Кредиттік бюроларды лицензиялау және инспекциялау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 21 тамыздағы N 249 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 27 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 3108. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 17 маусымдағы N 129 қаулысымен

        Ескерту: Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 17 маусымдағы N 129  қаулысымен .
___________________________________

      "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  қаулы етеді :
      1. Қоса беріліп отырған Кредиттік бюроларды лицензиялау және инспекциялау ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.
      3. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
      4. Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету департаменті (Несіпбаев Р.Р.) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Қ.М.Досмұқаметовке жүктелсін.

      Төраға

Қазақстан Республикасының     
Қаржы нарығын және қаржы      
ұйымдарын мемлекеттік реттеу    
мен қадағалау жөніндегі       
агенттігі Басқармасының       
"Кредиттік бюроларды лицензиялау  
және инспекциялау ережесін бекіту 
туралы" 2004 жылғы 21 тамыздағы  
N 249 қаулысымен бекітілген   

  Кредиттік бюроларды лицензиялау және
инспекциялау ережесі

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" (бұдан әрі - Кредиттік бюролар туралы  Заң ), " Лицензиялау туралы " (бұдан әрі - Лицензиялау туралы Заң) Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және кредиттік бюроларды лицензиялау және инспекциялау шарттары мен тәртібін белгілейді.

  1-тарау. Кредиттік бюроларды лицензиялау
шарттары мен тәртібі

      1. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алуға үміттенген тұлға қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) Кредиттік бюролар туралы Заңның  9-бабының  1-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.

      2. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны уәкілетті орган береді.

      3. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны беруден бас тарту Кредиттік бюролар туралы Заңның  10-бабында  көзделген негіздер бойынша жасалады.

      4. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия шектелмеген мерзімге беріледі және оны үшінші тұлғаларға беруге болмайды.

      5. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия берілген және қайта ресімделген кезде лицензиялық алым алынады, әрі оның мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      6. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия жоғалған және қайта ресімделген кезде оның дубликатын алу Лицензиялау туралы  Заңда  көзделген тәртіппен жүргізіледі.

  2-тарау. Кредиттік бюроларды
инспекциялау шарттары мен тәртібі

      7. Кредиттік бюролардың қызметін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетте немесе оның аумақтық бөлімшелерінде тіркелетін, уәкілетті органның бірінші басшысы немесе оның орынбасары қол қойған тапсырма негізінде тексереді.
      Шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын кредиттік бюролардың қызметін тексеру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 маусымдағы N 572  қаулысымен  бекітілген Мемлекеттiк органдардың шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексерулер жүргiзу ережесiнің талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      8. Тексеру тапсырмасында мынадай мәліметтер болуы тиіс:
      1) тексеруді тағайындаған органның атауы, тексеру тағайындауға өкілеттігі бар тұлғаның фамилиясы және инициалдары, оның лауазымы және қолы;
      2) тексеру тағайындаған органның журналы бойынша тапсырманың тіркеу нөмірі және күні;
      3) тексеруді жүзеге асыратын лауазымды тұлғаның фамилиясы және инициалдары;
      4) кредиттік бюроның атауы, орналасқан жері және оның салық төлеуші ретіндегі тіркеу нөмірі;
      5) тексеру түрі;
      6) тексеру мәселесі;
      7) тексеру жүргізу мерзімі;
      8) тексеруді тағайындау негіздемесі;
      9) егер кредиттік бюроның (филиалының немесе өкілдігінің) құжаттарын белгілі бір уақыт кезеңінде зерделеу қажет болған жағдайда, тексерілетін кезең;
      10) кредиттік бюроның қызметіне өткен жылы жүргізілген тексерулер туралы (тексеру жүргізу сәтіне келген күнтізбелік жыл өткен жыл болып есептеледі);
      11) әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттамаларды жасау жөніндегі өкілеттіктер.

      9. Кредиттік бюроны тексеру жүргізу мерзімі үш айдан аспауы тиіс.
      Уәкілетті органның бірінші басшысы немесе оның орынбасары қажет болғанда қосымша тапсырмамен тексеруді жүргізу мерзімін бір айға дейінгі кезеңге ұзарта алады, бұл туралы кредиттік бюроның назарына жазбаша хабарлама жіберіледі.

      10. Уәкілетті орган кредиттік бюроны оның қызметін алдағы тексеру туралы жазбаша хабардар етеді.
      Хабарламаның екі данасы кредиттік бюроға беріледі, кредиттік бюроның хабарламаны алғандығы туралы белгісі қойылған бір данасы уәкілетті органға қайтарылады және уәкілетті органның тиісті бөлімшесінде сақталады.

      11. Кредиттік бюро қажетті құжаттарды және тексеру жүргізу туралы хабарламада көрсетілген ақпаратты дайындап, оларды тексеруді жүргізудің басталуына инспекциялық топқа ұсынады.

      12. Кредиттік бюро инспекциялық топқа жұмыс істеу үшін жеке үй-жай және өзінің әкімшілік әрі техникалық үйлері мен үй-жайларына кіруге рұқсат береді, қызметкерлердің инспекциялық топ мүшелерінің сұрақтарына (ауызша және жазбаша) түсініктемелер беруді, кредиттік бюроның қызметіне қатысты ақпаратты пайдалануды қамтамасыз етеді.

      13. Кредиттік бюро тексеру басталғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей инспекциялық топ басшысының атына мыналар туралы деректері бар хатты ұсынады:
      1) тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауап беретін басшы және оның орнындағы адам туралы;
      2) қажетті құжаттарды (мәліметтерді) дайындауға, олардың инспекциялық топқа уақтылы берілуіне және инспекциялық топтан аралық есептерді алуға жауап беретін кредиттік бюроның мамандары туралы.

      14. Инспекциялық топ кредиттік бюродан барлық қажетті құжаттарды, оның ішінде тексеру нәтижелері туралы аралық және жиынтық есептерге қосып тіркеу үшін олардың көшірмелерін алады. Инспекциялық топтың басшысы кредиттік бюроның басшысына көрсетілген мерзімде орындалуға жататын жазбаша сұратуларды жібереді.

      15. Инспекциялық топтың мүшелері тексеруді жүргізген кезде кредиттік бюродан алынған құжаттардың және оларда қамтылған ақпараттың құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді.

      16. Инспекциялық топ тексерілген мәселенің көлеміне қарай аралық есептерді жасай алады әрі олар кредиттік бюроның қарауы үшін ұсынылады. Аралық есептерге орындаушы және инспекциялық топтың басшысы қол қояды.

      17. Аралық есептің мазмұнына ескертулер болған жағдайда кредиттік бюро аралық есепті алған күннен бастап төрт жұмыс күні өткеннен кейін өзінің жазбаша қарсылық береді. Аралық есептерде көрсетілген қорытындылар алдын ала болып табылады және кредиттік бюродан, оның ішінде үшінші тұлғалардан алынған қарсылықтар мен қосымша ақпаратты ескере отырып тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепте қайта қаралуы мүмкін.

      18. Тексеру аяқталғаннан кейін отыз күнтізбелік күн ішінде кредиттік бюроның бірінші басшысының атына тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қойған тексеру нәтижелері туралы жиынтық есептің екі данасын жібереді.

      19. Бірінші басшы (орынбасары) не кредиттік бюроға тексеруді жүргізуге жауапты басшы тексеру нәтижелері туралы жиынтық есептің бірінші данасын қабылдайды, есептің екінші данасының әр парағына бұрыштамасын қояды, оның соңғы парағында лауазымын, аты-жөнін көрсете отырып алынған күні туралы белгіні көрсетеді және тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепті алғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей оны уәкілетті органға жібереді. Тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепте көрсетілген тексеру нәтижелерін кредиттік бюро өзінің атқарушы және басқа да басқару органдарына жібереді.

      20. Тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепте көрсетілген тексеру нәтижелері бойынша қарсылықтар болған жағдайда, кредиттік бюро тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепті алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оларды жазбаша түрде уәкілетті органға ұсынады.

      21. Тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепте көрсетілген кредиттік бюроның тексеру нәтижелері кредиттік бюроның басшыларын шақыра отырып уәкілетті органның бөлімшесі басшысының немесе оның орынбасарларының төрағалығымен өтетін мәжілісте қаралуы мүмкін.

      22. Жекелеген жағдайларда тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепте көрсетілген кредиттік бюроның тексеру нәтижелері уәкілетті органның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының төрағалығымен өтетін мәжілісте қаралуы мүмкін.

      23. Мәжіліс нәтижелері мәжіліс төрағасы қол қойған хаттамамен ресімделеді және ол қол қойылған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде ұйым басшысына танысу үшін жіберіледі. Қарсылықтар болған жағдайда кредиттік бюро мәжіліс хаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды жазбаша түрде уәкілетті органға ұсынады.

      24. Уәкілетті орган кредиттік бюроның хаттамаға деген қарсылықтарымен келіспеген жағдайда түпкілікті шешімді уәкілетті органның бірінші басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.

      25. Тексеру нәтижелері уәкілетті орган өз функцияларын орындау мақсатында пайдаланылады.

      26. Кредиттік бюро тексеру нәтижелері туралы жиынтық есепті оның қаржылық қабілеттігін растау үшін, жарнамалық және өзге де мақсаттарда пайдалана алмайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның келісімінсіз үшінші тұлғаларға бере алмайды.

      27. Кредиттік бюро уәкілетті орган белгілеген мерзімде тексеру барысында анықталған құқық бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөніндегі жоспарланған шаралармен және жауапты орындаушылармен іс-шаралар жоспарын келісуге ұсынады. Кредиттік бюро уәкілетті органмен іс-шаралар жоспарын келіскеннен кейін құқық бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөніндегі есептерді не іс-шаралар жоспары бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындамау себептері туралы түсініктемелерді береді.

      28. Кредиттік бюроға инспекциялық сұратуларда көрсетілген мерзімде құжаттарды, ақпаратты ұсынудан бас тартқан жағдайда, тапсырмада белгіленген мерзімде тексеру жүргізуге мүмкіндік бермеген осы Ереженің 12, 14-тармақтарының шарттарын орындамаған жағдайда, уәкілетті органның бірінші басшысын немесе оның орынбасарын бұл жөнінде жазбаша хабарлағаннан кейін тексеру басшысының шешімі бойынша тексеру тоқталуы мүмкін.

  3-тарау. Қорытынды ережелер

      29. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеру жүргізу барысында анықталған құқық бұзушылық фактілеріне байланысты кредиттік бюроға жазбаша ұйғарымдар жібереді және оған қатысты санкциялар қолданады.

      30. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады