Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 19 мамырдағы № 879 Жарлығы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 59-бабының 4-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеуді жүзеге асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссияның ережесі және жұмыс тәртібі;

      2) Комиссияның құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 19 мамырдағы
№ 879 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның ЕРЕЖЕСІ ЖӘНЕ ЖҰМЫС ТӘРТІБІ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражатының пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені және жұмыс тәртібін басшылыққа алады.

      3. Комиссияның шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      4. Комиссияның міндеті Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеуді, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (бұдан әрі – Ұлттық қор) қаражаты есебінен, оның ішінде облигациялық қарыз алу жолымен қаржыландырылатын аса маңызды объектілердің, жалпы ел үшін маңызы бар жобалардың және өзге де жобалардың іске асырылуын мониторингтеу және қаржылық бөлігіне аудит жүргізу арқылы тұрақты негізде жүзеге асыру болып табылады.

      5. Комиссияның:

      1) Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын аса маңызды объектілердің, жалпы ел үшін маңызы бар жобалардың және өзге де жобалардың іске асырылуына мониторинг және қаржылық бөлігіне аудит жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды (аудиторларды) тартуға;

      2) тиісті мемлекеттік органдардың және мемлекет қатысатын ұйымдардың лауазымды адамдарының тәртіптік және өзге де жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін материалдар жіберуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарау үшін құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдарына ақпарат жіберуге құқығы бар.

      6. Комиссия мүшелері:

      1) өз құзыреті шегінде Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аралық мониторинг және жылдық бағалау жүргізуге;

      2) Комиссияның жылдық есебін қалыптастыруға қатысуға;

      3) өз құзыреті шегінде жүзеге асырылған мониторингтің нәтижелерін Комиссияның Жұмыс органына ұсынуға міндетті.

      7. Комиссия мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан, мемлекет қатысатын ұйымдардан және лауазымды адамдардан қажетті есептілікті, ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды, оның ішінде тиісті лауазымды адамдардан ауызша және жазбаша түсініктемелер талап етуге құқығы бар.

2-тарау. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның жұмыс тәртібі

      8. Комиссияны Төраға басқарады.

      Комиссия төрағасы:

      1) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Комиссия отырыстарының күн тәртібін, өткізілетін орны мен уақытын айқындайды;

      3) Комиссияның отырыстарында төрағалық етеді. Төраға болмаған кезде оның тапсырмасы бойынша отырыстарда Комиссия мүшелерінің бірі төрағалық етеді;

      4) Комиссия мүшелері арасында міндеттерді бөледі және қажет болған кезде мониторинг жүргізу бойынша оларға өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті тапсырмалар береді;

      5) Қазақстан Республикасының Президентіне есепті жылдан кейінгі жылдың 1 маусымынан кешіктірмей Комиссияның жылдық есебін ұсынады.

      9. Комиссияның отырыстары жылына бір реттен сиретпей өткізіледі және хаттамамен ресімделеді. Комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша сырттай дауыс беруге бастамашылық жасау жолымен жоспардан тыс мәселелерді шығаруға және қарауға жол беріледі.

      Егер отырысқа Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, ол заңды деп есептеледі. Комиссия мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

      10. Комиссия отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

      11. Қажет болған кезде Комиссияның шешiмдерi тиiстi мемлекеттiк органдарға және ұйымдарға жiберiледi.

      12. Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Жұмыс органы Комиссияның қызметін ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз етуді және оның шешімдерінің орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады.

      13. Комиссияның қызметін тиімді ұйымдастыру мақсатында хатшы тағайындалады.

      14. Комиссияның жұмыс органының өкілі Комиссия хатшысы болып табылады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды және Комиссия шешімдер қабылдаған кезде оның дауыс беруге құқығы жоқ.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 19 мамырдағы
№ 879 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның ҚҰРАМЫ

      Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы, Комиссия төрағасы

      Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 4-қызметі 4-департаментінің бастығы

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 19 мамырдағы
№ 879 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір актілерінің ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкімі.

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір өкімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қыркүйектегі № 911 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 35-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 191 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 17-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 9 маусымдағы № 275 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 18-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 10 қазандағы № 357 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулардың 17-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 20 қазандағы № 568 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 18-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 30-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 28 қазандағы № 195 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 30-тармағы.

      9. "Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы № 515 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 20-тармағы.

      10. "Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 5 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 22-тармағы.

      11. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 3 қаңтардағы № 429 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 35-тармағы.

      12. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 29 маусымдағы № 591 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 19-тармағы.

      13. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 19 мамырдағы № 2 өкімі.

      14. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 шілдедегі № 118 өкімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады