Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін
жетілдіру тұжырымдамасы туралы
Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар:
1) өз қызметінде Тұжырымдаманы басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 2 тамыздағы
№ 765 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін
жетілдіру тұжырымдамасы
Мазмұны
Кіріспе
1. Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлауды дамыту пайымы
2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
3. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілер тізбесі
Кіріспе
Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі дамыту бойынша негізгі қағидаттар мен тәсілдерді қамтитын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қазіргі заманғы жай-күйін кешенді талдау негізінде әзірленді, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.
1. Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлауды дамыту
пайымы
Ағымдағы ахуалды талдау
Қазақстан Республикасында мемлекеттік жоспарлаудың біртұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында 2007 жылы корпоративтік басқару, нәтижелілік, транспаренттілік және қоғамға есеп беру қағидаттарында мемлекеттік жоспарлаудың жаңа моделін құру бойынша жұмыс басталды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2007 жылғы желтоқсанда Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама бекітілді.
Осы Тұжырымдаманың негізгі ережелерін іске асыру үшін 2008 жылы жаңа Бюджет кодексі қабылданды, ол «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын қабылдауға және нәтижелерге бағдарланған бюджеттеуге көшуді енгізуге негіз болды.
2009 жылы алдағы онжылдық кезеңге арналған стратегиялық бағыттар мен елді дамыту мақсаттары айқындалған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары қабылданды.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің мынадай құжаттары қабылданды және іске асырылуда.
1. Орталық деңгейде:
1) салалық және өңірлік дамудың түйінді бағыттары бойынша мемлекеттің тәсілдерін айқындау мақсатында қабылданған Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасы;
2) индустриялық-инновациялық даму, денсаулық сақтау, білім беру, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және мемлекеттік тілді дамыту салаларында 5 мемлекеттік бағдарлама;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы;
4) индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамуға, кәсіпкерлікті қолдауға, өңірлерді дамытуға және басқаларына бағытталған 43 салалық бағдарлама;
5) үш жылға арналған бюджеттік параметрлермен өзара байланыстағы стратегиялық мақсаттарды ескере отырып, жыл сайын әзірленетін және елдің, өңірдің экономикалық дамуы мен орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат параметрлерін айқындайтын Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
6) 29 орталық мемлекеттік орган стратегиялық жоспарларды әзірлейді және іске асырады;
7) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың 10 жылға арналған 37 даму стратегиясы және 5 жылға арналған 37 даму жоспары.
2. Жергілікті деңгейде:
1) өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық салаларын қамтитын аумақтарды дамыту бағдарламалары: облыстық деңгейде – 16 және аудандық деңгейде – 197;
2) өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары: облыстық деңгейде – 16 және аудандық деңгейде – 197;
3) облыстық бюджеттерден, Астана мен Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын 366 атқарушы орган өз стратегиялық жоспарларын қабылдады және іске асыруда.
Бұдан басқа:
1) гендерлік теңдік, Астана қаласын орнықты дамыту саласында
2 стратегия;
2) мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, қаржы секторын дамыту, сыртқы саясат, ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызмет, жастар саясаты, мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару, құқықтық саясат, «жасыл экономикаға» көшу, инновациялық даму және геология саласын дамыту саласында 11 тұжырымдама;
3) 2 доктрина (Әскери доктрина және Қазақстанның ел бірлігі доктринасы) қабылданды және іске асырылуда.
Тұжырымдамалар мен доктриналар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен заңдар арқылы іске асырылады.
Қазақстан Республикасы Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы шеңберінде ел дамуының жаңа стратегиялық міндеттері айқындалды, оларды іске асыру үшін:
инфрақұрылымды дамыту, су ресурстарын басқару, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту саласында 4 мемлекеттік бағдарламаны;
1. «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» салалық бағдарламасын қамтитын Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттарын әзірлеу талап етіледі.
Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі, жаңа бюджет саясаты, мемлекеттік аудитті енгізу, құрылыс саласындағы нормативтік базаны реформалау, табиғат ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түсетін кірісті пайдалану, құқық қорғау органдарының кадрлық саясаты, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамуы жөніндегі 7 тұжырымдама қосымша әзірленуде.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі енгізілді. Тиімділікті бағалау мемлекеттік органдар қызметінің 7 бағыты:
1) қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің актілері мен тапсырмаларын орындау;
3) бюджет қаражатын басқару;
4) мемлекеттік қызметтер көрсету;
5) персоналды басқару;
6) ақпараттық технологияларды қолдану;
7) мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні осы Тиімділікті бағалау жүйесі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мен елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді құралдарының бірі болып табылады.
Осы бағалау шеңберінде стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметті жаңғырту, бюджетті басқару, ақпараттандыру мен электрондық үкіметті дамыту және құқықтық қамтамасыз ету мәселелері бойынша күшті және осал жақтарға кешенді талдау жүргізіледі.
«Стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру» бағыты бойынша бағалау шеңберінде орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының даму бағдарламалары талданады.
Осылайша, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі:
1) мемлекеттік жоспарлау құжаттарының иерархиясын құруға: мемлекеттік жоспарлаудың қисынды сатысын қалыптастыруға, экономиканың түйінді даму бағыттарын белгілеуге және композициядан алу арқылы мемлекеттік органдардың қызметін стратегиялық міндеттерді іске асыруға бағыттауға;
2) мемлекеттік органдардың дербестігін арттыруға, сондай-ақ олардың салалар мен аяларды дамыту, нысаналы көрсеткіштер мен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге қойылатын жаңа тәсілдерді енгізуге;
3) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің барлық процестерін регламенттеуге, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын бақылауды (мониторингілеу, бағалау) енгізуге;
4) басымдықтар мен стратегиялық міндеттерге сәйкес мемлекеттік және өзге де ресурстарды тиімді басқару үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің проблемалы мәселелері
Бүгінде мемлекеттік жоспарлау саласында қолданыстағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіруді талап ететін проблемалар бар:
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары санының көп болуы, бұл оларды тиімді іске асыруды қиындатады.
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасы.
3) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен көрсеткіштерінің қайталануы.
4) стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының босаңдығы.
5) тәуекелдердің тиімсіз басқарылуы.
6) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарын іске асырудың және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін бағалау тетіктерінің жетілмегендігі.
7) жоспарлау процесімен айналысатын кадрлардың біліктілік деңгейі.
1. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары санының көп болуы
Ағымдағы ахуалды талдауда көрсетілгендей, бүгінгі күні Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қабылданған және іске асырылатын құжаттарының жиынтық саны 949 бірлікке жетті, оның ішінде орталық деңгейде 157 және жергілікті деңгейде 792 бірлік.
Құжаттардың мұндай саны:
1) қойылған мақсаттарға қол жеткізуге;
2) мемлекеттік органның қызметін басқару тиімділігіне;
3) адами ресурстарды қоса алғанда, ресурстарды жұмсау тиімділігіне;
4) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарын жоспарлауға және олардың ауқымды санын іске асыруға уақыттың жеткіліксіздігі салдарынан құжаттардың сапасына;
5) есепті ақпарат санының ұлғаюына әсер етеді.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеуге қойылатын белгілі бір талаптардың болуына қарамастан, мемлекеттік органдар жаңа бағдарламалық құжаттар әзірлеуге бастамашылық жасауды жалғастыруда.
2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасы
Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен іске асыру кезінде мынадай кемшіліктер мен проблемалар орын алуда.
Көрсеткіштердің ауқымды санын қамтитын саны көп бағдарламалық құжаттар іске асырылады, бұл қаржы ресурстарының шашыраңқылығы мен тиімсіз пайдаланылуына алып келеді және олардың іске асырылуын мониторингілеу мен бақылауды қиындатады.
Жоғары тұрған құжаттардың стратегиялық мақсаттарының бір бөлігі төмен тұрған деңгейдегі құжаттарға декомпозицияландырылмаған. Бұл ретте кейбір мақсаттар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған құжаттарында тікелей қайталанған.
Стратегиялық мақсаттардың шамамен 30 %-ы санмен өлшенбейді, бұл оларға қол жеткізу мониторингін қиындатады.
Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларындағы көрсеткіштер саны 90-нан бастап 1000 бірлікке дейін түрленеді.
Көрсеткіштердің жоспарлы мәндерін болжау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Ғылыми негізделген жоспарлау әдістерінің болмауына байланысты көрсеткіштердің жоспарлы мәндерін негізсіз төмендету практикасы орын алуда.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесін статистикамен үндестіру қамтамасыз етілмеген. Статистикалық көрсеткіштерді жинаудың айқын жүйесі жоқ, бұл жекелеген индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуді мониторингілеу мен бағалауды қиындатады.
Мемлекеттік органдардың әкімшілік есепке алу шеңберінде жиналатын ақпараты жүйелендірілмеген және статистика органдары үшін де, сол сияқты басқа да мүдделі мемлекеттік органдар үшін де қолжетімділігі жеткілікті деңгейде емес.
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен көрсеткіштерінің
қайталануы
Жекелеген салалық бағдарламалар мақсаттар, іс-шаралар мен көрсеткіштер бойынша мемлекеттік бағдарламаларды да, тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын да қайталайды. Мысалы, Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2012 – 2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын қайталайды.
Кейбір стратегиялық міндеттер бірнеше бағдарламалық құжаттар арқылы іске асырылады. Мысалы, инженерлік инфрақұрылымның құрылысы бірнеше бағдарламалар: Бизнестің жол картасы – 2020, Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы, Моноқалаларды дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Жергілікті деңгейде облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың қолданыстағы стратегиялық жоспарлары мазмұны, көрсеткіштері мен
іс-шаралары бойынша облыстардың тиісті даму бағдарламаларын қайталайды.
4. Стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара
байланысының босаңдығы
Нәтижелерге бағдарланған бюджеттің негізгі қағидаттарына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында қадағаланатын саланың бюджет шығыстарымен өзара байланыстағы орта мерзімді кезеңге арналған даму басымдықтары шоғырландырылуы тиіс.
Сонымен бірге, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаумен өзара байланыстың мынадай түйінді проблемалар атап өтіледі.
Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына қол жеткізілуі бірқатар мемлекеттік органдардың және бизнестің кешенді жұмысына байланысты ұлттық деңгейдегі көрсеткіштер қосылады. Мысалы, сыртқы факторлар да, сол сияқты қоршаған орта, табиғи құбылыстар, жаһандық үрдістер және т.б. ықпал етуі мүмкін қоғамның, экологияның, экономиканың жалпыға бірдей жағдайын көрсететін көрсеткіштер.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына іске асырылуы басым мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге тікелей әсер етпейтін көрсеткіштер мен іс-шаралар қосылады. Бұл көрсеткіштер мен іс-шаралар ағымдағы қызметті көрсетеді және операциялық жоспарда көзделуі тиіс. Тым егжей-тегжейлі және көлемді ақпаратты ұсыну құжатқа толыққанды талдау жүргізуге мүмкіндік бермейді және шын мәнінде маңызды стратегиялық міндеттерді назардан тыс қалдырады.
Бюджет параметрлерінің өзгеруіне, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттарының қабылдануына байланысты мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары жиі түзетіледі.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттік бағдарлама мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында белгіленген стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, міндеттермен, нәтиже көрсеткіштерімен өзара байланыстырылған бюджет шығыстарының бағытын айқындайды. Бюджеттік бағдарламада нәтиже көрсеткіштері және бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемдері қамтылуы тиіс.
Алайда практикада бюджеттік бағдарламалар жоспарланатын шығыстар түрлеріне, қаржыландыру тетіктеріне сүйене отырып қалыптастырылады, осының нәтижесінде бір мақсатқа немесе міндетке қол жеткізу үшін бірнеше бюджеттік бағдарлама іске асырылады не бір бюджеттік бағдарлама бірнеше мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған. Бұл ахуал тиісті мақсатқа, міндетке қол жеткізу үшін қажетті қаражат көлемін айқындауға мүмкіндік бермейді.
Бұдан басқа, бюджеттік бағдарламаларда мақсаттармен және міндеттермен қисынды байланысы жоқ көрсеткіштер көп болады. Осыған байланысты практикада бұл көрсеткіштердің орындалуын мониторингілеу, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің стратегиялық жоспардың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге ықпал етуін бағалау қиынға түседі.
Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттің табысты дамуы үшін стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды өзара байланыстыра отырып, экономикалық жоспарлау маңызды болып табылады.
Мемлекеттік экономикалық жоспарлау дамудың стратегиялық басымдықтарының макроэкономикалық және қаржылық көрсеткіштерімен өзара байланысын есепке алуды міндетті шарт ретінде болжайды. Стратегиялық көрсеткіштер ұзақ мерзімді басым мақсаттар және іске асыру стратегиялары болып табылады, макроэкономикалық көрсеткіштер
әлеуметтік-экономикалық жоспарлаудың объектісі, ал қаржылық – мемлекеттік бюджет шеңберінде болуға тиіс.
Мемлекеттік жоспарлаудың осы үш элементінің өзара байланысы елдің, өңірдің орта мерзімді және ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған маңызды тетік болуы тиіс.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстарын қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар қызмет саласы, аясы деңгейіндегі көрсеткіштерді қоса алғанда, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық әсерді (экономикалық өсу, инфляцияны тежеу, жұмыспен қамтамасыз ету және басқалары) қамтамасыз етуге бағытталған шығыстардың орындылығы мен тиімділігіне талдауды жеткілікті деңгейде жүргізбейді.
Республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасының және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жасалады, оның негізінде бюджетке түсетін салықтық және басқа түсімдер жоспарланады. Бұл ретте, негізгі макроэкономикалық және өңірлік индикаторлар салалар мен өңірлердің даму ерекшеліктерін ескермей жоспарланады, бұл өз кезегінде бюджеттің негізгі параметрлерін қалыптастыруға келеңсіз әсерін тигізеді.
«Бюджет қаражаттарын басқару» бағыты бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау нәтижелері де мемлекеттік органдардың нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлауының сапасы төмен екенін көрсетеді.
Қолданыстағы заңнамада стратегиялық жоспарлар мен бюджеттік бағдарламаларда жоспарланған нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу жауапкершілігі жеткілікті көзделмеген.
Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының босаң болуына байланысты, практикада бюджетті атқару туралы жылдық есеп жұмсалған бюджет қаражатының мемлекеттік және салалық бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге ықпал етуі туралы толыққанды ақпаратты, сондай-ақ нәтижелердің бағалануын қамтымайды.
5. Тәуекелдердің тиімсіз басқарылуы
Стратегиялық жоспарды әзірлеген кезде мемлекеттік орган өзінің тәуекелдерін жоспарламайды не оны формалды түрде жоспарлайды, ал тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралар декларативті сипатта болады. Тәуекелдердің пайда болуының ықтимал салдары толық бағаланбайды. Әлемдік құбылмалылық жағдайында тәуекелдерді басқару кейіннен басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жүйелі негізде жүргізілуі тиіс.
Мысалы, 2011 жылы жүктерді тасымалдауға арналған көлікпен ықтимал қамтамасыз етілмеу тәуекелін есепке алудың болмауы металлургия өнеркәсібі экспортының төмендеуіне себеп болды. Нәтижесінде аталған тәуекелді болдырмау жөніндегі қажетті іс-шаралар жүзеге асырылған жоқ, бұл Қазақстанның сыртқы сауда теңгерімінің төмендеуіне әкеліп соқтырды.
6. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарын іске асырудың және
мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін бағалау
тетіктерінің жетілмегендігі
Оң үрдістердің болуына қарамастан, Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне бағалауды енгізу нәтижесінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын бағалаудағы тәсілдер әзірше халықаралық стандарттарға толық сай келмейді. Бұл ретте, өз шешімін талап ететін бірқатар құрылымдық проблемалар байқалды:
1) стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асырудың экономикалық тиімділігін бағалаудың шектелуі.
Стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың (аумақтарды дамыту бағдарламаларын қоспағанда) қазіргі бағалануы негізінен жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу дәрежесін бағалауға бағытталған. Бұл ретте, бағалау әлеуметтік және экономикалық тиімділікті, жоспарлау сапасын, қол жеткізілген әсердің сақталу орнықтылығын бағалауға, сондай-ақ игілік алушылардың қанағаттану деңгейін өлшеуге толық мүмкіндік бермейді.
2) МЖЖ құжаттарының кешенді бағалаумен қамтылу дәрежесінің төмен болуы.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бағалау жыл сайын өткізілетін аумақтарды дамыту бағдарламасы мен стратегиялық жоспарлардан басқа, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бағалау 3 жылда бір рет және олардың аяқталуы бойынша өткізіледі. Бағалауға Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы, Елдің аумақтық-кеңістікте дамуының 2020 жылға дейінгі болжамдық схемасы, мемлекеттік және салалық бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары жатады. Бағалау нақты нәтижелерге қол жеткізу талдауды, іске асыру барысына әсер еткен факторларды талдауды, құжатты түзету туралы ұсынымдарды және басқаларын көздейді.
Бұл ретте, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын, атап айтқанда, стратегиялық көрсеткіштердің оларды іске асыру үшін жоспарланған бюджет қаражатымен өзара байланысын талдау бағалаумен қамтылмаған, бұл бірнеше жыл бойы олардың төмен корреляциясы проблемасын шешуге мүмкіндік бермей келеді.
3) бағалау процесінің ресурс сыйымдылығының жоғары болуы.
Осы процестің ресурс сыйымдылығының жоғары болуы бағалаумен қамтуды кеңейтуге кедергі келтіреді, ол мынадай себептермен негізделеді:
бағаланатын құрылымдарда ішкі бағалаудың дамыған тетіктерінің болмауы;
қоғамдық сектордың бағалау процестеріне жеткіліксіз қатысуы;
бағалауда автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің болмауы.
4) бағалауды жүзеге асырған кезде тәуекелдерді басқару жүйесінің болмауы.
Бағалаудың жоғары ресурстық шығындарының салдары оның жеделдігінің төмендігі мен талдау құралдарын таңдаудағы шектеулілігі болып табылады.
7. Жоспарлау процесімен айналысатын кадрлардың біліктілік деңгейі
Жоспарлау процесімен айналысатын кадрлардың біліктілік деңгейі, оларда қаржылық емес көрсеткіштерді (нысаналы индикаторларды, нәтижелер көрсеткіштерін) әзірлеу дағдыларының болуы және мақсаттарға, міндеттерге қол жеткізу үшін қажетті шараларды айқындау Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің табысты жұмыс істеуіне және нәтижеге бағдарланған бюджеттеудің негізгі қағидаттарын қолдануға ықпал ететін аса маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы бағыттағы негізгі проблемалар:
1) мемлекеттік органдар қызметкерлері біліктілігінің жеткіліксіздігі;
2) орталық деңгейде, сондай-ақ өңірлік деңгейде де кадрлар тұрақтамауының жоғары болуы;
3) сабақтастықтың болмауы;
4) оқыту сапасының жеткіліксіздігі.
Әлемдік тәжірибеге шолу
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі тиімді және нәтижелі мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан үшін мемлекеттік жоспарлау, оның ішінде жоспарлау мен бағалау жүйесі неғұрлым тиімді Канада мен Австралия сияқты елдердің тәжірибесінің маңызы зор.
Канада мен Австралияның тәжірибесі Қазақстан үшін бастапқы шарттарының ұқсас болуы жағынан да қызықты – табиғат ресурстардың қоры мол, халқының саны айтарлықтай аз және экономикасының салыстырмалы құрылымы бар үлкен елдер.
Нәтижеге бағдарланған стратегиялық жоспарлау жүйесінің пайда болуы мен дамуы бұл елдерде мемлекеттік басқару жүйесін үнемі жетілдіруге және мемлекеттің қоғамға есеп беруін арттыруға бағытталып жүргізілген әкімшілік реформаның бір бөлігі болды.
Мониторингілеу және бағалау жүйесі мемлекеттік жоспарлаудың (стратегиялық және бюджеттік) тиімді және нәтижелі жүйесінің түйінді элементтерінің бірі болды.
Халықаралық бағалау бойынша канадалық мемлекеттік басқару жүйесі әлемдегі неғұрлым тиімді жүйелердің бірі болып саналады.
1995 жылы Канада Үкіметі барлық министрліктер мен федералдық деңгейдегі ведомстволарда нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған басқару қағидаттарын енгізу міндетін қойды.
2000 жылғы наурызда Канада Үкіметі мемлекеттік шығыстарды басқарудың жаңа тұжырымдамасын енгізді, оған сәйкес мемлекеттік шығыстарды басқару бірінші кезекте сапалы қызметтер көрсетуге және нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған болуы тиіс.
Көп жылғы реформалардың нәтижесінде 2003 жылдан бастап өзара байланысты әрі тығыз интеграцияланған басқару және жоспарлау жүйелері – Шығыстарды басқару жүйесі, Басқару тиімділігінің жүйесі, ресурстар мен нәтижелерді басқару құрылымы және Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді.
Жүйелік шеңберлердің басты мақсаты:
1) бюджет ресурстарын Үкіметтің басым міндеттері арасында тиімді бөлу;
2) стратегиялық жоспарлау неғұрлым өткір проблемалар мен басымдықтарды анықтауға, қолданыстағы бағдарламаларды талдауға және шығыстарды жаңа басымдықтарға байланыстыруға бағытталған.
Шығыстарды басқару жүйесі Канада Үкіметі жұмысының түйінді элементі болып табылады. Шығыстарды басқару жүйесі жақсы жұмыс істеген жағдайда ғана тиімді және жауапты Үкімет болуы мүмкін.
Шығыстарды басқару жүйесінің негізгі мақсаттары: жалпы фискалдық бақылау, ресурстарды тиімді бөлу, қызметтің тиімділігі/операциялық тиімділік және парламенттік бақылау.
Ресурстар мен нәтижелерді басқару құрылымы 3 құрамдауыштан тұрады: стратегиялық нәтижелер; нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған бағдарламалар; ресурстар және бағдарламалардың орындалуы туралы ақпарат.
Нәтижеге бағдарланған бюджеттің негізгі құралдары Шығыстарды басқару жүйесі және ресурстар мен нәтижелерді басқару құрылымы болып табылады.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу үшін Басқару тиімділігінің жүйесі (MAF) Канада Үкіметінің негізгі құралы болып табылады. Жүйе бекітілген мақсаттарды орындау үшін министрліктердің жауапкершілігін белгілеу құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ министрліктердің қызметін бағалау әдісі ретінде де әзірленген болатын.
Басқару тиімділігінің жүйесі (MAF) шеңберінде мемлекеттік құрылымдар қызметінің ішкі (процестік) аспектілері бағаланады.
Басқару тиімділігінің жүйесі (MAF) мемлекеттік органдар қызметінің әлеуеті мен тиімділігіне баға беретін қызметтің тиімділігін қадағалаудың түйінді құралына айналды.
Басқару тиімділігінің жүйесі (MAF) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, қаржыны басқару мен бақылау, персоналды басқару, ақпараттық технологиялар және т.б. сияқты бағыттар бойынша басқару көрсеткіштерін бағалайды.
1960 жылдардың ортасында-ақ Канада мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен оларды орындаудың нәтижелілігін талдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға бағалау жүргізу практикасын енгізді.
Бағалау шеңберінде бағдарламаларды іске асырудан болатын әсер, мақсаттар мен күтілетін нәтижелерге қол жеткізу талданады, нәтижелерге қол жеткізудің баламалы, неғұрлым тиімді тәсілдері анықталады, бағдарламаларды одан әрі іске асырудың орындылығы туралы ұсынымдар беріледі.
Талдаудың кешенділігінің арқасында бағалау іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы Канаданың стратегиялық жоспарлау жүйесінің сапасын арттырудың маңызды құралы болады.
Тәуекелдерді басқару жүйесі сыртқы және ішкі аудиттің қорытындылары бойынша қалыптастырылады.
Канадада сыртқы аудитті Парламентке есеп беретін, мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғарғы органы болып табылатын Бас аудитор басқармасы жүзеге асырады.
Бас аудитор басқармасы федералдық әкімшіліктің және өңірлік әкімшіліктердің қызметіне аудитті жүзеге асырады.
Бас аудитор басқармасы аудиттің қаржылық, арнайы, басқарушылық сияқты негізгі түрлерін жүзеге асырады.
Қаржылық аудит қаржылық есептіліктің дұрыстығына жүргізіледі.
Арнайы аудит мемлекеттік корпорациялар мен мемлекеттік кәсіпорындарда жүргізіледі.
Басқарушылық аудит мемлекеттік ресурстарды үнемдеуге және мемлекеттік шығыстардың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сыртқы аудитті жүргізу кезінде аудитінің жүргізілуі Парламент үшін ерекше маңызы бар жария сектордың сегменттері бойынша тәуекелдерді талдауға ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекеттік органның ішкі басқару сапасын бағалау (бюджет қаражатын, персоналды, ақпараттық технологияларды және т.б. басқару) және мемлекеттік органның қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу ішкі аудитті жүргізу кезіндегі негізгі міндеттер болып табылады. Ішкі аудит қызметі Басқару тиімділігінің жүйесіне (MAF) тікелей қатысады.
Аудитті жоспарлау Тәуекелдерді бағалау жүйесіне негізделген. Бұл ретте, мемлекеттік органның алдында тұрған түйінді тәуекелдерді ескере отырып, жыл сайын аудит жоспары жасалады.
Жауапты Үкіметтің канадалық жүйесінің базалық қағидаты есеп беру болып табылады, Канада Парламентінің және оның барлық азаматтарының Канада Үкіметі қоғамдық ресурстарды тиімді және нәтижелі пайдаланатынына көз жеткізуіне мүмкіндік беретін түйінді фактор болып табылады. Жоғарыда көрсетілген жүйелер және есеп беру Үкіметтің өз іс-қимылдарына жауап беретіндігіне кепілдік береді.
Канадада жыл сайын көктемде әрбір мемлекеттік орган Парламент пен халық үшін келесі үш жылға арналған жоспарлар мен басымдықтар туралы стратегиялық баяндама дайындайды.
Баяндамада стратегиялық мақсаттар, бағдарламалар және іс-шаралар бөлінісінде шығыстар жоспарлары, күтілетін нәтижелер, тиімділік (нәтижелілік) көрсеткіштері, жылдарға бөле отырып, үш жылдық кезеңге арналған ресурстарға қажеттілік қамтылады.
Күзде әрбір мемлекеттік орган жоспарлар мен басымдықтар туралы алдыңғы есепте баяндалған күтілетін нәтижелерге сәйкес келетін өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен жетістіктердің стратегиялық шолуынан тұратын қызмет нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті Парламентке ұсынады.
Жоспарлар мен басымдықтар туралы баяндама және қызмет нәтижелері туралы есеп мемлекеттік органдардың Парламентке есеп беруінің негізгі құралдары болып табылады.
Баяндама және кейіннен бюджеттік жоспар министрліктің барлық қызметі бағдарламаларға, кіші бағдарламаларға және одан кіші бағдарламаларға бөлінуі тиіс деп айқын регламенттелген бағдарламалар архитектурасының негізінде әзірленеді. Әрбір бағдарлама бойынша тағы да түпкілікті нәтиже, индикаторлар түріндегі аралық нәтижелер, тартылған персонал саны мен шығыстардың жалпы сомасы айқындалады. Әрбір кіші бағдарлама бойынша түпкілікті нәтиже, индикаторлар түріндегі аралық нәтижелер айқындалады. Осы бағдарламалар архитектурасының негізінде жоспарлар мен басымдықтар туралы баяндама, кейіннен қызмет нәтижелері туралы есеп, бюджеттік жоспар және шығыстар жөніндегі жоспар қалыптастырылады.
Айталық, Канада Қаржы министрлігі Парламентте қорғалатын Бюджеттік жоспарды қалыптастырады. Бюджеттік жоспарда экономика жағдайына шолу, макроэкономикалық болжам, қыр көрсетулерді талдау, Канада Үкіметі жұмысының алдағы екі жылға арналған басымдықтары, бюджет саясатының негізгі бағыттары және осы басымдықтарды іске асыру үшін қажетті бюджет көрсетіледі. Бұл ретте бюджеттік жоспарда Үкіметтің басымдықтарына жұмсалатын шығыстардың жаңа бастамалары ғана немесе ескі бағдарламаларды қайта қарау қамтылатынын атап өткен жөн. Өзгерістері жоқ бағдарламалар қаралмайды.
Канада Қазынашылығының хатшылығы Канада Үкіметінің шығыстар жоспарын қалыптастырады, онда шығыстар сомасы әрбір мемлекеттік орган бойынша бөліне отырып, толығымен көрсетіледі. Канада Үкіметінің шығыстар жоспары мемлекеттік органдардың жоспарлары мен басымдықтары туралы баяндамаларды және Канада қызметінің нәтижелері туралы баяндамаларды қамтиды.
Австралияда бюджет процесін реформалау нәтижесінде соңғы жиырма жыл ішінде нәтижелерге қол жеткізуге көңіл аударудың маңыздылығы айқындала түсті.
1980 жылдардың ортасынан бастап Қаржылық басқаруды жетілдірудің қолданыстағы бағдарламасы шеңберінде бағдарламалық бюджеттеу, алдағы
3 жылға арналған шамамен алынған қаржыландыру көрсеткіштерін белгілей отырып, перспективалық бағалаулар жүйесі, бағдарламалар нәтижелерін бағалау жүйесі, маңызды бюджеттік өкілеттіліктер беру енгізілді.
1996 жылдан бастап тікелей нәтижелер бойынша бюджеттеу енгізілген кезде, жүйе одан әрі өзгерістерге ұшырады.
Бюджеттік өкілеттіліктерді едәуір көбірек беру реформаның маңызды аспектісіне айналды. Осы реформаның шеңберінде басымдықтарды министрлер бөлінген лимиттер шегінде өздері айқындай алады. Операциялық шығыстар бойынша департаменттер бір ғана жолмен көрсетілген қаржы бөлудің жалпы сомасын ғана алады, демек олар нәтижелердің талап етілетін көлемін өндіру үшін қажет деп санайтын ресурстардың нақты құрылымын айқындауға ерікті.
Нәтижеге бағдарланған бюджетке көшу – министрліктер мен ведомстволар қызметінің әлеуметтік-экономикалық нәтижелерін жоспарлау, осы нәтижелерді өлшемдеу әдістері, сондай-ақ оларға қол жеткізу туралы есептердің нысандары сөзсіз өзгеріске ұшырайтын және жетілдірілетін көп жылдық процесс.
Австралия (1987 жылдан бастап) мониторингілеу мен бағалаудың мемлекеттік жүйесін құрған алғашқы елдердің бірі болып табылады. Халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша ЭЫДҰ елдері арасында Канадамен және басқа да елдермен қатар, Австралияда бағалау жүйесі ең дамыған және бағалау мәдениеті неғұрлым жоғары.
Австралияда Канададағы сияқты бастапқыда орталықтандырылған мемлекеттік бағалау жүйесі құрылып, кейіннен ол орталықсыздандырылды да, процестерді талдаудан мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелерін талдауға және орталықтандырылған бақылаудан есеп беруді (Парламент, халық, қоғам алдында) арттыруға біртіндеп көңіл бөліне бастады.
Қазақстан үшін серпінді дамып келе жатқан азиялық ел – Оңтүстік Кореяның тәжірибесі де қызықты болып табылады.
Халықаралық бәсекелестікті күшейту және ресурстардың шектеулілігі бұл елде тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құрудың алғышартына айналды.
Ұлттық бәсекеге қабілеттілікті дамыту және тиімді мемлекеттік аппарат құру мақсатында 1990 жылдардың екінші жартысынан бастап Оңтүстік Корея Үкіметі мемлекеттік органдар үшін нәтижеге бағдарланған тиімділікті басқару бағдарламаларын, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды бағалауды енгізе бастады.
Оңтүстік Кореяда бағалау мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады: бағалау қорытындылары мемлекеттік органдар қызметін жақсарту үшін, бюджеттік және стратегиялық жоспарлау шеңберінде ресурстарды бөлу бойынша шешімдер қабылдау, сондай-ақ тиімсіз ведомстволарды тарату немесе қайта құру үшін пайдаланылады.
Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері және іске асырудан күтілетін
нәтижелер
Тұжырымдаманың мақсаты Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру болып табылады.
Тұжырымдаманың мақсатына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделіп отыр:
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын тексеру және оңтайландыру;
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасын және олардың іске асырылу деңгейін арттыру;
3) стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ету;
4) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен бағдарламалық және стратегиялық құжаттарды іске асырудың тиімділігін бағалауды жетілдіру;
5) стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саласында жұмыс істейтін кадрлардың біліктілік деңгейін арттыру.
Іске асыру кезеңі:
Тұжырымдаманы екі кезеңде іске асыру болжанып отыр:
бірінші кезең (2013 – 2014 жылдар) – нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу. Көрсетілген кезең ішінде:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығымен бекітілген Бюджет саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленетін заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне; Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы», «Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну ережесін бекіту туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы», «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» жарлықтарына; Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесін бекіту туралы», «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы», «Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы», «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу ережесін бекіту туралы» қаулыларына, сондай-ақ «Мемлекеттік бағдарламаларға, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қаулысына түзетулер енгізілетін болады;
2) бағдарламалық құжаттарға тексеру жүргізіледі;
3) жаңа тәсілдерді ескере отырып, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылатын мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, бюджеттік бағдарламаларының жобалары әзірленеді;
екінші кезең (2015 – 2020 жылдар) – Мемлекеттік жоспарлау жүйесін іс жүзінде іске асыру.
Күтілетін нәтижелер:
Тұжырымдаманы қабылдау түпкілікті нәтижелерге бағдарланған стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың теңгерімделген жүйелерін құруға, сондай-ақ стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері
Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылатын болады:
1. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын нақты белгіленген орта мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағдарлау.
2. Алға қойылған мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру.
3. Шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу.
4. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын ескере отырып, алға қойылған мақсаттарды, міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін бюджет қаражатын тиімді бөлу.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын тексеру және оңтайландыру
Стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге тиімді қол жеткізу үшін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын үш деңгейге бөлу қажет, олардың ең бастысы әрбір мемлекеттік орган қызметінің жалпы мемлекеттік даму стратегиясына бағынуын қамтамасыз ететін «Қазақстан-2050» стратегиясы:
1) бірінші деңгей – ел дамуының ұзақ мерзімді пайымын айқындайтын, түйінді басымдықтары, бағдарлары және ұлттық көрсеткіштері бар құжаттар («Қазақстан-2050» стратегиясы, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 10 жылдық кезеңге арналған стратегиялық даму жоспары, Елдің аумақтық кеңістікте дамуының болжамды схемасы);
2) екінші деңгей – саладағы/аядағы даму стратегиясын айқындайтын құжаттар (мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, салалық бағдарламалар);
3) үшінші деңгей – декомпозиция негізінде бірінші және екінші деңгейлердегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға қол жеткізу жолдарын айқындайтын құжаттар (аумақтарды дамыту бағдарламалары, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары).
Осы иерархияға сүйене отырып, нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштері тиісті түрде айқындалуы тиіс, яғни төмен тұрған деңгейдегі құжаттар жоғары тұрған деңгейдегі көрсеткіштер мен индикаторларды егжей-тегжейлі ашуы тиіс. Бұл ретте, екінші және үшінші деңгейдегі құжаттар өзгеріп отыратын жағдайларға жедел ден қоюға және іс-қимылдар тактикасы мен ресурстарды түзетуге мүмкіндік беруі тиіс.
Құжаттардың осы иерархиясын ескере отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын оңтайландыру мақсатында мынадай шараларды қабылдау қажет.
1. Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың (бұдан әрі – бағдарламалар) көбеюін тоқтату, қайталануын болдырмау, ресурстарды мемлекеттің басым бағыттарына шоғырландыру мақсатында бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қойылатын критерийлерді арттыру.
Критерийлер бағдарламаларды әзірлеу қажеттігі негіздемелерінің жүйесін және тиісінше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы басшылық ететін консультациялық-кеңесші органдардың мақұлдауын білдірулері тиіс.
Мемлекеттік бағдарламалардың тізбесі сияқты әзірленуге жататын салалық бағдарламалардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін тізбесі енгізілетін болады.
2. Іске асырылатын мемлекеттік және салалық бағдарламаларға тексеру жүргізу.
Тексеру төрт бағыт:
1) қойылған мақсаттар мен міндеттердің қолжетімділігі;
2) бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық әсері;
3) қаржылық қамтамасыз етілу;
4) ел дамуының жаңа бағыттарына сәйкестігі бойынша жүргізілетін болады.
Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі іске асыру: біріктіру, құрылымдау немесе тарату бойынша нақты ұсыныстар әзірленетін болады.
Тексеру жүргізу кезіндегі негізгі критерийлер:
1) мемлекеттік бағдарламалардың ережелерін түгелдей немесе ішінара қайталайтын салалық бағдарламалар тиісті мемлекеттік бағдарламаларға интеграцияланады;
2) бір мемлекеттік органның құзыретіне жататын бағдарламалар тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына интеграцияланады;
3) өңірлердің өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған бағдарламалар ірілендіріліп, бір бағдарламаның шеңберінде іске асырылады;
4) бір бағытты (саланы), мысалы инфрақұрылымды дамытуға, бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалар жүйелендіріледі және бір бағдарламаға бірегейлендіріледі;
5) ережелері елдің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейтін не іске асырылуы тиімсіз бағдарламалар алынып тасталады.
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының тізбесінен республикалық және жергілікті бюджеттерді алып тастау, өйткені олар, өз мәніне қарай, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру құралы болып табылады.
4. Облыстық бюджеттен, Астана, Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеуді алып тастау. Стратегиялық жоспарларды талдау әзірлеудің орындылығы мен олардың практикалық құндылығы тек белгілі бір саладағы саясатты қалыптастыратын мемлекеттік органдар үшін ғана қолайлы екендігін көрсетеді.
Жергілікті деңгейде тек Аумақтарды дамыту бағдарламалары ғана әзірленуі тиіс. Тиісінше, жергілікті атқарушы органдардың нысаналы индикаторлар мен тікелей нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу жауапкершілігін күшейтуді қоса алғанда, Аумақтарды дамыту бағдарламасының форматын мазмұны жағынан күшейту қажет.
Аталған шара республикада мемлекеттік органдар әзірлейтін стратегиялық жоспарлардың санын 396-дан 29-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, облыстық бюджеттен, Астана, Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметтерін өздерінің жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асыруды көздейді.
5. Аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамына интеграциялау. Сол арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжанатын параметрлерінің құрамдас бөліктері мен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бөлінісінде оларға қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетіледі.
Бұл шара жалпы республика бойынша әзірленетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының санын 214-тен 17-ге дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасын және олардың іске
асырылу деңгейін арттыру
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасын және олардың іске асырылу деңгейін арттыру мақсатында мынадай шараларды қабылдау қажет.
1. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының стратегиялық мақсаттарын әзірлеу мен декомпозициялаудың жаңа тәсілдерін айқындау.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарына қарағанда, дамыған елдердің стратегиялық құжаттарында индикаторлар мен көрсеткіштердің саны көп емес. Жалпы алғанда, бұл құжаттар қандай да бір саланың даму саясатын айқындайды, жоспарлы кезеңге арналған даму стратегиясына назар аударады, тиісті саланың белгілі бір кезеңге болжанатын жағдайын сипаттайды.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қандай да бір деңгейге тиістілігіне сүйене отырып, ондағы индикаторлар мен көрсеткіштерді айқындау жөніндегі тәсілдерді өзгерту қажет:
1) бірінші деңгейдегі құжаттарда елдің ұзақ мерзімді кезеңде дамуын айқындайтын халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейі, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, еңбек өнімділігі және т.б. сияқты жалпы ұлттық түйінді көрсеткіштер ғана көрсетілуі тиіс.
Аталған көрсеткіштер кешенді сипатқа ие, олар сандық, әрі сапалық көрсеткіштер түрінде қалыптасуы, сондай-ақ бірнеше құрамдас бөліктерден тұруы мүмкін.
2) екінші деңгейдегі құжаттар салалар мен аялардың түйінді даму көрсеткіштерінің шектеулі санын қамтуы және жалпыұлттық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу бір немесе бірнеше салалар мен аяларды жақсартуға ықпал етеді.
Бұл деңгейдегі құжаттарда көрсеткіштер саны шектелген болуы тиіс.
3) құжаттардың үшінші деңгейі саланың, өңірдің дамуы мен орталық мемлекеттік орган қызметінің түпкілікті көрсеткіштерін қамтуы тиіс.
Өңірлердің дамуын көрсететін үшінші деңгейдегі құжаттарда нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштері жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай көрсеткіштер тізбесіне сәйкес ескеріледі. Өңірлер дамуының ерекшелігін есепке алу үшін нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштерін нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің жалпы санынан 20 %-дан аспайтын көлемде қосуға жол беріледі.
Бұл құжаттар да нысаналы индикаторлар мен тікелей нәтижелер көрсеткіштерінің саны шектелген болуы тиіс.
Бірінші және екінші деңгейдегі құжаттардың әрбір көрсеткіші бойынша төмен тұрған деңгейдегі құжаттарда оған қол жеткізуді қамтамасыз ететін құрамдас бөліктерді айқындау қажет. Декомпозицияның (бөлшектеудің) бастапқы әдістемесін айқындау олардың іске асырылуын нақты қадағалауға мүмкіндік береді.
2. Мемлекеттік органдар өз көрсеткіштерінің мынадай талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс:
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің үш деңгейдегі құжаттарының арасындағы деңгейлес және сатылас өзара байланыстардың бәрін ескере отырып, жоғары тұрған стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағдарлануы;
2) мемлекеттік орган жетекшілік ететін салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына азаматтардың қанағаттану деңгейін арттыруға бағытталуы;
3) бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингілерінде Қазақстан Республикасының ұстанымын жақсартуға бағытталуы;
4) мемлекеттік органның өкілеттіліктері мен құзыреттеріне сәйкес келуі;
5) бір мәнді және өлшенетін болуы;
6) жоспарлау кезінде ғылыми негізделген әдістер мен тәсілдерді пайдалана отырып, көрсеткіштердің жоспарлы мәндерін болжау.
3. Мемлекеттік статистика жүйесін Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен үйлестіру:
1) статистикалық жұмыстарды Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қабылданатын және іске асырылатын құжаттарын ескере отырып жоспарлауды қамтамасыз ету;
2) ведомстволық статистиканы қалыптастыру мен жүргізудің неғұрлым нақты әдіснамасын қалыптастыру;
3) мемлекеттік статистиканы қалыптастыру үшін әкімшілік есеп деректерін шоғырландыру.
Стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара
байланысын қамтамасыз ету
Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында көзделген стратегиялық мақсаттардың, міндеттер мен көрсеткіштердің бюджет шығыстарымен өзара байланысын қамтамасыз ету мақсатында мынадай шараларды қабылдау қажет.
1. Стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау арасындағы байланысты жоғарылату.
Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру процесінде стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау арасындағы өзара байланысты жоғарылату үшін тиісті деңгейден әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін негізге алу қажет.
Сапалы экономикалық жоспарлау мақсатында стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторлары мен тікелей нәтиже көрсеткіштері Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын талдауды және әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары мен әлеуметтік-экономикалық тиімділікті ескере отырып әзірленуі тиіс.
2. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын әзірлеу тәсілдерін өзгерту және оның форматын жетілдіру.
Стратегиялық жоспар мемлекеттік орган жетекшілік ететін салалардың орта мерзімді кезеңге арналған басым даму бағыттары мен олар көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі міндеттер шоғырландырылған құжатқа, сондай-ақ «шығындарды басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшуге мүмкіндік беретін стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлауды интеграциялау құралына айналуы тиіс.
Стратегиялық жоспарда мынадай негізгі мәселелер көзделуі тиіс:
1) миссиясы мен пайымы;
2) ағымдағы ахуалды талдау және мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттары бөлінісінде перспективада шешуді талап ететін проблемалар;
3) стратегиялық бағыттар бөлінісінде оларға қол жеткізу мемлекеттік орган қызметіне тікелей байланысты мемлекеттік органның мақсаттары, нысаналы индикаторлары, міндеттері мен нәтиже көрсеткіштері (жетекшілік ететін саланың даму көрсеткіштері және мемлекеттік орган қызметі нәтижесінің көрсеткіштері);
4) нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті ресурстар туралы ақпарат (мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттарының бөлінісінде жалпы сомада көрсетіледі);
5) тәуекелдерді басқару жөніндегі ақпарат. Аталған бөлім мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін әлеуетті тәуекелдерді көздеуі, аталған тәуекелдерді азайтуға немесе болдырмауға бағытталған нақты шаралар жүйесін көрсетуі тиіс.
3. Мазмұндары мәлімделген шығыстардың мемлекеттік органның стратегиялық бағыттарына, мақсаттарына, міндеттері мен функцияларына сәйкес келуін анық айқындауға мүмкіндік бере алатын бюджеттік бағдарлама мен бюджеттік өтінім форматтарын қайта қарау.
Стратегиялық жоспарларды әзірлейтін мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалары олардың стратегиялық жоспарлары мен ережелерінде көзделген қызметінің негізгі бағыттары мен мақсаттарын, ал бюджеттік кіші бағдарламалар олардың стратегиялық жоспарлары мен ережелерінде көзделген міндеттерді негізге ала отырып қалыптастырылатын болады.
Стратегиялық жоспарларды әзірлемейтін мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалары мен кіші бағдарламалары олардың ережелерінде көзделген міндеттер мен функцияларды негізге ала отырып қалыптастырылатын болады.
Мемлекеттік органның бюджеттік бағдарламаларының архитектурасы әзірленетін болады, ол стратегиялық жоспар мен ережеде айқындалған қызметінің негізгі бағыттарына сәйкес келуі тиіс. Аталған талап әрбір бюджеттік бағдарламаны іске асыру үшін жауапкершілікті нақты бөлу үшін қажет.
Бюджеттік бағдарлама мемлекеттік орган қызметінің тиісті бағытының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған барлық шығындарды қамтуы тиіс (кредит беруге, қарыз беруге шығыстарды қоспағанда, ағымдағы шығыстар, даму шығыстары және т.б.), өйткені осы шығындардың бәрі жеке-жеке емес, тек жиынтық түрінде ғана нәтиже бере алады.
Бұл ретте, бюджеттік бағдарламалар әрбір мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігін ескере отырып қалыптастырылуы тиіс, яғни бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу кезінде әрбір мемлекеттік органға жеке тәсіл көзделуі тиіс.
Мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша мемлекеттік органдардың бұйрықтарымен бекітілуі қажет.
Бюджеттік бағдарлама мемлекеттік органның стратегиялық және бюджеттік жоспарлауының өзара байланысын қамтамасыз ететін құжатқа айналуы және мыналарды:
1) бюджеттік бағдарламаның сипаттамасын (бюджеттік бағдарлама неге бағытталған, ол мемлекеттік органның мақсаттарымен, міндеттерімен және функцияларымен қалай байланысқан, оларға қол жеткізудегі бюджеттік бағдарламаның үлесі);
2) жоспарлы кезеңде іске асыру мерзімін көрсете отырып, аталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылатын мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне, сондай-ақ оның міндеттері мен функцияларына қол жеткізуге арналған іс-шараларды;
3) бюджеттік бағдарламаны іске асыру көрсеткіштерін;
4) бюджет қаражатының көлемін қамтуы тиіс.
Әрбір бюджеттік бағдарлама үшін жауапкершілікті айқын бөлу нәтижелерге бағдарланған бюджеттің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Бұл үшін әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша жауапты лауазымды тұлға айқындалатын болады. Аталған ақпарат бюджеттік бағдарламаға енгізілуі және бюджет процесінің негізгі қатысушыларына қолжетімді болуы тиіс.
Бюджеттік өтінім бюджет шығыстарының көлемін негіздеуді көздейтін құжатқа айналуы және әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша бағыттар мен негізгі іс-шаралар бөлінісінде егжей-тегжейлі есептеулерді қамтуы тиіс.
4. Бюджет қаражатын жоспарлау кезіндегі тәсілдерді өзгерту қажет.
Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттыру мақсатында бюджет шығыстарын бөлу мемлекеттік органдардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттердің қолжетімділігіне негізделуі тиіс. Бұл, өз кезегінде, әрбір мемлекеттік орган мен оның басшысының сапалы стратегиялық жоспарды әзірлеуге мүдделілігі мен жауапкершілігін арттырады.
Бюджетті қалыптастыру кезеңінде стратегиялық жоспарды әзірлейтін әрбір мемлекеттік орган стратегиялық жоспарды Республикалық бюджет комиссиясына қорғау үшін ұсынуы тиіс. Стратегиялық жоспармен бірге «жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру» және «бюджет қаражатын басқару» бағыттары бойынша мемлекеттік органның өткен қаржы жылындағы қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы қорытынды мен басқа да материалдар, сондай-ақ алдыңғы жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есептері ұсынылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын пайдалануының тиімділігін арттыру мақсатында оларға бюджеттік инвестициялық жобаның құнының 5 пайызынан аспайтын қаражатты үш жылдық жоспарлы кезеңнің жылдары арасында бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша ауыстыру құқығын беру мүмкіндігі қаралатын болады.
5. Парламентке бюджеттің атқарылуы бойынша есеп беру тәртібін өзгерту.
Бюджеттің атқарылуы жөніндегі жылдық есеп бюджет қаражатын игеру туралы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, бағдарламаларының стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу және жұмсалған бюджет қаражатының оған ықпал етуі туралы да ақпаратты қамтуы тиіс.
Мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламентінде қарау тәртібі қайта қаралатын болады.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен стратегиялық және
бағдарламалық құжаттарды, мемлекеттік органдардың стратегиялық
жоспарларын іске асыру тиімділігін бағалауды жетілдіру
Мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау аясында жүзеге асырылатын бағалау тетіктерін одан әрі жетілдіру мынадай міндеттерді іске асыруға шоғырланатын болады.
Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдар қызметінің процестері бойынша қосымша критерийлерді енгізу, сондай-ақ стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының жоғары деңгейін қамтамасыз ету бөлігінде тиімділікті бағалауды өзектілендіру талап етіледі.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бағалау жүйесімен үйлестірілуі тиіс. Бұл бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік орган жүргізеді.
Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды бағалау кезінде олардың іске асырылуынан болатын әлеуметтік-экономикалық тиімділікті бағалауды күшейту қажет. Бағалаудың нәтижелері бойынша тиімділігі төмен және тиімсіз мемлекеттік және салалық бағдарламалар түзетілуі немесе күшін жоюға қойылуы тиіс.
Екінші кезеңде озық халықаралық тәжірибеге сәйкес даму және ішкі бағалау тетіктерінің дамуы мен нығаюына қарай бағалау-бақылау функцияларын нығайту бойынша сыртқы бағалау жөніндегі уәкілетті органдардан, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды стратегиялық жоспарларды әзірлеуші мемлекеттік органдарға орталықтан алуға көшу басталады.
Мемлекеттік аудит жүйесі толық енгізілгеннен кейін мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері мемлекеттік органдар қызметінің кемшіліктерін анықтау және оны жақсарту бойынша негізгі құрал ретінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруға ішкі бағалау жүргізуде түйінді рөл атқаруы тиіс.
Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саласында жұмыс істейтін
кадрлардың біліктілік деңгейін арттыру
Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саласында жұмыс істейтін кадрлардың біліктілік деңгейін арттыру жөніндегі міндетті орындау үшін мынадай шаралар ұсынылады:
1. Экономикалық басқарудың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сондай-ақ жоспарлау сапасын арттыру мақсатында бюджеттік жоспарлауға және нәтижелерді бағалауға тартылған мамандардың құзыретін күшейту қажет.
Осылайша, бюджеттік өтінімдерді талдауды жүзеге асыратын мамандардың рөлін күшейтуді қоса алғанда, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саласында адами ресурстарды дамыту жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.
Нәтижелерге бағдарланған бюджет табысты қолданылатын елдерде бюджеттік өтінімдерді талдау мен бюджеттік бағдарламаларды мониторингілеу тұрғысынан бюджет процесінде бюджеттік талдаушы маңызды рөл атқарады. Бюджеттік талдаушылар бір жыл бойы объектілерге бара отырып, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылу тиімділігін зерделейді және талдау нәтижелері бойынша бағдарламаны және/немесе оның түрлі іс-шараларын одан әрі іске асыру қажеттігін айқындайды, сондай-ақ қаржыландыру баламалары мен ұсынымдарды сипаттай отырып, шешу жолдарын әзірлейді.
2. Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың негізгі аспектілеріне, оның ішінде қаржылық емес көрсеткіштерді әзірлеуге оқытуды тұрақты негізде ұйымдастыру.
Тұжырымдаманы іске асыру құралдары
Осы Тұжырымдаманың ережелері мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру арқылы іске асырылатын болады.
3. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық
актілер тізбесі
Тұжырымдаманың бірінші кезеңін іске асыру кезеңінде төменде аталған міндеттерге қол жеткізу:
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын тексеру және оңтайландыру;
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасын және олардың іске асырылу деңгейін арттыру;
3) стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ету;
4) стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саласында жұмыс істейтін кадрлардың біліктілік деңгейін арттыру;
мынадай нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу арқылы болжанады:
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығымен бекітілген Бюджет саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленетін заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне;
«Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына;
«Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 16 қыркүйектегі № 871 Жарлығына;
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығына;
«Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 наурыздағы № 218 қаулысына;
«Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысына;
«Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 27 тамыздағы
№ 1251 қаулысына;
«Салалық бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын қабылдау;
5) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру тиімділігін бағалауды жетілдіру:
мыналарға:
«Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына;
«Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 маусымдағы № 573 қаулысына;
«Мемлекеттік бағдарламаларға, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2010 жылғы 1 шілдедегі № 17қ қаулысына түзетулер енгізу.