Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 шілдедегі № 953 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевқа Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 2 шілдедегі
№ 953 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз)

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ("Қарыз алушы") мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ ("Банк") арасындағы Бағдарламаны қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында (осы Келісімге толықтыруда айқындалғандай) оған қол қойылған күні жасасқан Келісім. Банк осы қаржыландыру туралы шешімді, басқалар арасында: (і) Қарыз алушы Бағдарлама шеңберінде қабылдаған, осы Келісімге 1-қосымшаның І.А бөлімінде сипатталған іс-қимылдар; және (іі) Қарыз алушының келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізуі негізінде қабылдады. Осы арқылы Қарыз алушы мен Банк мыналар туралы уағдаласты:

I БАП - ЖАЛПЫ ШАРТТАР; АНЫҚТАМАЛАР

      1.1. Жалпы шарттар (осы Келісімге толықтыруда айқындалғандай) осы Келісімге қолданылады және оның бір бөлігі болып табылады.

      1.2. Егер мәнмәтіннен өзгеше туындамаса, онда осы Келісімде пайдаланылатын, бас әріптен басталатын терминдер оларға Жалпы шарттарда немесе осы Келісімге толықтыруда берілген мағынаға ие болады.

II БАП-ҚАРЫЗ

      2.1. Банк Қарыз алушыға Валюта айырбастау арқылы кезең-кезеңімен айырбастауға болатын 345 700 000 € (үш жүз қырық бес миллион жеті жүз мың еуро) мөлшеріндегі соманы ("Қарыз") беруге келісті.

      2.2. Қарыз бойынша біржолғы комиссия Қарыз сомасының төрттен бір пайызын (0,25 %) құрайды.

      2.3. Қарыз қаражатын резервке қою үшін комиссия жылына Қарыздың Алынбаған қалдығының төрттен бір пайызын (0,25 %) құрайды.

      2.4. Пайыздық мөлшерлеме Ауыспалы спредті қосқанда Референттік мөлшерлемеге немесе Конверсиядан кейін қолданылуы мүмкін осындай мөлшерлемеге тең; Жалпы шарттардың 3.02 (е) бөліміне сәйкес айқындалады.

      2.5. Әр жылдың 15 сәуірі және 15 қазаны төлем күндері болып табылады.

      2.6. Қарыздың негізгі сомасы осы Келісімге 2-қосымшаға сәйкес өтелетін болады.

      2.7. Жалпы шарттардың 5.05-бөлімінің ережелері үшін шектеусіз, Банк кезең-кезеңімен негіздеп сұратуы мүмкін, II баптың ережелеріне қатысты осындай ақпаратты Қарыз алушы Банкке жедел беруге тиіс.

III БАП - БАҒДАРЛАМА

      3.1. Қарыз алушы өзінің Бағдарламаға және оны орындауға бейілді екенін мәлімдейді. Осы мақсатта және Жалпы шарттардың 5.05-бөлімі негізінде:

      (a) Қарыз алушы мен Банк тараптардың кез келгенінің сұрау салуы бойынша Қарыз алушының макроэкономикалық саясаты және Бағдарламаны орындау кезінде қол жеткен прогресс жөнінде кезең-кезеңмен пікір алмасып отыруға тиіс;

      (b) әрбір осындай пікір алмасу алдында Қарыз алушы Банкке қарау және түсіндірмелер беру үшін Бағдарламаны орындау барысында қол жеткізілген прогресс туралы есепті Банк негіздеп сұратуы мүмкін болатындай тәптіштеп беруге тиіс;

      (c) осы бөлімнің (а) және (b) тармақтарын шектемей, Қарыз алушы Бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізуге немесе осы Келісімге 1-қосымшаның I бөлімінде көрсетілген кез келген әрекеттерді қоса алғанда, Бағдарлама шеңберінде қабылданатын кез келген әрекеттерді жүзеге асыруға елеулі кедергі болуы мүмкін кез келген жағдайлар туралы Банкке жедел хабарлауға тиіс.

IV БАП - БАНКТІҢ ЗАҢДЫҚ ШАРАЛАРЫ

      4.1. Уақытша тоқтата тұруға алып келетін қосымша жағдай мынаны: Бағдарламаны немесе оның елеулі бөлігін орындау екіталай болатын жағдайдың туындауын қамтиды.

V БАП - КҮШІНЕ ЕНУІ; БҰЗУ

      5.1. Күшіне енудің қосымша шарты мынадай: Банк Қарыз алушы Бағдарламаны орындау барысында қол жеткізген прогреске және Қарыз алушының макроэкономикалық саясатының барабарлығына қанағаттанады.

      5.2. Осы Келісімге қол қойылған күннен кейін бір жүз сексен (180) күн өткен соң басталатын күн осы Келісімнің күшіне енуінің соңғы мерзімі болып табылады.

VI БАП - ӨКІЛДЕР; МЕКЕНЖАЙЛАР

      6.1. Қарыз алушының өкілі Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі болып табылады.

      6.2. Жалпы шарттардың 10.01-бөлімінің мақсаттары үшін: (а) Қарыз алушының мекенжайы:

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      Қазақстан Республикасы

      Нұр-Сұлтан, 010000

      Мәңгілік Ел даңғылы, 8; және

      (b) Қарыз алушының электрондық мекенжайы:

      факс:

      (7)(7172)750201

      6.3. Жалпы шарттардың 10.01-бөлімінің мақсаттары үшін: (а) Банктің мекенжайы:

      Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Америка Құрама Штаттары Вашингтон, Колумбия округі, 20433 1818 Н, N. W. Көшесі;

      және

      (b) Банктің электрондық мекенжайы: факс:

      1-202-477-6391


      Қол қойылған күні КЕЛІСІЛДІ.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН


      Уәкілетті өкіл

      Аты және тегі:___________________

      Лауазымы:______________________

      Күні: __________________________


      ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ

      ДАМУ БАНКІ ҮШІН

  Уәкілетті өкіл
  Аты және тегі:
Лауазымы:
Күні:

1-ҚОСЫМША Бағдарламаның қолданылуы; Қарыз қаражатының қолжетімділігі

I бөлім. Бағдарлама шеңберінде қабылданған әрекеттер А. Бағдарлама шеңберінде қабылданған әрекеттер.

      Бағдарлама шеңберінде Қарыз алушы қабылдаған әрекеттер мынаны қамтиды:

1-компонент. Қозғаушы күші неғұрлым серпінді жекеше сектор және есеп беретін мемлекеттік сектор болып табылатын неғұрлым бәсекеге қабілетті экономиканы қолдау

      1. Бәсекелестікті дамыту және экономикадағы барлық кәсіпорындар үшін нарықтағы шарттарды теңестіруге жәрдемдесу мақсатында Қарыз алушы

      (а) бәсекелес емес практика мен бірігулерді тергеп-тексеруге және олардың алдын алуға, (b) өндіріп алуды қолдануға өзгелерден басқа өкілеттіктері бар жеке мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құрды, ол қызметіне кірісті:

      (і) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 407 Жарлығы 1-тармағының 2) тармақшасы; және (іі) "Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 428 Жарлығының 2-тарауы 13-тармағының 3) тармақшасы және 15-тармағының 9)- 26) тармақшалары соның айғағы.

      2. Телекоммуникация секторы мен тұтастай цифрлық экономика үшін қолайлы ортаны күшейту және осы секторға инвестициялар тарту мақсатында Қарыз алушы: (а) дербес деректерді қорғау және жекеше секторда үлкен деректермен басқарылатын технологиялардың дамуына жәрдемдесу үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдірді; (b) лицензиялау кезінде технологиялық бейтараптық қағидатын енгізу және кемінде бес жыл кезеңге радиожиілік спектрін пайдалануға арналған тарифті кемінде 90 %-ға төмендету арқылы инвестицияларға қойылатын талаптарды оңайлатты және оларға жәрдем көрсетті: (і) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 25 маусымдағы № 347-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 17, 28 және 34-тармақтары; (іі) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 29 маусымдағы № 352-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 29-тармағы; және (ііі) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 382-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 7-тармағының 13) тармақшасы соның айғағы.

      3. Мемлекеттік сатып алу саласындағы ашық бәсекелестікке, ашықтыққа және есеп беруге жәрдемдесу мақсатында Қарыз алушы мынадай:

      (а): (і) бастапқы бойынша сатып алу тәсілі ретінде ашық конкурсты белгілеу; (іі) бір көзден сатып алуды пайдалану үшін негіздерді қысқарту, сондай-ақ бір көзден сатып алу рұқсат етілетін айрықша мән-жайларды нақты көрсету мақсатында "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын Парламенттің қарауына енгізді; (b) "Мемлекеттік сатып aлy туралы" Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын Парламенттің қарауына енгізді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бір көзден сатып алуды пайдалануы үшін негіздерді қысқартуға мүмкіндік беретін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу рәсімдеріндегі өзгерістерді қабылдады: (і) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы; және (іі) "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқармасы отырысының 2020 жылғы 2 қарашадағы № 40/20 хаттамасы соның айғағы.

      4. Банк секторындағы нарықтық тәртіп пен әділ бәсекелестікті қолдау үшін Қарыз алушы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, "Банктер және банк қызметі туралы" Заңға сәйкес үш коммерциялық банкте нормативтік талаптардың сақталмауын жойды:

      (і) "Tengri Bank" АҚ-ға берілген банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2020 жылғы 17 қыркүйектегі № 80 қаулысы; (іі) "AsiaCredit Bank" АҚ-ға берілген банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2021 жылғы 11 ақпандағы № 22 қаулысы; және (ііі) "Capital Bank Kazakhstan" АҚ-ға берілген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2021 жылғы 24 маусымдағы № 74 қаулысы соның айғағы.

      5. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және есеп беруді арттыру мақсатында Қарыз алушы:

      (а) мемлекеттік қызметшілердің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қызметтік өкілеттіктеріне кіретін әрекеттерге немесе әрекетсіздікке айырбас ретінде сыйлықтарды, материалдық сыйақылар мен көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салуды, сондай-ақ шетелдік банктерде шоттарды ашуға және иеленуге тыйым салуды енгізді; (b) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін квазимемлекеттік сектор басшылығын қоса алғанда, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген барлық адамдарға қатысты жауапкершілікті кеңейтті; және (с) квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылау бойынша қызметтер құру туралы талапты енгізу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын бақылауды күшейтті: (і) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 19 желтоқсандағы № 384-VI Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 5-тармағы; (іі) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 6 қазандағы № 365-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 1-тармағы және 12-тармағының 1) және 4) тармақшалары соның айғағы.

2-компонент. Экономиканың неғұрлым орнықты ауысуы үшін негіз құру

      6. Энергия тиімділігін арттыру және парниктік газ (бұдан әрі - ГТГ) шығарындыларын қысқарту мақсатында Қарыз алушы Парламенттің қарауына "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды енгізді, олар: (а) энергияны тұтыну туралы есептілікті квазимемлекеттік сектор мен бюджет секторының барлық субъектілерін оған қосу үшін кеңейтуді; (b) есептілікке қойылатын, энергия тұтынуды неғұрлым тиімді қадағалаудан тұратын талаптарды жаңартуды;

      (с) энергия тиімділігі жөніндегі талаптарды мемлекеттік ұйымдардағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді барлық сатып алуға енгізуді; (d) жеке энергия аудиторларын сертификаттаудың жаңа жүйесін қабылдауды қамтамасыз етеді: "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚРЗ жобасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 621 қаулысы соның айғағы.

      7. Шығарындыларға квоталар саудасы жүйесін (бұдан әрі - ШСЖ), ПГ шығарындыларын қысқарту бойынша ұлттық деңгейде айқындалатын салым (бұдан әрі - ҰДАС) шеңберінде Қарыз алушының міндеттемелерін орындауға арналған негізгі құралды нығайту үшін Қарыз алушы: (а) ШСЖ-дағы барлық кәсіпорындар үшін өндірістік процестерден шығатын шығарындылардың қарқындылығын салыстыру арқылы шығарындыларға квоталарды бөлу туралы талапты бекітті, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Экология кодексі 291-бабының 2-тармағы соның айғағы және (b) көміртегі бірліктерінің саудасына және көміртегі бірліктері тізілімінің жүмыс істеуіне қатысты ШСЖ- ның жұмыс істеуін күшейтті, тиісінше: (і) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 шілдеде № 23719 болып тіркелген "Көміртегі бірліктерін сату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 29 маусымдағы № 221 бұйрығы; және (іі) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 15 шілдеде № 23555 болып тіркелген "Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 шілдедегі № 251 бұйрығы соның айғағы.

      8. Жаңартылатын энергия өндірісінің белгіленген қуатын ұлғайту мақсатында Қарыз алушы: (а) 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақыны айқындау тәртібін белгіледі; (b) энергия өндіруші ұйымдар алдындағы міндеттемелерін орындауы мүмкін болмаған жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығына мемлекеттік қаржылық қолдауды қамтамасыз етті; (с) 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша 20 жыл мерзімге электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу мүмкіндігін көздеді, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 7 желтоқсандағы № 380-VI Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 2-тармағының 2) және 5) тармақшалары соның айғағы; және

      (d) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына арналған шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларын және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жобаларды іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттыққа арналған қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу туралы үлгілік шартты қабылдады, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергетика, көлік және мемлекеттік наградалар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 9 қарашадағы № 373-VI Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы және 5-тармағының 3) тармақшасы соның айғағы.

      9. Қоршаған ортаны қорғау, сақтау және қалпына келтіру мақсатында Қарыз алушы: (а) анық емес мәліметтер мен белгіленген лимиттерден асып кеткені үшін әкімшілік айыппұлдарды көздей отырып, қоршаған ортаға зиян келтіретін объектілердің шығарындылары, оның ішінде ілеспе газды жағу және шығару туралы рұқсаттар мен есептіліктің болуы; (b) экономиканың жекелеген секторларында ластануға жол бермеу және қоршаған ортаға антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қолдану; (с) мемлекеттік жобалар мен аумақтық даму бағдарламасы шеңберінде қоршаған ортаға әсерге міндетті стратегиялық бағалау жүргізу; және (d) ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, орман шаруашылығы және халықты қорғау үшін климаттың өзгеруіне және бейімделу жөніндегі шараларды жоспарлауға осалдыққа бағалау жүргізу туралы талаптар енгізді, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 51-бабы, 106-119-баптары, 113-бабының 6-тармағы, 315-316-баптары соның айғағы.


II бөлім. Қарыз қаражатының қолжетімділігі

      A. Жалпы ережелер. Қарыз алушы осы бөлімнің ережелеріне және Банк Қарыз алушыға хабарламасында көрсеткен қосымша нұсқаулықтарға сәйкес Қарыз қаражатын ала алады.

      B. Қарыз қаражатын бөлу. Қарыз біржолғы транш түрінде бөлінеді, одан Қарыз алушы қарыз қаражатын ала алады. Осы мақсаттар үшін Қарыз сомасын бөлу мына кестеде көрсетілген:

Қаражатты бөлу

Бөлінген қарыз сомасы (еуромен көрсетілген)

(1) Біржолғы транш

345 700 000

ЖАЛПЫ СОМА

345 700 000

      C. Траншты бөлу шарттары

      1. Біржолғы транш түріндегі қаражатты Банк: (а) Қарыз алушының іске асырып жатқан Бағдарламасына; (b) Қарыз алушының макроэкономикалық саясатының келісімділігіне қанағаттанбайынша, алу мүмкін емес.

      D. Жабылу күні. Жабылу күні 2023 жылғы 31 желтоқсан болып табылады.

2-ҚОСЫМША Жеке өтеу графигі

      Қарыз алушы Қарыз бойынша негізгі борыш сомасын өтеуді былайша жүзеге асыруға міндеттенеді:

Негізгі борышты өтеу есебіне төлеу күні


Жарна үлесі, %

1. 2024 жылғы 15 қазан

5,56

2. 2026 жылғы 15 сәуір

5,56

3. 2026 жылғы 15 қазан

5,56

4. 2028 жылғы 15 сәуір

8,33

5. 2028 жылғы 15 қазан

8,33

6. 2029 жылғы 15 сәуір

8,33

7. 2029 жылғы 15 қазан

8,33

8. 2030 жылғы 15 сәуір

8,33

9. 2030 жылғы 15 қазан

8,33

10. 2031 жылғы 15 сәуір

6,67

11. 2031 жылғы 15 қазан

6,67

12. 2032 жылғы 15 сәуір

6,67

13. 2032 жылғы 15 қазан

6,67

14. 2033 жылғы 15 сәуір

6,66

ТОЛЫҚТЫРУ Анықтамалар

      1. "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 11 қарашадағы № 203 Жарлығымен құрылған Агенттікті немесе Банк үшін қолайлы оның кез келген мирасқорын білдіреді.

      2. "Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 407 Жарлығымен құрылған Агенттікті немесе Банк үшін қолайлы оның кез келген мирасқорын білдіреді.

      3. "ЕҚТ" ең үздік қолжетімді техниканы білдіреді.

      4. "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" Заң 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 541-IV Қазақстан Республикасының Заңын білдіреді.

      5. "ШСЖ" Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі ретінде де белгілі шығарындыларға квоталар саудасының жүйесін білдіреді.

      6. "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне берілген жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыру мақсатында "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 256 бұйрығына сәйкес құрылған компанияны не оның мирасқорын білдіреді.

      7. "Жалпы шарттар" 2018 жылғы 14 желтоқсандағы "ХҚДБ-ның қаржыландыруы, даму саясатын қаржыландыру үшін Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің жалпы шарттарын" білдіреді (2020 жылғы 1 тамызда, 2020 жылгы 21 желтоқсанда және 2021 жылғы 1 сәуірде және 2022 жылғы 1 қаңтарда қайта қаралды).

      8. "ПГ" парниктік газдарды білдіреді.

      9. "Банктер және банк қызметі туралы" Заң 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 Қазақстан Республикасының Заңын білдіреді.

      10. "ҰДАС" Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының Париж келісіміне (БҰҰ КӨНК) сәйкес ұсынылған, жаһандық жылынуды шектеуге бағытталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдарға қатысты міндеттемелерді білдіретін, ұлттық деңгейде айқындалатын салымды білдіреді.

      11. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заң 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V Қазақстан Республикасының Заңын білдіреді.

      12. "Бағдарлама" Қарыз алушы Банкке Бағдарламаны орындау бойынша өз міндеттемелері туралы мәлімдейтін және Банктен оның орындалуын қолдау үшін жәрдем көрсетуді сұрайтын Қарыз алушының Банкке 2021 жылғы 6 қазандағы хатында айқындалған немесе оларға сілтеме жасалатын мақсаттар, саясат шаралары мен әрекеттер бағдарламасын білдіреді және ол қабылданған, оның ішінде осы Келісімге 1-қосымшаның I бөлімінде көрсетілген әрекеттерді және бағдарламаның мақсаттарына сәйкес қабылдануы қажет әрекеттерді қамтиды.

      13. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы № 669 Жарлығына сәйкес құрылған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын білдіреді.

      14. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары" "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамның 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 126 қағидаларын білдіреді.

      15. "Қол қойылған күн" Қарыз алушы мен Банк осы Келісімге қол қойған екі күннің неғұрлым кешірегін білдіреді және мұндай анықтама Жалпы шарттарда "Қарыз туралы келісімге қол қойылған күн" деген барлық ескертуге қолданылады.

      16. "Біржолғы транш" осы Келісімге 1-қосымшаның II бөлімі В бөлігінде келтірілген кестеде "Біржолғы транш" санаты бойынша бөлінген Қарыз сомасын білдіреді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады