Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы қызмет көрсету нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 наурыздағы № 300 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 435 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.07.2016 № 435 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 691 бұйрығын қараңыз.

      «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы қызмет көрсету нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     C. Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2013 жылғы 29 наурыздағы
№ 300 қаулысымен    
бекітілген      

Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы қызмет
көрсету нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы қызмет көрсету нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы қызмет көрсету нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі тәртібін айқындайды.
      2. Қағидалар олардың меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан, электр энергиясының көтерме сауда нарығының барлық субъектілеріне қолданылады.
      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) авариялық бұзылыс – электр қондырғысы немесе оның элементтерi жұмысының технологиялық параметрлерiнiң олардың iстен шығуын немесе пайдалану кезiнде зақымдануын туындатқан, жол беруге болмайтын ауытқулары;
      2) коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі – өлшем құралдарының және электр энергиясын өлшеуге, жинақтауға, өңдеуге, сақтауға және есепке алу деректерін беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешеннің жиынтығы;
      3) диспетчер – төмен тұрған диспетчерлік орталықтың диспетчеріне немесе электр энергетикасы субъектілерінің жедел персоналына тиісті диспетчерлік орталықтың операциялық аймағында электр энергетикасының режимі мен электр жабдығын, құрылғылары мен электр желілерін пайдаланудың жай-күйін басқару жөнінде диспетчерлік орталықтың атынан командалар мен өкімдер беруге уәкілетті қызметкер;
      4) диспетчерлік команда – жоғары тұрған диспетчерлік орталықтың диспетчері байланыс арналары арқылы төмен тұрған диспетчерлік орталықтың диспетчеріне немесе электр энергетикасы субъектілерінің жедел персоналына технологиялық жұмыс режимдері мен электр жабдығын, құрылғылары мен электр желілерін пайдалану жай-күйін басқару жөнінде нақты іс-қимыл (іс-қимылдар) жасауға (жасаудан қалыс қалуға) нұсқау;
      5) электр энергиясын сатып алу/сату шарты – электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасында белгіленген кезеңде оларды табиғи жеткізумен электр энергиясын сатып алуға/сатуға жасалатын келісім;
      6) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi – Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенiмдi және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететiн электр станцияларының, электр беру желiлерi мен шағын станциялардың жиынтығы (бұдан әрі – Қазақстан БЭЖ-і);
      7) Қазақстан БЭЖ-нің қалыпты жұмыс режимі – режимді жоспарлау кезінде көзделген электр энергетикасы жүйесінің барлық элементтері жұмыс істейтін және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес электр энергиясының барлық тұтынушыларын электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін қалыптасқан жұмыс режимі;
      8) электрмен жабдықтауды шектеу – тұтынушыға электр энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтату;
      9) оралымды басқару – көрсетілген жабдықтың, құрылғылар мен электр желілерінің пайдаланылу жай-күйі тиісті диспетчерлік орталық диспетчерінің командасы бойынша ғана өзгертілетін электр жабдығын, құрылғылар мен электр желілерінің пайдаланылу жай-күйін басқаруды ұйымдастыру;
      10) жедел жүргізу – көрсетілген жабдықпен, құрылғылармен және электр желілерімен операцияларды орындау қарамағында көрсетілген жабдық пен құрылғы бар жедел-диспетчерлік басқарудың жоғары тұрған диспетчерінің рұқсатымен жүргізілетін электр жабдығының, құрылғылар мен электр желілерінің пайдаланылу жай-күйін басқаруды ұйымдастыру;
      11) Қазақстан БЭЖ-нің авариядан кейінгі жұмыс режимі – электр энергетикасы жүйесінің зақымданған элементін авариялық ажыратудан кейін туындайтын және қалыпты жұмыс режимін қалпына келтіргенге дейін жалғасатын қалыптасқан режим;
      12) Қазақстанның БЭЖ-і электр қуатының резервi – шартта көзделген талаптарға сәйкес келетін қажетті құрылымы, шамасы, сондай-ақ диспетчерлендiруге дайындық дәрежесi бар энергия өндiрушi ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;
      13) жоспарлау жүйесі – электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын өндіру-тұтыну жөніндегі өтінімдерін бір күн бұрын беру, электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік кестесін қалыптастыру, сондай-ақ күнбе-күн өтінімдерін (бекітілген тәуліктік кестесін түзету) беруге арналған бағдарламалық-техникалық құралдар жиынтығы;
      14) жүйелiк оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелік қызмeттep көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;
      15) жүйелік шектеулер – Қазақстан БЭЖ-нің технологиялық жұмыс істеу параметрлерінің шекті рұқсат етілетін мәндері;
      16) электр энергиясын өндiрудің-тұтынудың тәулiктiк кестесi – электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарықтарындағы көтерме сауда нарығына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес күнтiзбелiк әрбiр тәулiкте электр энергиясын өндiру мен тұтынудың сағат сайынғы шамаларын регламенттейтін, жүйелік оператор бекiткен құжат;
      17) технологиялық параметрлер – техникалық құрылғының, жүйенің, құбылыстың немесе процестің қандай да бір қасиеттерін сипаттайтын физикалық шамалар;
      18) Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты балансы (бұдан әрі – нақты баланс) – жүйелік оператор есепті кезеңде жасаған электр энергиясының орталықсыздандырылған және орталықтандырылған сауда нарықтарында, теңгерімдеуші нарығында өндірілген, берілген және тұтынылған электр энергиясының көлемін атаулы бөлуді белгілейтін құжат. Нақты баланс Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасында өзара есеп айырысу жүргізу үшін негіз болып табылады;
      19) орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару – жүйелiк оператор жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi сенiмдiлiгiнiң нормативтiк деңгейiн және электр энергиясының нормативтiк сапасының сақталуын қамтамасыз ететiн энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келiсiлген жұмысын үздiксiз басқару процесі.
      4. Жүйелік оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілеріне шарт негізінде жүйелік қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді:
      1) техникалық қызмет көрсету мен оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды қамтамасыз ете отырып, ұлттық электр желiсi бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызмет көрсету;
      2) электр энергиясын өндiрудің-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасау мен тәулiктiк кестесiн қалыптастыруды қоса алғанда, Қазақстан БЭЖ-нің жұмыс режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыра отырып, электр энергиясын желіге босату мен оны тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөніндегі қызмет көрсету;
      3) электр қуатын резервтеу жөніндегі қызмет көрсету;
      4) Қазақстан БЭЖ-нің электр энергиясын өндіру/тұтыну теңгерімін ұйымдастыру жөніндегі қызмет көрсету.
      5. Жүйелік оператор шарт негізінде электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы қызмет көрсетудің мынадай түрлерін сатып алады:
      1) электр қуаты резервтерін әзірлікте ұстап тұру жөніндегі қызмет көрсету;
      2) қуатты (жиілікті) реттеу жөніндегі қызмет көрсету.
      6. Жүйелік оператор жүйелік қызмет көрсетуді электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерімен жасасқан шарттар негізінде көрсетеді. Жүйелік оператор көрсететін жүйелік қызметтерге арналған тарифтер табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен айқындалады.

2. Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік қызмет көрсету
нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуі тәртібі

      7. Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер электр энергиясын белгілі бір уақыт кезеңінде (апта, ай, тоқсан, жыл) жеткізумен, екіжақты сатып алу-сату мәмілелерін жасасқан көтерме сауда нарығының субъектілеріне көрсетіледі.
      8. Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде жүйелік оператор:
      1) белгіленген тәртіппен бекітілген Электр желілік қағидаларға сәйкес жалғануға техникалық талаптарды орындаған электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр қондырғыларын ұлттық электр желісіне қосуды қамтамасыз етеді;
      2) шартта келісілген теңгерімді тиесілілік есепке алу нүктелеріндегі бөлу шекараларында, көлемде және мерзімде субъектінің электр энергиясын ұлттық электр желісіне қабылдауды жүзеге асырады;
      3) шартта келісілген теңгерімді тиесілілік есепке алу нүктелеріндегі бөлу шекараларында, көлемде және мерзімде субъектінің электр энергиясын ұлттық электр желілерінен беруді жүзеге асырады;
      4) ұлттық электр желісін жұмысқа жарамды күйде ұстап тұрады;
      5) ұлттық электр желісінің ағымдағы дамуын, пайдаланылуы мен қызмет көрсетуін, ұлттық электр желісіне инвестициялар жоспарлауды жүзеге асырады;
      6) релелік қорғау және аварияға қарсы автоматика жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді, оларды пайдалану әзірлігінде ұстап тұру және дамытуды жүзеге асырады;
      7) Қазақстан БЭЖ-дегi электр энергиясының стандартты жиiлiгін ұстап тұруға бағытталған шараларды орындайды;
      8) ұлттық электр желісі шегінде электр энергиясын коммерциялық есепке алуды қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты теңгерімін жасайды;
      9) электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына кедергісіз қолжетімділікті ұсынады;
      10) электр энергиясын өндіру-тұтыну режимінің тәуліктік кестесін қалыптастыру үшін сатып алынатын электр энергиясының шарттық көлемдері бойынша электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерінен өтінімдер қабылдайды;
      11) электр энергиясын беру және тұтыну режимдерін жүргізу бойынша өкімдер береді.
      9. Жүйелік оператордан электр энергиясын беру жөніндегі қызмет көрсетуді сатып алатын электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері:
      1) жүйелік операторға электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына кедергісіз қолжетімділікті ұсынады;
      2) Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясының стандарттық жиілігін ұстап тұруға бағытталған нормативтік талаптарды орындайды;
      3) ток қабылдағыштардың және электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының тиісті жай-күйін ұстап тұрады;
      4) жүйелік оператордың электр энергиясын беру және тұтыну режимін жүргізу жөніндегі нұсқауларын орындайды;
      5) осы Қағидалардың 32-тармағына сәйкес бекітілетін нұсқаулықтардың ережелерін орындайды;
      6) жүйелік операторға электр энергиясын беруге арналған болжамды айлық (ай басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын), тоқсандық (тоқсан басталғанға дейін күнтізбелік 60 күн бұрын), жылдық (жыл басталғанға дейін күнтізбелік 150 күн бұрын) өтінімдерді береді;
      7) шектес елдердің электр желілері арқылы электр энергиясының импорты, экспорты және/немесе транзиті жағдайында қажетті кедендік рәсімдерді орындайды;
      8) энергия беруші ұйымдармен коммерциялық есепке алудың бірыңғай өлшемін сақтау, электр желілерінің теңгерімді тиесілігі шекарасында коммерциялық есепке алудың жүйелік оператордың автоматтандырылған коммерциялық есепке алу жүйесімен үйлесімдігі мәселелерін келіседі.
      10. Жүйелік оператор электр энергиясын беру жөніндегі қызмет көрсетуді толық немесе ішінара тоқтатуды мынадай:
      1) электр энергиясын беру жөніндегі қызмет көрсетуді тоқтатқанға дейін кемінде 72 сағат бұрын алдын ала жазбаша түрде хабардар ете отырып, көтерме сауда нарығының субъектісі ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсетуге ақы төлеу жөніндегі шарт талаптарын бұзған;
      2) ұлттық электр желісінде жөндеу жұмыстары жүргізілген және басқа бағыттар бойынша электр энергиясын беру мүмкін болмаған;
      3) ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беруді жүзеге асыруға кедергі келтіретін технологиялық бұзылыс туындаған жағдайларда жүргізеді.
      11. Жүйелік оператор электр энергиясын беру жөніндегі қызмет көрсетуді тоқтатуды электр энергиясын беру жөнінде қызмет көрсетуге арналған шартта, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда, электр энергиясын толық немесе ішінара тұтыну режимін шектеу жолымен жүргізеді.
      12. Тұтыну режимін толығымен шектеу көтерме сауда нарығының субъектісіне электр энергиясын беруді тоқтату жолымен жүзеге асырылады. Көтерме сауда нарығының субъектісіне электр энергиясын беруді тоқтату жүйелік оператордың объектілерінде ажыратып-қосуды жүзеге асыру не көтерме сауда нарығы субъектісінің электр қондырғыларын ұлттық электр желісінен не энергия беруші ұйымның желілерінен ажырату жолымен жүргізіледі.
      13. Тұтыну режимін ішінара шектеу көтерме сауда нарығының субъектісіне тәуліктік кестеде айқындалған көлеммен салыстырғанда, электр энергиясының көлемін азайту не тәулік, апта немесе ай ішінде айқындалған кезеңде көтерме сауда нарығының субъектісіне электр энергиясын беруді тоқтату жолымен жүзеге асырылады.
      14. Жүйелік оператор электр энергиясын желіге беру мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызмет көрсетуді энергия өндіруші ұйымдарға, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы, энергияны беруші ұйымдарға және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден электр энергиясын жеткізуді (импорт) жүзеге асыратын тұтынушыларға көрсетеді.
      15. Техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде жүйелік оператор:
      1) заңға және осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан БЭЖ-нің құрамында электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр қондырғыларының жұмыс режимдерін үздіксіз орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды;
      2) оралымды-диспетчерлік басқару, телемеханика және байланыс жабдықтары мен құрылғыларына, жедел-ақпараттық кешенге техникалық қызмет көрсету және оларды пайдалану әзірлігінде ұстауды;
      3) Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясы сапасының стандарттарымен белгіленген көрсеткіштерін қолдауға бағытталған нормативтік талаптарды орындауды;
      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген талаптарға жауап беретін электр энергиясының коммерциялық есепке алынуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      16. Жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-ін орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқару процесінде:
      1) электр энергиясын сатып алу-сату, беру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеу шарттарының талаптарын іске асыратын Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну режимдерін басқаруды;
      2) электр энергиясының мемлекетаралық ағындарының режимдерін басқаруды;
      3) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзылуды болдырмауды, оқшаулау мен жоюды қамтамасыз етуді;
      4) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде қуат резервтерін оралымды басқаруды;
      5) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сенімді және орнықты жұмысын қамтамасыз ететін релелік қорғау, аварияға қарсы және режимдік автоматика жүйелерінің құрылымын, қағидаттарын, орналасу орындарын, көлемдері мен орнатылуын айқындауды;
      6) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік кестелерін қалыптастыруды және бекітуді;
      7) электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты теңгерімдерін жасауды жүзеге асырады.
      17. Жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясын өндіру, беру мен тұтыну режимдерін басқаруды:
      1) электр схемалары мен режимдері, релелік қорғау, аварияға қарсы автоматика және автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі бөлігінде Қазақстан БЭЖ-ін дамыту схемалары, ірі электр станциялары мен жүйе құраушы желілік объектілер бойынша техникалық тапсырмалар мен жобалық әзірлемелерді келісу, жобаларды сараптауға қатысу;
      2) электр станциялары мен электр желілерде, технологиялық басқару, релелік қорғау және автоматика жүйелерінің негізгі жабдықтарын жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жағдайларды жоспарлау және дайындау;
      3) электр энергиясының көтерме сауда нарығында жасалған шарттардың талаптарын бұзатын электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілеріне шектеулерді енгізу жөніндегі шараларды әзірлеу;
      4) шектес мемлекеттердің диспетчерлік орталықтарымен, электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жедел-диспетчерлік құжаттарды әзірлеу;
      5) оралымды-диспетчерлік басқару аймағына кіретін Қазақстан Республикасының шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік кешенін электрмен жабдықтау жай-күйі туралы электр энергетикасы және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы мемлекеттік органдарды ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
      6) оралымды-диспетчерлік басқару аймағына кіретін су электр станциялары мен су қоймаларын пайдалану режимдерінің мониторингілеу;
      7) жүйелік оператордың құзыретіне кіретін нұсқаулық материалдарды әзірлеу және олармен орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқару жүйесінің барлық құрылымдарын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырады.
      18. Жүйелік оператор мемлекетаралық электр энергиясының ағындарын басқаруды:
      1) шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатар жұмысты қамтамасыз етуге байланысты жасалған шарттар мен келісімдер талаптарының мониторингін жүргізу және оларды орындау;
      2) мемлекетаралық электр беру желілері бойынша электр энергиясын жеткізуге және беруге арналған шарттарға техникалық сараптама жүргізу және олардың талаптарының орындалуын бақылау;
      3) мемлекетаралық электр энергиясы ағындарының келісілген мәндерінен ауытқуын реттеу арқылы жүзеге асырады.
      19. Орталықтандырылған диспетчерлік басқару мынадай тәсілмен жасақталған көп деңгейлі құрылым негізінде жүзеге асырылады:
      1) Қазақстан БЭЖ-інде орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқарудың бірыңғай жүйесіндегі ең жоғарғы басқару деңгейі болып табылатын жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы;
      2) орталықтандырылған диспетчерлік басқару процесінде Қазақстанның жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығынан бағынатын жүйелік оператордың өңірлік диспетчерлік орталықтары;
      3) орталықтандырылған диспетчерлік басқару процесінде Қазақстанның жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығына, жүйелік оператордың өңірлік диспетчерлік орталықтарына бағынатын өңірлік электржелілік компаниялардың, энергия өндіруші ұйымдардың, электр энергиясының көтерме сауда нарығы тұтынушыларының диспетчерлік бөлімшелері.
      20. Жүйелік оператор орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде технологиялық байланыс, релелік қорғау және автоматика құралдарын, телемеханика мен объектілерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін құру, дамыту және ұйымдастыру құрылымын, олардың жұмыс режимдерін, электр энергиясын есепке алу мен электр энергиясын тұтынуды басқаруды анықтайды.
      21. Оралымды-диспетчерлік басқарудың әрбір деңгейі үшін электр беру желілерін, жабдық пен құрылғыларды басқарудың екі санаты: оралымды басқару мен оралымды жүргізу белгіленеді.
      22. Оралымды-диспетчерлік басқарудың тиісті деңгейіндегі диспетчердің жедел басқаруында олармен операциялар жүргізу бағыныстағы оралымды-диспетчерлік персоналдың іс-қимылдары мен оралымды бағыныстың түрлі деңгейіндегі бірнеше объектілерде келісілген өзгерістерді үйлестіруді талап ететін жабдық, электр беру желісі, релелік қорғау құрылғысы, аварияға қарсы және режимдік автоматика жүйелерінің аппаратуралары, диспетчерлік және технологиялық басқару құралдары болады.
      23. Диспетчердің жедел иелігінде жай-күйі мен режимі электр станциялары мен энергия жүйелерінің қуаты мен резервіне, желілердің режимі мен сенімділігіне, сондай-ақ аварияға қарсы автоматиканы ретке келтіруге әсер ететін жабдық, электр беру желілері, релелік қорғау құрылғылары, аварияға қарсы және режимдік автоматика жүйелерінің аппаратурасы, диспетчерлік және технологиялық басқару құралдары, жедел-ақпараттық кешендер болады.
      24. Барлық электр беру желілері, электр станциялары мен желілердің жабдықтары мен құрылғылары диспетчерлік басқару деңгейлері бойынша бөлінеді.
      25. Кезекші диспетчердің жедел басқаруындағы және иелігіндегі электр беру желілерінің, электр станциялары мен желілердің жабдығы мен құрылғыларының тізбесі меншік түріне қарамастан, жоғары тұрған жедел-диспетчерлік ұйымның немесе бөлімшенің шешіміне сәйкес жасалады және оны осы ұйымның техникалық басшысы бекітеді.
      26. Жүйелік оператордың жедел иелігінде жай-күйі мен режимі өңірлік көтерме сауда тұтынушыларына ұлттық электр желісі бойынша қуатты беруге және аумақтармен ықпалдастырылған электр станцияларынан қуатты беруге әсер ететін электр беру желілері, жабдық, релелік қорғау және автоматика мен аварияға қарсы автоматика құрылғылары, диспетчерлік және технологиялық басқару құралдары болады.
      27. Жабдық, релелік қорғау және автоматика, аварияға қарсы автоматика құрылғылары аталған оралымды буында не жедел басқаруда, не жедел иелікте ғана болады. Желінің қандай да бір элементін ажырату үшін жұмыс істеп тұрған (сөндіру фактісі бойынша) релелік қорғау және автоматика мен аварияға қарсы автоматика құрылғыларының жедел басқару шекарасы аталған элементті жедел басқарудың шекараларымен сәйкес келеді.
      28. Электр беру желілері, оларды іске қосу, қорғау, аварияға қарсы автоматика жүйелік оператордың, өңірлік электр желілік компанияның жедел басқаруында болады, бұл ретте желілердің жалғанымдары энергия объектілеріндегі кезекші персоналдың жедел басқаруында болады.
      29. Әрбір энергия объектісінде (электр станциялары, электр желілері) жабдықтарды тәулік бойы жедел басқару ұйымдастырылады:
      1) жұмыстың талап етілетін режимін жүзеге асыру;
      2) ауыстырып қосуларды, іске қосулар мен тоқтатуларды жүргізу;
      3) технологиялық бұзылыстарды оқшаулау мен жұмыстың берілген режимін қалпына келтіру;
      4) жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындау.
      30. Оралымды-диспетчерлік басқару жедел схемалармен жинақталған диспетчерлік және технологиялық басқару құралдарымен және бақылау жүйелерімен жабдықталған диспетчерлік пункттер мен басқару қалқандарынан жүзеге асырылады.
      31. Оралымды-диспетчерлік басқарудың әрбір деңгейінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген Қазақстанның біртұтас электр энергетикасы жүйесінде авариялық бұзылыстарды болдырмау және оны жою жөніндегі қағидалардың негізінде электр энергиясы нарығын ұйымдастыру ерекшелігі ескеріле отырып, оралымды-диспетчерлік басқару, жедел келіссөздер мен жазбаларды жүргізу, ауыстырып қосу және авариялық режимдерді жою жөніндегі нұсқаулықтар әзірленеді.
      32. Оралымды-диспетчерлік басқарудың түрлі деңгейлерінің өзара іс-қимыл жасауы оралымды-диспетчерлік басқарудың жоғары тұрған бөлімшесі бекіткен орындалуы міндетті тиісті нұсқаулықтармен реттеледі. Нұсқаулықтарда мыналар:
      1) электр беру желілері мен жабдықтарды диспетчерлік басқару тәсілімен бөлу;
      2) электр станциялардың, электр беру желілері жұмысының берілген режимдерін жүргізу;
      3) электр энергиясы нарығындағы оралымды-диспетчерлік басқару;
      4) байланыс пен телеөлшеулерді жеткізуді ұйымдастыру;
      5) жедел және технологиялық ақпараттарды беру;
      6) электр желілері жұмысының орнықтылығын және қалыпты режимдерін есептеу әдіснамасы;
      7) аварияға қарсы автоматика және релелік қорғау мен автоматика құрылғыларын ретке келтірудің негізгі өлшемдерін есептеу әдіснамасы;
      8) желілерді, жабдықтар мен аварияға қарсы автоматика және релелік қорғау мен автоматика құрылғыларын жөндеуге келісу;
      9) қатар жұмысты ұйымдастыру, ауыстырып қосуларды жүргізу, технологиялық бұзылыстарды жою мен релелік қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын техникалық пайдалану мәселелері бойынша құжаттар әзірлеу және келісу;
      10) тәуліктік кестеде берілген режимді жасау және орындау;
      11) жиілік пен кернеуді реттеу;
      12) жедел ажыратып қосуларды жүргізу, сынақтар өткізу;
      13) жедел өтінімдерді беру;
      14) технологиялық бұзылыстарды жою;
      15) технологиялық бұзылыстар, жазатайым оқиғалар туралы ақпараттар беру;
      16) диспетчерлік басқару бойынша өздерінің негізгі міндеттерін орындау кезіндегі құқықтар мен жауапкершіліктерді бөлу белгіленеді.
      33. Барлық деңгейлердегі жедел келіссөздер бірыңғай терминологияны, үлгілік өкімдерді, хабарламаларды қолдана отырып жүргізіледі және жедел-диспетчерлік құжаттамаға, сондай-ақ магнитофондық таспаға, компьютерге жазбалармен тіркеледі.
      34. Оралымды диспетчерлік басқару субъектілері орталықтандырылған диспетчерлік басқару процесінде:
      1) орталықтандырылған-диспетчерлік басқару жүйесі нормаларының сақталуын;
      2) электрмен жабдықтауға жасалған шарттар бойынша жүйелік оператор белгілеген режимдердің сақталуын;
      3) жүйелік операторды электр энергиясының нақты теңгерімдерін жасау үшін қажетті дұрыс және уақтылы ақпаратпен;
      4) жүйелік оператордың жедел басқаруындағы Қазақстан Республикасының электр станциялары жабдықтарын жөндеу кестелерінің сақталуын;
      5) жүйелік оператордың жедел басқаруындағы, иелігіндегі релелік қорғау, автоматика және аварияға қарсы автоматика құрылғылары жұмыс режимдерінің және схемаларының сақталуын;
      6) Қазақстан Республикасы Су ресурстары комитеті белгілеген су қоймаларынан суды жіберу, Гидроқұрылыстарды пайдалану қағидаларының орындалуын;
      7) аварияға қарсы автоматика жүйелері мен аспаптарын, автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі, релелік қорғау және автоматика құралдарын орналастыру және орнату жөнінде жүйелік оператордың нұсқауларының орындалуын және олардың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
      35. Жүйелік оператор оралымды-диспетчерлік басқару процесінде тәуліктік кестені жасайды, ол күн сайын алдағы операциялық тәуліктерге жасалады. Сенбіге, жексенбі мен дүйсенбіге арналған тәуліктік кесте жұма күні, мерекелік күндерге – мерекенің алдындағы жұмыс күні жасалады.
      36. Тәуліктік кестеде есептік тәуліктің әрбір сағатына өндірілетін және тұтынылатын электр энергиясының көлемі (электр қуатының орташа сағаттық мәні) көрсетіледі.
      37. Тәуліктік кестені жүйелік оператор жобалау жүйесінің web-сайтында:
      1) электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері жобалау жүйесіне берген және электр энергиясының орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығында жасалған шарттарға және орталықтандырылған сауда нарығында жасалған мәмілелерге сәйкес қалыптасқан алдағы тәуліктің әрбір сағатына арналған электр энергиясын өндіру-тұтыну жөніндегі;
      2) басқа мемлекеттердің энергия жүйелерінің энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарынан түскен өтінімдер негізінде қалыптастырады.
      38. Тәуліктік кестеде операциялық тәуліктегі 24 сағаттың әрқайсысы үшін жоспарланған мынадай орташа сағаттық мәндер көрсетіледі:
      1) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда және оның ішінде өңірлер мен жекелеген электр станциялар бойынша электр энергиясын өндіру;
      2) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда және оның ішінде өңірлер бойынша электр энергиясын тұтыну;
      3) шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен электр энергиясының сальдо-ағындары;
      4) әрбір электр станцияның жеке мұқтаждағына арналған электр энергиясының шығысы;
      5) әрбір энергия өндіруші ұйымнан түскен оның әрбір келісімшарт жасаған тұтынушысы – электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі бойынша бөле отырып, сатып алу/сатудың екі жақты шарттары, орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша жеткізіп беруді ескеретін, электр энергиясын жеткізудің сағаттық көлемдері;
      6) әрбір өнім берушіге, оның ішінде электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығының нәтижелері бойынша бөле отырып, әрбір тұтынушының жүктемесі;
      7) ұлттық электр желісінде, өңірлік және жергілікті деңгейдегі электр желілерінде электр энергиясының технологиялық шығысының орнын толтыруға арналған электр энергиясының көлемдері;
      8) гидроэлектр станцияларындағы сулардың шығыстары;
      9) бақыланатын қималар бойынша электр энергиясының ағындары.
      39. Тәуліктік кесте жасау кезінде солтүстік энергия көздерінен Қазақстанның оңтүстік аймағының көтерме сауда нарығының субъектісі мәлімдеген электр энергиясын жеткізу көлемі Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетінің осы субъекті үшін бөлінген көлемінен аспауы тиіс.
      40. Жүйелік оператор жоспарлау жүйесінде қабылданған өтінімдерді мәлімделген жеткізілімдердің негізділігін растау үшін өзі тіркеген жүйелік және қосалқы қызметтерді көрсетуге, оның ішінде электр қуаттарын беруге, теңгерімдеуге, дайындығын қамтамасыз етуге арналған шарттармен салыстырады. Жүйелік оператор берілген өтінімдердің Қазақстан БЭЖ-і жұмысының орнықтылығы және сенімділігі өлшемдеріне сәйкес техникалық іске асырылуы мәніне техникалық сараптаманы жүзеге асырады.
      41. Жүйелік оператор өтінімді мына жағдайларда:
      1) жүйелік оператор тіркеген жүйелік қызмет көрсетуге арналған шарттар болмаған;
      2) өтінім осы Қағидаларда белгіленген мерзімнен кешіктіріліп берілген;
      3) өтінімдердің Қазақстан БЭЖ-і жұмысының орнықтылығы мен сенімділігі өлшемдеріне сәйкес келмеген;
      4) Қазақстанның оңтүстік аймағының көтерме сауда нарығының субъектілеріне электр энергиясын беруге арналған өтінімдер осы Қағидалардың 45-тармағына сәйкес бөлінген Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетінің көлеміне сәйкес келмеген кезде бас тартады.
      42. Көтерме сауда тұтынушысы мен энергия өндіруші ұйымның өтінімдерінде жеткізу көлемі сәйкес келмеген жағдайда жүйелік оператор мәлімделген көлемдердің ең төменгісін есепке алады.
      43. Гидроэлектр станциялары рұқсат етілген су шығындарын бұзған жағдайда жүйелік оператор станцияның өтінімін пысықтау үшін қайтарады.
      44. Жүйелік оператор электр энергиясын өндіру аралығында теңгерімдеу болмаған кезде станциялардың жеке және технологиялық қажеттіліктеріне кететін шығыс пен тұтынушыларға жеткізілетін жиынтық көлемді ескере отырып, сондай-ақ мәлімделген өндіру станцияның жұмыс істеп тұрған жабдықтарының техникалық сипаттамаларына сәйкес келмеген жағдайда энергия өндіруші ұйымның электр энергиясын жеткізуге арналған өтінімін пысықтауға қайтарады.
      45. Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетін бөлу тетігі мынадай:
      1) жүйелік оператор Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетінің шамасын транзиттің орнықтылығы жөніндегі техникалық талаптарға сүйене отырып, жоспарланған режимдер мен электр желілік жабдықтардағы жөндеулерді, жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасына қосылған жүктеме көлемін ескеріп, ұлттық электр желісіндегі шығындардың өтелуін шегере отырып айқындайды;
      2) жүйелік оператор тоқсан сайын Қазақстан БЭЖ-інің оңтүстік аймағының электр энергиясын өндірудің-тұтынудың (орташа сағаттық қуаты) алдағы тоқсанға арналған болжамды теңгерімін (бұдан әрі – болжамды теңгерім) өткен жылдардың осындай кезеңдеріндегі тұтыну жөніндегі нақты деректердің негізінде, тұтынудың болжамдық өзгерістері мен Жамбыл МАЭС-ін қоспағанда, оңтүстік Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының ұсынған өтінімдерін ескере отырып әзірлейді;
      3) болжамды теңгерім Жамбыл МАЭС-інің өндіруін қоспағанда, Қазақстанның оңтүстік аймағының тұтынуы мен өндіруінің арасындағы айырма ретінде электр энергиясы тапшылығының жиынтық шамасын айқындайды;
      4) болжамды теңгерім тұтынушының, оның ішінде энергиямен жабдықтау және энергия беру ұйымдарының электр энергиясы тапшылығының шамасын (орташа сағаттық қуат) өңірлік энергия көздерінің тұтынуы мен сатып алу шамасының арасындағы айырма ретінде айқындайды;
      5) бөлу коэффициенті транзиттің өткізу қабілеті шамасының электр энергиясының болжанып отырған тапшылығының жиынтық шамасына қатынасы ретінде айқындалады;
      6) тұтынушы, оның ішінде энергиямен жабдықтау, энергия беру ұйымдары үшін транзиттің өткізу қабілеті резервінің шамасы бөлу коэффициенті мен оның тапшылығының туындысы ретінде айқындалады;
      7) энергия жабдықтаушы ұйымдарды тұтынушылар ауыстырған не электр энергиясының көтерме сауда нарығына өз бетінше шыққан кезде жүйелік оператор өткізу қабілеті резервінің шамасына тиісті түзетулер енгізуді көздейді, олар тоқсан сайын жүргізілуі мүмкін;
      8) жүйелік оператор тоқсан басталғанға дейін 15 күн бұрын оңтүстік Қазақстанның электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің назарына байланыстың жедел арналары арқылы электр энергиясының болжамды тапшылығының шамасын, бөлу коэффициентін, әрбір көтерме сауда субъектісі үшін транзиттің өткізу қабілеті резервінің шамасын жеткізеді;
      9) жүйелік оператор Қазақстанның оңтүстік аймағының тұтынушылары үшін резервтелген өткізу қабілетінің шамасын Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларының нақты тұтынуының болжамнан айтарлықтай және/немесе ұзақ уақыт бойы ауытқуы, сондай-ақ Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзиті жұмыс режимінің өзгеруі жағдайларында түзетеді;
      10) уәкілетті мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды тұлғалар осы Қағидаларда көзделген оларды қолдану немесе орындау нәтижесінде заңнамалық немесе атқарушы органдар шешімдерімен өткізу қабілетін бөлу тетігін іске асыру мүмкін болмайтын орындалуы міндетті актілер немесе шешімдер оның ішінде, бірақ осымен шектелмей, Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің осы өткізу қабілетін бөлу тетігін қолдануға мүмкіндік бермейтін ұйғарымдар, бұйрықтар, қаулылар, солардың тарапынан әкімшілік немесе өзге де шек қоюлар қабылдаған жағдайда жүйелік оператор аталған актілердің немесе шешімдердің талаптарына сәйкес өткізу қабілетін бөлуді жүргізеді.
      46. Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетін барынша толығымен пайдалану мақсатында көрсетілген қима бойынша электр энергиясын жеткізуді жүйелік оператор бірқалыпты кестемен жоспарлайды.
      47. Орталықсыздандырылған сауда нарығында жасалған шарттар бойынша өтінімдер операция тәулігінің алдындағы тәуліктің сағат 11-ге дейін (бұл жерде және бұдан әрі астана уақыты) жіберіледі. Өтінімдер XML-файл түрінде жоспарлау жүйесінің web-интерфейсі арқылы жүктеу жолымен немесе электрондық пошта (e-mail) арқылы жөнелту жолымен беріледі және жүйелік оператордың web-сайтында орналастырылған электр энергиясын жеткізуге арналған өтінімдерді қалыптастыру, жеткізу, өңдеу жөніндегі нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес өңделеді. Жоспарлау жүйесінің web-интерфейсіне жүгінген кезде технологиялық іркілістер болған жағдайда өтінімдерді беру электронды пошта арқылы жүйелік оператормен келісілген электрондық мекенжайға жіберіледі. Сенбіге, жексенбі мен дүйсенбіге арналған өтінімдер жұма күні, мерекелік күндерге – мерекенің алдындағы жұмыс күні беріледі.
      48. Тәуліктің сағат 12-не дейін жүйелік оператор электр энергиясын өндірудің-тұтынудың сағаттық көлемдерінің сәйкестігін салыстырады және сәйкессіздікті айқындайды, мәлімделген көлемдерді электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерімен келісуді, келісілген деректерді енгізуді жүргізеді. Операциялық тәуліктің алдындағы тәуліктің сағат 12-нен кейін жобалау жүйесінде өтінімдерді қабылдау тоқтатылады.
      49. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығының нәтижелерін электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығының операторы өткен операциялық тәуліктің алдындағы тәуліктің сағат 14-не дейін жібереді. Сенбі, жексенбі мен дүйсенбі күнгі электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нәтижелері жұма күні, мерекелік күндерге – мерекенің алдындағы жұмыс күні беріледі.
      50. Тәуліктің сағат 16-на дейін жүйелік оператор электр энергиясының мемлекетаралық келісімшарттық ағындарының кестелерін шектес мемлекеттердің уәкілетті диспетчерлік бөлімшелерімен келіседі.
      51. Жүйелік оператор бекіткен тәуліктік кесте өткен операциялық тәуліктің алдындағы тәуліктің сағат 17-не дейін жоспарлау жүйесінің web-сайтында орналастырылады. Электр энергиясы нарығының субъектілеріне, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық операторына электрондық пошта арқылы операциялық тәуліктерге арналған көлемдерді растаушы есеп орындау үшін жіберіледі.
      52. Бекітілген тәуліктік кестеге операциялық сағат басталғаннан бұрын 2 сағаттан кешіктірілмей түзету енгізуге жол беріледі. Түзету енгізуді электр энергиясын сатып алушылар келісімшарттық өнім берушілермен келісім бойынша жоспарлау жүйесінің web-интерфейсі арқылы жүргізеді. Web-интерфейске жүгінген кезде технологиялық іркілістер болған жағдайда кейін жоспарлау жүйесіне ұсына отырып, жүйелік оператордың диспетчерлік персоналымен жедел келіссөздер арқылы түзетулер беруге рұқсат етіледі. Контрагенттермен сатып алу/сату шарттары, болжамды түзетулердің техникалық негізділігі және іске асырылуы бойынша келісім болған жағдайда, жүйелік оператор түзетуге келісім белгісін береді және тәуліктік кестеге енгізеді.
      53. Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында іске қосылған қуат резервін жүйелік оператор бекітілген тәуліктік кестеге түзету ретінде ресімдейді.
      54. Жүйелік оператор бекіткен тәуліктік кесте операциялық тәуліктің алдындағы тәуліктің сағат 17-сіне дейін жоспарлау жүйесіне орналастырылады. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілеріне, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нарығының операторына операциялық тәулікке жеткізу көлемдерін растайтын хабарлама электрондық пошта арқылы жіберіледі.
      55. Есептік кезеңнің нәтижелері бойынша жүйелік оператор Қазақстан Республикасының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгерімін қалыптастырады. Нақты теңгерімді құрастыру үшін көтерме сауда нарығының субъектілерімен беру, тұтыну көлеміне салыстыру актілерінің көшірмелері, энергия беруші компаниялардың, оның ішінде электр энергиясын қабылдаудың–босатудың жиынтық нақты теңгерімдері, өңірлік электр желілік компаниялардың, шекаралас энергия желілерімен салыстыру актілерінің көшірмелері есептік ақпарат болып табылады. Көтерме сауда нарығының субъектілері есептік ақпаратты жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығына есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін жібереді.
      56. Жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы әрбір энергия өндіруші ұйым бойынша нақты теңгерімінде:
      1) түзетулерді есепке ала отырып, тәуліктік кестеде мәлімделген электр энергиясын жеткізу көлемін;
      2) энергия өндіруші ұйым теңгерім тиесілігі шегінде коммерциялық есепке алу аспаптары тіркеген электр энергиясының нақты жеткізілген көлемін;
      3) басқа энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алу-сатудың мәлімделген және нақты көлемдерін;
      4) әрбір келісімшарттық сатып алушыға электр энергиясын сатудың мәлімделген және нақты көлемдерін;
      5) орталықтандырылған сауда-саттыққа арналған мәмілелер бойынша электр энергиясын сату (сатып алу) көлемін;
      6) қосымша өндірілген электр энергиясын сатып алушыны көрсете отырып, сатылған электр энергиясының келісімшарттан тыс (келісімшартсыз) көлемін;
      7) электр энергиясын өндіруші ұйым теңгерімнің провайдері болып табылған жағдайда, электр энергиясы теңгерімсіздігін сату (сатып алу) көлемдерін көрсетеді.
      57. Әрбір тұтынушы бойынша нақты теңгерімде, оның ішінде энергиямен жабдықтаушы және энергия жеткізуші ұйымдар бойынша жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы:
      1) шарттар бойынша электр энергиясын сатушылардың әрқайсысынан электр энергиясын сатып алудың мәлімделген және нақты көлемдерін;
      2) орталықтандырылған сауда-саттыққа арналған мәмілелер бойынша электр энергиясын сатып алу көлемін;
      3) қосымша өндірілген электр энергиясының сатушысын көрсете отырып, келісімшарттан тыс (келісімшарттық емес) тұтынылған электр энергиясының көлемін;
      4) электр энергиясын сатып алушы теңгерімнің провайдері болып табылған жағдайда, электр энергиясы теңгерімсіздігін сату (сатып алу) көлемдерін көрсетеді.
      58. Есепті айдан кейінгі айдың 20-күніне дейінгі мерзімде жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы есепті кезеңде көтерме сауда нарығында электр энергиясын сатып алу-сату операцияларын жүзеге асыратын электр энергиясының көтерме сауда нарығының барлық субъектілеріне бекітілген нақты теңгерімнің электронды көшірмесін береді.
      59. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері жүйелік оператордан техникалық диспетчерлендіру бойынша қызмет көрсетуді алу кезінде:
      1) тоқ қабылдағыштарды, электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын тиісті техникалық жай-күйде ұстап тұрады және олардың техникалық жай-күйіне қойылған заңда айқындалған талаптарды орындайды;
      2) Қазақстан БЭЖ-інде стандарттарда белгіленген электр энергиясының сапалық көрсеткіштерін қолдауға бағытталған нормативтік талаптарды орындайды;
      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген талаптарға жауап беретін электр энергиясының коммерциялық есепке алынуын қамтамасыз етеді;
      4) жүйелік оператор персоналының электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық қадағалау қызметкерлерінің заңға сәйкес электр қондырғыларының техникалық жай-күйі мен пайдалану қауіпсіздігіне бақылау жүргізуі үшін кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
      60. Техникалық диспетчерлендіру бойынша қызмет көрсетуді толық немесе ішінара тоқтатуды жүйелік оператор мынадай жағдайларда:
      1) техникалық диспетчерлендіру бойынша қызмет көрсетуді тоқтатқанға дейін кемінде 72 сағат бұрын осы көтерме сауда нарығының субъектісін алдын ала хабардар ете отырып, техникалық диспетчерлендіру бойынша қызмет көрсетуге ақы төлеу бойынша міндеттемелерді көтерме сауда нарығының субъектісі орындамаған кезде. Қызмет көрсетуді тоқтату энергия өндіруші ұйымды оқшауланған жұмысқа бөлуге дейін іске асырылады;
      2) ұлттық электр желісінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуі және басқа бағдарлар бойынша электр энергиясын беру мүмкін болмаған жағдайда;
      3) Қазақстан БЭЖ-де авариялық бұзылыстың туындауы кезінде жүргізеді.
      61. Жүйелік оператор өндіруші қуаттың тапшылығы туындаған жағдайларда қуатты резервтеу жөнінде көтерме сауда нарығының субъектілеріне қызмет көрсетеді және шартта келісілген көлемде және мерзімде резервтік қуаттың жеткізілуін жүзеге асырады.
      62. Жүйелік оператор қуатты резервтеу бойынша қызмет көрсету кезінде:
      1) шартта келісілген көлемде және мерзімде резервтік қуатты жеткізуді қамтамасыз етеді;
      2) резервтік қуатты жеткізуді күту режиміндегі қажетті шектерде ұлттық электр желісінің өткізу қабілетін қамтамасыз етеді;
      3) өндіруші қуаттың тапшылығы туындаған жағдайда резервтік қуатты сатып алудың, берудің және көтерме сауда нарығы субъектісіне жеткізудің шарттық талаптарын орындауды қамтамасыз етеді;
      4) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың болжамды теңгерімі негізінде қуатты резервтеу бойынша қызмет көрсетуге Қазақстан БЭЖ-інің қажеттілігін болжайды;
      5) Қазақстан БЭЖ-інде стандарттарда белгіленген электр энергиясы сапасы көрсеткіштері мен электр энергиясының стандарттық жиілігін қолдауға бағытталған шараларды орындайды.
      63. Қуатты резервтеу бойынша қызмет көрсетуді тоқтатуды (шектеуді) жүйелік оператор мына жағдайларда:
      1) Қазақстан БЭЖ-де авариялық бұзылыстарды болдырмау, оқшаулау және жою мақсатында;
      2) көтерме сауда нарығының субъектісі қуатты резервтеу бойынша қызмет көрсету тоқтатылғанға дейін кемінде 72 сағат бұрын алдын ала хабардар етілгеннен кейін қызмет көрсетуге ақы төлеу жөніндегі шарттарды бұзған кезде жүргізеді.
      64. Қуатты резервтеу бойынша қызмет көрсетуге ақы төлеу жасалған шарттарға сәйкес жүргізіледі.
      65. Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясын өндірудің/тұтынудың теңгерімін ұйымдастыру бойынша жүйелік қызметтерді тұтынушыларға, энергия жеткізуші, энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға жасалған шартқа сәйкес жүйелік оператор көрсетеді.
      66. Электр энергиясын өндіру/тұтыну теңгерімін ұйымдастыру бойынша жүйелік қызметтерді көрсету кезінде жүйелік оператор:
      1) Қазақстанның электр станцияларында және шектес мемлекеттердің энергия жүйелерінде электр қуатының резервтерін әзірлікте ұстау бойынша қосалқы қызмет көрсетуді сатып алу жолымен электр қуаты резервтерінің қажетті көлемі мен құрылымын қалыптастыруды және оларды орналастыруды;
      2) Қазақстан БЭЖ-інде жиіліктің белгіленген стандарттарын электр қуатын (жиілікті) реттеу жөніндегі қосалқы қызмет көрсетуді сатып алу жолымен қамтамасыз етуді;
      3) электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерінен теңгерімдеуге қатысуға және қуаттың жедел резервтерінің сараланған тізімін жасауға баға ұсыныстарын орталықтан қабылдауды;
      4) Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясын өндірудің/тұтынудың ағымдағы теңгеріміне үздіксіз мониторинг жүргізуді, электр энергиясының мемлекетаралық нақты сальдо-ағындарының шарттардан ауытқуын реттеуді;
      5) көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын өндіруін немесе тұтынуын ұлғайтуға/азайтуға команда беру арқылы Қазақстанның БЭЖ-інде туындайтын электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеуді;
      6) Қазақстанның БЭЖ-інде электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу үшін тартылған электр энергиясын коммерциялық есепке алуды және есепті кезеңнің қорытындылары бойынша коммерциялық есепке алу аспаптарының деректері базасында көтерме сауда нарығы субъектілеріндегі электр энергиясының нақты теңгерімсіздіктерін айқындауды;
      7) Қазақстан БЭЖ-інде теңгерімсіздіктерді табиғи реттеу кезінде пайдаланылған электр энергиясының теңгерімдеу бағасын есептеуді;
      8) есепті кезеңнің қорытындылары бойынша көтерме сауда нарығының субъектілерінде туындайтын электр энергиясының теңгерімді нарығындағы қаржылық міндеттемелерін айқындауды;
      9) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы имитациялық режимде жұмыс істейтін уақыт кезеңін қоспағанда, көтерме сауда нарығының субъектілерімен бірге электр энергиясының анықталған теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді жүзеге асырады.
      67. Электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуді толық немесе ішінара тоқтатуды жүйелік оператор мынадай жағдайларда:
      1) теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуді тоқтатуға дейін кемінде 72 сағат бұрын көтерме сауда нарығы субъектісін жазбаша хабардар еткеннен кейін электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуге ақы төлеу жөніндегі шарт талаптарын көтерме сауда нарығы субъектісінің бұзуы;
      2) көтерме сауда нарығы субъектісінің теңгерімдеу аймағында электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу мүмкіндігі болмаған жағдайда авариялық жағдайдың туындауы;
      3) көтерме сауда нарығы субъектісінің теңгерімдеу аймағында электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу мүмкіндігі болмаған жағдайда жылдық немесе айлық жөндеу кестесінде оларды өткізу мерзіміне көзделген жүйелік оператордың электр желілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу;
      4) электр желілері учаскелерінің қимасында артық жүктемеге әкеп соғатын көтерме сауда нарығы субъектілеріндегі электр энергиясының айтарлықтай теңгерімсіздіктері;
      5) көтерме сауда нарығы субъектісінің теңгерімдеу аймағында электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу мүмкіндігі болмаған жағдайда Қазақстан БЭЖ-ін әртүрлі теңгерімдеу аймақтарына бөлу;
      6) көтерме сауда нарығы субъектісінің тәулік ішінде және есепті кезеңде электр энергиясы теңгерімсіздігінің келісілген ықтимал ауытқу аралығын бұзуы және имитациялық режимдегі теңгерімдеуші нарықтың жұмысы кезінде нөлдік сальдосын сақтамауы кезінде жүргізеді.

3. Қосалқы қызмет көрсетуді ұйымдастыру және оның жұмыс істеу
тәртібі

      68. Жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясының сенімділігі мен сапасының белгіленген нормаларын қамтамасыз ету үшін қосалқы қызметтерді шарттық негізде көтерме сауда нарығының субъектілерінен сатып алады.
      69. Жүйелік операторға электр қуатының резервтерін әзірлікте ұстау бойынша қосалқы қызметтерді көрсету кезінде осы қызметтерді жеткізушілер:
      1) Қазақстан БЭЖ-інде электр қуатының жедел резервтерін қалыптастыру үшін қажет етілетін ақпаратты жүйелік операторға ұсынады;
      2) өз жабдықтарының тиісті техникалық жай-күйін, пайдалану қауіпсіздігі қағидаларының, экологиялық талаптардың және басқалардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      3) қосалқы қызметтерді өз көлемінде және мерзімінде көрсету үшін белгіленген шарттарға сәйкес электр энергиясын өндіру/тұтыну шамасын өзгертуге арналған жүйелік оператордың, сондай-ақ диспетчерлендіруге электр қуаты резервтерінің талап етілетін дайындығына арналған тестілеуді өткізу кезінде де жүйелік оператор нұсқауларының орындалуын қамтамасыз етеді;
      4) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына баға ұсыныстарын береді.
      70. Электр қуатының резервтерін әзірлікте ұстау бойынша қосалқы қызметтерді алу кезінде жүйелік оператор:
      1) диспетчерлендіруге электр қуатының резервтерін әзірлікте ұстауға тестілеу өткізеді;
      2) қосалқы қызметтерді көрсету шартында белгіленген көлемге және мерзімге сәйкес электр энергиясын өндіру/тұтыну шамасын өзгертуге арналған нұсқаулар береді. Электр қуатының резервтері іске қосылған кезде өндірілген электр энергиясына шартта белгіленген тәртіппен ақы төленуге тиіс.
      71. Электр қуатының резервтерін әзірлікте ұстау бойынша қосалқы қызметтерді көрсетуге арналған шартта жүйелік операторға:
      1) жүктемені азайтуға-көбейтуге арналған қуаттың беріліп отырған резервінің шамасы;
      2) қуаттың резервін жандандыру уақыты көрсетіледі.
      72. Осы қызметтерді көрсетушілер жүйелік операторға қуатты (жиілікті) реттеу бойынша қосалқы қызмет көрсету кезінде:
      1) жүйелік операторға Қазақстанның БЭЖ-інде реттеу диапазонын құру үшін қажетті ақпаратты ұсынады;
      2) өз жабдықтарының тиісті техникалық жай-күйін, пайдалану қауіпсіздігі қағидаларының, экологиялық талаптардың және басқалардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      3) қосалқы қызмет көрсету шартында белгіленген көлем мен мерзімге сәйкес электр энергиясын өндіру/тұтыну шамасының өзгеруіне жүйелік оператор нұсқауларының орындалуын қамтамасыз етеді.
      73. Қуатты (жиілікті) реттеу бойынша қосалқы қызмет көрсету кезінде жүйелік оператор:
      1) қызмет көрсетушінің мәлімделген реттеу диапазонын ұсынуға дайындығына тестілеу жүргізеді;
      2) қосалқы қызмет көрсету шартында белгіленген көлем мен мерзімге сәйкес электр энергиясын өндіру/тұтыну шамасының өзгеруіне нұсқаулар береді. Қуатты (жиілікті) реттеу бойынша көрсетілген қызметтің нақты көлеміне шартта белгіленген тәртіппен ақы төленуге тиіс.
      74. Қуатты (жиілікті) реттеу бойынша қосалқы қызмет көрсетуге арналған шартта жүйелік операторға:
      1) қуатты (жиілікті) реттеу бойынша қызмет көрсетудің шартты көлемі;
      2) реттеу диапазонын ұсыну тәртібі көрсетіледі.
      75. Авариялық бұзылыстар жағдайларында оны жою үшін өндіруші агрегаттарды қосу (өшіру) немесе электр станциялары генераторларының белсенді жүктемесін өзгерту қажет болғанда, жүйелік оператор электр желісінің тиісті учаскесінде «авария» режимін енгізеді және авариялық жағдайдың талаптарына сәйкес электр қуатының резервтерін қолданысқа енгізеді.
      76. Қазақстанның барлық электр станцияларының толық ажыратылуына әкелген авариялық бұзылыстар жағдайларында, жүйелік оператор шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен шарттар, соның ішінде электр энергиясын сатып алу, қуатты реттеу бойынша қызметтер көрсетуге, авариялық өзара көмек туралы шарт негізінде энергия желілерін токтан ажыратылған күйден қосу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
      77. Қазақстанның БЭЖ-нің жекелеген бөліктерінің ажыратылуына әкелген авариялық бұзылыстар жағдайларында, жүйелік оператор электр қуаты резервтерін әзірлікте ұстап тұру бойынша қызмет көрсетуге, электр қуатын қалпына келтіру бойынша, қуатты реттеу бойынша қызмет көрсетуге, көтерме сауда нарығының субъектілерімен шарттарды қолдану арқылы токтан ажыратылған өңірде, электрлік қоректендіруді қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады