"Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 желтоқсандағы № 2144 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ядролық авариялар жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авариялық жағдайдағы көмек туралы конвенция

Вена, 1986 жылғы 26 қыркүйек

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
      ядролық қызметтің бірқатар мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқанын сезіне отырып,
      ядролық қызметті жүзеге асырған кезде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ядролық аварияларды болдырмауға және егер ол орын алса, кез келген осындай авариялардың зардаптарын мейлінше азайтуға бағытталған жан-жақты шаралардың қабылданып келгенін және қабылданатынын атап көрсете отырып,
      ядролық энергияны қауіпсіз дамыту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тілек білдіре отырып,
      ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында олардың зардаптарын жұмсарту мақсатында кейінге қалдырмай көмек беруге жәрдемдесетін халықаралық жүйенің қажеттігіне көз жеткізе отырып,
      осы салада өзара көмек туралы екі жақты және көп жақты уағдаластықтардың пайдалылығын атап көрсете отырып,
      ядролық аварияға немесе радиациялық авария жағдайына байланысты өзара төтенше көмек көрсету жөніндегі іс-шараларға қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшылыққа алынатын принциптер әзірлеу жөніндегі қызметін атап көрсете отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

      1-бап. Жалпы ережелер

      1. Қатысушы мемлекеттер өзара және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (бұдан әрі «Агенттік» деп аталатын) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында олардың зардаптарын мейлінше азайту үшін кейінге қалдырмай жәрдем беру мақсатында және адамдардың өмірін, мүлкін және қоршаған ортаны радиоактивтік шығарындылардың әсерінен қорғау үшін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес ынтымақтасады.
      2. Осындай ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін қатысушы мемлекеттер екі жақты немесе көп жақты уағдаластыққа қол жеткізе алады немесе ол орынды болған жерде, ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында орын алуы мүмкін зиян мен нұқсанды болдырмау немесе мейлінше азайту мақсатында оларды үйлестіре жүргізеді.
      3. Өз Жарғысының шеңберінде әрекет ететін қатысушы мемлекеттер Агенттіктен осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес осы Конвенциямен көзделген қатысушы мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу мен қолдау көрсетуге ықпал ету үшін барлық мүмкіндіктер жасауды сұрайды.

      2-бап. Көмек беру

      1. Егер қатысушы мемлекетке оның аумағында туындағанына немесе туындамағанына, ондай аварияның немесе авариялық жағдайдың оның заңды құзырында немесе бақылауында болу-болмауына қарамастан, ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек талап етілсе, ол мұндай көмек үшін кез келген басқа қатысушы мемлекетке тікелей немесе Агенттік арқылы жүгіне алады және Агенттіктен немесе тиісті жағдайларда басқа халықаралық үкіметаралық ұйымдардан (бұдан әрі «халықаралық ұйымдар» деп аталатын) көмек сұрай алады.
      2. Көмек сұрайтын қатысушы мемлекет талап етілетін көмектің көлемі мен түрін айқындайды және ол іс жүзінде мүмкін болған жағдайда, көмек беруші тарапқа осындай ақпаратты хабарлайды, ондай хабар көмек беруші тарапқа осы өтінішті өзінің қандай көлемде қанағаттандыра алатынын айқындау үшін қажет болуы мүмкін. Көмек сұраушы қатысушы мемлекеттің талап етілетін көмектің көлемі мен түрін дәл айқындауға іс жүзінде мүмкіндігі болмаған жағдайда көмек сұраушы қатысушы мемлекет пен көмек беруші тарап бір-бірінен консультация ала отырып, талап етілетін көмектің көлемі мен түріне қатысты шешім қабылдайды.
      3. Осындай көмек туралы өтініш жіберілген әрбір қатысушы мемлекет кейінге қалдырмай шешім қабылдайды және сұраушы қатысушы мемлекетке тікелей немесе Агенттік арқылы сұралған көмекті беруге шамасы келетін-келмейтіні туралы, сондай-ақ берілуі мүмкін көмектің көлемі мен шарттары туралы хабарлайды.
      4. Қатысушы мемлекеттер ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында басқа қатысушы мемлекеттерге көмек беру үшін өздері бөле алатын сарапшыларды, жабдықтар мен материалдарды, сондай-ақ әсіресе осындай көмек беріле алатын қаржылық шарттарды өз мүмкіндіктерінің шегінде айқындайды және ол туралы Агенттікке хабарлайды.
      5. Кез келген қатысушы мемлекет медициналық көмек көрсетуге немесе ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында әсер етуге ұшыраған адамдарды басқа қатысушы мемлекеттің аумағына уақытша көшіруге қатысты көмек туралы өтінішпен жүгіне алады.
      6. Ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек сұраған қатысушы мемлекеттің немесе мүше мемлекеттің өтінішіне жауап ретінде Агенттік өз Жарғысына сәйкес және осы Конвенцияда көзделгендей:
      а) осы мақсатқа бөлінген тиісті қаражатты береді;
      b) Агенттікте бар мәліметтер бойынша қажетті қаражатқа ие басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға өтінішті кейінге қалдырмай жеткізеді; және
      с) егер сұраушы мемлекет өтініш жасаса, осындай тәртіппен берілуі мүмкін көмекті халықаралық деңгейде үйлестіреді.

      3-бап. Көмекке басшылық жасау және оны бақылау

      Егер өзгедей уағдаластықтар болмаса:
      а) сұраушы мемлекет жалпы басшылықтың жасалуына, бақылауға, көмекті үйлестіруге және оны қадағалауға өз аумағының шегінде жауапты болады. Көмек персонал беруді қамтыған жағдайларда, көмек беруші тарап, сұраушы мемлекетпен консультация алмаса отырып, өздерінің тарапынан персонал мен жабдықтар беруге жауапты және персонал мен жабдықтар пайдалануға тікелей жедел басшылық жасауды қамтамасыз ететін адам тағайындауға тиіс. Тағайындалған адам ондай басшылық жасауды сұраушы мемлекеттің тиісті органдарымен ынтымақтастықта жүзеге асыруға тиіс;
      b) сұраушы мемлекет көмекті өз дәрежесінде және тиімді жүзеге асыру үшін жергілікті қаражат пен қызмет көрсетулерді өз мүмкіндіктерінің шегінде ұсынады. Ол сондай-ақ өзінің аумағына көмек беруші тарап немесе соның атынан көмек көрсету мақсатында жеткізілген персоналды, жабдықтар мен материалдарды қорғауды қамтамасыз етеді;
      с) кез келген тараптардың көмек көрсету кезеңдерінде жеткізілген жабдықтары мен материалдарының меншік құқығы өзгеріссіз қалады және олардың қайтарылуы қамтамасыз етіледі;
      d) көмек берген қатысушы мемлекет 2-баптың 5-тармағына сәйкес сауалға жауап ретінде, осы көмекті өз аумағының шегінде үйлестіреді.

      4-бап. Құзыретті органдар мен байланыс пункттері

      1. Әрбір қатысушы мемлекет Агенттікті және тікелей немесе Агенттік арқылы басқа қатысушы мемлекеттерді өздерінің көмек туралы өтініш жасау мен алуға және көмек туралы ұсыныс қабылдауға уәкілетті құзыретті органдары мен байланыс пункттері туралы хабардар етеді. Осындай байланыс пункттеріне және Агенттіктегі орталық пунктке қол жетімділік тұрақты негізде болуға тиіс.
      2. Әрбір қатысушы мемлекет 1-тармақта көрсетілген ақпаратта болуы мүмкін кез келген өзгерістер туралы Агенттікке кейінге қалдырмай хабарлайды.
      3. Агенттік қатысушы мемлекеттерге, мүше мемлекеттерге және тиісті халықаралық ұйымдарға 1 және 2-тармақтарда көрсетілген ақпаратты жүйелі түрде және шұғыл тәртіппен береді.

      5-бап. Агенттіктің функциялары

      Қатысушы мемлекеттер Агенттіктен 1-баптың 3-тармағына сәйкес және осы Конвенцияның басқа ережелеріне нұқсан келтірмейтін мыналарды:
      а) қатысушы мемлекеттердің және мүше мемлекеттердің арасында ақпарат жинауға және таратуға қатысты:
      і) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында бөлінуі мүмкін сарапшыларды, жабдықтар мен материалдарды;
      іі) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында жауап шараларға қатысты әдістемелік принциптерді, жүргізу тәсілдерін және зерттеудің қолда бар нәтижелерін сұрайды;
      b) кез келген мынадай немесе басқа тиісті мәселелерге байланысты қатысушы мемлекетке немесе мүше мемлекетке көмек көрсетуге өтініш негізінде:
      і) төтенше жоспарлар, сондай-ақ тиісті заңнама дайындау;
      іі)ядролық авария жағдайына немесе радиациялық авария жағдайына персонал даярлаудың тиісті бағдарламаларын әзірлеу;
      ііі) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек және тиісті ақпарат туралы өтініш беру;
      іv) радиациялық бақылаудың тиісті бағдарламаларын, рәсімдерін және нормаларын әзірлеу;
      v) радиациялық бақылаудың тиісті жүйесін жасаудың дұрыс-бұрыстығына зерттеу жүргізу;
      с) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек сұраушы қатысушы мемлекетке немесе мүше мемлекетке аварияны немесе авариялық жағдайды бастапқы бағалау жүргізуге арналған тиісті қаражат беру;
      d) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында қатысушы мемлекетке немесе мүше мемлекетке өзінің адал қызмет көрсетулерін ұсыну;
      е) тиісті ақпарат алу және деректер алмасу мақсатында тиісті халықаралық ұйымдармен байланыс орнату және осындай ұйымдардың тізімін қатысушы мемлекеттердің, мүше мемлекеттердің және жоғарыда аталған ұйымдардың назарына жеткізу.

      6-бап. Құпиялылық және жария мәлімдеме

      1. Сұраушы мемлекет және көмек беруші тарап ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында берілетін көмекке байланысты кез келген тарапқа мәлім болатын кез келген құпия ақпараттың құпиялылығын қорғауды қамтамасыз етеді. Ондай ақпарат ол туралы уағдаластыққа қол жеткізілген көмек көрсету мақсаттарына ғана пайдаланылады.
      2. Көмек беретін тарап ядролық авария жағдайына немесе радиациялық авария жағдайына байланысты көмек беру туралы ақпаратты, осындай ақпаратты жариялағанға дейін сұраушы мемлекетпен келісуге бар күш-жігерін жұмсайды.

      7-бап. Шығынды өтеу

      1. Көмек беруші тарап сұраушы мемлекетке қайтарымсыз көмек ұсына алады. Осындай негізде көмек көрсету қажет пе, жоқ па дегенді қарау кезінде көмек беруші тарап мыналарды:
      а) ядролық аварияның немесе радиациялық авария жағдайының сипатын;
      b) ядролық аварияның немесе радиациялық авария жағдайының туындаған жерін;
      с) дамушы елдердің қажетін;
      d) ядролық қондырғылары жоқ елдердің айрықша қажетін; және
      е) осыған қатысы бар кез келген басқа факторларды ескереді.
      2. Көмек шығынды толық немесе ішінара өтеу негізінде берілген жағдайларда, сұраушы мемлекет көмек беруші тарапқа соның атынан әрекет ететін адамдардың немесе ұйымдардың көрсетілген қызметке байланысты шығындарын, сондай-ақ көрсетілген көмекке байланысты шығыстарды, сұраушы мемлекет бұл шығыстарды тікелей төлемеген болса, толық көлемде өтейді. Егер өзгедей уағдаластық болмаса, өтем көмек беруші тарап сұраушы мемлекетке шығынды өтеу туралы өз өтінішін білдіргеннен кейін кейінге қалдырылмай жасалады; жергілікті жердегі шығындармен салыстырғанда бұл шығынның өзгешелігі оның еркін аударымдылығы болып табылады.
      3. 2-тармақта баяндалғанға қарамастан, көмек беруші тарап толық немесе ішінара өтемнен кез келген уақытта бас тарта алады немесе оның мерзімін ұзартуға келісе алады. Мұндай бас тартуды немесе мерзімін ұзартуды қараған кезде көмек беруші тараптар дамушы елдердің қажеттеріне тиісті көңіл бөледі.

      8-бап. Артықшылықтар, иммунитеттер және жеңілдіктер

      1. Сұраушы мемлекет көмек беруші тараптың персоналына және соның атынан әрекет ететін персоналға өздерінің көмек көрсету жөніндегі функцияларын орындау үшін қажет артықшылықтар, иммунитеттер мен жеңілдіктер береді.
      2. Сұраушы мемлекетке олар туралы тиісті тәртіппен хабарланған және оны сол мемлекет қабылдаған көмек беруші тараптың персоналына немесе соның атынан әрекет ететін персоналға сұраушы мемлекет мынадай артықшылықтар мен иммунитеттер береді:
      а) өздерінің міндеттерін орындау кезіндегі әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік заңды құзырын қоса алғанда, көмекке жүгінген мемлекет тарапынан қамаудан, ұстаудан, істі қараудан иммунитет; және
      b) әдетте өздерінің көмек көрсету жөніндегі функцияларын жүзеге асыруға қатысты тауарларының құнын немесе көрсетілген қызметтің ақысын қосуды қоспағанда, салықтардан, баждардан немесе басқа алымдардан босату.
      3. Сұраушы мемлекет:
      а) көмек беруші тарапты көмек көрсету мақсатында сұраушы мемлекеттің аумағына жеткізілген жабдықтардан және мүліктерден алынатын салықтардан, баждардан немесе басқа алымдардан босатады; және
      b) осындай жабдықтар мен мүліктерді қамаудан, тәркілеуден немесе реквизициялаудан иммунитетті қамтамасыз етеді.
      4. Сұраушы мемлекет осындай жабдықтар мен мүліктердің қайтарылуын қамтамасыз етеді. Көмек беруші тарап өтініш білдірген жағдайда сұраушы мемлекет көмек көрсету кезінде пайдаланылған жабдықтарды қайтарылғанға дейін пайдалану үшін одан әрі пайдалануға жарамды ететін қажетті дезактивтендіруді өз мүмкіндіктері шегінде ұйымдастырады.
      5. Сұраушы мемлекет өзінің ұлттық аумағына олар туралы 2-тармаққа сәйкес хабарланған персоналдардың келуі мен кетуіне, сондай-ақ көмек көрсету кезінде пайдаланылатын жабдықтар мен мүліктердің әкелінуі мен әкетілуіне жәрдемдеседі.
      6. Осы баптың бірде бір ережесі сұраушы мемлекеттің азаматтарынан немесе онда тұрақты тұратын адамдардан осының алдындағы тармақтарда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер беруді талап етпейді.
      7. Осы бапқа сәйкес осындай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланушылардың барлығы сұраушы мемлекеттің заңдары мен ережелерін артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірмей құрметтеуге міндетті.
      8. Осы баптың бірде бір ережесі басқа халықаралық келісімдерге немесе кәдімгі халықаралық құқық нормаларына сәйкес берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерге қатысты құқықтар мен міндеттемелерге нұқсан келтірмейді.
      9. Мемлекет осы Конвенцияға қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде 2 және 3-тармақтарды өзі үшін толық немесе ішінара міндетті деп есептемейтінін мәлімдей алады.
      10. 9-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет оны депозитарийге хабарлау жолымен кез келген уақытта алып тастай алады.

      9-бап. Персоналды, жабдықтар мен мүлікті транзиттеу

      Әрбір қатысушы мемлекет, сұраушы мемлекеттің немесе көмек беруші тараптың өтініші бойынша ол туралы тиісті дәрежеде хабарланған транзитке өзінің аумағы арқылы сұраушы мемлекетке және одан бері көмек көрсету кезінде пайдаланатын персоналды, жабдықтар мен мүлікті алып кетуге жәрдемдесуге ұмтылады.

      10-бап. Кінә қою және өтем

      1. Қатысушы мемлекет осы бапқа сәйкес заңды талап қою мен кінә қоюды реттеуге жәрдемдесу үшін тығыз ынтымақтасады.
      2. Егер өзгедей уағдаластық болмаса, сұраушы қатысушы мемлекет сұралған көмекті алу барысында өз аумағында немесе өзінің заңды құзырындағы немесе бақылауындағы басқа ауданда орын алған адам өліміне немесе оның денесіне жарақат салынуына, мүлкіне нұқсан келтірілуіне немесе оның жоғалуына немесе қоршаған ортаға зиян келтірілуіне қатысты:
      а) көмек беруші тарапқа немесе жеке тұлғаларға немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілеріне қарсы қандай да бір заңды талап қоюды қозғамайды;
      b) көмек беруші тарапқа немесе жеке тұлғаларға немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілеріне үшінші тарап қойған заңды талап қоюлар мен кінә қоюларға байланысты іс жүргізу жауапкершілігін мойнына алады;
      с) көмек беруші тарапты немесе жеке тұлғаларды немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілерін олар туралы (b) тармақшасында айтылған заңды талап қоюлар мен кінә қоюларға қатысты құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді; және
      d) көмек беруші тарапқа немесе жеке тұлғаларға немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілеріне мыналарға байланысты:
      і) көмек беруші тараптың персоналы қатарындағы адам немесе өзінің атынан әрекет ететін адам қайтыс болғанда немесе осындай адамдардың денесіне зақым келтірілгенде;
      іі) көмек беруге қатысы бар, іске қосылмаған жабдықтар мен материалдар жоғалғанда немесе оларға нұқсан келтірілгенде өтем төлейді; бұған өлімге, денені зақымдауға, жоғалуға немесе нұқсанға әкеп соққан жекелеген адамдардың әдейі жасаған заңсыз мінез-құлық көрсету жағдайлары қосылмайды.
      3. Осы бап кез келген халықаралық келісіммен немесе кез келген мемлекеттің ұлттық заңнамасымен қолдануды көздейтін өтем жасауға немесе өтемақы төлеуге кедергі жасамайды.
      4. Осы баптың бірде бір ережесі сұраушы мемлекеттен өздерінің азаматтарына немесе онда тұрақты тұратын адамдарға 2-тармақты толық немесе ішінара қолдануды талап етпейді.
      5. Мемлекет осы Конвенцияға қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде:
      а) 2 және 3-тармақтарды өзі үшін толық немесе ішінара міндетті деп есептемейтінін;
      b) өлімге, денені зақымдауға, жоғалуға немесе нұқсанға әкеп соққан жекелеген адамдардың дөрекі немқұрайлылығы жағдайларында 2-тармақты толық немесе ішінара қолданбайтынын мәлімдей алады.
      6. 9-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет оны депозитарийге хабарлау жолымен кез келген уақытта алып тастай алады.

      11-бап. Көмекті тоқтату

      Сұраушы мемлекет немесе көмек беруші тарап тиісті консультация жүргізгеннен кейін және жазбаша хабарлама арқылы осы Конвенцияға сәйкес алынатын немесе берілетін көмекті тоқтату туралы кез келген уақытта өтініш жасай алады. Осындай өтініштің түсуі бойынша мүдделі тараптар көмекті тиісті дәрежеде аяқтауға арналған іс-шаралар әзірлеу мақсатында бір-бірімен консультациялар жүргізеді.

      12-бап. Басқа халықаралық келісімдермен байланыс

      Осы Конвенция осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты қазіргі халықаралық келісімдер бойынша немесе осы Конвенцияның нысанасы мен мақсатына сәйкес жасалған болашақ халықаралық келісімдер бойынша қатысушы мемлекеттердің өзара құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      13-бап. Дауларды реттеу

      1. Қатысушы мемлекеттердің арасында немесе қатысушы мемлекет пен Агенттік арасында осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда тараптар дауды келіссөздер жолымен реттеу мақсатында немесе дауларды реттеудің өздерінің қабылдауына болатын кез келген басқа бейбіт тәсілдерімен өзара консультациялар жүргізеді.
      2. Егер қатысушы мемлекеттер арасындағы осындай сипаттағы дау 1-тармаққа сәйкес консультациялар жүргізу туралы өтініш келіп түскен сәттен бастап бір жыл ішінде реттелмейтіндей болса, онда осындай дауға қатысушы кез келген тараптың өтініші бойынша ол төрелікке беріледі немесе шешім қабылдау үшін Халықаралық Сотқа жіберіледі. Дау төрелікке берілген жағдайда, егер өтініш келіп түскен сәттен бастап алты ай ішінде дауласушы тараптар төрелік істі қарауды ұйымдастыруға қатысты келісімге келе алмаса, тараптардың бірі Халықаралық Соттың Төрағасынан немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан бір немесе одан да көп төреші тағайындауды сұрай алады. Дауға қатысушы тараптардың қарама-қайшы өтініші жағдайында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жүгіну басымдыққа ие болады.
      3. Осы Конвенцияға мемлекет қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде ол өзін 2-тармақта көзделген дауларды реттеудің бір не екі рәсімдерімен байланысты емес деп есептейтінін мәлімдей алады. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай мәлімдеме күшінде болатын қатысушы мемлекетке қатысты 2-тармақта көзделген дауды реттеудің қандай да бір рәсіміне байланысты болып табылмайды. Осы Конвенцияны 13-баптың 2-тармағына қатысты ескертпе жасай отырып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы ратификациялады.
      4. 3-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет, ол туралы депозитарийге хабарлама жасау жолымен мәлімдемені кез келген уақытта алып тастай алады.

      14-бап. Күшіне ену

      1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Намибия бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеңесі ұсынған Намибияның қол қоюы үшін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Венадағы Орталық мекемелерінде және Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктағы Орталық мекемелерінде тиісінше 1986 жылғы 26 қыркүйектен және 1986 жылғы 6 қазаннан бастап ол күшіне енгенге дейін немесе қай мерзімнің неғұрлым ұзақ болуына қарай, он екі ай ішінде ашық болады.
      2. Мемлекет, сондай-ақ Намибия бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеңесі ұсынған Намибия қол қою жолымен немесе ратификациялаудың, қабылдаудың немесе мақұлдаудың талаптарына қол қойғаннан кейін ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты сақтауға өткізу жолымен немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізу жолымен осы Конвенцияға өздерінің міндеттіліктерін білдіре алады. Ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға өткізіледі.
      3. Осы Конвенция үш мемлекет өздері үшін осы Конвенцияның міндеттілігіне келісімін білдіргеннен соң отыз күннен кейін күшіне енеді.
      4. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оған өзінің міндеттілігіне келісім білдірген әрбір мемлекет үшін, осы Конвенция ол мемлекет үшін келісім білдірген күннен кейін отыз күн өткен соң күшіне енеді.
      5. а) Осы Конвенция осы бапта көрсетілгендей, егеменді мемлекеттерден тұратын және осы Конвенция қамтитын мәселелер бойынша халықаралық келісімдер жасасу мен қолдану, келіссөздер жүргізу саласында құзыретке ие халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграция ұйымдарының қосылуы үшін ашық.
      b) Өздерінің құзыретіне кіретін мәселелерде мұндай ұйымдар өздерінің атынан құқықтарды жүзеге асырады және осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге беретін міндеттемелерді орындайды.
      с) Өзінің қосылу туралы құжатын сақтауға өткізген кезде мұндай ұйым депозитарийге осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты өз құзыретінің шегі көрсетілген мәлімдеме жібереді.
      d) Мұндай ұйым мүше мемлекеттердің дауысына қосымша қандай да бір дауысқа ие бола алмайды.

      15-бап. Уақытша қолдану

      Мемлекет қол қоюы бойынша немесе осы Конвенция өзі үшін күшіне енгенге дейін осы Конвенцияны уақытша негізде қолданатын боламын деп жариялай алады.

      16-бап. Түзетулер

      1. Қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзетулер енгізе алады. Ұсынылған түзету депозитарийге жіберіледі, ол оны барлық басқа қатысушы мемлекеттерге дереу жібереді.
      2. Егер қатысушы мемлекеттердің көпшілігі депозитарийден ұсынылған түзетулерді қарау үшін конференция шақыруды талап етсе, онда депозитарий барлық қатысушы мемлекеттерді осындай конференцияға шақырады, ол шақыру жіберілгеннен кейін отыз күн өткен соң шақырылады. Конференцияда барлық қатысушы мемлекеттердің үштен екі көпшілік даусымен қабылданған кез келген түзету барлық қатысушы мемлекеттер Вена мен Нью-Йоркте қол қою үшін ашық хаттама түрінде ресімделеді.
      3. Хаттама өздері үшін оның міндеттілігіне үш мемлекет келісім білдіргеннен кейін отыз күннен соң күшіне енеді. Хаттама күшіне енгеннен кейін оның міндеттілігіне келісім білдірген әрбір мемлекет үшін келісім білдірген күннен кейін отыз күн өткен соң осы мемлекет үшін хаттама күшіне енеді.

      17-бап. Күшін жою

      1. Қатысушы мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы осы
Конвенцияның күшін жоя алады.
      2. Күшін жою депозитарий хабарламаны алған күннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

      18-бап. Депозитарий

      1. Агенттіктің Бас директоры осы Конвенцияның депозитариі болып табылады.
      2. Агенттіктің Бас директоры қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа мемлекеттерге мыналарды:
      а) осы Конвенцияға әрбір қол қою немесе түзету туралы кез келген хаттама туралы;
      b) осы Конвенцияға немесе түзету туралы кез келген хаттамаға қатысты ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға әрбір беру туралы;
      с) 8, 10, 13-баптарға сәйкес кез келген мәлімдеме немесе ондай мәлімдемені алып тастау туралы;
      d) 15-бапқа сәйкес осы Конвенцияны уақытша негізде қолдану туралы кез келген мәлімдеме туралы;
      е) осы Конвенцияның күшіне енуі және оған кез келген түзетулер туралы; және
      f) 15-бапқа сәйкес жарияланған кез келген күшін жою туралы дереу хабарлайды.

      19-бап. Түпнұсқалық мәтіндер және куәландырылған
              көшірмелер

      Осы Конвенцияның түпнұсқамен бірдей болып табылатын ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз түпнұсқа мәтіндері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директорына сақтауға өткізіледі, ол куәландырылған көшірмені қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа мемлекеттерге жібереді.
      Тиісті дәрежеде уәкілдік ететін төменде қол қоюшылар осыны растап, 14-баптың 1-тармағында көрсетілгендей, қол қою үшін ашық осы Конвенцияға қол қойды.
      Бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы қыркүйек айының жиырма алтысы күні Венадағы арнаулы сессияда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас конференциясы қабылдады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады