Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын және 63-бабының 1-тармағын pecми түсiндiру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 13 мамырдағы N 6 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 27 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Әбiшев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, A.K.Kотов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi - Республика Әдiлет министрi О.И. Жұмабековтың,
      Республика Парламентi Сенатының және Мәжiлiсiнiң депутаттары Л.Н.Бурлаков пен Ж.Н.Әбдиевтiң,
      Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың қатысуымен,
      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының7-тармағын және 63-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
      Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестiң мүшесi Х.Ә.Әбiшевтi, отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап шығып,  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
       анықтады :
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 7-тармағын және 63-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi, мұнда ол мынадай сұрақтарға жауап берiлуiн көздеудi сұрайды:
      1) депутаттар тұтас алғанда қабылдамай тастамағанымен, өзiнiң жекелеген ережелерiнде оларға Үкiмет келiспеген тұжырымдамалық өзгерiстерге ұшыраған заң жобасын қабылданбады деп санауға бола ма;
      2) Үкiмет енгiзген кез келген заң жобасын Парламент қабылдамаған жағдайда Премьер-Министр Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоя ала ма немесе олар бойынша шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданатын заң жобаларына қатысты ғана ол осылай ете ала ма;
      3) Премьер-Министр Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселенi заң шығару процесiнiң қандай кезеңiнде қоюға құқылы;
      4) Парламент пен мемлекеттiк билiктiң басқа тармақтары арасындағы еңсерiлмес келiспеушiлiк деп ненi түсiнуге болады? Парламент Мәжiлiсi Үкiмет бастамашылық жасаған кейбiр ережелерге тұжырымдамалық өзгерiстер енгiзген және осы тұжырымдамалық өзгерiстерге Үкiметтiң келiспеуiне қарамастан, өз депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен оны Парламент Сенатына берiп, заң жобасын мақұлдаған ахуалды Парламент пен Үкiметтiң арасындағы еңсерiлмес келiспеушiлiк ретiнде қарауға бола ма?
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасы Конституциясының  61-бабы 7-тармағын және   63-бабы 1-тармағының нормаларын өтiнiште қойылған сұрақтарға қатысты қолданыста түсiндiрген кезде, мынаны ескердi.

      1. Республикадағы заң шығару процесi заң жобаларына бастамашылық жасау сатысынан басталады. Заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттарына, Республика Үкiметiне берiледi және Парламент қарауға мiндеттi заң немесе заң aктici жобасының мәтiнiн ресми енгiзу жолымен тек қана Мәжiлiсте жүзеге асырылады.
      Заң шығару процесi, сондай-ақ Парламенттiң, оның Палаталары мен депутаттарының, конституциялық нормалармен реттелетiн, заң шығарушылық функцияларын жүзеге асыру жөнiндегi мәртебесi мен өкiлеттiгi Мәжiлiске де, Сенатқа да заң жобасын қарау барысында оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге мүмкiндiк бередi. Бұл орайда Палаталардың заң жобасына енгiзетiн түзетулерiнiң көлемi, шектерi мен сипаты белгiленбейдi. Заң жобасын Парламентте қарауға бастамашылық жасаған субъектiлер, оның ережелерiн заңда көзделген барлық нысанда қорғауы мүмкiн. Конституцияға, заңдарға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес заң шығару процесiнiң барлық кезеңдерi мен сатыларынан, соның iшiнде - дауыс беруден, ал қажет болған жағдайда - келiсу рәсiмдерiнен өткен заң жобасы қабылданды деп саналады.
      Бұл аталған ережелер Конституцияда ( 61-бап ), сондай-ақ Конституциялық Кеңестiң 2001 жылғы 8 маусымдағы N 8/2  қаулысында бар.
      Сонымен бiрге, заң шығару процесiнде кейбiр жағдайлар туындауы ықтимал, олар, түптеп келгенде, заң жобасының толығымен қабылданбауына әкеп соқтыруы мүмкiн. Конституция ( 61-баптың 7-тармағы), Үкiметтi Конституцияның  3-бабы 4-тармағының талаптары шеңберiнде мемлекеттiк билiк тармақтарының өзара iс-қимыл жасауы кезiндегi олардың арасындағы тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiне жатқыза отырып, Үкiмет бастамашылық жасаған заң жобасы қабылданбайтын жағдайға ерекше назар аударады. Заң жобасы қабылданбауы нәтижесiнде Премьер-Министр Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы.
      Үкiмет енгiзген әрбiр заң жобасын қарау кезiнде Үкiметтiң Парламентке қысым көрсетуi ықтимал әрекетiн тежеу мақсатында, бұл құқықты ол жылына екi реттен артық пайдалана алмайды және әр жолы бiр заң жобасына қатысты ғана пайдалана алады (Конституцияның  61-бабының 7-тармағы, Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы 12 наурыздағы N 3/2  қаулысы ).
      Парламент Мәжiлiсiнiң заң жобасын қарауға алар кезде қабылдамай тастауы заң жобасының қабылданбауына әкеп соқтыратын жағдай болып табылады. Бұл жағдайда заң шығару процесiнiң бастапқы сатысында-ақ тиiстi субъектiнiң заң шығару бастамасын жасауға өзiнiң конституциялық құқығын жүзеге асыруына кедергi келтiрiледi.
      Одан тыс, заң жобалары оны Мәжiлiстiң мақұлдамауы; заң жобасын Сенаттың қабылдамай тастауы және онымен Мәжiлiстiң келiсуi; Мәжiлiс қайта мақұлдаған заң жобасын Сенаттың қайтадан қабылдамай тастауы; Палаталардың бiрлескен отырысында қаралуға тиiстi заң жобасын Парламенттiң қабылдамай тастауы нәтижесiнде қабылданбауы мүмкiн.
      Парламент Палаталарының тым болмағанда бiрiнiң енгiзген түзетулерiмен келiспеген жағдайда, өзi бастамашылық жасаған заң жобасын кез келген сатыда Үкiметтiң керi шақырып алуын сондай-ақ заң жобаларының қабылданбауына әкеп соқтыратын жағдайларға жатқызған жөн.
      Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асыратын және атқарушы органдардың жүйесiн басқаратын Үкiмет, мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарына жауап бередi және  Конституция , "Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы" конституциялық  заң , заңдар, Республика Президентiнiң актiлерi ережелерiнiң шеңберiнде, сондай-ақ Үкiмет Бағдарламасы шеңберiнде олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады (Конституцияның  64-бабы 1 және 4-тармақтары,  66-бабы 1) және 10) тармақшалары,  67-бабы 2) тармақшасы). Үкiметтiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруының нысандары ретінде, оны құқықтық жағынан қамтамасыз ету, соның iшiнде Мәжiлiске заң жобаларын енгiзу жолымен, және заңдардың орындалуын қамтамасыз ету болып табылады (Конституцияның  66-бабы 3) тармақшасы). Бұл орайда Үкiмет егер, Парламент өзгерткен заң жобасының тұжырымдамасы мен өзге де елеулi белгiлерi өзi өткiзетiн iс-шаралардың ырғақтылығы мен тиiмдiлiгiне едәуiр әсер етедi деп тапса, онда, Үкiметтiң пiкiрiнше, мемлекет пен азаматқа келетiн терiс салдардан сақтану үшiн ол заң жобасын заң шығару процесiнiң кез келген сатысында керi қайтарып алуы мүмкiн. Бұл жағдайда заң жобасы қабылданбады деп саналады.
      Бұл ұйғарым Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы 27 қыркүйектегi N 18/2  қаулысында бiлдiрiлген құқықтық позициясына қайшы келмейдi, бұл қаулыда Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша, Палаталардың бiрлескен отырысында республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау кезiнде Парламентте туындаған жағдайдың ерекшелiгiне қатысты қолданыста Конституцияның  53-бабы 7) тармақшасы және  61-бабы 7-тармағы түсiндiрiлген болатын.
      Заң жобасы, егер оны депутаттар тұтас алғанда қабылдамай тастамаған, бiрақ өзiнiң жекелеген ережелерiнде, заң шығару бастамасы субъектiсi - Үкiмет келiспеген, тұжырымдамалық өзгерiстерге ұшыраған, алайда Үкiмет керi шақырып алмаған жағдайда қабылданбады деп саналмайды.

      2. Республика Конституциясының  61-бабы 7-тармағында былай делiнедi: "Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл конституциялық нормада Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiру туралы процесс басталатын рәсiм жөнiнде айтылады, Премьер-Министр бұл мәселенi Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырысында ғана қояды.
      "Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты" деген конституциялық ереже арқылы, мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы Палаталардың бөлек отырысында да, Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында да (Конституцияның  54  және  53-баптары ) қарауға және қабылдауға жататын барлық заң жобаларын түсiну керек.

      3. Заң жобасының қабылданбауына әкеп соқтыратын жағдайлар заң шығару процесiнiң кез келген сатысында туындауы мүмкiн болғандықтан, Премьер-Министр Конституцияның  61-бабы 7-тармағына сай Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселенi осындай жағдайлар туындауына қарай кез келген сатыда қоя алады.

      4.  Ескерту. 4-тармақтың күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9 Қаулысымен.
      Осылайша, өтiнiште қойылған мәселеге қатысты қолданыста, Парламент Мәжiлiсi Үкiмет бастамашылық жасаған заң жобасының жекелеген ережелерiне тұжырымдамалық өзгерiстер енгiзген және осы тұжырымдамалық өзгерiстерге Үкiметтiң келiспеуiне қарамастан, өз депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен оны Парламент Сенатына берiп, заң жобасын мақұлдаған жағдайды еңсерiлмейтiн келiспеушiлiк деп қарауға болмайды.
      Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының  17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын,  31-33 37-баптарын және   41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, өтiнiште қойылған мәселелерге қатысты қолданыста,  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының  61-бабы 7-тармағымен көзделген, "Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауы" дегенде, Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен көзделген барлық рәсiмдердi сақтай отырып кейiн заң қабылдауға мүмкiндiк бермейтiн жағдайлардың заң шығару процесiнiң кез келген сатысында туындауын түсiнген жөн.
      Мұндай жағдайларға: Парламент Мәжiлiсiнiң заң жобасын қарауға олар кезде қабылдамай тастауы; заң жобасын Мәжiлiстiң мақұлдамауы; заң жобасын Сенаттың қабылдамай тастауы және онымен Мәжiлiстiң келiсуi; Мәжiлiс қайта мақұлдаған заң жобасын Сенаттың қайтадан қабылдамай тастауы; Палаталардың бiрлескен отырысында қаралуға тиiстi заң жобасын Парламенттiң қабылдамай тастауы; Палаталардың бiрi немесе Парламент енгiзген түзетулермен келiспеген жағдайда, өзi бастамашылық жасаған заң жобасын заң шығару процесiнiң кез келген сатысында Үкiметтiң керi шақырып алуы жатады.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының  61-бабы 7-тармағының "... заң жобасының қабылданбауына байланысты" деген бөлiгiндегi ережесi, Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында да (Конституцияның  53-бабы 1) тармақшасы), мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы Палаталардың бөлек отырысында да (Конституцияның  54-бабы 1) тармақшасы) қарауға және қабылдауға жататын барлық заң жобаларын көздейдi.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының  61-бабы 7-тармағының мағынасынан келiп шығатыны, заң жобасының қабылданбауына әкеп соқтыратын жағдайлар заң шығару сатысының кез келген сатысында туындауы мүмкiн. Сондықтан Премьер-Министр Қазақстан Республикасының Үкiметiне сенiм бiлдiру туралы мәселенi тиiсiнше кез келген сатыда қоя алады.

      4.  Ескерту. 4-тармақтың күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9 Қаулысымен.

      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабы 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабы 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

      6. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады