"Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің ЖОЛДАУЫ

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 Жолдауы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Парламент Палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" жыл сайынғы жолдауды ұсынады.

      2011 жылы еліміз Мемлекеттік Тәуелсіздігінің Жиырма жылдығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемдегі қарқынды дамып отырған мемлекеттердің біріне айналды.

      Парламент Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де жетістіктерін паш ететін тұғырлы құжат – Қазақстанның Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 20-жылдығы Декларациясын қабылдады.

      Қазақстан халқы 2011 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа аса жоғары сенім білдіріп, жаңадан Мемлекет басшысы етіп сайлады.

      2012 жылғы 16 қаңтарда өткізілген кезектен тыс сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне үш саяси партияның өкілдері сайланды. Осы арқылы, заң шығару өкілеттігін іске асыратын жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасы Парламентінің көппартиялығы қағидасын қамтамасыз ету бөлігінде 2007 жылғы конституциялық реформаның мақсаты мерзімінен бұрын жүзеге асырылды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 27 қаңтардағы "Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында айтқан тапсырмаларын орындау мақсатында, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік мазмұны және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарына конституциялық кепілдіктер айтарлықтай күшейді.

      Кеден одағына мүше мемлекеттер – Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында өткен жылдың шілдесінен бастап бірыңғай кедендік аумақтың ережелері қолданылып, бірыңғай экономикалық кеңістікті ресімдеу аяқталуда.

      Қазақстан бүкіл адамзаттың бейбіт те салауатты дамуына тікелей әсері бар жаһандық бастамаларды талқылаудың танымал әрі тұрақты орталығына айналды. Оған жақында өткізілген V Астаналық экономикалық форум мен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының кезекті ІV съезі дәлел.

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиядағы (Венеция Комиссиясындағы) мүшелігі туралы" және Қазақстанның Венеция комиссиясының жарғысына қосылуы туралы 2012 жылғы 13 наурыздағы № 283 Жарлығы "Еуропаға жол" Мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл демократияның жалпыға тән құндылықтарын іске асыру, конституциялық заңдылықты нығайту, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласындағы Республикамыздың жетістіктері халықаралық қоғамдастықта мойындалуының деңгейі үнемі арттырылып отырғанын айғақтайды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес ұлттық заңнаманың дамуы жалғасуда. Мәселен, Қазақстан Республикасының Парламенті "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Қазақстан Республикасының Кодексін және басқа да бірқатар маңызды заңдарды қабылдады, солардың ішінде "Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 2011 жылғы 28 желтоқсандағы № 521-ІV, "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-ІV, "Индустриалдық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 534-ІV, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-ІV және т.б.

      Заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары құқықтық, лингвистикалық, экологиялық, қаржылық сараптамадан өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу міндетті екені заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл тұтас алғанда заңдардың сапасына оң әсерін тигізуде.

      Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасында Негізгі Заңның үстемдігі және тікелей қолданылуы принципін орнықтыру, құқық жүйесінде конституциялық бастауларды жүзеге асыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуын күшейту Конституциялық Кеңестің басты миссиясы болып табылады. Конституциялық Кеңес өз құзыреті шегінде құқықтық жүйені жетілдіру, соның ішінде, оны халықаралық стандарттарға жақындастыру жөніндегі шараларды қолға алады.

      "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" 2011 жылғы 16 маусымдағы жолдау оқылғаннан бері өткен кезең ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне жылжымайтын мүлікке сот актісімен белгіленген құқықты мемлекеттік тіркеу; конституциялық мерзімдерді есептеу және "ұстау" ұғымының мазмұнын түсіндіру мәселелері бойынша өтініштер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 2004 жылғы 9 сәуiрдегi № 5 қаулысын түсіндіру жөніндегі қолдаухаты келіп түсті.

      Қарағанды облысының Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық № 2 соттың өтінішін қарап, Конституциялық Кеңес "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 1-тармағын Конституцияға сәйкес деп таныды.

      Сонымен қатар, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, Заңның әр мағынада оқылуын жою мақсатында, күшіне енген сот шешімдерін орындаудың ерекшеліктерін онда қарастыру, сот актісінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болатындығы туралы конституциялық талапты ескере отырып, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуден бас тартуға жол берілетін барлық негіздерді көрсету қажет. Мемлекеттік тіркеуді болғызбайтын ауыртпалықтар болған кезде жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы мәселені тіркеуші органның еркін түрде, өз қалауынша шешу құқығын заңнамалық тәртіппен алып тастау ұсынылды.

      Конституциялық Кеңес, меншік иелерінің және өзге де заңды түрде иелік етушілердің, кепіл ұстаушылардың және өзге де тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында олардың мүдделерін үйлестіру жөніндегі заңнамалық шаралар қолға алынғаны, сондай-ақ сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме берілгені жөн деп атап көрсетті.

      Осыған орай Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасының Үкіметіне "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізуге бастама жасау, ал Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына – жоғарыда аталған Заңның нормаларын қолдану мәселелерін түсіндіретін нормативтік қаулы қабылдау туралы ұсыныстар енгізді.

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5 қаулысына түсіндірме беру туралы" Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 1 қосымша қаулысына Конституцияның 73-бабының 4-тармағына сай 2012 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Қарсылығы енгізілген болатын. Қарсылық еңсерілмеуіне байланысты, 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 1 қосымша қаулы қабылданбады деп есептеледі.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша Конституция нормаларын ресми түсіндіру, сондай-ақ Конституцияның 16-бабының 2-тармағында пайдаланылған "ұстау" ұғымын айқындап беру туралы екі өтініші қаралды.

      2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес "ұстау" деп, құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шараларды қолдану мақсатында адамның жеке бас бостандығын жетпіс екі сағаттан аспайтын қысқа уақытқа шектеуден тұратын және уәкілетті мемлекеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар заңда көзделген негізде және тәртіппен іске асыратын мәжбүрлеу шарасын түсінген жөн. Ұсталған адамның емін-еркін жүріп-тұру бостандығын шектеуді – белгілі бір жерлерде мәжбүрлеп ұстауды, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп әкелуді (адамды қолға түсіруді, үй-жайға қамауды, бір жерге баруға немесе орнында тұруға мәжбүрлеуді және т.б.), сондай-ақ адамның жеке бас бостандығын айтарлықтай шектейтін басқа да әрекеттерді қоса отырып, бас бостандығы оған қандай да бір процессуалдық мәртебе берілуіне немесе басқа бір формальды рәсімдер орындалуына қатыссыз шын мәнінде шектелген кезде, минутына дейінгі дәлдікпен сол сағат ұстау мерзімінің басталуы болып табылады. Нақты ұстау уақытынан бастап үздіксіз есептелетін жетпіс екі сағаттың өтуі осы мерзімнің аяқталу сәті болып табылады деп атап көрсетті.

      Конституциялық Кеңес сондай-ақ конституциялық мерзімдердің басталуы мен аяқталуын күндермен, айлармен және жылдармен есептеу тәртібін айқындады.

      Мәселен, айлармен есептелетін конституциялық мерзім Конституцияда көрсетілген оқиға болған күннен басталып, мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы мұндай күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

      Мемлекет басшысының заңға немесе заңның баптарына қарсылықтарын Парламент қарауы үшін бөлінген бір ай мерзім, Конституцияның 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер ол өзінің уақыты бойынша Конституцияның 59-бабының 3-тармағымен көзделген Парламент жұмысының сессиялы кезеңімен тұспа-тұс келмейтін болса, үзіледі.

      Жылдармен белгіленген конституциялық мерзім Конституцияда көрсетілген оқиға болған күннен бастап есептеліп, өзінің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы мұндай күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады.

      "Жыл" деген уақыт кезеңін Конституцияның 61-бабының 7-тармағына қатысты қолдануда ағымдағы жыл деп (1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін) түсінген жөн.

      Күндермен есептелетін конституциялық мерзім Конституцияда көрсетілген оқиға болған күннен басталып, белгіленген кезеңнің соңғы күнінде аяқталады.

      Бір-бірімен өзара байланысты өтініштерді Конституциялық Кеңес бір іс жүргізуге біріктірген жағдайда, шешім шығару үшін Конституцияда көзделген бір ай мерзімді соңғы өтініш түскен күннен бастап есептеген жөн.

      Конституциялық Кеңес Конституцияда белгіленген мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеудің мәселелері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құқықтық ұстанымдары ескеріле отырып, қажет кезде заңдармен реттелуі мүмкін деп атап көрсетті.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдеріндегі заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ заңнаманы қолдану практикасын жетілдіру жөніндегі құқықтық позициялар мен ұсыныстарды уақтылы әрі толық жүзеге асыру Республикада конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі болып табылады.

      2011 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдары тарапынан Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындаудың құқықтық механизмдерін күшейту және оның қызметін жетілдіру жөніндегі бірқатар маңызды шаралар қолға алынды.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 9 қарашадағы № 490-IV Қазақстан Республикасының Заңымен 1997 жылғы 16 шілдедегі № 167-І Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Конституциялық Кеңестің қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық белгілейтін 319-1-баппен толықтырылды.

      Соттардың өтініштері бойынша қабылданған, заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің нормасын конституциялық емес деп тану туралы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының орындалу тиімділігін арттыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді.

      Республика Үкіметінің 2011 жылғы 16 қыркүйектегі № 1067 қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы Регламентіне және 2003 жылғы 21 тамыздағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Республика Үкіметінің ағымдағы және перспективадағы заң жобалау жұмыстарының жоспарлары, соның ішінде Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жолдаулары ескеріле отырып, құрастырылатын болды. Заң жобаларының тұжырымдамаларын, сондай-ақ заң жобаларын уәкілетті органдар Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ескере отырып әзірлеуге тиіс.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 1575 қаулысымен Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы 2000 жылғы 11 қыркүйектегі ережеге толықтыру енгізілді. Бұған дейін, Үкіметтің ағымдағы және перспективадағы заң жобалау жұмыстарының жоспарларын құрастыру жөніндегі ұсыныстар әзірленгенде Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары ескерілген болса, енді жолдаулары да ескерілетін болды.

      Республика Үкіметінің 2011 жылғы 25 тамыздағы № 964 қаулысымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізу ережесіне сәйкес, Конституциялық Кеңестің жолдаулары мен нормативтік қаулыларындағы ақпарат құқықтық мониторинг жүргізу кезінде пайдаланылуы тиіс.

      Өткен кезең ішінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Конституциялық Кеңестің нақты қорытынды шешімдерін орындауға бағытталған мынадай заңнамалық, ұйымдастырушылық және өзге де шараларды қолға алды:

      - Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысын орындауға бағытталған, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Парламент қабылдап, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынды;

      - Конституциялық Кеңестің бірқатар жолдауларындағы ұсыныстарды орындау мақсатында, "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 516-ІV және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 28 желтоқсандағы № 523-ІV Қазақстан Республикасының Заңдарымен әркімнің білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын іске асыру механизмдері жетілдірілді;

      - Конституциялық Кеңестің бірқатар жолдауларында ювеналдық әділет жүйесін құру қажеттілігі айтылған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті 2012 жылғы 4 ақпанда "Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарды құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" № 266 Жарлық шығарды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1680 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ювеналдық әділетті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсыну көзделген;

      - Конституциялық Кеңестің 2011 жылғы 16 маусымдағы жолдауының ұсыныстарына сай, Республика Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2011 жылғы 8 тамыздағы шешімімен Заң жобаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық теңнұсқалығы бөлігінде ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілді;

      - Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155-ІІ Қазақстан Республикасы кодексінің 484-бабына өзгерістер енгізу қажеттігі туралы Конституциялық Кеңестің 2011 жылғы 16 маусымдағы жолдауының ұсыныстарын іске асыру мақсатында, Үкіметтің 2012 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу қарастырылған.

      Аталып өткен жалпы оң үрдістермен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан Конституциялық Кеңестің жекелеген қорытынды шешімдерінің орындалуы, соның ішінде заңнамалық практикада іске асырылуы өзекті күйінде қалуда.

      "Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін белгіленген бір ай мерзім бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2010 жылғы 18 қазандағы № 3 нормативтік қаулысында, Конституцияда белгіленген бір ай мерзім Мемлекет басшысының Парламент Сенаты ұсынған заңға қол қою кезеңі үшін ғана көзделген, деп атап көрсетілген. "Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысында бір ай мерзім Мемлекет басшысының заңға қол қоюы үшін бөлінген уақыт болып табылады, оны Республика Президенті заңды алған күннен бастап есептеу қажет, ал бұл мерзім келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады, деп атап көрсетілген.

      Бұл құқықтық позицияға "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Конституциялық заңның 19-бабының 2-тармағы сәйкес келмейді. Өйткені бұл тармаққа сай Республика Президенті "бір ай iшiнде ұсынылған заңға қол қойып оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады".

      Мемлекеттік органдар, соның ішінде Республиканың соттары шешім қабылдау кезінде, Конституцияның 4-бабының 2-тармағына сай Негізгі Заң нормаларының ең жоғары заңдық күші болатынын және тікелей қолданылатынын ескере отырып, Конституцияның тиісті нормаларына сілтеме жасауға міндетті екендігі, сондай-ақ Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сай заңдарда адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеулердің тізбесін ғана емес, оларды қолдану механизмдерін де бекіту қажеттігі туралы Конституциялық Кеңестің жолдауларындағы ұсынымдарды жүзеге асыру қажет.

      Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құру мақсатында, заңның үстемдігі мен беделін қалыптастыру, заңнаманың сапасын және құқық қолданудың тиімділігін арттыру бағытында қолданыстағы заңнаманы дәйектілікпен одан әрі жетілдірген жөн, ол үшін Конституциялық Кеңес мынадай бірқатар шаралар іске асырылуы қажет деп есептейді:

      - Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысын орындау мақсатында іс жүргізу туралы және өзге де заңдарға ұстау, сондай-ақ оның мерзімін есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      - Конституцияның 18-бабының 1-тармағындағы "жеке өмірге қол сұғылмауы" ұғымының заңнамалық жолмен мағынасын ашу, бұл соттар мен құқық қорғау органдарының қызметінде оның бірізділікпен пайдаланылуына, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары қорғалуына септігін тигізеді;

      - заң жобалау жұмыстары жоспарларының тиімділігін, заң жобалары тұжырымдамаларының, қабылдау салдарын талдамалық және болжамдық тұрғыдан бағалаудың сапасын арттыру, заңнамалық актілерді және солармен ілесіп жүретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді бірдей шығару;

      - білікті заң көмегін тегін көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында, Республика Конституциясының 13 және 16-баптарына сәйкес, бұл конституциялық нормаларды мейлінше толық іске асыруға бағытталған заң қабылдануын жеделдету;

      - уәкілетті органдарға Республика Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы № 1650 қаулысымен бекітілген Жол қозғалысы ережесіне, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңмен шектелуі мүмкін деген Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкестігі тұрғысында талдау жасау.

      Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, осы жолдауда көрсетілген мәселелерді уақтылы шешу конституциялық заңдылық режимін нығайтуға, азаматтардың құқықтық ой-санасын және қоғамда Республика Конституциясына деген құрмет сезімін арттыруға септігін тигізеді.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


Төрағасы

И.РОГОВ


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады