2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 217-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 мамырдағы № 15-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 217-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі – В.Е. Порожняктің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – алқа төрағасының орынбасары И.О. Вранчевтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында В.Е. Порожняктің өтініші бойынша 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 217-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына В.Е. Порожняктің ҚПК-нің 217-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      Аталған қылмыстық-процестік норма тергеу судьясының жәбiрленушi мен куәдан жауап алуы (айғақтарды сақтауға қою) прокурордың, күдіктінің (ол болған жағдайда), қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатының, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзiледi. Егер күдiктiнiң жауап алуға қатысуы жәбiрленушiнiң, куәнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, күдiктi жауап алуға шақырылмайды деп айқындайды. 

      Өтініш субъектісінің пікірінше, тергеу судьясының жәбірленуші мен куәдан жауап алуы (айғақтарды сақтауға қою) кезінде қатысуға құқығы бар адамдардың тізбесінде қорғалуға құқығы бар куәнің және оның адвокатының болмауы Конституцияның әркімнің білікті заң көмегін алу (13-баптың 3-тармағы), ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану (16-баптың 3-тармағы) құқықтары, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы (14-бап) туралы ережелеріне қайшы келеді.

      Өтініш нысанасына қатысты ҚПК-нің 217-бабы үшінші бөлігі ережелерінің конституциялылығын қараған кезде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қылмыстық процестің жаңа қатысушысы – қорғалуға құқығы бар куә заңнамалық тұрғыдан алғаш рет 2014 жылғы 4 шілдедегі ҚПК-де көзделді. Кейіннен оның процестік мәртебесі, құқықтары мен міндеттері Қазақстанның қылмыстық-процестік заңнамасын дамытуда нақтыланды.

      Конституциялық Кеңестің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысында "Қылмыстық-процестік кодекске енгізілетін түзетулермен қорғалуға құқығы бар куәнің құқықтық жағдайы өзгереді және оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Заңмен ол өз құқықтары мен мүдделерін немесе өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушыларға жатқызылады (Заңның 1-бабы 1-тармағының 1), 2), 5) және 8) тармақшалары). Мұндай регламенттеу өзіне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы болжам бар адамға ол сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тартылған кезден бастап неғұрлым нақты процестік мәртебе беруге, оның конституциялық құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған, бұл Негізгі Заңның 13-бабының 1 және 3-тармақтарына және 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес келеді" деп атап өтілді.

      ҚПК-нің 65-1-бабында адамға қорғалуға құқығы бар куә мәртебесін беру шарттары және оның құқықтық жағдайы айқындалады. Адам, егер ол қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда оны жасаған адам ретінде көрсетілсе не қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақтар берсе, бірақ бұл адамға процестік ұстап алу қолданылмаса не оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарылмаса, осы процестік мәртебені алады.

      Қазіргі уақытта оның құқықтық жағдайы, жекелеген өзгешеліктерді қоспағанда, күдіктінің мәртебесіне барынша жақындатылды.

      2. Конституцияның 13-бабының 3-тармағында әркімнің білікті заң көмегін алу құқығы бекітіледі. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.

      Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге байланысты мәселелер "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен, Республиканың процестік және өзге де заңдарымен регламенттеледі.

      ҚПК-нің 67-бабының бірінші бөлігінде қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы егер: бұл туралы күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтiнiшхат берсе, процеске мұндай қатысушы кәмелеттік жасқа толмаса не дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса және басқа да бірқатар жағдайларда міндетті деп көзделеді. Аталған жағдайда қорғаушыны күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргізетін орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы адвокаттардың кәсiби ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарылады (ҚПК-нің 67-бабының үшінші бөлігі).

      Заң шығарушы қылмыстық процестi жүргізетін органға, егер адвокатты жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі шақырмаса, кәмелетке толмағандар болып табылатын немесе сот ісін жүргізу тілін білмейтін не өзінің дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін адвокаттың қатысуын қамтамасыз ету міндетін жүктейді (ҚПК-нің 76-бабының екінші бөлігі).

      Қазіргі уақытта заң шығарушы қорғалуға құқығы бар куәні мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың тізіміне енгізбеген. Сонымен бірге, ҚПК-де оның өз бетінше немесе өзінің туыстары не сенім білдірген адамдары арқылы адвокатты қорғаушы ретінде шақыру және оның қатысуымен айғақтар беру құқығы көзделеді (65-1-баптың екінші бөлігінің 6) және 7) тармақтары). Бұл әркімнің білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығына (Негізгі Заңның 13-бабының 3-тармағы) сәйкес келеді.

      Конституциялық Сот Конституцияның 13-бабының 3-тармағы заң көмегі тегін көрсетілетін жағдайларды айқындауды заң деңгейіне жатқызатынын атап өте отырып және заңдардың қабылдануы Республика Парламентінің құзыретіне кіретінін ескере отырып, ҚПК-нің 217-бабы үшінші бөлігінің Негізгі Заңның осы нормасына сәйкес келмейді деп ойламайды.

      ҚПК-нің 217-бабының үшінші бөлігі өзінің мазмұны бойынша Конституцияның 16-бабының 3-тармағына да қайшы келмейді, мұнда ұсталған адамның ұсталған кезден бастап, тұтқындалған адамның тұтқындалған кезден бастап, ал айыпталушының айып тағылған кезден бастап адвокат (қорғаушы) көмегін пайдалануға құқығы бар деп айқындалады.

      Қорғалуға құқығы бар куә ұсталған адам, тұтқындалған адам не айыпталушы болып табылмайды және тиісінше осы мәртебеде оған аталған конституциялық ереже тікелей қолданылмайды.

      Конституциялық Сот Конституцияның 14-бабында жазылған ережелерге қатысты Конституциялық Кеңестің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақты шарттар мен мән-жайлар заңдарда айқындалатыны туралы құқықтық ұстанымын бұрынырақ та растаған болатын (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 27 наурыздағы № 6, Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2, 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулылары және басқалар).

      Тұтастай алғанда, ҚПК нормаларына жүргізілген талдау өз құқықтары мен мүдделерін немесе өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын, процеске тиісті қатысушы процестік мәртебесіндегі әрбір адамның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, құқықтары мен міндеттерінің тең болуын көрсетеді.

      3. Конституциялық Сот қаралып отырған қылмыстық-процестік норманың Негізгі Заңға қайшы келмейтінін атап өтіп, құқық қолдану практикасында айғақтарды сақтауға қою кезінде қорғалуға құқығы бар куәнің қатысу қажеттігі мәселесін шешуді тек тергеу судьясының қарауына қалдыру кейіннен осы адамның күдікті (айыпталушы) мәртебесінде процестік құқықтарының шектелуіне алып келуі мүмкін деп пайымдайды.

      Тергеу судьясының жәбірленушіден (куәдан) жауап алу рәсімі тараптардың жарыспалылық қағидатын іске асыру үшін қажет. Осыған байланысты қаралып отырған нормада көзделген күдіктінің (ол болған кезде) және/немесе оның қорғаушысының мұндай жауап алу кезінде қатысу міндеті өте маңызды. Алайда қылмыстық қудалау органының қорғалуға құқығы бар куәні күдікті мәртебесіне уақтылы ауыстырмауы оның процестік мүмкіндіктерін, оның ішінде тергеу судьясы жәбірленушіден (куәдан) жауап алу кезінде қатысу құқығын шектеуі мүмкін.

      Жәбірленушінің (куәнің) айғақтары сақтауға қойылғаннан кейін күдікті (айыпталушы) деп танылған адамның өзіне қарсы көрсететін адамдардан жауап алу мүмкіндігінің болмауы да Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды) 14-бабы 3-тармағының е) тармақшасында көзделген ең төмен кепілдік туралы талаптарға толықтай сай келмейді.

      Заң шығарушы бекіткен қорғалуға құқығы бар куәнің өзіне қарсы куә болғандармен беттесу (ҚПК-нің 65-1-бабы екінші бөлігінің 15) тармағы) құқығы ҚПК-нің жәбірленушінің (куәнің) айғақтарын сақтауға қою мәселелерін регламенттейтін ережелерімен жеткілікті дәрежеде сәйкес келмейді.

      Тергеу судьясының кәмелетке толмаған куәлардан (жәбірленушілерден) жауап алуы (айғақтарды сақтауға қою) психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін олардан кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында жүзеге асырылатыны туралы ереже (ҚПК-нің 217-бабының бірінші бөлігі) құқық қолдану практикасында қорғалуға құқығы бар куәнің осындай адамдармен беттесуді талап ету мүмкіндігін шектейді.

      Айғақтарды сақтауға қою рәсімі де айғақтарды сақтауға қою кезінде сот отырысына қатысу құқығы (ҚПК-нің 70-бабы екінші бөлігінің 7) тармағы) берілген қорғаушының өкілеттігін бекітетін нормамен сәйкес келмейді.

      Конституциялық Сот адамнан күдікті ретінде немесе қорғалуға құқығы бар куә ретінде жауап алу негіздерінің нақты аражігінің жоқ екенін де атап өтеді, бұл процеске аталған қатысушылардың құқықтық мәртебесіндегі айырмашылықтарға байланысты жауап алынатын адамның құқықтарына нұқсан келтіруге алып келуі мүмкін.

      Мәселен, көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер адамды қылмыс жасаған адам ретінде тікелей көрсететін жағдай сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға мұндай адамнан күдікті ретінде не қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде өз қалауы бойынша жауап алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ҚПК-де жол берілетін қалаудың нақты өлшемдері, шекарасы мен шарттары айқындалмаған, бұл құқық қолданушыға оны өз бетінше интерпретациялауға мүмкіндік береді.

      Сондай-ақ, заң шығарушы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қандай мерзімде және қандай мән-жайлар туындаған кезде қорғалуға құқығы бар куәні күдікті мәртебесіне ауыстыратынын немесе керісінше оны өз құқықтары мен мүдделерін немесе өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын қылмыстық процеске қатысушылар тобынан шығаратынын айқындамаған.

      Атап өтілген мәселелер қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде болатын адамның құқықтарын қорғауды құқықтық регламенттеудің жеткіліксіздігін және процеске осы жаңа қатысушының құқықтық жағдайына байланысты қылмыстық-прпоцестік нормаларды одан әрі жетілдіру қажеттігін куәландырады.

      Осы жазылғандардың негізінде, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 217-бабының үшінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу ұсынылсын.

      Қолданылған шаралар туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады