"Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 – 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 қарашадағы № 655 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 – 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан
босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды
әлеуметтік оңалтудың 2017 – 2019 жылдарға арналған кешенді
стратегиясын бекіту туралы

      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді кешенді жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 – 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы (бұдан әрі – Кешенді стратегия) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп:
      1) 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін Кешенді стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
      2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2016 жылғы     
№ Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру
орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте
тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 – 2019 жылдарға
арналған кешенді стратегиясы Мазмұны

      Кіріспе
      1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың ағымдағы жағдайын талдау және оның негізділігі
      1.1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды оңалту процесінің мәні
      1.2. Проблемалық аспектілер
      1.3. Халықаралық практика
      2. Кешенді стратегияның мақсаты мен міндеттері
      3. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тұжырымдамалық бағыттары
      3.1. Қайта әлеуметтендірудің және нормативтік құқықтық базаның ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру
      3.2. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесін жақсарту үшін жағдайлар жасау
      3.3. Әлеуметтік сүйемелдеу жүйесін құру арқылы сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу тетігін жетілдіру
      3.4. Кадр әлеуетін және қайта әлеуметтендіру процесінің ғылыми негіздерін дамыту
      4. Кешенді стратегияны іске асыру мониторингі және оның тиімділігін бағалау

Кіріспе

      Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан Қазақстанда осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту процесіне кірікпеген әлеуметтік топтардың бар екенін атап өтті. Адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамда өздерінің лайықты орнын табуға мүмкіндік беру қажет.
      Еліміздің бас стратегиялық құжатында айқындалған саяси бағытқа негізделе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құру заң үстемдігін қамтамасыз ету жүйесін реформалаудың түйінді құрауышының бірі ретінде белгіленген.
      Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанда пенитенциарлық жүйенің проблемаларына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдармен жұмыс істеуге баса назар аударылады. Түрмедегі адамдар санын азайту, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындау институтын дамыту бойынша барабар шаралар іске асырылды. Бүгінгі күні бұл бағыттарда елеулі жетістіктерге қол жеткізілді.
      Қылмыстық саясатты ізгілендіруді негізгі бағыт ретінде айқындайтын Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясаты тұжырымдамасының (бұдан әрі – Құқықтық саясат тұжырымдамасы) ережелері жүргізіліп жатқан реформалардың түйінді аспектісі болды.
      Халықаралық құжаттардың ережелері мен шетел практикасының оң тәжірибесі қайта әлеуметтендіру процесінің тиімділігін көптеген жағдайларға, оның ішінде сотталғандарды босатылуға дайындау бойынша жүргізілген жұмысқа, сондай-ақ босатылғаннан кейін оңалту кезеңінде көрсетілген әлеуметтік-психологиялық көмекке байланысты болатындығын көрсетіп отыр.
      Бұл процесте қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ерекше орын берілген, себебі жазаны өтеудің қалыптасқан жүйесі белгілі бір әсерін қалдырады: отбасылық, туыстық байланыстарды әлсіретеді, сотталғанның өз ресурстарын ұтымды және дұрыс пайдалану және бостандықта әртүрлі өмірлік жағдайларда барабар шешім қабылдау дағдыларын жоғалтуына әсер етеді.
      Бұдан басқа, босатылғаннан кейін адамды сүйемелдеудің, оны қоғамға толықтай қайтару тетігі тиімділігінің, алғашқы кезеңде туындаған әлеуметтік-құқықтық проблемаларды шешуге жәрдем көрсетудің ерекше мәні бар.
      Бұрынғы сотталғандарды бейімдеу бұл тек қылмыстық-атқару жүйесі органдарының ғана міндеті емес. Осы күрделі мәселеде барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың кешенді ынтымақтастығы көмек бере алады.
      Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселесі бойынша алғашқы қадам Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде қабылданған болатын, онда қылмыстық жазаны өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі функциялар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беріледі.
      Осылайша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту жергілікті атқарушы органдарға жүктелді.
      Құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелерін іске асыру шеңберінде 2012 жылы қылмыстық-атқару инспекциясы құрылымында пробация қызметінің бөлімшелері құрылған болатын, ол сотталғандардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асырып қана қоймай, олардың жұмысқа орналастыруды, білім және мамандық алуды, медициналық қызмет көрсетуді, заң, психологиялық және өзге де әлеуметтік көмекті қамтитын әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдеседі.
      2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық-атқару кодексі қолданысқа енгізілді, онда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандарды қайта әлеуметтендіру процесін регламенттейтін нормалар көзделген. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық қызметтердің қажетті көлемін көрсетуде мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және азаматтардың мүмкіндіктерін кешенді іске асыру тетігін жаңғырту мен дамытудың маңызды аспектілеріне жетекші рөл беріледі. Құқықтық қатынастардың барлық субъектілерінің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылған.
      Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 – 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы (бұдан әрі – Кешенді стратегия) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін және пробация қызметінде есепте тұрған кезеңінде азаматтың әлеуметтік бейімсізденуі мен депривациясының алғышарттарын жоюға бағытталған.
      Кешенді стратегияның ережелерін жүзеге асыру заңнама нормаларына негізделеді, дәйекті және әдістемелік сипатта болады, Қазақстан Республикасының Конституциясында жарияланған азаматтардың барлық құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қол сұғылмаушылығын және іске асырылуын қамтамасыз етеді. Кешенді стратегияның ережелері ағымдағы жағдайдың мониторингі мен объективті бағалануын және оны іске асыру барысында қол жеткізілген жетістіктердің тиімділігін ескере отырып түзетілуі мүмкін.

1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және
пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік
оңалтудың ағымдағы жағдайын талдау және оның негізділігі 1.1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және
пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды оңалту процесінің
мәні

      Қылмыстық-атқару жүйесінің (бұдан әрі – ҚАЖ) құрылымында 92 мекеме бар, оның ішінде 74 – мекеме және 18 – тергеу изоляторы.
      Қылмыстық саясатты реформалау және ізгілендіру саласында мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижесінде түрмедегі адамдардың саны жыл сайын азайып келеді. Айталық, 2015 жылы ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдар саны 39945 (2014 жылы – 47939, 2013 жылы – 49821) құрады.
      Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінен өткен сотталғандар саны артуда. Айталық, пробация қызметінің есебінен өткен адамдар саны 2015 жылы 47862 (2014 жылы – 39530; 2013 жылы – 34309) азамат болды.
      Жыл сайын бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар саны көбеюде. 2015 жылы мекемелерден 16218 сотталған адам (2014 жылы – 11255; 2013 жылы – 9020) босатылған.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған барлық адамдар әлеуметтік көмекке мұқтаж, оларға босатылғаннан кейін алғашқы уақытта бостандықтағы өмір жағдайларына бейімделу, тыныс-тіршілік үшін және жұмыс іздеу үшін қаражат қажет.
      Қазақстанда қайта әлеуметтендіру тетігін іске асырудың құқықтық негізі жасалған.
      Қылмыстық-атқару заңнамасында «пробация» терминінің мәні пробация қолданылатын адамға қатысты оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында оның мінез-құлқын түзеу үшін әзірленетін және жеке іске асырылатын шаралар кешені ретінде айқындалады.
      Мемлекеттің әлеуметтік көмегінің жекелеген бағыттары заңнамамен реттелген: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі, Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы»«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»«Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы»«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы»«Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» заңдары, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы және басқалары.
      Қазіргі уақытта мекемелерде 57 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда жыл сайын шамамен 3500 адам білім алады.
      Сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің басым бағыты ҚАЖ мекемелерінде жұмысқа орналастыру болып табылады, соңғы 3 жыл ішінде бұл көрсеткіш 2015 жылы еңбекке жарамды адамдардың жалпы санынан 55,5% (2014 жылы – 51,4%, 2013 жылы – 49,6%) жұмысқа орналастырылған адам болды.
      Соңғы жылдары Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (бұдан әрі – ҚАЖ комитеті) ҚАЖ кәсіпорындарының өндірістік-шаруашылық қызметін жақсартуға және сотталғандарды барынша жұмысқа орналастыру үшін қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдады.
      Шағын және орта бизнес субъектілері ынтымақтастыққа тартылуда, олардың саны жыл сайын өсуде. ҚАЖ мекемелерінің іске қосылмаған өндірістік алаңдарында жаңа өндіріс ашуға ниетті кәсіпкерлік субъектілері «Өнімділік 2020», «Экспорттаушы – 2020», «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларында көзделген кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау құралдарын пайдаланады.
      ҚАЖ комитетінің веб-сайтында мынадай бөлімдерден тұратын «Колонияларда жұмыспен қамту» блогы құрылды: жұмыспен қамту жобасы; қамаудағылардың жетістіктер тарихы; қамаудағыларға арналған 100 іс; қамаудағылардың тауарлары мен көрсететін қызметтерінің виртуалды жәрмеңке-көрмесі; 1000 бизнес-идея, мамандықтар бойынша кәсіпқорлар тізімі, бұл ҚАЖ кәсіпорындарында қосымша тапсырыстар орналастыруға мүмкіндік берді.
      Ағымдағы жылдың басынан бастап 132 субъектіге іске қосылмаған өндірістік алаңдар сенімгерлік басқаруға берілді, бұл 1750-ден астам сотталғанды қосымша жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.
      Кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік қызметінің негізгі түрлері құрылыс материалдарын, халық тұтынатын тауарларды, тігін бұйымдарын өндіру, металдан бұйымдар жасау, мал шаруашылығымен айналысу және т.б. болып табылады.
      Мекемелерде мамандығы мен кәсібі жоқ сотталғандарды кәсіптік оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мекемелерде 47 кәсіптік колледж жұмыс істейді, онда 35 жұмысшы мамандығы бойынша 3500 мыңнан астам сотталған адам оқиды.
      Сотталғандарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ұсынылады және профилактикалық, диагностикалық және емдеу-медициналық қызметтерді қамтиды. Барлық сотталғандар тегі бойынша медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының бекітілген тұрғындардың тізіліміне (бұдан әрі – БТТ) енгізілген, бұл оларды азаматтық тұрғындармен тең жағдайда медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сотталғандарды профилактикалық қарап-тексеруден өткізуге азаматтық денсаулық сақтау жүйесінің мамандары тұрақты негізде тартылады.
      ҚАЖ жүйесінде 3 соматикалық аурухана, 4 туберкулезге қарсы аурухана, 1 психиатриялық аурухана жұмыс істейді.
      Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жыл ішінде ҚАЖ мекемелерінде туберкулезбен ауыратындар саны 1,7 есе, алғашқы рет анықталған туберкулезге шалдыққандар саны 56%-ға төмендеген. Тұтас алғанда, жалпы өлім-жітім – 39%-ға, туберкулезден өлім-жітім – 67,4%-ға төмендеген.
      Азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді құралы пробация институты болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі – шартты-үкімдік және постпенитенциарлық модельді қамтитын пробация қызметі жұмыс істейді, ол бақылау функцияларымен қатар әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек алуға жәрдемдеседі.
      Пробация қызметінің даму серпіні 3 жыл ішінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген адамдар санының көбейгенін көрсетті.
      Осылайша, 2015 жылы есептегі адамдарға – 21562 әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді, оның ішінде 7271 – емдеу, 8754 – психологиялық сүйемелдеу, 153 – білім беру, 3663 – жұмысқа орналастыру, 277 – құжаттарын қалпына келтіру, 6112 – өзге көмек (2014 жылы – 8349 (3404-емдеу, 2607 – психологиялық сүйемелдеу, 187 – білім беру, 938 – жұмысқа орналастыру, 286 – құжаттарын қалпына келтіру, 2496 – өзге көмек), 2013 жылы – 4419 (1700 – емдеу, 190 – психологиялық сүйемелдеу, 190 – білім беру, 656 – жұмысқа орналастыру, 206 – құжаттарын қалпына келтіру, 1300 – өзге де көмек).
      Талдау сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үшін жасалған жағдайлардың бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау кезінде де, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындау кезінде де оң үрдісі бар екенін көрсетіп отыр. Республика мекемелерінде сотталғандар арасында 1000 адамға шаққанда бұзушылықтар санының төмендеуі байқалады. Айталық, 2015 жылы 294 бұзушылық, оның ішінде 64 – қаскөйлікпен бұзушылық жасалған (2014 жылы – 386 (92) 2013 жылы 449).
      Пробация қызметінде есепте тұрған адамдар санының көбеюі кезінде олардың қайта қылмыс жасау саны төмендеген. 2015 жылы 26221 адам есепте тұрды, бұл ретте 455 қайталама қылмыс жасалды (2014 жылы – 21423 (671), 2013 жылы – 18971 (744).
      Кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімдеу үшін жағдайлар жасалған. Айталық, 2015 жылы пробация қызметінің есебінен 438 (2014 жылы – 595, 2013 – 731) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған кәмелетке толмағандар өткен. 2015 жылы есептегі 37 адамға (2014 жылы – 23, 2013 жылы – 65) әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді.
      Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлармен бірлесіп пробация қызметінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыс жүзеге асырылуда.
      Жергілікті атқарушы органдармен (әкімдіктермен, денсаулық сақтау, білім беру, халықты жұмыспен қамту, әділет органдары), кәсіпорындармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
      Мысалы, «Шанс» әлеуметтік-құқықтық қолдау орталығы девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандарды қайта әлеуметтендіруде әкімдіктерге көмек көрсетеді, «Заңға қайшы әрекет жасаушы кәмелетке толмағандарды және балалы әйелдерді қолдау, құқық бұзушы кәмелетке толмағандарды оңалту үшін әлеуметтік-құқықтық көрсетілетін қызметтер жүйесін дамыту» жобасын іске асырады.
      Бүгінгі таңда Алматы қаласында республикада кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстауға арналған бір орташа қауіпсіз мекеме бар, онда 2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 44 кәмелетке толмаған (2015 жылы – 69, 2014 – 95, 2013 жылы – 125) сотталған жазасын өтеуде. Мемлекеттің қылмыстық заңнаманы ізгілендіру шарасын қолдануы кәмелетке толмаған сотталғандар санының жыл сайын азаюына әкелді.
      Мекеме аумағында жалпы білім беретін және кәсіптік мектептер бар.
      Сотталғандарға тәрбиелік ықпал етудің тиімділігін арттыру және мекеме әкімшілігіне көмек көрсету мақсатында қамқоршылық кеңестер, сотталғандардың ата-аналары және басқа да жақын туыстары қатарынан ата-аналар комитеті құрылған.
      Кәмелетке толмаған сотталғандармен жұмысқа қаланың көптеген ұйымдары, оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер, діни конфессиялар, үкіметтік емес ұйымдар (бұдан әрі – ҮЕҰ) қатысады.
      «Қазақстанның әйелдер және балалар түзеу мекемелеріндегі медициналық және әлеуметтік қызметтерді күшейту» жобасын іске асыру шеңберінде мекемеде Орталық Азиядағы «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ҮЕҰ өкілдігімен информатика және нан өндірісі курстары ашылды, онда сертификаттар беріледі.
      Сонымен қатар, кәмелетке толмағандармен жұмысқа басқа да ҮЕҰ – «Вега», «Жеті ағаш», «Возроди село», «СәтАстана», «Кредо», «Әлеуметтік жобалардың халықаралық қауымдастығы», «Ауғанстан ардагерлері одағы», «Доверие плюс», «СПИД фонд Восток-Запад» қоғамдық қорлары тартылады, олар адамгершілік тақырыптарына тренингтер, әңгімелесулер, спорттық іс-шаралар, суреттер конкурсын өткізеді, босатылғаннан кейін жұмысқа және тұрмыстық орналасу бойынша дәрістер оқиды, психологиялық түзету іс-шараларын өткізеді.
      Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның жұмысы аясында мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармалары түрлі іс-шараларды (жалпықалалық акциялар, мысалы, «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік») ұйымдастыруда жәрдем көрсетті.
      Сондай-ақ, 5 жыл бойы сотталғандармен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ғылыми-зерттеу тобы жұмыс істеп келеді, олар психологиялық-педагогикалық зерттеулер жүргізеді, сотталған кәмелетке толмағандарды босатылғаннан кейін қайта әлеуметтендіруге педагогикалық көмек көрсетеді.
      Жергілікті атқарушы органдар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арналған жұмыс орындарының квоталарын белгілейді, сондай-ақ оларды жұмысқа орналастырған жеке және заңды тұлғаларды көтермелейді.
      Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат азаматтарды толықтай, нәтижелі және еркін таңдалған жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған және оның ішінде жұмыс іздестіруде қиындыққа тап болған адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыру жолымен іске асырылады.
      Әлеуметтік қолдау шарасына жүгінген адамдардың негізгі үлесі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға тиесілі – 42,2 % (28000 адам), олардың ішінде адамдардың ең көп үлесі Қарағанды облысында – 11,2% (3100 адам) және Қостанай облысында – 10,1% (2800 адам).
      «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдар әлеуметтік жұмыс орындарында жұмысқа орналасуда, кәсіптік оқудан өтуде басым құқыққа ие.
      Бұл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының іс-шараларына қатысу арқылы іске асырылады. Бағдарлама шеңберінде бұл адамдарға басым тәртіппен кәсіптік оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру, ауылдық жерде жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге микрокредит беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық өсу орталықтарына ерікті көшуді ұйымдастыру түрінде мемлекеттік қолдау ұсынылады.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша неғұрлым тиімді жұмыс жүргізу үшін ҚАЖ аумақтық органдары халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп босатылған адамдардың жасын, босатылған күнін, тұрғылықты жерін, білімі мен мамандығын көрсете отырып, олар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктердің деректері бойынша 2012 – 2015 жылдар кезеңінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар қатарынан 819 адам халықты жұмыспен қамту орталықтарымен әлеуметтік келісімшарт жасасты, оның ішінде 791 адам жұмысқа, соның 423-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 115 адам қажетті мамандықтарға кәсіптік оқудан өтті.
      Сондай-ақ, өңірлерді дамыту бағдарламалары шеңберінде көрсетілген кезеңде жұмыс іздеп жүгінген бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 6708 адамның 54,2% немесе 3635 адам, оның ішінде квота шеңберінде – 33,4% немесе 2245 адам жұмысқа орналастырылған. Уақытша жұмыс орындарымен 1076 адам қамтылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 653 адам еңбек нарығында қажетті мамандықтар бойынша оқуды аяқтады.
      Стационар және жартылай стационар түріндегі медициналық-әлеуметтік мекеме жағдайында, мүгедектігі болған және зейнеткерлік жасына жеткен жағдайда – үйде қызмет көрсету, жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған, баспанасыз болған және өмір сүру үшін қаражаты болмаған жағдайларда уақытша болу ұйымдары (белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік оңалтуға арналған орталықтар (бұдан әрі – ӘОО), түнде болу үйлері (бөлімшелері) жағдайларында қызмет көрсету стандарттары белгіленді.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар болып танылады, бұл оларға халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін алуға құқық береді.
      2011 – 2015 жылдар кезеңінде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 3700 азаматқа көрсетілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына жүгінген адамдардың 68%-ын пробация қызметі, 53% – әлеуметтік қорғау, жергілікті полиция қызметі және ҚАЖ мекемелері жіберді.
      Ағымдағы жағдайды талдау бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту тетіктерін одан әрі жетілдіру және енгізу үшін мемлекеттік органдардың қызметін сапалы жақсарту, осы қызметке ҮЕҰ-ны тарту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл институтын және мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын күшейту арқылы мемлекеттің жағдай жасағандығын көрсетеді.

1.2. Проблемалық аспектілер

      ҚАЖ мекемелерінде сотталғандар арасында жүргізіліп жатқан тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстарға қарамастан заңды бұзған адамдар арасында жабық мекемеде жазасын өтеу адамның жеке дамуында із қалдырады, режимдік талаптарға психологиялық тәуелділік, масылдық көңіл-күй қалыптастырады. Осының барлығы адамды қоғамға қайта кіріктіру, босатылғаннан кейін бірқатар мәселелерде көмек көрсету бойынша тынымсыз еңбекті талап етеді.
      Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың қызметінде қандай да бір сыртқы құрылымдармен және ресурстармен өзара іс-қимыл тетігінің толыққанды жолға қойылмауы қайта әлеуметтендіру мәселесіне ерекше қызығушылық тудырып отыр.
      Жергілікті атқарушы органдардың жанында консультативтік-кеңесші органдар (бұдан әрі – ККО) жұмыс істейді, олардың міндеті қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеп шыққан адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі органдар мен мекемелердің қызметіне жәрдем көрсету болып табылады. Шығарылатын шешімдері ұсынымдық сипатта болғандықтан, ККО жұмысы көбіне формальды сипатта болады.
      Бүгінгі күні бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға мемлекеттік емес инвестицияларды тарту тәжірибесі мүлдем дерлік жоқ.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтың проблемалары, ең алдымен психологиялық тұрғыдағы, жұмысқа және әлеуметтік орналасу, құқықтық және медициналық сипаттағы проблемалар оның бостандықта жылдам бейімделуіне, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуына мүмкіндік бермейді. Толық босатылу алдында сотталған адам үшін өтпелі бейімделу кезеңінің қажеттігі туындайды, есептегі азаматтың оңалту бағдарламалары мен профилактикалық іс-шараларға қатысуын қамтитын оның заңға бағынушылық мінез-құлқын ынталандыру тетігін әзірлеу және енгізу талап етіледі.
      Соңғы 4 жыл ішіндегі статистика ҚАЖ мекемелерінен жыл сайын орта есеппен 8000 бастап 16000 дейін адам босатылатынын растайды, оның ішінде шамамен 1000 адамның тұрақты тұрғылықты жері жоқ және тиісінше ол бостандықтағы алғашқы күндеріне тұрғын үйге және жұмысқа мұқтаж болады.
      Бүгінгі таңда осы азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық жағынан орналастыру проблемасын шешу қылмыстық жазаларын өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталықтарына (бұдан әрі – орталықтар) жүктелген. Алайда Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы мұндай орталықтар тек төрт өңірде – Көкшетау, Қызылорда, Павлодар және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Әрине, олардың ресурстары орын алып отырған қажеттіліктерді толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік бермейді. Бұл босатылған азаматтармен жұмыста қосымша кедергі жасайды және олардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуі болмағандықтан, жергілікті медициналық-әлеуметтік қызметтердің оларға қандай да бір әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мүмкіндігін жоққа шығарады.
      Сонымен қатар, жеке басын куәландыратын құжаттары және тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеуі жоқ босатылған адамдар ӘОО-ға орналаса алады. Бұл ретте ӘОО әлеуметтік проблемалары бар (жұмысқа орналасудағы қиындық және басқа да әлеуметтік проблемалар) сотталғандарды қабылдамайды, себебі олардың тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар және жеке басын куәландыратын құжаттары ретке келтірілген.
      Бас бостандығынан айыру орындарында ұзақ уақыт болғаннан кейін сотталғандардың бостандықтағы өмір жағдайына бейімделуі, оқшаулау нәтижесінде жоғалтқан және әлсіреген әлеуметтік байланыстарды қалыпқа келтіруі қиын. Сол себепті олар халықтың маргиналды бөлігіне түседі, өмірде өз орнын таба алмайды және көбінесе жұмыссыздардың қатарын көбейтеді немесе одан бетері криминалдық жолға түсіп, қылмыстар жасайды.
      Сотталғандардың бас бостандығынан айыру орындарында жалпы орта және кәсіптік-техникалық білім алуы кейіннен босатылған азаматтарға олардың, оның ішінде, жұмыс беруші талап ететін мамандығы мен біліктілігінің жоқтығына немесе жоғалтуына байланысты ақысы төмен жұмыс орындарын ұсынуға бағдарлайды.
      Жыл сайын жұмысқа орналастырылған сотталғандар санының өсуіне қарамастан ҚАЖ мекемелерінде өндірістің жаңа нысандарының және сотталғандарды жұмыспен қамтудың жеке нысандарының тиісті дамымауы себебінен барлық еңбек етуге жарамды адамдарды жұмыспен қамту мүмкін болмай отыр.
      Қоғамда әлі күнге дейін әлеуметтік стигматизация орын алуда, кезінде заңды бұзған азаматтарға қолдау көрсету ниеті жоқ. Осы себептен әлеуетті жұмыс берушілер бұрын сотты болғандарды жұмысқа қабылдауға мүдделі емес.
      ҚАЖ мекемелерінен ауруына байланысты босатылған, сондай-ақ түрлі диспансерлік есептерде тұрған адамдарды медициналық сүйемелдеу мәселесі де өзекті болып қалуда. Босатылғаннан кейін ҚАЖ мекемесі орналасқан аумақтан кеткен соң босатылған азаматтарды БТТ бойынша есепке алу қиындық тудырып отыр, бұл олардың жазасын өтеу орны бойынша медициналық ұйымнан автоматты түрде есептен шығуына әкеп соқтырады. Бұл іс жүзінде босатылған азаматты жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркелгенге және (немесе) медициналық ұйымды таңдау құқығын ескере отырып бекітілгенге дейін қажетті медициналық көмек алу құқығынан айырады.
      Кәмелетке толмаған сотталғандарды оңалту кәмелетке толмағанның отбасында тұру жағдайларын тексеруді, оның бейімделу мүмкіндігін бағалауды, оның ішінде, белгіленген отбасылық жағдайларға байланысты бағалауды қамтитын неғұрлым мұқият әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеуді және бақылауды талап етеді.
      Заңға қайшы әрекет жасаушы кәмелетке толмаған адам көмекке, атап айтқанда, қылмыстық жазаны өтеу процесінде де, босатылғаннан кейін де кешенді сүйемелдеуді және қолдауды қажет етеді.
      Қылмыстық қудалау аясына түскен азаматтарды сүйемелдеудің әлемдік практикасы мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастығын көздейді. Бұл аспектіде үкіметтік емес ұйымдардың, волонтерлердің босатылған сотталғандарды сүйемелдеу бойынша қызметінің қандай да бір ұйымдастыру-құқықтық негізі жоқ екенін атап өткен жөн.
      Қазіргі уақытта Қазақстандағы пенитенциарлық пробация институты өзінің қалыптасу жағдайында және ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің азаматты босатуға дайындау кезеңінде іс-шаралар кешенін іске асыруына негізделген.
      Бүгінгі күні пробация қызметінің барлық функцияларын іске асыру бір лауазымды адамға – пробация қызметінің инспекторына жүктеледі. Бұл ретте, кешегі күні бақылау-қадағалау функцияларын орындаған қылмыстық-атқару инспекциясы қызметкерінің кәсіби дағдыларының ерекшеліктері, оны қайта бағдарлау және қайта даярлау қажеттігі ескерілмейді.
      2003 жылдан бері ҚАЖ мекемелерінде психологиялық қызмет енгізілген, оның штатында 2016 жылы 265 психолог бар, оның ішінде 124-і – азаматтық қызметшілер. Босатуға дайындықты ҚАЖ мекемелерінің тұрмыстық және жұмысқа орналастыру жөніндегі инспекторлары осы мекемелердің психологтарымен бірлесіп жүзеге асырады. ҚАЖ мекемелеріндегі психологиялық қызмет жаңадан келген сотталғандарды диагностикадан өткізіп ғана қоймай, сондай-ақ сотталғанның жеке тұлғасын психологиялық түзеуді жүргізеді.
      Бұл аспектіде пробация қызметінің штаттық құрылымында босатылған сотталғандарды психологиялық сүйемелдеу бойынша психолог лауазымы көзделмегенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, бұл мәселені пысықтау қажет.
      ҚАЖ мекемелері мен пробация қызметінің жеке құрамының біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселесі шешуді талап етеді, олар азаматты жұмыстың барлық кезеңдерінде, бас бостандығынан айыру орындарында, оның ішінде ол босатылғаннан не пробация қызметінде есепке қойылғаннан кейін де сүйемелдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

1.3. Халықаралық практика

      Қамаудағылармен қарым-қатынас жасаудың ең төменгі стандарттық қағидаларында бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қоғамнан аластатылғандар ретінде емес, оның мүшелері ретінде есептеу ұсынылған.
      Германияның «өтпелі үйлер» деп аталатын тәжірибесі қызығушылық тудырады, оларға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылуы мүмкін сотталғандар мерзімінің аяқталуынан 6 – 12 ай бұрын жіберіледі. Олардың бас бостандығынан айырудың жалпы мерзімі үш жылдан кем болмауы тиіс.
      Шетелдерде босатылуға дайындалып жатқан сотталғанды арнайы бөлімшелерге немесе мекемелерге жіберу кеңінен таралған.
      Чехияда түзеу-тәрбиелеу мекемелері жанында сотталғандарды босатылуға дайындауға арналған оңалту бөлімшелері жұмыс істейді. Осыған ұқсас практика Норвегияда қолданылады, онда «Half-WayHous» («Үйге жарты жолда») «өтпелі» түрмелері жұмыс істейді, оларда босатылуға дайындалып жатқандардың әрқайсысына қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін бір қызметкер белгіленеді.
      Ұлыбританияда түрме қызметі мен пробация қызметі бірлесіп өткен ғасырдың ортасында құқық бұзушыларды бағалаудың ұлттық жүйесін әзірледі, ол қайта қылмыс жасау ықтималдығын сапалы және сандық бағалауға, сотталғандардың жеке дамуында болып жатқан өзгерістерді өлшеуге, сотталғандардың қажеттілігі мен тәуекелді бағалауды ескере отырып олардың жеке тұлғасына психотерапевтік ықпал етуді жоспарлауға мүмкіндік береді.
      Қамаудағыларды жұмысқа орналастыру бойынша Еуропа, АҚШ және посткеңестік кеңістіктегі елдердің пенитенциарлық мекемелері жұмысының халықаралық тәжірибесі барлық жерде пенитенциарлық мекеменің ішінде жұмыс істейтін жеке кәсіпорындарда қамаудағыларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігімен түрмедегі өндірісті олардың әкімшілігі басқаратынын көрсетті.
      Қазақстан үшін ҚАЖ мекемелерінің өндірістік қызмет есебінен ұсталатын учаскелерін құру бойынша Ресей Федерациясының тәжірибесі неғұрлым қолайлы болып табылады.
      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде «әлеуметтік бонд» институты жұмысының тәжірибесін зерделеу заманауи әлемде әлеуметтік жобаларды жеке секторлардың инвестициялауын енгізудің өзектілігін көрсетті.
      Ұлыбританияда 2010 жылдан бастап «Social Impact Bond» (SIB) – «Әлеуметтік ықпал етудің облигациясы» деген коммерциялық емес секторға жеке капиталды тартуға мүмкіндік беретін және табысты әлеуметтік проблемаларды шешудегі жетістіктермен байланыстыратын инновациялық қаржы құралы өз жұмысын бастады. Қазақстан үшін бұл – әлеуметтік көрсетілетін қызметті жеткізуші тарапынан қолдау мен оңалту іс-шаралары арқасында бұрын сотталған адамдар тарапынан қылмыстың қайталануын азайту. Оның міндетіне бұрын сотталғандардың жұмысқа орналасуына, тұрғын үй және басқа да проблемаларын шешуде көмек көрсету кіреді.
      Егер жоба табысты болып белгілі бір жақсаруға қол жеткізілсе, жеке инвестордың (мемлекет тарапынан) шығындары, әдетте, белгілі бір бонуспен қайтарылады.
      Нидерландыда бұрынғы сотталғандарды қайта әлеуметтендіру орталықтарын құру практикасы нәтижелі сыналды, онда оларға тұрғын үй және кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
      Халықаралық тәжірибе білім, мамандық алу, жұмысқа орналасу, жоғалтқан әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру, босатылғаннан кейін тұрғын үйінің және өмір сүру үшін алғашқы қаражатының болуы негізгі қайта әлеуметтендіру факторлары болып табылатынын көрсетті. Бұл факторлар әлеуметтік проблемаларды шешу үшін коммерциялық емес секторға (әлеуметтік бондтар) жеке капиталды тарту арқылы тиімді іске асырылады.
      Қазақстанда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту мәселесі заңнамалық түрде реттелген және осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды кешенді қайта әлеуметтендірудің ұлттық жүйесін құру бойынша құрылымдық өзгерістерді шешуге күш-жігер салу қажет.

2. Кешенді стратегияның мақсаты мен міндеттері Мақсаты және нысаналы индикаторлары

      Осы Кешенді стратегияның мақсаты бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды кешенді қайта әлеуметтендірудің ұлттық жүйесін құру, оны тиімді іске асыру үшін қайта қылмыс жасау деңгейін азайтуға ықпал ететін жағдайлар жасау болып табылады.
      Кешенді стратегияда қолданылатын нысаналы индикаторлар:
      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін үш жыл ішінде қайта қылмыс жасаған адамдардың бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылған адамдардың жалпы санына қатысты үлесі, %;
      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-құқықтық, медициналық және психологиялық көмек түрлері көрсетілген азаматтардың саны, адам;
      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған, мұқтаждар қатарынан медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналастырылған адамдардың үлесі, %.

Міндеттер

      Қайта әлеуметтендірудің ұйымдастырушылық негіздерін және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру;
      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесін жақсарту үшін жағдайлар жасау;
      әлеуметтік сүйемелдеу жүйесін құру арқылы сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу тетігін жетілдіру;
      кадр әлеуетін және қайта әлеуметтендіру процесінің ғылыми негіздерін дамыту.

3. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация
қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың
тұжырымдамалық бағыттары 3.1. Қайта әлеуметтендірудің және нормативтік құқықтық базаның
ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру

      Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру шараларын одан әрі жетілдіру, қайталама қылмыстық құқық бұзушылықтарды азайту, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсету мәселелерінде мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында «Пробация туралы» Қазақстан Республикасының жеке Заңы қабылданатын болады.
      Осыған орай аталған Заңмен пробацияның толық циклі енгізілетін болады.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту мәселелерін шешуге мемлекеттік органдар да, азаматтық сектор да қатысады. Жергілікті атқарушы органдар жанындағы ККО-ның ұйымдастырушылық құрылымы мен құзыреті олардың қызметінің тиімділігін арттыру үшін қайта қаралады.
      Мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылының түйінді бағыттарының бірі олардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды, оның ішінде «әлеуметтік бонд» қағидаты бойынша іске асыруы болады.
      «Әлеуметтік бондтардың» жұмыс істеуі үшін жеке инвестордың сотталғанды жұмыспен, тұрғын үймен және басқа да қайта әлеуметтендіру құралдарымен, оның ішінде босатылғаннан кейін де қамтамасыз ету жолымен оны әлеуметтік оңалтуды жүргізу мүмкіндігі пысықталатын болады. Белгілі бір уақыт кезеңі өткеннен кейін инвестордың сотталғанды қайта әлеуметтендіруге жұмсаған қаражаты белгілі бір бонуспен қайтарылады. Бұл бағытта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу кезеңінде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үшін қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылатын болады.
      Сотталғандардың түзетілуге ынтасы және оларды жабық мекеменің өзінде-ақ қайта әлеуметтендіру процесіне қосу қолданыстағы қылмыстық-атқару заңнамасының жүйесін ескере отырып, үлгілі көрсеткіш болуы және оңалту бағдарламалары курсы болуы тиіс «оңалту түрмелерін» (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердің үлгісі бойынша) құру бойынша пилоттық жобаны іске асыру арқылы жүзеге асырылатын болады. «Оңалту түрмелеріне» ауыстыруды шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға формальді жататын сотталғандардың босатылғанға дейін 6 – 12 ай бұрын қарастыру қажет.
      Сотталған және пробация қызметінде есепте тұрған кәмелетке толмағандар үшін «Жоғалтқан әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру», «Түнгі қаладағы балалар», «Балалар. Демалыс. Қауіпсіздік. Заң» оңалту бағдарламаларын әзірлеу арқылы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл кеңінен пайдаланылатын болады.

3.2. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және
пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта
әлеуметтендіру процесін жақсарту үшін жағдайлар жасау

      Тұру және уақытша болу мекенжайында тіркелу үшін жеке тұрғын үйі жоқ және оны сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігі жоқ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтардың қажеттілігі жұмыс істеп тұрған ӘОО-ны өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтарға қайта бейіндеу мәселесін пысықтау арқылы қанағаттандырылатын болады.
      Қандай да бір әлеуметтік-құқықтық, медициналық және өзге де көмекті алудың заңнамалық белгіленген тетіктері әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жүгінген адамның тіркелу орны бойынша қызмет көрсетуге негізделеді. Осыны ескере отырып, қайта әлеуметтендіру процесінен өту кезеңінде талап етілетін көмекті алуға негізі болуы үшін сотталғанды босатылғаннан кейін тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу тетігі заңнамалық деңгейде пысықталатын болады.
      Сыртқы әлеммен (отбасы, туыстары, достары) әлеуметтік байланыстар заманауи ақпараттық технологиялар арқасында болу мерзімінің бүкіл кезеңінде сақталуы керек. Қарым-қатынасқа қолжетімділік түзелу ниетін ынталандыру шарасы болуы тиіс.
      ҚАЖ мекемелеріндегі білім беру жүйесі барлық азаматтар үшін еңбек нарығында қойылатын талаптарды, бәсекеге қабілеттілікті, құзыреттілікті, қойылған міндеттерді шеше алуын ескере отырып құрылады.
      Білім алуға білім берудің дәстүрлі жүйесі арқылы ғана емес, сондай-ақ білім берудің жаңа технологияларын пайдалану арқылы жағдайлар жасау пысықталатын болады.
      Жұмыспен қамтылған сотталғандар санын ұлғайту мақсатында өндірістік қызметтің тиімділігін арттыру үшін жағдайлар жасау, бұл үшін сотталғандарды жұмыспен қамтудың жеке нысандарын дамытуға шағын және орта бизнес субъектілерін тарту, ҚАЖ мекемелерінде өндірістің жаңа түрлерін ашу ұсынылады.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы, өңірлерді дамыту бағдарламалары шеңберінде кәсіптік білім алу, жұмысқа орналасу мәселелерінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
      Жұмысқа орналастыру кезінде соттылық белгісі бойынша стигматизацияны жою Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының арнайы есебі бойынша мәліметтердің бары не жоқтығы туралы ақпаратпен танысу құқығы бар адамдар қатарын шектеу есебінен қамтамасыз етілетін болады.
      ҚАЖ мекемелерінен босатылатын науқастарды, әлеуметтік мәні бар немесе өзге де ауыр сырқаттармен (маскүнемдік, нашақорлық, туберкулез, қант диабеті, онкологиялық аурулар, АИТВ-жұқпасы, мүгедектік) ауыратындарды емдеу сабақтастығының тетігін әзірлеу ұсынылады.
      Қылмыстық сот төрелігі аясындағы кәмелетке толмағандарды оңалту бойынша жеке-профилактикалық жұмысты, әсіресе, оқу орындары арқылы жастардың әлеуметтік қызметтері мен коммерциялық емес ұйымдарды белсенді тарта отырып жандандыру қажет. Осы үшін жергілікті атқарушы органдар білім беру ұйымдарымен бірлесіп кәмелетке толмағандарды әлеуметтік іс-шараларға (конкурстар, спорттық жарыстар, жастар қозғалыстары) тартатын болады.

3.3. Әлеуметтік сүйемелдеу жүйесін құру арқылы сотталғандарды
әлеуметтік бейімдеу тетігін жетілдіру

      Адамды оның пенитенциарлық жүйеге кірген сәтінен бастап сотқа дейінгі іс жүргізу, сотталу, ҚАЖ мекемесінде болу, одан шығу кезеңінде сүйемелдеу және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін сүйемелдеу жүйесін құру сотталғандарды тиімді қайта әлеуметтендіру үшін негіз болады.
      Сотталғанды сүйемелдеу жүйесі ҚАЖ органдарымен, өзге де мемлекеттік органдармен және сотталғанның өзімен өзара іс-қимыл жасасатын әлеуметтік қызметтерді дамыту негізінде құру ұсынылады.
      Сотталғанды сүйемелдеу қайта әлеуметтендірудің барлық кезеңдерінде болады: даярлық, түзеу, бейімдеу.
      Бірінші кезең – даярлық, сотқа дейінгі пробация кезеңінде жүзеге асырылады және күдіктіге оның мінез-құлқын түзеуге, олардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға, сотқа дейінгі баяндама жасауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді қамтиды.
      Сотқа дейінгі баяндаманы жасау Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау арқылы іске асырылады, бұл ақпаратты жинақтауға жауапты органдарға жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді, ұсынылған ақпараттың өзектілігін қамтамасыз етеді.
      Алынған мәліметтердің нәтижелері бойынша сотқа дейінгі пробация сотқа дейінгі баяндаманы қалыптастырады, ол сот талқылаулары басталғанға дейін сотқа дейінгі пробация жүргізілген адамға ұсынылады.
      Екінші кезең – түзеу, пенитенциарлық пробация кезеңінде жүзеге асырылады және ҚАЖ мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан адамдарды қайта әлеуметтендіру шараларын айқындау және жүзеге асыру бойынша шаралар жиынтығын қамтиды.
      Пенитенциарлық пробация қолданылатын адамдарға қатысты оны босатуға дайындау кезінде пробация қызметі ҚАЖ мекемесінің әкімшілігімен бірлесіп сотталғанды босатуға дайындауды және постпенитенциарлық пробацияны қамтитын сотталғанды қайта әлеуметтендірудің жеке бағдарламасын әзірлейді және іске асырады.
      Пробация қызметінің жұмысына қылмыстардың қайталануы тәуекелін және босатылатын сотталғанды, сондай-ақ пробация қызметінде есепте тұрған адамды бейімдеу мүмкіндігін бағалауды талдауға негізделген тәуекелдердің алдын алу (Risk-needs-responsibility (RNR) жүйесі енгізілетін болады.
      Үшінші кезең – бейімдеу, қоғамнан оқшаулаудан тыс жағдайларда әлеуметтік бейімдеуді және әлеуметтік оңалтуды қамтиды, оның екі сатысы бар:
      1) постпенитенциарлық пробация бөліністерінің бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға қайта әлеуметтендіру мәселелерінде көмек көрсетуі, олар әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын жасайды;
      2) жергілікті атқарушы органдардың медициналық-әлеуметтік қызметтерінің, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерінің бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік бейімдеуі және әлеуметтік оңалтуы.
      Пробация белгіленетін адамдарды әлеуметтік бейімдеуді және әлеуметтік оңалтуды жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдар, сондай-ақ азаматтар және ұйымдар қамтамасыз етеді.
      Пробация белгіленетін адамдарды әлеуметтік бейімдеу және әлеуметтік оңалту:
      1) медициналық көмек; білімі алу; кәсіпті игеру (кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру); жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу; психологиялық сүйемелдеу; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктерді, өзге де әлеуметтік төлемдерді алу мәселелері бойынша әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді;
      2) әлеуметтік байланыстарды қолдау жүйесін қалпына келтіруге және қалыптастыруға жәрдемдесуді (әлеуметтік-психологиялық және психологиялық консультация; әлеуметтік патронаж; отбасылық және өзге де әлеуметтік-оң байланыстарын қалпына келтіруде көмек);
      3) әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени бейімдеуді (болу орнымен қамтамасыз ету, оңалту іс-шараларын ұйымдастыру, мәдени іс-шараларға қатысуға тарту);
      4) әлеуметтік-құқықтық және өзге де мәселелер бойынша консультациялар ұсынуды қамтиды.
      Қылмыстық жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік сүйемелдеу бойынша өткізіліп отырған барлық жұмыстар және оның алгоритмі кешенді сипатта болады және мекемелер мен ұйымдардың қызметін үйлестіруді, жергілікті атқарушы биліктің қалыптасқан тетіктерін пайдалануды қамтамасыз ету үшін бірыңғай схема бойынша жұмыс істейді. ККО жұмысына маңызды рөл беріледі.

3.4. Кадр әлеуетін және қайта әлеуметтендіру процесінің ғылыми
негіздерін дамыту

      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында қылмыстық-атқару жүйесінің де, әлеуметтік қамсыздандыру қызметтерінің де кадр әлеуетін дамыту шараларын қабылдау ұсынылады. Атап айтқанда, пробация қызметінде босатылған сотталғандарды психологиялық сүйемелдеу жөніндегі психологтың жұмысын көздеу қажет.
      Пробация және әлеуметтік оңалту институттарын жаңғырту Ішкі істер министрлігінің бейінді жоғары оқу орны базасында пробация орталығын құру туралы мәселені пысықтау жолымен іске асырылатын болады.
      ҚАЖ мекемелері мен пробация қызметтерінің қызметкерлерін пробацияға жататын адамдарды қайта әлеуметтендіру кезеңінде сараланған мәселеге бағдарлау, әлеуметтік сүйемелдеу бағдарламаларын іске асыруда олардың құзыретін күшейту біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарының арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, одан өту үшін жіберілетін қызметкерлердің санын көбейту есебінен қамтамасыз етілетін болады.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға кейіннен жұмысқа орналастыруда көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы органдар жеке инвесторлардың және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жұмыссыздарды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберетін болады. Қоғамның қазіргі заманғы қажеттілігін ескере отырып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін қоғамдық жұмыстар түрлерінің тізбесі кеңейтілетін болады.
      Жаңа ғылыми-зерттеу платформасы барлық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және Кешенді стратегияны іске асыру субъектілері болып табылатын азаматтардың тиісті ғылыми жетістіктерін үйлестіруді, халықаралық практиканы талдауды, оны объективті шынайы жағдайларға бейімдеуді және нақты практикалық маңызды әдістемелер, ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуді қамтамасыз ете алады.
      Бұл үшін қылмыстық жазасын өтеп жүрген адамдардың және ҚАЖ тергеу изоляторларында қамауда ұсталатын адамдардың сапалы және сандық құрамын әлеуметтік зерттеуді мерзімді түрде, бес жылда бір рет өткізуді практикаға енгізу қажет.
      Волонтерлік қозғалыс институтын дамыту бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік сүйемелдеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығы қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпал ететін болады.
      Қайта әлеуметтендірудің шетелдік сынақтан өткен нысандарының бірі ерікті тәлімгерлер институты болып табылады, ол іс жүзінде «өзара тең» нәтижелі оңалту қағидатын іске асырады. Ерікті тәлімгерлер кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру бойынша іс-шараларға да жәрдемдеседі.

4. Кешенді стратегияны іске асыруды мониторингтеу және бағалау

      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы мүдделі мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес сектордың заңнамалық және ұйымдастырушылық-құқықтық бастамаларын іске асыру бойынша нақты тетікті қамтиды.
      Кешенді стратегияны практикалық қолдану сотталғандардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға және адамгершілік, психологиялық, сондай-ақ материалдық тұрғыда сотталғанның бостандықтағы өмірге толық даярлығына бағдарланған. Сотталғанның босатылғаннан кейін табысты әлеуметтік оңалуы, оған әлеуметтік, медициналық және өзге де көмек көрсету, онымен тиімді тәрбиелік жұмыс жүргізу Кешенді стратегияны іске асыру нәтижелері болуы тиіс.
      Кешенді стратегияның негізгі бағыттарын мониторингтеу оның нысаналы индикаторлары бойынша жүзеге асырылады. Кешенді стратегияны іске асыруды бағалау қойылған міндеттер мен мақсаттардың орындалуына негізделеді.
      Кешенді стратегия ережелерін іске асыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Іс-шаралар жоспарымен (бұдан әрі – Жоспар) қамтамасыз етіледі.
      Жоспарды іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы қол жеткізілген нәтижелер туралы қоғамдық пікірді мониторингтеу нәтижелерін есепке алумен, олардың іс-шараларды орындау барысы туралы ашық есептілікпен қамтамасыз етіледі.
      Жұртшылықтың бағасы және пікірі Кешенді стратегияны іске асырудың кейінгі кезеңдерінде ескерілетін болады.
      Кешенді стратегияны орындаудың соңғы сатысы Үкіметке жинақталған есепті енгізу болып табылады.
      Осылайша, республикада ҚАЖ мекемелерінен босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік оңалту жүйесі құрылады, оның нәтижесі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың қоғамда қалыпты өмірге оралуы, қайталама қылмыстардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады