Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 09.12.2014 № 321 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңына сәйкес, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелерге бекітілген мүліктерді есептен шығарудың тәртібін айқындау мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелерге бекітілген мүліктерді есептен шығарудың тәртібі туралы ұсынылған Нұсқаулық бекітілсін.
2. Жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлеріне сәйкес коммуналдық меншікті басқару жөніндегі уәкілетті органдар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелердегі мүліктерді есептен шығаруға қойылған тәртіптің сақталуын қамтамасыз етсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің 2005.03.31 N 111, 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 318 Қаулыларымен.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары А. Қ. Нұрғалиевке жүктелсін.
Облыс әкімі
Облыс әкімдігінің
2003 жылғы 23 тамыздағы
N 182 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар
мен мекемелерге бекітілген мүліктерді
есептен шығарудың тәртібі жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық қару-жарақтардан, әскери техникалардан, қорғаныс объектілерінен және басқа да Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, әскерлері мен әскери құрамаларында пайдаланылмайтын әскери мүліктерден басқа, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелерге бекітілген, стихиялық жағдайлар мен апаттардың нәтижесінде тозған, жарамсыз жағдайға келген мүліктерді есептен шығарудың тәртібін айқындайды.
2. Нұсқаулық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелердегі негізгі құралдарға қатысты мүліктерге қолданылады.
3. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелердегі мүліктерді есептен шығаруға қажетті құжаттарды ресімдеу, осы Нұсқаулықтың 4-тармағына сәйкес құрылған Комиссияның қорытындысы негізінде, осы Нұсқаулықтың 7-тармағына белгіленген талаптарды ескере отырып жүзеге асырылады.
4. Комиссия мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын немесе мекеме басшысының бұйрығымен құралады. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында құрылатын комиссияның құрамына міндетті түрде мыналар енгізіледі:
- бас инженер немесе мемлекеттік кәсіпорын басшысының орынбасары (Комиссия төрағасы);
- бас бухгалтер немесе оның орынбасары;
- мүліктерді сақтау жауапкершілігі жүктелген адам.
Мемлекеттік мекемелерде құрылатын Комиссияның құрамына міндетті түрде мыналар енгізіледі:
- мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары (Комиссия төрағасы);
- бас бухгалтер немесе оның орынбасары (штаттық кесте бойынша бас бухгалтер лауазымы болмаған жағдайда бухгалтерлік есеп жүргізу жүктелген адам);
- мүліктерді сақтау жауапкершілігі жүктелген адам.
Мүліктердің жекеленген түрлерін есептен шығару кезінде комиссия құрамына тиісті мамандар (сарапшылар) енгізіледі.
2. Мүліктерді есептен шығару тәртібі
5. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың және мекемелердің балансынан өндірістік бағытта пайдалануға болмайтын, физикалық немесе моралдық жағынан тозған, белгіленген қызмет мерзімі өткен, стихиялық жағдайлар, апаттар нәтижесінде бүлінген, оны қалпына келтірудің экономикалық жағынан тиімсіз немесе мүмкін емес болатын мүліктер есептен шығарылады.
6. Мемлекеттік кәсіпорындардың және/немесе мекемелердің мүліктерін есептен шығару мемлекеттік басқару органының келісімі бойынша және жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлеріне сәйкес коммуналдық меншіктерін басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - Уәкілетті орган) жазбалай рұқсатынан кейін мемлекеттік кәсіпорындардың және/немесе мемлекеттік мекемелердің шешімі бойынша жүзеге асырылады..
Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің 2005.03.31 N 111, 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 318 Қаулыларымен.
7. Комиссия есептен шығаруға жататын мүліктерге тікелей тексеру жүргізеді, мұнда техникалық құжаттарды, сондай-ақ бухгалтерлік есеп мәліметтерін пайдаланады және оның қалпына келтірумен одан әрі пайдалану жарамсыздығын белгілейді, осы Нұсқаулықтың 5-тармағында белгіленгендей есептен шығарудың себептерін анықтайды, есептен шығарылатын жекелеген тораптардың, бөлшектердің, материалдардың пайдалану мүмкіндіктерін айқындайды, оған бағалау жүргізеді, оның мерзімінен бұрын істен шығуына кінәлі адамдарды анықтайды және акті жасайды. Мүліктердің жағдайын бағалау үшін арнаулы білім қажет етілген жағдайда, Комиссия құрамына тиісті мамандар (сарапшылар) енгізіледі.
Есептен шығару актісі бекітілгенге дейін мүліктерді ажыратуға және бөлшектеуге жол берілмейді.
Жойылғаннан кейін алынған мүліктердің барлық деталдары, тораптары, қосалқы бөлшектері және басқа да материалдық құндылықтар (бұдан әрі - материалдар) үш топқа бөлінеді:
бірінші топ - тікелей бағыты бойынша одан әрі пайдалануға жарамды материалдар, олар пайдалану мүмкіндігі бағасы бойынша тиісті бухгалтерлік есеп шотына кіріске алынуы тиіс;
екінші топ - олар өзінің тікелей бағыты бойынша одан әрі пайдалануға жарамсыз материалдар, бұлар шикізат ретінде кіріске алынады (қара, түсті, бағалы металл сынықтары, ағаштар және басқалар);
үшінші топ - одан әрі пайдалануға жарамсыз материалдар. Бұл топтағы материалдар жойылуға жатады және ол туралы акт жасалады.
8. Осы Нұсқаулықтың 5-тармағында көрсетілген себептердің салдарынан мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардағы және мекемелердегі мүліктерді есептен шығару үшін белгіленген үлгі бойынша 3 данада акт рәсімделеді.
Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің 2005.03.31 N 111 Қаулысымен.
9. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың және/немесе мекемелердің мүліктерін есептен шығаруға арналған Комиссия жасаған 3 данадағы акт осы Нұсқаулықтың 6-тармағына сәйкес мемлекеттік басқару органына келісуге жіберіледі, оған мынандай құжаттар тізбесі тіркеледі:
1) Комиссияның хаттамасы;
2) апат болған жағдайда - тиісті лауазымдық тұлға құрастырған және бекіткен апат туралы актінің көшірмесі.
Мемлекеттік басқару органымен келісілгеннен кейін құжаттар есептен шығаруға жазбалай рұқсат алу үшін Уәкілетті органға жіберіледі.
Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің 2005.03.31 N 111 Қаулысымен.
10. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың және/немесе мемлекеттік мекемелердің мүліктерін есептен шығаруға келісім болған жағдайда келісім актісінің сол жақ бұрышына "Келісілді" деген белгі, уақыты, басшының қолы, тиісті мемлекеттік басқару органының мөрі соғылады.
Актінің бір данасы, Комиссияның хаттамасы (оқиға туралы актінің көшірмесі) тиісті мемлекеттік басқару органында қалады, ал қалған екі данасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға немесе/және мекемеге жіберіледі.
11. Келісім берілмеген жағдайда, мүліктерді есептен шығарудан бас тартудың себептері негізделген құжаттар пакеті мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға немесе/және мекемеге қайтарылады.
3. Қорытынды ережелер
12. Мүліктерді есептен шығарудың осы тәртібі бұзылған жағдайда оған кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауап береді.
13. Осы Нұсқаулықта реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамаларына сәйкес шешіледі.