"Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жолдауы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2013 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 Жолдауы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Жолдауды Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынады.

      2012 жылы Қазақстан Республикасында еліміздің Негізгі Заңының принциптері мен нормаларын жүзеге асыруға бағытталған, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында мемлекет ресурстарын мейлінше тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін мемлекеттік деңгейдегі бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

      Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсанда "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның одан әрі дамуының ұзақ мерзімді бағыттарын айқындап берді.

      Қазақстан Республикасының қоғамдық өмірінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және өзге де салалары дамуының негізгі векторларын қамтитын бұл бағдарламалық құжат мемлекеттің конституциялық жолмен дамуының және елдегі конституциялық заңдылықты нығайтудың болашағын да айқындайды.

      "Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді.

      "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам" атты 2012 жылғы 10 шілдедегі бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрудың негізгі бағыттарын көрсетіп, мемлекет пен қоғамның одан әрі әлеуметтік жаңғыртылуының принциптерін айқындап берді. Онда, мемлекет пен қоғамның бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуының конституциялық негіздерін (Конституцияның 1-бабының 1 және 2-тармақтары), әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығын (Конституцияның 24-бабының 1 және 2-тармақтары), әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқығын (Конституцияның 26-бабының 4-тармағы) және т.б. тереңдетіп іске асырумен байланысты әлеуметтік мемлекет құрудың мақсаты мен міндеттері тұжырымдалған.

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2012 жылғы 12 қарашада өткен 67-сессиясы барысында Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болып сайланды. Бұл шешім еліміздің құқық үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерін тағы да растайды, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы жалпыға бірдей қабылданған принциптерді сақтауда мемлекетімізге міндеттер жүктейді.

      2012 жылғы 22 қарашада Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас Ассамблеясы Қазақстанның елордасы Астана қаласын ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу орны деп жариялады, бұл әлем қауымдастығы тарапынан Қазақстан Республикасының экономикалық, ғылыми-технологиялық, әлеуметтік-мәдени жетістіктерін, болашақтағы қуат көздері, баламалы қуат көздері мен "жасыл экономика" секілді бүкіл адамзат үшін өзекті салаларда жаһандық экономика мен нарықтың дамуына деген жаңа көзқарасты қалыптастырудағы рөлін мойындау болып табылады.

      Қазақстан Республикасының халықаралық қауымдастықта беделі артып, позициясы күшейе түскен сайын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің халықаралық байланыстары да дамып, нығайып келеді.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 наурыздағы № 283 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссияға (Венеция Комиссиясы) мүше болғаны белгілі. Бұл Комиссия қызметінің басты мақсаты – құқықтық мемлекеттің басты құндылықтарын, адам құқықтары мен демократияны ілгерілету; демократиялық институттардың қызмет істеу тиімділігін арттыру және заң үстемдігі принциптерін іске асыру; негізгі құқықтар мен бостандықтарды, әсіресе, қоғамдық институттардың қызметіне азаматтардың қатысу құқықтарын күшейту; жергілікті және өңірлік өзін-өзі басқару органдарының демократияны дамытудағы үлесін арттыру жолында конституциялық бақылау органдарының ынтымақтастығын орнату болып табылады.

      2013 жылғы 24 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Азия елдері конституциялық әділет органдарының адамзаттың ортақ құндылықтары – демократияны, адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді ілгерілету жөніндегі өңірлік ашық алаңы – Азия елдерінің конституциялық соттары мен баламалы институттары қауымдастығына мүше болып табылады.

      Республикада құқықтық мемлекетті қалыптастыру және конституциялық заңдылықты нығайту заңнаманың серпінді дамуымен біте қайнасады. Бұл мемлекет өмірінің, экономикалық және әлеуметтік өмірдің негізгі салаларын реттейтін заңдар қабылдауды қажет етеді.

      Мемлекет басшысының 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Парламенті адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жүйелерін дамытуға септігін тигізетін заңдар қабылдады. Халықаралық құқық талаптарын ұлттық заңнамаға кезең-кезеңімен кіріктіруге ықпал ететін бірқатар халықаралық шарттар бекітілді.

      Қазақстан Республикасында құқық қорғау және сот жүйесін дәйектілікпен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына берілген конституциялық кепілдіктерді күшейтуге қаратылған Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жаңа редакцияларының жобалары әзірленуде.

      Бұдан бұрынғы Жолдауды (2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1) Қазақстан Республикасының Парламентінде жариялағаннан бері өткен кезең ішінде Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының Конституцияның жекелеген нормаларын түсіндіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларына түсіндірме беру мәселелері бойынша өтініштерін қарады.

      Мәселен, Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өтініші бойынша "өзге де нормативтік құқықтық актілер", "басқа да құқықтық актілер" ұғымдарының мазмұнын, республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау бойынша арнаулы заңның нысанасын кеңейтуге жол берілетінін не берілмейтінін түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабы 8-тармағына және 83-бабы 1-тармағына ресми түсіндірме берді.

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабы 8-тармағының және 83-бабы 1-тармағының нормаларын ресми түсіндіру туралы" 2013 жылғы 6 наурыздағы № 1 Нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес "өзге де нормативтік құқықтық актілер" деп заң актілері болып табылмайтын кез келген нормативтік құқықтық актілерді түсінген жөн. Бұл ретте "құқықтық акт" термині өзінің мазмұны бойынша "нормативтік құқықтық акт" терминінен кең, ал Конституцияның 83-бабының 1-тармағында пайдаланылатын "басқа да құқықтық актілер" ұғымы өзге актілердің бәрін, нормативтік сипаты барларын да, мұндай белгісі жоқтарын да қамтиды, деп белгіледі.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 8-тармағына сәйкес заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының регламенттерімен айқындалуға тиіс. Бұл ретте Конституция арнаулы заңның реттеу нысанасын Конституцияның 62-бабының 8-тармағында көрсетілген заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібімен ғана шектемейді. Оған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құқық шығару және құқық қолдану қызметінің басқа да мәселелері, солардың ішінде нормативтік болып табылмайтын құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау тәртібін реттеу мәселелері енгізілуі мүмкін. Қажет кезде заң шығарушы, Конституциямен көзделген өкілеттіктерін пайдалана отырып, мұны жасауға хақылы.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын Парламентте қарау барысында мәселелер туындауына байланысты, Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 35-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 Нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы өтінішін қарады.

      Парламент Сенатының Төрағасы Конституциялық Кеңестің бұл аталған Нормативтік қаулысына түсіндірме берілген кезде, Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 3) тармақшасындағы "мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің негіздері" деген конституциялық ұғымның мазмұнын түсіндіруді, сондай-ақ заңның және заңға тәуелді актілердің реттеу нысаналары болып табылатын функциялардың ара-жігін белгілеуді сұраған.

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 Нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы" 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 Қосымша қаулыда Конституциялық Кеңес былай деп белгіледі.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында белгіленген "мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің негіздері" деп мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесінің мазмұнына (басшылық жасау салалары, миссиялары, негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері), құру, тарату, қайта құру және қызметін ұйымдастыру тәртібіне деген негізгі көзқарасты айқындайтын түбегейлі принциптер мен нормаларды түсінген жөн.

      Заңдарда мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметінің негізін құрайтын функциялар, сондай-ақ жүзеге асырылуы Конституцияның 61-бабы 3-тармағында аталған аса маңызды қоғамдық қатынастарды қамтитын функциялар белгіленеді. Бұл, соның ішінде, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігі мәселелеріне, құқық шектеу сипатындағы шараға, сондай-ақ, құқық қорғау, бақылау-қадағалау функцияларын және жекелеген қызмет түрлерін іске асыруға рұқсат беру тәртібін белгілеуді қоса отырып, мемлекеттік органдардың мемлекеттік емес ұйымдармен және жеке тұлғалармен өзара қарым-қатынасына қатысты болады.

      Заңға тәуелді деңгейде, іске асырылуы Конституцияның 61-бабы 3-тармағында санап көрсетілген қоғамдық қатынастарды қамтымайтын функциялар белгіленеді. Бұл заңда бекітілген функцияларды жүзеге асыру механизмін айқындауға, мемлекеттік органдардың іштей ұйымдастырылуы мен қызметіне, техникалық және технологиялық нормаларды қабылдауына (шығаруына) қатысты болуы мүмкін. Заңға тәуелді деңгейде мемлекеттік органдардың функциялары заңға тәуелді тиісті акт шығаратын субъекттің өкілеттіктері шегінде ғана белгіленеді.

      Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларындағы құқықтық позициялар мен жолдауларындағы ұсынымдарды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары бірқатар заңнамалық актілер мен өзге де шешімдер қабылдады.

      "Қарағанды облысының Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының № 2 аудандық сотының өтініші бойынша "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 1-тармағының конституциялығын тексеру туралы" Конституциялық Кеңестің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысына сәйкес, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 27 сәуірдегі № 15-V Қазақстан Республикасының Заңымен "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңына жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуден бас тартудың толық негіздерін қарастыратын өзгерістер енгізілді, сондай-ақ сот актісімен белгіленген жылжымайтын мүлікке құқықты (құқық ауыртпалығын) тіркеуден бас тартуға тыйым белгіленді.

      Аталған нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес сондай-ақ, меншік иелерінің және өзге де заңды түрде иелік етушілердің, кепіл ұстаушылардың және өзге де тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 81-бабына сай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу тәртібіне қатысты сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беруі қажет екенін атап өтті.

      Жоғарғы Сот ұсынған ақпарат бойынша, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеумен байланысты сот практикасын ағымдағы жылы қорыту жоспарланған, оның қорытындысына қарай "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Заңның нормаларын соттардың қолдануы бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысын қабылдау қажеттігі туралы шешім қабылданатын болады.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 21 маусымдағы № 19-V Қазақстан Республикасының Заңымен Конституциялық Кеңестің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру және "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы" 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 Нормативтік қаулысындағы бірқатар құқықтық позициялары жүзеге асырылды.

      "Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 Нормативтік қаулысын орындау мақсатында, Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық заңдарда қарастырылған мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеуді ретке келтіруге бағытталған "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын әзірлеп, Парламентке енгізген.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 88-V және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 89-V Қазақстан Республикасының Заңдарымен "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 Нормативтік қаулысының "мемлекеттік функциялар" және "мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" ұғымдарының, мемлекеттік органдардың осы саладағы өкілеттіктерінің ара-жігін ажыратуға және олардың мемлекеттік қызметтер көрсетуінің тәртібін жетілдіруге қатысты бірқатар құқықтық позициялары іске асырылды.

      Заңнамалық актілердегі кемшіліктер мен қайшылықтарды одан әрі жою мақсатында, Конституциялық Кеңестің бірқатар жолдауларындағы (2006 жылғы 19 маусымдағы № 01-3/1, 2011 жылғы 16 маусымдағы № 09-5/1 және т.б.) ұсынымдарға сәйкес "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 27 сәуірдегі № 15-V Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

      Қазақстан Республикасының Парламенті, азаматтарға білікті заң көмегін тегін көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында, Конституцияның 13 және 16-баптарына және Конституциялық Кеңестің ұсынымдарына (2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 жолдау) сәйкес Республика Үкіметі енгізген "Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заң жобаларын қарастыруда. Парламент сондай-ақ Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 жолдауындағы ұсынымдарды орындауға бағытталған "Жол қозғалысы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын қарауда.

      Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 Жолдауындағы заң жобаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық жағынан тең болуы және заң жобаларына жүргізілетін лингвистикалық сараптаманың сапасын арттыру қажеттігі туралы ұсынымдарын жүзеге асыру аясында, Республика Премьер-Министрі Кеңсесінің ақпараты бойынша, 2012 жылы жүргізілген ғылыми лингвистикалық сараптамалардың көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 75 %-ға ұлғайған.

      Конституциялық Кеңес, Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйін айқындау және бағамдау қолданыстағы құқық дамуының белгілі бір қорытындысын шығаруды ғана емес, заңнамалық реттеудің проблемаларын анықтауды, заңнаманы одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындаудағы жүйелі көзқарасты, табылған кемшіліктер мен қайшылықтарды жоюды да қажетсінеді деп пайымдайды.

      1. "Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 Нормативтік қаулысын негізге ала отырып, адамды ұстау, сондай-ақ бұл ұстаудың басталуы мен аяқталуы мерзімдерін есептеу тәртібін белгілейтін Республиканың бірқатар заңдарын Конституцияның 16-бабы 2-тармағына сәйкестендіру қажет.

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне, "Халықтың көші-қоны туралы", "Шет елдіктердің құқықтық жағдайы туралы", "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы", "Төтенше жағдайлар туралы", "Соғыс жағдайы туралы", "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы", "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Терроризмге қарсы тұру туралы" заңдарға және өзге де заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн.

      2. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағын және 76-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 қаулысына және 2010 жылғы 25 мамырдағы № 09-5/1 Жолдауына сәйкес "мемлекет мұқтажы", "ерекше жағдайлар", "құны тең бағамен өтелген кезде" деген ұғымдардың мазмұны заңдарда айқындалуға тиіс. Дегенмен, азаматтық, банк саласындағы және өзге де заңнамаға (2003 жылғы 20 маусымдағы № 442-ІІ Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген кейбір өзгерістерді қоспағанда) тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілмеді, сондай-ақ заңдарда пайдаланылатын "алып қою" және "мәжбүрлеп айыру" терминдерінің ұғымы мен айырмашылығы ашып көрсетілмеді. Мемлекет мұқтажы үшін мүліктен мәжбүрлеп айыру жағдайларын ерекше деп танудың нақты критерийлері айқындалмады.

      Конституциялық Кеңес, қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге орынсыз жиілетіп өзгерістер мен толықтырулар енгізу заң шығармашылығы процесіндегі кемшіліктердің бірі болып табылатынына мемлекеттік органдардың назарын аудару қажет деп есептейді. 2012 жылдың өзінде ғана Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155-ІІ Қазақстан Республикасының кодексіне 25 заңмен түзетулер енгізілді, "Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексіне) – 20 заңмен, "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Қазақстан Республикасының кодексіне – 9 заңмен түзетулер енгізілді.

      Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және оларға түзетулер енгізуді ретке келтірудің, уәкілетті органдардың заң шығарушылық және өзге де норма шығармашылық қызметті үйлестірудегі рөлін күшейтудің жолдарын айқындау мақсатқа сай болар еді.

      Негізгі Заң конституциялық заңдылық режимін нығайтуда Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне, Үкіметіне, Конституциялық Кеңесіне, сот жүйесіне, прокуратура органдарына маңызды рөл арнайды. Сонымен бірге, елдегі конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдары мен лауазымды тұлғаларының, ұйымдары мен азаматтарының міндеті болып табылады.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


Төрағасы

И.РОГОВ.



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады