"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 маусымдағы N 593 Қаулысы

      Ескерту. Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2286 Қаулысымен.

            Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба  

  Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы
келісімді ратификациялау туралы

      1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы
келісім

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      әлемдік практикада қабылданған қағидаттарда елдер арасында экономикалық қатынастарды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      сыртқы экономикалық реттеудің тиімді ұлттық жүйелерін құрудың қажеттілігін ескере отырып,
      Уағдаласушы Тараптар арасындағы сыртқы экономикалық қатынастарды үздік үйлестіру мақсатында,
      мына төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының астаналарында Сауда өкілдіктерін өзара құрады және оларға өзара негізде қызметтік және тұрғын үй-жайларын береді.

  2-бап

      Уағдаласушы Тараптар Сауда өкілдіктері мынадай негізгі функцияларды орындайтын болады деп келісті:

      а) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және кеңейтуге жәрдемдесу;

      б) келген елде екі ел арасындағы сауда және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қатысты барлық мәселелерде өз мемлекеттерінің мүдделерін білдіру;

      в) өз елінің мемлекеттік органдарына орналасқан елдегі экономикалық жағдайлар туралы және оның сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңнамасы туралы ақпарат беру, сондай-ақ өз елі туралы осындай ақпаратты орналасқан елінің мүдделі органдарына беру;

      г) олар келген елдің заңды және жеке тұлғаларымен сауда, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы мәмілелерді жүзеге асыру кезінде өз елдерінің жеке және заңды тұлғаларына жәрдем көрсету.

  3-бап

      Сауда өкілдіктері өз елінің Үкіметі атынан әрекет етеді.
      Сауда өкілдігінің сауда өкілдігі және оның орынбасарлары, сондай-ақ әкімшілік-техникалық персоналы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының тиісті санаттарына халықаралық құқыққа сәйкес танылатын барлық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      Сауда өкілдігінің қызметтік және тұрғын үй-жайлары, оның мүлкі және мұрағаттары дипломатиялық өкілдіктердің қызметтік және тұрғын үй-жайларына, мүлкіне және мұрағаттарына халықаралық құқыққа сәйкес танылған иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.
      Сауда өкілдігі сауда тізілімі туралы ережелерге жатпайды.

  4-бап

      Сауда өкілдіктерінің мекемесі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы жеке және заңды тұлғаларының бір-бірімен тікелей қатынастарды ұстайтын құқықтарын, сондай-ақ сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға байланысты шарттар жасасу және орындау мақсатында ешқандай қозғамайды.
      Сауда өкілдіктері жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Сауда өкілдіктерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

  5-бап

      Келген елдің басқа қалаларында Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу Уағдаласушы Тараптар арасындағы келісім бойынша мүмкін болады.
      Бұл бөлімшелердің құқықтық мәртебесі екі Уағдаласушы Тарап арасындағы өзара уағдаластық бойынша айқындалатын болады.

  6-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. 1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында әрқайсысы орыс және қазақ тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей.

       Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады