Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Жақсылықовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.04.2022 № 254 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 18 наурыздағы № 150 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастық туралы ХАТТАМА
Бұдан әрі "Тарап" немесе "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі
2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) назарға ала отырып,
достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және әскери архивтер, әскери тарих, музейтану мен әскери жарияланымдар саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
Мақсаты
Осы Хаттаманың мақсаты Тараптар арасында әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар саласында ынтымақтастық орнату болып табылады.
Анықтамалар
Осы Хаттамада пайдаланылатын анықтамалардың мынадай мағынасы бар:
1) әскери архивтер – Тараптар мемлекеттері қарулы күштерінің музей қорлары мен объектілерінде сақталатын тіркелген әскери тарих құжаттары;
2) әскери тарих – жазбаша дереккөздер, архив құжаттары, көрнекі құжаттар (суреттер, мәтіндер және т.б.) және басқа да архив және музей материалдары негізінде Тараптар мемлекеттері қарулы күштерінің тарихи дамуын, сондай-ақ олармен байланысты мәселелерді және бейбіт немесе соғыс уақытындағы оқиғаларды зерделеу жөніндегі үздіксіз қызмет;
3) музейтану – Тараптар мемлекеттері қарулы күштерінің өткендегі, сонымен қатар қазіргі уақыттағы тарихи және техникалық дамуын бейнелейтін әскери музейлерді зерделеу бойынша ғылыми пән;
4) әскери жарияланымдар – әскери тарих саласындағы тарихи кітаптар, әскери журналдар, мақалалар мен басқа да жұмыстар.
Уәкілетті органдар
1. Мыналар:
Қазақстан Республикасының Үкіметінен – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Түркия Республикасының Үкіметінен – Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігі осы Хаттаманы iске асыру жөніндегі уәкiлеттi органдар болып табылады.
2. Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.04.2022 № 254 қаулысымен.Ынтымақтастық салалары
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылады:
1. Әскери тарих бойынша зерттеулер:
1) жалпы тарих элементтерін айқындау және әскери тарихты растайтын архивтік коллекциялардың құжаттарын және басқа да көздерді пайдалана отырып, бірлескен жұмыстарды дайындау;
2) тарихи ғылыми журналдарда жалпы тарих бойынша мақалаларды, баяндамаларды, монографиялар мен өмірбаяндарды өзара әскери жариялау;
3) әскери тарих саласында ақпарат, инновациялар және зерттеулер алмасу;
4) әскери тарих жөніндегі жұмыстар мен зерттеулердің объективті тәсілдеріне ықпал ететін тарихи жерлерді өзара зерделеу.
2. Әскери тарих бойынша құжаттар сақталатын әскери архивтер және мемлекеттік архивтер:
1) әскери тарих саласында электрондық немесе баспа жеткізгіштерде архивтік құжаттар, аудиовизуалды архивтер, ақпарат, кітапханалық басылымдар және тәжірибе алмасу;
2) әскери архивтер бойынша сарапшылардың бірлескен жұмыстары;
3) әскери тарих бойынша құжаттар сақталатын әскери архивтер мен мемлекеттік архивтер бойынша өзара сапарлар мен мәдени іс-шаралар;
4) әскери архивтерге және басқа да аралас салаларға байланысты курстар, конференциялар мен басқа да іс-шаралар өткізу;
5) аралас салалардағы және бірлескен зерттеулер жүргізу кезіндегі өзара іс-қимыл/ынтымақтастық;
6) мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
7) әскери тарих бойынша құжаттар сақталатын әскери архивтер
мен мемлекеттік архивтер туралы ақпарат, әскери жарияланымдар мен құжаттарды өзара алмасу.
3. Музейтану:
1) жұмыстарды сатып алу және реставрациялау жұмыстары саласында сарапшылар алмасу;
2) экспонаттаудың және жұмыстарды сақтаудың қазіргі заманғы тәсілдері саласындағы ынтымақтастық;
3) музейтану саласында тәжірибе алмасу және аралас іс-шараларға өзара қатысу;
4) әскери музейлер сарапшылары мен мамандарының ынтымақтастығы;
5) жалпы тарих бойынша жобаларды әзірлеу және іске асыру (оның ішінде атаулы күндер оқиғалардың мерейтойлары және басқалары).
Тарихи зерттеулер жүргізу әдістері
1. Тараптар әскери музейлерді басқару, реставрациялау және сатып алу бойынша мамандандырылған персоналды оқытады.
2. Тараптар мынадай қызмет түрлері арқылы тарихи зерттеулерді жүргізеді:
1) Тараптар мемлекеттерінің жалпы тарихы бойынша ақпарат, құжаттар, әскери жарияланымдар және тәжірибе алмасу;
2) құжаттарды әскери жариялау және көрмелер ұйымдастыру;
3) конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру;
4) Тараптар уағдаласқан соғыстар, қақтығыстар мен әскери компаниялар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу;
5) тарихи оқиғалар болған жерлерді зерделеу;
6) осы Хаттама шеңберінде зерттеулер мен ізденістер жүргізу.
Ортақ қағидаттар
1. Әскери тарих бойынша құжаттар сақталатын әскери музейлерге, тарихи жерлерге, әскери архивтерге және мемлекеттік архивтерге бару тиісті Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тараптар мемлекеттерінің ортақ тарихына немесе бір Тарап мемлекетінің тарихына байланысты құжаттарға микрофильмдер дайындау және көбейту Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Қаржы мәселелері
Егер өзгеше келісілмесе, Тараптар осы Хаттаманы іске асыру жөніндегі шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтередi.
Басқа мәселелер
Әскери архивтер, әскери тарих, музейтану мен әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастықтың осы Хаттамада көзделмеген басқа мәселелері Келісім ережелеріне сәйкес реттеледі.
Дауларды реттеу
Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі және шешу үшін ешқандай ұлттық, халықаралық сотқа немесе үшінші тарапқа берілмейді.
Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.04.2022 № 254 қаулысымен.Түзетулер мен толықтырулар
Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Хаттаманың 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін 30 (отызыншы) күні күшіне енеді.
2. Осы Хаттама 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және, егер Тараптардың бірі екінші Тарапты өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, оның қолданысы бір жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Мұндай жағдайда осы Хаттама осындай хабарлама алынған күннен бастап 90 (тоқсан) күн өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.
3. Осы Хаттаманың қолданысын тоқтату, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, оның қолданысы барысында басталған іс-шаралар аяқталғанға дейін олардың орындалуына ықпал етпейді.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.04.2022 № 254 қаулысымен.20__ жылғы "__" _________ __________ қаласында қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін |