"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 24 желтоқсандағы № 2171 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы

      1-бап. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 10, 35-құжат; 2007 ж.,  № 4, 34-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) дәйектеу - келіссөздерге қатысушы әрбір тараптың өкілетті өкілдерінің халықаралық шарт мәтінімен келісу белгісі ретінде келісілген халықаралық шарттың жобасына немесе оның жекелеген нормаларына инициалдарымен алдын ала қол қоюы, не халықаралық шарт мәтінінің тең түпнұсқалығын анықтау тәсілдерінің бірі;
      2) депозитарий - халықаралық шарттың түпнұсқасы сақтауға тапсырылатын және осы халықаралық шартқа қатысты халықаралық құқық нормаларында көзделген функцияларды орындайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе оның басты атқарушы лауазымды адамы;
      3) ескертпе - көпжақты халықаралық шартқа қол қою, ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оған қосылу кезінде мемлекет немесе халықаралық ұйым кез келген тұжырыммен және кез келген атаумен бір жақты жасаған мәлімдеме, осы мәлімдеме арқылы осы мемлекет немесе осы халықаралық ұйым халықаралық шарттың белгілі бір ережелерінің заңдық күшін олардың аталған мемлекетке немесе аталған халықаралық ұйымға қолданылуына қатысты жоюды немесе өзгертуді қалайды;
      4) келіссөздерге қатысушы тарап - халықаралық шарт мәтінін жасауға немесе қабылдауға қатысқан мемлекет немесе халықаралық ұйым;
      5) күшін жою - Қазақстан Республикасының өзі жасасқан халықаралық шарттан тиісінше ресімдеп бас тартуы және Қазақстан Республикасы халықаралық шартының қолданылуын тоқтату тәсілінің бірі;
      6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты - Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқық реттейтін халықаралық келісім;
      7) Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімі - халықаралық шарттардың түпнұсқалары мен куәландырылған көшірмелерін, олардың деректемелері мен Сыртқы істер министрлігі айқындайтын олар туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі;
      8) қол қою - халықаралық шартты жасасу сатысы немесе егер халықаралық шартта қол қоюдың осындай күші бар екендігі көзделген немесе Қазақстан Республикасы мен келіссөздерге қатысушы басқа да тараптардың қол қоюдың осындай күшке ие болуға тиіс екендігі туралы уағдаластығы өзге де жолмен белгіленген, немесе Қазақстан Республикасының қол қоюға осындай күш беру ниеті оның өкілінің өкілеттігінен туындаған және (немесе) келіссөздер кезінде білдірілген жағдайда халықаралық шарттың өзі үшін міндеттілігіне Қазақстан Республикасының келісім білдіру тәсілі;
      9) мемлекетішілік рәсімдер - халықаралық шартты Қазақстан Республикасы Парламентінің ратификациялауы, Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуі немесе қабылдауы;
      10) өкілеттік - халықаралық шарттың мәтінін қабылдау немесе оның тең түпнұсқалығын белгілеу;
      халықаралық шартқа қол қою;
      Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіру;
      шартқа қатысты өзге де әрекет жасау мақсатында Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының немесе құзыретті органының шешімі негізінде жүзеге асырылатын және келіссөздерге қатысушы тарапқа не депозитарийге тапсырылатын, өкілеттілік сертификатымен тиісінше ресімделген бір адамның немесе бірнеше адамның Қазақстан Республикасы атынан өкілдік ету құқығы;
      11) ратификациялау, бекіту, қабылдау және қосылу - жағдайға байланысты осындай атауы бар, тиісті нормативтік құқықтық акті негізінде жасалатын халықаралық акт, ол арқылы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттың өзі үшін міндеттілігіне халықаралық тұрғыдан өзінің келісімін білдіреді;
      12) уағдаласушы тарап - халықаралық шарттың күшіне енгеніне немесе енбегеніне қарамастан халықаралық шарттың өздері үшін міндетті екендігіне келіскен мемлекет немесе халықаралық ұйым;
      13) халықаралық ұйым - мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым;
      14) халықаралық шарт жасасу - Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіруі;
      15) халықаралық шарттың тең түпнұсқа мәтіні - келіссөздерге қатысушы тараптар немесе уағдаласушы тараптар түпнұсқа (түпкілікті нұсқа) ретінде қарайтын халықаралық шарт мәтіні.»;
      2) 2-баптың 3) тармақшасындағы «Қазақстан Республикасының Президентіне» деген сөздердің алдынан «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған өз құзыреті шегінде» деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 4-бап мынадай редакцияда жызылсын:
      «1. Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша осы шарттармен реттелетін құқық қатынастарына қарай ғылыми (құқықтық, экологиялық, қаржылық және басқа) сараптама жүргізілуі мүмкін.
      Міндетті ғылыми сараптама ратификациялауға жататын:
      халықаралық шарттардың жобалары бойынша - оларға қол қойылғанға дейін;
      Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар бойынша - оларды ратификациялау немесе оларға ратификациялау жолымен қосылу туралы шешім қабылданғанға дейін жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша ғылыми сараптама жүргізу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      2. Ғылыми сараптаманы Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттың жобасын дайындауға қатысқан немесе жасасылуына бастамашы болған адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми ұйымдар және (немесе) тиісті бейіндегі жоғары оқу орындары, қаралатын халықаралық шарттың немесе жобаның мазмұнына қарай ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын, соның ішінде шетелдік бір немесе бірнеше сарапшылар (сарапшы комиссия) жүргізеді.
      3. Ғылыми сараптама:
      1) Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттың немесе халықаралық шарт жобасының сапасын, негізділігін, уақытылылығын және оған қатысудың заңдылығын бағалау;
      2) Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шартта немесе халықаралық шарттың жобасында адамның  және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
      3) Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттың, сондай-ақ халықаралық шарт жобасының ықтимал тиімділігін айқындау;
      4) халықаралық шарт жасасудың ықтимал теріс салдарын анықтау мақсатында жүргізіледі.
      4. Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша сараптама жүргізу туралы шешім:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының тапсырмасы негізінде;
      2) халықаралық шарт жасасу туралы ұсыныс жасаған орталық мемлекеттік органның бастамасы бойынша, сондай-ақ осы Заңның 3-бабында көзделген тәртіппен халықаралық шарттың немесе халықаралық шарт жобасының келісілуін жүзеге асыратын басқа да орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша қабылданады.»;
      4) 5-бапта:
      1-тармақта:
      1) тармақша «Қазақстан Республикасының Президентіне - » деген сөздерден кейін «оларға қол қойылғанға, олар бекітілгенге, қабылданғанға немесе оларға қосылғанға дейін он төрт күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын;
      2) тармақша «Қазақстан Республикасының Үкіметіне» деген сөздерден кейін «оларға қол қойылғанға, олар бекітілгенге, қабылданғанға немесе оларға қосылғанға дейін он төрт күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақ «қосылу туралы» деген сөздерден кейін «оларға қол қойылғанға, олар бекітілгенге, қабылданғанға немесе оларға қосылғанға дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан он төрт күнтізбелік күннен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының атынан отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақ «қаулы қабылдап,» деген сөздерден кейін «оларға қол қойылғанға, олар бекітілгенге, қабылданғанға немесе оларға қосылғанға дейін он төрт күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын;
      6-тармақтың 6) тармақшасында «жасасу тәсіліне қарай - » деген сөздерден кейін «осы Заңның 3-бабында белгіленген тәртіппен келісілген» деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай редакциядағы 7-тармақпен толықтырылсын:
      «7. Халықаралық шарттардың жобалары мәтіндерінің тең түпнұсқалығын оны әзірлеуге жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы қамтамасыз етеді.»;
      5) 20-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелердің орындалуын және Қазақстан Республикасы құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықаралық шарттарға басқа да қатысушылардың өз міндеттемелерін орындауын қадағалайды.»;
      6) 22-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасының мүдделі орталық мемлекеттік органдары халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныс енгізілген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен енгізеді.»;
      7) 25-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.».

      2-бап. Осы Заң алғаш рет ресми жариялағаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады