Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі Н.С. Еранцевтің өкілі – адвокат А.Ю. Карымбаевтың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Құқық түсіндіру және үйлестіру департаментінің директоры Н.С. Жамаладиннің,
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің өкілі – Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы А.Е. Турганбаевтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.Б. Дуйсеновтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Каспий қоғамдық университетінің өкілі – Жеке құқықты ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор М.К. Сүлейменовтің,
М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің өкілі – жеке құқық ғылыми мектебінің адъюнкт-профессоры, Ph.D Candidate Е.Л. Бабаджаняннің,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының докторы Н.Н. Турецкийдің,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Н.С. Еранцевтің 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – АК) 914-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) АК-нің 914-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 13-бабының 2-тармағына және 14-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан Алматы облысы Қонаев қаласы сотының қаралатын талап қою талаптары АК-нің 914-бабына сәйкес сот арқылы қорғалуға жатпайтындықтан 2024 жылғы 29 сәуірдегі ұйғарымымен букмекерлік кеңседен ұтыс сомасын өндіріп алу туралы талап қою жөніндегі азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқанын түсінуге болады.
Осы ұйғарыммен келіспеген өтініш беруші апелляциялық сатыға жеке шағым түсірген. Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да 2024 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымымен АК-нің 914-бабына сілтеме жасай отырып, жеке шағымды – қанағаттандырусыз, ал бірінші сатыдағы сот ұйғарымын өзгеріссіз қалдырған.
АК-нің 914-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу (құмар ойындар мен бәстер) ұйымдастыруға, өткiзуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары, ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде, АК-нің 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды.
Өтініш субъектісінің пікірінше, АК-нің 914-бабының нормасы Конституция ережелеріне қайшы келеді, ұтыс сомаларын өндіріп алу туралы талап қоюлары бойынша сот арқылы қорғалу құқығын шектейді және ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты өзін тең емес жағдайға қояды.
АК-нің дау айтылып отырған нормасының конституциялылығы мәселесін қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасы әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік береді (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы), бұл құқық ешбір жағдайда да шектелуге жатпайды (Конституцияның 39-бабының 3-тармағы).
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (XXI) резолюциясымен қабылданған, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабында да сот пен трибунал алдында жұрттың бәрі тең деп бекітілген. Әрбір адам өзіне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезінде немесе қайсыбір азаматтық процесте өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтау кезінде заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және бейтарап сот арқылы ісі әділетті және жария талқылауын талап етуге құқылы.
Конституциялық Сот бірқатар қорытынды шешімдерінде атап өткендей, Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтарды белгілейтін заңдардың қабылдануына жол бермеуді білдіреді. Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс (2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ, 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).
Заң алдында тең болу нәсіліне, ұлтына, жынысына, дінге көзқарасына және басқа да мән-жайларға байланысты кез келген кемсітушілік түріне тыйым салуды көздейді. Бұл тең жағдайлар кезінде, осы факторлар негізге алына отырып, ешкімді де құқықтарынан немесе артықшылықтарынан айыруға болмайды және бәрі заң алдында тең жағдайда болуға тиіс дегенді білдіреді.
Бұл ретте осы қағидаттың әмбебап сипаты маңызды, ол мемлекет белгілеген заң талаптары өздеріне қатысы бар азаматтардың барлығына бірдей қолданылуға тиіс дегенді көздейді. Егер ақылға қонымды және объективті өлшемшарттарға негізделмесе және заңды мақсат көзделмесе, азаматтардың жекелеген санаттары үшін ерекше артықшылықтар немесе шектеулер енгізілмейді.
2. Конституцияның 13-бабының 2-тармағында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беріледі. Осы норманың конституциялық-құқықтық мағынасын аша отырып, Конституциялық Сот оны адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс деп белгіленетін Конституцияның 12-бабының 5-тармағымен өзара тығыз байланыста қарау керек деп негіздейді.
Осы конституциялық ережелер кейіннен салалық заңнамада бекіту және реттеу үшін азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың саяси-құқықтық бастауларын белгілейді.
Конституцияның 13-бабында белгіленген әркімнің құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу кепілдігі тек Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарында танылатын құқықтар мен бостандықтарға қолданылады және Қазақстан Республикасы өзін орнықтыратын құқықтық мемлекеттің негізгі, конституциялық қағидаты болып табылады. Мұндай құқықтар мен бостандықтар қолданыстағы құқық нормаларына негізделеді, қоғамдық мүдделерді білдіреді және әділдік, қоғамдық имандылық және құқықтық тәртіп қағидаттарына сәйкес келеді.
3. Көп жағдайда әртүрлі елдердің, соның ішінде Қазақстанның құқықтық жүйелерінде құмар ойындар мен бәс тігуден туындайтын қатынастар негізінен құқықтық қорғауға жатпайды деп танылады. Құқықтық доктрина құмар ойындар мен бәс тігуге кездейсоқтық пен тәуекелге негізделген әрекет деп баға береді. Олардың ерекшелігі – тараптардың заңмен айқындалған қарсы міндеттемелерінің болмауы және кепілдік берілген орындаудың мүмкін болмауы. Мұндай қатынастарда нәтиже тараптардың әрекеттерімен емес, кездейсоқ факторлармен айқындалады, бұл оны құқық нормаларына емес, субъективті мән-жайларға тәуелді етеді. Бұл ретте тараптар, яғни құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастырушылар және оған қатысушылар ұтыс алу кепілдігінсіз мүлкінен немесе өзге де құндылықтарынан айырылу тәуекелін өз еркімен қабылдай отырып, мұндай қатынастарға біле-тұра барады.
АК-нің 914-бабында белгіленген құмар ойындар мен бәс тігуден туындайтын міндеттемелер үшін сот арқылы қорғаудың болмауы олардың жоғарыда аталған құқықтық табиғатына және құқықтық реттеудің негізгі қағидаттарымен үйлеспейтініне негізделген. Қазақстан Республикасының заңнамасы мұндай қатынастарды құқықтық емес деп танып, оларды құқықтық айқындылық қағидатына сәйкес келетін азаматтық-құқықтық міндеттемелерге жатқызбайды және салдары сот арқылы қорғаудан айырады. Бұл тәсіл Конституцияның 13-бабының 2-тармағына қайшы келмейді, конституциялық бақылау органы берген түсінікте мемлекеттің қоғамдық мүдделерді қорғау және заңдарға, құқықтық тәртіп пен қоғамдық имандылыққа сәйкес келмейтін құқықтарды заңдастыруға жол бермеу арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл ерекшелік лицензияланған ойын бизнесі ұйымдарының "Ойын бизнесі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Ойын бизнесі туралы заң) талаптарына сай келетін қызметі шеңберінде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмауға тиіс.
Аталған құқықтық қатынастар азаматтық құқық нормаларымен, атап айтқанда АК-нің 913-бабының 1-тармағымен реттеледі, оған сәйкес мемлекеттiң немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органнан тотализаторлар мен тәуекелге негiзделген басқа да ойындар өткiзуге лицензия алған адамның және осындай ойындарға қатысушылардың арасындағы қатынастар шартқа негiзделген.
Заңда лотерея, тотализатор немесе өзге де ойындарды өткiзу шарттарына сәйкес ұтқан адам болып танылатын адамдарға ойындар бастамашысының (ұйымдастырушысының) ұтыс төлеуі міндеттеледі (АК-нің 913-бабының 2-тармағы).
Ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) аталған мiндеттерді орындамаған жағдайда, лотереяда, тотализаторда немесе өзге ойындарда ұтып алған қатысушыға өзіне ұтысты төлеудi, сондай-ақ келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқығы заңмен беріледі (АК-нің 913-бабының 3-тармағы).
Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметінің ерекшеліктеріне байланысты құқықтық қатынастарды, сондай-ақ ойынды және (немесе) бәс тігуді өткізу кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушы мен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейтін нормалар Ойын бизнесі туралы заңда да, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 9 қазандағы № 175 бұйрығымен бекітілген Ойын мекемесі, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің үлгілік қағидаларында да қамтылады.
Тиісінше, ойын бизнесі субъектілерінің заң шеңберінде жасалған жария шарттарға негізделген міндеттемелерді орындауына байланысты қатынастардың құқықтық негізі болады, оның ішінде аталған қатынастарды сот арқылы қорғаудан айыру туралы жалпы ережеден алып тастайтын АК-нің 914-бабына сәйкес те құқықтық негізі болады, ал олардан туындайтын талаптар соттардың қарауына жатады.
Мұндай жағдайларда сот арқылы қорғаудан бас тарту әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу конституциялық құқығына (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы), 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 359-бабының екінші бөлігіне, АК-нің 913-бабының үшінші бөлігіне және 914-бабына, сондай-ақ сот төрелігінің әділдікті және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттеріне қайшы келеді.
4. Конституциялық бақылау органы заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп бірнеше рет атап өтті. Бұлар заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық қағидаттан туындайды, өйткені мұндай теңдік құқықтық норманы біркелкі түсінген, түсіндірген және қолданған жағдайда ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Заңда конституциялық құқықтарды шектеу негіздері ғана емес, оларды қолданудың нақты тетіктері де көрсетілуге тиіс (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулылары және басқалары).
Алайда, конституциялық іс жүргізу барысында жүргізілген талдау көрсеткендей, АК-нің 914-бабының кейбір ережелері қолданыстағы редакцияда жеткілікті түрде анық тұжырымдалмаған, оларды біркелкі түсінуді және қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді, әртүрлі интерпретациялауға жол береді.
Мәселен, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қабылданғанға дейін АК-нің 914-бабы мынадай редакцияда қолданылды: "Азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу (құмар ойындар мен бәстер) ұйымдастыруға, өткiзуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары, осы Кодекстiң 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды". Мазмұны мен мәні осы нормативтік қаулыда келтірілген АК-нің 913-бабымен өзара байланыста екі нормада құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастырушылармен дауларда екіұшты түсіндіруге жол бермейтін және біркелкі қолдануды қамтамасыз ететін нысанда адамдардың құқықтарын сот арқылы қорғау ережесі тұжырымдалады.
Заңда АК-нің 914-бабы "немесе оларға қатысуға байланысты талаптары" деген сөздерден кейін ", ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде," деген сөздермен толықтырылды. Нәтижесінде аталған норма қолданыстағы редакцияда тотализаторлардың және тәуекелге негізделген басқа ойындардың лицензияланған ұйымдастырушысы мен осындай ойындарға қатысушы арасындағы қатынастарды шартқа негізделген құқықтық қатынастар, нәтижесінде құқық, оның ішінде сот арқылы қорғауға жататын қатынастар деп айқындалатын АК-нің 913-бабының 1-тармағына анық қайшы келе отырып, ойын бизнесі субъектілерімен дауларда құмар ойындар мен бәс тігуге қатысушылардың құқықтарының сот арқылы қорғалуына бір мезгілде рұқсат береді және оған тыйым салады.
Лицензияланған ойын бизнесі субъектісі ұйымдастырған құмар ойындар мен бәс тігуде ұтыс ұтқандардың сот арқылы қорғалуына жол бермеу Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негізгі бастауларына қайшы келеді, өйткені құмар ойындарды лицензияланған ұйымдастырушылардың шарт міндеттемелерін орындамауын өршітеді, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде ойындарға қатысушыларды қаржылық және өзге де шығындарының өтемін алу мақсатында құмар ойындар мен бәс тігуге қайта қатысуға итермелейді және сол арқылы ойыншы, оның отбасы және жалпы қоғам үшін теріс салдары ауырлайды. АК-нің 913-бабында көзделген сот арқылы қорғау құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құмар ойындардың қоғамға теріс әсерін азайту қажеттігімен байланысты және Конституциялық Соттың пікірінше, оны шектеу мүмкін емес.
Конституциялық Сот жоғарыда баяндалған кемшіліктер АК-нің 914-бабының ережелері қолданыстағы редакцияда заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және салдары болжаулы, заңнамалық нұсқамалардың анық болу және екіұшты болмау талаптарына сәйкес келмейтіндігін айғақтайды деп есептейді. Енгізілген толықтыру АК-нің 914-бабының бастапқы мағынасын өзгерткен. Ол өзінің қарама-қайшылығына байланысты ойын бизнесі субъектілерінің пайдасына заң нормаларын өзінше интерпретациялауға мүмкіндік туғызады және оны қолдану кезінде жекелеген конституциялық ережелердің, оның ішінде әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы (13-баптың 2-тармағы), заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кез келген негіздер бойынша кемсітуге тыйым салу (14-бап) туралы конституциялық ережелердің бұзылу ықтималдығы жоққа шығарылмайды.
Бұған дейін Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары "... осы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін айқындайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау кезінде негіз болып табылады" деп баса атап өткен болатын (1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2, 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4, 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулылар және басқалар).
Мұны Конституциялық Сот та атап өтеді және пайымдауынша, құқықтық реттеуде құқық субъектілері құқықтары мен міндеттерінің айырмашылықтарына алып келетін кез келген саралауды заң шығарушы Конституция талаптарын, оның ішінде заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидатына сәйкес келетін талаптарды сақтай отырып жүзеге асыруға тиіс. Конституцияның 14-бабының 1-тармағында көзделген бұл қағидат қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейтінін білдіреді (2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 56-НҚ нормативтік қаулы).
АК-нің 914-бабында көзделген, құмар ойындар мен бәс тігуден (АК-нің 913-бабында көрсетілгендерді қоспағанда) туындайтын міндеттемелер үшін сот арқылы қорғауды алып тастау туралы жалпы ереже анық болғанымен, аталған нормаға 2009 жылы толықтыруларды дайындау және қабылдау кезінде жіберілген құқықтық сипаттағы елеулі олқылықтар оның қолданыстағы редакциясын Конституция талаптарына сай келеді деп баға беруге мүмкіндік бермейді.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 914-бабының ережесі ", ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде," деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасын осы нормативтік қаулыға сәйкес келтіру мәселесін қарасын.
3. Соттардың Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 914-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылған ережесіне негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.
4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |