Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметі мәселелері бойынша кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 62 Жарлығы.


      Қазақстан Республикасы Президенті

      мен Үкіметі актілерінің жинағында

      жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметі мәселелері бойынша кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің коса беріліп отырған жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке Қазақстан Республикасының атынан Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметі мәселелері бойынша кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 18 сәуірдегі
№ 62 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
жоба

Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына
мүше мемлекеттердің кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметі
мәселелері бойынша кеден істеріндегі ынтымақтастық және
өзара көмек туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағына мүше мемлекеттер мыналарды негізге ала отырып:

      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты;

      2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты;

      ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) шешімдерін;

      кеден ісі саласындағы ынтымақтастық арқылы достық қатынастарды дамытуға тілек білдіре отырып,

      ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағының (бұдан әрі - Кеден одағы) бірыңғай кедендік аумағында кеден қызметтерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге тілек білдіре отырып,

      кеден қызметтері өкілдіктері қызметкерлерінің болуы мен өзара іс-қимылдар жасауының құқықтық негіздерін құруға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін қолданылатын терминдер мына мағынаны білдіреді:

      Тараптардың кеден қызметтері - Тараптардың кеден ісі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдары;

      Кеден қызметінің өкілдігі - басқа Тараптың аумағында әрекет ететін Тараптың кеден қызметінің уәкілетті ұйымдық бөлімшесі;

      Өкілдік қызметкерлері - Кеден қызметінің өкілдігіне жұмыс істеу үшін жіберілген және осы Келісімнің 3-бабына сәйкес Кеден қызметінің өкілдігіне жүктелген функцияларды орындауға кіріскен адамдар;

      Өкілдік қызметкерлерінің отбасы мүшелері - жұбайлары (зайыптары), балалары, сондай-ақ Өкілдік қызметкерлерімен үнемі бірге тұратын, олардың асырауындағы туыстары.

2-бап

      Тараптар басқа Тараптардың аумағында Кеден қызметтерінің өкілдіктерін құрады.

      Кеден қызметінің өкілдігі заңды тұлғаның құқықтары берілген оқшауланған бөлімше нысанында не Тараптың дипломатиялық өкілдігінің құрамында құрылуы мүмкін.

      Кеден қызметінің өкілдігі осы Кеден қызметінің өкілдігін құрған Тарап заңнамасының негізінде әрекет етеді.

      Кеден қызметінің өкілдігі болатын елдің заңнамасын ұстанады.

      Кеден қызметінің өкілдігін Кеден қызметі өкілдігінің басшысы басқарады.

      Кеден қызметі өкілдігінің басшысы болатын елдің кеден қызметі алқасының мүшесі болып табылады.

      Кеден қызметі өкілдігінің өз мөрі және банк шоты болуы мүмкін.

      Кеден қызметі өкілдігінің қызметі Тараптың кеден қызметінің басшысы бекітетін Ереженің негізінде жүзеге асырылады.

3-бап

      Кеден қызметі өкілдігінің қызметкерлері Тараптардың, кеден қызметтерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:

      Кеден одағының кеден заңнамасын орындау мониторингі;

      Кеден одағының заңнамасын өз құзыретінің шегінде іске асырудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      Кеден одағының кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде кедендік және мемлекеттік бақылаудың өзге түрлерін болатын елде жүзеге асыруды талдау, оларды біріздендіру мен жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауар лектері (транзиттік тауарлар мен жеке тұлғалардың тауарларын қоса алғанда) туралы деректерді талдау;

      болатын елінің кеден қызметі қолданатын кедендік технологияларды зерделеу және Тараптардың кеден қызметтерін оң тәжірибе туралы хабардар ету;

      Тараптардың кеден қызметтері арасында ақпарат алмасуға қатысу.

4-бап

      Кеден қызметі өкілдігінің қызметкерлері өздеріне жүктелген функцияларды орындауды қамтамасыз ету мақсатында өз құзыреті шеңберінде:

      Тараптардың кеден қызметтерінде, Кеден одағының комиссиясында, кеден ісі саласындағы халықаралық ұйымдарда, ЕурАзЭҚ және ТМД кеңістігінде ықпалдасуды басқару органдарында кеден қызметінің мүдделерін білдіруге;

      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру және кедендік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөнінде болатын елдің кеден қызметімен өзара іс-қимыл жасауға;

      болатын елдегі кеден органдарының лауазымды тұлғаларымен проблемалық жағдайларды анықтау мен оларды жою бойынша өзара іс-қимыл жасауға;

      болатын елдің шекаралық, кедендік және Кеден одағының кедендік шекарасында мемлекеттік бақылаудың өзге түрлерін жүзеге асыратын атқарушылық биліктің мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

      Тараптардың өзге де мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

      бірлескен ақпараттық кедендік технологияларды іске асыруға қатысуға;

      құқық қорғау қызметінің мәселелері бойынша халықаралық ақпарат алмасуды жүзеге асыруға қатысуға және Тараптардың кеден қызметтерінің құқық қорғау бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауға құқылы.

5-бап

      Кеден қызметінің өкілдіктерін оқшауланған бөлімшелер нысанында құру кезінде осы Өкілдіктердің басшылары мен басшыларының орынбасарларына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне болатын елде шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық персоналының мүшелеріне берілетін басымдықтар мен иммунитеттер беріледі.

      Кеден қызметтерінің өкілдіктері басшыларының және басшы орынбасарының тиісті штат бірліктері Тараптың дипломатиялық өкілдігінің (сыртқы істер министрліктерінің) құрамына енеді (беріледі, бекітіледі).

      Кеден қызметі өкілдігінің қызметтік үй-жайларына, ресми хат-хабарларына, мұрағаты мен құжатына қол сұғылмайды.

      Кеден қызметтерінің өкілдіктерін қаржыландыруды олар кеден қызметінің атынан өкілдік ететін Тарап жүзеге асырады.

      Тараптар Кеден қызметінің өкілдігін өтеусіз тепе-тең негізде қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме қабылдайды.

6-бап

      Кеден қызметінің өкілдігі болатын елдің кеден қызметі тұрған жерде орналасады.

      Тараптардың кеден қызметтерінің келісімі бойынша Кеден қызметі өкілдігінің қызметкерлері болатын елдің өзге орындарында орналасуы мүмкін.

      Кеден қызметі өкілдігінің құрамын, санын және құрылымын болатын елдің кеден қызметімен келісім бойынша оны құрған Тараптың кеден қызметі айқындайды.

      Кеден қызметі өкілдігі қызметкерлерінің кеден органдарына, сондай-ақ болатын елдің Кеден одағы кедендік шекарасындағы өткізу пункттеріне бару тәртібі болатын елдің кеден қызметтері қызметкерлерінің көрсетілген объектілеріне бару тәртібіне ұқсас.

      Кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз етумен байланысты жекелеген мәселелер Кеден қызметінің өкілдігін құрған Тараппен және болатын елмен келісім бойынша шешіле алады.

7-бап

      Кеден қызметінің өкілдігі қызмет көрсетудің нақты түрлері үшін төлемді білдіретін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді қоспағанда, салықтың барлық түрлерінен және болатын елдің барлық деңгейдегі бюджеттеріне төленетін басқа да міндетті төлемдерден босатылады.

8-бап

      Әрбір Тарап Кеден қызметтері өкілдіктері қызметкерлерінің жеке басын куәландыратын, көлік құралдарын басқаруға арналған құжаттарын, сондай-ақ қызметтік құжаттарын күші бар деп таниды.

      Болатын елдің кеден қызметі Кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметкерлерін олардың мәртебесін растайтын қызметтік құжаттармен қамтамасыз етеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

      Егер дауды Тараптардың бірінің консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы басқа Тарапқа жіберген ресми жазбаша өтініші келіп түскен күнінен бастап алты ай ішінде Тараптар реттемесе, Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.

11-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және ратификациялауға жатады.

      Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.

      2011 жылғы "___" _________ _________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.

Беларусь Республикасы

Қазақстан Республикасы

Ресей Федерациясы

үшін

үшін

үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады