Сот практикасын қорыту нәтижелерінің негізінде, Соттардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының біркелкі практикасын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде соттарда туындайтын мәселелерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруді қаулы етеді.
1. Соттарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексі (бұдан әрі – ӘҚтК) 64-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ӘҚтК-нің 73-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер осы бапқа Ескертпеде көрсетілген жәбірленуші адамдардың арызы бойынша ғана қозғалатындығы түсіндірілсін. Құқық бұзушының осы бапта аталған әрекеттердің кез келгенін жеке тұрғын үйде (ауланы немесе үй жанындағы учаскені қоса алғанда), пәтерде немесе басқа да тұрғынжайда жасауы құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастағы адамдарды сыйламаушылық және олардың тыныштығын бұзу болып саналады. Осы бапқа Ескертпеде аталған белгілерге (мысалы, құқық бұзушыға алыс туыстары немесе жекжаттары болып келетін, яғни зайыбы жағынан жақын, бірақ құқық бұзушыдан бөлек тұратын туыстары) сәйкес келмейтін адамдарға қатысты жасалған, осы баптың диспозициясында сипатталған іс-әрекеттер ӘҚтК-нің және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) адамға қарсы құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты көздейтін баптарына сәйкес сараланғаны жөн. Осы бапта көрсетілген үй-жайлардан тыс (мысалы, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі баспалдақ алаңдарында) болған кез келген адамдардың тыныштығын бұзатын, оларға сыйламаушылық білдіретін нақ сол әрекеттер ӘҚтК-нің 73-бабы бойынша жауаптылықты тудырмайды.
2. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің ережелеріне сай кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту, мысалы, баланы тұрмыстағы, қоғамдық орындардағы мiнез-құлық қағидаларына үйрету, қоғамның моральдық және адамгершiлiк қағидаттарымен таныстыру жүктелген ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкiлдерінің ӘҚтК-нің 127-бабы бойынша жауаптылығы олар осы міндетті бұзған кезде басталады. Сол адамдардың "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-ІІІ Заңының 49-бабынан туындайтын мiндеттерді бұзғаны үшін, мысалы, мектепалды даярлықты қамтамасыз етпегені немесе дәлелсіз себептермен оқу сабақтарына жүйелі түрде қатыспағаны үшін жауаптылық ӘҚтК-нің 409-бабының екінші бөлігі бойынша белгіленеді.
3. ӘҚтК-нің кейбір баптары алдыңғы бөлімдерде көрсетілген құқыққа қарсы әрекеттерді жасағаны үшін жауаптылықты күшейтетін бөлімдерді қамтиды: ұлғайтылған айыппұл мөлшері, қосымша жаза. Бұл ретте қызметті немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу секілді қосымша жазалар, сол сияқты тиісті қызмет түріне арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру осындай қызметті жүзеге асыруға тиісті рұқсаты бар адамдарға қолданылуы тиіс. Арнайы рұқсатты талап ететін кәсіпкерлік субъектілердің қызметкерлері, егер ӘҚтК-нің Ерекше бөлігінде көзделген іс-әрекетті заңды тұлғаны басқару функциясын жүзеге асыратын орган, адам немесе ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның қызметкері санкцияламаған, мақұлдамаған, жасамаған жағдайларда ғана, осындай құқық бұзушылық субъектілері болуы мүмкін. Бұл ретте қызметкердің еңбек міндеттерін орындау кезінде жасаған кез келген мәмілелер мен деликтерінің жұмыс берушіге қатысты азаматтық-құқықтық салдарын ескере отырып, басқа жағдайлар дәлелденгенге дейін мұндай мақұлдауды, санкциялауды еңбек қатынастарының болуы негізінде (оның ішінде еңбек қатынастары тиісті түрде ресімделмеген жағдайда - еңбек міндеттерін орындауға рұқсат ету фактісі бойынша) анықталған деп есептеу қажет.
Соттар ӘҚтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде ӘҚтК-нің 33-бабының төртінші бөлігін басшылыққа алуы қажет, оған сәйкес дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның қызметкерін осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықтан босатады. Осы құқық бұзушылықты дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметкері-жеке тұлға жасаған кезде әкімшілік жауаптылыққа кәсіпкерлік қызмет субъектісі – мұндай жұмыскердің жұмыс берушісі жатады, оған осы баптың екінші бөлігінің санкциясында көзделген қызметті немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтата тұру түріндегі әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
Санкциясы қызметті немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтата тұруды не оған тыйым салуды, сол сияқты тиісті қызмет түріне арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды немесе одан айыруды көздейтін ӘҚтК-нің Ерекше бөлігінің баптары бойынша кәсіпкерлік субъектісінің қызметкерлері еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыс орнында жасайтын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге жаза тағайындау мәселесі осындай тәртіппен шешілуге жатады.
Өз қызметін еңбек міндеттемелерін орындаумен байланысты емес, тек өз атынан ғана жүзеге асыратын жеке тұлғалар аталған құқық бұзушылықтарды жасаған кезде жауаптылыққа өз бетінше тартылуға тиіс. "Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес осы жеке тұлғаларға қосымша жаза қолдану міндетті. Мұндай қызметті жүзеге асыру үшін лицензияның болуы талап етілетін жағдайларда, аталған жеке тұлғалар ӘҚтК-нің 463-бабының бірінші бөлігі бойынша қосымша жауаптылыққа тартылуға жатады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).4. Қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының дара кәсiпкерлердiң, заңды тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметiне кедергi келтiретiн заңсыз актiлер шығару және заңсыз тапсырмалар беру арқылы заңсыз араласуы ӘҚтК-нің 173-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.
Соттардың ӘҚтК-нің 173-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде көрсетілген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты істер бойынша қаулылардың күшін жоюы, оларды заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын куәландыратынын және заңда көзделген салдарларға әкеп соғуы мүмкін екенін ескергені жөн. Алайда күші жойылған қаулыларды шығарған органдардың (лауазымды адамдардың) әрекеттерінде ӘҚтК-нің 173-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілерінің бар болуы үшін бір ғана қаулылардың күшін жою жеткіліксіз. Кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласудың дәлелдемелері болмаған кезде лауазымды адамға өзінің лауазымдық міндеттерін орындағаны кінә болып саналуы мүмкін емес.
Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңсыз араласуы билікті асыра пайдаланудан не лауазымдық өкілеттігін терiс пайдаланудан көрінуі мүмкін. Заңсыз араласу кейіннен белгіленген тәртіппен заңсыз деп танылған актінің шығарылуына, тапсырманың берілуіне не басқа да әрекеттің жасалуына негізделеді.
5. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).6. ӘҚтК-нің 274-бабының бірінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамның, сол сияқты аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) салық салу объектілері болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды және мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қасақана ұсынбауы немесе толық, анық ұсынбауы әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 499-бабы 2-тармағының, 527-бабы 3-тармағының ережелерін ескере отырып, меншiк иелерiнің бiрiнің ғана бiрлескен ортақ меншiктегi мүлік туралы мәліметтерді ұсынуы басқа меншік иелері үшін осы құқық бұзушылық құрамын құрмайды.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).7. ӘҚтК-нің 281-бабы бесінші бөлігінің санкциясында әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын мұнай өнімдерін, темекі бұйымдарын және (немесе) құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістерді тәркілеу түрінде немесе онсыз қосымша әкімшілік жаза көзделген. Мұндай қосымша жазаны қолдану туралы шешім қабылданған жағдайда және мұнай өнімдері мен темекі бұйымдарын тәркілеу мүмкіндігі болмаған кезде оларды сатудан алынған кірістерді іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында уәкілетті орган белгілеген мөлшерде тәркілеп алу қажет.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).8. МЕМСТ-ке сәйкес келмейтін, құрамында қолдан жасалған спирті бар сусындардың айналымы және оларды пластикалық не қаңылтыр ыдыста немесе этикеткасыз, сол сияқты ілеспе құжаттарсыз өткізу ӘҚтК-нің 282-бабы үшінші бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соқпайды.
"Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі № 429-І Заңының 5-бабында алкоголь өнiмi түрлерінің түпкілікті тізбесі белгіленген. Осы баптан басқа да күштi алкоголь және әлсiз алкоголь сусындары "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне салық салу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 201-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңымен алып тасталған. Кәсiпкерлiк субъектілері ретінде тіркелмеген адамдардың мұндай өнімді сатуы, лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысқаны үшін ӘҚтК-нің 463-бабының бірінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамын құрайды.
9. Салық кодексінде көзделген салық немесе бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер мерзімін өзгерту, мұндай мерзімді бұзуға қатысты бұрындары жасалған құқық бұзушылықтары үшін жауаптылықтан босатпайды.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).10. ӘҚтК-нің Жалпы бөлімінің 55-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жаза ӘҚтК-нің ережелерiне дәл сәйкестiкте сол әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн аталған бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген шекте қолданылады. Нақ сол баптың алтыншы бөлігімен бір әкімшілік құқық бұзушылық үшiн бір негізгі не негізгі және қосымша әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн. Яғни жаза тағайындаудың жалпы нормаларында бір қосымша жазадан артық жаза қолдану көзделмеген.
ӘҚтК-нің 283-бабының санкциясы құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болып табылған акцизделетін тауарларды тәркілеуді, сондай-ақ тиісті қызмет түріне лицензиядан айыра отырып, айыппұл салуды көздейді. Соттарға ӘҚтК-нің 283-бабы бойынша істерді қараған кезде ӘҚтК-нің Жалпы бөлігі нормаларының ӘҚтК-нің Ерекше бөлiгі ережелерінен басым болатынын ескеру және құқық бұзушылық сипатының негізінде және ӘҚтК-нің 40-бабында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізе отырып, нақты қосымша жазаның таңдалуын уәждеу қажет.
11. ӘҚтК-нің 314-бабының санкциясында жүргiзiлiп жатқан жұмыстарды тоқтата тұру түріндегі қосымша жаза көзделген. Осы жаза шарасы ӘҚтК-нің 48-бабына сәйкес қолданылуы тиіс.
12. Экологиялық рұқсаттың болмауын қоспағанда, табиғат пайдаланушы ӘҚтК-нің 328-бабында көзделген құқық бұзушылықты жасаған жағдайда, егер экологиялық рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарының орындалмауы қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің асып кетуі түрінде ғана болса, оны ӘҚтК-нің 326-бабы бойынша бір мезгілде жауаптылыққа тартуға жол берілмейді. Табиғат пайдаланушыны экологиялық рұқсаттың болмағаны үшін ӘҚтК-нің 328-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартқан жағдайда, сонымен қатар әкімшілік жауаптылыққа ӘҚтК-нің 326-бабы бойынша бір мезгілде тартуға жол берілмейді.
13. ӘҚтК-нің 440-бабының бірінші бөлігінде көзделген қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келгені үшін әкімшілік жауаптылық алкогольдік, сонымен қатар есірткілік немесе уытқұмарлық мас болу кезінде басталады.
Сол баптың екінші бөлігінде көзделген жасы он сегізге толмаған адамдардың алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін әкімшілік жауаптылық осындай әрекеттерді қоғамдық орындарда да, кез келген жерде де жасағаны үшін басталады.
Сол баптың үшінші бөлігінде белгіленген бір жылдық мерзімді ӘҚтК-нің 440-бабының бірінші немесе екінші бөлігі бойынша алдыңғы әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы заңды күшіне енген күнінен бастап есептеген жөн. Нақ сол әрекеттерді осы баптың төртінші бөлігі бойынша саралау үшін бұдан бұрын адамның бір жыл ішінде осы бап бойынша әкімшілік жауаптылыққа екі рет тартылуы және екі қаулы бойынша да ӘҚтК-нің 61-бабында белгіленген мерзім өтпеуі тиіс.
14. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Заңының 9-бабына сәйкес ӘҚтК-нің 460-бабының бірінші бөлігінде көзделген мерзімнің басталуы тұлғада жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру үшін қажетті және жеткілікті тіркеу объектісін куәландыратын құжаттар іс жүзінде болған және оларды ол уәкілетті органдардан алған кезде (мысалы, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты) жылжымайтын мүлікке құқықтың туындауына негіз болып табылатын заң фактісі (атап айтқанда, нотариат куәландырған шарт, соттың күшіне енген шешімі, өзге де құқық белгілейтін құжатты алу) басталған сәттен есептеуге жатады.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).15. Соттар бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге немесе олардың лауазымды адамдарына қатысты ӘҚтК-нің 462-бабының үшінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдары), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды (мысалы, өрт қауіпсіздігіне қатысты немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнама бұзушылықтарын жою туралы) орындау белгілі бір қаржы шығындарын талап ететіндігін және аталған мекемелердің басшыларында қажетті ақшалай қаражаттың бола бермейтінін ескерген жөн. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражат бөлуі қосымша шығыстарды тиісті мәслихаттардың сессиясында бекіту, көрсетілетін қызметтерге мемлекеттік сатып алуды жариялау қажеттігімен ұштасады.
Сондықтан нұсқамалардың заңды талаптарын орындауға өздеріне байланысты барлық шараларды қабылдаған, бірақ оларға тәуелсіз себептермен тұтастай орындалмаған, оның ішінде қажетті қаржыландырудың болмауынан орындалмаған лауазымды адамдарға қатысты іс жүргізу кінәнің жоқтығынан тоқтатылуы мүмкін.
Аталған лауазымды адамдарды ӘҚтК-нің осы бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартқан жағдайда, ӘҚтК-нің 48-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қызметті немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтата тұру түріндегі қосымша жаза лауазымды адамдарға қолданылмайтынын назарға алған жөн.
Сонымен қатар, нақ сол мән-жайлар кезінде заңды тұлғаларға қатысты мұндай істер тоқтатылуға жатпайды, өйткені ӘҚтК 25-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ӘҚтК-да әкімшілік жауаптылық көзделген заңды тұлғаның заңға қарсы әрекеті немесе әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.
16. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабына орай (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-ІІІ Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) бейбiт жиналыстарды өткізуді таныған құқықты пайдалану тек демократиялық қоғамның мемлекеттік немесе қоғамдық қауiпсіздiк, қоғамдық тәртiп, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесі үшін қажет етiлетiн, заңға сәйкес салынатын ешқандай шектеулерге жатпайды. Мұндай құқыққа Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 32-бабымен кепілдік берілген.
Бұл құқықты іске асыру тәртібі және оны шектеу шарттары "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы № 2126 Заңында белгіленген, оның 8-бабында, егер: өтiнiш берiлмеген болса, тыйым салу туралы шешiм шығарылса, жоғарыда аталған Заңның 4, 5 және 7-баптарында көзделген оларды өткізу тәртiбі бұзылса, сондай-ақ азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнген, қоғамдық тәртiп бұзылған кезде жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң талап етуi бойынша сөзсiз тоқтатылуы тиіс екендігі көзделген.
ӘҚтК-нің 488-бабының бірінші бөлігінде көзделген ұйымдастырушылар болып табылмайтын, мұндай көпшiлiк іс-шараға қатысушылардың заңсыз жиналыстарға, митингiлерге, шерулерге, демонстрацияларға не өзге де көпшiлiк iс-шараға қатысқаны үшін әкімшілік жауаптылығы жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң жоғарыда көрсетілген талаптарын орындамағаннан кейін басталады. Сондықтан соттар ӘҚтК-нің 488-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде мұндай талаптың іс жүзінде мәлімделгені, оның негізділігі мен заңдылығы, сондай-ақ оны оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан көпшiлiк іс-шараға қатысушының орындамағаны жөніндегі дәлелдемелерді зерттеуі тиіс.
Митингті тоқтату туралы талаппен пропорционал қағидатының бұзылуы жөніндегі дәлелдер, кейіннен азаматтық сот ісін жүргізуде қаралуы мүмкін, бірақ жергілікті атқарушы орган өкілінің мұндай талапты мәлімдеуі сәтінде оның құзіреті даулануға тиіс емес.
Бұқаралық іс-шараны өткізуге рұқсат алғанға дейін оның ұйымдастырушысы, сондай-ақ өзге де тұлғалар бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернетте немесе өзге де ақпарат желілерінде оның өтетін күні, орны және уақыты туралы жариялауға, осы мақсатта парақшаларды, плакаттар мен өзге де ұқсас материалдарды дайындауға және таратуға құқылы емес. Осы талапты бұзу оны ұйымдастырушының көпшілік іс-шараны ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін ӘҚтК-нің 488-бабының үшінші бөлігі бойынша жауаптылығына әкеп соғады.
17. Ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу үшін үй-жайлардың орналасқан жерін келісу туралы шешімді беру жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтің тегін болуы үй-жайдың орналасқан жерін келісу туралы келісім-хат нысанында берілетін жергiлiктi атқарушы органның тиісті шешімінсіз мұндай іс-шараларды өткізгені үшін ӘҚтК-нің 490-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы бойынша жауаптылықтан босатпайды.
18. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімнің (2012 жылғы 7 маусым Астана, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 қарашадағы № 250-V Заңымен ратификацияланған, 2015 жылғы 23 қаңтарда күшіне енген) 1-бабымен Ресей Федерациясының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына кірген күнінен бастап 30 күн ішінде тіркелу міндетінен босатылады. 30 күннен астам уақыт болған жағдайда аталған азаматтар Қазақстан Республикасының құзыретті органдарында тіркелуге міндетті.
Ресей Федерациясынан көшіп келушінің ӘҚтК-нің 517-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылығы Қазақстан Республикасының аумағында 30 күн болғаннан кейін ішкі істер органдарында үш тәулікке дейінгі мерзімде тіркеуден өтпей Қазақстан Республикасында болған жағдайда басталады.
Мұндай тәртіп Қазақстан Республикасымен ұқсас халықаралық келісімдері бар елдерден көшіп келушілерге де қолданылады.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).19. Көшіп келушілерді тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген күнтізбелік бес күнді есептеу ("Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысының 9-тармағы (бұдан әрі – Көшіп келушілердің келуі және болуы қағидалары) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы заң) 14-бабының 2 және 3-тармақтарының ережелерін ескере отырып, көшіп келуші Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткен немесе қабылдаушы адамға келген тәуліктің 00.01 сағатынан басталады.
Осы мерзімге жұмыс күні емес уақыт та енгізіледі, алайда, егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзімнің аяқталу күні сол күннен кейінгі таяудағы келесi жұмыс күні болып есептеледі (Құқықтық актілер туралы заңның 14-бабының 3-тармағы). Осындай тәртіп ӘҚтК-нің 517-бабында аталған басқа да "үш тәулік" мерзімі үшін де қолданылады.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).20. Көшіп келушілердің келуі мен болуы қағидаларының 17-тармағына сәйкес 45 мемлекеттің азаматтары, егер олардың Қазақстан Республикасында болу мерзімінің ұзақтығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспаған болса, Қазақстан Республикасына визасыз кіре және шыға алады. Сонымен қатар олар Қазақстанға виза арқылы да кіре алады. Егер визаның ұзақтығы мерзімі визасыз болудың уақытынан бұрын аяқталған жағдайда, ол адам визасыз болудың қалған уақытын пайдалана алады. Бірақ бұл екі мерзім қатарлас есептеледі және бір біріне қосуға жатпайды.
Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).21. ӘҚтК-нің 517-бабының алтыншы бөлігі осы баптың бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылықты көздейді. Сонымен қатар ӘҚтК-нің 517-бабының жетінші бөлігі де осы баптың екінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылықты көздейді. Осы құқық бұзушылықтар құрамының болуы үшін баптың диспозициясында көрсетілген барлық іс-әрекеттердің бір мезгілдегі жиынтығы міндетті емес.
Бұл ретте қайталап жасау сол адамның ӘҚтК-нің 517-бабының алтыншы немесе жетінші бөліктерінің диспозициясында көрсетілген кез келген әрекеттерді тиісінше жасаған кезде құралады. Жаңадан жасалған іс-әрекет адамның бір жыл ішінде әкімшілік жауаптылыққа тартылған іс-әрекетіне ұқсас болмауы мүмкін. Мысалы, Қазақстанда ішкі істер органдарында тіркелместен осы баптың бірінші бөлігінде көзделген мерзімнен астам болғаны үшін ӘҚтК-нің 517-бабының екінші бөлігі бойынша бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылған көшіп келуші кейін оның тіркеуде көрсетілген мекенжайда тұрмауы анықталған немесе визада көрсетілген не көші-қон карточкасында тіркеу кезінде көрсетілген мерзім аяқталған соң үш тәуліктен асатын кезең ішінде шығудан жалтарған жағдайда осы баптың жетінші бөлігіне сәйкес жауаптылыққа тартылуға жатады.
Егер бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін адам заңда белгіленген негіздер бойынша әкімшілік жауаптылықтан және әкімшілік жазадан босатылған болса, құқық бұзушылық қайталап жасалған деп танылмайды.
22. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн не өткізілген тауарларды декларацияламау немесе кедендік анық декларацияламау кедендік төлемдерді, салықтарды төлеуден босатуға, кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемдік баждардың мөлшерін төмендетуге немесе оларға ақы төлеу бойынша міндеттерді орындамауға не тиісінше орындамауға негіз беретін осындай іс-әрекеттер жағдайында ғана ӘҚтК-нің 551-бабының бірінші бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Декларанттың, кеден өкілінің, уәкілетті экономикалық оператордың кеден декларациясында және кеден мақсаттары үшін қажетті өзге де құжаттарда тауарлар туралы, таңдап алынған кедендiк рәсім, тауарлардың кедендік құны не шыққан елі туралы белгiленген нысанда мәлiмдемеуі немесе кеден төлемдерін, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы өтемдік баждарды төлеуден немесе олардың мөлшерін төмендетуден босату үшін негіз бермейтін өзге де анық емес мәліметтерді мәлiмдеуі, мысалы, декларанттың кеден декларациясында тауардың қате кодын мәлімдеуі оны заңнамада көзделген кедендік төлемдерді, салықтарды төлеуден босатуға немесе олардың мөлшерін төмендетуіне әкеп соқпаса, осы әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмайды.
Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).23. ӘҚтК-нің 610-бабында көлiк құралын жүргiзген адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы салдарынан көлiк құралдарына, жүктерге, жолдарға, жол және басқа құрылыстарға немесе өзге де мүлiкке зақым, материалдық залал не зардап шегушiнің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Зардап шегушiнің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруіне әкеп соққан нақ сол әрекет ҚК-нің 345-бабына сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылады.
Егер көлiк құралын басқаратын жүргiзушi жоғарыда көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан материалдық залалмен қатар бірнеше зардап шегушiнің денсаулығына әр түрлі ауырлық дәрежесі бойынша (жеңіл, ауырлығы орташа, ауыр) зиян келтiрсе не қаза түрінде өзге де салдар болса, онда кінәлі адам әкімшілік жауаптылыққа тартылмастан ҚК-нің 345, 346-баптарының тиісті бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуға тиіс.
Жүргізушінің іс-әрекеттерімен жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтiрумен қатар көлiк құралдарын немесе өзге мүлікті зақымдау түрінде материалдық залал да келтiрілген жағдайда, кінәлі адам ӘҚтК-нің 610-бабының екінші бөлігі бойынша ғана немесе жүргізуші масаң күйде болған кезде ӘҚтК-нің 608-бабының үшінші бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға тиіс.
Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).24. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде көлік құралдарын басқару құқығы сот орындаушысының ұсынуымен тоқтатылған жүргізушілерге қарағанда көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған жүргізушілер, екі субъекті бір мезгілде тікелей аталатын нормаларды (мысалы, ӘҚтК-нің 611-бабының үшінші бөлігінде) қоспағанда, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдарға жауаптылық көзделетін құқық бұзушылық субъектісі болып табылмайды.
Тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiлердің, екі субъекті бір мезгілде тікелей аталатын нормаларды (мысалы, ӘҚтК-нің 612-бабының екінші бөлігінде) қоспағанда, көлiк құралын басқару құқығы жоқ жүргiзушiлерге теңестірілуі мүмкін емес. Сондықтан көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару жүргiзушi куәлігінде осы санаттағы көлiк құралдарын басқаруға рұқсаты болмаған кезде ӘҚтК-нің 608-бабының алтыншы бөлігі бойынша емес, жиынтығы бойынша ӘҚтК-нің 608-бабының бірінші бөлігімен және өзге де саралау белгілері болмаған жағдайда ӘҚтК-нің 612-бабының екінші бөлігімен саралануға жатады.
Көлiк құралын басқару құқығынан айыру автомобиль жүргiзушiлерімен қатар тракторлар және өзге де өздігінен жүретін машиналар, трамвайлар, троллейбустар, мотоциклдар және ӘҚтК-нің 590-бабына ескертпеде анықталған тағы басқа механикалық көлік құралдарын басқарушы адамдарға да бірдей қолданылады. Мысалы, жүргiзушi куәлігі бар, бірақ трактор жүргізуге құқығы жоқ адам тракторды алкогольдік масаң күйде басқарған кезде көлік құралын басқару құқығы жоқ адам ретінде қаралуы мүмкін емес және алдыңғы абзацта көрсетілген тәртіппен жауаптылыққа тартылуға тиіс.
Егер жүргiзушi көлiк құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаны орындағаннан кейін белгіленген тәртіппен жүргiзушi куәлігін қайта алмаған жағдайда, онда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықты айқындау мақсатында оған біртектес құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін мұндай құқығы жоқ жүргiзушi ретінде қарау керек. Егер көлiк құралын басқару құқығынан айыру туралы қаулыны орындағаннан кейін жүргiзушi заңда белгіленген тәртіппен қайтадан мұндай құқықты иеленсе, онда ӘҚтК-нің 608-бабының бірінші, екінші және үшінші бөліктері бойынша әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық жасағаны үшін ол ӘҚтК-нің 608-бабының төртінші бөлігі бойынша, ал нақ сол бұзушылықты бір жыл өткеннен кейін жасаған жағдайда – бірінші, екінші және үшінші бөліктері бойынша тиісінше жауаптылыққа тартылады.
25. ӘҚтК-нің 611-бабының екінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы көлiк құралын басқаратын адам жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған кезден бастап аяқталған болып саналады.
Зардап шегушiні шұғыл жағдайда дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін емдеу мекемесіне жеткізу қажеттігіне байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу кезінде, бағыттас көлiкпен жүзеге асыру мүмкін болмаса жүргізуші ӘҚтК-нің 611-бабына Ескертпеге сәйкес осы бап бойынша жауаптылықтан босатылады. Бұл ретте мұндай жүргiзушi, зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізгеннен кейін оқиға орнына қайтып келмеуін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының (бұдан әрі - Жол жүрісі қағидалары) 2-бөлімі 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген жол-көлік оқиғасына байланысты өзге де міндеттерді орындамаған кезде ӘҚтК-нің 611-бабының бірінші бөлігі бойынша да жауаптылықтан босатылады.
Зардап шегушiлер болмаған кезде жүргiзушiлер алдын ала оқиға схемасын жасап және оған қол қоя отырып, болған мән-жайларды бағалауда өзара келісім болған кезде ғана оқиға болған жерден кетіп қала алады (Жол жүрісі қағидаларының 1-бөлімінің 8-тармағы). Бұдан кейін жүргiзушiлер оқиғаны ресімдеу үшін жақын жердегі ішкі істер органдарының бөлімшесіне келуге міндетті. Көрсетілген міндеттерді орындамаған кезде мұндай жүргiзушiлер ӘҚтК-нің 611-бабы бірінші бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылады.
26. Жол-көлік оқиғасы адамның денсаулығына зиян келтіруге, қайтыс болуына, көлiк құралдарының, құрылыстардың, жүктердің зақымдануына не өзге де материалдық залалға әкеп соқпаған жағдайларда, оқиға болған жерден кетiп қалу да ӘҚтК-нің 611-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соқпайды. Егер жол-көлік оқиғасында жалғыз зардап шегушi құқық бұзушының өзі болып табылса, ол ӘҚтК-нің 610 және 611-баптары бойынша әкімшілік жауаптылыққа жатпайды, бірақ ӘҚтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабы бойынша Жол жүрісі қағидаларының нақты тармағын бұзғаны үшін көзделетін әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Бұл ретте басқа меншік иелерінің жүргiзушiмен ортақ мүліктеріне келтірілген зиянды өтеу мәселелері азаматтық іс жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатады.
Егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 "Мал өткізу" туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚтК-нің 610-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мән-жайларға қарай ӘҚтК-нің 615-бабының екінші бөлігі немесе 633-бабының екінші бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді.
Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).27. Көлiк құралын басқару құқығынан айырылған жүргiзушi көлік құралын басқарған кезде оның іс-әрекеттері, ӘҚтК-нің 596-бабының бесінші бөлігінде, 610-бабының үшінші бөлігінде, 611-бабының үшінші бөлігінде, 613-бабының 3-1 және жетінші бөліктерінде көзделген құқық бұзушылықтарды жасауды қоспағанда, ӘҚтК-нің 612-бабының үшінші бөлігі бойынша сараланады. Мұндай іс-әрекеттер ӘҚтК-нің 669-бабы бойынша қосымша саралануға жатпайды.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).28. Адвокаттың сұратқан оның кәсіби міндеттерін орындауға қажетті құжаттарды, материалдарды немесе мәліметтерді толық көлемде ұсынбау мұндай құжаттарды адвокатқа заңнамада белгіленген мерзімде ұсынбау деп қараған жөн, егер осы әрекеттерде қылмыстық жазалау белгілері болмаса, бұл ӘҚтК-нің 668-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).29. Соттар ӘҚтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде борышкердің сот актісінің белгілі бір бөлігін немесе толық көлемде орындауға нақты мүмкіндігі болмаса, осы бап бойынша адамды жауаптылыққа тартуға мүмкін болмайтынын ескеруі тиіс. Бұл ретте борышкер сот актісі мен атқарушылық құжатты орындау бойынша өзіне қатысты барлық шараларды өз бетінше қабылдауға және оған жүктелген міндетті барынша белсенді түрде орындауға ықпал етуге міндетті екендігін соттар негізге алуға тиіс. Сот орындаушысының қаулылары мен басқа да заңды талаптарын орындамау, атқару құжатын толығымен орындау туралы талапты қоспағанда, ӘҚтК-нің 670-бабының бірінші және екінші бөліктері бойынша жауаптылыққа алып келеді.
Адам сот салған айыппұлды ӘҚтК-нің 893-бабының бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін немесе ӘҚтК-нің 888-бабында көзделген кейінге қалдыру мерзімі өткен соң төлемеген жағдайда, мұндай адам мәжбүрлеп орындау жөніндегі қаулының болуына қарамастан, ӘҚтК-нің 669-бабы бойынша жауапты болады.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 4 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).30. Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ӘҚтК-нің 34-тарауы баптарының санкцияларымен әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау салдарынан алынған мүлікті тәркілеу көзделмеген. Соттар мұндай әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді шешкен кезде ӘҚтК-нің 822-бабының үшінші бөлігіне сәйкес заттай дәлелдемелердің тағдырын оларды тиісті мекемелерге беру немесе оларды жою жолымен шешуге тиіс.
31. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қ.Мәми |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Қ.Шаухаров |