Сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау кезінде соттардың Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларын қолдануы туралы

Жаңартылған

2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 12 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      ХАБАРЛАНДЫРУ

      Заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.

      1. Заңды күшіне енген шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды шығарған сот оларды жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарауы мүмкін.

      Туындаған немесе орын алған, алайда олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған, бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңды фактілер қайта қарау үшін негіздер болып табылады.

      Мазмұны бойынша басқа сот актісін шығаруға алып келетін осындай заңды фактілер айтарлықтай маңызы бар деп танылады.

      Соттар АПК-нің 455-бабының бірінші бөлігі заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін дербес негіз болып табылмайтынын ескеруі керек. Қайта қарау үшін негіздер АПК-нің 455-бабының екінші және үшінші бөліктерінде санамаланған, олар толық болып табылады және кеңейте түсіндіруге жатпайды.

      Тараптың мәлімделген талапқа негіздеме ретінде дәлелдемелер немесе оған қарсы арыз бермеуі не тараптың басқа тараптағы немесе үшінші тұлғалардағы дәлелдемелерді талап етіп алдыруға көмек көрсету туралы өтінішхатты соттың алдында мәлімдемеуі істі қарауға қатысқан тұлғаның процестік олқылықтарын куәландырады. Мұндай процестік олқылықтар, сонымен қатар жаңа дәлелдемелерді ұсыну заңды күшіне енген сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіз бола алмайды.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енген шешімдері, оның ішінде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарылған шешімдері, төмен тұрған сатының шешімі, қаулысы өзгертіліп немесе күші жойылып, іс бойынша жаңа процестік шешім шығарылған апелляциялық және кассациялық сатылардың қаулылары қайта қаралуы мүмкін.

      Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша соттардың іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарымдары, сондай-ақ төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты және төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызды қарау нәтижелері бойынша соттың ұйғарымдары қайта қаралуы мүмкін.

      Бірінші сатыдағы соттың істі мәні бойынша шешпеген өзге де актілері (мысалы, талап қоюын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым, талап қоюын қайтару туралы ұйғарым, процестік мерзімді қалпына келтіру туралы немесе қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарым, сот шешімін түсіндіру туралы ұйғарым, жеке ұйғарым) жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарауға жатпайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      3. АПК-нің 455-бабы бірінші бөлігіне сәйкес жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісі тұтастай қайта қаралуға тиіс.

      Сот актісінің қандай да бір жекелеген бөлігін қайта қарау туралы (мысалы, сот актісін қарсы талап қою бойынша, бір немесе бір іс жүргізуге біріктірілген бірнеше талаптар бойынша қайта қарау туралы) арыз қайтарылуға жатады.

      Заңды күшіне енбеген сот актісі жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуға жатпайды.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін тараптар жасаған және сот бекіткен, даулы құқықтық қатынас бойынша тараптардың сот актісінде белгіленгеннен өзгеше құқықтар мен міндеттерді айқындайтын, АПК-нің 17-ші "Татуластыру рәсімдері" деп аталатын тарауында көзделген тәртіппен тараптардың дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімі жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларға жатпайды. Мұндай келісімнің шарттарын тараптар дербес орындауға тиіс және алғашқы сот актісін мәжбүрлеп орындату жөніндегі атқарушылық іс жүргізу "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-ІV Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 1-тармағының 2) және 2-1) тармақшаларына сәйкес тоқтатылуға жатады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. АПК-нің 455-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес қайта қарау туралы арыз берілген, заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған сот актісінің заңсыз және негізсіз шығарылуына әкеп соқтырған куә айғақтарының немесе сарапшы қорытындысының көрінеу жалған болуын, аударманың көрінеу дұрыс еместігін, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығын жаңадан ашылған мән-жайлар деп түсінген жөн.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. АПК-нің 455-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған іске қатысатын адамдардың, олардың өкілдерінің не судьялардың осы азаматтық істі қарау кезінде жасаған қылмыстық әрекеттерін (мысалы, сыбайлас жемқорлық қылмыс, тарапқа, өкілге, куәларға қатысты параға сатып алу немесе қорқыту) жаңадан ашылған мән-жайлар деп түсінген жөн.

      Сот актілерін қайта қарау туралы арыз берілген азаматтық іс қаралмаған кезде АПК-нің 455-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасында санамаланған адамдардың жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін оларды соттау жаңадан ашылған мән-жайларға жатқызылмайды.

      Бұл нормативтік қаулының осы тармағында және 5-тармағында санамаланған мән-жайлар үкімнен бөлек соттың немесе қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың ескіру мерзімінің өтуіне, рақымшылық актіге, айыпталуышының қайтыс болуына немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жасының жетпеуіне байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыларымен анықталуы мүмкін.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. АПК-нің 455-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасына қатысты, егер сот актілері не өзге де мемлекеттік органның актілері азаматтық іс бойынша сот актісін шығаруға негіз болып табылса, заңда белгіленген тәртіппен олардың күшін жою жаңадан ашылған мән-жайлар деп түсініледі.

      Өзге мемлекеттік органның қаулысы деп уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамының әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулысын, атқарушы билік органының жеке-дара немесе алқалы актісін, жергілікті өкілді органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының актілерін түсіну қажет.

      Мемлекеттік органдар қаулыларының күшін жою деп соттың оларды заңсыз деп тануын, сонымен қатар жоғары тұрған органның немесе лауазымды адамның заңда белгіленген тәртіппен аталған қаулылардың күшін жоюын түсінген жөн.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      8. АПК-нің 455-бабы үшінші бөлігінің 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сот актілері жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Қайта қарау туралы мәлімделген сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін туындаған мән-жайлар жаңа мән-жайлар болып табылады.

      АПК-нің 455-бабы үшінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес осы азаматтық істі қараған кезде АПК-нің 76-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктері ережелерінің негізінде дәлелдеусіз қабылданған мән-жайлар анықталған сот актісінің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот қаулысы жаңа мән-жай деп түсініледі.

      АПК-нің 455-бабы үшінші бөлігінің 2) тармақшасына сай дау айтылатын мәмілені жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығының салдарларын қолдану туралы, сонымен қатар маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарларын қолдану туралы заңды күшіне енген сот шешімі жаңа мән-жай деп түсініледі.

      АПК-нің 455-бабы үшінші бөлігінің 3) тармақшасына қатысты, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының сот актiсi шығарылған кезде қолданылған заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тануы жаңа мән-жай болып табылады.

      АПК-нің 455-бабы үшінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес орындалуы туралы сот актісі шығарылған төрелік шешімнің күшін жою жаңа мән-жай болып табылады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9. Заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды (бұдан әрі – қайта қарау туралы арыз) тараптар және іске қатысқан басқа адамдар немесе прокурор ғана бере алады.

      Қайта қарау туралы арызбен жүгіну құқығы АПК-нің 53-бабының тәртібімен іске қатысқан адамдардың процестік құқық мирасқорларына да тиесілі.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Іске қатысуға тартылмаған адамдардың қайта қарау туралы арыз беруіне құқығы болмайды. Егер заңды күшіне енген сот актісінде аталған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселе шешілген болса, олар АПК-нің 126-бабының тәртібімен апелляциялық шағым немесе сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беру үшін процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге құқылы.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Сот актісін қайта қарау туралы арыз сотқа жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында беріледі, арыз беруші адам немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды не олардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады және АПК-нің 458-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Арыз азаматтық істі қараған кезде соттың ұйғарымымен белгіленген сот ісін жүргізу тілінде беріледі.

      Егер қайта қарау туралы арыз АПК-нің 456 және 457-баптарында белгіленген қағидалар бұзылып, айқындалған мерзім өткеннен кейін берілсе және оны қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаса немесе арыз берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруден бас тартылса, егер арыз тіліне, нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар сақталмаса, ол қайтарылуға жатады.

      Қайта қарау туралы арыз, егер оны арыз беруші қаралғанға дейін кері қайтарып алса, беруге немесе оған қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам не әрекетке қабілетсіз адам берсе немесе қол қойса, қайтарылуға жатады.

      Егер қайта қарау туралы арыз АПК-нің 55-тарауының қағидаларымен қарау нысанасы болған мән-жайларға негізделсе, АПК-нің 151-бабына ұқсастық бойынша оны қабылдаудан бас тарту керек.

      Қайта қарау туралы арызды қайтару туралы және оны қабылдаудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      АПК-нің 429-бабының жетінші бөлігіне ұқсастық бойынша қайта қарау туралы арызды қайтару мәселесі жөніндегі жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы түпкілікті болып табылады және кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      12. Сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз түскен күннен бастап ол соттың іс жүргізуіне қабылданды деп есептеледі.

      Судья арызды іс жүргізуге қабылдап алып ұйғарым шығарады, онда арызды қарау бойынша сот отырысын өткізу күні мен орнын көрсетеді.

      Судья ұйғарымның көшірмесін іске қатысатын адамдарға жібереді және оларға арыздың қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Қайта қарау туралы арызды сот актісін шығарған сот қарайды.

      Мұндай сот болып сот актісін шығарған бірінші сатыдағы соттың судьясы, іс бойынша жаңа процестік шешім шығара отырып, сот актісін өзгерту немесе оның күшін жою туралы қаулы шығарған апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы соттың алқалы құрамдары, сонымен қатар істі АПК-нің 402-бабының үшінші абзацында көзделген тәртіппен қараған апелляциялық сатының судьясы түсініледі.

      Кассациялық сатыдағы сот апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымының, қаулысының күшін жойған және бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын, шешімін күшінде қалдырған жағдайда, қайта қарау туралы арыз бірінші сатыдағы сотта қаралады.

      1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексі қолданылған кезеңде қабылданған облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқаларының сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша осы облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық істер бойынша сот алқасы алқалы құрамда қайта қарайды.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Қайта қарау туралы арыз беруге арналған үш айлық мерзім АПК-нің 459-бабының 1), 2), 3), 4), 5) тармақшаларында белгіленген оқиғалар туындаған күннен кейінгі күннен бастап есептелуге жатады.

      Егер көрсетілген мерзім сот дәлелді деп таныған себептер бойынша өткізіп алынған болса, ол қалпына келтірілуі мүмкін. Қайта қарау туралы арызбен бір мезгілде мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелді екенін растайтын құжатпен бірге беріледі.

      Мерзімді қалпына келтіру мүмкіндігі туралы мәселені шешу кезінде соттың өткізіп алу себептерінің дәлелді екенін, сонымен қатар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлардың бар болуын білгеннен немесе білуге тиіс болғаннан кейін арыз берушінің сотқа қайта қарау туралы арызбен уақтылы жүгінгенін ескергені жөн.

      15. Қайта қарау туралы арыз сот отырысында бірінші сатыдағы сотқа келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде, ал апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда – іс келіп түскен күнінен бастап көрсетілген мерзімде қаралады. Іс сотқа арыз түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей сұратылуы тиіс.

      Сот отырысының өтетін орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабардар етілген арыз берушінің және іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Қайта қарау туралы арызды қарау нәтижелері бойынша сот ұйғарымы АПК-нің 269-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай болуға тиіс.

      Ұйғарымның уәждеу бөлігінде:

      арыз берушінің арызында сілтеме жасалған мән-жайлардың АПК-нің 455-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар санатына жататыны-жатпайтыны, атап айтқанда;

      бұл мән-жайлардың қайта қарау туралы арыз берілген сот актісін соттың шығарған күніне болғаны-болмағаны, арыз берушіге мәлім болғаны-болмағаны немесе мәлім болуының мүмкін болғаны-болмағаны және олардың арыз берушіге қашан белгілі болғаны;

      бұл мән-жайлардың қайта қарау туралы арыз берілген сот актісін сот қабылдағаннан кейін туындағаны-туындамағаны, олардың арыз берушіге қашан белгілі болғаны;

      арызда көрсетілген мән-жайлардың маңызды болуы-болмауы және істі қарау нәтижесіне қалай әсер ететіні көрсетілуі тиіс.

      Егер қайта қарау туралы арыз қанағаттандырылуға жататын болса, онда ұйғарымның қарар бөлігінде арызды қанағаттандыру туралы және жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша іс бойынша шығарылған сот актісінің күшін жою туралы көрсетілуге тиіс.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымына шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      Апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдарын АПК-нің 54-тарауының қағидалары бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртіппен қайта қарауы мүмкін.

      Кассациялық сатыдағы соттың ұйғарымдары АПК-нің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде ғана қайта қаралуы мүмкін.

      Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы төмен тұрған соттың ұйғарымының күшін жойған жағдайда, апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот істі жаңадан қарау үшін тиісті сотқа беріп, мәселені мәні бойынша шешуге құқылы.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. Егер қайта қарау туралы арызды қарау нәтижелері бойынша соттың ұйғарымында қате жазуларға немесе анық арифметикалық қателерге жол берілген болса, олар АПК-нің 235-бабында көзделген тәртіппен жойылуға жатады.

      19. Іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға берілген кезде істі сот ісін жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарылмайды, бірақ АПК-нің 165-бабына сәйкес судья істі сот талқылауына дайындау жөніндегі қажетті әрекеттерді жүргізеді.

      Істі жаңа сот талқылауына дайындау мерзімін заңды күшіне енген сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы ұйғарым күшіне енген күнінен бастап есептеген жөн. Қайта қарау туралы ұйғарымды жоғары тұрған сот шығарған жағдайда, дайындауға берілетін мерзім іс тиісті сотқа келіп түскен сәттен бастап есептеледі.

      Істі жаңа сот талқылауына дайындауға берілетін мерзім АПК-нің 164-бабында көрсетілген негіздер бойынша ұзартылуы мүмкін.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      20. Азаматтық істі жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша күші жойылған сот актісін шығаруға қатысқан судьялар қайта қарауы мүмкін.

      Егер қайта қарау туралы арыз берілген, сот актісін шығарған судья өзінің науқастануына, демалысына, оқуда, қызметтік іссапарда болуына орай қарай алмаса, сонымен қатар оның өкілеттіктері тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған жағдайларда, арызды сол сотта басқа судья қарайды.

      Осы қағида қайта қарау туралы арыз берілген, сот актісін шығарған соттың алқалы құрамына да қолданылады.

      АПК-нің 38-бабы бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде судья жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісінің күші жойылған істі қайта қарай алмайды.

      21. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерінің күші жойылғаннан кейін іс АПК-нің нормаларында белгіленген қағидалар бойынша қаралуға тиіс.

      Істі жаңадан қараған кезде судья АПК-нің 156, 157-баптарына сәйкес мәлімделген талап қоюды қамтамасыз етуге немесе сот шешімін орындауды бұруға бағытталған қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.

      Істі жаңадан қарау нәтижелері бойынша қабылданған сот актісі АПК-нің 226 және 269-баптарының талаптарына сай болуға тиіс.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. Егер жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша күші жойылған сот актісі толық немесе ішінара орындалса, ал істі жаңадан қараған кезде басқа шешім шығарылса, онда сот АПК-нің 247, 248-баптарына сәйкес сот шешімін орындауды бұру туралы мәселені шешуге міндетті.

      23. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Азаматтық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қараудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 нормативтік қаулысының 16-тармағы;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысының 10-тармағы.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы Г.Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады