"Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 57-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағалық етуші – Төраға орынбасары Б.М. Нұрмұханов, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және Е.Ж. Сәрсембаев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі М.Б. Кинтоновтың және оның өкілі – адвокат Ю.В. Соколовтың,

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – Төраға орынбасары С.С. Мүксімовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Г.А. Ауғанбаеваның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілі – корпоративтік қаржы мәселелері жөніндегі вице-ректор Ұ.А. Бекіштің,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында М.Б. Кинтоновтың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет туралы заң) 16-бабы 3-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған азаматтарды мемлекеттiк қызметке қабылдауға мерзімсіз тыйым салуды белгілейтін Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағы 11) тармақшасының (бұдан әрі – дау айтылып отырған құқық нормасы) Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 24-бабының 1-тармағына, 33-бабының 2 және 4-тармақтарына және 39-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан өтініш берушінің Қостанай облысы Қостанай қалалық халық сотының 1988 жылғы 23 желтоқсандағы заңды күшіне енген үкімімен Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 134-бабының екінші бөлігінде көзделген ауыр қылмысты (адамдар тобының қарақшылық шабуылы) жасағаны үшін сотталып, оған мүлкі тәркіленбей және үкімді орындауды екі жылға кейінге қалдыра отырып, үш жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалғанын түсінуге болады.

      Өтініш беруші мемлекеттік қызметке кіру кезінде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын көрінеу жалған құжаттар мен мәліметтерді ұсынғаны үшін, сондай-ақ мемлекеттік лауазымға тағайындалу кезінде белгіленген талаптарға сай келмеуіне (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 61-бабы 1-тармағының 16) және 17) тармақшалары) байланысты Қостанай облысы әкімінің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 268-р/к өкімімен "Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымынан босатылған.

      Өтініш субъектісі дау айтылып отырған құқық нормасы әркімнің еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын және азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу қағидатын бұзады (Конституцияның 24-бабының 1-тармағы және 33-бабының 4-тармағы), Конституциялық Соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келмейді, Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 10) тармақшасына қайшы келеді және кері күші жоқ деп ойлайды. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 79-бабының бірінші және тоғызыншы бөліктерінің ережелері бойынша сотталғандығы жойылған кезде барлық қылмыстық-құқықтық салдардың күші жойылады және адам сотталған болып есептелмейді.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 45-бабының 1-тармағына және 50-бабының 2-тармағына сәйкес Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің, оның ішінде өтініш берушінің өтінішінде көрсетілген бөлігінде ғана конституциялылығын тексереді. Өтініш субъектісі көрсеткен Мемлекеттік қызмет туралы заңның нормасы оған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу бөлігінде ғана қатысты.

      Мемлекеттік қызмет туралы заңның қаралатын ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 33-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бекітілген. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана негізделеді және заңмен белгіленеді.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 1-бабының 6) тармақшасы). Бұған дейін Конституциялық Сот осы кәсіби қызмет жария-құқықтық сипатқа ие және оны мемлекеттік қызметшілер мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында жүзеге асырады деп атап өткен болатын. Мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін арттыруды, берілген лауазымдық өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы).

      Заң шығарушы азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және адамгершілік қасиеттеріне және тиісінше олардың әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығы мен әділдігіне күмән келтірмеуі үшін олардың жария билік орындаушысы ретіндегі беделіне жоғары талаптар белгілеуге құқылы.

      Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең конституциялық құқығы конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (39-баптың 1-тармағы). Бұл ретте мұндай шектеулер әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сәйкес келуге тиіс (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 28-НҚ және 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылары).

      Еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқықтары іргелі конституциялық құқық болып табылады (Негізгі Заңның 24-бабы). Ол еңбекті еркін таңдау немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісу, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік ету, қызмет пен кәсіп түрін таңдау құқығын қамтиды (2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 5-бабы). Еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқықтары азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығын іске асырумен тікелей байланысты (Конституцияның 33-бабының 4-тармағы және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ нормативтік қаулысы).

      Осы құқықтық тәсілдер Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (ХХІ) резолюциясымен қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, мемлекеттерге мемлекеттік қызметке кіруге негізделген шектеулер белгілеуге мүмкіндік беретін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 25-бабының ережелерімен үйлеседі.

      2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (бұдан әрі – Конвенция) әрбір қатысушы мемлекет жария лауазымдарға кандидаттарға қатысты өлшемшарттарды белгілеу үшін Конвенцияның мақсаттарына сәйкес, сондай-ақ қылмыстың қауіптілік дәрежесін ескере отырып және өзінің құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарына сай келетін шамада тиісті заңнамалық және әкімшілік шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастырады. Конвенция ережелеріне сәйкес осындай деп танылған қылмыстарды және қолданылатын заңды наразылықтарды немесе әрекеттердің заңдылығын белгілейтін басқа да құқықтық принциптерді анықтау әрбір қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасы аясына жатады, осындай қылмыстар үшін қылмыстық қудалау және жазалау соған сәйкес жүзеге асырылады (Конвенцияның 30-бабының 9-тармағы).

      1958 жылғы 25 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы қабылдаған және 1999 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушіліктер туралы конвенцияда ерекше талаптарға негізделген белгілі бір жұмысқа қатысты кез келген айырмашылық, жол бермеушілік немесе артықшылық кемсітушілік болып есептелмейді деп белгіленген.

      2. ҚК-нің 79-бабының ережелері бойынша қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап сотталғандығы жойылған немесе алып тасталған кезге дейiн сотталған болып есептеледi.

      Сотталғандық мемлекеттің тағайындалған жазасын өтегеннен кейін де құқықтық салдарға әкеп соғатын қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолданған сотталған адамның ерекше құқықтық жағдайын білдіреді. Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты сотталғандықты мерзімінен бұрын алып тастауға жол берілмейді, сотталғандық ауыр қылмыстары үшін жазасын өтегеннен кейін алты жыл өткен соң және аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтегеннен кейін сегіз жыл өткен соң жойылады.

      Қылмыстық заңда негізгі жазамен қатар, сот кінәлі адамға қолданатын қосымша жазалар көзделген. Қосымша жаза түрлерінің бірі – сотталған адамға мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында белгілі бір лауазымдарды атқаруға не белгілі бір кәсіптік немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұратын белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру (ҚК-нің 40-бабы үшінші бөлігінің 3) тармағы және 50-бабы).

      Осы жаза түрінің мерзімін есептеу тәртібі ҚК-нің 50-бабында айқындалған. Мұндай құқықтан айыру – бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге, ал кейбір қылмыс түрлері мен сотталғандардың санаттары үшін өмір бойына белгіленеді.

      Сотталғандықты жою мерзімі – негізгі және қосымша жаза түрлерін, ал соңғысы өмір бойына тағайындалған кезде негізгі жаза түрін өтеу кезінен бастап есептеледі. Сотталғандықты жою немесе алып тастау, өмір бойына тағайындалған қосымша жаза түрімен белгіленген шектеулерді және сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындаған жағдайды қоспағанда, барлық қылмыстық-құқықтық салдардың күшiн жояды (ҚК-нің 79-бабының бесінші, тоғызыншы және оныншы бөліктері).

      3. Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап одан айрылады (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 8-бабы).

      Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабының 3-тармағында мемлекеттік қызметке қабылдауға болмайтын азаматтардың санаттары айқындалған. Олардың қатарына ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталғандар көрсетілген.

      Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 10) және 12) тармақшаларында мемлекеттік қызметке кіру уақытына заңда белгіленген тәртіппен (қылмыс санатына қарамастан) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар азаматтар және қылмыстық топ құрамында (ҚК-нің 3-бабының 24) тармағы) қылмыс жасаған адамдар үшін ұқсас мерзімсіз тыйым салу көзделген.

      Мемлекеттік қызмет туралы заң барлық кандидаттарға қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылу фактілері туралы хабарлау міндетін жүктейді және оны тиісінше орындамаудың құқықтық салдарын көздейді. Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабының 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе қасақана бұрмалау – мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға (16-баптың 4-тармағы), ал мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын көрінеу жалған құжаттарды немесе мәліметтерді ұсыну фактілерінің кейіннен анықталуы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болып табылады (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 61-бабы 1-тармағының 16) тармақшасы).

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2021 жылғы 14 қыркүйекте № 24350 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 158 бұйрығымен бекітілген және Мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесінің (бұдан әрі – жеке іс құжаттарының тізбесі) 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес жеке іс әртүрлі мәліметтер, атап айтқанда, мемлекеттік қызметшіні, оның жұбайын (зайыбын) және жақын туыстарын қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы (қашан, не үшін) көрсетілген мемлекеттік қызметшінің өмірбаянын қамтиды.

      Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіру, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқықтарына келтірілген заңнамалық шектеулер қылмыстық жауаптылық шараларына жатпайды, өйткені олар қылмыстық-құқықтық сипатта болмайды. Оларды заң шығарушы жоғары беделдік талаптар қойылатын мемлекеттік лауазымдарға орналасуға ерекше конституциялық-құқықтық дисквалификациялық кедергі ретінде енгізді, бұл олардың құқықтық актілерді қабылдауға тікелей қатысуымен және қоғам мен мемлекет алдындағы ерекше жауапкершілігімен негізделеді.

      Мемлекеттік қызмет туралы заңда көзделген аталған шектеу адамның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталуының салдары және сотталғандықтың жалпы құқықтық салдары болып табылады.

      Аталған тәсілдерді және заң шығарушының Негізгі Заңда бекітілген өкілеттіктерін ескере отырып, Конституциялық Сот бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған азаматтардың сайланбалы лауазымдарға сайлануына және мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілейтін Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 8) тармақшасын және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасын Конституцияға қайшы келмейді деп таныған болатын (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ және 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 28-НҚ нормативтік қаулылары).

      Осыған ұқсас шектеулер азаматтардың құқық қорғау органдарындағы ("Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы), арнаулы мемлекеттік органдардағы ("Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы) қызметке, келісімшарт бойынша әскери қызметке ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағының 6) және 10) тармақшалары) және басқа органдарға қызметке кіруі кезінде белгіленген.

      Қоғам тарапынан мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық болып табылады деген конституциялық нормаға сүйене отырып, сенім болған кезде мемлекеттік қызмет тиімді жұмыс істейді. Бұл мемлекеттік қызметке кіруге және оны өткеруге, лауазымды адамдардың әдептілік мінез-құлқына жекелеген шарттар мен талаптарды белгілеуді негіздейді.

      Бұлардан құқық нормасының дау айтылып отырған бөлігі артық шектеулерді қамтымайды, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы ескеріле отырып, ақылға қонымды негіздемесі бар, Негізгі Заңның 39-бабының ережелерінен туындайтын құқықтық ықпал ету шараларының әділдік пен мөлшерлестік талаптарына сәйкес келеді деген шығады.

      4. Бұған дейін Конституциялық Сот заң нормаларын өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігін болғызбайтын заңдық дәлме-дәлдік талаптарына сәйкестендіру қажеттігіне назар аударып, нормативтік құқықтық актілердің уақыт бойынша және адамдар тобы бойынша қолданылуын дұрыс анықтаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Заңдардың, егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе оны қолданысқа енгізу туралы қаулыда қамтылған болса, кері күші болуы мүмкін (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      Конституциялық Соттың пікірінше, Мемлекеттік қызмет туралы заңда азаматтардың мемлекеттік қызметке кіру шарттарын айқындау кезінде заң шығарушы Конституциядан туындайтын әділдік, теңдік және мөлшерлестік қағидаттары бір мезгілде сақталған кезде Конституцияда қорғалатын құндылықтардың, жария және жеке мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етуге тиіс. Заң шығарушы енгізген құқық нормалары қолданыстағы құқықтық реттеу жүйесіндегі құқықтық анықтық, айқындылық, екіұштылық емес және келісімділік өлшемшарттарына сәйкес келуге тиіс.

      Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес заңды қолданған кезде судья төмендегі принциптерді басшылыққа алуға тиіс: жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.

      Осы конституциялық ережелер ҚК-нің 6-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде жазылып, ашып көрсетіледі, оларға сәйкес іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылады.

      Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.

      Конституциялық Сот азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге конституциялық құқығын іске асыру үшін (мемлекеттік қызметке кіру кезінде) қоғамға қауіпті іс-әрекетке қылмыстық сипат берудің сол дәрежесін сақтау және оны қолданыстағы қылмыстық заңмен ауыр немесе аса ауыр қылмыстар санатына жатқызу фактісін белгілеу маңызды мәнге ие деп пайымдайды. Әрекетке қылмыстық сипат берілмеген кезде немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар санаты онша ауыр емес қылмыстарға ауыстырылған кезде сотталудың бұрын қолданыста болған жалпы құқықтық салдары қолданылмайды. Бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам өзіне қылмыстық заңның іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын жаңа ережелерін қолдану туралы мәселені заңда белгіленген тәртіппен қоюға құқылы. Заң шығарушы қылмыстық жауаптылық шараларын және қылмыстық заң шеңберінде олардың құқықтық салдарын осылайша қайта қараған кезде бұрын сотталған азаматтың құқықтық жағдайы мемлекеттік қызметке кіруге әрдайым кедергі болмайды.

      Мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданып, қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру тәртібі "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – күші жойылған Заң) реттеліп келді. Күші жойылған Заңға мемлекеттік қызметшілер лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарды күшейтетін түзетулер енгізілген болатын. 2013 жылғы 26 наурыздан бастап қолданысқа енгізілген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Заң) күші жойылған Заңның 10-бабының 4-тармағы 7-1) тармақшамен толықтырылып, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу алғаш рет белгіленді. Алайда бұл Заңда енгізілген жаңа талаптың кері күші туралы нормалар көзделмеді.

      2013 жылғы 26 наурыздан бастап 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Заңда белгіленген азаматтардың мемлекеттік қызметке кіру құқығына жаңа шектеу мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтарға қолданылды және заң шығарушы өтпелі ережелерде өзгеше көздемегендіктен, қолданысқа енгізілу кезіне өз мәртебесін сақтап қалған мемлекеттік қызметшілерге қатысты кері күші болмады.

      Конституциялық Соттың пікірінше, Мемлекеттік қызмет туралы заң нормаларын ҚК-нің және ҚПК-нің тиісті ережелерімен өзара байланыста одан әрі жетілдіру кезінде оларды екіұшты түсіну мен құқық қолдану мүмкіндігін болғызбайтын заңдық дәлме-дәлдік және құқықтық анықтылық өлшемшарттарын сақтай отырып, неғұрлым нақты жазу қажет.

      Дау айтылып отырған құқық нормасында соттың белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындауына және оның мерзіміне қарамастан, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға қатысты азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығына мерзімсіз әрі сараланбаған шектеу белгіленген.

      ҚК-нің 79-бабы екінші бөлігінің ережелері бойынша жазадан босатылған адам сотталғандығы жоқ деп танылады. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет туралы заңның дау айтылып отырған нормасында ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған азаматтар үшін ҚПК-нің 37-бабы бірінші бөлігінің ережелерімен өзара байланыста ақтауға алып келмейтін негіздер бойынша өмір бойына дисквалификация белгісі қамтылады.

      Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 10) және 11) тармақшаларына салыстырмалы талдау жүргізу кезінде олардың өзара сәйкессіздігі байқалады, бұл осы нормаларды екіұшты түсінуге алып келеді.

      Аталған норманың 10) тармақшасының мағынасын негізге ала отырып, сотталғандығы жойылған немесе алып тасталған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар деген тұжырым жасауға болады. Мұндай жағдайлардағы жасалған қылмыстың ауырлығын заң шығарушы айқындамаған. Мемлекеттік қызмет туралы заңның дау айтылып отырған 16-бабы 3-тармағының 11) тармақшасында заң шығарушы жойылған немесе алып тасталған сотталғандықтың (ҚК-нің 79-бабы) құқықтық салдарын ескермеген. Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталу фактісінің өзі мемлекеттік қызметке кіру құқығын шектеуге негіз болып табылады.

      Мемлекеттік қызметшінің жеке іс құжаттарының тізбесінде мемлекеттік қызметшілер лауазымына кандидаттардың өмірбаяндарынан алынатын мәліметтерді нақтылау қажет. Мұндай мәліметтер мемлекеттік қызметші лауазымына үміткердің ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылу фактісіне қатысты болуға және Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабының 3-тармағында қолданылатын терминологияға сәйкес жазылуға тиіс. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 158 бұйрығының мемлекеттік қызметке кіретін адамның өмірбаянында жұбайын (зайыбын) және жақын туыстарын қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәліметтерді көрсету туралы талабы артық болып табылады, өйткені ол Мемлекеттік қызмет туралы заңның нормаларында көзделмеген.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 11) тармақшасы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама нормаларымен өзара байланыста құқықтық реттеуді жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады