Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы 1999 жылғы 11 тамыз N 188. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2003.12.31. N 1271 жарлығымен (2004 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді)

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 17-1-бабына сәйкес қаулы етемін:

      1. Ұсынылып отырған:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереже (N 1 қосымша);

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалпы штат саны 4000 адам болатын құрылымы бекітілсін (N 2 қосымша).
      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.05.20. N 400 жарлығымен.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң   
1999 жылғы 11 тамыздағы
N 188 Жарлығына 
N 1 қосымша 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы
Ереже

                       1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - Қазақстанның Ұлттық Банкi) Қазақстан Республикасының орталық банкi болып табылады әрi Қазақстан Республикасының банк жүйесiнің жоғарғы (бiрiншi) деңгейiн бiлдiредi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығында белгіленген шекте Қазақстан Республикасының Президентiне есеп бередi, өз қызметiнде Конституцияны, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" заң күшi бар Жарлықтарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық және заң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттарды (келiсiмдердi), сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алып отырады.

      2. Қазақстанның Ұлттық Банкi заңды тұлға - ұйымдық-құқықтық нысанда - мемлекеттiк мекеме болып табылады, оның дербес балансы бар, толық шаруашылық есеп принципiнде жұмыс iстейдi және өзiнiң филиалдарымен, өкiлдiктерiмен және ұйымдарымен бiрге сатылап бағыну жолындағы орталықтанған бiртұтас құрылым.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi заң актілерiне сәйкес Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде өздерi болатын елдің заңдарын ескере отырып филиалдары мен өкiлдiктерiн аша алады.
      Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N
587 жарлығымен.

      3. Қазақстанның Ұлттық Банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Yкiметiмен үйлестiредi және онымен ұдайы консультация өткiзіп отырады.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi өз қызметiнде Қазақстанның 2030 жылға дейiнгі даму стратегиясын басшылыққа алады, Yкiметтiң экономикалық саясатын ескерiп отырады және егер ол өзiнiң негiзгi қызметiн орындауы мен ақша-кредит және валюта саясатын жүзеге асыруына қайшы келмейтiн болса, оны жүзеге асыруға жәрдемдеседi.
      Үкiмет Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты Қазақстанның Ұлттық Банкi де мұндай жауапкершілік алған кезде болмаса, Үкiметтiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      Өкiлдi және атқарушы өкiмет органдары Қазақстанның Ұлттық Банкiнiң, оның филиалдарының, өкілдiктерiнiң және ұйымдарының заңмен бекiтiлген өкілеттіктерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiне араласуға хақысы жоқ.

      4. Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде және оларды орындау үшiн өз құзырына жататын мәселелер бойынша барлық банктер, сақтандыру ұйымдары, Қазақстанның Ұлттық Банкi берген лицензия негiзiнде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және олардың клиенттерi, бағалы қағаздар рыногының субъектілері, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мiндеттi түрде орындайтын нормативтік құқықтық актiлер шығарады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актiлерi оның ресми басылымдарында - "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң хабаршысында", "Вестник Национального Банка Казахстана" қазақ және орыс тілдерiнде жарияланып отырады.
      Ескерту. 4-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.

      5. Қазақстан Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы жазылған мөрi, сондай-ақ өз белгiсi болады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi филиалдарының, өкiлдiктерiнің және ұйымдарының өз мөрi бар.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнің орталық аппаратының мекен-жайы: 480090, Алматы қаласы, "Көктем-3" шағын ауданы, 21-үй. Орталық аппараттың жекелеген бөлiмшелерінің бiр бөлiгi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Астана қаласындағы Орталық филиалының үйiне орналасқан: 473000, Астана қаласы, Бейбiтшiлiк көшесi, 21-үй.

2. Қазақстан Ұлттық Банкінің негізгі
міндеттері, қызметі, өкілеттіктері және құқықтары

      6. Қазақстан Ұлттық Банкiнің негiзгi мiндетi Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының iшкi және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiне сонымен қатар:
      1) мемлекеттің Қазақстанның экономикалық даму мақсаттарына жетуiне және оның дүниежүзілік экономикаға кiрiгуiне жәрдемдесетiн заңда айналымы, кредит, банктер мен олардың клиенттерiнің арасындағы ақша аударымын ұйымдастыру және валюталық қатынастар саласындағы саясатын әзiрлеу және жүргiзу;
      2) ақша, кредит және банк жүйесiнiң тұрақты қызметін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногының және сақтандыру рыногының;
      2-1) бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу;
      2-2) жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн мемлекеттiк реттеу және бақылау;
      3) банк қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру жолымен банк кредиторлары мен салымшыларының мүддесiн қорғау жүктеледi.
      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.05.20. N 400 жарлығымен.
      Ескерту. 6-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен .
      Ескерту. 6-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.

      6-1. Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу органы ретіндегі негізгі міндеттері мыналар:
      1) бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын қатынастарды мемлекеттік реттеу;
      2) бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын және заңнамалық актілермен қорғалатын мүдделерін қорғау;
      3) бағалы қағаздар рыногының субъектілері сақтауға міндетті талаптарды белгілеу;
      4) бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушыларының, олардың дербес реттелетін ұйымдарының, бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушылардың және бағалы қағаздар рыногындағы қызметі лицензиялар немесе рұқсаттар негізінде жүзеге асырылатын басқа да тұлғалардың қызметіне қадағалауды жүзеге асыру;
      5) жеке тұлғалардың - бағалы қағаздар рыногы қатысушыларының кәсіби деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі оқыту жүйесін ұйымдастыру.
      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.

      6-2. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн мемлекеттiк реттеу және бақылау органы ретiндегi негiзгi мiндеттерi мыналар:
      1) жинақтаушы зейнетақы жүйесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысу;
      2) халықтың жинақталған зейнетақы қаражатын қорғау мақсатында жинақтаушы зейнетақы қорларының тұрақты қызметiн қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      3) жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының және/немесе алушыларының мүдделерiн қорғау.
      Ескерту. 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.

      7. Қазақстанның Ұлттық Банкi өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай негiзгi қызмет атқарады:
      1) Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ақша-кредит саясатын жүргiзедi;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында банкноттар мен металл
ақшалардың эмиссиясын жүзеге асырады;
      3) банктердiң банк қызметiн жүзеге асырады;
      4) Yкiметпен және басқа да мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, банк, қаржы жөнiндегi кеңесшi және агент қызметiн жүзеге асырады;
      5) банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысына бақылау жасайды және қадағалайды, сонымен бiрге шоғырландырылған негiзде бақылау жасайды және қадағалайды сондай-ақ олардың қызметiн реттейдi;
      6) Қазақстан Республикасында валюталық реттеудi және валюталық бақылауды жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта активтерiн басқарады;

      7-1) бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік тіркеу жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыру;

      7-2) жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн мемлекеттiк реттеу және бақылау жөнiндегi функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асыру;
      8) сақтандыру рыногын реттеу және сақтандыру қызметiн қадағалау, сонымен бiрге шоғырландырылған негiзде қадағалау жөніндегi мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн жүзеге асырады.
      Ескерту. 7-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 7-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.
      Ескерту. 7-2)-тармақшамен толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.

      8. Қазақстанның Ұлттық Банкi мемлекеттiк ақша-кредит саясатын жүргiзу мақсатында:
      1) айналымдағы ақша массасының көлемiн реттейдi;
      2) Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ақша-кредит саясаты шеңберiнде ресми ставкаларды өзгерту жолымен кредит жөнiндегi сыйақының (мүдденiң) рыноктық ставкаларының деңгейiн реттеудi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасындағы инфляция процестерiне ақша-кредиттiк реттеу әдiстерi арқылы бақылау жасау мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстанның Ұлттық Банкi кредит көлемiн және олар бойынша сыйақының (мүдденің) банктiк ставкаларын шектеуге құқылы.
      Инфляция процестерiн ақша-кредиттiк реттеудiң жанама әдiстерiмен тоқтату мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстанның Ұлттық Банкi операциялар мен мәмiлелердiң жекелеген түрлерi бойынша ставкалардың ең жоғары деңгейiн белгiлеу, кредиттеудi шектеу, сыйақы (мүдде) ставкаларын доғару және жекелеген салалардың дамуын ынталандыру немесе ұстап тұру мақсатында кредиттiң жекелеген түрлерiн тiкелей реттеу жолымен тiкелей сандық шектеу қоюға құқылы;
      3) мемлекеттік бағалы қағаздар болып табылатын өзiнiң жеке бағалы қағаздарын шығарады;
      4) мемлекеттiк бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
      5) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгінiң қарауына мемлекеттiк бағалы қағаздардың банк жүйесiнің өтiмдiлiгiне ықпалын және ақша-кредит саясатының басымдықтарын ескере отырып, олардың ай сайынғы көлемi мен шығару кестесi және мемлекеттiк қарызды өтеу мәселелерi жөнiнде ұсыныс енгiзедi, сондай-ақ қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк бағалы қағаздарды алғаш орналастыруға қатыстыру шарттары жөнiнде ұсыныс енгiзедi;
      6) айналымдағы ақша массасының бiр немесе бiрнеше көрсеткiштерiне мақсатты бағдар белгiлейдi;
      7) өз операциялары бойынша сыйақы (мүдде) ставкаларын белгiлейдi;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресми есептiк (дисконттік) ставка белгілейдi және вексельдердi қайта есептейдi;
      9) валюта рыногындағы интервенцияны жүзеге асырады;
      10) ең төменгi мiндеттi резервтер нормативiн, оның iшiнде тартылған қаражаттың нормативiн мерзiмiне, көлемiне және түрiне қарай бөле отырып белгiлейдi (резервтiк талаптар);
      11) Қазақстан Республикасының аумағында айналымға жiберiлетiн төлем құралдарының түрлерiн анықтайды және олардың айналымға шығу тәртiбiн белгiлейдi.

      9. Қазақстанның Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының аумағында банкноттар мен металл ақшалар эмитентiнiң қызметiн iске асыру мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттар мен металл ақшаның көрсетiлген құнының құрылымын, дизайнын, сондай-ақ банкноттар мен металл ақшаның қажеттi мөлшерiн анықтайды және олардың дайындалуын қамтамасыз етедi;
      2) қолма-қол ақша шығару, банкноттар мен металл ақшаны банктерге сатып, аударым баламасын алу жолымен олардың айналымын ұйымдастыру жөнiнде айрықша құқығы бар;
      3) бұрын қолданыста болған банкноттар мен металл ақшаның төлемге алынуын және айырбасталуын анықтау, оларды айналымнан алып тастау, сақтау және жою тәртiбiн белгiлейдi;
      4) қолма-қол банкноттар мен металл ақшаны есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау ережесiн белгiлейдi, банкноттар мен металл ақшаны тасымалдауды, сақтауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, резервтiк ақша қорын жасайды.

      10. Қазақстан Ұлттық Банкi банктердің банк қызметiн жүзеге асыру мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасында қайта қаржыландыру жүйесiн ұйымдастырады;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығында көзделген жағдайларда болмаса, Қазақстан Ұлттық Банкiнде ашылған банктiк есепшоттардың иелерiне алты айдан аспайтын мерзiмге өтiмдiлiгi жоғары, тәуекелсiз бағалы қағаздармен және басқа да активтермен қамтамасыз етiлген кредит бередi;
      3) екiншi деңгейдегi банктер үшiн соңғы сатыдағы кредитор болып табылады, осыған байланысты оларға ұлттық және шетелдiк валютамен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген тәртiп пен мерзiмде қамтамасыз етiлген әрi қамтамасыз етiлмеген кредит беруге құқылы;
      4) төлем жүйесінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестiредi және реттейдi әрi:
      - төлем және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру ережелерi мен тәсiлдерiн қолдану ерекшелiктерiн, төлем нұсқауларының мазмұнына қойылатын негiзгi талаптарды;
      - банктерге және олардың клиенттерiне кассалық қызмет көрсету тәртiбiн белгiлейдi;
      5) клиенттiң банктiк есепшотына ақшаның қате есептелгенi анықталған жағдайда, оны есепшоттан алып қоюға құқығы бар, клиенттiң банктiк есепшотынан ақшаны алуға оның келiсiмiн растайтын құжаттар болған жағдайда, клиенттiң банктiк есепшотын дебеттеуге құқылы;
      6) банктер мен басқа да ұйымдардың Қазақстан Ұлттық Банкi берген кредиттер бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi алдындағы берешегiнiң құрылымын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген тәртiппен және талаптар бойынша қайта жасауға құқылы.
      Ескерту. 10-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

      11. Қазақстанның Ұлттық Банкi Үкiметпен және басқа да мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, банк, қаржы жөнiндегi кеңесшi, агент қызметiн жүзеге асыру мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып оның мемлекеттiк қарызына қызмет етуге қатысады және Қазақстан Ұлттық Банкiнің мемлекеттiк қарызына қызмет етедi;
      2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаражатын орналастырады, төлем жасайды және Үкiметтiң есепшоттары бойынша өзге де операцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ оған басқа да қызмет көрсетедi.
      3) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен жасасқан келiсiм негiзiнде мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырады;
      4) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнiң бiрыңғай қазынашылық есепшотына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі Қазынашылығының облыстық (аумақтық) басқармаларының есепшоттарына қызмет етедi;
      5) кредиттiң заемшыларға жетуiн жүзеге асырады;
      6) басқа да қызмет көрсетедi.

      12. Қазақстанның Ұлттық Банкi банктердiң сонымен бiрге шоғырландырылған негiзде қызметiн бақылау мен қадағалауды және олардың қызметiн реттеудi жүзеге асыру мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында банктер ашуға және олардың ерiктi түрде қайта құрылуы мен таратылуына рұқсат бередi, банктердің филиалдар ашуына (олардың бiрiгуiне) және өкілдiктерiн ашуына, ал резидент-банктер үшiн республика аумағынан тыс жерде де келісiм бередi; жеке және заңды тұлғалардың банктiң және банктiк холдингтiң iрi қатысушысы мәртебесiн иеленуiне келiсiм бередi;
      2) банк заңдарында көзделген банк операцияларының жекелеген түрлерiн және басқа операциялар жүргiзуге, бағалы қағаздар рыногында клирингтiк қызметтi және банк жұмысында аудиторлық тексерiстi жүзеге асыруға лицензия бередi;
      3) өзі белгілеген тәртіппен банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құрылтай құжаттарын міндетті түрде сараптаудан өткізеді, сондай-ақ банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізуге, банктің басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім береді;
      4) банк қызметi, есепке алу, төлемдер және ақша аударымы, заңмен белгiленген өкiлеттік шегiнде валюталық операцияларды жүзеге асыру мәселелерi бойынша барлық банктер және олардың клиенттерi орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады, сондай-ақ олардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырады;
      5) оған берiлген өкiлеттiк шегінде уәкiлетті мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, бухгалтерлiк есеп пен аудит мәселелерi және статистика мәселелерi жөнiнде банктердiң бухгалтерлiк есебiнiң стандарттарын, сондай-ақ заңды тұлғалардың статистикалық есеп беру тiзбесiн, нысандары мен ұсыну мерзiмдерiн белгiлейдi;
      5-1) өзiнiң бақылау және қадағалау қызметiн қамтамасыз ету үшiн заң актiлерiне сәйкес банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ олардың қосылма тұлғаларының қаржылық есебiнiң тiзбесiн, халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн нысандарын, ұсыну мерзiмiн белгiлейдi;
      6) егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасы Үкiметімен келiсе отырып, төлемдер мен ақша аударымын реттеу мақсатында банктер мен барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлердің жүзеге асыратын банктiк есепшоттары бойынша төлемдердің кезектiлiгiн белгiлеуге құқылы;
      7) банктер үшiн лицензиялық рәсiмдер мен нормативтер белгiлейдi;
      8) банктердiң бағалы қағаздар рыногында кәсiптiк қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына келiсiм бередi;
      9) банктердiң, олардың филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн тексередi, оның iшiнде тұрған жерiне барып немесе аудиторлық ұйымды шақырып тексередi, және олардан, сондай-ақ заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және азаматтардан өзінің бақылау және қадағалау қызметiн дұрыс жүзеге асыруға қажеттi деп санайтын ақпарат алады және алынған ақпараттар бойынша түсiнiк беруiн талап етедi;
      9-1) банктiк топтардың қызметiн реттейдi және банктердiң қосылма тұлғаларының қызметiн банктердiң қызметiне тигiзетiн ықпалының дәрежесi мен сипатын айқындау мақсатында ғана Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес тексередi;
      10) банктер үшiн, оның ішiнде банктiк топтар үшiн шоғырландырылған негiзде есеп айырысу әдiстемесi мен пруденциалдық нормативтердің қолданылу принциптерiн және банктер орындауға мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi анықтайды;
      11) банктер үшiн ашық валюта айқындамасын есепке алу және осы айқындаманы бақылау тәртiбiн анықтайды;
      12) үмiтсiз және күмәндi активтердi қамтамасыз ету үшiн провизияларды қалыптастыру тәртiбiн анықтайды;
      13) банктер және олардың қосылма тұлғалары оның құзыретiне енетiн заңдық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзған жағдайда, оларға ықпал етудiң шектеу шараларын, санкциялар, мәжбүр ету шараларын, сондай-ақ заң актiлерiнде көзделген өзге де ықпал ету шараларын қолданады;
      14) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдарының әкiмшiлiк құқық бұзу, оларға айыппұл салу және олардан өндiрiп алу туралы iстердi қарайды;
      15) банктерден банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан, сондай-ақ олардың қосылма тұлғаларынан өзінің бақылау және қадағалау қызметiн қамтамасыз ету үшiн бухгалтерлiк, статистикалық және басқа да есеп беру құжаттарын алып отырады;
      16) банк есепшоттарының түрлерi мен құқықтық тәртiбiн, банк есепшоттарын ашу, пайдалану және жабу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi;
      17) заңды тұлға мәртебесi жоқ және банктер тұрған жерден тыс жерлерде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын өкiлдiктер немесе филиалдар болып саналмайтын банктер ашатын есеп айырысу-касса бөлiмдерiн (жинақ кассаларын) - аумақтық бөлiмшелерiн ашуға келiсiм бередi және арнайы есеп жүргiзедi;
      17-1) ерiктi және ерiксiз таратылатын банктердiң тарату комиссияларының қызметiне бақылау жасайды, ерiктi таратылатын банктердiң кредиторлар комитеттерiнiң құрамын бекiтедi, банктердiң тарату комиссияларымен бiрлесiп ерiксiз таратылатын банктердiң кредиторлар комитеттерiнiң құрамын соттың бекiтуiне ұсынады, ерiксiз таратылатын банктер кредиторларының тiзiлiмiн соттың бекiтуiне ұсынады, банктердiң тарату комиссияларының есеп беру нысандарын, мерзiмiн және кезеңін, таратылатын банктердiң аралық баланстарының, олардың қосымшаларының нысандарын және тарату баланстарының нысандарын белгiлейдi;
      17-2) егер банктердiң қосылма тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа уәкiлеттi мемлекеттiк органдар тарапынан реттелуге және қадағалануға тиiс болған жағдайда, олармен реттеу және қадағалау туралы, соның iшiнде бiр-бiрiмен ақпарат алмасу бөлiгiнде келiсiм жасасады;
      17-3) банктiң және (немесе) банктiк холдингтiң iрi қатысушысының акцияларын сенiмдi басқаруы, ал Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң келiсiмiмен - банктер кредиторларының мүдделерiн қорғау және Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында және капиталының терiс мөлшерi бар екiнші деңгейдегi банктердiң акцияларын бұдан кейiн жаңа инвесторларға мiндеттi түрде тез арада сату шарттарымен мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдайды;
      17-4) iрi қатысушыларды және банктiк холдингтердi анықтау мақсатында банктiң тiкелей немесе жанама қатысушыларының құрылтай құжаттарын, қаржылық есептi және заң актiлерiнде көзделген жағдайларда банктiң қосылма тұлғаларының өзге де ақпарат беруiн талап етедi.
      Ескерту. 12-тармақ өзгерді, толықтырылды - ҚР Президентінің  2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 12-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.

      13. Валюталық реттеудi және валюталық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi:
      1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операциялар бойынша валюталық реттеудi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi және шетел валютасымен операциялар жүргiзуге қажетті шектеулер енгiзедi;
      2) резиденттердiң және резидент еместердiң Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтармен операция жүргiзу ережелерiн белгiлейдi;
      3) валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан мiндетті түрде аудару, әкелу, әкету және жiберу тәртiбiн белгiлейдi. Резиденттер үшiн Қазақстан Республикасына шетел валютасын мiндеттi түрде аудару тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ шетел банктерiнде Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң есепшоттарын ашу шарттарын айқындайды;
      4) валюта туралы заңда көзделген валюта операцияларын жүргiзуге лицензиялар мен тiркеу куәлiктерiн бередi және оны беру, тiркеу ережелерiн белгiлейдi;
      5) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының шетел валютасына шаққандағы бағамын реттейдi, оның iшiнде кеден және салық төлемдерi, сондай-ақ шетел валютасымен және қымбат металмен операция бойынша Қазақстан теңгесiнiң рыноктық құнын белгiлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ресми бағамын белгiлеу жолымен реттейдi;
      6) алтын-валюта активтерiмен операцияны қалыптастырады және жасайды;
      7) уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша олардың құзыретiне сәйкес Қазақстан республикасының аумағында қызметтi жүзеге асыратын барлық резиденттердiң, сондай-ақ резидент еместердiң орындауы үшiн мiндеттi валюталық операциялар бойынша есеп жүргiзу мен есептемелердiң тәртiбiн, нысанын белгiлейдi;
      8) Уәкiлеттi банктердiң тiзбесiн жүргізедi және жариялап отырады;
      9) лицензиаттардың Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу фактiлерi анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген санкциялар қолдануға құқылы;
      10) халықаралық есеп айырысуды ұйымдастырады, шет елдермен қаржы-валюталық және кредиттiк-есеп айырысу қатынастарын жетілдiредi;
      11) жасалған мемлекеттiк шарттарға сәйкес шетелдiк және халықаралық ұйымдардан шетел валютасын тартады;
      12) қымбат металдардан басқа валюталық құндылықтарды сыртқа
шығаруға рұқсат бередi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резидент
еместерiнен алынған банк кредиттерiнiң есебiн жүргiзедi;
      13) Қазақстан Республикасының резидент еместерiнен қосымша
кредит тарту мәселелерi жөнiнде ұсыныс енгiзедi;
      14) тауарды (жұмысты, қызметтi) экспорттаудан шетел валютасымен түскен түсiмдi мiндеттi түрде сату режимiн енгiзедi және тоқтатады;
      15) банктерге қымбат металдармен және зергерлiк бұйымдармен
операция жасауға байланысты лицензия бередi;
      16) валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да қызмет
атқаруға құқылы.
      Ескерту. 13-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

      14. Қазақстанның Ұлттық Банкi валюта құндылықтарымен, мынадай операцияларды жүзеге асыруға құқылы:
      1) шет ел валютасын сатып алуға және сатуға;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi, шет мемлекеттердiң үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және кепiлдiк берген бағалы қағаздарды сатып алуға, сатуға немесе олармен операция жасауға;
      3) өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңдарына сәйкес тиiстi құқы бар шетелдiк орталық және басқа банктерде, қаржы мекемелерiнде, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарында есепшот ашуға;
      4) өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңдарына сәйкес тиiстi құқығы бар шетелдiк орталық және басқа банктер, өзге де қаржы мекемелерi, шетел үкiметтерi мен олардың агенттерi, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары үшiн есепшот ашуға және жүргiзуге, өкiл немесе корреспондент ретiнде қызмет етуге;
      5) тазартылған алтынды, қымбат металды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды қабылдауға және сақтауға;
      6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Үкiметiнiң тапсыруымен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қоймасында үкiметтiк (бюджеттiк) резервке бөлiнген құндылықтарды сақтауға, қабылдауға;
      7) Қазақстан Республикасының аумағында және сыртқы рынокта тазартылған алтын мен басқа да қымбат металдарды сатып алу және сату жөнiнде операция жасауға;
      8) қолданылып жүрген заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасына валюталық құндылықтарды және қымбат металдарды әкелуге, сондай-ақ оларды шетел банктерiндегi және мамандандырылған қаржы ұйымдарындағы өздерiнiң есепшоттарына орналастыру үшiн шетелге шығаруға;
      8-1) ең төменгi деңгейiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын кредиттiк рейтингi бар эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды сатып алуға, сатуға немесе олармен операциялар жүргiзуге;
      8-2) ең төменгi деңгейiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын кредиттiк рейтингi бар эмитенттер шығарған банкаралық депозиттер, репо және керi репо, депозиттiк сертификаттар, коммерциялық қағаздар және басқа да борыштық мiндеттемелер сияқты ақша рыногы құралдарымен операцияларды жүзеге асыруға;
      8-3) кредиттiк рейтингтерi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы айқындайтын деңгейден төмен емес қарсы әрiптестермен форвардтық операциялар, своп операциялары және опциондық операциялар сияқты туынды қаржы құралдарымен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға;
      8-4) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмімен басқа да операцияларды жүзеге асыруға.
      Ескерту. 14-тармақ толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

      15. Қазақстанның Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерiн басқару мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының қымбат металлдарға және асыл тастарға байланысты қатынастарды реттейтiн заңдарына сәйкес құйма түрiндегi тазартылған алтынды қазақстандық және басқа осындай металл өндiрушiлерден (сатушылардан) сатып алады;
      2) Қазақстан теңгесiне шетел валютасын (ескерткiш және кәдесыйлық металл ақшаны қоса) және Қазақстан Республикасының резиденттерiнен және резидент еместерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнен шетел валютасын сатып алады;
      3) депозиттердi орналастырады және банктер үшiн соңғы сатыдағы кредитор ретiнде шетел валютасымен кредит бередi;
      4) шетел валютасымен дилингтік операцияларды және шетел валютасымен күшейтiлген бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырады;
      5) тазартылған алтынды, күмiстi, платинаны және платина тобындағы басқа да металдарды сатып алады, сатады, депозитке салады және басқа да операциялар жасайды;
      6) халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердің орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан кредит алады;
      7) шетел валютасымен төленетiн консультациялық, ақпараттық-баспалық және басқа қызмет көрсетедi;
      8) айырбастау бағамының және iшкi валюта рыногындағы шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылықты болдырмау саясатын қоса алғанда ақша-кредит саясатын жүргiзу мақсатында iшкi валюта рыногында валюта сатады;
      9) шетелдегi дипломатиялық және басқа өкiлдiктердi қаржыландыруды және iссапар шығындарын қоса алғанда өнiм (жұмыс, қызмет) импортына төлеу үшiн, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнің мемлекеттік сыртқы қарызына мемлекеттiк бюджет пен Қазақстан Ұлттық Банкi сметасының (бюджетiнің) қаражаты есебiнен қызмет көрсету үшiн теңгенi шетел валютасына айырбастайды;
      10) басқа шетел валютасын сатып алу үшiн шетел валютасын сатады;
      11) негiзгi қарыздың және алынған кредиттер бойынша есептелген сыйақының (мүдденің) сомасын қайтарады, сондай-ақ комиссиялық және соған байланысты басқа да шығындарды төлейдi;
      12) қалыптасқан провизиялар (резервтер) есебiнен шығынды алтын-валюта активтерiн есептен шығарады.

      15-1. бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісе отырып бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру және дамыту саласындағы басымдықтарды белгілейді;
      2) Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар рыногының қызмет етуін қамтамасыз ету және бағалы қағаздардың ұлттық рыногының инфрақұрылымын қалыптастыру, бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын және заңнамалық актілермен қорғалатын мүдделерін қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізеді;
      3) өз құзыретi шегiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi сақтауға мiндеттi бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
      4) заң актiлерiне сәйкес азаматтық құқық объектiлерiн бағалы қағаздар, оның ішінде туынды бағалы қағаздар деп таниды; <*>
      5) өзi белгiлеген тәртiппен және талаптарда:
      бағалы қағаздар, оның ішінде шығарылған туынды бағалы қағаздар эмиссияларын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады, оларға ұлттық бірегейлендіру нөмірлерін береді, бағалы қағаздарды, оның ішінде туынды бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарайды, осындай есептерді бекітеді не оларды бекітуден бас тартады, сондай-ақ акциялардың эмиссияларының күшін жояды; <*>
      басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға және айналысқа жiберуге рұқсат бередi;
      бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi, бағалы қағаздармен жасалатын сауда-саттықты ұйымдастырушылардың қызметiн және заңнамаға сәйкес лицензияланатын бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң басқа түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар бередi, осындай лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұрады және жаңартады;
      зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың басшы қызметкерлерiнiң лауазымына кандидатураларды бекiту үшiн келiсiм бередi;
      бағалы қағаздар рыногында жұмыс істеу үшiн мамандарды даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат бередi, осындай рұқсаттардың қолданылуын тоқтата тұрады және жаңартады, олардың қолданылу мерзiмiн ұзартады және қайтарып алады;
      бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстегiсi келетiн жеке тұлғалардың аттестациясын жүзеге асырады, аттестациядан өткен тұлғаларға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң иелерiне қайта аттестация жүргiзедi және қайта аттестациядан өткен тұлғалар үшiн бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартады, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұрады және жаңартады, бiлiктiлiк куәлiктерiн қайтарып алады;
      6) бағалы қағаздарды орналастыруды және бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi (бағалы қағаздар айналысы) тiркеудi тоқтата тұрады және жаңартады, бағалы қағаздар эмиссияларын өткiзiлмедi деп таниды;
      7) өзi белгiлеген тәртiппен Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар мен рұқсаттардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
      8) мыналарды:
      бағалы қағаздар рыногындағы кәсіби қызметтің жаңа түрлерін;
      қаржы тұрақтылығының өлшемдерiн, қаржы тұрақтылығының өлшемдерiн есептеу әдiстемесiн және қолдану принциптерiн, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары үшiн қаржы тұрақтылығы өлшемдерiнiң шектi мәндерiн;
      бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi және қызметтiң басқа да лицензияланатын түрлерiн жүзеге асыру ережесiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды жасау шарттарына және тәртiбiне, осы операцияларды есепке алуға және олар бойынша есеп беруге қойылатын талаптарды;
      бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық және басқа да есеп беру тiзбесiн, нысандарын, ұсыну және жариялау мерзiмiн анықтайды;
      мемлекеттік емес облигацияларды шығару тәртібі мен
шарттары; <*>
      туынды бағалы қағаздарды шығару тәртібі мен шарттары; <*>
      9) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының, бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушылардың және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын басқа тұлғалардың қызметiне қадағалауды жүзеге асырады;
      10) зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың және басқа институционалдық инвесторлардың инвестициялық қызметiн реттейдi;
      11) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң рұқсаты негiзiнде бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандарды дайындау жөнiнде қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс тәртiбiне талаптар белгiлейдi және осы талаптардың сақталуына бақылау жасайды;
      12) бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заңнама нормаларын сақтауына бақылау жасайды; бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн, оның iшiнде сол орында тексеру арқылы және кеңесшiлер ретiнде бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiндегi мамандарды тарта отырып тексередi;
      13) мемлекеттiк органдардан және бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiнен өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын дұрыс жүзеге асыру үшiн қажет деп санайтын ақпарат сұратуға және алуға құқылы, сондай-ақ алынған ақпарат бойынша түсiнiктеме талап етуге және алуға құқылы;
      14) бағалы қағаздар рыногының мәселелерi бойынша ақпарат жариялайды; бұқаралық ақпарат құралдарында және өздерiнiң хабарламаларында, есептерiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi туралы мәлiметтердi (коммерциялық, банктiк, қызметтiк құпиялардан немесе жеке басының құпиясынан тұратын мәлiметтерді қоспағанда) жариялауға құқылы, сондай-ақ олардың бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiне қатысты қабылдаған шаралары туралы ақпаратты жария етуге құқылы;
      15) бағалы қағаздар рыногын реттейтiн шетелдiк органдармен бағалы қағаздар рыногын реттеу, бағалы қағаздар рыногында заң бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу жөнiнде қабылданған шараларды үйлестiру жөнiндегi мәселелер және өзара мүддесiн бiлдiретiн басқа да мәселелер бойынша өзара iс-әрекет етедi;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу жөнiндегi басқа да функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.
      Ескерту. 15-1-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.
      Ескерту. 15-1-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.12.29. N 1009 жарлығымен.

      15-2. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн мемлекеттiк реттеу және бақылау жөнiндегі функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi:
      1) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiн лицензиялайды;
      2) жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшыларына, басшы қызметкерлерiне және мамандарына, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының жарғылық капиталының мөлшерiне және құрамына қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      3) жинақтаушы зейнетақы қорларындағы басшы лауазымдарға үмiткер азаматтардың бiлiктiлiк емтихандарын тапсыру тәртiбiн белгiлейдi;
      4) жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ететiн нормалар мен лимиттердi белгiлейдi;
      5) өз құзыретi шегiнде жинақтаушы зейнетақы қорларының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есеп беру жүйесiн реттеудi жүзеге асырады;
      6) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарынан және инвестициялық кiрiстен процент түрiнде алатын комиссиялық сыйақылардың шектеулi көлемiн белгiлейдi;
      7) өз құзыретi шегiнде жинақталған зейнетақы қаражатының түзiлуiн және мақсатқа сай пайдаланылуын бақылайды;
      8) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы ережелерiн бекiтедi;
      9) таратылатын мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн, зейнетақы шарттары бойынша оның мiндеттемелерiн басқа жинақтаушы зейнетақы қорына беру тәртiбiн белгiлейдi;
      10) өз құзыретi шегiнде жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
      11) жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу жөнiндегi өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдарынан және өзге де ұйымдарынан, сондай-ақ жеке тұлғалардан қажеттi құжаттарды сұратуға және алуға құқылы;
      12) мемлекеттiк және коммерциялық құпияны бiлдiретiн ақпараттың сақталуын, жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық есебiнiң құпиялылығын қамтамасыз етедi;
      13) жинақтаушы зейнетақы қорларының, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларын тарату комиссияларының қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
      14) жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық және статистикалық есептерiн қарайды;
      15) мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларын қайта ұйымдастыруға және ерiктi таратуға рұқсат бередi;
      16) жинақтаушы зейнетақы қорлары заңнаманы бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген ықпал ету шараларын қолданады;
      17) алушылардың жеке шоттарындағы зейнетақы қаражатын есепке алу тәртiбiн белгiлейдi және зейнетақы жарналарын есепке алудың дұрыс жүргiзiлуiне және жинақтаушы зейнетақы қорлары алушыларының жеке зейнетақы шоттарындағы инвестициялық кiрiстiң есептелуiне бақылауды жүзеге асырады;
      18) жинақтаушы зейнетақы қорларының сақталуға тиiстi негізгi құжаттарының тiзбесiн және олардың сақталу мерзiмiн белгiлейдi;
      19) жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн мемлекеттiк реттеу жөнiнде Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.

      16. Сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi жұмысты және өкiлеттiктердi жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Ұлттық Банкi:
      1) Қазақстан Республикасында сақтандыру жүйесiнiң жұмыс істеуiн және ұлттық сақтандыру рыногының инфрақұрылымын қалыптастыруды, сақтанушылардың және сақтандыру рыногының өзге де қатысушыларының заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде мемлекеттiк саясат жүргiзедi;
      2) сақтандыру қызметі және оны қадағалау мәселелерi жөнiнде өз өкiлеттiгi шегiнде барлық сақтандыру рыногының қатысушылары орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
      3) сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары үшiн пруденциалдық нормативтердi және өзге де сақталуға мiндеттi нормалар мен лимиттердi, жарғылық және меншiктi капиталдың ең аз мөлшерiн қоса, белгiлейдi және олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етедi;
      4) сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының, сақтандыру және сақтандыру рыногындағы брокерлердiң, актуарийлердiң және уәкiлеттi аудиторлардың қызметiн лицензиялайды;
      5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын құруға, оларға бақылау жасау құқығын алуға, олардың ерiктi түрде қайта ұйымдастырылуына және таратылуына рұқсат бередi, Қазақстан Республикасының аумағында, сол сияқты одан тыс жерлерде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға келiсiм бередi;
      6) сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының басшы қызметкерлерiне арналған бiлiктiлiк талаптарын белгiлейдi, оларды сайлауға (тағайындауға) келiсiм бередi;
      7) сақтандыру қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарды және сақтандыру брокерлерiн тексередi (инспекциялайды);
      8) сақтандыру рыногы субъектілерiнен өзiнiң бақылау және қадағалау қызметiн жүзеге асыруына қажеттi ақпарат алады;
      9) өзiнiң бақылау және қадағалау қызметiн қамтамасыз ету үшiн сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары, сақтандыру брокерлер беретiн қаржылық және басқа есептiң тiзбесiн, нысанын, мерзiмiн айқындайды;
      9-1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен бухгалтерлiк есеп және аудит мәселелерi бойынша сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының бухгалтерлiк есебiнiң стандарттарын белгiлейдi;
      9-2) уәкiлеттi мемлекеттiк органмен бiрлесiп статистика мәселелерi бойынша сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының, сақтандыру брокерлерінің статистикалық есеп беру тiзбесін, нысандары мен мерзiмдерін белгiлейдi;
      9-3) сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының, олармен қосылма тұлғалардың және олардың құрылтайшы адамдарының, сондай-ақ консорциумдарға қатысушы ұйымдардың және сақтандыру мен қайта сақтандыру ұйымдарының қатысуымен құрылған жай серiктестiктердiң қызметiне шоғырландырылған қадағалау ережелерiн айқындайды;
      10) сақтандыру статистикасын дайындау, сақтандыру рыногының жағдайына экономикалық талдау жасау үшiн сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының қауымдастықтарынан, одақтарынан және бiрлестiктерiнен, мемлекеттiк органдардан тиiстi ақпарат алып отырады;
      11) қолданылып жүрген заңдарда көзделген негiзде сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарына, сақтандыру брокерлерiне, актуарийлерге және уәкiлеттi аудиторларға берiлген лицензияны қолдануды және қайтарып алуды тоқтата тұру туралы шешiм, сондай-ақ сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының қызметiн сот тәртiбiмен тоқтату жөнiнде шара қабылдайды;
      11-1) ерiктi және ерiксiз таратылатын сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының тарату комиссияларының қызметiн бақылайды, тарату комиссияларының ұсынуы бойынша ерiктi таратылатын сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының кредиторлар комитеттерiнiң құрамын бекiтедi, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының тарату комиссияларымен бiрлесе отырып, ерiксiз таратылатын сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының кредиторлар комитеттерiнiң құрамын соттың бекiтуiне ұсынады, ерiксiз таратылатын сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары кредиторларының тiзiмдемесiн соттың бекiтуiне ұсынады, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының тарату комиссиялары беретiн есептiң нысандарын, мерзiмдерiн және кезеңдiлiгiн, аралық баланстардың және оның қосымшаларының нысандарын және таратылатын сақтандыру мен қайта сақтандыру ұйымдарының тарату баланстарының нысандарын белгiлейдi;
      11-2) активтердiң сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша оларды сыныптау ескерiле отырып, есептелген құны мен мiндеттемелерi арасында терiс айырма бары анықталған жағдайда, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының акцияларын олардың акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алып, оларды сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық мiндеттемелердi орындауға кепілдiк беретiн талаптармен сатып алуға тiлек бiлдiрген жаңа инвесторға сату туралы шешiм қабылдайды;
      12) басқа мемлекеттердiң сақтандыруды қадағалайтын орталық органдарымен қатынастарда, халықаралық және басқа сақтандыру ұйымдарында Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiредi;
      13) сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарға сәйкес сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның басқа да қызметiн және өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

      17. Қазақстанның Ұлттық Банкi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес:
      1) Қазақстанның Ұлттық Банкiне жүктелген қызметтi жүзеге асыруға көмектесетiн және (немесе) қаржылық рыноктың инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын ұйымдар құруға және оның жұмысына қатысады;
      2) Қазақстан Республикасы банктерiнiң жиынтық балансын және өз балансын жасап, оны үнемi жариялап отырады;
      3) елiмiздiң есептiк төлем балансын қалыптастырады және төлем балансы көрсеткiштерiнiң қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi болжамды бағаларын әзiрлеуге қатысады, мемлекеттiк кепiлдiгi жоқ мемлекеттiк емес сыртқы займдар жөнiндегi шарттарды тiркейдi және мониторингiн жүзеге асырады және елiмiздің жалпы сыртқы қарызының бағасын қалыптастырады;
      4) депозиттер қабылдайды, төлем мен ақша аударымын жүзеге асырады, бағалы қағаздарды және басқа да құндылықтарды сақтауға қабылдайды және басқарады;
      5) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi банктер мен қаржы ұйымдарында есепшот ашады;
      6) егер Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заңымен тiкелей тыйым салынбаған болса, өз мiндеттерiне сәйкес өз атынан басқа да банк операцияларын, сондай-ақ мәмiлелердi жүзеге асырады;
      7) сыртқы қарызды басқарудың мемлекеттiк саясатына сәйкес банктер үшiн шет елден кредит тарту көлемiне шектеулер енгiзедi;
      8) шарттың талаптары бойынша банктердi, заңды және жеке тұлғаларды қажеттi талдамалық, баспалық және ақпарат материалдарымен қамтамасыз етедi, банк iсiн ұйымдастыруда консультациялық және практикалық көмек және басқа да қызмет көрсетедi;
      9) Ұлттық Банк жүйесi үшiн кадрлар даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыруға қатысады. Банк iсiне оқыту жөнiндегі үйлестiру кеңесi арқылы екiншi деңгейдегi банктер үшiн кадр даярлауға және қайта даярлауға қатысады;
      10) Қазақстан Республикасының Үкiметiне және Қаржы министрлiгiне банктiк және басқа қызмет көрсететiн жағдайлардан басқа кезде ақылы негiзде банк операцияларын жасайды және басқа да қызмет көрсетедi;
      11) Қазақстанның Ұлттық Банкi кредиттердi қамтамасыз етуге жарамды деп есептеген, өтеу мерзiмi бiр жылдан аспайтын депозиттiк сертификаттарды, борыштық бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
      12) туынды қаржылық құралдармен операция жасайды;
      13) чек жазып бередi және вексель бередi;
      14) Қазақстан Республикасында төлем және ақша аударымын жүзеге асыру тәртiбiн, жүйесiн және нысанын анықтайды, банктер арасында Қазақстан теңгесiмен ақша аударуды уақытылы және толассыз жүргiзудi қамтамасыз ететiн төлем жүйесiнiң жұмыс iстеуiн ұйымдастырады, банктер пайдаланатын автоматтандырылған жүйелердiң және банктiк ақпараттың қорғауының сенiмдiлiгiн, қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ең аз талаптарды белгілейдi;
      14-1) елтаңбалық қағазды шығарумен байланысты қызметке лицензия бередi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында шығарылған немесе әкелiнген вексель қағазының қорғаныш дәрежесiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      15) мемлекеттiк бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
      16) <*>
      Ескерту. 17-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 17-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.

      18. Қазақстанның Ұлттық Банкi жыл сайын жылдық есептi Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынып отырады.

3. Қазақстан Ұлттық Банкінің капиталы және резервтері

      19. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң капиталы және резервтерi жарғылық және резервтiк капиталдардан, қайта бағалау есепшоттарынан, арнаулы провизиялардан (резервтерден), сондай-ақ жалпы провизиялардан (резервтерден) тұрады.

      20. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржылық жыл iшiндегi таза табысы активтердiң, оның iшiнде айналымға шығарылған банкноттар мен металл ақшаның амортизациясын қоса алғанда нақты кiрiстер мен осы қаржылық жылға жататын шығыстар (алтын-валюта активтерiн қайта бағалау есепшотына жатқызылған жұмсалмаған кiрiстiң пайда болған сомасын қоспағанда) арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      банк активтерi бойынша құрылған жалпы провизиялар (резервтер) сомасына азайтылған Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн абсолюттiк сомада жарғылық және резервтiк капиталдар қалыптастыруға жұмсалады.
      Нақты алынған таза кiрiстiң қалған бөлiгi келесi қаржы жылында республикалық бюджетке аударылады. Банк активтерi бойынша құрылған жалпы провизиялар (резервтер) сомасына азайтылған Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығында көзделген жарғылық және резервтiк капиталдар қалыптастыруға жетпеген жағдайда, пайда болған айырма республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен келесi қаржы жылында толықтырылатын болады.
      Ескерту. 20-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

      21. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жарғылық капиталы негiзгi қорларды және одан алынған таза кiрiстерден бөлiнген қаржыны, сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаражатты Қазақстан Ұлттық Банкiне Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заңымен белгіленген мөлшерде беру жолымен қалыптасады.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi өз балансындағы мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк жүргiзу құқығын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқармасы белгiлеген тәртiппен дербес жүзеге асырады.
      Резервтiк капитал Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы бекiтетiн ережеге сәйкес жарғылық қор мөлшерiнде құрылады, таза кiрiс есебiнен толықтырылады және жасалатын операцияларға байланысты шығынды өтеуге және зиянның орнын толтыруға ғана жұмсалады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң шығыстары есебiнен күмәндi және үмiтсiз талаптары бойынша кредиттердi, депозиттердi, бағалы қағаздарды, есеп айырысу кезiндегi шығындарды, есепшоттағы қалдықтарды және аяқталмаған құрылыс көлемiн, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң монетарлық емес қызметi жөнiндегi өзге де талаптарын және әлеуметтiк сипаттағы төлемдердi қамтитын басқа да активтердi қоса, арнайы провизиялар (резервтер), ал бөлiнбеген таза кiрiс есебiнен банк активтерi бойынша жалпы провизиялар (резервтер) құрылады.
      Алтын-валюта активтерiн қайта бағалау есепшоты оларды қайта бағалаудан түскен жұмсалмаған кiрiстi есепке алуға арналған. Бағалы қағаздарды, оның iшiнде шетел валютасындағы ұзақ мерзiмдi қаржылық инвестициялар түрiндегi қайта бағалау есепшоты олардың құнын қайта бағалаудан түскен жұмсалмаған кірiстi есепке алу үшiн қажет. Негiзгi құрал-жабдықты қайта бағалау есепшоты Қазақстан Ұлттық Банкiнiң негiзгi құралдарын индекстеу нәтижесiн есепке алу үшiн қажет.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта активтерi Қазақстан теңгесiнiң iшкi және сыртқы тұрлаулылығын қамтамасыз ету үшiн құрылады және пайдаланылады, әрi:
      1) тазартылған алтыннан;
      2) банкноттар мен металл ақша түрiндегi шетел валютасынан және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасында және шет елде сақтаулы жатқан есеп-шоттарындағы қаражаттан;
      3) валюталық құндылықтардан
      4) шетел үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және кепiлдiк берген бағалы қағаздардан;
      5) шетел валютасындағы жай және аударым вексельдерiнен;
      6) мұндай активтердiң өтiмдiлiгi мен сақталуы қамтамасыз етiлген жағдайда шетел валютасымен күшейтiлген басқа да сыртқы активтерден құралады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта активтерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығына және осы Ережеге сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы бекiткен алтын-валюта активтерi туралы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген мақсаттарға пайдаланылады.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiнiң құрылымын және олардың орналастырылуын белгілейді.
      Ескерту. 21-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

4. Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымы және органдары.
Олардың қалыптасу тәртібі және құзыры

      22. Қазақстанның Ұлттық Банкi сатылап бағыну жолындағы бiртұтас орталықтанған құрылым болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң органдары Басқарма және Директорлар кеңесi (Директорат) болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымына департаменттерден және басқа бөлiмшелерден тұратын орталық аппарат, филиалдар, өкiлдiктер және ұйымдар кiредi.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi аудиттi жүзеге асырады және орталық аппарат бөлiмшелерiнiң, өз филиалдарының, өкiлдiктерiнiң және ұйымдарының қызметiн тексередi.

      23. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ең жоғарғы органы Басқарма болып табылады.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi Басқармасының құрамы тоғыз адамнан тұрады.
      Қазақстанның Ұлттық Банкi Басқармасының құрамына Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бес лауазымды адамы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан бiр өкiл және Қазақстан Республикасы Үкiметiнің атынан екi өкiл кiредi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң атынан тағайындалатын мүшелерiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы тағайындайды және босатады.

      24. Қазақстанның Ұлттық Банкi Басқармасының құзырына мыналар кiредi:
      1) мемлекеттiк ақша-кредит саясатын әзiрлеу;
      1-1) бағалы қағаздар рыногын және жинақтаушы зейнетақы жүйесiн қалыптастыру және дамыту саласындағы басым бағыттарды белгiлеу;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банк және сақтандыру қызметiне, сондай-ақ заң актiлерiнде көзделген жағдайларда өзге де қызмет түрлерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлерiн және Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiн бекiту;
      3) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттардың және металл ақшаның нақты құны мен дизайнын белгiлеу;
      4) Қазақстанның Ұлттық Банкi банктермен жасайтын операциялары бойынша қайта қаржыландырудың ресми ставкасын белгiлеу;
      5) банктер ашуға рұқсат беру және оны қайтарып алу туралы шешiмдер қабылдау;
      6) қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру үшiн ломбардтарға, уәкiлеттi ұйымдарға берiлетiн лицензиялардан басқа, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүргiзуге лицензиялар беру, олардың қолданылуын тоқтата тұру және қайтарып алу туралы, банк заңдарында көзделген өзге де санкциялар қолдану туралы шешiм қабылдау;
      6-1) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банктiң және (немесе) банктiк холдингтiң ірi қатысушысының акцияларын сенiмдi басқаруын жүзеге асыруы жөнiнде, ал Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң келiсiмi бойынша - банктер кредиторларының мүдделерiн қорғау және Қазақстан Республикасының банк жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында және капиталының терiс мөлшерi бар екiншi деңгейдегi банктердiң акцияларын кейiннен жаңа инвесторларға мiндеттi түрде тез арада сату шарттарымен мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiмдер қабылдау;
      7) банктерді ерікті түрде қайта құруға және таратуға рұқсат беру туралы шешім қабылдайды;
      8) банк қызметiнiң аудитін жүргiзуге лицензия беру және оның күшiн жою тәртiбiн белгiлеу;
      9) банктер үшiн нормативтiк, резервтiк талаптарды бекiту;
      10) алтын-валюта активтерiн басқарудың негiзгi принциптерiн анықтау;
      11) Қазақстан Республикасы валютасының айырбастау бағамын анықтау тәртiбiн бекiту;
      12) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жұмысы туралы жылдық есептi қарау, қабылдау және оны Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсыну;
      13) тауар (жұмыс және қызмет) экспортынан шетел валютасымен түсетiн түсiмдi мiндеттi түрде сату режимiн енгiзу және оны жою туралы шешiм қабылдау;
      14) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерi туралы жылдық балансты және есептi қарау мен бекiту;
      15) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жарғылық және резервтiк капиталдарын қалыптастыру, негiзгi құрал-жабдықтарын және өзге мүлкiн, бюджеттi (шығыстар сметасын) пайдалану, ақылы қызмет көрсету тәртiбi туралы Қазақстан Ұлттық Банкi нормативтiк құқықтық актiлерiн бекiту, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнiң департаменттерiнiң директорларын, филиалдарының, өкiлдiктерiнiң және ұйымдарының басшыларын бекiту;
      16) қолданылып жүрген банк заңдарының талаптарына сәйкес пруденциалдық нормативтердi және банктер, банктiк топтар мен басқа ұйымдар орындауға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бекiту;
      17) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң, оның филиалдарының, өкiлдiктерi мен ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек жағдайын, оған ақы төлеу жүйесi мен мөлшерiн, әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету шарттарын белгiлеу және бекіту;
      18) Қазақстанның Ұлттық Банкi Төрағасының лауазымдық жалақысын белгiлеу;
      19) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығына сәйкес
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң халықаралық және өзге де ұйымдарға
қатысуы туралы шешiм қабылдау;
      20) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесiнiң
(Директораттың) құрамын бекiту;
      21) <*>
      22) қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкi реттейтiн және қадағалайтын ұйымдар үшiн бухгалтерлiк есептiң үлгi шоттары жоспарын, бухгалтерлiк есеп және қаржылық есеп беру жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша бухгалтерлiк есеп стандарттарын және оларға әдiстемелiк ұсынымдарды бекiту;
      23) <*>
      24) <*>
      25) iшкi активтерге шетел қатысатын банктер орналастыратын қаражаттың тәртiбiн және көлемiн бекiту;
      26) банк операцияларын және сақтандыру қызметiн лицензиялау тәртiбiн бекiту;
      27) <*>
      28) банктердiң қызметiн доғару және банктiң уақытша әкiмшiлiгiн (уақытша басқарушысын) тағайындау туралы шешiм қабылдау;
      29) банк болып саналмайтын заңды тұлғалардың Қазақстан Ұлттық Банкiнде банктiк есепшоттарын ашу шарттарын белгiлеу;
      30) жеке және заңды тұлғалардың банктiң және банктiк холдингтiң iрi қатысушысы мәртебесiн алуға шешiм қабылдау;
      31) <*>
      32) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң уәкiлетті адамдарының банк қызметiне байланысты әкiмшiлiк-құқық бұзушылық туралы материалдарды ресiмдеу және қарау тәртiбi туралы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту;
      32-1) мыналардың тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту:
      бағалы қағаздар эмиссияларын мемлекеттік тіркеу, бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарау, бағалы қағаздар эмиссияларын жарамсыз деп тану және акциялар эмиссияларының күшін жою; <*>
      басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға және айналысқа жiберуге рұқсат беру;
      бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi, бағалы қағаздармен жасалатын сауда-саттықты ұйымдастырушылардың қызметiн және заңнамаға сәйкес лицензияланатын бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң басқа түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар беру және қайтарып алу, осындай лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және жаңарту;
      зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың және басқа институционалдық инвесторлардың инвестициялық қызметiн жүзеге асыруы;
      зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың басшы қызметкерлерiнiң лауазымдарына кандидатураларды келiсу;
      бағалы қағаздар рыногында жұмыс істеу үшiн мамандар әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат беру және қайтарып алу, осындай рұқсаттардың қолданылу мерзiмiн тоқтата тұру, жаңарту және ұзарту;
      бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстегiсi келетiн жеке тұлғаларға бiлiктiлiк куәлiктерiн беру, сондай-ақ бiлiктiлiк куәлiктерiнiң иелерiне санкциялар қолдану;
      таратылатын мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн, зейнетақы шарттары бойынша оның мiндеттемелерiн басқа жинақтаушы зейнетақы қорына беру;
      мемлекеттiк кәсiпорындарға және акциялар пакетi немесе мемлекеттiң үлесi бар ұйымдарға мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларына олардың құрылтайшылары және акционерлерi ретiнде қатысу үшiн рұқсат беру;
      жинақтаушы зейнетақы қорларының басшы лауазымдарына үмiткер азаматтардың бiлiктiлiк емтихандарын тапсыру;
      алушылардың жеке шоттарындағы зейнетақы қаражатын есепке алу және зейнетақы жарналарын есепке алудың дұрыс жүргiзiлуiне және жинақтаушы зейнетақы қорлары алушыларының жеке зейнетақы шоттарындағы инвестициялық кiрiстiң есептелуiне бақылауды жүзеге асыру;
      бағалы қағаздар рыногының объектілерін туынды бағалы қағаздар деп тану, туынды бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, туынды бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарау, шығарылған туынды бағалы қағаздарды жарамсыз деп тану; <*>
      32-2) мыналар:
      азаматтық құқық объектiлерiн бағалы қағаздар деп тану;
      бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң белгiлi түрлерiн кәсiби деп тану;
      бағалы қағаздар рыногында нақты ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығымен брокерлiк және дилерлiк қызметтi, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi және бағалы қағаздар рыногында кастодиан қызметiн жүзеге асыруға арналған лицензиялар беру және қайтарып алу;
      ашық жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметi кезеңiнде дауыс құқығы бар акцияларының 25 процентiнен астамына тiкелей немесе жанама ие болу, билiк ету және/немесе басқару құқығын жүзеге асыруға рұқсат беру;
      зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру бойынша лицензияларды беру, қайтарып алу және күшiн тоқтата тұру;
      мемлекеттiк кәсiпорындарға және акциялар пакетi немесе мемлекеттiң үлесi бар ұйымдарға мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларына олардың құрылтайшылары және акционерлерi ретiнде қатысу үшiн рұқсат беру туралы шешiм қабылдау;
      32-3) мыналарды:
      қаржы тұрақтылығының өлшемдерiн, қаржы тұрақтылығының өлшемдерiн есептеу әдiстемесiн және қолдану принциптерiн, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары үшiн қаржы тұрақтылығы өлшемдерiнiң шектi мәндерiн;
      бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi және қызметтiң лицензияланатын басқа да түрлерiн жүзеге асыру ережелерiн;
      бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық және басқа да есеп беру тiзбесiн, нысандарын, табыс ету және жариялау мерзiмiн;
      жинақтаушы зейнетақы қорларының сақталуға тиісті негiзгi құжаттарының тiзбесiн және олардың сақталу мерзiмiн белгiлеу;
      32-4) мыналарға:
      бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операцияларды жасау шарттарына және тәртiбiне, осы операцияларды есепке алуға және олар бойынша есеп беруге қойылатын талаптарды;
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң рұқсаты негiзiнде бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандарды дайындау жөнiнде қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлеу;
      33) бағалы қағаздар рыногында клиринг қызметiн жүзеге асыруға лицензия беру туралы шешiм қабылдау;
      33-1) сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарына сақтандыру қызметiн, сақтандыру брокерiнiң қызметiн, сақтандыру рыногындағы актуарийлік қызметке, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының аудитiн жүзеге асыру құқығына лицензиялар бередi;
      33-2) сақтандыру рыногының кәсiби қатысушыларына берiлген лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және қайтарып алу, сақтандыру қызметi туралы заңдарда көзделген санкциялардың өзге де түрлерiн қолдану туралы шешiмдер қабылдайды;
      33-3) активтердiң сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша оларды сыныптау ескерiле отырып, есептелген құны мен мiндеттемелерi арасында терiс айырма бары анықталған жағдайда, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының акцияларын олардың акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алып, оларды сақтандыру мен қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беретiн талаптармен сатып алуға тiлек бiлдiрген жаңа инвесторға сату туралы шешiм қабылдайды;
      33-4) елтаңбалық қағазды шығарумен байланысты қызметке лицензия беру туралы шешiм қабылдау;
      33-5) Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе әкелiнетiн вексель қағазының қорғаныш дәрежесiне қойылатын талаптарды бекiту;
      34) банктер мен басқа ұйымдардың Қазақстан Ұлттық Банкi берген кредиттер бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi алдындағы берешектерiнiң құрылымын қайта жасау талаптарын белгiлеу;
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құзырындағы кез келген мәселенi қарауға және шешiм қабылдауға құқылы;
      34-1) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымын, жалпы штат санын және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ереженi қарау, мақұлдау және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсыну.
      Ескерту. 24-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.05.20. N 400 жарлығымен.
      Ескерту. 24-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 24-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.
      Ескерту. 24-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.
      Ескерту. 24-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.12.29. N 1009 жарлығымен.

      25. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжілісi қажет болғанына қарай, бiрақ айына кемiнде бiр рет өткiзіліп тұрады. Басқарманың мәжілісiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы, ал ол жоқ кезде, орнында қалған адам жүргiзедi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiсi кез келген күнi, тiптi демалыс және мереке күндерi және тәулiктiң кез келген мезгiлiнде өткiзiлуi мүмкiн. Басқарма мәжiлiсi өтетiн орынды Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам белгілейдi.
      Басқарманың мәжiлiсi қажетiне қарай бiрнеше күн бойы өткiзiлуi (жалғасуы) мүмкiн. Мұндай жағдайда Басқарма мәжiлiсiнiң соңғы күнi шешiм қабылданған күн болып саналады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам немесе Басқарма мүшелерiнің жалпы санының кемiнде үштен бiрi аса шұғыл және маңызды мәселелердi талқылау үшiн Басқарманың кезектен тыс мәжiлiсiн өткiзудi талап етуге құқылы.
      Басқарманың мәжiлiсiне нақты мәселе бойынша қатысатын адамдардың (Басқарма мүшелерiнен басқаларының) санын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы белгiлейдi.
      Басқарманың шешiмдерi Басқарма мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi, оның iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам мiндеттi түрде қатысқан жағдайда Басқарманың қатысып отырған мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда Қазақстанның Ұлттық Банкi Төрағасының даусы шешушi болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi сұрау салу арқылы да қабылдануы мүмкiн.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы бiр апта мерзiмнен кешiктiрмей Басқарманың шешiмiн қайта талқылау және дауысқа салу үшiн өзiнiң келiспейтiн пiкiрiмен бiрге қайтаруға құқылы. Егер Басқарма бұрын қабылданған шешiмдi өз мүшелерiнiң жалпы санының үштен екi даусымен қуаттаса, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы шешiмге қол қояды.
      Басқарманың кейбiр мүшелерiнiң тұрақты жұмыс орны мен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының тұрған орны бiр жерде болмауы мүмкiн екенiн ескере отырып, сондай-ақ Басқарманың кейбiр мүшелерi қызмет бабындағы iссапарда жүрген немесе олар басқа да дәлелдi себеппен болмай қалған жағдайларда талқыланатын мәселелердi олармен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы телефон немесе басқа байланыс құралдары арқылы келiсуi мүмкiн. Қабылданған шешiм бойынша олардың өз айқындамасын соңынан қуаттауы Басқарманың қаулысына қол қойған кезде ресiмделедi.
      Басқарма өз құзырына жататын мәселелер бойынша қаулы қабылдайды.
      Басқарма мәжiлiсiнде талқыланатын мәселе бойынша Басқарма мүшелерi түбегейлi келiспеушiлiк бiлдiрсе, олар оны Басқарма мәжiлiсi басталғанға дейiн жазбаша бiлдiрген болса және осы мәжiлiс басталғанға дейiн қайтарып алмаған болса, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының немесе оның орнында қалған адамның шешiмiмен Басқарма мәжiлiсiнде хаттама жүргiзіледi. Мұндай жағдайда Басқарма мәжiлiсi хатшысының қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының кез-келген мүшесiне немесе Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқа бiр қызметкерiне жүктеп алады.
      Басқарма мәжiлiсiне енгiзiлетiн мәселелер жөнiндегi материалдар Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей қаулының шығарылуына (ресiмделуiне) жауап беретiн бөлiмшесiне тапсырылады, ол мұны алдын ала қарау үшiн Басқарма мәжiлiсi басталардан кемiнде бес күн бұрын Басқарма мүшелерiне жолдайды. Басқарма Төрағасы материалдарды алдын ала қараудың бұдан да қысқа мерзiмiн белгiлеуге құқылы.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының жұмыс тәртiбi оның Регламентiмен белгiленедi.

      26. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасын Қазақстан Республикасының Президентi Парламенттiң келiсуiмен 6 жыл мерзiмге тағайындайды.
      Төраға Қазақстан Ұлттық Банкiнiң атынан жұмыс жүргiзедi және мемлекеттiк органдармен, банктермен, қаржылық, халықаралық, шетелдiк және басқа ұйымдармен қатынастарда сенiмхатсыз Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өкiлi бола алады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы қызметтен кету туралы өтiнiшiн Қазақстан Республикасының Президентiне екi ай бұрын жазбаша түрде берiп, қызметiнен кетуге құқылы.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасын қызметтен Қазақстан Республикасының Президентi босатады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жұмысы үшiн жауап бередi.

      27. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығында және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы үшiн осы Ережеде айтылған өкiлеттiктерден басқа Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жұмысына байланысты барлық мәселелер бойынша жедел және атқарушы-нұсқаушы шешімдер қабылдау өкiлеттiгiне ие, оның iшiнде:
      1) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының және Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiн жүргiзедi;
      2) заң актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерi, Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының және Директорлар кеңесiнің қаулылары негiзiнде және/немесе оларды орындау үшiн Қазақстан Ұлттық Банкi жұмысының мәселелерi бойынша бұйрық және өкiм шығарады, Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының және Директорлар кеңесiнiң қаулыларына қол қояды;
      3) республикада және шет елдерде банк және сақтандыру жұмысының барлық мәселелерi бойынша, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногын және жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн мемлекеттiк реттеу мәселелерi бойынша Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өкiлi бола алады;
      4) Қазақстан Ұлттық Банкiнен сайланған Басқарма мүшелерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) Қазақстан Республикасының Президентi тағайындауы үшiн Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлығына үмiткерлердi ұсынады;
      6) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лауазымдық номенклатурасын бекiтедi;
      7) бекiтiлген номенклатураға сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лауазымды адамдарын тағайындайды және оларды қызметтен босатады, көзге түскен қызметкерлердi көтермелейдi, тәртiптiк шаралар қолданады;
      8) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы орынбасарларының атқаратын мiндеттерiн бөледi, өз орынбасарларының және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының, құрылымдық бөлiмшелерiнiң, филиалдарының, өкiлдiктерi мен ұйымдары басшыларының тапсырылған учаскедегi iстiң жай-күйi үшiн жауапкершiлiк дәрежесiн белгiлейдi;
      9) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жалпы штат саны негiзiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының, филиалдарының, өкiлдiктерiнiң штат кестесiн бекiтедi;
      10) банк немесе сақтандыру заңдарына сәйкес құрылатын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бiлiктiлiк комиссиясының құрамын бекiтедi;
      11) жоғары кәсiптік бiлiктiлiгi бар және аса маңызды мiндеттер атқаратын жекелеген қызметкерлерге жеке лауазымдық жалақы немесе лауазымдық жалақысына қоса дербес үстеме ақы белгiлейдi;
      12) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкiнiң барлық мүлкi мен қаражатына иелiк етедi, Қазақстан Ұлттық Банкi атынан сенiмхат бередi, мiндеттемелерге қол қою және сенiмхат беру тәртiбiн белгілейдi;
      13) Қазақстан Ұлттық Банкi атынан шарттар (келiсiмдер, контрактiлер) жасайды;
      14) Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшелерін, филиалдарын, өкілдіктері мен ұйымдарын тексеру және аудит жүргізу нәтижелерін қарайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы (немесе Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және сақтандыру ұйымдарының және сақтандыру ұйымдарының лауазымды адамдарына әкiмшiлiк айып салу туралы шешiм қабылдауға құқылы, ол тиiстi қаулы түрiнде ресiмделедi.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнің Төрағасы өз құзырындағы жекелеген мәселелердi шешудi өзiнiң орынбасарларына, Қазақстан Ұлттық Банкi орталық аппараты құрылымдық бөлiмшелерiнiң, филиалдарының және өкiлдiктерiнiң басшыларына тапсыруға құқылы.
      14-1) лицензиаттың атауы, орналасқан жері өзгерген жағдайларда заңдарға сәйкес Ұлттық Банк берген лицензияларды қайта ресімдеу туралы шешімдер қабылдайды.
      Ескерту. 27-тармақ өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2000.05.20. N 400 жарлығымен.
      Ескерту. 27-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 27-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.
      Ескерту. 27-тармақ толықтырылды - ҚР Президентінің 2002.05.17. N 872 жарлығымен.
      Ескерту. 27-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.

      28. Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарларын Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының тағайындалу мерзiмiне қарамай 6 жыл мерзiмге тағайындайды.
      Төрағаның орынбасарлары сенiмхатсыз Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өкiлi бола алады, өз құзыры шегiнде құжаттарға қол қояды және сотта iс қаралған кезде және басқа мәселелер бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi қызметкерлерiнің қатысуы үшiн сенiмхат бередi.
      Төрағаның орынбасарларын Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi қызметтен босатады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлары екi ай бұрын Қазақстан Ұлттық Банкiнің Төрағасы арқылы Қазақстан Республикасының Президентiне жазбаша өтiнiш берiп, қызметтен кете алады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлары қолданылып жүрген заңдарға сәйкес және өздерiне бөлiнген қызметтiк мiндеттер негiзiнде мәселе қарайды және шешiм қабылдайды.
      Ескерту. 28-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2000.05.20. N 400 жарлығымен.

      29. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жедел басқару органы болып табылады және Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасы мен Төрағасының (немесе оның орынбасарларының) құзырына кiретiн мәселелерден басқа Қазақстан Ұлттық Банкiнің құзырындағы мәселелер жөнiнде шешiм қабылдайды.
      Директорлар кеңесiнiң құрамына Қазақстан Ұлттық Банкiнің Төрағасы, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуымен оның орынбасарлары, Қазақстан Ұлттық Банкiнің құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары кiредi. Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң құрамын Қазақстан Ұлттық Банкiнің Басқармасы бекiтедi.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi банктерге, олардың iрi қатысушыларына және банктiк холдингтерге Қазақстанның Ұлттық Банкi Басқармасының өкiлеттiгiне жатқызылмаған санкциялардың кейбiр түрлерiн, сондай-ақ банк заңдарында көзделген ықпал етудiң басқа да шараларын қолдану туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесiнiң мәжiлiстерi қажетiне қарай, бiрақ айына кемiнде бiр рет өткiзiп тұрады. Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiн Қазақстан Ұлттық Банкiнің Төрағасы, ал ол жоқ кезде, оның орнында қалған адам жүргiзедi.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесiнiң мәжiлiстерi кез келген күнi, тiптi демалыс және мереке күндерi және тәулiктiң кез келген мезгiлiнде өткiзiлуi мүмкiн. Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсi өтетiн орынды Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам белгілейдi.
      Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсi қажетiне қарай бiрнеше күн бойы өткiзiлуi (жалғасуы) мүмкiн. Мұндай жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi мәжiлiсiнің соңғы күнi шешiм қабылданған күн болып саналады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам немесе Директорлар кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен бiрi аса шұғыл және маңызды мәселелердi талқылау үшiн Директорлар кеңесiнiң кезектен тыс мәжiлiсiн шақыруды талап етуге құқылы.
      Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiне нақты мәселе бойынша қатысатын адамдар тобын (Директорлар кеңесi мүшелерiнен басқаларын) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы белгiлейдi, Директорлар кеңесінің шешiмдерiн мәжiлiсте де, сауалнама жолымен де қабылдауға болады. Шешiм мәжiлiсте Директорлар кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi, оның iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам мiндеттi түрде қатысқан жағдайда Директорлар кеңесiнің қатысып отырған мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының даусы шешушi болып табылады. Сауалнама жолымен қаралатын мәселелер жөнiндегi шешiм Директорлар кеңесi құрамының жалпы саны дауысының үштен екісiмен қабылданады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы бiр апта мерзiмнен кешiктiрмей Директорлар кеңесiнің шешiмiн қайта талқылау және дауысқа салу үшiн өзiнiң келiспейтiн пiкiрiмен бiрге қайтаруға құқылы. Егер Директорлар кеңесi қабылданған шешiмдi жалпы дауыс санының үштен екiсiмен қуаттаса, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы шешiмге қол қояды.
      Жекелеген жағдайда кейбiр мәселелердiң жедел шешiлу қажеттiгiн ескере отырып, шешiм сауалнама жолымен қабылданады, ал Директорлар кеңесінің кейбiр мүшелерi қызмет бабындағы iссапарда жүрген немесе олар басқа да дәлелдi себептермен болмай қалған жағдайларда, талқыланатын мәселелер олармен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы телефон немесе басқа байланыс құралдары арқылы сөйлесуi жолымен келiсiлуi мүмкiн. Қабылданған шешiм бойынша олардың өз айқындамасын соңынан қуаттауы Директорлар кеңесiнің қаулысына қол қоюмен ресiмделедi, ал оларда түбегейлi келiспеушілік болған жағдайда, қаулыға ескертпе түрiнде ресiмделедi.
      Директорлар кеңесi өз құзырына жататын мәселелер бойынша қаулы қабылдайды.
      Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiнде талқыланатын мәселе бойынша Директорлар кеңесiнiң мүшелерi түбегейлi келiспеушiлiк бiлдiрсе, олар оны Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсi басталғанға дейiн жазбаша бiлдiрген болса және осы мәжiлiс басталғанға дейiн қайтарып алмаған болса, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының немесе оның орнында қалған адамның шешiмiмен Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiнде хаттама жүргiзiледi. Мұндай жағдайда Директорлар кеңесi мәжiлiсi хатшысының қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнің Төрағасы немесе оның орнында қалған адам Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң кез келген мүшесiне немесе Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқа бiр қызметкерiне жүктей алады.
      Директорлар кеңесiнiң мәжілісiне енгiзiлетiн мәселелер жөнiндегi материалдар Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей қаулының шығарылуына (ресiмделуiне) жауап беретiн бөлiмшесiне тапсырылады, ол мұны алдын ала қарау үшiн Директорлар кеңесiнің мәжiлiсi басталардан кемiнде бес күн бұрын Директорлар кеңесiнің мүшелерiне жолдайды. Қазақстан Ұлттық Банкiнің Төрағасы материалдарды алдын ала қараудың бұдан да қысқа мерзiмiн белгiлеуге құқылы.
      Директорлар кеңесiнiң жұмыс тәртiбi оның Регламентiмен белгiленедi.
      Ескерту. 29-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.

      30. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi:
      1) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымы негiзiнде Қазақстан Ұлттық Банкi орталық аппараты бөлiмшелерiнiң, филиалдарының, өкiлдiктерiнiң құрылымын, олар туралы ереженi, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкi ұйымдарының жарғыларын бекiтедi;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкi орталық аппаратының бөлiмшелерi, филиалдары, өкiлдiктерi және ұйымдары басшыларының есебiн тыңдайды;
      3) "репо", "керi репо" операциялары, "овернайт" займдары, күндізгі займдар бойынша" сыйақының (мүдденiң) ресми ставкаларын және ресми есептiк (дисконттiк) ставканы белгiлейдi;
      4) банктердің филиалдарын Қазақстан Республикасының аумағында және шетелде, өкiлдiктерiн Қазақстан Республикасының аумағында, ал резидент банктер үшiн республика аумағынан тыс жерде ашуға (оларды бiрiктiруге) келiсiм бередi;
      5) қолданылып жүрген заңдармен Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының өкiлеттiктерiне жатқызылмайтын санкцияның кейбiр түрлерiн банктерге қолдану жөнiнде шешiм қабылдайды;
      6) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құзырындағы мәселелер бойынша банктердi тексеру нәтижесiн қарауға құқылы;
      7) қажет болғанда шоғырландырылған банктiк және сақтандыруды қадағалауды жүзеге асырумен, сондай-ақ банктердің, сақтандыру ұйымдары мен қайта сақтандыру ұйымдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүргiзетiн ұйымдардың жұмысын реттеу бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi қызметiн және өкiлеттiгiн атқарумен байланысты қолданылып жүрген заңдарда Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының және Төрағаның өкiлеттiгiне жатқызылмаған басқа да мәселелердi қарайды;
      8) Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппаратының бөлімшелеріне, филиалдарына және өкілдіктеріне бюджетті (шығыстар сметасын) бөледі;
      9) Қазақстан Ұлттық Банкі ұйымдарының бизнес-жоспарын және еңбекақы төлеу қорын бекітеді;
      10) Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдарын құру, қайта құру және тарату жөнiнде, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң филиалдары мен өкiлдiктерiн ашу және жабу жөнiнде шешiм қабылдайды;
      11) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы бекiткен номенклатураға сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лауазымды адамдарын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келiсiм бередi;
      12) қажет болғанда Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының қарауына енгізiлген мәселелердi алдын ала қарайды;
      13) <*>
      14) Қазақстан Ұлттық Банкінің өзiне жүктелген қызметтi жүзеге асыруына көмектесетiн және (немесе) қаржы рыногы инфрақұрылымының бөлiгі болып табылатын ұйымдардың құрылуына және оның қызметiне қатысу туралы мәселенi шешедi;
      15) ломбардтарға банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүргiзуге лицензия беру туралы шешiм қабылдайды; <*>
      16) лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және ломбардтардың банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүргiзуге берiлген лицензияларын қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды;
      17) <*>
      18) ломбардтар, кредит серiктестiктерiн ашуға рұқсат беру жөнiнде және оны қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды;
      19) ломбардтардың, кредит серiктестiктерiнiң өз еркiмен қайта құрылуына және таратылуына рұқсат беру жөнiнде шешiм қабылдайды;
      20) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың өз еркiмен қайта құрылуына рұқсат беру жөнiнде шешiм қабылдайды;
      20-1) бағалы қағаздарға ұлттық сәйкестендiру нөмiрлерiн беру талаптарын және тәртiбiн белгiлейдi;
      20-2) мыналар:
      басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға және айналысқа жiберуге рұқсат беру;
      бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру мен жаңарту және бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi (бағалы қағаздардың айналысы) тiркеу, бағалы қағаздар эмиссиясын өткiзiлмедi деп тану;
      осы Ереженiң 24-тармағының 32-2) тармақшасының төртiншi абзацында көрсетiлген қызмет түрлерiн қоспағанда, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар беру және қайтарып алу;
      бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияларды тоқтата тұру және жаңарту;
      бағалы қағаздар рыногында жұмыс істеу үшiн мамандар даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат беру және қайтарып алу, мұндай рұқсаттың қолданылу мерзiмiн тоқтата тұру, жаңарту және ұзарту;
      бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары қызметкерлерiне, бағалы қағаздармен - сауда-саттық ұйымдастырушыларға және жинақтаушы зейнетақы қорларының басшы қызметкерлерiне бiлiктiлiк куәлiктерiн беру, қолданылуын тоқтата тұру, қайтарып алу және жаңарту туралы шешiм қабылдайды"
      20-3) заңнамада көзделген жағдайларда бағалы қағаздар эмитенттерiнiң есептерiн бекiту туралы бұрын қабылданған шешiмдердi өзгертуге құқылы;
      20-4) Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға берiлетiн лицензиялар мен рұқсаттар тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
      20-5) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарынан және инвестициялық кiрiстен процент түрiнде алатын комиссиялық сыйақылардың шектеулi көлемiн белгiлейдi;
      20-6) мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға және корпоративтiк түрден ашық түрге өзгертуге, мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларын ерiктi түрде таратуға рұқсат бередi;
      20-7) жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдарын және өкiлдiктерiн ашуға келiсiм бередi;
      21) сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарын құруға, оларға бақылау жасау құқығын иеленуге, олардың ерiктi түрде қайта ұйымдастырылуы мен таратылуына, меншiк құқығын немесе дауыс беретiн акциялардың жалпы санынан бес проценттен астам дауыс беретiн акцияларды басқару құқығын иеленуге рұқсат бередi, Қазақстан Республикасының аумағында, сол сияқты одан тыс жерлерде сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға келiсiм бередi;
      22) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайлары мен жабдығына қойылатын талаптарды бекітеді;
      23) Қазақстанның Ұлттық Банкі көрсететін қызмет түрлерін және ақы мөлшерін бекітеді;
      24) банктердің бағалы қағаздар рыногында кәсіби қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына келісім береді;
      24-1) банктердiң еншiлес ұйымдарын құруға, сондай-ақ банк тура (тiкелей) немесе жанама (басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы) дауыс беретiн акциялардың (қатысу үлесiмен) елу процентiнен астамын иеленетiн немесе сонша акциямен дауыс беру мүмкiндiгi бар заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуға, сондай-ақ банктер олардың арасында жасасылған шарт күшiнде (не өзгеше түрде) заңды тұлғалардың қабылдайтын шешiмдерiн айқындауға мүмкiндiк алуға келiсiм бередi";
      25) жыл сайын банктердің жылдық есептерін, сондай-ақ басқа да қаржылық есебін жариялау стандарттарын бекітеді;
      26) оффшорлық деп танылған аймақтардың тізбесін бекітеді;
      27) еншілес банктер ашқан кезде негізгі рейтинг агенттіктерінің және ең аз талап етілетін рейтинг тізбесін бекітеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы Директорлар кеңесiнiң құзырындағы кез келген мәселенi қарауға және шешiм қабылдауға құқылы.
      Ескерту. 30-тармақ өзгерді және  21)-27)-тармақшалармен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2000.05.20. N 400 жарлығымен.
      Ескерту. 30-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 30-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2001.08.21. N 668 жарлығымен.
      Ескерту. 30-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.

      31. Қазақстан Ұлттық Банкi орталық аппаратының бөлiмше басшысы өз қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi бекiтетiн осы бөлiмшелер туралы ережелер негiзiнде жүзеге асырады.

5. Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары

      32. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң филиалдары (бұдан әрi - филиал) Қазақстан Ұлттық Банкiнің Директорлар кеңесiнiң шешiмiмен ашылады, өз қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген өкiлеттiктер шегiнде жүзеге асырады, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бiрыңғай орталықтанған сатылап бағыну құрылымына кiредi және оған есеп бередi.

      33. Филиалдың Қазақстан Ұлттық Банкi бекiткен құрылымына сәйкес филиалдың құрамына бөлiмдер және басқа да бөлiмшелер кiруi мүмкiн. Филиалдың бөлiмдерiн және басқа да бөлiмшелерiн құру және тарату тәртiбi, сондай-ақ олардың өкiлеттiгi мен құқықтық мәртебесi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң филиалы туралы ережеде белгiленедi.

      34. Филиал өз қызметiнде мемлекеттiк өкiметтiң жергіліктi органдарынан тәуелсiз және мемлекеттiң мiндеттемелерi бойынша, оған ондай жауапкершiлiктi Қазақстан Ұлттық Банкi жүктеген жағдайлардан басқа кезде жауап бермейдi. Қазақстан Ұлттық Банкi филиалдың мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.

      35. Филиал өз қызметiнде қолданылып жүрген заңдарды, Басқарманың және Директорлар кеңесiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiн, қаулыларын, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бұйрықтарын, өкiмдерiн, осы Ереженi және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің филиалы туралы ереженi басшылыққа алады.

      36. Филиалды ашу және жабу тәртiбi, оның қызметiнiң мiндеттерi және функциялары, филиал органының құзыры Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалы туралы ережемен белгiленедi.

      37. Филиалдың жұмысына Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын оның Директоры басшылық етедi. Филиалдың Директоры өз қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бас сенiмхаты негiзiнде жүзеге асырады.

      38. Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мiндеттерi мен функцияларын қамтамасыз ету үшiн қажеттi аумақтық филиалдар не басқа да филиалдар ашуға құқылы.

6. Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдіктері

      39. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өкiлдiктерi Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң шешiмiмен Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде ашылады, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бiрыңғай орталықтандырылған жүйесiне кiредi және Қазақстан Ұлттық Банкi олар үшiн белгiлеген өкiлеттiктер шегiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мүддесiн қорғайды және өкiлдiк етедi.

      40. Өкiлдiктердi ашу, жабу тәртiбi, олардың өкiлеттiктерi және құқықтық мәртебесi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өкiлдiктерi туралы ережеде белгiленедi.

7. Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдары

      41. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұйымдары (бұдан әрi - ұйымдар) заңды тұлғалар болып табылады, мемлекеттiк, оның ішiнде республикалық кәсiпорындар түрiнде құрылады және қолданылып жүрген заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуден өтуге тиiс.      

      42. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұйымдарын құру, қызметiн тоқтату және құқықтық мәртебесiн өзгерту туралы шешiмдi Қазақстан Ұлттық Банкiнің Директорлар кеңесi қабылдайды.

      43. Ұйымның жарғысын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi бекiтедi.

      44. Қазақстан Ұлттық Банкi өзi құратын ұйымдарға қатысы бойынша уәкiлеттi орган, сондай-ақ олардың құқықтық мәртебесiн өзгерту туралы шешiм қабылдау жөнiндегі өкiлеттiктердi қоса алғанда, мемлекеттiк меншiк құқығының субъектi қызметiн жүзеге асыратын орган ретінде танылады.

      45. Ұйымдарды және олардың органдарын құру, қайта құру, тарату тәртiбi, қызметiнiң мәнi мен мақсаты, құқықтық мәртебесi мен жарғылық құзыры Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында, олардың жарғыларында, осы Ережеде және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.

8. Қазақстан Ұлттық Банкінің есебі
және қызметін тексеру

      46. Қазақстан Ұлттық Банкi жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне жылдық есеп берiп отырады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi келiсiлген мерзiмде Қазақстан Республикасының жинақталған қаржы балансын жасау үшiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгіне Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерi туралы жылдық баланс пен есеп бередi.

      47. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы тағайындайтын тәуелсiз аудиторлық ұйым жыл сайын тексерiп отырады. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң және оның бөлiмшелерiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн басқа кез келген мемлекеттiк органның тексеруi тек қана Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.

9. Қорытынды ережелер

      48. Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының тиiстi Заңын қабылдау жолымен таратылуы мүмкiн. Қазақстан Ұлттық Банкi таратылған жағдайда, мүлкі тиісті Заңда көрсетілген құқықтық мұрагеріне беріледі.

      49. Қазақстан Ұлттық Банкі өз міндеттемелерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауап береді.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің, банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олардың құрылтайшыларының (қатысушыларының), заңды және жеке тұлғалардың арасындағы Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" заң күші бар Жарлығын орындау жөнінде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес сот тәртібімен шешіледі.

Қазақстан Республикасы  
Президентінің 1999 жылғы 
11 тамыздағы      
N 188 Жарлығына     
N 2 қосымша      

      Ескерту. 2-қосымша өзгерді - ҚР Президентінің 2001.04.18. N 587 жарлығымен.
      Ескерту. 2-қосымша өзгерді - ҚР Президентінің 2001.07.11. N 654 жарлығымен.
      Ескерту. 2-қосымша өзгерді - ҚР Президентінің 2002.05.17. N 872 жарлығымен.
      Ескерту. 2-қосымша өзгерді - ҚР Президентінің 2002.08.15. N 924 жарлығымен.
      Ескерту. 2-қосымша өзгерді - ҚР Президентінің 2002.12.29. N 1009 жарлығымен.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымы
жалпы штаттық саны 3330 адам

____________________________________________________________________ р/с!                Құрылымдық бөлімшелердің атауы
  N !
----!---------------------------------------------------------------
  1 !                           2
____!_______________________________________________________________

1. Орталық аппарат

      1. Зерттеу және статистика департаменті
      1-1. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті 
      2. Заң департаменті
      3. Монетарлық операциялар департаменті
      4. Бухгалтерлік есеп департаменті
      5. Қаржы қадағалау департаментi"
      5-1. <*>
      5-2. <*>
      6. <*>
      7. Ақпарат технологиясы департаменті
      8. Ішкі аудит департаменті
      9. Қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаменті
      10. Шаруашылық басқармасы
      10-1. Құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау басқармасы
      11. Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасы
      12. Халықаралық қатынастар басқармасы 
      12-1. Ұлттық Банк басшылығының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі басқарма 
      13. Төлем жүйесі басқармасы
      14. Операция басқармасы
      15. Бюджетті жоспарлау және бақылау басқармасы
      16. Банктердi және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын
тарату процесiн бақылау басқармасы
      17. <*>
      18. Қауіпсіздік басқармасы <*>
      19. Үйлестіру басқармасы (Астана қаласы) <*>
      20. Бірінші бөлім <*>

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары

      1. Орталық филиал (Астана қаласы)
      2. Алматы филиалы (Алматы қаласы)
      2-1. Алматы облыстық филиалы
      2-2. Ақмола филиалы
      3. Ақтөбе филиалы (Ақтөбе қаласы)
      4. Атырау филиалы (Атырау қаласы)
      5. Шығыс Қазақстан филиалы (Өскемен қаласы)
      6. Жамбыл филиалы (Тараз қаласы)
      7. Батыс Қазақстан филиалы (Орал қаласы)
      8. Қарағанды филиалы (Қарағанды қаласы)
      9. Қостанай филиалы (Қостанай қаласы)
      10. Қызылорда филиалы (Қызылорда қаласы)
      11. Маңғыстау филиалы (Ақтау қаласы)
      12. Павлодар филиалы (Павлодар қаласы)
      13. Солтүстік Қазақстан филиалы (Петропавл қаласы)
      14. Оңтүстік Қазақстан филиалы (Шымкент қаласы)
      15. Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы
(филиал) (Алматы қаласы)
      16. Банкнот фабрикасы (филиал) (Алматы қаласы)

3. Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің ұйымдары

      1. "Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқы бар Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (Алматы қаласы)
      2. "Банктік сервис бюросы" шаруашылық жүргізу құқы бар Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (Алматы қаласы)
      2-1. Алматы облыстық филиалы
      2-2. Ақмола филиалы
      3. "Қазақстан ақша сарайы" шаруашылық жүргізу құқы бар
Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (Өскемен қаласы)
      4. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің автобазасы"
шаруашылық жүргізу құқы бар Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (Алматы қаласы)
      5. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы ғимараттарды пайдалану орталығы" жедел басқару құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (қазыналық кәсіпорын). <*>
 

            4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ресей
          федерациясындағы өкілдігі (Москва қаласы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады