Бұзақылық жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 3 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "257" деген цифрлар "293" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Бұзақылық үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдану аясында туындаған мәселелер бойынша соттарға түсіндірме беру қажеттілігіне орай және біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында, әрі қолданыстағы заңнаманың өзгеруіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді :

      1. Айыптының айналасындағы адамдарға өзін қарсы қою және оларды менсінбеу ниетінен туындаған, қоғамды және адамгершілік нормаларын көрінеу құрметтемеуді білдіретін, азаматтарға қарсы күш қолданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не ерекше арсыздығымен ерекшеленетін әдепсіз іс-әрекет жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртіпті қасақана бұзуы заңға сәйкес қылмыстық жазалауға жататын бұзақылық болып танылуы мүмкін.

      2. Қылмыстық жазалауға жататын бұзақылықтың ұсақ бұзақылықпен салыстырғанда қоғамға өте қауіпті екенін куәландыратын айрықша белгілер қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзушылық, қоғамды көрінеу құрметтемеу болып табылады.

      Қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке адамдарға кемсітушілікпен тиісу, тұрғын үйлерді, көпшілік орындарды ластау және айналасындағы адамдарды құрметтемеуді білдіретін, қоғамдық тәртіпті бұзатын және жеке адамдардың мазасын алатын осындай басқа да әрекеттер күш қолданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен ұштасқан жағдайларда, олар әкімшілік құқық бұзушылықтың шегінен шығады және қылмыстық жазалауға жататын бұзақылық құрамын құрайды.

      Азаматтарға күш қолданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не ерекше арсыздығымен ерекшеленетін әдепсіз әрекеттер жасаумен ұштасқан, қоғамды көрінеу құрметтемеуді білдіретін қоғамдық тәртіпті бұзу қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзушылық болып танылуы мүмкін. Қоғамдық тәртіпті ұзақ және қасарыса ұдайы бұзу, көпшілік шараларға кедергі келтіру, кәсіпорынның, ұйымының, мекеменің немесе қоғамдық көліктің қалыпты жұмысын уақытша тоқтату осындай әрекеттерге жатқызылуы мүмкін.

      Айналасындағы адамдарға өзін қарсы қою, оларды менсінбейтінін көрсету ниетінен туындаған, мінез-құлықтың жалпыға ортақ нормалары мен ережелерін әдейі бұзуды қоғамды көрінеу құрметтемеу деп түсіну керек.

      Жалпыға ортақ адамгершілік нормаларын әдейі елемеумен, мысалы ұйятсыздықпен, ауруды, кәріні, дәрменсіз күйдегі адамдарды қорлаумен ұштасқан бұзақылық әрекеттерді ерекше арсыздық деп түсіну керек.

      Қоғамдық тәртіпті бұзушылықтың тым өрескелдігі мен бұзақылық әрекеттердің әдепсіздігінің нақты сипаты айыптау актісінде және үкімде міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Қылмыстық ізге түсу органдармен айыпталушыға тағылмаған бұзақылықты саралау белгілері үкімде көрсетілуге тиіс емес.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Қылмыстар көп болып, оның кейбіреулерінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 293-бабында қарастырылған қылмыс құрамының белгілері бар болған кезде "Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 11 нормативтік қаулысында берілген ҚК-нің 13-бабын қолдану жөніндегі түсіндірмелерді басшылыққа алу қажет.

      Адамның ниетінің, себебінің, мақсатының мазмұны мен бағытына және ол жасаған әрекеттердің мән-жайларына байланысты бұзақылықты басқа қылмыстардан, оның ішінде бұзақылық ниетпен жасалған қылмыстардан ажырату керек.

      Жеке бас араздығының, жәбірленушілердің теріс әрекеттерінің салдарынан отбасында, туыстарға, таныстарға қатысты кемсіту, ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру және осыған ұқсас басқа әрекеттер жасау ҚК-нің жеке басқа қарсы қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша саралануы тиіс. Айыптының әрекеттері бір мезгілде қоғамдық тәртіпті көрінеу өрескел бұзумен және қоғамды көрінеу құрметтемеумен ұштасқан жағдайларда мұндай әрекеттер бұзақылық ретінде саралануы керек.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Жеке бас араздығының салдарынан болған жанжал немесе төбелес барысында болған күш қолданудан бұзақылық ниетпен күш қолдануды ажыратқан кезде айыпты мен жәбірленушінің қарым-қатынасының сипатын, жанжалдың сылтауы мен себебін ескеріп, оның бастамашысы кім болғанын, жанжалға қатысушылардың әрекеттерінің қарқыны мен сипатын, айыптының ниетінің бағытын көрсететін басқа да мән-жайларды анықтау керек.

      Егер кісі өлтіруге, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге, мысалы, қызғаныш, кек алу, жеке бас араздығы және жеке қарым-қатынастың негізінде туындаған басқа сезімдер, сол сияқты жәбірленушінің жанжал немесе төбелесті бастаған заңға қайшы мінез-құлқы себеп болса, онда олар қоғамдық орында немесе бөгде азаматтардың көзінше жасалғанына ғана байланысты бұзақылық ниетпен жасалған деп қарастырылмайды.

      5. Айыптының кісі өлтіру немесе адамның денсаулығына әртүрлі дәрежедегі зиян келтірумен ұштасқан бұзақылық әрекеттерін саралаған кезде "Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы N 1 нормативтік қаулысындағы түсіндірмелерді басшылыққа алу қажет.

      Жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл дәрежедегі зиян келтірумен ұштасқан бұзақылық әрекеттер ҚК-нің 293-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыс құрамымен толықтай қамтылады.

      Сонымен бірге, бұзақылық ниетпен адамның денсаулығына ауырлығы орташа дәрежедегі зиян, ауыр зиян келтіру немесе бұзақылық ниетпен кісі өлтіру ҚК-нің адамның өмірі мен денсаулығына қарсы бұзақылық ниетпен жасалған қылмыс үшін жауаптылықты қарастыратын тиісті нормаларымен саралануы керек.

      Бұзақылық ниетпен жәбірленушіні өлтіргенге немесе денсаулыққа ауырлығы орташа не ауыр зиян келтіргенге дейін, сондай-ақ ол әрекеттерден кейін жасалған бұзақылық әрекеттер аталған әрекеттермен бір ниетпен байланысты болмаса, барлық жағдайларда ҚК-нің 293-бабымен дербес саралануға жатады.

      Бұзақылық жасаған кезде абайсызда денсаулыққа зиян келтіру күш қолданумен ұштасқан әрекеттер деп саралана алмайды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Бұзақылық жасалған кезде бөтеннің мүлкі заңсыз алынып қойылған жағдайларда ол мүліктің қандай мақсатпен алынғанын анықтау қажет. Егер тұлға пайдакүнемдік мақсат көздеген болса, оның әрекеттері мүлікті иемдену тәсіліне байланысты меншікке қарсы қылмыстар мен бұзақылықтың жиынтығы ретінде саралануы тиіс.

      7. Егер ҚК-нің 202-бабында қарастырылған қылмысты ауырлататын мән-жайлар болған кезде жасалған бұзақылық әрекеттер барысында бөтеннің мүлкін қасақана жоюдың немесе бүлдірудің нәтижесінде елеулі зиян келтірілсе, онда мұндай әрекеттер аталған баппен қосымша саралануға жатады.

      Жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгені туралы мәселені шешкен кезде жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру құнын негізге алу керек.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Бұзақылықты тағылықтан, яғни ғимараттарды немесе өзге құрылыстарды арамдауға, қоғамдық көліктегі немесе өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіруге бағытталған әрекеттер жасаудан ажырату керек. Тағылықтың салдарлары анықталғанша қоғамдық тәртіпті бұзушылық белгісіз болып қалатындықтан, тағылық кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу көрінеу өрескел сипатта болмайды және барлық жағдайларда бірдей қоғамды көрінеу құрметтемеуді білдірмейді.

      9. Айыптының әрекеттеріне "топ болып", "топ болып алдын ала сөз байласып", " қылмыстық топ болып" бұзақылық жасау айқындаушы белгілері бойынша құқықтық баға бергенде ҚК-нің 31-бабында қарастырылған талаптарды негізге алу қажет.

      Бұзақылық екі және одан да көп орындаушылардың қатысуымен алдын ала сөз байласпай жасалған жағдайларда "топ болып жасау" айқындаушы белгілері бойынша саралануы мүмкін.

      Кінәлі адамдардың әрекеттерін "топ болып алдын ала сөз байласып" бұзақылық жасау белгісі бойынша саралаған кезде екі және одан да көп адамның бұзақылық жасауға бағытталған кез келген түрдегі уәделесуінің болғанын, яғни осы адамдардың тікелей қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттер басталғанға дейін, ең болмаса орындаушылардың бірі қылмыс құрамының объективті жағын орындағанға дейін сөз байласуының болғанын анықтау қажет.

      Бұзақылық оны жасау үшін екі немесе одан да көп адамның жалпы күші біріктірілген және бірге қатысушылардың әрқайсының әрекеті басқа бірге қатысушылардың әрекет жасауы үшін қажетті шарт болып табылған және рөлдердің алдын ала бөлінуіне сәйкес барлық бірге қатысушылардың әрекетінен туындаған ортақ қылмыстық нәтижемен себепті байланыста болған жағдайларда да "топ болып алдын ала сөз байласып" бұзақылық жасау белгісі бойынша сараланады. Мұндай жағдайларда қылмысқа екі және одан да көп орындаушылардың қатысуы міндетті емес, басқа түрдегі бірдей қатысушылар болғанда бір орындаушы жеткілікті.

      Ұйымдастырушының, айдап салушының немесе көмектесушінің жауаптылығы, олар бір мезгілде бұзақылық жасаушылар болған жағдайларды қоспағанда, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалып, ҚК-нің 293-бабы бойынша туындайды.

      Бұзақылықты бірге жасаушылармен алдын ала сөз байласпаған, алайда оны басқа адамдар жасауы барысында соларға қосылған және тікелей қатысқан адам өзі жасаған нақты әрекеттер үшін қылмысты орындаушы ретінде жауапты болуға тиіс.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. Бірнеше адамның әрекеттерін ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігі бойынша, осы баптың екінші бөлігінің 1-тармағында қарастырылған саралау белгісін көрсете отырып саралау туралы мәселені шешкен кезде соттар бірлесіп бұзақылық әрекеттер жасау туралы ғана емес, сондай-ақ қару не денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген басқа да заттарды қолдану туралы да алдын ала келісімге қол жеткізілуі керектігін назарға алуы қажет. Осындай қылмыс жасауға келіскен адамдардың барлығының қару немесе заттарды қолданған-қолданбағанының жасалған әрекетті саралау үшін маңызы жоқ.

      Егер құқыққа қарсы бірлескен әрекеттерді жасау барысында қылмысқа қатысушылардың бірі басқа қатысушылармен алдын ала келісімі болмай тұрып, қару немесе денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген заттарды қолданса немесе қолдануға әрекеттенсе, осыған негіздер болған кезде оның әрекеті ҚК-нің 30-бабының талаптары ескеріле отырып саралануы қажет.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Адамның қылмыстық әрекеттері тікелей бұзақылық әрекеттер жасалған кезде орын алса және билік өкіліне не қоғамдық тәртіпті қорғау міндеттерін атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуші адамға қарсыласумен байланысты болса, онда олар ҚК-нің 293-бабы екінші бөлігінің 2-тармағы бойынша саралануы мүмкін.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Билік өкіліне немесе қоғамдық тәртіпті қорғаушының міндетін атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуші өзге адамға қарсылық көрсету деп аталған тұлғалардың қоғамдық тәртіп бұзушылықтың жолын кесуге, мысалы, бұзақылық жасаушы адамды ұстауға немесе қарусыздандыруға, бұзақылық әрекеттердің жалғасуына өзге тәсілмен кедергі келтіруге бағытталған заңды әрекеттеріне айыптының қасақана қарсыласу (соққы беру, ұрып-соғу, дене жарақаттарын салу) әрекеттерін түсіну керек.

      13. Бұзақылық әрекеттер тыйылғаннан кейін жасалған, мысалы, айыптыны ұстауға байланысты жасалған қарсылық көрсету, бұзақылық пен бірге қылмыстардың жиынтығы ретінде саралануға жатады.

      Қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуші адамға қарсылық көрсетуге, оның ішінде осы адамдарға қатысты күш көрсетуге немесе оны қолданамын деп қорқытуға ұласқан бұзақылық әрекеттер ҚК-нің 293-бабы екінші бөлігінің 2-тармағының диспозициясымен толық қамтылады және басқа баптар бойынша қосымша саралауды қажет етпейді.

      Күш қолданудың нәтижесінде тағы одан да ауыр қастандық жасалған жағдайларда ғана қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуші адамға қарсылық көрсету бұзақылық құрамымен қамтылмайды.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Егер айыпты қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуші адамға қарсылық көрсеткен кезде оның денсаулығына ауыр зиян немесе ауырлығы орташа дәрежедегі зиян келтірсе, не оны өлтірсе, онда осыған негіздер болған кезде әрекетті ҚК-нің 293-бабы екінші бөлігінің 2-тармағымен қарастырылған қылмыстардың жиынтығы бойынша саралау керек және тиісінше аталған қылмыстар өзінің қызметтік міндетін атқарушы не кәсіби немесе қоғамдық парызын орындаушы адамға қатысты жасалған қылмыстар ретінде ҚК-нің 106-бабы екінші бөлігінің 2-тармағымен, ҚК-нің 107-бабы екінші бөлігінің 2-тармағымен немесе 99-бабы екінші бөлігінің 2-тармағымен саралануы тиіс.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, сондай-ақ осындай әрекеттерге өз бастамасымен қатысушы басқа адамдарды қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуші өзге адамдар деп түсіну керек.

      16. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. Адамның әрекеттерін ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігі бойынша саралағанда, соттар қажет кезде "Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы № 339-I Заңына сәйкес және сарапшының қорытындысы негізінде бұзақылық жасалған кезде қолданылған зат немесе құралдың жанды немесе өзге нысанды зақымдауға арналып бейімделген қару болып табылатынын анықтауы керек.

      Осыған тиісті негіздер болса, бұзақылық жасаған кезде қару қолданған адамның әрекеттері ҚК-нің 287-бабы бойынша қосымша саралануы тиіс. Бұл ретте айыпты адам өзінің қару қолданғанын сезінуі тиіс.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Атыс, газ қаруын, пышақтарды, кастеттер мен өзге де суық қаруларды не денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген басқа заттарды қолдану деп оларды тура бағытталған мақсатта, денсаулыққа зиян келтіру үшін қолдануды (ату, шаншып-кесетін соққылар беру), сол сияқты оларды психикалық күштеу құралы ретінде қасақана қолдануды түсіну керек. Яғни мұндай әрекеттерді ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігі бойынша саралау үшін аталған заттарды қолданып жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіру немесе келтіруге әрекеттену ғана емес, сондай-ақ айыптының бұзақылық әрекеттер жасау барысында осындай заттарды қолданып жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін өзге де мінез-құлық көрсетуі негіз болады.

      Бұл ретте қару қолдану оның зақымдайтын мүмкіндіктерін қолдануды ғана білдіретінін назарға алу керек (мысалы, бұзақылық кезінде қарудың сабымен соққы берілген жағдайда ол қару емес, денсаулыққа зиян келтіру үшін қолданылған зат ретінде бағалануы керек).

      Бұзақылық әрекеттер барысында жарамсыздығы немесе оқталмағаны белгілі қару не ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген тек қаруға ұқсас өзге зат (тапаншаның макеті, ойыншық пышақ немесе кастет және басқалар) қолданылған кезде жәбірленушінің оны қалай қабылдағанына қарамастан айыптының әрекеттері ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігі бойынша саралана алмайды.

      19. Қорқытып сөйлеу, сол сияқты бұзақылық кезінде қару не басқа заттарды әдейі көрсету ҚК-нің 293-бабының бірінші бөлігінің диспозициясымен қамтылады және оларды қолданып жасалған бұзақылық ретінде саралана алмайды, өйткені мұндай әрекеттер қаруды не басқа заттарды қолдануды (пайдалануды) білдірмейді, демек, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндірмейді.

      20. Денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген заттар деп аталған мақсат үшін алдын ала немесе бұзақылық әрекеттер жасау кезінде бейімделген, сол сияқты қандайда бір алдын ала өңдеуден өткізілмеген, бірақ айыпты арнайы дайындаған және құрылысының ерекшеліктеріне және бейімділігіне орай адамның денсаулығына зиян келтіру мақсаттында өзінде ұстаған заттар (тұрмыстық мақсаттағы пышақтар, бұрауыштар, балталар, сойылдар, бейсбол таяқтары, темір құбырлардың кесінділері, таяқтар, арматура, ұстаралар және т.б.) танылады.

      Қылмыс орнынан алынған, денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделмеген заттарды қолдану немесе қолдануға әрекеттену ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігінің белгілері бойынша саралауға негіз бола алмайды.

      21. Атыс, газ қаруын, пышақтарды, кастеттерді және өзге суық қаруды не денсаулыққа зиян келтіруге арнайы бейімделген басқа заттарды қолдануға әрекеттену деп, осы заттарды тікелей мақсатына сәйкес қолдануға бағытталған, бірақ айыптының еркінен тыс мән-жайларға орай соңына дейін жеткізілмеген әрекеттерді түсіну керек.

      22. Осы қаулының қабылдануына байланысты "Бұзақылық туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1995 жылғы 21 шілдедегі N 5 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ. Мәми

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Ж. Бәйішев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады