Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының қарар бөлігіндегі 2 және 4-тармақтарына түсіндірме беру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 мамырдағы № 17-НҚ қосымша қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының қарар бөлігіндегі 2 және 4-тармақтарына түсіндірме беру туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісінің өкілі – сауда және интеграция вице-министрі Ж.С. Кушукованың,

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі – министр орынбасары Е.Б. Қоныспаевтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министрлер Б.Ш. Жақселекованың және А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі – вице-министрлер А.Ә. Әбдікәрімовтің және Б.Б. Омарбековтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысы) 2 және 4-тармақтарына түсіндірме беру туралы өтінішхатын қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Б.М. Нұрмұхановтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге және Қазақстан Республикасы мен жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 60-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тергеп-тексерулер жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетікке қатысты бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасының (бұдан әрі – Хаттама жобасы) ережелері мәнмәтінінде Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының қарар бөлігіндегі 2 және 4-тармақтарына түсіндірме беру туралы өтінішхаты келіп түсті.

      Өтінішхат нысанасына қатысты атап өтілген нормативтік қаулыға түсіндірме берген кезде Конституциялық Сот мыналарды қосымша түсіндіру қажет деп ойлайды.

      Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының қабылдануына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің аумақтарында осы Комиссияның Тараптар үшін міндетті сипаты бар шешімдерін іске асыру тәсілі (Шарттың 7-бабы) мәселесін қарауы себеп болды. Осыған сәйкес халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының Конституцияның 2-бабы 2-тармағының және 91-бабы 2-тармағының Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды және Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге жол берілмейді деген ережелерін бұзатын шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайды. Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жариялайтын Негізгі Заңның 1-бабының 1-тармағын негізге ала отырып, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін Комиссия шешімдері Қазақстан заңдарынан басым тұратын және тікелей қолданылатын сипаттарға ие болмайды. Бұдан басқа, түсіндірме беру нысанасы болып табылатын қорытынды шешімде халықаралық ұйымның немесе оның органының Қазақстан үшін міндетті шешімін қабылдау рәсімі республикалық референдумда қабылданған шешімдерде, сондай-ақ шартты жасасу және ратификациялау кезінде Республика Президентінің және Парламентінің актілерінде білдірілген, халықаралық шартқа енгізілген Қазақстан халқының еркін білдіруді бұрмалау мүмкіндігін болғызбайтын құқықтық кепілдіктерді көздеуге тиіс екендігі көрсетілген.

      Конституциялық Кеңес өзінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысында мұндай кепілдіктер қатысушы мемлекеттердің егемендік еркінің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

      Конституциялық Сот белгіленген тәсілдер "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – ЕАЭО туралы шарт) да өзекті болатынын анықтады.

      ЕАЭО туралы шартта Тараптар мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидатын, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі қағидатын сөзсіз сақтау қажеттігін басшылыққа ала отырып, Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) құрады, ал Одақтың жұмыс істеуінің негізгі қағидаттарына халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын құрметтеу, Тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету жатқызылғаны айтылған (Кіріспе, 1 және 3-баптар).

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (бұдан әрі – Жоғары кеңес) Одақтың жоғары органы болып табылады, ол қағидаттық мәселелерін қарайды, интеграцияны дамыту стратегиясын, бағыттары мен перспективаларын айқындайды және оның мақсаттарын іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдайды (ЕАЭО туралы шарттың 10 және 12-баптары).

      Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – ЕЭК) тұрақты жұмыс істейтін реттеуші орган ретінде өз өкілеттігі шегінде нормативтік-құқықтық сипаты бар және мүше мемлекеттер үшін міндетті шешімдер қабылдайды. Олар Одақ құқығына кіреді және мүше мемлекеттердің аумақтарында тікелей қолдануға жатады. ЕЭК Алқасының шешімдері айқын басым көпшілік дауыспен немесе консенсуспен қабылданады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда оларды ЕЭК кеңесінің, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (бұдан әрі – Үкіметаралық кеңес) және (немесе) Жоғары кеңестің қайта қарау мүмкіндігі болады, олардың шешімдері консенсуспен қабылданады. ЕЭК Алқасының күшін жою немесе оған өзгерістер енгізу туралы ұсыныс енгізілген шешімі күшіне енбейді және Үкіметаралық кеңестің және (немесе) Жоғары кеңестің осы шешімге қатысты мәселені қарауы және осындай қарау қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдау үшін қажетті мерзімге тоқтатыла тұрады (ЕАЭО туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 8) және 9) тармақшалары, 13-бабы, 16-бабының 2) және 7) тармақшалары, 17-бабы, 18-бабының 2-тармағы, ЕЭК туралы ереженің 13-тармағы, 24-тармағының 3) тармақшасы және 30-тармағы).

      Еуразиялық экономикалық одақ соты статутының 39-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Сот мүше мемлекеттің өтініші бойынша ЕЭК шешімінің немесе оның жекелеген ережелерінің Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Одақ органдарының шешімдеріне сәйкестігі мәселесін қарайды.

      Хаттама жобасымен ЕЭК туралы ереженің II бөлімі (ЕАЭО туралы шартқа № 1 қосымша) мынадай мазмұндағы 301-тармақпен толықтырылады: "301. Осы Ереженің 30-тармағының ережелері Комиссия Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау мәселелері жөніндегі шешімдеріне Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы хаттаманың (Шартқа № 8 қосымша) VIII бөлімінде көзделген ерекше тетік ескеріле отырып, осындай тетіктің қолданылу кезеңінде қолданылады.". Аталған тетік ЕЭК туралы ереженің 30-тармағын арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдерге қолдану ерекшеліктерін қамтиды (Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы хаттаманың 275 – 277-тармақтарының жаңа редакциясы). Бұлар вето қоятын тараптың өтініші бойынша ЕЭК Алқасының даулы шешімінің күшіне енуін Үкіметаралық кеңестің өзара қолайлы шешімді тұжырымдауы үшін 12 айдан аспайтын мерзімге тоқтата тұруды көздейді. Соңғысының консенсуспен қабылданған шешімі болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім өткеннен кейін ЕЭК Алқасының тоқтатыла тұрған шешімі күшіне енеді. Бұл ретте Хаттама жобасында Жоғары Кеңестің келіспеушіліктерді одан әрі қарау мүмкіндігі көзделмеген.

      Конституциялық Сот "вето" құқығын қолданудың қорытынды кезеңін Үкіметаралық кеңес деңгейінде айқындау, оның қолданылу уақытын шектеу және дау айтылған шешімді тоқтата тұру (12 айдан аспайтын мерзімге), осы мерзім ішінде енгізілген қарсылықтар бойынша Үкіметаралық кеңестің бірауызды шешімі болмаған жағдайда ЕЭК Алқасы шешімдерінің сөзсіз және міндетті түрде күшіне енуі, шешімдері консенсуспен қабылданатын Жоғары кеңестің қарауына аталған мәселені шығару рәсімінің болмауы Қазақстан халқының еркін білдіруді бұрмалауға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге, тізбесі 2017 және 2022 жылдардағы конституциялық реформалармен кеңейтілген басқа да өзгермейтін конституциялық құндылықтарға қол сұғуға алғышарттар жасайды деп пайымдайды (Негізгі Заңның 1-бабының 1-тармағы, 2-бабының 2-тармағы, 91-бабының 2-тармағы).

      Хаттама жобасымен Жоғары кеңестің ЕЭК Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдеріне қатысты туындаған келіспеушіліктер бойынша түпкілікті ұстанымын айқындау жөніндегі құзыретін алып тастау Республика Президентінің халықаралық қатынастарда Қазақстан халқының мүдделерін білдіру мандатын тиісінше іске асыруға кедергі келтіретін болады. Конституцияның бірқатар нормаларынан Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдері мен іс-әрекеттері Конституцияның кіріспесінде және "Жалпы ережелер" деген I бөлімінде, сондай-ақ басқа да ережелері мен нормаларында тұжырымдалған мақсаттарға қол жеткізуге және құндылықтарды қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс дегенді түсінуге болады. Жалпы халық сайлаған Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады, мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді (Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 2, 2017 жылғы 9 наурыздағы № 1, 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулылары және басқалар). Конституциялық Сот атап өткендей, мемлекеттің басшысы, ең жоғары лауазымды тұлға ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындау жөніндегі өкілеттігі жалпымемлекеттік саясатты қалыптастыру туралы заңнаманың ядросын құрайды (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулысы).

      Осы конституциялық ережелердің Одақ шеңберіндегі интеграциялық процестер аясында тиісінше жүзеге асырылуы құрамына Қазақстан Президенті де кіретін, аталған халықаралық ұйымның Жоғары кеңесінің бастамашылық ету құқығы болған және орын алған коллизияларды міндетті түрде қараған кезде ғана мүмкін болады. Мызғымас конституциялық құндылықтарды қорғау үшін осы кепілдіктің ерекше маңыздылығына байланысты Негізгі Заң осы рәсімді қолдану шеңберін қандай да бір шектеуге жол бермейді.

      Осыған байланысты, Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының ұлттық мүдделер ескерілмей және көрсетілген шарттар сақталмай қабылданған және күшіне енген шешімдері, оның ішінде Хаттама жобасында белгіленетін тәртіппен қолданысқа енгізілетін ЕЭК Алқасының шешімдері Республика үшін міндетті сипатқа ие болмайды, ратификацияланған халықаралық шарт сипаттарына ие болмайды және, тиісінше, Қазақстан заңдарынан басым болмайды деп есептейді. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін немесе тәуелсіздігінен айыруға әкеп соғатын, Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының аясын тарылтатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берілмейді ("Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 2-тармағы және "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 3-тармағы). Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары аталған талаптарды осыларға сәйкес келмейтін жобалардың мақұлдануына және қол қоюға енгізілуіне жол бермей, халықаралық шарттардың жобаларын және халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін әзірлеу және талқылау кезеңінде ескеруге міндетті.

      Осы жазылғандардың негізінде, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 99-бабының 2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 5558-баптарын, 60-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын, 62-бабын, 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын және 66-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының қарар бөлігіндегі 2 және 4-тармақтарының ережелерін:

      Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының (оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының) шешімдері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы шешімдердің Қазақстан үшін міндетті сипаты тікелей көрсетілген жағдайда және олардың қабылдану және күшіне ену тәртібі тиісті халықаралық ұйымның жоғары органының даулы мәселені қарау мүмкіндігімен қоса, консенсус негізінде Қазақстан мүдделерін толық ескеруді қамтамасыз ететін жағдайда Республика ратификациялаған халықаралық шарттың заңдық сипаттарына ие болады;

      халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы 2-тармағының, 4-бабы 3-тармағының және 91-бабы 2-тармағының ережелерін бұзатын шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайды деп түсіну керек.

      2. Осы қосымша қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы қосымша қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады