"Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 13 тамыздағы N 3614 Жарлығы.

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 20.04.2022 № 876 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.01.01 № 273 Жарлығымен.

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 20.04.2022 № 876 Жарлығымен.

      1-1. "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік мекемесінің штат саны 82 бірлік мөлшерінде белгіленсін.

      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 589 Жарлығымен.

      2. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:

      "Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 1 қазандағы № 1356 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., № 41, 472-бап);

      "Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 1 қазандағы № 1356 қаулысымен бекiтiлген ережеге өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 30 сәуiрдегi № 3477 Жарлығы.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
1997 жылғы 13 тамыздағы
№ 3614 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 20.04.2022 № 876 Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - институт) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын іске асыруды талдамалық және сараптамалық қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне не коммерциялық емес ғылыми-зерттеу ұйымы болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.

      3. Институт "Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 16 маусымдағы № 1235 Жарлығына сәйкес құрылды.

      4. Институттың құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.

      5. Институтқа қатысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі - уәкілетті орган) болып табылады.

      6. Институттың мүлкіне қатысты республикалық меншік субъектісінің құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - мемлекеттік мүлік женіндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      7. Институттың атауы:

      1) мемлекеттік тілде - "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      2) орыс тілінде - республиканское государственное учреждение "Казахстанский институт стратегических исследований при Президенте Республики Казахстан";

      3) ағылшын тілінде – Republican government agency "Kazakhstan Institute for Strategic Studies under the President of the Republic of Kazakhstan".

      Инстиіуттың қысқартылған атауы:

      мемлекеттік тілде - ҚСЗИ;

      орыстілінде - КИСИ;

      ағылшын тілінде - КАZISS.

      8. Институттың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 4.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.04.2023 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

2-тарау. Институттың заңды мәртебесі

      9. Институттың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес балансы, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және институттың атауы бар бланкілері, мөрлері болады.

      10. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, институт басқа заңды тұлға құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

      11. Институт өз міндеттемелері бойынша өз билігіндегі ақшамен жауап береді. Институт қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, оның міндеттемелері бойынша субсидиялық жауаптылық Қазақстан Республикасына жүктеледі.

      12. Институттың азаматтық-құқықтық мәмілелері олар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелгеннен кейін күшіне енеді.

3-тарау. Институт қызметінің нысанасы мен мақсаттары

      13. Институт қызметінің нысанасы Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін ақпараттық-талдамалық, зерттеушілік және сараптамалық қамтамасыз ету болып табылады.

      14. Институт қызметінің мақсаттары:

      1) ішкі саясат, елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық;

      2) республикалық және өңірлік деңгейлердегі қоғамдық-саяси ахуалдың серпіні мен жай-күйі;

      3) сайлау процесін әдіснамалық сүйемелдеу және қоғамдағы электоралдық қөңіл-күйді талдау;

      4) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігі;

      5) қоғамдық даму мәселелері бойынша талдау жүргізу мен болжамдар қалыптастыру, тұжырымдамалық негіздер мен практикалық ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      15. Қойылған мақсатты іске асыру үшін институт мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

      1) талдамалық ақпарат, шолу түріндегі ақпараттық-талдамалық материалдар дайындау;

      2) мемлекеттің ішкі, сыртқы, әлеуметтік және экономикалық саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын қалыптастыру және жүргізу мәселелері бойынша сараптамалық алаңдардың, жұмыс топтарының жұмысын ұйымдастыру және оған қатысу;

      4) қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі уәкілетті органның тақырыптық жоспарлары немесе жекелеген зерттеулері шеңберінде мемлекеттік органдардың әлеуметтік зерттеулерін әдіснамалық сүйемелдеу мен мониторингтеу;

      5) институт жұмысының бағыттары бойынша ұлттық, өңірлік және халықаралық ғылыми-практикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      6) 03 қызметінің бағыттары шеңберінде монографиялар, әдістемелік құралдар, мерзімдік басылымдар дайындау және жариялау;

      7) отандық және шетелдік ғылыми-талдау орталықтарымен және зерттеу институттарымен байланыс орнату және ынтымақтастық;

      8) тағылымдамалар, семинарлар өткізу, жазғы мектептер арқылы институттың ғылыми-зерттеу қызметінің бағыттары шеңберінде зерттеуші талдаушыларды даярлау;

      9) қаламақылар, гранттар және стипендиялар негізінде институттың ғылыми-зерттеу қызметінің бағыттары шеңберінде зерттеушілер мен сарапшыларды бірлескен жұмысқа тарту;

      10) әзірленетін ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға келісімшарт негізінде басқа тараптан мамандар тарту;

      11) заңнамада белгіленген тәртіппен ғылыми дәрежелер беру жөнінде кеңестер құру.

      16. Осы Ереженің 15-тармағында көзделген институт қызметінің түрлеріне жетекшілік етуді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы жүзеге асырады.

      17. Институттың осы Ережеде бекітілген қызметінің нысанасы мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасасуына құқығы жоқ.

      Институттың Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған, қызмет мақсаттарына қайшы келетін не оның басшысьшың осы Ережеде көзделген құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі:

      1) уәкілетті органның;

      2) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның;

      3) прокурордың талап-арызы бойьшша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

4-тарау. Институтты басқару

      18. Институтты жалпы басқаруды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      19. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мүлікті институтқа бекітеді;

      2) институттың қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      3) институт мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      4) институт директорының құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін, оны атқаратын қызметінен босатудың негіздерін айқындайды;

      5) институттың құрылымын және азаматтық қызметшілері лауазымдарының тізілімін бекітеді;

      6) директордың ұсынуы бойынша оның орынбасарлары лауазымына кандидатураларды келіседі;

      7) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;

      8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға институтқа берілген немесе олар өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге жазбаша келісім береді;

      9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша институтты қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

      10) осы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 589 Жарлығымен.

      20. Институт директорын (бұдан әрі - директор) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысымен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      21. Директор институттың жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, тікелей уәкілетті органға бағынады және институтқа жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

      22. Директор дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және институт қызметінің мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережеде айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.

      Директордың институтқа осы Ережеде көзделмеген қызметті жүзеге асыртуға бағытталған іс-әрекеттері еңбек міндеттерін бұзу болып табылады әрі тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.

      23. Директор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) институт атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) мемлекеттік органдарда, халықаралық ұйымдарда, ғылыми мекемелерде институттың мүддесін білдіреді;

      3) шарттар жасасады;

      4) сенімхаттар береді;

      5) институттың іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері жөніндегі жоспарларын бекітеді;

      6) банк шоттарын ашады;

      7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) институт қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен институт қызметкерлеріне көтермелеу шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      10) уәкілетті органмен келісу бойынша өз орынбасарларын және институттың өзге де басшы қызметкерлерін тағайындайды және олардың міндеттері мен өкілеттіктерінің шеңберін айқындайды;

      11) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, институттың бөлімшелері, өкілдіктері туралы ережелерді және институт қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      12) институттың Ғылыми кеңесінің жұмысын және оның шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;

      13) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Ережеде жүктелген, уәкілетті орган жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      24. Ғылыми кеңес тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады, оның құрамына директор, директордың орынбасарлары, ғылыми хатшы, бөлімдердің басшылары, бас және жетекші ғылыми қызметкерлер кіреді.

      25. Ғылыми кеңестің отырыстары жарты жылда кемінде бір рет институттың ағымдағы қызметінің мына және өзге де мәселелері бойынша өткізіледі:

      1) институттың талдамалық, ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырумен байланысты шешімдерді талқылау және қабылдау;

      2) талдамалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының ағымдағы және перспективалық жоспарларын қарау және бекіту;

      3) институттың құрылымдық бөлімшелерінің талдамалық, ғылыми-зерттеу және ұйымдастыру қызметінің нәтижелері туралы жартыжылдық және жылдық есептерін тыңдау және бекіту;

      4) қазақстандық және шетелдік сараптамалық-талдамалық және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық;

      5) мерзімдік, кітаптық басылымдарды жариялауға ұсынымдар, редакциялық алқалардың құрамын бекіту;

      6) ғылыми кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру;

      7) ғылыми және құрметті атақтар, ведомстволық және мемлекеттік наградалар беруге ұсыныс;

      8) институттың сайты мен басқа да ақпараттық ресурстарының жұмыс істеуі.

      Ғылыми кеңестің шешімі оны директор бекіткеннен кейін күшіне енеді.

      26. Институт құрамына ғылыми-қосалқы және әкімшілік сипаттағы бөлімшелер кіреді.

      27. Директордың орынбасарлары өздері жетекшілік ететін бағыттарды ұйымдастыруға, талдау, ғылыми-зерттеу, ұйымдастыру жұмыстарының сапасына жауапты болады. Директор болмаған кезде орынбасарларының бірі оны қызметтік және қаржылық құжаттамаға қол қою құқығымен алмастырады, сондай-ақ институттың жұмыс режимі үшін толық жауапты болады.

      28. Институттың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген ғылыми, өндірістік, шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.

      29. Институт Қазақстан Республикасының аумағында өзінің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін көзделген қаражат шегінде қажетті өкілдіктерін ашуға құқылы.

      30. Ғимараттарды, құрылыстарды және басқа да мүлікті институтқа мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жедел басқару құқығымен береді.

      31. Институттың қаржы-шаруашылық қызметін тексеруді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган жүзеге асырады.

5-тарау. Институт мүлкін қалыптастыру тәртібі

      32. Институт мүлкін заңды тұлғаның активтері құрайды, оның құны теңгерімінде көрсетіледі. Институттың мүлкі:

      1) оған меншік иесі берген мүлік;

      2) өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кездер есебінен қалыптасады.

      33. Институттың өзіне бекітілген мүлікті және өзіне смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

      34. Институттың қызметі:

      республикалық бюджеттен;

      ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындағаны үшін шарттар бойынша, сондай-ақ институттың шаруашылық қызметінен түсетін қаражат есебінен қаржыландырылады.

      35. Институт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді және есептілікті ұсынады.

6-тарау. Институттың жұмыс режимі

      36. Институттың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.

7-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      37. Институттың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жүргізіледі.

      Институттың құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.

8-тарау. Инстнтутты қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

      38. Институтты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жүргізіледі.

      39. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, институтты қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган жүзеге асырады.

      40. Таратылған институттың кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.

      41. Осы заңды тұлғаның мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, таратылған институттың кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған ақшасы республикалық бюджеттің кірісіне есепке алынады.

9-тарау. Институттың филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер

      42. Институттың Алматы қаласында өкілдігі бар.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады