Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 29 қарашадағы № 719 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 29 қарашадағы
№ 719 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың)

кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа, 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа және 2018 жылғы 14 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімді негізге ала отырып,

      сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтудің және оның тиімділігін арттырудың маңыздылығын мойындай отырып,

      халықаралық сауда рәсімдерін оңайлатуға, Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - Одақ) кедендік шекарасы және үшінші тараптардың кедендік шекаралары арқылы тауарларды тасымалдауды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және трансшекаралық жеткізілімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға ұмтыла отырып,

      тауарлар транзитінің еркіндігін дамытуды қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісім Одақтың кедендік аумағы мен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік аумағы арқылы тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру негіздерін айқындайды.

      2. Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесінің қалыптасуы мен жұмыс істеуі Одақ үшінші тараппен (үшінші тараптармен) жасасатын және осы халықаралық шартқа қатысушылардың осы Келісімнің 2-бабына сәйкес Одақтың кедендік аумағы мен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік аумағы арқылы тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде оңайлатуды қолдануын болжайтын халықаралық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта, 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартта, Одақ құқығын құрайтын өзге де халықаралық шарттарда және актілерде айқындалған мәндерде қолданылады.

2-бап

      Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі мыналарға:

      электрондық құжат түріндегі бірыңғай транзиттік декларацияны қолдануға;

      кедендік баждарды, салықтарды, арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бірыңғай қамтамасыз етуді пайдалануға;

      мүше мемлекеттердің және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) уәкілетті экономикалық операторларына берілетін жекелеген арнаулы оңайлатуларды қолдануға;

      Одақтың кедендік аумағы және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік аумағы арқылы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын (тасылатын) тауарлардың бүкіл жүру жолында тауарлардың тасымалдануын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдануға;

      Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы Одақтың үшінші тараппен (үшінші тараптармен) халықаралық шартының ережелерін ескере отырып, кеден органдары қабылдаған шешімдерді және кедендік бақылауды жүргізу нәтижелерін өзара тануға, оларды кеден органдарына жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін ғана пайдалануға негізделген жүйені білдіреді.

3-бап

      Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге сәйкес айқындалған:

      кедендік транзит кедендік рәсімін қолдану тәртібі мен шарттарын, оның ішінде тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу) және олармен өзге де жүк операцияларын жүзеге асыру, сондай-ақ көлік құралдарын ауыстыру кезінде кедендік операцияларды жасау, авария, еңсерілмейтін күш әрекеті кезінде қабылданатын шараларды қолдану тәртібін, сондай-ақ тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастыру және көрсетілген кедендік рәсімнің әрекетін аяқтау шарттарын;

      транзиттік декларация нысандарын, оны толтыру тәртібін және оның электрондық түріне қойылатын талаптарды;

      кедендік баждарды, салықтарды, арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді қолдану тәртібін;

      кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес, оның ішінде навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, тауарларды тасымалдауды бақылауды жүзеге асыру тәртібін;

      кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезіндегі тасымалдаушының міндеттері бөлігіндегі талаптарды үшінші тараптың (үшінші тараптардың) қолдану мүмкіндігінің болуы шартымен жүзеге асырылады.

4-бап

      Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі шеңберінде тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру және оның қолданылуын аяқтау кедендік аумақтардың әрқайсысында (Одақтың кедендік аумағында және әр үшінші тараптың кедендік аумағында) жүзеге асырылады.

5-бап

      Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі Одақтың үшінші тараппен (үшінші тараптармен) халықаралық шартын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылған кеден органдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл негізінде жұмыс істейді.

6-бап

      Үшінші тараптың кедендік аумағында салынған навигациялық пломбалар қолданылған жағдайда бақылаушы органдар мен ұлттық операторлар навигациялық пломбаны активтендіру және деактивтендіру үшін қажетті әрекеттерді жүзеге асырады және оларды Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілердің ережелерін ескере отырып жасау тәртібі қолданылады.

7-бап

      1. Мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы Одақтың үшінші тараппен (үшінші тараптармен) халықаралық шарты шеңберінде өзара іс-қимылды жүзеге асыруға жауапты уәкілетті органдары болып табылады.

      2. Одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы Одақтың үшінші тараппен (үшінші тараптармен) халықаралық шартын іске асыру мақсатында мүше мемлекеттер мен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) өзара іс-қимылын үйлестіруді Еуразиялық экономикалық комиссия жүзеге асырады.

8-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

10-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

11-бап

      Осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап осы Келісім күшіне енеді.

      20_____________жылғы __________________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқада жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады