Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 16 қыркүйектегі N 871 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 681 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша 2017 жылғы 3 шілдедегі № 86-VI Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 503 қаулысын қараңыз.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс


      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 127-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну ережесі бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасау және ұсыну ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қыркүйектегі N 1443 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 36, 469-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қыркүйектегі N 1443 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 28 мамырдағы N 1579 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 21, 246-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қыркүйектегі N 1443 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 8 желтоқсандағы N 218 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 46, 483-құжат).

      3. Осы Жарлық 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы 16 қыркүйектегі
N 871 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы
жылдық есепті жасау және ұсыну
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну ережесі (бұдан әрі - Ереже) есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындайды.

      2. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының атқарылуы туралы есептердің, елдің стратегиялық даму бағыттарымен өзара байланысты бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін бюджеттік мониторингтеу және талдау нәтижелерінің деректері есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау үшін негіз болып табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 25.02.2016 № 202 Жарлығымен.

      3. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп есепті қаржы жылында жүргізілген республикалық бюджеттің түсімдері және шығыстарын қаржыландыру жөніндегі барлық операцияларды көрсетеді.

      Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетілген бюджеттердің көрсеткіштерін көрсетеді.

      Түзетілген бюджет Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары және өзге нормативтік құқықтық актілер негізінде бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгеруін ескереді.

      Есепті қаржы жылындағы бюджет түсімдерінің атқарылу және (немесе) республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша төленген міндеттемелер сомасының ауытқуы, пайыздық қатынасы түзетілген бюджетке есептеледі және тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепте және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есепте көрсетіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 25.02.2016 № 202 Жарлығымен.

      4. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган жасайды.

      5. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті қалыптастыру Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған бюджет құрылымы бойынша кассалық негізде, мың теңгемен жүзеге асырылады.

2. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау тәртібі

      6. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп:

      1) түсіндірме жазбадан;

      2) тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептен;

      3) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есептен тұрады.

2.1. Түсіндірме жазбаны жасау тәртібі

      7. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке түсіндірме жазбада елдің экономикалық ахуалы, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтардың іске асырылуы туралы, елде тиісті кезеңге арналған республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң баптарының атқарылуы туралы талдамалық ақпарат көрсетіледі.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.06.21 N 1008 (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

2.2. Тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасау тәртібі

      8. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп республикалық бюджет туралы заңға қосымшаларға сәйкес республикалық бюджет көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіреді.

      Есеп тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес жасалады және мыналар:

      есепті қаржы жылына арнап бекітілген, нақтыланған, түзетілген республикалық бюджеттің сомасы;

      есепті қаржы жылына арнап қабылданған міндеттемелердің сомасы;

      есепті қаржы жылында төленбеген міндеттемелердің сомасы;

      есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет түсімдерінің және (немесе) төленген міндеттемелердің атқарылу сомасы;

      есепті қаржы жылындағы бюджет түсімдерінің атқарылу және (немесе) республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша төленген міндеттемелер сомасының есепті қаржы жылындағы түзетілген республикалық бюджеттің сомасынан ауытқуы;

      есепті қаржы жылындағы бюджет түсімдерінің атқарылу және (немесе) республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша төленген міндеттемелер сомасының есепті қаржы жылындағы түзетілген республикалық бюджеттің сомаларына пайыздық қатынасы;

      бюджеттік сомалардың игерілмеу сомасы көрсетіле отырып, Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың бюджет түсімдері сыныптамасының кодтары мен бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы бойынша қалыптастырылады.

      Бюджет қаражатының үнемделуін, Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің бөлінбеген қалдығын, шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жете пайдалануға рұқсат етілген, өткен қаржы жылы бөлінген, пайдаланылмаған нысаналы даму трансферттерінің қайтарылған сомасын қоспағанда, бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелерден түзетілген бюджеттің асып түсу сомасы республикалық бюджет қаражатының игерілмеу сомасы болып табылады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 25.02.2016 № 202 Жарлығымен.

2.3. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есепті жасау тәртібі

      9. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есеп есепті қаржы жылындағы түзетілген республикалық бюджеттің атқарылуын көрсетеді және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік орган жүргізген бюджеттік мониторинг пен нәтижелерді бағалау нәтижелеріне негізделген республикалық бюджеттік бағдарламалардың түсімдері және оларды іске асыру жөніндегі талдамалық деректерді қамтиды және мынадай:

      түсімдер жоспарының атқарылуына әсер ететін негізгі факторларды және кірістер түсімдерінің жоспарынан іс жүзіндегі атқарылудың ауытқу себептерін баяндай отырып, салықтық түсімдердің, салықтық емес түсімдердің, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің, трансферттер түсімдерінің атқарылуын талдауды қамтитын "Кірістер" бөлімі бойынша республикалық бюджеттің атқарылуы туралы;

      бөлінген бюджет қаражаттарының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың игерілмеу сомалары мен себептері, бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу (қол жеткізбеу) және оларға қол жеткізбеу себептері, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпаратты қамтитын "Шығындар" бөлімі бойынша республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы;

      бөлінген бюджет қаражаттарының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың игерілмеу сомалары мен себептері, кредит берумен байланысты, сондай-ақ іс жүзіндегі атқарылудың бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша қаражаттардың түсу жоспарынан ауытқуының негізгі факторлары мен себептерін көрсететін бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу (қол жеткізбеу) және оларға қол жеткізбеу себептері, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпаратты қамтитын "Таза бюджеттік кредит беру" бөлімінің атқарылуы туралы;

      бөлінген бюджет қаражаттарының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың игерілмеу сомалары мен себептері, бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу (қол жеткізбеу) және оларға қол жеткізбеу себептері, қаржы активтерін сатып алуға байланысты бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы, сондай-ақ мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін іс жүзіндегі түсімдердің жоспарлы сомадан ауытқу себептерін көрсете отырып, оларды сатудан түсетін түсімдер жоспарының орындалуы туралы ақпаратты қамтитын "Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо" бөлімінің атқарылуы туралы;

      республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша тапшылықтың (профициттің) іс жүзінде қалыптасқан сомасын түсіндіретін "Бюджет тапшылығы (профициті)" бөлімінің атқарылуы туралы;

      бюджет қаражатының қарызға алу және пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабуды іс жүзінде қамтамасыз ету немесе бюджет профицитін, қарыз қаражатын, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарын қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге жұмсау жолымен бюджет профицитін пайдалану нәтижелерін қамтитын "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)" бөлімінің атқарылуы туралы ақпаратты қамтиды.

      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік бағдарламалар бөлінісіндегі республикалық бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы талдамалық есеп бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік бағдарламаларды топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарын ведомстволық сыныптау негізінде қалыптастырылады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 07.11.2014 № 947 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.02.2016 № 202 Жарлықтарымен.

3. Жылдық есепті ұсыну тәртібі

      10. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Ереженің 6-9-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей ұсынады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 11.01.2016 N 169 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын ағымдағы жылғы 20 сәуірден кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынады.

      Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламентінде қарау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.06.21 N 1008 (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады