Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Деректер банкi жөнiндегi келiсiмiне қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 16 маусымдағы N 1397 Жарлығы

      Қаулы етемін:

      1. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Деректер банкi жөнiндегi келiсiмiнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Деректер банкi жөнiндегi келiсiмiне қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастан күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2004 жылғы 16 маусымдағы 
N 1397 Жарлығымен     
Мақұлданған        

  Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге
қарсы құрылымының деректер банкi туралы
Келісім жобасы

      Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы 2001 жылғы 15 маусымдағы  Шанхай конвенциясына қатысушы болып табылатын, бұдан әрi Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер,
      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттердiң арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылым туралы  келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының (бұдан әрi - Аймақтық терроризмге қарсы құрылым) тиiмдi қызметiне тиiстi жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге ұмтылып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар арнайы уәкiлеттi органдардың ақпараттық өзара iс-қимылдарын қамтамасыз ету және оның деңгейiн көтеру сондай-ақ Тараптарды Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетiнде (бұдан әрi - Атқарушы комитет) Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның деректер банкiн (бұдан әрi - деректер банкi) құрып, онда бар ақпаратты пайдаланады.
      Деректер банкi есептеу техникалық құралдарын пайдалана отырып, автоматтандырылған ақпарат жүйесiнiң негiзiнде, сондай-ақ құжаттық материалдарды қатты (қағаз) және өзге де тасушыларда жинақтау арқылы қызмет етедi.

  2-бап

      Тараптар деректер банкiнiң қызметiне қатысты мәселелер жөнінде өзара iс-қимылды қамтамасыз ететiн арнайы уәкiлеттi органдарды айқындап, бұл жөнінде аталған Келiсiмнiң күшiне енуiне қажеттi мемлекетішілік рәсiмдер орындалғаннан кейiн Атқарушы комитеттi алпыс күннiң iшiнде жазбаша нысанда хабардар етедi.
      Арнайы уәкiлеттi органды алмастырылған жағдайда бұл жөнiнде Атқарушы комитетке 10 күн мерзiм iшiнде жазбаша нысанда хабарлама жiберiледi.
      Деректер банкiндегi ақпарат құпия және құпия емес болып екiге бөлiнедi.
      Құпия ақпаратқа ену рұқсаты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымында құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi  келiсiмнiң мүшелерi болып табылатын Тараптарға ғана берiледi.
      Деректер банкiнiң құрылымын, құпия емес ақпаратпен жұмыс iстеу және оларға ену тәртiбiн Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Кеңесi айқындайды.
      Деректер банкiндегi ақпаратты техникалық қорғауға қатысты мәселелер бөлек Келiсiммен реттеледi.

  3-бап

      Деректер банкi Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның құзыретiне жататын, Тараптардың арнайы уәкiлеттi органдарынан түсетiн, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының органдарынан және басқа да көздерден, соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарынан, басылымдардан, телекоммуникациялық жүйелер мен "Интернет" халықаралық компьютерлiк желiсiнен алынатын ақпарат есебiнен қалыптастырылады.
      Деректер банкiнде:
      халықаралық террористiк, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдар, олардың құрылымы, iс-әрекеттерiнiң нысандары мен әдiстерi, көшбасшылары, мүшелерi мен осы ұйымдарға қатысы бар басқа да адамдар жайлы, сондай-ақ есiрткi құралдарының заңсыз айналымын, жүйкеге әсер ететiн заттар мен олардың прекурсорларын қоса алғанда, осы ұйымдардың қаржыландыру көздерi мен арналары туралы;
      терроризм, сепаратизм және экстремизмнiң жай-күйi, таралымының серпіні мен үрдісі туралы;
      террористiк, сепаратистiк және экстремистiк ұйымдарға қолдау көрсететiн ұйымдар мен адамдар туралы;
      терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi шаралар туралы;
      Тараптардың заңнамалары, соның iшiнде Аймақтық терроризмге қарсы құрылыммен өзара iс-қимылды жүзеге асыратын құзыреттi органдардың қызметiн реттейiн ұлттық заңнамалары туралы;
      болған террористiк актiлер, оларды жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерi туралы;
      террористiк актiлердi жасауда қолданылған жарылғыш қондырғылар (жарылғыш қондырғылардың жиынтық бөлiктерi), қарулар, оқ-дәрiлер, уландырғыш және басқа заттар туралы ақпарат жинақталады.

  4-бап

      Атқарушы комитет деректер банкi үшiн ақпарат алу мақсатында бiр немесе бiрнеше арнайы уәкiлеттi органдарға олардың бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша сұрау салу жiбере алады.
      Атқарушы комитет арнайы уәкiлеттi органдардың тиiстi сұрау салуы бойынша отыз күннiң iшiнде деректер банкiнде бар қажеттi ақпаратты бередi.
      Атқарушы комитет тоқсан сайын арнайы уәкiлетті органдарға деректер банкiнде бар мәлiметтер мен материалдардың тiзбесiн жiбередi.
      Атқарушы комитеттiң ақпарат беру туралы сұрау салуларын орындау тәртiбi орындайтын Тараптың ұлттық заңнамасымен реттеледi. Сұрау салуларды орындау мерзiмi отыз күннен аспауға тиiс.
      Сұрау салуларды орындау осы Келiсiмнiң 7-бабында белгiленген тiлдерде жүзеге асырылады.
      Арнайы уәкiлеттi органдар деректер банкiне ақпаратты оның түсуiне қарай жiбередi, оның барынша толықтығы мен растығын қамтамасыз етедi.
      Арнайы уәкілеттi органдар берiлген ақпаратты Тараптардың және Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның мүдделерiне залал келтiрмей пайдаланады.

  5-бап

      Атқарушы комитет деректер банкiн ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етудi, соның iшiнде:
      деректер банкiн басқаруды және пайдалануды;
      Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның Кеңесi бекiтетін деректер банкiне ену, оны пайдалану, деректер банкi мен ақпаратты қорғауға арналған ақпарат тасушылармен жұмыс iстеу тәртiбi туралы нұсқауларды әзiрлеудi және орындауды;
      деректер банкi шеңберiнде ақпаратты қорғау және ақпарат алмасуды бақылауды жүзеге асырады.

  6-бап

      Деректер банкiн құруға, оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, дамытуға, сондай-ақ онда бар ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты шығыстар Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетiнен Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның қызметіне бөлiнетiн қаражат есебiнен өндiрiледi.

  7-бап

      Деректер банкi орыс және қытай тiлдерiнде қалыптастырылуы мүмкін.

  8-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалар түрiнде ресiмделедi және осы Келiсiмнiң 10-бабында белгiленген тәртiппен өз күшiне енедi.

  9-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдану кезiнде туындаған даулы мәселелер мүдделi Тараптардың арасында консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi.

  10-бап

      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және депозитарий осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағандығы туралы төртiншi жазбаша нысанда хабарлама алған күннен бастап отызыншы күнге күшiне енедi.
      Осы Келiсiмнiң депозитарийi Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығы болып табылады.
      Осы Келiсiм Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы 2001 жылғы 15 маусымдағы  Шанхай конвенциясына қатысушы мемлекеттердiң қосылуына ашық. Қосылған мемлекет үшiн осы Келiсiм депозитарийдiң оның қосылуы туралы құжатты алғаннан бастап отызыншы күнге күшiне енедi.
      Тараптардың кез келгенi осы Келiсiмнен шығу үшiн, шығудың межеленген күнiне дейiн он екi ай бұрын депозитарийге жазбаша нысанда хабар жолдай отырып, осы Келiсiмнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабар алған күннен бастап отыз күн iшiнде басқа Тараптарды аталған ниет туралы хабардар етедi.
      200__ жылғы "__" _______ _______ қаласында бiр түпнұсқа данада орыс және қытай тiлдерiнде жасалды, екi тiлдегi мәтiннiң күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасы үшiн

      Қырғыз Республикасы үшiн

      Қытай Халық Республикасы үшiн

      Ресей Федерациясы үшiн

      Тәжiкстан Республикасы үшiн

      Өзбекстан Республикасы үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады