"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 30-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Б.А. Асылгазиевтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі – вице-министр В.Ю. Дудниктің,

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – вице-министр Е.Д. Оспановтың,

      Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі – вице-министр М.Т. Ошурбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілі – Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғ.Е. Серғазиннің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.К. Батталовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының өкілі – Радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалының директоры А.О. Айдархановтың,

      "Семей" медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі – Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты директорының міндетін атқарушы А.М. Тоқановтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Б.А. Асылгазиевтің "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Р.А. Подопригораны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Хамзинаның, "құқықтану" мамандығы бойынша философия докторы (PhD) М.Х. Хасеновтің қорытындыларын және конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет мемлекеттердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Заңның 13-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Аталған бапта ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен және радиоактивті шөгiндiлердiң әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын азаматтарды зейнетақыға үстемеақы, еңбекке қосымша ақы және ақы төленетін қосымша демалыс түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді.

      Өтініш субъектісі бұрын осындай аумақтардың бірінде тұрған және сынақтардың салдарынан зардап шеккен адам болып табылады, бұл өзіне берілген куәлікпен расталады. Қазіргі уақытта ол аталған аумақта тұрмайды.

      Өтініш беруші Заңның 13-бабы Конституцияның заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең (1-тармақ) және кемсітушілікке жол бермеу (2-тармақ) жөніндегі 14-бабына сәйкес келмейді деп есептейді.

      Заңның 13-бабын бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар азаматтық сот ісін жүргізуде (Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық соты, 2022 жылғы 1 қарашадағы шешім және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы, 2022 жылғы 27 желтоқсандағы қаулы) өтініш берушінің жалақыға үстемеақыны өндіріп алу және қосымша еңбек демалысына ақы төлеу туралы талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан кезде қолданған.

      Заңның 13-бабының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Аталған норма заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын айқындайтын, Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесі үшін негіз болып табылады.

      Конституциялық дәрежеге ие заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кемсітушілікке тыйым салу қағидаты құқықтық мемлекеттің ажырамас қағидаты болып табылады. Ол әлеуметтік мемлекеттің функцияларын іске асырумен байланысты бөлігін қоса алғанда, қоғам өмірінің барлық саласында қолданылады.

      Бұған дейін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Конституцияның Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны туралы ережесі Қазақстан мемлекеттің мүмкіншілігіне қарай отырып, өзінің азаматтарына игілікті өмір сүру үшін жағдай жасау және жеке адамның еркін дамуы арқылы әлеуметтік теңсіздікті жұмсартуға міндеттеме алатын мемлекет ретінде дамуға ниет танытады дегенді білдіретінін атап өткен болатын (2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2 қаулы).

      Бұл ереже Қазақстан Республикасының бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарға, табысы аз адамдарға, сондай-ақ қандай да бір мән-жайларға байланысты мемлекеттің көмегін қажет ететін өзге де адамдарға қолдау көрсететінін де білдіреді. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қолайсыз экологиялық ахуал, төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтар да мұндай көмекті алушылар болып табылады.

      Қазақстанда Семей облысының және Семей ядролық сынақ полигонына (бұдан әрі – Семей полигоны) іргелес жатқан Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары аудандарының (кейінгі өзгерістерді қоса алғанда 1992 жылғы әкімшілік-аумақтық бөліністе) аумақтары экологиялық апат аймағы деп танылды. Заңның кіріспесінде Семей полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар адамдардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға орны толмас зиян келтіргені, халықтың жалпы аурулары мен өлімін көбейткені атап өтіледі.

      2. Қазақстан Республикасы өзінің әлеуметтік мемлекет ретіндегі мақсатын растай отырып, Семей полигонында ұзақ уақыт ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету міндеттемелерін қабылдады, бұл қаралып отырған Заңда көрініс тапты.

      Заңда ядролық сынақтар жүргізілген кезде радиоактивті шөгiндiлердiң әсеріне ұшыраған аумақтар түр-түрге бөлініп, осындай сынақтардың салдарынан зардап шеккен, Заңның күші қолданылатын азаматтардың санаттары мен мәртебесі белгіленді, аумақтарды экологиялық жағынан сауықтыру қажеттігі және халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру іс-шаралары айқындалды.

      Заңда ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша нақты шаралар да бекітілген. Заңда белгіленген шаралар сараланған сипатқа ие. Мәселен, Заңның 12-бабында көзделген біржолғы ақшалай өтемақы 1949 – 1990 жылдар аралығында экологиялық апат аймақтарында тұрған барлық азаматтарға беріледі. Заңның дау айтылып отырған 13-бабында көзделген шаралар ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен, әртүрлі дәрежедегі радиациялық қауіпті аймақ деп анықталған аумақтарда және жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақта қазіргі уақытта тұрып жатқан адамдар ғана қолданады. Тиісті жеңілдіктерді беру үшін тұратын жерін есепке алу әйелдерге, балаларға, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қатысты Заңның 14-бабында да және әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты 15-бабында да көзделген.

      Заңды қабылдау кезінде мұндай сараланған тәсіл сол кезеңде экологиялық апат аймағында тұрған азаматтардың полигонда бұрын жүргізілген сынақтардың салдарынан қолайсыз факторлардың әсері бар жерде болуымен негізделді. Бұл, өз кезегінде, оларды әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шараларды қажет етті. Қазіргі уақытта, өтінішті қарауға тартылған мемлекеттік органдардың және өзге де адамдардың дәлелдері мен пайымдарынан Заңда көрсетілген аумақтардағы радиоэкологиялық ахуалдың әлдеқайда жақсарғанын және сынақтардан келтірілген зиянға баға беру, тұру, еңбек ету, оқу жағдайларын сипаттау кезінде және тағы басқа кезде мұндай аумақтарда тұру фактісі ғана айқындаушы болып табылмайтынын түсінуге болады. Аумақтарды түрлі радиациялық қауіпті аймақтарға жіктеудің өзі Заң қабылданған кездегідей өзекті емес.

      Сонымен бірге, конституциялық іс жүргізу барысында Заңда көрсетілген аумақтарды – радиациялық ластану тұрғысынан толығымен қолайлы, ал оларда тұрып жатқан адамдар осындай ластанудан жағымсыз экологиялық факторлардың әсеріне ұшырамаған деп тану үшін жеткілікті деректер ұсынылмады. Радиоэкологиялық жағдай тұрақты емес, барлық жерде бірдей емес және тұтастай алғанда егжей-тегжейлі зерттеу мен мониторингті қажет етеді. Заңға сәйкес аталған аумақтар осы уақытқа дейін экологиялық апат аймағы деп есептеледі.

      Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен, экологиялық апат аймағында тұрып жатқан адамдарға ғана қосымша жеңілдіктер беру формальді көзқарас тұрғысынан тең болу қағидатының бұзылуын растауы мүмкін. Алайда, конституциялық тең болу қағидатын азаматтардың қандай да бір санаттарының түрлі мән-жайларын ескермей қолдануға болмайды. Бұл жағдайда тұрғындарға экологиялық ахуалдың қолайсыз әсері бар экологиялық апат аймағында тұратын жері осындай мән-жай болып табылады.

      Заңда көрсетілген аймақтарда және одан тыс жерлерде тұрып жатқан зардап шеккен азаматтар әртүрлі уақыт аралығында әртүрлі дәрежеде тең емес жағдайларда болды және болуда, бұл нормативтік құқықтық актілерде оларға әртүрлі тәсілдерді алдын ала айқындайды. Заң шығарушы осындай тең емес жағдайлардағы адамдар үшін қорғаудың әртүрлі деңгейін белгілеуге құқылы. Әлеуметтік қорғау шаралары мен оларды ұсыну шарттарына сараланған тәсіл әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі болып табылады (2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 3-бабы).

      Бұл ретте мемлекет мынадай заңды мақсатты көздейді – осы уақытқа дейін қолайсыз қоршаған ортада болатын және басқа адамдармен салыстырғанда жағымсыз факторлардың әсерінен зардап шегіп жүрген адамдарға қолдау көрсету. Заңның 13-бабының ережелері басқа адамдардың, оның ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккендердің құқықтарын шектеу немесе өзгедей кеміту мақсатын немесе салдарын көздемейді. Олар ақылға қонымды (қосымша қолдау қажеттігі) және объективті (тиісті аумақтарда тұратын адамдар үшін сақталатын қауіптер) өлшемшарттарға негізделген.

      Бұл тұжырым халықаралық құқықтық құжаттардың ережелерімен үйлеседі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінің № 18 (1989) жалпы тәртіп ескертпесінде құқықтар мен бостандықтарды тең негізде пайдалану кез келген жағдайда бірдей қарауды білдірмейді деп көрсетілген. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (бұдан әрі – Пакт) пайдаланылатын "кемсітушілік" ұғымы мақсаты немесе салдары барлық адамдардың тең негізде барлық құқықтар мен бостандықтарды тануын, пайдалануын немесе жүзеге асыруын жою немесе кеміту болып табылатын кез келген айырмашылықты, алып тастауды, шектеуді немесе артықшылықты білдіреді деп түсіну керек.

      Халықаралық соттар мен адам құқықтары жөніндегі органдардың прецеденттік практикасында қараудағы қандай да бір айырмашылық кемсітушілік болып табылмайды деп бірнеше рет көрсетілген болатын.

      Қазақстан Республикасы құзыретін танитын Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінің (оның ішінде Қазақстанға қатысты) пайымдарында Комитеттің құқықтық практикасы туралы айтылады, оған сәйкес Пактінің 26-бабында санамаланған белгілерге негізделген кез келген айырмашылық, егер ол ақылға қонымды және объективті өлшемшарттарға негізделсе және Пактіге сәйкес заңды болып табылатын мақсатты көздесе, кемсітушілік болмайды (CCPR/C/126/D/2311/2013). Осыған ұқсас тәсілдер Адам құқықтары жөніндегі еуропалық соттың практикасында да байқалады.

      Заң шығарушының әлеуметтік қорғау саласында түрлі факторларға (мысалы, радиациялық әсердің ауқымы мен уақыты, аумақтардың радиациялық ластану деңгейі және оның организмге әсері, зақымданған аумақтарда жұмыс істеу, қызмет ету немесе оқу және басқалары) негізделген сараланған тәсілді қолдану құқығы ядролық сынақтар немесе техногендік ядролық авариялар мен апаттар салдарынан радиоактивті әсерге ұшыраған адамдарды әлеуметтік қорғау қажеттігіне тап болған басқа мемлекеттердің нормашығармашылық практикасында айқын байқалады.

      3. Өтініштің нысанасына ұқсас мәселелерді бұрын Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі басқа экологиялық қасірет аймағына қатысты қараған болатын ("Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының конституциялылығын тексеру туралы" 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 қаулы).

      Конституциялық Сот Конституциялық Кеңестің осы қаулыда көрсетілген ұстанымдарына қосылады:

      Негізгі Заңның 1, 12, 28, 29 және 31-баптарынан туындайтын денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу құқығын тану және қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті болып табылады. Экологиялық қасірет аймағында тұру және осындай аймақтағы азаматтардың денсаулығына зиян келтіру фактілері мемлекет пен азаматтар арасында конституциялық-құқықтық қатынастардың туындауына негіз болады, олардың шеңберінде соңғыларына келтірілген зиян үшін не оның келтірілу қаупі үшін әлеуметтік өтемақылар мен жеңілдіктер беруге кепілдік беріледі. Бұл ретте заң шығарушы оларды алудың нақты түрлері мен шарттарын айқындауға, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан ақталған өлшемшарттар бойынша азаматтардың құқықтарына саралау жүргізуге құқылы;

      азаматтарға әлеуметтік өтемақылар мен жеңілдіктерді тұрғылықты жерін және денсаулықтан айырылуын қоса алғанда, түрлі өлшемшарттар бойынша саралау қоршаған ортаның зиянды факторлары мен олардың салдарының адамға әсер етуінің түрлі сипатымен байланысты және әлеуметтік тұрғыдан ақталған, негізделген және жол берілген болып табылады;

      экологиялық қасірет аймағында тұратын адамдарды және одан кеткен адамдарды әлеуметтік қорғаудың әртүрлі деңгейі соңғыларын тұрғылықты жері бойынша кемсітуге әкеп соқпайды, өйткені халықтың аталған санаттарын қорғауға әлеуметтік негізделген тәсіл олардың конституциялық құқықтарын шектемейді (кемітпейді). Географиялық мағынасындағы тұрғылықты жері емес, қолайсыз өмір сүру ортасының адам денсаулығына әсері көрсетілген айырмашылықтың негізі болып табылады.

      Сонымен қатар, Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен адамдарға қатысты әлеуметтік қауіптер көбінесе табиғи-климаттық факторларға байланысты, ал ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға қатысты әлеуметтік қауіптер техногендік әсерге байланысты. Радиоактивті зақымданудан туындаған салдар тұратын жеріне ғана емес, көбінесе алынған сәулелену дозасына және тиісті зиянға байланысты және ұзақ уақытқа созылуымен сипатталады, бұл әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру және тиісті құқықтық реттеу кезінде ескерілуге тиіс. Конституциялық Сот шетелдік заңнамада адамның белгілі бір сәулелену дозасын алуы және осындай сәулеленуден келтірілетін зиян ядролық сынақтардан немесе ядролық және радиациялық авариялардан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге негіз болатын тәсілдің бар екендігін атап өтеді.

      4. Мемлекет бұрынғы Семей полигонына байланысты мәселелерге әлі де назар аударып келеді. Бұған Қазақстан Республикасында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ полигон аумағын оңалтудың жаңа тәсілдері көзделетін "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" 2023 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануы дәлел. Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге берілетін жеңілдіктер мәселелері "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексімен (Салық кодексі), 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен, "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңымен, басқа да заңдармен және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен де реттеледі.

      Қазақстанның халықаралық шарттар шеңберінде де тиісті міндеттемелері бар. 2019 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2017 жылғы 7 шілдедегі Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың 6-бабының 1-тармағына сәйкес әрбір қатысушы мемлекет халықаралық гуманитарлық құқықтың және адам құқығы құқықтарының қолданылатын нормаларына сәйкес ядролық қаруды қолданудан немесе сынаудан зардап шеккен, оның юрисдикциясындағы адамдарға жас және гендерлік факторларды ескере отырып, кемсітушіліксіз, медициналық көмекті, сауықтыру және психологиялық қолдауды қоса алғанда, тиісті түрде көмек көрсетеді, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық интеграцияны қамтамасыз етеді.

      Конституциялық Сот заң шығарушы бірқатар ұстанымдар бойынша ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға қатысты әлеуметтік кепілдіктер деңгейін біртіндеп төмендетіп отырғанын, бұл төлемдерді айлық есептік көрсеткішпен (ең төмен жалақының орнына) байланыстырып есептеуге көшуде, қосымша стипендиялар төлеу мен басқа да жеңілдіктер туралы ережелерді алып тастауда көрініс тапқанын атап өтеді.

      Заңның 13-бабының жекелеген ережелерінің күші экологиялық апат аймағында тұрып жатқан көптеген азаматтарға: дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, тәуелсіз жұмыскерлерге қолданылмайды.

      Бұдан басқа, Заңның 13-бабында көзделген төлемдер бойынша жүктемені мемлекет қана емес, сол сияқты айтарлықтай шамада жұмыс берушілер – мемлекеттік емес субъектілер де көтереді, бұл баптың мазмұны негізге алынып, зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жауапкершіліктің пропорционалды бөлінбегенін көрсетеді.

      Конституциялық Сот Заңның кейбір ережелерінде (2, 10, 1215-баптар) әлеуметтік қорғауды алушыларды дәлме-дәл айқындауға мүмкіндік бермейтін сәйкессіздік бар екенін, бұл әртүрлі құқық қолдану практикасына алып келетінін атап өтеді.

      Семей полигонынан сақталып отырған келеңсіз салдарды ескере отырып, Конституциялық Сот ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды (осы азаматтардың ұрпақтарын қоса алғанда) әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуді қажет деп есептейді, бұл Конституцияда жария етілген әлеуметтік мемлекеттің сипаттамасына сәйкес келетін болады, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру құқығы, денсаулықты сақтау құқығы, өмір сүру мен денсаулыққа қолайлы айналадағы ортаны қорғау туралы конституциялық ережелерді іске асыруға ықпал ететін болады (Конституцияның 28, 29 және 31-баптары). Әлеуметтік қорғау шараларын күшейту көрсетілетін көмек түрлерін де, оның көлемін, мөлшерін, сондай-ақ алушылар аясын да кеңейтуді көздейді.

      Зақымдалған аумақтардағы қазіргі радиоэкологиялық ахуалды, иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған, осы аумақтарда да, одан тыс жерлерде де тұратын халық үшін медициналық салдарды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, медициналық және өзге де факторларды ескере отырып, зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелерінде жаңа қағидаттар мен тәсілдер зерделеніп, ұсынылуға тиіс.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған ұстанымдарын ескере отырып, ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады