Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:
96-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) жеке кәсіпкерліктің дамуы мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілер мен мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің жобалары туралы;".
2. 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне:
1) 87-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында белгіленген талаптарды ескере отырып, іске асырылуы қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуге алып келуі мүмкін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;";
2) 89-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге қойылатын талаптар мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында айқындалады.".
3. "Әділет органдары туралы" 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 3-баптың 3-1) және 4) тармақшаларындағы "құқықтық насихат", "құқықтық насихатты" деген сөздер тиісінше "құқық түсіндіру жұмысы", "құқық түсіндіру жұмысын" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 15-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"15-бап. Әділет органдарының заң жобалау жұмысын жүргізу, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдардың нормашығармашылық қызметін үйлестіру саласындағы функциялары";
бірінші бөлікте:
2-3) тармақша алып тасталсын;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"5) құқықтық ақпараттандыруды, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесін жүргізуді қамтамасыз ету;";
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Әділет органдары мемлекеттік органдардың нормашығармашылық қызметін үйлестіруді және оған әдіснамалық басшылық етуді жүзеге асырады.";
3) 19-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"19-бап. Әдiлет органдарының заң көмегін ұйымдастыру және көрсету, құқық түсіндіру жұмысы салаларындағы функциялары";
1-тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Әдiлет органдары құқық түсіндіру жұмысы саласында мынадай функцияларды:
1) құқық түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестiруді, заңнамаға түсiндiрме беруге қатысуды;
2) эталондық заңнамалық актiлерге және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, ақпараттық және анықтамалық-әдiстемелiк материалдарға ашық қол жеткізуді, оның iшiнде құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесiн пайдалана отырып ұсынуды жүзеге асырады.";
4) 24-баптың 5) тармақшасындағы "56" деген цифрлар "55" деген цифрлармен ауыстырылсын.
4. "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" 2010 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 9-баптың 1) тармақшасындағы "құқықтық насихат" деген сөздер "құқық түсіндіру жұмысы" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 16-баптың 1) тармақшасындағы "құқықтық насихат" деген сөздер "құқық түсіндіру жұмысын" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 17-баптың 3-тармағының 1) тармақшасындағы "құқықтық насихатты" деген сөздер "құқық түсіндіру жұмысын" деген сөздермен ауыстырылсын.
5. "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
5-баптың 3-тармағының 1) тармақшасындағы "реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттарын," деген сөздер алып тасталсын.
6. "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 16-баптың 3-тармағының 2) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларының мәтіндерін және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау саласындағы заңнамада көзделген материалдарды;";
2) 17-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында мемлекеттік органдар жария талқылау үшін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау саласындағы заңнамада көзделген өзге де материалдарды орналастырады. Жария талқылау нәтижелері бойынша есептер де ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылады.".
7. "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
1-4) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 30-1) тармақшамен толықтырылсын:
"30-1) нормативтік құқықтық акт мәтінінің теңтүпнұсқалығы – қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық акт мәтіндерінің мағыналық мазмұнының сәйкестігі;";
2) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:
"1-1-бап. Осы Заңды реттеудің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары
1. Заңнама жүйесінің тұтастығын қамтамасыз ету және құқықтық актілер жүйесін айқындау осы Заңды реттеудің мақсаттары болып табылады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесін белгілеу;
2) нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, күшіне енгізу, қолданысқа енгізу, жариялау, олардың қолданысын тоқтата тұру және тоқтату, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртібін белгілеу;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Заңда бекітілген нормативтік құқықтық актілердің сатысын белгілеу;
4) нормативтік емес құқықтық актілер бойынша жалпы ережелерді белгілеу осы Заңды реттеудің міндеттері болып табылады.
3. Осы Заңды реттеу қағидаттары:
1) норма шығарудағы сатылық қағидаты – әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының заңнамасы жүйесіндегі өздерінің заңдық күшінің дәрежесі бойынша бағынуға қоса, бағынысты болуға тиіс;
2) ашықтық пен айқындық қағидаты – нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау процесі заңдарда тікелей көзделген жағдайлардан басқа, барлық мүдделі тарап үшін ашық және айқын болуға тиіс;
3) жоспарлау қағидаты – нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау осы жұмысты алдын ала жоспарлау арқылы жүзеге асырылуға тиіс;
4) қоғамдық бақылау қағидаты – нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жұртшылық және нысаналы топтар талқылауға тиіс;
5) қолжетімділік қағидаты – азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне және нысаналы топтардың мүдделеріне қатысты нормативтік құқықтық актілер жаңартылып отыруға және пайдалану үшін еркін қол жетімді болуға тиіс;
6) құқық нормаларын түсінікті етіп жазу қағидаты – нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері нормативтік құқықтық акт мәтінінің теңтүпнұсқалығы сақтала отырып, сілтеме және бланкеттік нормаларды, нормативтік құқықтық актіде немесе өзге де жоғары тұрған нормативтік құқықтық актіде мағынасы ашылмаған терминдерді, норманың мазмұны мен мақсатын ашпай ережелерді шамадан тыс пайдалануға жол бермейтіндей түсінікті түрде тұжырымдалуға тиіс;
7) құқықтық реттеу тиімділігі қағидаты – енгізілетін құқықтық реттеу азаматтардың және нысаналы топтардың өзекті қажеттіліктері, оның ішінде мемлекеттік қауіпсіздік мүдделері, конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, халық денсаулығы мен имандылығын қамтамасыз етуі ескеріле отырып, ұтымды және барабар болуға тиіс.";
3) 4-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасы заңнамасы жүйесінің тұтастығы:
1) нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық қатынастарға әсер ету кезіндегі олардың сатысы мен ерекшеліктері ескеріле отырып, құқық нормаларының өзара үйлесімділігі;
2) Конституцияда, осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген нормативтік құқықтық актілерді дайындау, қабылдау, қолданысқа енгізу және оларды жариялау жөніндегі рәсімдердің сақталуы арқылы қамтамасыз етіледі.";
4) 7-бапта:
2-тармақтың 1) тармақшасындағы "Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары," деген сөздер алып тасталсын;
3-тармақтың екінші бөлігіндегі "заңнамалық актілерінде" деген сөздер "заңнамасында" деген сөзбен ауыстырылсын;
5) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:
"7-1-бап. Нормативтік құқықтық актілерді жүйелеу және мемлекеттік есепке алу
1. Жүйе құраушы және кешенді сипатқа ие болатын аса маңызды әлеуметтік қатынастарды реттеу үшін нормалар кодификация және шоғырландыру нысанында жүйеленуі мүмкін.
Кодификация нысанында нормаларды жүйелеу біртекті аса маңызды қоғамдық қатынастарды тиімді реттеу мақсатында жүзеге асырылады және нормалары Қазақстан Республикасының кодексі нысанында ретке келтірілген нақты салада (аяда) қалыптасқан құқықтық қатынастардың жиынтығын білдіреді.
2. Сипаты бойынша кешенді қоғамдық қатынастарды қандай да бір салада (аяда) реттейтін нормаларды кодификациялау мүмкіндігі болмаған кезде нормалар шоғырландыру түрінде жүйеленуі және Қазақстан Республикасының заңы нысанында қабылдануы мүмкін.
3. Заңнаманы жинау, сақтау және бақыланатын жай-күйде ұстап тұру үшін нормативтік құқықтық актілердің барлығын мемлекеттік есепке алу жүргізіледі.
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйымның, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік есепке алуды жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайды.";
6) 10-баптың 2-тармағының 4) тармақшасындағы "шоғырландырылған заңдары," деген сөздер алып тасталсын;
7) 14-баптың 2-тармағының төртінші бөлігіндегі "күннен (тәуліктен)" деген сөздер "күннен кейін" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 15-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдардың, ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстары, құқықтық және қоғамдық мониторинг нәтижелері ескеріледі.";
9) 16-бап мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-тармақтармен толықтырылсын:
"7-1. Заң жобасы:
1) осы Заңның 17-1-бабының 15-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес әзірленген;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің бір жылдан кем болатын қысқа мерзімде орындау көзделген тапсырмасы негізінде әзірленген;
3) осы Заңның 21-1-бабына сәйкес оңайлатылған тәртіппен әзірлеген жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің заңнамалық бастамасы тәртібімен жоспардан тыс заң жобаларын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізуге жол беріледі.
7-2. Заңның осы бабының 7-1-тармағы 2) тармақшасының негізінде әзірленген заң жобасы үкіметтік заң жобалары үшін көзделген жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша өтеді.";
10) 17-1-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"17-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы құқығын іске асыру ерекшеліктері";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Орталық мемлекеттік орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін консультативтік құжатты жариялау және азаматтармен және нысаналы топтармен талқылау рәсімдерін қамтамасыз етуге тиіс.
Орталық мемлекеттік органдардың консультативтік құжаттар мен заң жобаларын әзірлеу және талқылау тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында айқындалады.";
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Заң жобасын әзірлеу кезінде әзірлеуші органдар міндетті түрде ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасының жобасын әзірлейді.
Ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасы әзірлеуші органның жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, халықпен жария тыңдаулар өткізуді көздеу мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару қызметінің қағидаларында көзделген жағдайларда және (немесе) заң жобасы белгілі бір аумақ тұрғындарының мүдделерін қозғайтын проблемаларды шешуге байланысты болған жағдайларда жария тыңдаулар міндетті түрде өткізіледі.";
5, 6, 6-1, 8, 12, 13 және 14-тармақтар алып тасталсын;
11-тармақтың екінші және төртінші бөліктері алып тасталсын;
11) мынадай мазмұндағы 17-2-баппен толықтырылсын:
"17-2-бап. Пилоттық жобаны жүргізу
1. Енгізілетін реттеудің нәтижесін анықтау мақсатында құқық нормасын сынамалаудан өткізу үшін пилоттық жоба енгізілуі мүмкін.
2. Егер Заңның және (немесе) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасында ұсынылатын құқық нормасы алдын ала сынамалауды өткізуді талап еткен жағдайда, осы баптың 4-тармағының талаптарын ескере отырып, сынамалаудан өткізілетін құқық нормасы осы Заңмен және (немесе) ол қамтылған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен, белгілі бір мерзімдермен, реттеу субъектілерімен және оның қолданылу аумағымен шектеледі.
Бұл ретте заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің сынамалаудан өткізілетін нормасы заңнамалық актілердің ережелеріне қайшы келмеуі тиіс.
3. Мемлекеттік орган пилоттық жоба шеңберінде сынамалаудан өткізілетін құқық нормасының қолдану практикасына талдау жүргізеді, оның барысында пилоттық жобаны жүргізуге байланысты осындай реттеуді қолдануға ықпал еткен оң және теріс салдар, әлеуметтік және өзге де факторлар, жұмсалған шығыстар мен алынған кірістер айқындалады.
Сынамалаудан өткізілетін құқық нормасының қолданылу мерзімі бойынша шектеу сынамалаудан өткізілетін құқық нормасына жүргізілген талдау нәтижелері негізінде алып тасталуы мүмкін.
Пилоттық жобаларды жүргізу тәртібі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау саласындағы заңнамамен айқындалады.
4. Кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы пилоттық жобаны жүргізу үшін мемлекеттік органдар осындай пилоттық жобаны жүргізу шарттарының заңнамалық деңгейде бекітілуін қамтамасыз етуге тиіс.
Жеке кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы пилоттық жобаға тек қана ерікті болып табылады.";
12) 18-баптың 4-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі әзірлеген Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіледі және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу саласындағы заңнамада көзделген ілеспе құжаттармен бірге ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылады.";
13) мынадай мазмұндағы 18-1-баппен толықтырылсын:
"18-1-бап. Нысаналы топтардың (реттеу субъектілерінің) пікірлерін есепке алу және олардың нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға қатысуы
1. Мемлекеттік органдарды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де нысаналы топтардың мүдделерін қозғайтын, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты заңнамалық және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау олардың пікірін ескере отырып, оның ішінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жария талқылау рәсімдерінен өту арқылы жүзеге асырылады.
2. Нысаналы топтар мен жұртшылықтың осы баптың 1-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысу тәртібі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау саласындағы заңнамамен реттеледі.";
14) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"19-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптама кеңестері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасына және оған қатысты құжаттарға сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде оларды мүдделі мемлекеттік органдар әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырғаны туралы хабардар етіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптама кеңесінің мүшелері нормативтік құқықтық актінің жобасына өздерінің сараптама қорытындыларын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады.
Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптама кеңесінің мүшелері сараптама қорытындыларын заңнамада белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің:
1) жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің ережелерін толығымен қайталайтын нормаларды қабылдауды;
2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.
4. Әзірлеуші орган Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сараптама кеңесі мүшелерінің сараптама қорытындысымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда әзірлеуші орган келіспеу себептерін негіздей отырып, ұстанымын қалыптастырады.
5. Сараптама қорытындылары Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының немесе сараптама кеңесі мүшесінің жазбаша ұстанымын білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымшалар болып табылады.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
7. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына қолданылмайды.";
15) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"20-бап. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында заң жобаларын қоғамдық кеңестермен жария талқылау тәртібі реттеледі.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің ережелерін толық қайталайтын нормаларды бекітуді, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын және оған байланысты құжаттарды жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабардар етіледі.
Қоғамдық кеңес ұсынымдарды заңнамада белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
3. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына қолданылмайды.";
16) 21-1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты күшін жойған және (немесе) Қазақстан Республикасының Конституциялық соты осы түсіндіруде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп таныған норманы қамтитын нормативтік құқықтық актіні қабылдау (әзірлеу) құзыретіне кіретін мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оңайлатылған тәртіппен әзірлеуі және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуі мүмкін.";
17) 22-баптың 2) тармақшасындағы "Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы;" деген сөздер алып тасталсын;
18) 24-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
Нормативтік құқықтық актінің мәтіні азаматтарға түсінікті тілде қысқаша баяндалуы тиіс, онда бір сөйлем отыз сөзден (шылауларды: демеуліктерді, жалғаулықтарды, көмекші сөздерді қоспағанда) аспауы тиіс.
Осы тармақтың екiншi бөлiгi құқық нормаларында қоғамдық қатынастар немесе тізбелеудің өзге де түрлерi бойынша осы құқық нормасының әрекет етуiнiң оқиғаларын, шарттарын, негiздерiн тізбелеу көзделген жағдайларға қолданылмайды.
Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi.
Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актінің мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету мақсатында оның жобасын әзірлеу кезінде әзірлеуші орган тіл саясатын дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен тиісті терминологиялық сөздіктерді пайдаланады.";
19) 25-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
"8. Тұтастай алғанда заңнамаға сілтеме жасайтын бланкеттік нормалар қоғамдық қатынастарды реттеу саласы бойынша нақтылануы тиіс.
Осы Заңмен реттелетін құқықтық қатынастар салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылықтың болуын белгілейтін бланкеттік норма қалыптасқан жағдайда, онда заңдық жауап жауаптылықтың нақты түрін көрсету қажет.";
20) 29-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
"4-1) іске асырылуы қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуге алып келуі мүмкін заң жобасына мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы;";
21) 30-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Сараптамаларды жүргізу тәртібі сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ сарапшыларды іріктеу қағидаларымен айқындалады.";
22) 33-3, 33-4 және 33-5-баптар алып тасталсын;
23) 34-бапта:
2-тармақтың 2) тармақшасындағы "шоғырландырылған заңдар және" деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақтың екінші, үшінші және төртінші бөліктері алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
"4. Үлгілік нормативтік құқықтық актілердің негізінде әзірленетін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мұндай нормативтік құқықтық актілерде құқықтың қосымша нормалары болған жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
Қалған жағдайларда тиісті құқықтық қатынастар үлгілік нормативтік құқықтық актілердің нормаларымен реттеледі.";
24) 35-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы "шоғырландырылған заңдарына," деген сөздер алып тасталсын;
25) 35-1-баптың 3-тармағының 4) тармақшасы алып тасталсын;
26) 50-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Құқықтық мониторинг қабылданған нормативтік құқықтық актілерді және оларды қолдану практикасын талдау арқылы қолданыстағы нормативтік реттеу тиімділігін бағалау, қабылданған нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлықтық құқық нормаларын анықтау және жетілдіру мақсатында жүргізіледі.
Құқықтық мониторинг нәтижелері құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде жарияланады.";
27) 51-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі нысаналы топтармен жүргізілуі мүмкін.
2. Қоғамдық мониторинг нәтижелері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне және тиісті қоғамдық қатынастар салаларында басшылық ететін өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілуі мүмкін.
Тиісті мемлекеттік орган қоғамдық мониторинг нәтижелерін міндетті түрде қарап, отыз жұмыс күні ішінде уәжді жауап беруі қажет.";
28) 52 және 53-баптар алып тасталсын;
29) 60-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
"5. Әзірлеуші орган қабылданған нормативтік құқықтық актіге тиісті түсіндірме материалдарды, оның ішінде ұсынылатын нормалардың көрнекі графикалық сипаттамасын (бизнес-процестер, схемалар, суреттер, графиктер, диаграммалар түрінде) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау кезінде орналастырады. Бұл талап азаматтармен және кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттері қозғалған жағдайларда қолданылады.".
2-бап. Өтпелі ережелер
1-баптың 7-тармағының 5), 18), 19) тармақшалары және 23) тармақшасының үшінші абзацы Қазақстан Республикасының заңнамасын көрсетілген нормаларда белгіленген талаптарға сәйкес келтіру тұрғысынан оған ревизия жүргізуді талап етпейді деп белгіленсін.
3-бап. Осы Заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 7-тармағының 18) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |