Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 124 қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      2. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) және "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:

      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;

      2) жарты жылда бiр рет, жартыжылдықтың алғашқы айының жиырмасыншы күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Жоспардың орындалуы туралы ақпарат берсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылғы 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 11 наурыздағы
№ 124 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету
жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары

      Ескерту. Жоспардың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

Ағымдағы жағдайды талдау

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 56 қаулыларымен.

      Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИДМБ) қабылданды. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер еткенін айғақтайды. 2008 – 2013 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны көлемінің өсуі 25,8 %-ды құрады (1,8 ден 3,8 трлн. теңгеге дейін). Ұқсас кезең ішінде өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің өсуі 158,5 %-ды құрады, 37,3-тен 57,5 мың АҚШ долл/адам. дейін1. Бұл ретте 2013 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 5 852,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде тамақ өнеркәсібі 1 172,6 млрд. теңге (20 %), машина жасау – 859,2 млрд. теңге (14,5 %), химия өнеркәсібі – 185,9 млрд. теңге (3 %)2.

      _________________________

      1 "Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштері" статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsGPFIIR)

      2 "Қазақстанның және оның өңірлерінің өнеркәсібі" статистикалық жинағы (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsCompilations)




      Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу табиғи ресурстармен қамтамасыз етілу, қолайлы макроэкономикалық орта және саяси тұрақтылық сияқты бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының арқасында орын алды. Бұл ретте перспективада ел экономикасы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы және "орташа табыс тұзағында" қалуы мүмкін3. Айталық, оң үрдістерге қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны төмендеуде (2013 жылы – 1,9 %, ал 2010 жылы – 13,9 %). ЖІӨ-нің озыңқы өсуі есебінен оның құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2008 жылы 11,8 %-дан 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша 10,7 %-ға дейін төмендеді. Бұдан басқа, шикізаттық емес өнімнің экспорт құрылымындағы үлесі ұқсас кезеңде 28 %-дан 24 %-ға дейін қысқарған.

      Өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу қарқынының баяулауы елдегі инвестициялық белсенділіктің төмендеуімен бірге жүрді. Айталық, соңғы бес жыл ішінде негізгі капиталға инвестициялардың жылдық өсу деңгейі 14,8 %-дан 6,9%-ға дейін қысқарды4. Бұл ретте 2013 жылы инвестициялық салымдардың ең көп көлемі өткен жылдардағыдай тау-кен өндірісіне тиесілі (негізгі капиталға барлық инвестициялардың 29 %-ы). Негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорынның меншікті қаражаты болып отыр (59 %), ал нарықта ұзақ мерзімді қорландыру көздерінің жетіспеушілігі байқалады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылдың бірінші жартысында қабылдаған шаралар өңдеу өнеркәсібі секторында жағымды өзгерістерге әсер етті. Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҰБ) ресми мәліметтері бойынша 2014 жылдың жаз кезеңінде өңдеу өнеркәсібіне берілген кредиттердің көлемі өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 2,8 %-ға артты. Сонымен қатар, 2014 жылғы маусым – тамызда берілген өңдеу өнеркәсібінің ұзақ мерзімді кредиттері өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге асып түсті5. Дегенмен, жалпы кредит қоржынының құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тек 6,8 % тиесілі, ал ҚР ҰБ зерттеуінің деректері бойынша өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарында кредитке деген қажеттілік тұтастай экономика бойынша алғанда жоғары. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өңдеу өнеркәсібі үшін инвестицияларға болжамды қажеттілік шамамен 6,6 трлн. теңгені құрайды.

      _________________________

      3 Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы

      4 "Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызмет туралы" статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/homeNumbersInvestment)

      5 ҰБ статистикалық бюллетені (http://www.nationalbank.kz/?docid=310)

      Өңдеу өнеркәсібінің жұмыс істеуіне қолдау көрсетін қызметтер көрсету салаларын дамыту мәселесі де маңызды болып табылады. Оған көлік және логистика, коммуникация, техникалық сынақтар және ғылыми зерттеулер, мамандандырылған техниканы жалдау, буып-түю және т.б. жатады. 2014 жылғы 9 айдың деректері бойынша бұл секторларда негізгі қаражатқа инвестиция салудың теріс қарқыны байқалады (көлік және қоймаға жинау бойынша – 15 %, ақпарат және байланыс бойынша – 17 %).

      Осылайша, өңдеу өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі үшін қызмет көрсететін секторлар үшін ұлттық валютада кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттілігіне байланысты кәсіпорындардың айналым капиталын толықтыру және негізгі қорларды жаңарту қажеттілігін ескеретін қаржы құралдарын бөлу бойынша мемлекеттің қосымша шаралар қабылдауының қажеттігі байқалады.

      Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) кәсіпкерлік субъектілерін мынадай бағыттар бойынша қолдауға бағытталған шаралар кешенін айқындайды:

      бірінші бағыт: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Даму" КДҚ" АҚ) Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия тізбесін мақұлдаған екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі – ЕДБ) өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ШОКС) қаржыландыру, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде ШОКС берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру, ЕДБ қарыздары бойынша айналым қаражатын толықтыру, өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобаларды қаржыландыру үшін кредит береді (бұдан әрі – бірінші бағыт) (мақсатты пайдалану шарты "Цеснабанк" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Цеснабанк" АҚ) берген қарыздарға қолданылмайды);

      екінші бағыт: "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "ҚДБ" АҚ) өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ІКС) қаржыландыру, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі ІКС берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру, өңдеу өнеркәсібіндегі ІКС берілген ЕДБ қарыздары бойынша айналым қаражатын толықтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды қаржыландыру үшін ЕДБ-ға банкаралық кредит беруі (бұдан әрі – екінші бағыт) (мақсатты пайдалану шарты "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды).

      Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесін айқындайды.

      Тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларға бірінші және екінші бағыт бойынша кредит беру осы Жоспарға қосымшаға сәйкес тамақ өнеркәсібінің қаржыландыруға арналған салаларының тізбесіне (бұдан әрі - тізбе) сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаның нысаналы мақсатын растау үшін экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (бұдан әрі - ЭҚЖЖ) нақты кодына байланыстырылған тізбеден кемінде бір тауар түрін шығару жеткілікті.

Жалпы ережелер

Мақсатқа қол жеткізу және қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 1276 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруды жалғастыра отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі, ҚР ҰБ, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) өңдеу өнеркәсібінде ШОКС-ты және ІКС-ті кейіннен қаржыландыру, оның ішінде бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру, ШОКС-тың және ІКС-тің айналым құралдарын және жаңа жобаларын қаржыландыру үшін ЕДБ қаржыландыру бойынша қосымша шаралар қабылдайтын болады.

      2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – ҚР ҰҚ) қаражатынан жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін ШОКС-ты және ІКС-ті қосымша қаржыландырудың жалпы көлемі 100 миллиард теңгені құрайды.

Жыл

ШОКС жобалары

ІКС жобалары

2015

50 млрд. теңге

50 млрд. теңге

      Осы мақсаттар үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мынадай шарттарда 100 млрд. теңге сомасына облигациялар шығару арқылы ҚР ҰҚ-дан қарыз алуды жүзеге асырады:

Шығару жылы

2015

ҚР ҰҚ қаражатынан орналастыру көлемі

100 млрд. теңге

Купон мөлшерлемесі

жылдық 0,1%

Өтеудің кiрiстiлiгi

жылдық 0,1%

Облигациялардың айналыс мерзiмi

облигациялардың айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейін

Облигациялық қарызды өтеу мерзімі

эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен айналыс мерзімінің соңында

      Облигацияларды орналастырғаннан кейін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ бірінші бағыт бойынша шараларды іске асыру үшін "Даму" КДҚ" АҚ-пен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес кредиттік шарт жасасады және "Даму" КДҚ" АҚ-на мынадай шарттарда кредит береді:

      1) кредит сомасы – 50 млрд. теңге;

      2) мерзімі – кредиттік шартқа қол қойылған күннен бастап 20 жылға дейін;

      3) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,15 %;

      4) "Даму" КДҚ" АҚ бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен жасалған кредиттік шарт жағдайларына сәйкес мерзімнің аяғында қаражатты бір сомамен өтеу.

      Облигацияларды орналастырғаннан кейін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ екінші бағыт бойынша шараларды іске асыру үшін "КДБ" АҚ-пен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қарыз шартын жасасады және "ҚДБ" АҚ-на мынадай шарттарда кредит береді:

      1) кредит сомасы – 50 млрд. теңге;

      2) мерзімі – кредиттік шартқа қол қойылған күннен бастап 20 жылға дейін;

      3) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,15 %;

      4) "ҚДБ" АҚ бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен жасалған қарыз шарты жағдайларына сәйкес мерзімнің аяғында қаражатты бір сомамен өтеу.

Қаражатты екінші деңгейдегі банктерде шартты орналастырудың талаптары мен тетіктері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 14.04.2016 № 216; 29.12.2018 № 937; 13.05.2019 № 274 қаулыларымен.

      1. Мемлекеттік комиссия 2015 жылға ЕДБ тізбесін және олардың лимиттері сомаларын бірінші және екінші бағыттар бойынша мақұлдайды.

      2. "Даму" КДҚ" АҚ, "ҚДБ" АҚ және ЕДБ осы Жоспарды іске асыру шеңберінде ҚР ҰҚ-дан бөлінетін қаражаттан төлемдер жүргізу үшін ҚР ҰБ-да жеке банктік шоттар ашады.

      3. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ "Даму" КДҚ" АҚ-ның және "ҚДБ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотына жасалған кредиттік шарттың және қарыз шартының талаптарына сәйкес қаражат сомасын орналастырады.

      4. "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда кредиттік келісімдер жасасады:

      1) Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз ҚР ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражатын орналастыру;

      2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2 %-дан аспайды;

      3) ЕДБ-ның кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін;

      4) қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі:

      инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 12 ай;

      айналым қаражатын толықтыру және бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру мақсаттарына берілетін кредиттер бойынша – 6 ай.

      5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы – теңге;

      6) ЕДБ үшін "Даму" КДҚ" АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ШОКС-қа кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырма жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс;

      7) "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісім шеңберінде:

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің 25 %-нан аспайтын бөлігін ЕДБ өңдеуші өнеркәсіпте ШОКС-ке берген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағыттаған қарыздар үлесі құрайды;

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің 25 %-нан аспайтын бөлігін ЕДБ өңдеуші өнеркәсіпте ШОКС-тің айналым қаражатын толықтыру мақсатына бағыттаған қарыздар үлесі құрайды;

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 50 %-ын өңдеуші өнеркәсіпте ЕДБ ШОКС-тің жаңа жобаларын қаржыландыруға бағыттаған қарыздар үлесі құрайды.

      Бұл ретте, Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 25 %-ын ЕДБ ШОКС-тің тамақ өнеркәсібіндегі жобаларын қаржыландыру және қайта қаржыландыру үшін бағыттайтын қарыздарының үлесі құрайды.

      2019 жылдан бастап ШОКС-ті қаржыландырудан қайтарылған қаражат есебінен 25 млрд. теңге Ұлттық қор қаражатының айналым мерзімінің соңына дейін қайтарылатын негізде экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға жолданатын болады.

      Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру - өнімді өндіруге және экспортқа өткізуге байланысты айналым қаражатын толықтыруға ШОКС жобасын қаржыландыру. Экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру – кейіннен экспорт үшін өнім өндіру мақсатында инвестициялық шығындарды жүзеге асыруға ШОКС қаражатын беру.

      5. "ҚДБ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда банктік қарыз шартын жасасады:

      1) Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз ҚР ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражатын орналастыру;

      2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2 %-дан аспайды;

      3) ЕДБ-ның кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін;

      4) "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында банктік қарыз шартын/лимиттерді өзгерту туралы қосымша келісім жасалған күннен бастап ЕДБ-нің кредиттік қаражатты игеру мерзімі:

      инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 18 ай;

      айналым қаражатын толықтыру және бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру мақсаттарына берілетін кредиттер бойынша – 6 ай.

      5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы – теңге;

      6) ЕДБ үшін "ҚДБ" АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ІКС-ке кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырма жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс;

      7) "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған банктік қарыз шартының шеңберінде:

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің 50 %-ынан аспайтын бөлігін ЕДБ ІКС-ге берілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағыттаған қарыздар үлесі құрайды;

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің 25 %-ынан аспайтын бөлігін ЕДБ ІКС-нің айналым қаражатын толықтыру мақсатына бағыттаған қарыздар үлесі құрайды;

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 25 %-ын ЕДБ ІКС-нің жаңа жобаларын қаржыландыруға бағыттаған қарыздар үлесі құрайды.

      2019 жылдан бастап ІКС-нің қолданыстағы кредиттік желілерінің жабылуына қарай босайтын қаражат есебінен 25 млрд. теңге Ұлттық қор қаражатының айналым мерзімінің соңына дейін қайтарылатын негізде ІКС-нің экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларын қаржыландыруға жолданатын болады.

      Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру – өнімді өндіруге және экспортқа өткізуге байланысты айналым қаражатын толықтыруға ІКС жобасын қаржыландыру. Экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру – кейіннен экспорт үшін өнім өндіру мақсатында инвестициялық шығындарды жүзеге асыруға ІКС қаражатын беру.

      Пропорцияларды сақтау ЕДБ қаражатын екінші рет орналастыруға қолданылмайды.

      6. ЕДБ орналастырылған кредит қаражатын мақсатты пайдалану және игеру бойынша "Даму" КДҚ" АҚ мен "ҚДБ" АҚ алдында есеп береді.

      ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің осы Жоспарда көзделмеген өзге де, оның ішінде: экспорттық түсімнің бар болуын анықтау үшін ковенанттарды белгілеу шарттары тиісті кредиттік келісіммен, банктік қарыз шартымен белгіленеді. Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу кезінде басымдық осындай жобаны қаржыландыру басталған күннен бастап 1 (бір) қаржы жылынан кейін экспорттық түсімнің жыл сайын кемінде 5 % өсуін қамтамасыз ететін жобаларға берілуі тиіс. Мұндай жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін алдыңғы 2 (екі) жыл ішінде ІКС/ШОКС субъектілерінің экспорттық түсімінің көлемін экспорттық түсімнің орташа жылдық көлемі деңгейінде сақтауды қамтамасыз ететін экспортқа бағытталған жобаларды экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе қаржыландыруға жол беріледі.

      ЕДБ-ға бөлінетін қаражатты Мемлекеттік комиссия айқындаған ШОКС және ІКС жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесіне енбейтін жобаларды іске асыруға жіберуге тыйым салынады.

      ЕДБ-ға бөлінетін қаражатты қаржы құралдарына инвестициялауға және/немесе олармен операциялар жүргізуге, сондай-ақ шетелдік валютаны сатып алу үшін валюта нарығына бағыттауға тыйым салынады.

      ЕДБ ай сайынғы негізде ШОКС-тың бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ үш ай ішінде қаражатты ШОКС-қа одан әрі кредит беруге бағыттайды не "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шоттарына мерзімінен бұрын қайтарады.

      ЕДБ ІКС-тің бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған қарыз шарттарында белгіленген мерзім ішінде қаражатты ІКС-ті одан әрі кредит беруге бағыттайды. Қаражат кредиттік келісімдерде және (немесе) қарыз шарттарында көрсетілген мерзімдерде орналастырылмаған жағдайда, "ҚДБ" АҚ ЕДБ-ден қаражаттың орналастырылмаған бөлігін мерзімінен бұрын өтеуді талап етуге құқылы.

      7. ШОКС және ІКС жобаларын қаржыландыру шеңберінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ҚР ҰБ талаптарына сәйкес айқындалады.

      Кәсіпкерлік субъектілерінің қарыз бойынша міндеттемелерді бұзу себебінен алып қойылатын комиссияларды, алымдарды және/немесе басқа төлемдерді қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінің қарызына байланысты комиссиялар, алымдар және/немесе өзге төлемдер алынбайды.

      ШОКС және ІКС мүлікті бағалау және сақтандыру бойынша шығыстарды төлейді.

      8. ЕДБ орналастырылатын қаражатты мақсатына сай пайдаланбаған, толықтай немесе ішінара игермеген жағдайларда, сондай-ақ кредиттік келісімде немесе банктік қарыз шартында көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде "Даму" КДҚ" АҚ, "ҚДБ" АҚ ЕДБ-ге қатысты кредиттік келісімнің, банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес шаралар қолданады, оның ішінде кредиттік келісімдерді, банктік қарыз шартын мерзімінен бұрын бұзу және/немесе кейін басқа ЕДБ-лер арасында қайта бөле отырып, орналастырылған қаражатты оларды кері қайтарып алу, және/немесе ЕДБ портфелін (банктік қарыз шарттары бойынша ШОКС/ІКС-ке құқықтар (талаптар) беру мәселесіне бастама көтеруге құқылы. Кері қайтарып алынған, ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген қаражатты ЕДБ арасында қайта бөлу, сондай-ақ ЕДБ портфелін (банктік қарыз шарттары бойынша ШОКС/ІКС-ке құқықтарды (талаптарды) басқа ЕДБ-ге беру Мемлекеттік комиссияның тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      9. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      10. Осы кіші бөлімнің 2-тармағында, 4-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, 5-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген шарттар "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

Өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 08.09.2016 № 528; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 56; 13.05.2019 № 274; 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

      1. Нысаналы топ – бірінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ШОКС.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімнің (бальзамдардан басқа) шығарылуын көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлардың шығарылуын көздейтін жобаларды іске асыратын;

      2) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей түрде мемлекеттік кәсіпорындарға/мекемелерге, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі ШОКС қатысушылары бола алмайды.

      3. ШОКС-тың мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды "Даму" КДҚ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына түпкілікті тексеруді "Даму" КДҚ" АҚ ШОКС жобасын іске асыратын жерге барғаннан кейін жүзеге асырады.

      4. Кредиттер ШОКC-қа мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:

      1) лимиті жоқ тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды қоспағанда, ҚР ҰҚ қаражатының есебінен берілген барлық кредиттер үшін бір ШОКС-ға қаржыландырудың ең жоғары лимиті – 3600000000 (үш миллиард алты жүз миллион) теңге;

      2) кредит беру мерзімі:

      жаңа жобаларға және ШОКС-тың қолданыстағы инвестициялық қарыздарын қайта қаржыландыруға – 10 жылдан аспайды;

      айналым қаражатын толықтыруға және айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілген қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға – 5 жылдан аспайды;

      3) ШОКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6,0 %-дан аспайды;

      4) кредит беру валютасы – теңге.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.02.2019 № 56; 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

      5. Осы кіші бөлімнің шарттары "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

      5. Тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаға 500000000 (бес жүз миллион) теңгеден жоғары сомаға кредит берілген жағдайда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) оң қорытындысы қажет. Ол үшін "Даму" КДҚ" АҚ уәкілетті органға сұрау салу мен мынадай ақпаратты жібереді: жоба бойынша қысқаша ақпарат, жобаның қуаты, өндірілетін өнім, жобаны іске асырылатын жер (облыс, аудан, елді мекен), шикізат базасының болуы, әлеуетті өткізу нарықтары.

      Уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен кейінгі 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жобаны қаржыландырудың салалық орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытынды ұсынады.

Өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 08.09.2016 № 528; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 56; 13.05.2019 № 274; 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

      1. Нысаналы топ – екінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ІКС.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімнің (бальзамдардан басқа) шығарылуын көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлардың шығарылуын көздейтін жобаларды іске асыратын;

      2) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей мемлекеттік кәсіпорындарға/мекемелерге, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі ІҚС қатысушылары бола алмайды.

      3. ІКС-тің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дағы ЕДБ-ның жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды "ҚДБ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады.

      4. Кредиттер ІКC-ке мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:

      1) ең жоғары лимиті жоқ тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды қоспағанда, бір ІКС-ге берілетін қаржыландыру лимиті – 7 000 000 000 (жеті миллиард) теңгеге дейін;

      2) кредит беру мерзімі: жаңа жобаларға және ІКС-тың қолданыстағы инвестициялық қарыздарын қайта қаржыландыруға – 10 жылдан аспайды;

      айналым қаражатын толықтыруға және айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілген қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға – 5 жылдан аспайды.

      3) ІКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6,0 %-дан аспайды;

      4) кредит беру валютасы – теңге;

      5) инвестицияларға кредит беру бойынша негізгі қарызды төлеу бойынша жеңілдікті кезең – түпкілікті қарыз алушының кредитті игеруді бастаған күнінен бастап 24 айдан аспайды.

      5. Осы кіші бөлімнің шарттары "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

      5. Тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаға 500000000 (бес жүз миллион) теңгеден жоғары сомаға кредит берілген жағдайда, уәкілетті органның оң қорытындысы қажет. Ол үшін "ҚДБ" АҚ уәкілетті органға сұрау салу мен мынадай ақпаратты жібереді: жоба бойынша қысқаша ақпарат, жобаның қуаты, өндірілетін өнім, жоба іске асырылатын жер (облыс, аудан, елді мекен), шикізат базасының болуы, әлеуетті өткізу нарықтары.

      Уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жобаны қаржыландырудың салалық орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытынды ұсынады.

Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар

      1. Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің "В–" төмен болмауы.

      2. Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.

      3. Негізгі қарыз және (немесе) қарыз қаражатын беру күніне есептелген сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өтіп кеткен берешегі бар кредиттер деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҚР ҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның негізгі қарыз және (немесе) есептелген сыйақы бойынша 90 күннен асып кеткен берешегі бар кредиттер деңгейін ҚР ҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты "Даму" КДҚ" АҚ-ға және "ҚДБ" АҚ-ға қайтару көзделеді.

Мониторинг

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 29.12.2018 № 937 қаулысымен.

      1. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ қаржылық-экономикалық жағдайына талдауды тұрақты негізде жүзеге асыратын болады.

      2. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ:

      1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдалануы мен уақтылы игеруіне;

      2) ШОКС және ІКС алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына;

      3) ЕДБ-нің бұрын берілген қарыздарды өтеуден босатылатын қаражат есебінен ІКС-ті, ШОКС-ты уақтылы қаржыландыруына мониторингті жүзеге асыратын болады.

      3. ЕДБ "Даму" КДҚ" АҚ-ға, "ҚДБ" АҚ-ға қаражатты игеру туралы есептерді тұрақты негізде жіберетін болады. Есепті беру нысаны мен мерзімдері тиісті кредиттік келісімде, банктік қарыз шартында көрсетіледі.

      "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы тармақтың талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкімімен құрылған ҚР ҰҚ-дан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға береді.

      4. ЕДБ қаржыландырылған субъектілерге мониторинг жүргізеді. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит дерекнамасы жүргізіледі, онда кәсіпкерлік субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.

      5. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ-ның төлем тәртібін қадағалайтын болады.

      6. "Даму" КДҚ" АҚ мен "ҚДБ" АҚ Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ҚР ҰҚ-ның ЕДБ-дегі қаражаты есебінен қарыз алған түпкілікті қарыз алушылар, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит алу үшін өтініш білдірген кәсіпкерлік субъектілері және ЕДБ-ден кредит беру туралы оң шешім алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісімдердің, "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты береді.

      7. Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында ШОКС-тың, ІКС-тің келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Даму" КДҚ" АҚ-ға, "ҚДБ" АҚ-ға салықтық құпия болып табылатын мынадай мәліметтерді: салық салуға жатпайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс, шетелдік көздерден түсетін кірістер, салық салынатын кіріс, сатылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бойынша жұмсалған шығыстар, жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері бойынша жұмсалған шығыстар, таза кіріс, жұмыскерлердің (адам) саны, бір жұмыскерге есептегенде орташа айлық жалақы, салықтық төлемдердің сомалары туралы ақпаратты ұсынады.

      8. Осы кіші бөлімнің 2, 3, 6, 7-тармақтарының шарттары "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу енеркәсібіндегі
кәсіпкерлік субъектілерін
қаржыландыруды қамтамасыз
ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қосымша

Қаржыландырылатын тамақ өнеркәсібі салаларының тізбесі

      Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 12.02.2019 № 56; жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

Р/с

ЭҚЖЖ кодының атауы

ЭҚЖЖ коды

1

2

3

1

Ет өңдеу және консервілеу

1011

2

Ауыл шаруашылығы құсының етін өңдеу және консервілеу

1012

3

Ет өнімдерін және ауыл шаруашылығы құсының етінен жасалған өнімдер өндірісі

1013

4

Балықты, шаян тәрізділерді және моллюскаларды өңдеу және консервілеу

1020

5

Картопты өңдеу және консервілеу

1031

6

Жеміс және көкөніс шырындарының өндірісі

1032

7

Жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеудің өзге де түрлері

1039

8

Май және тоң май өндірісі

1041

9

Маргарин және оған ұқсас тағамдық майлар өндірісі

1042

10

Сүтті өңдеу және ірімшік өндірісі

1051

11

Балмұздақ өндірісі

1052

12

Ұн-жарма өнімдерінің өндірісі

1061

13

Крахмал және крахмал өнімдерінің өндірісі

1062

14

Ұзақ сақталмайтын нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі

1071

15

Кептірілген нан және печенье, ұзақ сақталатын ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар өндірісі

1072

16

Макарон өнімдерінің өндірісі

1073

17

Қант өндірісі

1081

18

Какао, шоколад және қантты кондитерлік бұйымдар өндірісі

1082

19

Шай және кофе өндірісі*

1083

20

Дәмдеуіштер мен дәмдеуіштер өндірісі*

1084

21

Дайын тағам өнімдерінің өндірісі

1085

22

Балалар тағамын және емдәмдік тамақ өнімдерінің өндірісі

1086

23

Басқа топтамаларға енгізілмеген басқа тамақ өнімдерінің өндірісі

1089

24

Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған дайын азықтар өндірісі

1091

25

Үй жануарларына арналған дайын азықтар өндірісі

1092

      *ескертпе: ЭҚЖЖ 1083, 1084 кодтары шеңберінде қарыз беруге өнімді экспорттайтын кәсіпкерлік субъектілері үшін ғана қарыздар беруге жол беріледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады