Әкімшілік істер бойынша сот актілерін шығаруды регламенттейтін Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) нормаларын дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелер беруге қаулы етеді.
1. ӘРПК-нің 18-бабының бірінші бөлігіне сәйкес бірінші сатыдағы сот әкімшілік істер бойынша сот актілерін шешімдер мен ұйғарымдар нысанында, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар қаулылар мен ұйғарымдар нысанында қабылдайды.
Бірінші сатыдағы соттың дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады.
Шешімнің мазмұны туралы ӘРПК-нің 152-бабының талаптары іс жүргізудің барлық түрлері (жазбаша, ауызша) үшін міндетті. Соттың шешімі кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. ӘРПК-нің 151-бабының бірінші бөлігіне сәйкес шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
ӘРПК-нің 153-бабына сәйкес қысқаша шешім кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
Тараптар соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде толық шешімді дайындау туралы өтінішхат беруге құқылы, оны сот осындай өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде дайындауы тиіс.
3. ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады.
АПК-нің 27-1 және 28-1-баптарында облыстық және оған теңестірілген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төменгі тұрған соттардың іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін (талап қоюдың нысанасы мен негіздері бойынша, субъектілік құрамы бойынша ұқсас) талап ету, өзінің іс жүргізуіне қабылдау, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау және шешу құқығы бекітілген.
ӘРПК-де көрсетілген рәсім реттелмеген, осыған байланысты АПК-нің нормалары қолданылуға жатады.
Жоғары тұрған соттың істі талап етіп, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарауы үшін іс жүргізуінде іс жатқан сот тараптардың жазбаша келісімін алуға міндетті. Егер тараптардың бірінің келісімі болмаса, сот істі талап ете алмайды.
Бір текті істердің бірін талап ету және оны қарау туралы мәселеге жоғары сатыдағы сот, іс жүргізуінде іс жатқан сот, сонымен қатар тараптар не тараптардың бірі бастамашылық етуі мүмкін.
Бір текті істердің бірі бойынша шығарылған шешімді соттар АПК-нің 226-бабы 5-1-бөлігіне сәйкес пайдалануы мүмкін.
ӘРПК-нің 24-бабының бірінші бөлігінің және АПК-нің 35-бабының 3-1-бөлігінің ережелерін ескере отырып, АПК-нің 27-1 және 28-1-баптарында көзделген соттылыққа сәйкес әкімшілік істерді қарауды және шешуді жоғары тұрған соттарда судья жеке-дара жүзеге асырады.
Облыстық және оған теңестірілген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қаралған істерге қатысты шығарған шешімі ӘРПК-нің 152-бабының және АПК-нің 226-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Шешім Қазақстан Республикасының атынан заңға және нақты іс бойынша сот анықтаған фактілерге қатаң сәйкестікте шығарылады.
Шешімнің мәтінінде: оқиғалар мен мән-жайлардың артық нақтылануына; дауға қатысы жоқ құқық нормаларына дәйексөз келтірілуіне; ресми құжаттарда қолдануға болмайтын қабылданбаған қысқартулар мен сөздерді пайдалануға; сотта айтылмаған түзетулерді енгізуге жол берілмейді. Шешімнің мәтінінде аббревиатура алғаш рет аталған кезде оны таратып жазу қолданылуы мүмкін.
Шешім бөгде адамдардың қатысуын және кеңесу құпиясын жария етуді болдырмайтын жағдайларда шығарылады.
5. Шешім жазбаша нысанда жазылады және әдетте, компьютерлік тәсілмен бір данада дайындалады.
Шешім қолмен немесе машинкада жазу тәсілімен дайындалуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның көшірмесі компьютерлік тәсілмен дайындалады.
Компьютерлік тәсілмен дайындалған шешім Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітетін заң техникасы мәселелерін және сот актілерін жасау өлшемшарттарын регламенттейтін құжаттарға сәйкес ресімделеді.
6. ӘРПК-нің 154-бабына сәйкес соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
Шешім процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестікте шығарылғанда немесе қажет жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтін заңды қолдануға негізделгенде не заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасынан, адалдық, ақылға қонымдылық пен әділдік талаптарынан туындағанда заңды болып табылады (ӘРПК-нің 7, 8-баптары).
Сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын немесе дәлелдеуді қажет етпейтін жалпыға белгілі мән-жайлар болып табылатын және жиынтығында дауды шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан осы іс үшін маңызы бар фактілер көрсетілген шешім негізді болып саналады.
Талап қоюдың жарамдылығын тексеру кезеңінде сот талап қоюшының даудың ведомстволық бағыныстылығы, соттылығы туралы ӘРПК нормаларын, талап қоюдың түріне қарай оның нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталуын, міндетті соттан тыс рәсімдердің орындалуын және талап қоюдың негізділігі тексерілгенге дейін шешілуге жататын басқа да мәселелерді тексереді.
Дауды әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен шешу туралы мәселені анықтай отырып, соттар "2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы" 2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысын ескеруі тиіс.
Процеске қатысушылар талап қоюдың жарамдылығын даулаған жағдайда соттың талап қоюдың жарамдылығы туралы мәліметтерді баяндауы шешімнің сипаттау бөлігінде жүзеге асырылады.
7. Сот актілері шешім нысанында істі мәні бойынша қараған кезде шығарылады. Шешімнің қарар бөлігіне мәні бойынша қаралмаған талап қою талаптарының сол бөлігі бойынша сот қорытындыларын енгізуге жол берілмейді. Осы талаптар бойынша соттың қорытындылары шешімнен бөлек ұйғарым нысанындағы сот актісінде жазылуға тиіс.
ӘРПК-нің 152-бабының үшінші бөлігіне сәйкес соттың шешімін түсіндіру туралы мәселені қоспағанда, сот шешімінің кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінің мазмұны, сондай-ақ олардағы анық қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, қосымша шешім шығару тәртібі АПК-нің талаптарына сәйкес айқындалады.
Көрсетілген норманы ескере отырып, кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінің мазмұны АПК-нің 226-бабында көзделген талаптарға жауап беруге тиіс.
8. Кіріспе бөлікті жасаған кезде АПК-нің 226-бабының үшінші бөлігін басшылыққа алу қажет.
Жеке тұлғаның жеке басы "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 73-V Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде куәландырылады.
Жеке тұлғаның дербес деректері - тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) жеке басын куәландыратын ресми құжаттағы жазбаға сәйкес көрсетілуі қажет.
Іс бойынша іс жүргізу орыс тілінде жүзеге асырылған жағдайларда, ал адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттарда мемлекеттік тілде көрсетілсе, шешімде адамның дербес деректері септік жалғауларынсыз, жеке басын куәландыратын ресми құжаттағы жазбаға дәл сәйкестікте көрсетілуі тиіс.
Сот шешімінде шетелдік тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген транскрипцияда көрсетіледі және дұрыс айтылу мақсатында транслитерация қағидаларына сәйкес сот ісін жүргізу тілінде көрсетілуі мүмкін.
Егер тарап заңды тұлға болып табылса, онда оның атауын ұйымдық-құқықтық нысанын толық көрсете отырып, мемлекеттік тіркеу туралы құжаттарға сәйкес көрсеткен жөн.
Шетелдік заңды тұлғаның атауы оны мемлекеттік тіркеу туралы құжаттарға және олардың сот ісін жүргізу тіліне аудармасына сәйкес көрсетіледі, ал дұрыс айтылу мақсатында транслитерация қағидаларына сәйкес сот ісін жүргізу тілінде көрсетілуі мүмкін. Мысалы, "London Great Britain Europe B. V." (Лондон Грейт Бритэйн Юроп Би.Ви.) жауапкершілігі шектеулі жекеше компания.
Талап қоюшы бірнеше талапты мәлімдеген кезде олардың әрқайсысы нөмірленуі тиіс. Шешімде, қарар бөлігін қоспағанда, мәлімделген талаптардың толық мәтінін келтірмеуге, ал талаптың нөмірін - № 1 талап, № 2 талап және т.б. деп көрсетуге жол беріледі.
Шешімнің кіріспе бөлігінде әкімшілік процеске қатысушылар және сот шешімі шығарылған сот отырысына қатысқан олардың өкілдері туралы мәліметтер баяндалуға тиіс. Сот шешімінің сипаттау бөлігінде істі тыңдау туралы тиісінше хабардар етілген адамдар, олардың келмеу себептерін құрметтемеушілік деп тану туралы мәліметтер және істі олар болмаған кезде қарау туралы сот қорытындылары баяндалуға жатады.
9. Сипаттау бөлігінде АПК-нің 226-бабы төртінші бөлігінің талаптарынан бөлек, дау туындағанға дейінгі және іске тікелей қатысы бар даусыз фактілер қысқа нысанда жазылады. Бұл ретте талап қоюды және талап қоюға пікірді толық көрсетуге және көшіруге жол берілмейді.
Соттар шешімнің сипаттау бөлігінде әкімшілік процеске қатысушылардың дәлелдерін және олар негіздейтін дәлелдемелерді көрсетуі керек.
ӘРПК-нің 129-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдер барысында тиісті бұзушылықтар фактісі және оларға жол берген адамдардың кінәсінің дәлелдемесі ретінде пайдаланылуы мүмкін жағдайларды қоспағанда, жауапкердің әкімшілік актіде атамаған дәлелдері сот шешімінің негізіне алынбайды. Мұндай дәлелдерді әкімшілік актінің немесе әкімшілік органның әрекеттерінің заңдылығын негіздеу үшін пайдалануға болмайды.
10. Мәлімделген талаптардың мазмұны, оның ішінде, егер талап қоюшы талап қоюдың негіздерін немесе нысанасын өзгертсе, талап қою талаптарын азайтса немесе ұлғайтса, шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетілуі тиіс.
Талап қою нысанасы талап қоюшының нақты талаптарына негізделеді және талап қоюшының жария құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзудың немесе бұзу қаупінің мәнін көрсете отырып, материалдық-құқықтық талап ретінде айқындалады.
Талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайту немесе азайту талап қою нысанасын өзгерту ретінде қарастырылмайды, өйткені мәселе талаптың көлемін нақтылау туралы болып отыр.
Талап қоюдың негізі деп талап қоюшы көрсеткен, талап қоюдың нысанасы болып табылатын материалдық-құқықтық қатынастың туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын белгілейтін заңды фактілерді түсінген жөн.
ӘРПК-нің 116-бабына сәйкес талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен және оған қоса берілген немесе кейін ұсынылған құжаттармен байланысты болмайды. Сот талап қою талаптарының шегінен шығуға және өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын өзгертуге құқылы емес.
ӘРПК-нің 16-бабында көзделген соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыра отырып, негіздер болған кезде сот талап қоюшыға талап қою талаптарын түзетуге жәрдемдесуге міндетті.
11. Соттар әкімшілік істі қарау кезінде тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкерге ауыстыру рәсімінің ерекшеліктерін ескеруі керек.
Әкімшілік істі мәні бойынша қарау мен шешу басталғанға дейін жауапкерді ауыстыруға жол беріледі, бұл әкімшілік істі қараудың кез келген сатысында тиісті емес жауапкерді ауыстыру мүмкіндігін білдіреді.
Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, талап қоюшыны шақыруға, тиісті емес жауапкерге талап қоюды берудің салдарларын түсіндіруге міндетті және тек талап қоюшының келісімімен тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға жол береді. Талап қоюшының жауапкерді ауыстыруға келісімі жазбаша нысанда баяндалуға не сот отырысының аудио-бейне тіркеумен расталған сот отырысының хаттамасында көрсетіле отырып, ауызша білдірілуге тиіс.
Тиісті емес жауапкер ауыстырылғаннан кейін сот отырысында әкімшілік істі алдын ала тыңдау және қарау басынан бастап жүргізіледі, осыған байланысты сот жауапкердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру туралы ӘРПК-нің барлық талаптарын орындауы, жауапкердің талап қоюға жазбаша пікір беруі және әкімшілік іс жүргізуге қатысушының өзге де құқықтарын іске асыруы үшін мүмкіндікті қамтамасыз етуі тиіс. Егер талап қоюшы жауапкерді басқа адаммен ауыстыруға келіспесе, сот талап қоюшының келісімінсіз бұл тұлғаны екінші жауапкер ретінде тарта алады. Талап қоюшының келісімінсіз тұлғаны екінші жауапкер ретінде тарту соттың міндеті емес, құқығы екенін ескеру қажет.
Осыған ұқсас түрде бірнеше жауапкердің қатысу қажеттілігі туралы мәселе шешіледі. Сот талап қоюшыға жауапкер ретінде өзге тұлғаларды тарту құқығын түсіндіреді, аталған әрекеттерді жасамаудың салдарын түсіндіреді және талап қоюшының келісімі болмаған кезде өзге жауапкерлерді тарту туралы мәселені шешеді.
12. Шешімнің сипаттау бөлігінде жауапкердің қарсылықтары және әкімшілік процестің басқа қатысушыларының түсініктері келтірілуі тиіс.
Әкімшілік процеске қатысушылардың және іске қатысатын өзге де тұлғалардың түсініктері шешiмде үшiншi жақтан келтiрiлiп, қысқаша, даудың мәні бойынша жазылады.
Уақыт бөлінісін дәл көрсете отырып, аудио -, бейнежазбаға, томның нөмірін, іс парағын көрсету арқылы әкімшілік іс материалдарына бір мезгілде сілтеме жасауға жол беріледі.
Шешімнің сипаттау бөлігінде, сондай-ақ сот шешім шығару кезінде (шешімді дереу орындауға жіберу туралы және басқалар), талап қоюшының дауды шешудің сотқа дейінгі тәртібін (ол болған кезде) сақтауы, жоғары тұрған орган қабылдаған шешімнің қысқаша мазмұны және оны қабылдаған лауазымды адам туралы мәліметтер; егер сотқа дейінгі тәртіпті сақтау талап етілмесе, осы құжатқа қол қойған лауазымды тұлға туралы мәліметтер көрсетілген жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының уәжді ұстанымның қысқаша мазмұны жазылады.
13. ӘРПК-нің 136-бабы талап қою түріне, талап қою нысанасына және оларды санамалау тәртібіне байланысты талап қоюды беру мерзімін көздейді.
Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін сот әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін алдын ала тыңдауда анықтайды.
Талап қоюды беруге арналған мерзімінің сақталуын дәлелдеу және талап қоюды беру мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептерінің бар-жоғына дәлелдер ұсыну міндеті талап қоюшыға жүктеледі.
Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін, бұл туралы сот шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетуге міндетті.
Сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Егер бірінші сатыдағы сот шешім шығарып, бірақ талап қоюды беру мерзімін қалпына келтіру туралы мәселені қарамаған жағдайда, апелляциялық саты осы мәселені талқылай алмайды және апелляциялық шағымды мәні бойынша қарайды.
Егер талап қоюшының тарапы талап қоюды қайтарып алуына байланысты ол бұрын қайтарылған болса, онда бірінші сатыдағы сот кейіннен талап қоюды сот ісін жүргізуге қабылдаған кезде, егер бұрын келіп түскен талап қою бойынша оны қайтару кезінде сот мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешкен жағдайда да мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бағалауға және қарауға тиіс
Кассациялық сатының сот актілерінің күшін жойғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жаңадан қараған кезде талап қоюды беру мерзімін қалпына келтіру мәселесін зерттемейді.
14. Шешімнің уәждеу бөлігінің мазмұны ӘРПК-нің 152-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Шешімнің уәждеу бөлігінде істің сот белгілеген нақты мән-жайлары, олардың іс бойынша қолданылатын құқық нормаларымен арақатынасы, даудың мәні бойынша соттың құқықтық ұстанымы және сот процесінің аудио-, бейнежазбасында уақыт аралығы нақты көрсетіле отырып және/немесе әкімшілік іс томының нөмірі, парағы көрсетіле отырып соттың қорытындылары, сондай-ақ сот сол немесе өзге де дәлелдемелерді қабылдамайтын дәлелдер негізделген дәлелдемелер көрсетіледі.
ӘРПК-нің 155-бабына сәйкес ұсынылған дәлелдемелерді бағалау соттың іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын анықтауына және олардың қайсысы белгіленгені, қайсысы белгіленбегені жөнінде түйін жасауына мүмкіндік береді.
Шешімде тараптар ұсынған дәлелдер мен дәлелдемелерді біржақты баяндауға жол берілмейді. Сот қандай негіздер бойынша тараптардың дәлелдері, ұсынылған дәлелдемелер қабылданбағанын және тараптар сілтеме жасалған материалдық құқық нормалары қолданылмағанын көрсетуге міндетті.
Егер әкімшілік істе бірнеше талаптар қойылса, онда сот барлық талаптар бойынша шешім шығарады және шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетілген тараптардың әрбір дәлелі бойынша негіздеме береді.
15. ӘРПК-нің 128-бабына сәйкес дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде алынбайтын нақты деректерді, дәлелдеу нысанасы мен дәлелдемелердің дереккөздерін құқықтық реттеу, сондай-ақ дәлелдемелерді (дәлелдеуді) жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану тәртібі және дәлелдемелер мен дәлелдеу туралы басқа да ережелер ӘРПК-де белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, АПК-нің нормаларында айқындалады.
Сот әкімшілік істі қарау кезінде талап қою түріне байланысты дәлелдеу ауыртпалығын бөлуді және дәлелдеу ауыртпалығын бөлу қағидаларынан ауытқу мүмкіндігін, сондай-ақ ӘРПК-нің 130-бабында көзделген дәлелдеудің өзге де ерекшеліктерін ескеруге міндетті.
Шешім істің мән-жайлары туралы болжамдарға негізделуі мүмкін емес. Сот шешімде мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды қоспағанда, өзі жазбаша немесе ауызша талқылауда зерттеген дәлелдемелерге ғана сілтеме жасауға құқылы.
Егер іс бойынша дәлелдемелерде мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтер болған жағдайда, олар ӘРПК-нің 75-бабы үшінші бөлігінің, 130-бабы алтыншы бөлігінің талаптарын ескере отырып, жабық сот отырысында зерттеледі.
Сот шешімнің уәждеу бөлігінде мұндай дәлелдемелердің мазмұнын ашпайды, тек іс бойынша белгіленген мән-жайларды ескере отырып, оларды бағалауды келтіреді.
Сот отырысына техникалық байланыс құралдарын (онлайн) пайдалану арқылы қатысу әкімшілік процеске қатысушының құжаттардың түпнұсқаларымен, жазбаша және заттай дәлелдемелермен жеке танысу туралы өтінішхат білдірген жағдайларды қоспағанда, іс бойынша дәлелдемелерді зерттеуге қатысқанын білдіреді.
Сот талап қоюшының дәлелдерімен келіспеген немесе ол ұсынған дәлелдемені қабылдамаған кезде, шағымды сотқа дейінгі қарау нәтижелері бойынша шешімге, егер онда жазылған негіздерді түпкілікті деп есептесе ғана сілтеме жасауға құқылы.
16. Сот дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдемдесу мақсатында консультациялар (түсініктер) беру және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға көмек көрсету үшін іске маманды тарта алады.
Әкімшілік істің нәтижесіне мүдделі емес, тиісті салада арнаулы бiлiмi бар және (немесе) дағдылары, оның ішінде заңнамада көзделген құқықтың жекелеген салаларында (монополияға қарсы, жер, салық, кеден және басқалары) дағдылары бар кәмелетке толған адам маман бола алады.
Сот өз бастамасы бойынша немесе арнаулы білімі және (немесе) дағдылары бар нақты адамды маман ретінде тарту туралы өтіне алатын әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша мамандарды тартуға құқылы.
Маманды тарту туралы соттың ұйғарымы орындау үшін тиісті бейіндегі мамандары бар сараптамалық немесе өзге де ұйымға жіберілуі мүмкін.
Мысалы, инвестициялық дауларды қараған кезде сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық кеңес мамандарының қорытындысын сұратуға құқылы (АПК-нің 77-бабының сегізінші бөлігі).
Барлық туындаған мәселелер бойынша маманның қорытындысы сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынылуға тиіс және істе бар дәлелдемелерді жиынтығында бағалауға жатады.
Іс бойынша қорытынды беру үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әкімшілік процеске қатысуы АПК-нің 56-бабында белгіленген қағидалар мен жағдайларда жүзеге асырылады.
17. Сот шешім шығару үшін кеткенге дейін жауапкер жазбаша арыз беру арқылы талап қоюды толық немесе бір бөлігінде тануға құқылы.
Жауапкердің талап қоюды тануы қабылданғанға дейін сот тараптарға процестік салдарларын түсіндіреді. Егер бұл әрекеттер заңға қайшы келмесе және біреудің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзбаса, сот жауапкердің талап қоюды тануын қабылдайды.
Жауапкердің талап қоюды тануы сотты дәлелдемелерді зерттеу міндетінен босатады, сондықтан шешімнің уәждеу бөлігінде жауапкердің талап қоюды тануы және оны соттың қабылдауы ғана көрсетілуі мүмкін.
Талап қою ішінара танылған жағдайда дәлелдемелерді зерттеу жауапкер талап қоюды танымаған бөлігінде ғана жүргізіледі және даудың мәні бойынша шешім шығарылған кезде шешіледі.
18. Егер сот дәлелдемелердің әрқайсысын жеке және олардың жиынтығында бағалай отырып, кейбір ұсынылған материалдар, куәлардың айғақтары, басқа да нақты деректер тараптардың өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды растамайтынын анықтаса, онда ол шешімнің уәждеу бөлігінде бұл туралы қорытындыларды негіздеуге міндетті.
Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарлары ӘРПК-нің 129-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес осы фактіні дәлелдеу ауыртпалығын көтеретін тарапқа жүктеледі.
Сот отырысында дауды дұрыс шешу үшін маңызы бap дәлелдемені тараптың өзінде ұстап қалуы және соттың сұратуы бойынша бермеу фактісі анықталған кезде сот шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде дәлелдемелер жиынтығының негiзінде АПК-нің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген талаптарды ескере отырып, осы дәлелдемеде қамтылған мәлiметтердi бағалайды.
Мысалы, сот тұрғын үй алу кезектілігін сақтау туралы әкімшілік актіні қабылдауға мәжбүрлеу туралы талап қоюды қарау барысында жауапкер журналдың жоғалуына байланысты кіріс хат-хабарларды тіркеу журналына қол жеткізуге рұқсат беруден бас тартқан. Алайда, жауапкер оның жоғалғанын немесе сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылғанын куәландыратын дәлелдерді ұсынбаған. Сонымен қатар, ӘРПК-нің 69-бабының төртінші бөлігінің талаптары мемлекеттік органдар басшыларының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарымен жұмысты ұйымдастыруға, іс жүргізудің жай-күйіне дербес жауаптылықты белгілейді. Құжаттағы мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталғандықтан, тарап оны таныған болып саналады.
19. ӘРПК-нің 116-бабының екінші бөлігіне сәйкес дауды шеше отырып, сот әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің (әрекетсіздіктің) мөлшерлестігін, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден аспағанын және оның осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкестігін (мөлшерлестігін) тексеруге міндетті.
Соттар дау айтылатын әкімшілік актіде көрсетілген және оны қабылдауға негіз болған мән-жайлардың дәлелденбеуі, оның ішінде, егер сот осындай әкімшілік актіні қабылдау үшін өзге де негіздерді анықтайтын болса, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға әкеп соқпайтынын есте ұстаған жөн.
ӘРПК-нің 157-бабы екінші бөлігіне сәйкес сот әкімшілік қалау шегінде және заңмен берілген құзыретке сәйкес қабылданған дау айтылатын әкімшілік актінің орындылығын тексеруді жүзеге асырмайды. Бұл орындылық мәселелері әкімшілік органның құзыретінде қалатынын білдіреді, бұл мөлшерлестік емес жағдайларды қоспағанда, соттың әкімшілік қалау саласына араласуын шектейді.
20. Шешiмнiң қарар бөлiгi уәждеу бөлiгiнде белгiленген нақты мән-жайлардан туындайтын талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тарту туралы соттың қорытындысы болуға тиiс.
Шешiмдi орындау кезiнде айқынсыздықтар мен даулардың болмауы үшiн шешiмнiң қарар бөлiгiн сот анық және түсiнiктi болатындай етiп жазуға мiндеттi.
Шешiм талап қоюшы мәлiмдеген барлық талаптар бойынша қабылданады.
Талап қоюшы талапты берген немесе бiр iс жүргізуге бiрнеше талапты біріктірген жағдайда, шешiмнiң қарар бөлiгiнде әрбiр талап бойынша сот нақты не шешкені, кiм, қандай нақты әрекеттердi және кiмнiң пайдасына жасауы тиіс екені, қай тарап даулы құқықты мойындағаны қорытындыланып көрсетiлуге тиiс.
Сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен мiндеттерi туралы мәселенi шешуге құқылы емес.
Сондай-ақ заңда көрсетiлген басқа да мәселелер шешiлуге, атап айтқанда: сот шығыстары бөлінуі, сот шешiмiне шағымдану тәртiбi мен мерзiмi, шешiмді орындауға жіберу мерзiмi және оның қамтамасыз етілуі мен орындалуы бойынша қабылданған шаралар көрсетілуі тиiс.
Шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің сот шешімін орындауға және оның орындалғаны туралы сотқа жазбаша хабарлауға міндетті мерзімі, сондай-ақ оны орындамаудың құқықтық салдары көрсетіледі. Сот шешімінің орындалу мерзімі туралы мәліметтер күнтізбелік күнмен айқындалуы мүмкін, мысалы: "2025 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде" не мерзім өтуінің басталуын көрсете отырып, күндермен, айлармен есептелуі мүмкін. Мысалы, "шешім заңды күшіне енген күнінен бастап 30 күн ішінде".
Талап қоюды қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы шешiм шығару кезiнде талап қоюларын қанағаттандырудан бас тартылғаны жөнінде талаптар келтірілген талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған талап қоюшы туралы, талап қою берілген жауапкер туралы мәліметтерді көрсеткен жөн.
21. Соттың дау айту туралы талап қою жөніндегі шешімі ӘРПК-нің 84, 132, 155 және 156-баптарының ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
Соттар ұғымы ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында берілген ауыртпалық салатын әкімшілік актіге талап қоюшы дау айтуы мүмкін екенін назарда ұстауы тиіс.
Сот дау айту туралы талап қоюды қанағаттандырған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңдық салдары туралы шешім қабылдауға міндетті.
Егер сот ауыртпалық салатын әкiмшiлiк актiнi заңсыз деп таныса, толық немесе қандай да бiр бөлiгiнде оның күшiн жояды. Бұл ретте әкімшілік акт қабылданған сәтінен бастап, сондай-ақ ол заңсыз деп танылған сәттен бастап жарамсыз деп танылуы мүмкін.
ӘРПК-нің 156-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік актіні орындау оған дау айтуға кедергі келтірмейді. Сот мұндай әкімшілік актіні заңсыз деп тануға, жауапкерді орындаудың күшін жоюға мәжбүрлеуге және талап қоюшыны бастапқы жағдайына қайтару бойынша әрекеттер жасауды талап етуге құқылы. Бұл жағдайда жауапкер сот шешімін тиісті түрде орындауы қажет, әкімшілік актінің барлық салдары жойылады және құқықтық қатынастардың бұрынғы жағдайы қалпына келтіріледі.
22. Сот мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша ӘРПК-нің 133, 155 және 157-баптарын басшылыққа ала отырып, шешім қабылдайды.
Талап қоюшы жауапкерге қолайлы әкімшілік актіні қабылдау міндетін жүктеу туралы талапты, егер оған қолайлы әкімшілік актіні қабылдаудан заңсыз бас тартылған не жауапкердің құқыққа қарсы әрекетсіздігі себебінен ол қабылданбаған болса мәлімдей алады.
Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді.
Сот мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша жауапкердің қолайлы әкімшілік актіні қабылдаудан бас тартуының заңдылығын тексереді және негіздер болған кезде мұндай бас тартуды заңсыз деп таниды.
Егер әкімшілік актіні шығарудан бас тарту не жауапкердің әрекетсіздігі заңға қайшы келсе немесе талап қоюшының құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болса, сот шешімнің қарар бөлігінде жауапкерге әкімшілік актіні қабылдау міндетін жүктейді.
Сот шешімнің қарар бөлігінде қолайлы әкімшілік актінің мазмұны мен оны қабылдау мерзімін, сондай-ақ орындылығы мәселелерін шешуді қоспағанда, әкімшілік іс үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайларды айқындауы мүмкін. Мұндай шешім әкімшілік акт қабылданғанға дейін оны алмастырады.
Егер қолайлы әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылса, онда сот шешімімен жауапкерге әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, талап қоюшының пайдасына әкімшілік актіні қабылдау міндеті жүктелуі мүмкін.
Сот талап қоюшының талап етуі бойынша жауапкерге ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндетін де жүктей алады.
23. Соттар әрекет жасау туралы талап қою бойынша шешім қабылдау кезінде ӘРПК-нің 134, 155 және 158-баптарының ережелерін басшылыққа алғаны жөн.
Талап қоюшы жауапкерге әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған белгілі бір әрекеттерді жасау немесе осындай әрекеттерден қалыс қалу, сондай-ақ әкімшілік органның нақты әрекетін құқыққа қайшы деп тану міндетін жүктеуді талап ете алады.
Сот шешімнің қарар бөлігінде әрекет жасау туралы талап қоюды қанағаттандырған кезде жауапкерге әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес нақты әрекеттер жасау міндетін жүктейді және олардың орындалу мерзімін белгілейді. Мысалы, егер талап қоюшы сұратқан құжаттар жалпыға бірдей қолжетімді сипатта болса, ал сот "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес ақпаратты алу және оған қол жеткізу құқықтарын шектеу үшін заңды негіздер жоқ деп анықтаса, онда мұндай жағдайда сот жауапкерді талап қоюшыға тиісті құжаттардың куәландырылған көшірмелерін беруге, құжаттарды ұсыну нысанын, тәртібі мен мерзімін белгілеуге міндеттеуге құқылы.
Сот әрекеттерге тыйым салу туралы талап қоюды қанағаттандыра отырып, шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес қандай нақты әрекеттерді кейіннен жасауына тыйым салынатынын немесе оның өкілеттігіне кіретін қандай нақты әрекеттерден қалыс қалуға тиіс екенін көрсетуге тиіс. Әдетте, осындай талаптың мақсаты жалғасып жатқан бұзушылықты тоқтату немесе әкімшілік әрекет болашақта орын алуы мүмкін, ал талап қоюшы оның жолын кесуді талап ететін жағдайлар болып табылады. Оларға жоспарлы және жоспардан тыс эмиссия жағдайларын, лауазымды тұлғалардың бұқаралық ақпарат құралдарында шындыққа жанаспайтын ақпаратты, баспасөз парақтарын мәлімдеуін жатқызуға болады.
24. ӘРПК-нің 135-бабының ережелеріне сәйкес жария-құқықтық сипаттағы қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тану туралы талап қою субсидиарлық болып табылады және ӘРПК-нің 132, 133 және 134-баптарында көзделген талап қоюлардың басқа түрлерінің ешқайсысы берілуі мүмкін болмаған жағдайда беріледі.
Бұл ретте талап қоюшы қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын растайтын фактілердің болуын ғана емес, сонымен қатар өзінің құқықтық, материалдық немесе моральдық мүддесін негіздеуге тиіс.
Мысалы, талап қоюшының құқықтық мүдделілігі белгілі бір қызметті жүзеге асыру үшін оған рұқсат (лицензия) алу талап етілетін-етілмейтінін анықтаудан тұруы мүмкін.
Талап қоюшының материалдық мүдделілігі әкімшілік актімен себеп-салдарлық байланыста тұрған залалдардың өтемін алу ниетімен байланысты болуы мүмкін.
Моральдық сипаттағы мүдде талап қоюшының бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қалпына келтіру, моральдық зиян өтемақысын алу және т.б. ниетіне негізделуі мүмкін.
ӘРПК-нің 159-бабының екінші және үшінші бөліктеріне сәйкес, егер бұл бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін қажет болса, не егер оның күші жойылса немесе қолданысы өзге тәсілмен, оның ішінде қандай да бір бөлігінде күшін жойса, талап қоюшы заңдық күші жоқ ауыртпалық салатын әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап ете алады.
Тану туралы талап қою бойынша қабылданған сот шешімі әкімшілік актінің орындалуының күшін жоймайды және талап қоюшыны бастапқы жағдайына келтірмейді, ол талап қоюға мүдделілік негізделген болашақ құқықтық қатынастар туындауы үшін алғышарттар жасайды.
Сондай-ақ сот талап қоюшының талабы бойынша шешімнің қарар бөлігінде ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні толық немесе бір бөлігінде заңсыз деп тануға, ал уәжді бөлігінде оның күшін жоюына немесе оның қолданылуын өзге тәсілмен жоғалтуына байланысты әкімшілік актінің немесе оның бір бөлігінің күшін жою қажеттігінің жоқтығы туралы көрсетуге құқылы.
25. ӘРПК-нің 160-бабында талап қоюшының ӘРПК-нің 132, 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген талап қоюлармен бір мезгілде осы талаптармен себеп-салдарлық байланыста болған залалдарды өтеу туралы талапты ұсыну құқығы көзделген.
Өтеуге жататын залалды айқындау кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының ережелерін басшылыққа алу қажет.
ӘРПК-нің 129-бабының бірінші бөлігіне сәйкес келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеу ауыртпалығы берілген талап қою түріне қарамастан талап қоюшыға жүктеледі.
Залалды өтеу туралы талап қанағаттандырылған жағдайда сот оның мөлшерін айқындайды және шешімнің қарар бөлігінде өндіріп алынатын соманың мөлшерін цифрлармен және сөздермен Қазақстан Республикасының ақша бірлігінде теңгемен көрсетеді.
Соттар моральдық зиянды өтеу туралы талап ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде қайтарылуға жататынын назарға алғаны жөн, өйткені ӘРПК-нің 107-бабының төртінші бөлігіне сәйкес олар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
26. АППК-нің 25 және 26-тарауларында сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы және азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқығын бұзатын жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері белгіленген.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі № 2464 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 20-бабының 9-тармағында көрсетілген мерзімдер (шешім қабылданған немесе әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күн) өткеннен кейін сайлау комиссиясының шешіміне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген арыз қарауға жатпайтыны көзделген.
Бұл мерзімдер қалпына келтіруге жатпайды және түпкілікті болып табылады, ал оларды өткізіп алу ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
"Республикалық референдум туралы" 1995 жылғы 2 қарашадағы № 2592 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмегендіктен, көрсетілген мерзімдерді өткізіп алу да референдум комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне дау айту туралы талап қоюларды қайтаруға әкеп соғады.
Істердің осы санаты бойынша қараудың және апелляциялық шағым берудің қысқартылған мерзімдері көзделген.
27. ӘРПК-нің 122-бабына сәйкес сот шығыстарын бөлу мәселелері АПК қағидалары бойынша қаралады.
Мемлекеттік баж мөлшерін айқындау кезінде сот "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы кодексінің нормаларын, ал сот шығыстарын бөлу мәселелері бойынша ӘРПК-де және АПК-де реттелмеген бөлігінде "Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы" 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысын басшылыққа алуға тиіс.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 5), 6), 12), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қою қайтарылған жағдайларда сот шығыстары өтелмейді.
Егер талап қою әкімшілік процеске қатысушыларды шақырмай, алдын ала тыңдау басталғанға дейін келіп түскен талап қоюшының арызы бойынша қайтарылса, онда мемлекеттік баж ӘРПК-нің 142-бабының екінші бөлігіне сәйкес қайтарылуға жатады.
28. Шешім қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья оның қарар бөлігін жариялайды. Шешімнің жарияланған қарар бөлігіне судья қол қоюы және ол іске қоса тіркелуі тиіс.
Шешімнің қарар бөлігін жария ете отырып, төрағалық етуші оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын, шешімге шағымданудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысанда әзірлеу күні және әкімшілік іске қатысатын адамдар оның көшірмесін қашан алуы мүмкін екендігі туралы хабарлайды.
Шешім қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын түсіндіре отырып, судья тараптардан сот актісінің мазмұны оларға түсінікті-түсініксіз екенін анықтайды және нақтылайтын сұрақтар қоюға мүмкіндік береді, бұл туралы сот отырысының хаттамасында тиісті белгі қойылады.
Заңда белгіленген жазбаша нысанда дайындалмаған және судья қол қоймаған ауызша қорытындылардың жария етілуі сот шешімі болып табылмайды.
ӘРПК-нің 151-бабының екінші бөлігіне сәйкес шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігін (даудың санаты, талап қою түрі және басқа да мән-жайлар) ескере отырып, соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады.
Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша шешім дайындау күні соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылған күнге сәйкес келуі тиіс.
Сот ӘРПК-нің 18-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сот актілерін түпкілікті дайын болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде, оларды алғандығын тіркеп-бекітуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, әкімшілік процестің тараптарына жібереді.
29. Заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот АПК-нің 270-бабына сәйкес жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қабылдаған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Жеке ұйғарымның уәждеу бөлігінде сот жіберілген заң бұзушылықтар туралы қорытындыға келген, жол берілген бұзушылықтардың мәні ашылған, талаптары бұзылған нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ әрекеттері (әрекетсіздігі) заңдылықты бұзуға әкеп соққан адамдар көрсетілген дәлелдер жазылуға тиіс.
Жеке ұйғарым бойынша тиісті шаралар қолданбау немесе ол бойынша қабылданған шаралар туралы хабарламау ӘРПК-де көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға және заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану тиісті тұлғаларды жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлау міндетінен, сондай-ақ заңда көзделген жауаптылықтан босатпайды.
Заңда белгіленген мерзімде ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарым орындалмаған кезде сот ӘРПК-нің 127-бабының тоғызыншы бөлігіне сәйкес қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Егер бірінші сатыдағы сот жеке ұйғарымды оны шығару үшін негіздердің болуына және жеткіліктілігіне қарамастан шығармаса, жоғары тұрған сот сатысы сот актісінің заңдылығын тексере отырып, жоғарыда көрсетілген тәртіппен жеке ұйғарым шығаруға құқылы.
30. ӘРПК-нің 171-бабына сәйкес соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша сот шешімін, сот белгілеген өзге де мерзімдерді қоспағанда, ол заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Әкімшілік іс бойынша атқару парағы ақшалай соманы (залалды) өндіріп алу туралы шешімдер бойынша жазылып берілуге тиіс.
Шешім дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, ол заңды күшіне енгеннен кейін орындалады.
ӘРПК-нің 173-бабына сәйкес сот әкімшілік процеске қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы.
Соттың шешімді дереу орындауға жіберу қажеттігі туралы қорытындылары шешімнің уәждеу бөлігінде ерекше мән-жайлардың болуы туралы дәйекті және жеткілікті деректермен негізделуге тиіс, соның салдарынан неғұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқықтарына елеулі зиян келтіруі не оны орындауды қиындатуы немесе мүмкін етпеуі ықтимал. Бұл ретте әкімшілік процеске басқа қатысушылардың құқықтары мен жария мүдделері де ескерілуге тиіс.
Шешімді дереу орындауға жіберу туралы оның қарар бөлігінде көрсетіледі.
Әкімшілік процеске қатысушының шешімді дереу орындау туралы өтінішхат АПК-нің 244-бабының қағидалары бойынша шешім шығарылғаннан кейін де қаралуы мүмкін.
Әкімшілік процеске қатысушының дереу орындауға жіберілген шешімнің орындалуын тоқтата тұру туралы өтінішхатын іс жүргізуінде өтінішхат келіп түскен сәтте әкімшілік іс жатқан сот (бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылар) қарайды.
31. АПК-нің 235-бабына сәйкес шешiм шығарған сот өз бастамасы немесе iске қатысып отырған тұлғалардың арызы бойынша шешiмде жiберiлген қате жазуларды немесе анық арифметикалық қателердi түзетуге құқылы. Сот түзетулердi енгiзу мәселесін шешiмнiң орындалған-орындалмағанына қарамастан, бiрақ ол мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкiн заңда белгiленген мерзім iшiнде шешуi мүмкiн.
Сот өз қалауы бойынша іске қатысушы адамдарды шақырмай шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген іске қатысушы адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.
Сот АПК-нің 236-бабында көрсетілген жағдайларда және шешімді орындаудың заңда белгіленген мерзімі шегінде істі талқылау кезінде анықталған нақты мән-жайлардың негізінде қосымша шешімді шығаруы мүмкін.
Егер сот шешiмiне апелляциялық шағым берiлсе немесе апелляциялық өтінішхат келтірілсе және қосымша шешiм шығару туралы мәселе бір уақытта қойылса, онда сот ең алдымен сот отырысында қосымша шешiм шығару туралы мәселенi шешiп, содан кейiн қосымша шешімге шағымдану мерзімі өткеннен соң iстi апелляциялық соттың қарауына жiберуге мiндеттi.
Сот қосымша шешім шығару түріндегі шешімнің мазмұнын өзгертуге не сот отырысында зерттелмеген жаңа мәселелерді шешуге құқылы емес.
32. Апелляциялық қаулының мазмұнына қойылатын талаптар ӘРПК-нің 168-бабында өзгеше көзделмегендіктен, АПК-нің 426-бабының ережелері ескеріле отырып айқындалады.
ӘРПК-нің 169-бабына және АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қысқаша нысанда қаулы шығаруды қоспағанда, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы үшін қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттардың қаулылары үшін сипаттау бөлігінде апелляциялық және кассациялық шағымдарды келісудің қысқаша мазмұны және оларды келіскен лауазымды адамдардың деректері жазылады.
АПК-нің 401-бабының екінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде аталған ережелер әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ерекшеліктерімен бірге қолданылады.
ӘРПК-де сыртқы әкімшілік рәсімдер бөлігінде "мемлекеттік орган" және "аумақтық мемлекеттік орган" ұғымдары қолданылмайды.
ӘРПК-де бекітілген "әкімшілік орган" ұғымы функционалдық қағидатқа негізделген, оған сәйкес әкімшілік орган бұл нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әкімшілік актіні қабылдау бойынша өкілеттіктер берілген орган, тұлға немесе өзге ұйым.
Әкімшілік орган ӘРПК-нің 13, 14, 15-тарауларында көзделген тәртіппен әкімшілік органның шешімдерінің күшін жоюға немесе өзгертуге өкілеттігі бар жоғары тұрған әкімшілік органның міндетті келісімімен сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын іске асырады.
АПК-нің 429-бабының мағынасы бойынша ұйғарымға жеке шағымды АПК-нің 401-бабында көрсетілген адамдар береді және апелляциялық шағымдарды қабылдау мен қарау үшін белгіленген тәртіппен қабылданып қаралады.
ӘРПК-де өзге тәртіп көзделмегенін назарға ала отырып, әкімшілік процеске қатысушы тұлға болып табылатын әкімшілік органның және мемлекеттік органның бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарына жеке шағымы да жоғары тұрған әкімшілік органмен келісуге жатады.
Жоғары тұрған органның келісімінің болу қажеттігі туралы ұқсас талаптар сот актілеріне берілетін кассациялық шағымдарға қойылады (АПК-нің 435-бабының 1-1-бөлігі).
33. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
А. Мерғалиев |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |