Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығы

      Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                             Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2014 жылғы 18 маусымдағы
841 Жарлығымен     
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін
одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Астана, 2014 жыл

МАЗМҰНЫ

      1. Кіріспе
      2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
      3. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінің ағымдағы  ахуалын талдау, даму үрдістері, пайымы және оны жаңғырту қажеттігі
      3.1. Ағымдағы ахуалды талдау
      3.2. Әлемдік тәжірибеге шолу
      3.3. Іске асыру кезеңдері
      3.4. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
      4. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
      4.1. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары
      4.2. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі бағыттары
      Зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру
      Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін жетілдіру
      Еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың міндетті кәсіптік схемасын жетілдіру
      Әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау
      Халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуын кеңейту және көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің сапасын арттыру
      5. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

1. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі үндеуінде айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан - 2050: стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын ескере отырып әзірленді.
      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін жаңғыртудың қажеттігі:
      1) ортақ зейнетақы мөлшерінің азаюынан және зейнетақы төлем көздерін одан әрі әртараптандыру қажеттігінен;
      2) ұзақ мерзімді демографиялық трендтерден және экономикалық даму циклінен;
      3) зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлуді одан әрі оңтайландыру қажеттігінен туындап отыр.
      Тұжырымдама мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру саясатының 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтарын, сондай-ақ оны іске асыру тетіктерін айқындайды және Қазақстан Республикасындағы зейнетақы өзгерістерін іске асыру тәжірибесі мен зейнетақы жүйесін дамытудың әлемдік үрдістерін бағалауға негізделеді.

2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманы әзірлеудің мақсаты зейнеткер жасында лайықты өмір сүру деңгейін қалыптастыру үшін зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған шараларды әзірлеу болып табылады.
      Тұжырымдаманың міндеттері:
      1) зейнетақы жүйесіне қатысушылардың алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына кепілдік беретін зейнетақы жүйесінің қаржылық орнықтылығын, ашықтығын қамтамасыз ету;
      2) халықты міндетті, сол сияқты ерікті құрамдас бөліктерден тұратын зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту;
      3) зейнеткерлік жасындағы (мемлекеттік, жекеше, кәсіптік, ортақ  және жинақтаушы) табыс көздерін әртараптандыру;
      4) зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
      5) зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың ашықтығын арттыру болып табылады.
      Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетін болады:
      1) базалық деңгейде зейнеткерлер арасындағы кедейлікті азайту  және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыру мақсатында мемлекеттік базалық зейнетақыларды тағайындау тетігі жетілдіріледі;
      2) міндетті деңгейде жинақтаушы құрамдауышы сақталатын болады  және жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5% жарналары есебінен қалыптастырылатын шартты-жинақтаушы қосымша құрамдауышы енгізіледі;
      3) қызметкерлердің және/немесе жұмыс берушілердің ерікті  зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын ерікті - үшінші деңгей сақталып, одан әрі дамытылатын болады.

3. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінің ағымдағы
ахуалын талдау, даму үрдістері, пайымы және оны жаңғырту
қажеттігі

3.1. Ағымдағы ахуалды талдау

      1998 жылы басталған Қазақстанның зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалаудың нәтижесінде:
      1) зейнетақы жүйесін реттеудің заңнамалық базасы қалыптастырылды;
      2) базалық, міндетті (ортақ және жинақтаушы) және ерікті деңгейлерде зейнетақымен қамсыздандырудың көпдеңгейлі жүйесі құрылды және жұмыс істеп келеді;
      3) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік енгізілді;
      4) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің институционалдық базасын дамыту және тиімділігін арттыру мақсатында 2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі - БЖЗҚ) құрылды. 2014 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша онда салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары бойынша 9,6 млн. жеке зейнетақы шоттарында 3,9 трлн. теңге зейнетақы активтері шоғырландырылған;
      5) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың кәсіптік схемасы қалыптастырылды;
      6) зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру тұрақты ұлғайтылуда  және зейнетақы төлемдерінің мөлшері арттырылуда. 1998 - 2013 жылдар аралығында осы мақсаттарға жұмсалған шығыстар 10,6 есе, базалық зейнетақы төлемін ескергенде орташа зейнетақы мөлшері 11,8 есе ұлғайды (3 964 теңгеден 46 661 теңгеге дейін).
      Осылайша, жоғарыда көрсетілген іс-шаралар кешенін іске асыру кірісті зейнетақы төлемдерімен алмастырудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін коэффициентін қамтамасыз етуге жағдай жасайды, ол 2014 жылғы 1 қаңтарда жалпы экономика бойынша орташа айлық жалақының 44,6%-ын құрады.
      Дамудың оң үрдістеріне қарамастан, зейнетақы жүйесінің қолданыстағы параметрлері сақталғанда, алмастыру коэффициенті төмендейді деп күтіледі, ол:
      1) халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесінің (ЖЗЖ) көрсетілетін қызметтерімен қамтылуын тарылтатын бейресми еңбек қатынастарының және экономикадағы көлеңкелі сектордың орын алуына;
      2) қызметкерлердің жекелеген, әсіресе ауыл шаруашылығы секторында өзін-өзі жұмыспен қамтыған санаттарының еңбекақысы деңгейінің төмендігіне;
      3) зейнетақы активтерінің есебінен инвестицияларды тиімді жүзеге асыру үшін отандық қор нарығы өтімділігінің жеткіліксіздігіне;
      4) соңғы 20 жылда жалақының нақты өсу қарқыны мен еңбек өнімділігінің өсу қарқынының арасындағы айырмаға;
      5) инфляцияның салыстырмалы жоғары деңгейінің сақталуына байланысты.

3.2. Әлемдік тәжірибеге шолу

      Соңғы жылдары әлемдік қоғамдастықтың бірқатар елдерінде жүзеге асырылып жатқан зейнетақы жүйелерін реформалау әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық пен халықтың жаһандық қартаю процесінің жылдамдауынан туындап отыр.
      ЭЫДҰ елдерінің көпшілігінде жүргізіліп жатқан зейнетақы реформалары мыналарды:
      1) ең төменгі кепілдіктерді қамтамасыз ете отырып, таратушы  және жинақтаушы схемаларын үйлестіретін көпдеңгейлі зейнетақы жүйелерін енгізуді/сақтауды;
      2) еңбек қатынастарын заңдастыруға және көлеңкелі жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған зейнетақы бағдарламаларын қаржыландыруды сақтандыру тетіктерін күшейтуді;
      3) зейнеткерлік жасты 65-67 жасқа дейін көтеруді және  зейнетақы бағдарламаларын қаржыландыру ауыртпалығын азайту, белсенді еңбек ету мерзімін ұзарту әрі халықтың қартаюы жағдайында еңбек ресурстарының санын тұрақтандыру мақсатында зейнетке мерзімінен бұрын шығу шарттарын қатаңдатуды;
      4) еңбек еткен бүкіл өмірінде зейнетақы резервтерін қалыптастыруға қатысуынан зейнетақы мөлшерінің тәуелділігін күшейтуді (Италия, Швеция, Польша, Ресей Федерациясы);
      5) зейнетақы қорларының қаржылық қызметін бақылауды және қадағалауды күшейтуді (мысалы, Германияда қаржы тәуекелдерін тәуелсіз қадағалауды және басқаруды күшейту туралы заң қабылданды. Норвегияда жекеше зейнетақы қорларының қаржылық орнықтылығын айқындау жүйесі қатаңдатылды) көздейді.
      Таратушы және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
      Ағымдағы қаржыландыруға негізделген таратушы зейнетақы жүйесінің артықшылығы зейнетақы мөлшерінің қаржы нарықтары жұмыс істеуінің және зейнетақы қорлары қызметінің нәтижелеріне тәуелсіздігіне келіп саяды. Мұндай тәсілмен қаржыландырылатын зейнетақылар жалақысы жоғары емес адамдар үшін неғұрлым сенімді қорғауды және алмастырудың неғұрлым жоғары мөлшерлемесін қамтамасыз етеді.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрғындарды алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің енгізілген жарналарға және оларды инвестициялық басқару нәтижесіне тәуелділігін белгілей отырып, жеке жинақтарын жинақтауға және өзінің қарттығын қамтамасыз етуіне ынталандырады.
      Тұтастай алғанда, әлемдік тәжірибені талдау жұмыс істеудің таратушы, сол сияқты жинақтаушы қағидаттарын үйлестіретін көпдеңгейлі модельдер зейнетақымен қамсыздандырудың неғұрлым тиімді әрі қаржылық орнықты жүйелері болып табылатынын көрсетеді.
      Аралас жүйелерді әртараптандыру, сондай-ақ кемшіліктерін түзету  және артықшылықтарын пайдалану есебінен олардың әрқайсысына тән тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

3.3. Іске асыру кезеңдері

      Тұжырымдама ұзақ мерзімді перспективаға арналған.
      Бірінші кезеңде (2016 - 2020 жылдар) құқықтық негіздерді әзірлеу және зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірінші кезектегі шараларын іске асыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
      Бұл кезеңде мынадай негізгі бағыттар іске асырылатын болады:
      1) зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру;
      2) зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу;
      3) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін, оның ішінде зейнетақы төлемдерінің тәртібін және мемлекеттік кепілдіктер институтын жетілдіру;
      4) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін жетілдіру;
      5) әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды реформалау;
      6) халықтың зейнетақы жүйесінің көрсетілетін қызметтерімен қамтылуын кеңейту.
      Екінші кезеңде (2020 - 2030 жылдар) жаңғыртылған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және салымшылар мен зейнетақы төлемдерін алушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру шаралары қабылданатын болады.
      Аталған кезең:
      1)  зейнетақының аударылатын жарнамен, қатысу кезеңімен және зейнетақыға шығу жасымен байланысын күшейту есебінен зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырумен;
      2) базалық зейнетақы төлемінен мемлекеттік кепілдік беру тетігін оңтайландыруға мүмкіндік беретін ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыға өтуді қоса алғанда, зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін одан әрі жетілдірумен;
      3) ЖЗЖ қатысушыларына ғана өмір бойғы зейнетақы төлемдерін (зейнетақы аннуитеті) көздейтін шарт жасасудың міндеттілігін енгізумен сипатталатын болады.

3.4. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асыру:
      1) зейнетақы төлемдерінің барабарлығын және зейнетақымен қамсыздандырудың теңгерімді қаржылық-орнықты жүйесін құруды;
      2) зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі кемінде 35 жыл және жылына аудару жүйелілігі 12 рет болса (халықаралық стандарттар деңгейінде), жоғалтқан жалақысының кемінде 40%-ы деңгейінде жиынтық зейнетақы төлемдерін алмастыру коэффициентін 2030 жылға дейін халықаралық стандарттар деңгейінде сақтау;
      3) 2030 жылға қарай жұмыспен қамтылған халықтың 80%-ын  зейнетақы жүйесінің қызметтерімен қамтуды;
      4) зейнетақы жинақтарының сақталуын;
      5) зейнетақы жинақтарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік институтын оңтайландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Жаңғыртылған зейнетақы жүйесі көпдеңгейлі болып табылады.
      Бірінші деңгей мемлекеттік бюджет қаражаты (ортақ және базалық  зейнетақы төлемдері/ең төменгі кепілдік зейнетақы берілген) есебінен берілетін төлемдерді қамтиды.
      Екінші деңгей:
      1) қызметкердің өзі жүзеге асыратын міндетті зейнетақы жарналары;
      2) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің пайдасына жұмыс беруші аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;
      3) жұмыс берушінің есебінен шартты-жинақтаушы құрамдауышқа міндетті зейнетақы жарналары есебінен берілетін төлемдерді қамтиды.
      Үшінші деңгей ерікті құрамдауыштан тұратын барлық төлемдерді қамтиды.

4. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

4.1. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары

      Алға қойылған міндеттерді тиімді шешу үшін зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізгі қағидаттары:
      1) өзгерістердің дәйектілігі және кезеңділігі;
      2) зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлудің теңгерімділігі;
      3) азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғау;
      4) зейнетақы активтерін басқару процесінің ашықтығы;
      5) зейнетақы жүйесіндегі өзгерістердің жүйелілігі және оларды макроэкономикалық дамуға қарай және онымен өзара байланыста жүзеге асыру болып табылады.

4.2. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі бағыттары

      Зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру

      Әлеуметтік жаңғырту идеологиясына сәйкес халықаралық стандарттарда көзделген зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін іске асыру үшін базалық деңгейде зейнетақымен қамсыздандыруды ұйымдастыруға өзгерістер енгізу ұсынылады.
      Қазіргі кезде зейнеткерлік жасқа жеткен:
      1) ортақ жүйенің қатысушысы болып табылатын және/немесе жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын аударатын адамдарға базалық зейнетақы олардың еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады;
      2) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған адамдарға жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ын құрайды.
      Халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнеткерлер арасында кедейліктің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап:
      1) базалық зейнетақыны азаматтар зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындауға көшуді жүзеге асыру;
      2) зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50%-ы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу;
      3) зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болса, базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ы мөлшерінде белгілеу ұсынылады, ал 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға оның мөлшері 2%-ға ұлғайтылады және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.
      Ұсынылып отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейлікті азайтуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың еңбекке ынтасын күшейтуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға бағытталған.
      Олар қазіргі зейнеткерлердің де, сол сияқты болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді.
      Қазіргі зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады. Бұл еңбек өтілі көп болса да, зейнетке шыққан кезде табыстары туралы мәліметтердің, сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан белгіленген шектеулердің болмауына байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
      Ортақ жүйеден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен кезеңде (2030 жылға дейін) зейнетке шығатын азаматтар үшін базалық зейнетақы:
      1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілін;
      2) 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын төлеу кезеңінде тағайындалады.
      Тек жинақтаушы зейнетақы және шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қатысушылар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (2030 жылдан бастап) олардың зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері зейнетақының ең төменгі әлеуметтік қолайлы деңгейінен төмен болған жағдайда, олар үшін базалық зейнетақыдан ең төменгі кепілдік берілген зейнетақы тағайындауға өту жүзеге асырылатын болады.
      Бұдан басқа, қазіргі зейнеткерлер үшін де, сол сияқты 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін де ортақ  зейнетақы төлемдері сақталады. Ортақ зейнетақыны тағайындау және төлеу базалық, шартты-жинақтаушы және жинақтаушы зейнетақымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Сонымен бірге, ортақ зейнетақы мөлшерін қолданыстағы зейнетақы заңнамасының шарттарында тиімді деңгейде ұстау үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстелетін болады.

Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу

      Зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады.
      Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышында зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты тарату қағидаттары да бар.
      Өздерінің пайдасына жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5% міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушылар болып табылады.
      Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі.
      Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды.
      Жарналар капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады, бұл ретте кіріс инвестициялық қызметтің нәтижелеріне, сондай-ақ қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасатын болады.
      Зейнетақы төлемдеріне құқық басталатын ең төменгі өтіл 5 жылды құрайды. Белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана төлемдер жүргізіледі.
      Зейнетақы төлемдері өмір бойы жүргізіледі. Зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшері демографиялық құрамдас бөлікке және жүйенің қаржылық көрсеткіштеріне тәуелді болады.
      Инфляция деңгейін ескере отырып, жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қолданылмайды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін жетілдіру

      Қызметкерлердің өздерінің 10%-дық аударымдарының есебінен қалыптасатын қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі зейнетақы төлемдері сақталады. Бұл ретте алатын зейнетақы төлемдерінің шамасы азаматтардың жүйеге жарналарды тұрақты түрде аударуына, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының кіріс деңгейіне байланысты болады.
      БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялауды БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мақұлдайтын инвестициялық стратегия шеңберінде жүзеге асырылады.
      БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясы зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін орналастыру Рұқсат етілген қаржылық құралдар тізбесіне енгізілген қаржылық құралдарға жүзеге асырылады.
      Бұдан басқа, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін мынадай өзгерістер қабылданады:
      1) ең төменгі 12 зейнетақыдан аспайтын зейнетақы жинақтарының сомаларын қоспағанда, зейнетақы жинақтарын алып қоюдың паушальды (біржолғы) қағидатын жою;
      2) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін кесте бойынша ғана (ай сайын) не зейнетақы аннуитетін иелену арқылы жүзеге асыру;
      3) зейнетақы аннуитетінің құнын есептеу үшін базалық негізді қайта қарау;
      4) ЖЗЖ қатысушылары үшін ғана өмір бойы төленетін зейнетақы төлемдерін (зейнетақы аннуитеті) көздейтін шарт жасау міндеттілігін белгілеу;
      5) әйелдер зейнетақысының неғұрлым төмен болуының гендерлік проблемасын ішінара шешуге мүмкіндік беретін бірлескен аннуитеттер тетігін енгізу;
      6) міндетті зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктерді төлеу тәртібін азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана оны алу құқығын иелену жолымен оңтайландыру ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік кепілдіктер бойынша айырманы төлеу сомалары жеке зейнетақы шоттарына есепке жатқызылуға тиіс.

Еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен
айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың міндетті
кәсіптік схемасын жетілдіру

      Зейнетақы жүйесінің осы сегментіндегі өзгерістердің қажеттігі қолданыстағы жүйенің еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысуына байланысты тәуекелдерді өтемеуіне байланысты.
      Сондықтан, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы төлеу қорының 5% -ы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) енгізілді. Бұл ретте жұмыс берушілер өндірістің тек зиянды түрлері бойынша және сонда жұмыс істейтін адамдарға ғана МКЗЖ аударуға тиіс.
      Зиянды өндіріс түрлерінің тізбесін және онда жұмыс істейтін қызметкерлер кәсіптерінің тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітті және еңбек жағдайларының өзгеруіне қарай кезең-кезеңімен қайта қаралатын болады.
      Еңбек жағдайлары ерекше жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді ынталандыру үшін еңбек жағдайларын жақсартқан және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша осындай жұмыс орындарын оңтайландырған жағдайда, МКЗЖ жүзеге асырылмайды деп заңнамалық тұрғыдан бекітілген.
      Мұның өзі жүйеге үздіксіз (кемінде 30 жыл) қатысқан және жүйелі (жылына 12 рет) аударымдар жасаған кезде зейнетке мерзімінен бұрын шығу үшін қаражаттың жеткілікті болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау

      Әлемдік тәжірибеде әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, негізінен ортақ негізде жүзеге асырылады.
      Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылдан бастап жойылған адамдардың (бұдан әрі - әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері) зейнетақы жүйесін ұйымдастыруда жаңа шешімдер мен тәсілдердің қажеттігі оларды зейнетақымен қамсыздандыруға жұмсалатын шығындардың бүгінгі таңдағы зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне сәйкес келмеуінен және перспективада болжамды барабар болмауынан туындап отыр.
      Әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін барабар зейнетақымен қамсыздандыру үшін 2016 жылдан бастап мынадай шараларды жүзеге асыру ұсынылады:
      1) жалпы еңбек өтілі 25 және одан көп жылды құрайтын, оның ішінде кемінде 12,5 жылы үздіксіз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет құрайтын барлық әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға ауыстыру;
      2) еңбек сіңірген жылдары үшін:
      құқық қорғау органдарының қатардағы және кіші басшы құрамдағы қызметкерлеріне;
      еңбек сіңірген жылдары 20 жылдан асатын, ТМД елдерінен келген зейнеткерлерге еңбектегі өтіліне пропорционалды түрде;
      қызметке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін алғаш рет кірген және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқығы бар, бірақ бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығынсыз жұмыстан босатылған азаматтарға мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру құқығын беру, бұл әлеуетті құрылымдардың барлық қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді;
      3) бюджет қаражаты есебінен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай қамтылымының 20%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары төлеу туралы норманы жою;
      4) әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз етуге ауыстырғанда қызметкерлердің БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының жартысын сақтай отырып, олардың бюджет қаражаты есебінен аударылған зейнетақы жинақтарының екінші жартысын бюджеттің кірісіне бір уақытта қайтаруды жүзеге асыру;
      5) қазіргі зейнеткерлер үшін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшеріндегі теңгерімсіздікті болдырмау мақсатында бұрын толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін еңбек сіңірген жылдарына және зейнетақы ісіндегі қызметтен босатылған күніндегі еңбек өтіліне қарай, олардың толық көлеміне жеткізілуін ескере отырып, біржолғы қайта есептеуді (бюджетке қайтарылатын 50% зейнетақы жинақтарының есебінен) жүргізу ұсынылады.
      Ұсынылып отырған шараларды іске асыру әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіреді.

Халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуын кеңейту және көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің сапасын арттыру

      Еңбек нарығындағы жағымсыз үрдістерді еңсеру, еңбек қатынастарын заңдастыру, экономиканың көлеңкелі секторын қысқарту мақсатында азаматтардың табыс алуға және оларды көбейтуге жеке мүдделілігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған халықты жұмыспен қамту туралы жаңа заң жобасы әзірленеді.
      Бұл мақсатта:
      1) жаңа жұмыс орындарын ашу және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тұрғысынан 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының, басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалардың индикаторлары өзара ұштастырылатын болады;
      2) Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың, оның ішінде еңбек қатынастары мен табыстарды заңдастыруға бағытталған 2013 - 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылады;
      3) әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара іс-қимылын күшейтуді, зейнетақы жарналарының толық, жүйелі және уақтылы аударылуын келісу мәселелерін қоса алғанда, жұмысшының өкілеттігін кеңейтуді көздейтін кәсіптік одақтар туралы заң қабылданады;
      4) өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық пен жұмыссыздарды қамтуды кеңейтуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыратын Жұмыспен қамту 2020 жол картасының тетіктерін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады;
      5) арнаулы салық режимінің (ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің) қолданыстағы тәртібін реформалау арқылы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру көзделеді;
      6) бюджет саласы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу деңгейі оларға ақы төлеудің жаңа моделін енгізу есебінен арттырылады;
      7) еңбекке қабілетті азаматтар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқанда оларға атаулы әлеуметтік көмек беруді көздейтін әлеуметтік қолдауды жетілдіру бойынша шаралар қабылданады.
      Бұдан басқа, халықтың хабардар болуын арттыруға ықпал ететін түрлі коммуникациялар арналарын (интернет-ресурстар, «электрондық үкімет», байланыс орталықтары, БЖЗҚ-ның тарамдалған филиалдар желісі) пайдалана отырып, жүргізіліп жатқан зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізгі ережелерін түсіндіруді жандандыру шаралары қабылданатын болады.
      Зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін «бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы төлемдерін жүргізуге байланысты әкімшілік рәсімдерді оңайлату ұсынылады.
      Халыққа қызмет көрсету орталықтары, электрондық үкімет порталы, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы қызмет көрсету жолымен инвестициялық табысты есепке ала отырып, БЖЗҚ-ның салымшыларды (алушыларды) зейнетақы жинақтарынын жай-күйі туралы хабардар ету және консультация беру бойынша керсетілетін қызметтерін енгізу салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсетудің қолжетімділік деңгейін және сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

5. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Тұжырымдаманы іске асыру үшін мынадай нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу талап етіледі:
      1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі;
      2) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      3) «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады