтамасыз етеді.

3. Ойын-сауық сипатындағы қызметтерді көрсету

      24. Ойын-сауық сипатындағы қызметтерді (ойын-сауық орталықтары, дискоклубтар, дискобарлар, саябақтар және т.б.) ұсынушылар:

      1) қол жетерлік жерлерде келушілер үшін ойын-сауық сипатындағы көрсетілген қызметтер, жұмыс режимі және т.б. туралы ақпараты бар стендердің болуын;

      2) Қазақстан Республикасының алкоголь және темекі өнімдерін жарнамалау және сату саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауды;

      3) үй-жайлар ішінде, ойын-сауық сипатындағы қызметтерді ұсынатын объектілерге іргелес аумақта және автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңқайларда қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді.

4. Қонақ үй қызметтерін ұсыну тәртібі

      25. Қонақ үй қызметтерін көрсетуші заңнамада белгіленген тәртіппен берілген сәйкестік сертификаты болған жағдайда өз қызметін жүзеге асырады.

      26. Қонақ үй ғимараты (не қонақ үй орналасқан ғимараттың бір бөлігі) мемлекеттік, орыс және қажет болған кезде ағылшын тілдерінде қонақ үйдің атауы, жұмыс тәртібі және автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңқайлар көрсетілген жарықтандыратын немесе жарқыраған ақпараттық маңдайшалармен қамтамасыз етіледі.

      27. Қонақ үй қызметтерін көрсетушілер:

      1) вестибюльде және (немесе) кабинада қалалық, қалааралық және халықаралық байланыспен ұжымдық пайдалану үшін телефондардың;

      2) қонақ үй нөмірлерінде: телефон байланысының, көрсетілетін қызметтер тізбесінің, өртке қарсы нұсқаулықтың, телефон анықтамалығының, буклеттердің, брошюралардың және туристер үшін мемлекеттік, орыс және қажет болған кезде ағылшын тілдерінде ақпараты бар басқа да материалдардың болуын қамтамасыз етеді.

      28. Қонақ үй қызметтері сондай-ақ мынадай:

      1) кір жуу, химиялық тазарту;

      2) такси шақырту жөніндегі;

      3) астана бойынша экскурсия ұйымдастыру жөніндегі;

      4) электронды байланыс құралдарын, көшіргіш техникасын ұсыну, Интернеттің электронды желісіне қосу жөніндегі;

      5) спорттық-сауықтыру жөніндегі;

      6) тұтынушы мен қонақ үй қызметтерін көрсетуші арасындағы шартқа сәйкес өзге де қызметтерді көрсетуді болжайды.

      29. Қонақ үйде тұру тәртібі мен шарттары қонақ үй қызметтерін көрсетуші белгілейтін қонақ үйде тұру ережелерімен анықталады.

      30. Қонақ үй персоналының тиісті кәсіптік даярлығы болуы тиіс.

      31. Қонақ үй қызметтерін көрсетуші персоналды арнайы киіммен және қызметтік белгілермен (бейдждермен) қамтамасыз етеді.

      32. Персоналдың функционалдық міндеттерін тиісті нұсқаулықтарда қонақ үй әкімшілігі белгілейді.

5. Медициналық қызметтер көрсету тәртібі

      33. Астана аумағында медициналық қызметтерді денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасының " Денсаулық сақтау жүйесі туралы", " Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес көрсетеді.

      34. Денсаулық сақтау ұйымдары мен жеке меншік медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар медициналық көмек көрсету кезінде:

      1) денсаулық сақтау стандарттарына, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен берілген лицензияларға сәйкес сапалы медициналық көмек көрсетуді;

      2) диагностика, алдын алу және емдеу әдістерін, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган медициналық қолдануға рұқсат берген дәрілік заттарды қолдануды;

      3) Астана қаласы Денсаулық сақтау департаментімен жасалған тиісті шарт болған жағдайда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (бұдан әрі - ТМККК) көрсетуді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлар кезінде жұмысқа дайын болуды;

      5) қоршаған орта үшін қауіп төндіретін ауруларды және аурухана ішіндегі жұқпалы аурулардың туындауын ескерту жөніндегі медициналық алдын алу іс-шараларын жүргізуді;

      6) азаматтарға медициналық көмек қызметтердің нысандары мен түрлері туралы дұрыс және жедел ақпарат беруді;

      7) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтерді сақтауды;

      8) салауатты өмір салтын насихаттау мен халықты гигиеналық дағдыларға үйретуді;

      9) басқа да денсаулық сақтау субъектілерімен өзара іс-қимыл және сабақтастық орнатуды;

      10) бастапқы медициналық құжаттарды жүргізуді, денсаулық сақтау және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органдар белгілеген нысандар, түрлер бойынша, көлемде, тәртіппен және мерзімде есептерді ұсынуды;

      11) персоналдың функционалдық міндеттерін жұмыс ережелерін көрсететін жазбаша стандарттарын (нұсқаулықтарды) әзірлеуді;

      12) Астана қаласының Денсаулық сақтау департаментіне, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдарға халықтың денсаулығына қауіп төндіретін заттармен қоршаған ортаның ластану жағдайлары туралы, ішкі істер органдарына - жаңа жарақаттар, зақымдар, криминалды түсіктер жөнінде жүгінген адамдар туралы, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіпті психикалық және мінез-құлықтық бұзушылықтар, жұқпалы аурулар, улану туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      35. Стационарлық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдар (бұдан әрі - аурухана) тәулік бойы науқастарды қабылдау және оларға медициналық көмек көрсету режимінде жұмыс істейді.

      Науқастарды ауруханаға жатқызу шұғыл көрсетімдер бойынша және жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылады.

      Стационарлық медициналық көмек үнемі дәрігерлік қадағалауды, қарқынды тәуліктік күтімді, диагностика мен емдеуге кешенді түрде қарауды, жаңа медициналық технологияларды пайдаланумен емдеу мен тексерудің ауыр әдістерін қолдануды талап ететін аурулар кезінде көрсетіледі.

      Стационарлық медициналық көмек науқастарға жоспарлы тәртіппен, денсаулық сақтау субъектілерінің жолдамалары бойынша көрсетіледі.

      Көрсетілетін стационарлық көмектің түрлері мен көлемі жөніндегі барлық ақпарат науқастарға медициналық ұйымның қабылдау бөлімінде беріледі.

      36. Халыққа көрсетілетін амбулаторлық-емханалық медициналық көмек амбулаторлық-емханалық ұйымдар немесе алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек деңгейінде үйде алдын алу, диагностикалық, емдеу және сауықтыру қызметтерін көрсетуді көздейді.

      Амбулаторлық-емханалық қызмет ұйымдарының медициналық қызметтер көрсету уақыты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      Мемлекеттік денсаулық сақтау секторындағы ұйымдарда мерекелік күндердегі жұмыс режимі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Денсаулық сақтау департаменті директорының бұйрығымен бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылады, ол туралы халық медицина ұйымдарының ғимаратындағы ақпараттық маңдайшалар арқылы алдын ала хабардар етіледі.

      37. Жедел медициналық көмек станциясы (бұдан әрі - ЖМКС) жедел медициналық көмекті талап ететін жазатайым оқиғалар, жарақаттар, улану және өзге де жағдайлар мен аурулар кезінде халыққа тегін, тәулік бойы, жедел медициналық көмек көрсетеді.

      Жедел медициналық көмек көрсету кезінде ЖМКС қызметкерлері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) ауырғандарға және зардап шеккендерге тәулік бойы уақтылы және сапалы жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуді;

      2) жедел стационарлық көмекті қажет ететін науқастарды, зардап шеккендерді және босанатындарды уақтылы тасымалдауды;

      3) жедел медициналық көмек станциясына тікелей өтініш жасаған науқастар мен зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетуді;

      4) қажет болған жағдайда ішкі істер департаментімен (басқармасымен), әкімшілік полиция басқармасымен, өртке қарсы бөлімшелермен және басқа да шұғыл қызметтермен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 37-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.12.09 № 1286 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      38. Медициналық қызметтер көрсетілетін денсаулық сақтау субъектілерінің үй-жайлары (ғимараттары) және іргелес аумақтары бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес болуы және мыналармен қамтамасыз етілуі тиіс:

      1) мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған денсаулық сақтау субъектісінің атауы, жұмыс тәртібі көрсетілген ақпараттық маңдайшалармен;

      2) балаларға арналған, мүгедектер арбаларына арналған пандустармен, 3 қабаттан биік ғимараттарда науқастарға арналған лифтілермен;

      3) кірер есік алдында атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын "күн қағары", желдету жүйесімен;

      4) стационарлық медициналық көмек көрсететін медицина ұйымдары санитарлық ережелер және нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес науқастар мен медициналық персонал үшін қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсету үшін жеке үй-жайлармен;

      5) санитарлық-медициналық көлік үшін, жеке кіреберіс жолдарымен, жеке кіру есігімен;

      6) автокөлік құралдарын қою үшін бөлінген алаңқайлармен;

      7) авария және алдын алу жұмыстары кезінде авариялық жарық беру, сумен жабдықтау резервті жүйесінің, сондай-ақ ауаны желдету жүйесінің көздерімен;

      8) көрсетілетін қызметтер тізбесі бар, соның ішінде ТМККК шеңберінде мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған ақпараттық маңдайшалармен, бағалар прейскурантымен, кіреберісте өртке қарсы нұсқаулықпен, буклеттермен, брошюралармен, стендтік және науқастарға арналған басқа да ақпаратпен;

      9) қоршаумен және жас көшеттермен.

6. Өзге де қызметтерді көрсету тәртібі

      39. Осы Ереженің мақсаттары үшін өзге қызметтерге мыналар жатады: шаштараз, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, моншалар, (хауыздар), массаж кабинеттері, ломбардтар, химиялық тазалау, тұрмыстық құралдарды жөндеу, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциялары, автожуу, автотұрақтар, жанармай құю станциялары қызметтері.

      Жоғарыда санамаланған қызметтерді көрсету кезінде сатушылар:

      1) санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық, өртке қарсы ережелер мен басқа да нормативтік құқықтық құжаттарда көзделген талаптарды ескере отырып, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын;

      2) жұмыс орындарын жұмыс ерекшелігіне сәйкес қажетті арнайы жабдықпен жарақтандыру;

      3) үй-жайларды көрсетілетін қызметтер туралы тұтынушыларға арналған қажетті қолжетімді, дұрыс ақпаратпен жарақтандыруды;

      4) тұтынушыларға білікті мамандардың қызмет көрсетуін;

      5) лауазымы, тегі және аты көрсетілген қызметтік белгілері (бейджиктері) бар арнайы киіммен қызмет көрсетуді;

      6) қабылданған тапсырыстардың орындалу мерзімін сақтауды қамтамасыз етеді.

7. Ереженің сақталуын бақылау

      40. Осы Ереженің сақталуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады