Ескерту. ҚР Көлік және коммуникация министрінің 06.06.2012 № 313 бұйрығымен.
"Почта туралы" және "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына және Дүниежүзілік Почта Одағының кесімдеріне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Почта байланысы қызметін көрсету ережесі бекітілсін.
2. Нормативтік құқықтық кесімдерін мемлекеттік тіркеу реестрінде N 461 болып тіркелген Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдер бюллетенінде 1998 жылғы N 8, 102 бабында жарияланған "Телекоммуникация жергілікті желілерінің, телеграф және почта байланысы қызметтерін ұсыну ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрінің 1997 жылғы 27 мамырындағы N 465 және Қазақстан Республикасының Сауда және экономика министрінің 1997 жылғы 30 мамырдағы N 81 бірлескен бұйрығына мынадай өзгертулер енгізілсін:
бірлескен бұйрықтың басындағы "және почта" сөзі алынып тасталсын;
бірлескен бұйрықтың 1-тармағының үшінші абзацы алынып тасталсын;
аталған бұйрыққа қосымша берілген Почта байланысы қызметін көрсету ережесі алынып тасталсын.
3. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және қаржылық реттеу департаменті (Сейтімбеков А.А.) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының Бірінші орынбасары А.Қ.Жұмағалиевке жүктелсін.
5. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің WEB-сайтына қойылады.
Төраға
Келісілген Келісілген
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының
Көлік және коммуникациялар Табиғи монополияларды
министрінің міндетін реттеу жөніндегі агенттігінің
атқарушы төрағасы
2005 жылғы 6 шілде 2005 жылғы 7 шілде
Қазақстан Республикасы
Ақпараттандыру және байланыс
агенттігі Төрағасының
2005 жылғы 1 шілдедегі N 210-п
бұйрығымен бекітілген
Почта байланысы қызметін көрсету ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы почта байланысы қызметін көрсету Ережелері (бұдан әрі - Ережелер) Қазақстан Республикасының "Почта туралы" (әрі қарай - "Почта туралы" Заң), "Байланыс туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық келісім-шарттарына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық кесімдеріне сәйкес әзірленген және почта операторларының почта байланысы қызметін ұйымдастыру мен көрсету тәртібін анықтайды, олардың қызметтеріне қойылатын талаптарымен бірыңғай нормативтерін белгілейді.
2. Бұл Ережелерде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) Дүниежүзілік почта одағының кесімдері (әрі қарай - ДПО кесімдері) - Жарғы, Дүниежүзілік почта одағының жалпы регламенті, Дүниежүзілік почта конвенциясы, Жазбаша хат-хабарлар регламенті, Почталық сәлемдемелер регламенті, Халықаралық почта жөнелтімдерін қабылдау жөніндегі басшылық, Келісім және почта төлемдерінің қызметтері туралы Келісім регламенті;
2) бандероль - ішіне баспасөз басылымдары, іс қағаздары және басқа заттар салынған почталық жөнелтім. Оған салынатындар, оның салмағы, көлемі мен буып-түю әдістері осы Ережелермен анықталған;
3) ішкі почта жөнелтімі - Қазақстан Республикасы аумағының шегінде тасымалдау және адресатқа жеткізу беру үшін қабылданатын жөнелтім;
4) Дүниежүзілік почта одағы (әрі қарай - ДПО) - почта байланысы саласындағы халықаралық үкіметаралық ұйым;
5) ақаулы жөнелтім - салмағы жөнелтімде көрсетілген салмаққа сәйкес келмейтін немесе салымға қол салушылық белгісі бар жөнелтім;
6) үстеме төленетін почта жөнелтімі - жөнелтуші жіберу ақысын жартылай немесе толық төлемеген, жай почта жөнелтімі;
7) почта жөнелтімін жеткізу - почта жөнелтімдерін тиесілі жеріндегі өндірістік объектілерден абонементтік жәшікке немесе абоненттік почта жәшігіне, не болмаса жөнелтуші көрсеткен басқа адреске орнын ауыстыру;
8) тапсырысты почта жөнелтімі - почта операторымен көрсетілетін қызмет төлемін алдын ала төлеу және қол қою арқылы адресатқа табыс етілетін түбіртекті берумен қабылданатын почта жөнелтімі;
9) басқа қалалық почта жөнелтімі мен почталық ақша аударымы - бір қаланың, аудан орталығының немесе қала тұрпатты елді мекен аймағынан, ауылдық жерлерде - бір өндірістік жеткізу объектісінің аумағынан тыс адресатқа жеткізіп, тапсыру үшін қабылданатын ішкі почта жөнелтімі мен почталық ақша аударымы;
10) почта байланысының басқа да қызметтері - Почта операторының қосымша ақыға көрсететін қызметтері;
11) каталог - жазылым бойынша қабылданған, мерзімді басылымдардың тізбесі жинақталған жорнал;
12) почта жөнелтімінің санаттары - почта жөнелтімінің қабылдау, өңдеу, жіберу және жеткізу тәртібі мен шарттарын анықтайтын белгілер жиынтығы (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған, кәдімгі);
13) консигнация - бір жөнелтуші жөнелтімдерді бір алушының мекенжайына топтастырған халықаралық почта жөнелтімдері;
14) почта жөнелтімдерін, почталық ақша аударымдарын, жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдерін жіберудің бақылау мерзімі - жөнелтімдерді қабылдайтын өндіріс объектісінен оларды беретін және өңдейтін өндіріс объектісіне дейін жіберілетін мерзім;
15) тасымалдау маршруты - бастапқы және соңғы пункттер арасында белгіленген почта жөнелтімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын, көлік құралдарының тасымалдау жолын ұйымдастыру процесінде анықталған;
16) ұсақ пакет - ішіне салынатындары көлемі, салмағы, қаптау әдісі осы Ережелерде қарастырылатын, сыйлықтар сипатындағы ұсақ заттардан тұратын тауарлар үлгісін жөнелтуге арналған халықаралық тапсырысты почталық жөнелтім;
17) жергілікті жөнелтім - бір елді мекеннің аумақ шегінде адресатқа, ал ауылды жерлерде почта операторының бір өндіріс объектісімен қызмет көрсетілетін аумақ шегінде тасымалдау және жеткізіп беру үшін қабылданатын ішкі почта жөнелтімі;
18) "М" қабы (арнайы қап) - бір жөнелтушінің бір адресатқа баспасөз басылымдарын (мерзімді баспасөз басылымдары, кітаптар және т.с.с.) жіберетін халықаралық почта жөнелтімі;
19) таратылмаған почта жөнелтімі - белгіленген мерзім ішінде адресатқа жеткізілмеген (табыс етілмеген) немесе жіберушісіне қайтарылмаған почта жөнелтімдері;
20) кәдімгі почта сәлемдемесі - ішіне салынғандарының құнын бағаламай жіберушіге түбіртек беріп қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы тапсырылатын сәлемдеме;
21) операциялық терезе - Почта операторының өндірістік объектісіндегі пайдаланушыға бір және одан да көп почта қызметін көрсететін жұмыс орны;
22) ашық түрде жіберілетін жөнелтім - шоттар, жарнамалық өнімдер, факсимильдік байланыс жөнелтімдері;
23) жеделдетілген почта жөнелтімдері - жеделдетілген тәртіп режимінде өңделетін және жеткізілетін хаттар (пакеттер) және сәлемдемелер;
24) курьерлік почта жөнелтімдері - курьерді пайдалану арқылы жедел тәртіпте өңделетін және жеткізілетін хаттар (пакеттер), сәлемдемелер;
25) хат - ішінде жазбаша хабарлар салынған, конверт түріндегі жіберілетін почта жөнелтімі;
26) сәлемдеме - ішіне салынатындары, көлемі, салмағы және буып-түю әдістері осы Ережелерде қарастырылған тауарларды және басқа заттарды жіберуге арналған почта жөнелтімдері;
27) тікелей почта контейнері - ішіне тауарлар және басқа да құнды материалдар салынып, белгіленген тәртіпте жөнелтуші тарапынан пломбаланған (мөрленіп бекітілген) және тиісті орнына жеткізілгенге дейін жолда ашылмайтын контейнер түріндегі почта жөнелтімі;
28) үстеме төлеммен почта жөнелтімі - тапсыру кезінде жөнелтуші почта операторына адресаттан үстеме төлем сомасын өндіруді тапсыруға құқылы почта жөнелтімі;
29) алынғандығы туралы хабарланатын почта жөнелтімі - беру кезінде жөнелтуші жөнелтімнің кімге және қашан табыс етілгендігін өзіне немесе көрсеткен адамына хабарлауды почта операторына тапсыруға құқылы, тіркелетін почта жөнелтімі;
30) тіректік пункттің почта шкафы - жеткізу учаскесінде почта жөнелтімдерін уақытша сақтауға немесе одан почталық жөнелтімдерді адресаттардың өздерінің алуына арналған арнайы шкаф;
31) автокөлік құралдарының қозғалыс кестесі - анықталған маршрут бойынша почта жөнелтімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын, автокөлік құралдарының орны мен қозғалыс уақыты туралы мәліметі бар, белгіленген тәртіпте жасалған және бекітілген кесте және/немесе таблица;
32) мерзімді баспасөз басылымдарын жазылым бойынша тарату - почта операторы мен бұқаралық ақпарат құралдары иесінің немесе оның уәкілетті өкілі мен пайдаланушысы арасындағы мерзімдік баспасөз басылымдарын пайдаланушыға жеткізуге және (немесе) тапсыруға бағытталған жазылымды қабылдау, жинау, құрастыру, тапсырыстарды өңдеу жөніндегі өзара қарым-қатынастары;
33) почта байланысы құралдары - почта байланысы қызметін көрсетуде пайдаланылатын техникалық құралдар мен технологиялар;
34) секограмма - ішіне секограммалық әдіспен жазылған хаттар секограммалық белгілер басылған қалыптар, дыбыс жазулары салынып ашық түрде қабылданатын, тек зағиптерге арналған почта жөнелтімі.
2-тарау. Операциялық күнді және пайдаланушыларға
қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібі
3. Почта қызметін көрсету үшін почта операторының өндірістік объектілерінде операциялық күні бойы қызмет көрсететін операциялық терезелер орнатылады.
4. Операциялық күннің жүргізілуі мен ұзақтығын почта операторы почта байланысы технологиясын ескеру арқылы пайдаланушыларға ыңғайлы режимде белгілейді.
5. Почта операторының өндірістік объектісіне кірер жерде өндірістік объектінің атауы және жұмыс тәртібі көрсетілген маңдайша болуы керек. Қалаларда орналасқан өндірістік объектілерінде жылжымалы график бойынша түскі үзіліс жасап немесе демалыс күндері жұмыс істемейтін, сонымен қатар басқа кесте бойынша немесе демалыссыз жұмыс істейтін таяу маңдағы өндірістік объектінің тұрған жері, жұмыс тәртібі көрсетілген хабарландырулар ілінуге тиіс. Маңдайша мен хабарландырулар мәтіні мемлекеттік және орыс тілінде жазылады.
6. Почта операторының өндірістік объектісінің операция залында пайдаланушыларға жақсы көрінетін әрі көрнекі жерге шағым және ұсыныстар кітабы, сондай-ақ, мынадай ақпараттық материалдар ілінеді:
1) почта байланысы саласында кәсіпкерлікпен айналысуға құқық беретін лицензияның көшірмесі;
2) почта байланысы ұсынатын қызметтердің тізілімі;
3) почта байланысы қызметтерінің тарифтері;
4) почта жөнелтімдерін, почталық ақша аударымдарын жеткізіп берудің бақылау мерзімдері;
5) почта жөнелтімдерін, почталық ақша аударымдарын сақтау мерзімдері;
6) адресті жазу тәртібі;
7) почта жөнелтімдерін буып-түю тәртібі;
8) почта жөнелтімдерінің көлемі және шектеулі салмағы;
9) жіберуге тыйым салынған және шек қойылған заттар мен бұйымдардың тізбесі; P020798
10) почта индекстері;
11) жеке санаттағы азаматтарға қызмет көрсетудің артықшылықтары туралы;
12) почта операторының почта байланысы қызметін пайдаланушылар алдындағы міндеттерін бұзғаны үшін жауапкершілігі;
13) почта операторының Қазақстан Республикасының почта туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігі;
14) пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының почта туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігі;
15) почта операторының жоғары тұрған бөлімшесінің атауы, адресі мен телефон нөмірі;
16) осы Ережелермен және почта операторының қызметін реттейтін басқа да нормативтік кесімдермен танысу тәртібі;
17) почта байланысы жөнінде басқа да ақпарат.
Ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі.
7. Ұлттық почта операторымен жергілікті атқарушы органдардың келісімі бойынша елді мекендерде, сондай-ақ, жолаушыларға қызмет көрсететін теміржол станцияларында, әуе жолдарында, теңіз (өзен) аймақтарында кеме тоқтайтын жағалауларда көшпелі өндіріс объектілері пункттерінің аялдамаларында жай жазбаша хат-хабарларды жинау үшін почта жәшіктері орнатылады.
Ұлттық почта операторының өндірістік объектісіне кірер жерде почта жәшігі орнатылуы мүмкін.
Почта жәшігінде Ұлттық Почта операторының логотипі, тағайындалған нөмірі, хат-хабарларды жәшіктен алу мерзімі мен жиілігі (алғашқы және соңғы алыну уақыты) көрсетілуі тиіс.
Ауылдық жерлердегі почта жәшігінде Ұлттық почта операторының логотипі, тағайындалған нөмірі, индексі, ішіне салғандарының алыну сағаты, сондай-ақ алынбайтын күндері көрсетіледі.
8. Жеделдетілген және шабармандық почтаның почта операторы белгілеген өзіндік логотипі болуы тиіс.
3-тарау. Почта операторының атаулы заттарын
пайдалану тәртібі
9. Почта операторының өндірістік объектілері өзіндік атаулы мүліктермен қамтамасыз етіледі.
10. Ұлттық почта операторының атаулы мүліктері: почталық, қосымша төлеу және арнайы мөрқалыптар, сақтандыру мөрлері, пломбалар, домалату құрылғылары, өндірістік объектілердің атауы ойылып жасалған металл пластиналар, бақылау-көшіру мөрлері болып табылады.
11. Әрбір атаулы мүлікте: мемлекеттің ("Қазақстан"), облыстың, Ұлттық почта операторының, оның өндірістік объектісінің атаулары және объектінің нөмір (егер елді мекендерде бірнеше объектілер болса) ойылып жазылады.
Облыс орталығының және Астана, Алматы қалаларының өндірістік объектілерінің атаулы мүліктерінде облыстардың аттары көрсетілмейді.
Бір елді мекенде бірнеше өндірістік объектілері болған жағдайда атаулы мүліктерге ерекшелік белгі немесе нөмірі енгізіледі. Почта мөрқалыбының бедерінде одан басқа почта жөнелтімінің қабылданған, жіберілген, алынған немесе берілген күні мен сағатын көрсететін бедері болуы керек.
Атаулы мүліктерді пайдалану тәртібін Ұлттық почта операторы анықтайды.
Почта жөнелтімдеріндегі почта мөрқалыбын пайдалану тәртібін почта байланысы саласындағы уәкілетті орган анықтайды.
12. Басқа почта операторларының атаулы мүліктері Ұлттық почта операторының өндірістік объектілерінде қолданылатын атаулы мүліктерден айырмашылығы болуға тиіс.
4-тарау. Почта байланысы қызметтерінің түрлері
13. Почта операторымен почта байланысы саласында көрсетілетін қызметтер тізілімі уәкілетті орган берген лицензияда анықталады. P090513
Оның ішінде почта байланысының жалпы қолжетімділік қызметтері Ұлттық почта операторының кез келген өндірістік объектілерінде көрсетіледі.
14. Почта байланысы қызметіне мыналар жатады:
1) почта байланысының жалпы қолжетімділік қызметтері;
2) тіркелетін почта жөнелтімдерін жіберу қызметі;
3) жеделдетілген және шабармандық почта қызметі;
4) почталық ақша аударымдары;
5) баспасөз басылымдарын жазылым бойынша тарату және оларды сату;
6) филателистік өнімдерді сату;
7) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес почта байланысының басқа да қызметтері.
15. Тіркелетін почта жөнелтімдерін жіберу жөніндегі қызметтерге мыналар жатады:
1) тапсырысты хаттар;
2) тапсырысты почта карточкалары;
3) тапсырысты бандерольдар;
4) құндылығы жарияланған хаттар;
5) құндылығы жарияланған бандерольдар;
6) ұсақ пакеттер;
7) "М" қаптар;
8) құндылығы жарияланған сәлемдемелер;
9) кәдімгі почта сәлемдемелері;
10) тікелей почта контейнерлері;
11) электронды хабар беру.
16. Жеделдетілген және шабармандық почта қызметіне:
1) хаттар (пакет);
2) сәлемдемелер жатады.
17. Жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын таратуға:
1) Каталогта көрсетілген мерзімді баспасөз басылымдарына жазылым қабылдау;
2) тапсырыстарды өңдеу;
3) мерзімді баспасөз басылымдарын экспедициялау, жіберу және жеткізу жатады.
18. Мерзімді баспасөз басылымдарын бөлшек саудада таратуға:
1) тапсырыстарды өңдеу;
2) экспедициялау және жіберу;
3) мерзімді баспасөз басылымдарын сату жатады.
19. Ұлттық почта операторы филателия өнімдерін сатуды жүзеге асырады.
Ұлттық почта операторы филателистер қоғамының мүшелері үшін оның ішкі актілерімен реттелетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік почталық төлем белгілерін сатудың абонементтік жүйесін қолданады.
20. Почта байланысының басқа қызметтеріне:
1) почта жөнелтімдерін үйде қабылдау;
2) өндірістік объектілерде берілуге тиісті жөнелтімдерді үйге жеткізіп беру;
3) абонементтік және абоненттік жәшіктер беру;
4) сүйемелдеуші бланкілерді толтыру;
5) почта жөнелтімдерін буып-түю;
6) почта жөнелтімдерін сақтау;
7) электронды және факсимильдік байланыспен қоса, почта байланысы қызметін көрсетуге тікелей қатысы бар басқа да қызмет түрлері жатады.
21. Электронды почта қызметтері:
1) флоппи-дискіде берілген электронды хабар;
2) дербес компьютерге берілген электронды хабар болып бөлінеді;
3) жеке кезеңде тапсырысты почта жөнелтімі түрінде жіберілген электронды хабар.
22. Факсимильдік байланыс қызметтері:
1) ашық факсимильдік хабар;
2) жабық факсимильдік хабар болып бөлінеді.
5-тарау. Почта байланысы қызметін төлеу тәртібі
23. Почта жөнелтімін және почталық ақша аударымын жіберу үшін төлем оларды қабылдау кезінде алынады, егер оператормен және қызметті пайдаланушының арасында жасасқан шартпен өзгеше белгіленген болмаса.
Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
24. Почта байланысының қызметтері мемлекеттік почталық төлем белгілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында айналымдағы қолма-қол ақшамен немесе аудару арқылы есеп айырысу жолымен төленеді.
25. Почта байланысының құндылығы жарияланған жөнелтім үшін қызмет төлеміне салмағына қарай анықталатын және құндылығы жарияланған жөнелтімді жіберу төлемі және құндылығы жарияланбағанға тек жіберу төлемі кіреді.
Почта байланысының құндылығы жарияланған халықаралық сәлемдемелер үшін қызмет төлеміне жіберу, құндылығын жариялау үшін салмақ алымы және жөнелту алымы кіреді.
26. Почта байланысы қызметінің төлем көлемін почта жөнелтімдерін жіберудің қолданылған әдісіне байланысты (әуе немесе жерүсті жолымен) почта операторы анықтайды.
27. Осал, рабайсыз үлкен, ірі габаритті сәлемдемелерді, сондай-ақ, "Абайлаңыз" белгісі бар сәлемдемелерді жіберу үшін қолданыстағы тарифтерге сәйкес қосымша ақы алынады.
28. Жеке тұлғалардан қабылданған төленбеген немесе толық төленбеген ішкі жай хаттар, почта карточкалары және бандерольдар тиісті пунктіне жеткізіле алады, бірақ ондай жөнелтімдер адресаттарына үстеме төлем тарифіне сәйкес почталық төлем төленгеннен кейін беріледі. Мұндай жөнелтім қайтарылған жағдайда төлем жіберушіден өндіріледі.
29. Үстеме төлем төленетін жөнелтімдердің адресаттары жоқ болғанда немесе адресат оларды алудан бас тартқан кезде почта жөнелтімдері таратылмаған хат-хабарлар қатарына өткізіледі.
Заңды тұлғалар жіберетін төленбеген немесе толық төленбеген жөнелтімдер маркаларды өшіру арқылы өңдеудің бірінші кезеңінде жіберушілеріне қайтарылады.
30. Заңды және жеке тұлғалармен почта жәшігіне салған, төленбеген немесе толық төленбеген халықаралық хаттар, карточкалар және бандерольдар толық төленуі үшін маркалары өшірілместен жіберушілеріне қайтарылады.
31. Ұлттық почта операторы халықаралық хат-хабарлар төлемі ретінде сатқан шетел Почта әкімшілігі штемпелінің бедері басылған халықаралық жауап купонын қабылдай алады.
32. Ұлттық почта операторы құны ДПО актілерімен белгіленетін халықаралық жауап купондарын сатады.
33. Халықаралық жауап купондарын Ұлттық почта операторының әрбір өндірістік объектілерінде әуе көлігімен жіберілетін, салмағы 20 граммға дейін бір жай халықаралық хатты төлеу тарифінің есебінен почта маркаларына алмастырылады.
34. Почта байланысы қызметтерінің жалпы қолжетімділік тарифтерін табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган, ал қалған почта байланысы мен өзге қызметтерге почта операторы белгілейді.
Параграф 1. Мемлекеттік почталық төлем белгілері
35. Ұлттық почта операторы почта байланысы саласындағы уәкілетті орган бекіткен түрі мен көлеміне сәйкес мемлекеттік почталық төлем белгілерінің шығарылуын, сондай-ақ олардың таратылуын ұйымдастырады.
36. Ұлттық почта операторы жіберуге қабылдаған жазба хат-хабарлардың төленгендігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік почталық төлем белгілерімен расталады.
37. Мемлекеттік почталық төлем белгілері ретінде почта жөнелтімдеріне желімделетін немесе баспа әдісімен почта конверттері мен почта карточкаларына басылатын почта маркалары мен стандартты және көркемсуретті сериялардағы блоктар, франкирлеу машинасы клишесінің бедері және де почта байланысы саласындағы уәкілетті орган бекіткен, почта байланысы қызметтеріне төлем жасалғанын растайтын басқа да белгілер қолданылады.
Мемлекеттік почталық төлем белгілерінде мемлекеттің атауы мемлекеттік тілде "Қазақстан" және латын транслитерациясымен "Kazakhstan" деп белгіленеді, төлем сомалары араб цифрларымен немесе латын әріптерімен басылады, шығарылған жылы немесе тіркеу нөмірі көрсетіледі.
38. Сатылған почталық төлемдердің мемлекеттік белгілері кері қайтарылып алынбайды және айырбасталмайды.
39. Маркаланған конверттерден және карточкалардан қиылып алынған және өшірілмеген почта маркаларын Қазақстан Республикасы аумағында хаттар, бандерольдар және почталық карточкалар жіберу үшін пайдалануға болады.
Қиылып алынған басқа почталық төлемнің мемлекеттік белгілері почталық жөнелтімдерді жіберу үшін төлем ретінде қабылданбайды.
40. Почталық төлемнің мемлекеттік белгілерін сату мақсатында қолдан жасаған немесе олардың жалған екенін біле тұра сатқан адамдар Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жауап береді.
Параграф 2. Франкирлеу машиналары
41. Ішкі және халықаралық жай және тапсырысты почта жөнелтімдері франкирлеу машинасының бедерін қою арқылы төленуі мүмкін.
42. Ұлттық почта операторының қызметін пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғалар міндетті түрде Ұлттық почта операторында тіркеу және оны пайдалануға шарт жасасу арқылы франкирлеу машинасын төлеу үшін пайдалана алады.
43. Франкирлеу машинасы клишесінің бедері қызыл түсті болып, оның құрамында:
1) Ұлттық почта операторының ішкі нормативтік құжаттарында көрсетілген тиісті жазулары бар почта маркасының шартты белгісі;
2) почта мөртабанының бедері;
3) жөнелтушінің адресі болады.
44. Почта жөнелтімдеріне франкирлеу машинасы клишесінің бедерін басу мүмкін болмаған жағдайда, ондай бедер жолақ қағазға басылып, почта жөнелтіміне жапсырылады.
45. Франкирлеу машинасының пайдалану мерзімі аяқталып, ол басқа заңды тұлғаға берілгенде (сатылғанда) машина клишесі акті бойынша жойылу үшін Ұлттық почта операторына берілуге тиіс.
6-тарау. Почта жөнелтімдерінің түрлері мен
санаттары және олардың техникалық сипаттамалары
Параграф 1. Ішкі және халықаралық почта жөнелтімдері
46. Почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымдары ішкі және халықаралық почта жөнелтімдері болып бөлінеді.
47. Ішкі жөнелтімдер үшін почталық жөнелтімдердің мынадай түрлері мен санаттары белгіленген:
1) хаттар (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған);
2) почталық карточкалар (жай және тапсырысты);
3) бандерольдар (жай тапсырысты, құндылығы жарияланған);
4) сәлемдемелер (кәдімгі, құндылығы жарияланған);
5) почталық ақша аударымы;
6) тікелей почталық контейнерлер;
7) жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдері.
Ішкі почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымдары жергілікті және басқа қалалық болып бөлінеді.
Осы Ереженің 178-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалар жөнелтетін хаттардың, почта карточкаларының, бандерольдер мен посылкалардың "Үкіметтік" және/немесе "Правительственное" деген белгісі болуы мүмкін.
Ескерту: 47-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 460-ө бұйрығымен.
48. Халықаралық почта жөнелтімдерінің түрлері мен санаттары:
1) хаттар (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған);
2) почталық карточкалар (жай және тапсырысты);
3) бандерольдар (жай, тапсырысты);
4) сәлемдемелер (кәдімгі, құндылығы жарияланған);
5) почталық ақша аударымы;
6) жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері;
7) ұсақ пакеттер (тапсырысты);
8) "М" қаптар (тапсырысты);
9) топтастырылған "Консигнация" жөнелтімдері.
49. Құндылығы жарияланған халықаралық хаттар, ұсақ пакеттер, "М" қаптары және сәлемдемелер осындай жөнелтімдерді қабылдау үшін анықталған Ұлттық почта операторының өндірістік объектілерінде қабылданады.
50. Ұлттық почта операторының арнайы өндірістік объектілерінде халықаралық почта жөнелтімдері Қазақстан Республикасының заңнамаларына және ДПО Актілеріне сәйкес кедендік бақылау органдарының тексеруіне жатады.
Параграф 2. Жай почта жөнелтімдері
51. Жөнелтушіге түбіртек берілмей қабылданатын және адресатына алғандығы туралы қолхат алынбай берілетін почталық жөнелтімдер жай почталық жөнелтім болып табылады.
Жай почта жөнелтімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша да, сондай-ақ тыс жерлерге де жіберілуге қабылданады.
52. Жай ішкі хаттарда әртүрлі жазбаша хабарлармен қатар іс қағаздары, фотосуреттер, көркемсуретті ашық хаттар, қағаз өнімдері сияқты төмен бағалы заттар жіберіледі.
Жай ішкі бандерольдар арқылы бланкілер, брошюралар, плакаттар, газеттер, жорналдар, кітаптар, іс қағаздары, қолжазбалар, фотосуреттер, альбомдар, дәптерлер, дәрілік шөптер, тұқымдар, дыбыс жазбалар және басқа төмен бағалы заттар жіберіледі.
53. Жай халықаралық хаттар арқылы жеке және қызметтік жазбаша хат-хабарлар, құжаттар, әртүрлі түбіртектер, шоттар, фотосуреттер жіберіледі.
Жай халықаралық бандерольдар арқылы баспасөз басылымдары, соның ішінде - гравюралар, суреттер, жағрапиялық карталар, пішу үлгілері, каталогтар, проспектілер, әр түрлі хабарландырулар, хабарламалар, әр түрлі баспа тәсілдерімен орындалған бедерлер мен репродукциялар, қолжазбалар жіберіледі.
54. Жай почта бандерольдерінде ресми мекемелер зағиптарға немесе олардың адрестеріне секограммалар жіберуге болады.
Параграф 3. Тіркелетін почта жөнелтімдері
55. Тіркеу нөмірі (штрих код) тағайындалған жөнелтім тіркелген почта жөнелтімдері болып табылады.
Әрбір тіркелетін почта жөнелтімінің бумасында қабылдаған Почта операторы өндірістік объектісінің атауы, қабылдаған күні мен тіркеу нөмірі (штрих код) көрсетілген почта штемпелінің бедері болуға тиіс.
Тіркелетін почта жөнелтімдері міндетті түрде кері адресін көрсету арқылы қабылданады.
Тіркелетін почта жөнелтімдерін қабылдау кезінде жөнелтушіге почта штемпелінің немесе бақылау-касса аппаратының клишесінің (атаулы модульдің), Почта операторы қызметкерінің аты-жөні көрсетілген дербес компьютердің бедері басылған түбіртек беріледі.
Тізім бойынша қабылданған бірнеше почта жөнелтіміне бір түбіртек берілуі мүмкін.
Тіркелетін почта жөнелтімін табыс ету кезінде адресаттан қолхат алынады.
56. Тіркелетін почта жөнелтімдеріне тапсырысты почта жөнелтімдері, құндылығы жарияланған жөнелтімдер, қарапайым сәлемдемелер, почталық ақша аударымдары, тікелей почта контейнерлері жатады.
57. Тапсырысты почта жөнелтімдеріне хаттар, почта карточкалары, бандерольдар, халықаралық ұсақ пакеттер, арнайы "М" қабы жатады. Пайдаланушының тілегі бойынша қағаз бетіне басылған электронды почта хабарламалары тапсырысты почта жөнелтімі түрінде жеке жіберу кезеңінде жіберілуі мүмкін.
58. Ішкі және халықаралық тапсырысты жөнелтімдер арқылы осы Ереженің 6 тарауының 2 параграфында аталғандардан басқа:
1) АҚАЖ органдары үшін - азаматтық ахуал актілерін тіркеу туралы куәліктердің барлық түрлері;
2) соттар мен құқық қорғау органдарына, сондай-ақ әскери комиссариаттарға - шақыру қағаздары мен хабарламалар, олар алғандығы туралы тапсырысты хабарламамен, тапсырысты хаттың орамасында тиісті белгілермен қабылданады;
3) тапсырысты бандерольдар арқылы әдеби кітаптар, мәдениет жөніндегі кітаптар, сот істері және сырттай оқитын студенттердің бақылау жұмыстары жіберіле алады;
4) "М" қаптарында алушы бір орынға жіберетін және бір алушыға адрестелген мерзімді басылымдар (газеттер мен жорналдар, кітаптар және басқа баспа материалдары) жіберіледі;
5) ұсақ пакеттер арқылы сыйлық түріндегі бүлініп сынбайтын ұсақ заттар және жеке тауар үлгілері жіберіледі. Жіберілетін салымдар құны, ұсақ пакеттер жоғалған жағдайда төленетін өтемақы құнынан аспайтын болуы тиіс.
Ескерту. 58-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
59. Бағалы қағаздар, құжаттар мен басқа да құнды заттар салынған почта жөнелтімдері тіркелетін құндылығы жарияланған почта жөнелтімдерінің қатарына жатады.
Жіберуші құндылығы жарияланған почта жөнелтімінің ішіне салынғандардың бағалау құнын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы арқылы өз еркімен анықтайды және осы Ережеге сәйкес буып-түю түрін таңдап алады.
60. Құндылығы жарияланған Ішкі почта жөнелтімдері арқылы жіберілетіндер:
1) хаттарда - жөнелтуші мен адресат үшін құнды зат болып табылатын құжаттар мен құнды қағаздар (дипломдар, паспорттар, тууы мен неке туралы куәліктер, зейнетақы мен сот істері, мемлекеттік заем облигациялары, лоторея билеттері және т.б.), басқа да осы тәрізді құжаттар;
2) бандерольдарда - тұтыну тауарлары, баспа басылымдары, көркем әдебиет, өнер әдебиеті, іс қағаздары, дәрі-дәрмек, кондитер бұйымдары және басқа ұзақ сақталатын тамақ өнімдері. Олардың сақталуын почта жөнелтімдерінің осы түріне арналған бумасы қамтамасыз етеді.
61. Құндылығы жарияланған халықаралық хаттар арқылы құнды қағаздар, жеке басты куәландыратын құжаттар, нотариалдық расталған құжаттар мен анықтамалардың көшірмелері жіберіледі.
62. Жарияланған құндылық шамасы почта жөнелтімінің ішіне салынғандардың нақтылы құнынан аспауға тиіс.
Құжаттар салынған почта жөнелтімдерінің жарияланған құны жөнелтім жоғалған жағдайда сол құжаттарды қалпына келтіру шығынынан аспайтын шамада болуға тиіс.
63. Қағазға оралған бандерольдар мен сәлемдемелердің жарияланған құны Қазақстан Республикасының заңдарымен бекітілген үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауы тиіс.
64. Бал арасы, өсімдіктер (көшеттен басқа), шырынды көкөніс, жеміс-жидек, радиолампалары және шыны немесе басқа да оңай бүлінетін осал бөлшектері (тұрмыстық техника мен тұрмыстық аспаптардан басқа) салынған сәлемдемелер жіберілуге құндылығын жарияламай қабылданады.
65. Құндылығы жарияланған халықаралық хаттар, сәлемдемелер мен ұсақ пакеттер халықаралық почта жөнелтімдерінің тек жеке түрлері мен санаттарын қабылдауға рұқсат етілген елдер мен аумақтарда қабылданады. Елдердің тізімі ДПО-ның Халықаралық бюросы берген мәліметтер негізінде почта операторымен жасалады.
Ескерту. 65-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
66. Халықаралық почта жөнелтімдерінің жарияланған құндылығы, жөнелтім жеткізілетін елде жарияланған құндылықтың шекті сомасынан аспауы тиіс, бұл туралы ақпарат ДПО Актілерінде келтірілген.
67. Ішкі жөнелтімдер арқылы тұтыну тауарлары, ұзақ сақталатын тағам өнімдері, кітаптар, өсімдіктер, бал аралары, дәрі-дәрмектер, медициналық препараттар және басқа Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен жіберуге тыйым салынбаған заттар жіберіледі.
Халықаралық сәлемдемелер арқылы ДПО Актілеріне сәйкес жіберуге рұқсат берілетін тұтыну тауарлары жіберіледі.
Халықаралық сәлемдемені өткізу кезінде жіберуші, сәлемдеме адресатына табыс етілмеген жағдайда оператордың одан әрі қандай әрекеттер жасайтындығы туралы нұсқау бере алады, ол туралы сүйемелдеуші адрестің алдыңғы бетіне белгі соғылады.
68. Тікелей почта контейнерлерін жіберу жөніндегі қызмет келісімді қызмет болып табылады.
Жіберу, сақталу тәртібі және тарифі почта операторымен жасалатын келісім-шартта қарастырылады.
69. Почталық ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес басқа да валюталармен қабылданады.
Қазақстан Республикасы ішінде жіберілетін почталық ақша аударымының сомасына шек қойылмайды.
70. Аударым қабылдау:
1) қолма-қол және қолма-қол емес ақшаны аудару арқылы - қолма-қол ақшамен алу немесе алушының банк шотына аудару үшін;
2) почта операторында ашылған жөнелтушінің шотынан банктегі алушының шотына.
Почталық ақша аударымын қолма-қол емес есеп айырысу бойынша қабылдау тек почта операторының есеп шотына аударылатын қаржы келіп түскеннен кейін орындалады.
Төленбеген почта аударымы заңды тұлғаларға есеп шотына ақша аудару жолымен қайтарылады, жеке тұлғаларға-жөнелтушіге төленеді, бұл аударымдар үшін төленген төлем қайтарылмайды.
71. Ұлттық почта операторы почта аударымын Қазақстан Республикасы аумағынан тыс аумаққа тиісті халықаралық шарттар негізінде қабылдайды, онда бір почта жөнелтімінің шекті сомасы, ресімдеу тәртібі, жіберу, төлеу, конвертациялау және өзара есептесу әдісі көрсетілген.
72. Жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдерінде жіберуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған және осы Ережелерде қарастырылған заттардан басқа, халықаралық және ішкі почталық жөнелтімдерде жіберуге жататын заттар жіберіледі.
Параграф 4. Почта жөнелтімдерінің көлемі
73. Ішкі почталық жөнелтімдер үшін өлшемдер мен шекті салмақтар 1-қосымшада келтірілген.
74. Халықаралық почта жөнелтімдері үшін өлшемдер мен шекті салмақтар 2-қосымшада келтірілген.
7-тарау. Почта жөнелтімдерін ресімдеу стандарттары
Параграф 1. Почта жөнелтімдерін буып-түю
75. Почта жөнелтімдерінің буылып-түйілуі ішіне салынғандардың сипатына, жіберілу шарттарына және жол ұзақтығына сәйкес болып, ішіне салынғандардың өңдеу және тасымалдау кезінде бүлінуіне, орамын, мөрін, пломбасын, байламын, таспасын және т.б. бүлдірместен қол сұғуға жол бермейтіндей, сондай-ақ, басқа жөнелтімді бүлдірмейтіндей, почта операторының қызметкерлеріне ешқандай залал тигізбейтіндей болуы тиіс.
76. Почта конверттері (почта карточкалары), сәлемдемелер мен бандерольдарды салатын ыдыс осы Ережелер мен ДПО Актілерінің талаптарына сай болуы керек.
Буып-түю материалы ретінде мыналар қолданылады:
1) хат үшін - почта конверттері;
2) құндылығы жарияланған хаттар үшін - почта конверттері немесе қатты қағаз және басқа ішіне салынғандардың сақталуын қамтамасыз ететін материалдар;
3) бандерольдар мен ұсақ пакеттер үшін - полиэтилен пакеттері, почта конверттері, қатты қағаз, мата, қорап, картон қорап, ағаш (фанер) не металл жәшіктер;
4) сәлемдемелер үшін - сәлемдеме жәшігі (картон, ағаш, фанер, полимер не жұмсақ тыс).
Салым орам ішінде қозғалмауға тиіс.
77. Салмағы 5 кг-нан аспайтын баспа өнімдері бар сәлемдемелер қағаз ораммен, орам ішіне қаттылық үшін (үстінен және астынан) картоннан жасалған төсеніштер салынып қабылдануы мүмкін.
Почта жөнелтімдерін буып-түю үшін қолданылатын маталар тұтас және ашық бір түсті болуға тиіс.
78. Бір бандерольге бірнеше заттар салынатын болса, онда олар алдын ала байланады.
Салмағы 500 гр-нан асатын жай және тапсырысты бандерольдардың орамы айқастырылып буылады;
Бандероль салымы түтікше етіп оралып, қағаз не басқа жіппен қосымша бекітілуі (бандерольденуі) мүмкін, заттың ұзындығы 45 см артық болғанда ол қатты затқа оралады.
79. Сәлемдемелердің ішіне салынғандарының ерекшелігіне қарай, оларды тасымалдау кезінде мына шарттар сақталуы керек және олардың орындалуы туралы жөнелтуші ескертілуі тиіс:
1) осал және сынатын заттар қатты ыдысқа салынады да ағаш үгіндісі толтырылады немесе жоңқамен, мақтамен және т.с.с. нығыздалады;
2) кинофильмдер, кинотаспалар, магнит таспалары, компакт-кассеталар және компакт-дискілер арнайы ыдысқа салынады;
3) тұқым, дән, жаңғақ, кептірілген жеміс, ұн және басқа сусымалы заттар тығыз матадан, үлдіршектен істелген қапшыққа, мықты қағаз пакетке оралып, жәшікке не картон қорапқа жайғастырылады;
4) сұйық және сұйық күйге оңай айналатын зат (шырын, сироп, май, қайнатпа, жемістер және басқалар) ішіндегісі ағып кетуге мүлде жол бермейтін жабық ыдыста болуы керек және ол ағаш жәшікке салынып жоңқамен, паролонмен, қиқыммен нығыздалады. Балық салынған банкілер де осындай тәртіппен жіберіледі. Сұйық және сұйық күйге оңай айналатын заттарды, жидектерді целлофан және полиэтилен пакетпен жіберуге тыйым салынады;
5) көшеттер түсті матадан тігілген себетке немесе желдеткіш тесіктері бар жәшіктерге салынады. Себет/жәшік түбіне тығыз полиэтилен үлдіршек салынады;
6) бояу ұнтақтары тығыз полиэтилен үлдіршектен істелген пакетке немесе май сіңген тығыз қағазға оралады, сосын фанер не картон жәшікке жайғастырылады.
7) Аралар сәлемдемелерден шығып кету мүмкіндігі болмайтын арнайы торкөзді қораптарға салынады. Аралары бар сәлемдемелер ауа еркін кіретін көлеңкелі орында сақталуы керек. Бұндай сәлемдемелерді тығыз жабылатын шкафтарға салуға қатаң тыйым салынады;
8) фабрикалық өңдеуден өтпеген аң және кемірушілер терілері, сондай-ақ жүн, қылшық, шаш, мамық салынған сәлемдемелер алдымен матаға (қапқа, полиэтилен үлдіршекке) оралады, содан кейін жәшікке не қорапқа салынады.
9) радиолампалар мен дәл аспаптар (өлшеуші т.б.) жолда ішіне салынғандары қозғалып, зақымдануына жол бермейтіндей етіп төсеніштері бар қатты ыдысқа салынады. Шыны бөлшектері бар радиолампалар мен дәл аспаптар шаршы торкөз түрінде жасалған жәшіктерге қорапталады. Шаршы торкөз ішінде орнықтыратын арнайы жүйе орнатылады, ол құралды (лампаны) мықтап тіреп тұрады және қабырғаларға соғылудан сақтайды;
10) тірі өсімдіктер (жүзім сабағы, көшет т.б.), және де сынбайтын ірі габаритті заттар, үшкір ұштары мен қырлары жоқ және өздерінің көлемі жағынан белгіленген көлемдегі сәлемдеме ыдысына сыймайтын болғанда, олар жіберу үшін қаптық материалға (матаға) оралған күйде қабылданады;
11) Сынбайтын тұтас және былғанбаған заттар, сондай-ақ, көлемі мен салмағы белгіленген нормадан аспайтын, бөлшектенбейтін (сызу тақтасы, балалар шанасы, шамадан, бидон, кілем т.б.) заттар, өткір қырлары бардан басқасы, жәшіктерге не матаға буып-түйілмей-ақ, ашық жіберіле алады;
12) жас жеміс-жидектердің қатты сорттары салынған сәлемдемелер ағаш не фанер жәшікпен қабылданады, олардың бүйір қабырғаларында желдеткіш тесіктері не көлденең ойықтары болады;
13) автодөңгелек қаптары тек таза күйінде қабылданады. Ондай заттар қаптарға салынады.
80. Фабрика-зауыт орамындағы (ағаш жәшіктердегі және мықты картон жәшіктердегі) бөлінбейтін заттар, белгіленген көлемде болғанда және салынғандарының сақталуын қамтамасыз етсе, қосымша буып-түюсіз, жерүсті көлігімен жіберуге қабылдауға рұқсат етіледі.
81. Халықаралық почта жөнелтімдерінің буып-түйілуіне қойылатын талаптар ДПО актілерімен анықталады.
82. Буып-түю шарттары орындалмаған жағдайда почта операторы жөнелтімді қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Параграф 2. Почта жөнелтімдерінің, почталық
ақша аударымдарының адрестерін ресімдеу тәртібі
83. Почта жөнелтімдеріндегі, сәлемдемелердің және тікелей контейнерлердің сүйемелдеуші бланкілеріндегі, сондай-ақ, почталық ақша аударымдарының бланкілеріндегі барлық адрестік деректер атаулары қысқартылмастан және шартты әріп, цифр, белгі қолданылмастан, айқын және түсінікті түрде сиямен жазылады немесе типографиялық әдіспен, машинка арқылы немесе басқа да баспа техникасы арқылы басылады.
Хаттардағы және кодтық мөртабанды почта карточкасындағы адресаттың почталық индексі қызыл, сары, жасыл түсті сиядан басқа кез келген түсті сиямен цифрмен жазылады.
Почта жөнелтімдеріне адресі типографиялық әдіспен, машинка арқылы немесе басқа да баспа техникасы арқылы (үлкен әріптермен) басылған немесе қолмен жазылған адрестік жапсырма жапсыруға болады. Жапсырма үшін ақ немесе ашық түсті қағаз пайдаланылады.
84. Почта жөнелтімдеріндегі сүйемелдеуші бланкілердегі және почталық аударым бланкілеріндегі жіберуші адресін және алушының тек бір адресін жіберушінің өзі көрсетеді.
Халықаралық почта жөнелтімдерінде жіберушінің Қазақстан Республикасының елді мекенінің адресі болып табылатын тек бір адресі ғана көрсетіледі.
85. Адрес жазу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) адресаттың немесе жөнелтушінің атауы (фамилиясы, аты, әкесінің аты жеке тұлғалар үшін);
2) көшенің аты, үй нөмірі, пәтер нөмірі;
3) елді мекеннің атауы (қала, кент т.б.);
4) почта байланысы бөлімінің атауы немесе нөмірі;
5) ауданның атауы;
6) облыстың атауы;
7) елдің атауы (халықаралық почта жөнелтімдері үшін);
8) почта индексі.
86. Жөнелтуші адресі жөнелтімнің сол жақ жоғарғы бұрышында, адресат адресі - оң жағының орталық бөлігінде көрсетіледі. Адрестік блоктағы жолдар сол жақтан түзетілуге тиіс.
87. Почта жөнелтімдерінде жарнама орналастыруға болады. Жарнама орнатуға рұқсатты почта операторы береді және ол орналастыру тәртібін белгілейді.
88. Почта жөнелтімдері, почталық ақша аударымы, факсимильдік байланыс пен электрондық почта жөнелтімдері адресат атауын (жеке тұлға үшін - аты-жөнін) көрсету арқылы "Талап еткенге дейін" немесе "Абонемент жәшігіне" адрестелуі мүмкін.
89. Қазақстан Республикасы аумағы бойынша жіберілетін почта жөнелтімдеріндегі, почталық ақша аударымындағы жөнелтуші мен алушының адрестері жөнелтушінің қалауы бойынша мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде ресімделуі тиіс.
Халықаралық почта жөнелтімдерінде және халықаралық почталық ақша аударымы бланкілерінде адрес, латын әріптерімен және араб цифрымен, немесе жеткізілетін елдің тілінде, ел атын міндетті түрде мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қайталай отырып, жазылады.
90. Түрлеріне, санатына қарай жіберуші ішкі почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымдарының бланкілерінің адрес жақ бетінің жоғарғы бөлігіне мынадай қосымша жазбалар жазуы тиіс:
1) жай (тапсырысты) бандерольдерде - "Жай (тапсырысты) бандероль", құндылығы жарияланған бандерольдерде - "___ теңгеге құндылығы жарияланған бандероль", ішіне салынғандарына тізімдеме жасалып, құндылығы жарияланған бандерольдерге - "Тізімдеме жасалған", зағиптарға арналған шығыңқы әріпті бандерольдарға - "Зағиптарға арналған шығыңқы әріпті бандероль", ал зағиптарға арналған магнитофондық жазба салынған бандерольдарға - "Бандероль. Зағиптар үшін сөйлейтін кітап", ішкі тапсырысты почта жөнелтімдерінде - "Тапсырысты", ал халықаралық почта жөнелтімдерінде - "RECOMMANDE" деп жазылады;
2) құндылығы жарияланған хаттарға - "___ теңгеге құндылығы жарияланған", немесе "Жабық ___ теңгеге құндылығы жарияланған" ішіне салынғандары хатталып, құндылығы жарияланған - "Тізімдеме жасалған" деп жазылады. Егер құндылығы жарияланған хаттар арқылы сауықтыру мекемелерінің жолдамалары, теміржол, авиа және басқа жол билеттері, оқу орындарының адрестеріне құжаттар жіберілетін болса, онда қосымша - "Жолдамамен", "Билеттермен" деген жазулар жазылады;
3) үстеме төлемді почта жөнелтілімдеріне - "Үстеме төлем ___ теңге" деп жазылады;
4) алғандығы туралы хабарламасымен қабылданған почталық жөнелтімдер мен почталық ақша аударымы бланкілеріне, - "Тапсырысты" хабарламамен" - деп жазылады, ал сәлемдемелерде ондай жазба сүйемелдеуші бланкілерінде көрсетілуі керек;
5) адресаттың өзіне табыс етуге жататын почта жөнелтімдеріне - "Өзіне табыс етілсін. Тапсырысты хабарламамен." деп жазылады;
5-1) сот шақыру қағазымен тапсырысты хаттарда - "Сот шақыруы. Тапсырысты хабарламамен;
6) дәл құралдар және радиолампалар сияқты осал заттар салынған почта жөнелтімдеріне және ондай сәлемдемелердің сүйемелдеуші адрестеріне "Байқаңыз" деп жазылады;
7) түрлеріне қарай сәлемдемелерге және олардың сүйемелдеуші адрестеріне:
құндылығы жарияланғандарына - "___ теңгеге құндылығы жарияланған";
ішіне салынғандары тізімдеме жасалғандарына - "Тізімдеме жасалған";
көшет салынғандарына - "Көшет";
бал аралары салынғандарына - "Байқаңыз. Бал арасы. Күнге ұстамаңыз". "Малдәрігерінің куәлігімен";
аң және кеміргіштер терісі салынғандарға - "Аң терісі. Малдәрігерінің куәлігімен";
жүн, қыл, шаш, қауырсын, түбіт салынғандарына - "Малдәрігерінің куәлігімен";
жас жемістер мен көкөністер салынғандарына "Жеміс", "Көкөніс" деп жазылады;
8) әуе кемелері арқылы жіберілетін сәлемдемелер мен олардың сүйемелдеуші адрес бланкілеріне және бандерольдерге - "Авиа" деп жазылады;
8-1) осы Ереженің 178-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалардан қабылданған почта жөнелтімдерінде - "Үкіметтік" және/немесе "Правительственное" деп жазылады.
Ескерту: 90-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 460-ө, 2008.06.24. N 215 Бұйрықтарымен.
91. Ішіне оңай сынатын заттар салынған және оны ұстағанда өте абай болуды қажет ететін сәлемдеме "осал" деп аталады, оларда "Абайлаңыз" белгісі болуы тиіс. Кез келген осал сәлемдемеге салудың және буып-түюдің жалпы ережесін сақтаған кезде, жөнелтуші немесе қабылдаған өндірістік объект оған ақ түске қызыл бояумен басылған шыны бұйымның бейнесі бар жапсырма желімдейді. Сүйемелдеуші адрестің бет жағына өте анық көрінетіндей етіп "Абайлаңыз", "Осторожно", "Colіs fragile" белгілері желімделеді.
92. Өлшемдері осы Ереженің 74-тармағында белгіленген шамалардан асатын және өзінің пішімі немесе құрылымы бойынша басқа сәлемдемелермен бірге тиеуге болмайтын немесе ерекше ұқыптылықты талап ететін халықаралық сәлемдеме "Қомақты" деп аталады.
Қомақты халықаралық сәлемдемелерде және де тиісті сүйемелдеуші адрестің бет жағында айқын етіп "Қомақты", "Громоздкая", "Encombrant" сөздері жазылған жапсырма желімделуі тиіс.
93. Халықаралық алмасуда осал және қомақты заттар салынып, құндылықтары жарияланған сәлемдемелер ДПО Актілерінде қабылдау жөніндегі нұсқауда көрсетілген елдерге жіберуге қабылданады.
8-тарау. Почта жөнелтімдерін және почталық ақша
аударымдарын қабылдау, өңдеу, тасымалдау және
(немесе) беру, жеткізу және (немесе) табыс ету тәртібі
Параграф 1. Почта жөнелтімдерін, почталық
ақша аударымдарын жеделдетілген және шабармандық
почта жөнелтімдерін қабылдау және өңдеу
94. Жіберуші жазбаша хат-хабарлар жөнелтімі бойынша почта байланыс қызметінің жай және тапсырысты почта карточкаларына, хаттар мен бандерольдерге, олардың жіберілуі үшін бекітілген тарифтерге сәйкес почта маркаларын жапсыруға міндетті.
95. Пайдаланушылар мынаны білуі тиіс:
1) почта маркалары почта конвертінің, почта карточкасының, бандерольдердің және ұсақ пакеттің оң жақ жоғарғы бұрышына орналастырылады;
2) почта маркаларын бірінің үстіне бірін жапсыруға тыйым салынады;
3) айналымнан шығарылған, бүлінген (былғанған, жыртылған, желімделген, қандай да бір әдіспен өшірілген) почта маркалары төлем үшін жарамсыз;
4) шетелдік почта маркалары ішкі және халықаралық хат-хабарлар үшін жарамсыз;
5) жай почта жөнелтімдерін жіберудің белгіленген формасының тізімі жасалмайды және почталық мөртабан бедерімен куәландырылмайды;
6) почта жөнелтімінің, почталық ақша аударымының жеделдетілген және шабармандық жөнелтімнің қабылданғандығы туралы түбіртектің көшірмесі берілмейді;
7) көшелерге орнатылатын почта жәшіктеріне тек стандарттық почта конверттеріндегі жай хаттар және почта карточкалары салынады, басқа өлшемді конверттердегі хаттар Ұлттық почта операторының операциялық залдарына қойылатын почта жәшіктеріне салынады.
96. Тіркелетін почта жөнелтімдерін тапсыру кезінде жіберуші:
1) почта жөнелтімін осы Ережелерге сәйкес буып-түйеді;
2) сүйемелдеуші бланкін толтырады, ал халықаралық жөнелтімдер үшін кедендік декларация толтырады;
3) осы Ережемен қарастырылған жағдайларда - салынатын заттар хаттамасын жасайды және хаттамамен салыстыру үшін жөнелтімді ашық күйде ұсынады;
4) сүйемелдеуші бланкілерде осы Ереженің 120-тармағында көрсетілген құжаттардан деректер көрсетуге және "Жіберілуіне тыйым салынған заттар жоқ. Буып-түю талабымен таныстым" деп өзі қолын қойып растайды;
5) мынадай сәлемдемелер тапсырғанда малдәрігерлік куәлік көрсетеді:
бал арасы салынғанда;
фабрикалық өңдеуден өтпеген елтірі және кеміргіштер терісі салынғанда;
жүн, қыл, қауырсын, түбіт салынғанда;
6) жас көкөніс пен жемістің қатты сорттары салынған сәлемдемелердің 7 тәуліктен кейін жеткізілетіндігі жағдайында мүмкін болатын шығындарды өзінің жауапкершілігіне алатындығын растайды;
7) халықаралық сәлемдемелердің, ұсақ пакеттердің ішінде тыйым салынған заттардың бар-жоқтығын тексеру мақсатында ұсынылады;
8) тұқым салынған бандерольдарды карантин жарияланған аймақтарға жіберу кезінде жіберуші карантиндік куәлік көрсетеді.
97. Құндылығы жарияланған почта жөнелтімдері ашық және жабық түрде қабылданады.
98. Тек қана ашық түрде қабылданатындар:
1) жеке тұлғалардан - салынған заттардың саны мен құны көрсетіліп, хаттама жасалып тапсырылатын құндылығы жарияланған ішкі хаттар мен бандерольдар және сәлемдемелер;
2) заңды тұлғалардан - салынған заттардың саны мен құны көрсетіліп хаттама жасалып тапсырылатын фирмалық мөр мен пломбасы жоқ құндылығы жарияланған ішкі хаттар мен бандерольдар және сәлемдемелер;
3) салынғандарына міндетті түрде хаттама жасалып, басқа азаматтар атынан жіберілетін сәлемдемелер;
4) қабылдау кезінде ішінде почтамен жіберуге тыйым салынған заттар мен бұйымдардың барлығы жөнінде почта қызметкерінің негізделген күдігін туғызатын (органолептикалық көрсеткіштер бойынша) почта жөнелтімдері;
5) жеке тұлғалардан жақын және алыс шетелдерге жіберуге қабылданатын, ішіне салынғандары мен сүйемелдеуші адресінің және кедендік декларациясының толтырылғандығы тексерілетін сәлемдемелер, құндылығы жарияланған хаттар, кедендік декларациясы немесе белгіленген формадағы жапсырмасы толтырылған ұсақ пакеттер.
Ескерту. 98-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
99. Жабық түрде қабылданатындар:
1) жеке тұлғалардан - ішіне салынғандар хаттамасы жоқ құндылығы жарияланған ішкі хаттар мен бандерольдер, жіберушінің "Жіберілуге тыйым салынған заттар жоқ" деген белгісі бар сәлемдемелер;
2) заңды тұлғалардан - құндылығы жарияланып, оларға бекітіліп берген сүргіштік мөрмен мөрленген немесе белгіленген тәртіппен пломбаланған ішкі сәлемдемелер, хаттар және бандерольдар;
3) заңды тұлғалардан - сүйемелдеуші адресі және кедендік декларациясы тіркеліп (өздерінің меншікті мөрімен мөрленіп) белгіленген формадағы тізім бойынша өткізілетін халықаралық сәлемдемелер.
Ескерту. 99-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
100. Жеке тұлғалардың үйлеріне адрестеліп, құндылығы жарияланған ішкі хаттар, тапсырысты хаттар мен алғаны туралы тапсырысты хабарламасы бар почта карточкалары "Өз қолына тапсырылсын" белгісімен қабылдана алады.
"Өз қолына тапсырылсын" белгісі бар халықаралық почта жөнелтімдері осы қызмет түрін көрсететін елдерге қабылданады.
101. Почта жөнелтімдерін және почталық ақша аударымын әскери бөлімдер мен мекемелер атына қабылдаған кезде мынаны басшылыққа алу қажет:
1) әскери бөлімдер мен мекемелер үшін жеткізілетін пункттері көрсетілген почта жөнелтімдерінің, жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымының барлық түрлері қабылданады;
2) тіркелетін почта жөнелтімдері алғаны туралы хабарламамен қабылдана алады;
3) үстеме төлемді почта жөнелтімдері қабылданбайды;
4) "Дала почтасы" деген адреспен тек қарапайым және тапсырысты хаттар мен почта карточкалары, құндылығы жарияланған хаттар, сондай-ақ почта ақша аударымдары қабылданады.
Бұдан басқа, командирлер адресіне заңды тұлғалардан жай және тапсырысты бандерольдар, сондай-ақ, сәлемдемелер қабылдауға рұқсат етіледі.
Еңбекпен түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тұлғалардың почта жөнелтімдерін уәкілетті тұлғалар тікелей қызмет көрсетуші өндірістік объектіге өткізеді.
100-1. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді мазмұндамайтын, "Үкіметтік" және/немесе "Правительственное" деген белгісі бар хаттарды, почта карточкаларын, бандерольдер мен посылкаларды осы Ереженің 178-тармағында көрсетілген тұлғалар жөнелте алады, және олар почта операторының кез келген өндірістік объектілерінде қолданыстағы тарифпен төлеу арқылы қабылданады.
Ескерту: 100-1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 460-ө бұйрығымен.
102. Франкирлеу машинасын қолданатын заңды тұлға жазба хат-хабарларды Ұлттық почта операторының қызмет көрсететін өндірістік объектісіне тапсырады.
103. Егер жіберуші бір немесе бірнеше адреске бес немесе одан да көп тіркелетін почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын жіберетін болса, онда ол почта операторы белгілеген нұсқамен тізім жасайды.
Ескерту. 103-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
104. Почта операторы почта жөнелтімін пайдаланушының қалауы бойынша құндылығы жарияланған почта жөнелтімдерін алушы үстеме төлем төлеп алатын етіп қабылдай алады. Мұндайда почта операторы почта жөнелтімін тапсырған кезде адресаттан жөнелтуші көрсеткен үстеме төлем сомасын қабылдап, оны почта аударымымен жөнелтуші көрсеткен адреске салып жіберуге міндеттенеді.
105. Үстеме төлем төлеп алатын сәлемдемелер Қазақстан Республикасының барлық аумағы бойынша және тиісті шарттар жасалған елдерге қабылданады.
106. Үстеме төлеммен ішкі почта жөнелтімдері бойынша үстеме төлем сомасымен почтамен ақша аудару үшін белгіленген тариф сомасы почта операторының актілеріне сәйкес жүргізіледі.
107. Адресат халықаралық үстеме төлемді почта жөнелтімін алар алдында үстеме төлем сомасын және почтамен ақша аудару тарифінің белгіленген сомасын төлейді.
108. Халықаралық үстеме төлемді почта жөнелтімі адресатқа берілгеннен соң үстеме төлем сомасы және почтамен ақша аудару тарифінің сомасы қайтарылмайды, жөнелтімнің өзі кері қабылданбайды, бұдан басқа жіберілетін заттардың түрі, көлемі мен ассортименті бойынша почта операторына шағым қабылданбайды.
Бүлінбеген үстеме төлемді почта жөнелтімдері адресаттың талап етуі бойынша тек үстеме төлем сомасы төленген соң ғана ашылады.
Үстеме төлем сомасы төленгенге дейін адресаттың жіберушінің адрес деректері жайлы мәлімет алуға құқығы бар.
109. Ішкі және халықаралық тіркелетін почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымын ұсынған кезде жөнелтуші адресаттың почта жөнелтімін алғаны туралы өзіне хабарлама жолдауын талап ете алады. Хабарлама үшін төлем почта жөнелтімін және почталық ақша аударымын өткізу кезінде төленеді.
110. Ішкі почта жөнелтімдерін алғандығы туралы хабарлама тапсырысты болуы мүмкін, ал халықаралық почта жөнелтімдері үшін - тек жай болады.
Ескерту. 110-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
Параграф 2. Почта жөнелтімдерін, почталық ақша
аударымдарын жеткізу және (немесе) табыстау
111. Почта жөнелтімдері және почталық ақша аударымдары алушылардың үйлеріне жеткізіледі (сонымен бірге абоненттік жәшіктері арқылы) немесе почта операторының өндірістік объектілерінде (сонымен бірге абонементтік жәшіктер арқылы) беріледі.
112. Тұрғылықты мекен-жайлары бойынша үйге жеткізілетіндерге жататындар:
1) жай почта жөнелтімдері;
2) тапсырысты почта жөнелтімдері ("М" қаптарынан басқа), сол санатта - салмағы бес жүз грамға дейінгі ұсақ пакеттер;
3) почта жөнелтімдері мен почта аударымын алғаны туралы хабарлама;
4) тіркелетін почта жөнелтімдері, почта аударымы туралы хабарлама;
5) жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдері;
6) ашық түрде жіберілетін жөнелтім.
Ескерту. 112-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
113. Абонент жәшіктері арқылы мынадай почта жөнелтімдері жеткізіледі:
1) жай хаттар;
2) жай почта карточкалары;
3) жай бандерольдар;
4) почта жөнелтімін, почта аударымын алғаны туралы жай хабарлама;
5) тіркелетін почта жөнелтімдері мен почта аударымы туралы алғаш рет жазылған хабарламалар;
6) көлемі абонементтік немесе абоненттік почта жәшіктеріне салуға мүмкіндік бермейтін жай почта жөнелтімдері туралы алғаш рет жазылған хабарламалар;
7) адресаттан арыз болған жағдайда - тапсырысты хаттар, бандерольдар почта карточкалары;
8) ашық түрде жіберілетін жөнелтімдер.
114. Почта операторы почта жөнелтімдерін жеткізу үшін абоненттік жәшіктері бұзылған немесе салынған почта жөнелтімдерін сақтай алмайтындай болған жағдайда оны қолданбайды. Жеткізудің мүмкін еместігі туралы адресат хабарланады және хат-хабарлар адресатқа почта операторының өндірістік объектісінде беріледі.
115. Заңды тұлғаға адрестелген жай почта жөнелтімдері, почта жөнелтімін алғандығы туралы хабарлама, тіркелетін почта жөнелтімі туралы және почталық ақша аударымы туралы хабарлама, почта операторының өндірістік объектісінде сол заңды тұлғаның почта қабылдауға уәкілетті тұлғасына беріледі немесе қалалық қызметтік почта жүйесі бойынша жеткізіледі немесе почтальон заңды тұлға өзі орналасқан ғимараттың бірінші қабатына қоятын тіректік пункттің почта шкафына салынады.
Жеткізу тәртібі заңды тұлғаның почта операторымен жасалатын келісім-шарт негізінде анықталады.
Тіркелетін почта жөнелтімі жеткізілетін заңды тұлға почта алуға өкілетті тұлға атына, ондай почта жөнелтімдерді алуға құқық беретін сенімхат ресімдейді. Ондай сенімхат почта алуға өкілетті тұлғаның өзінде қалдырылады және ол әрбір тіркелетін почта жөнелтімін алу кезінде көрсететін болады, ал нотариалды куәландырған көшірмесі өндірістік объектіде болады.
116. Жай почта жөнелтімдері, почта жөнелтімін алғандығы туралы хабарлама, тіркелетін почта жөнелтімі туралы және почталық ақша аударымы туралы хабарлама жатақханаларда, интернаттарда, балалар үйінде, қонақ үйлерде, сауықтыру және емдеу мекемелерінде, заңды тұлғалар аумағында тұратын жеке тұлғаларға 115 тармақта көрсетілген тәртіппен жеткізіледі.
117. Почта жөнелтімдерін және почталық ақша аударымын жайылымдағы малшыларға, айдындағы балықшыларға, орман учаскелеріндегі қызметкерлерге, геологиялық партиялардағы (экспедициядағы), фермалар мен өндірістік учаскелерде және бригадаларда жүрген ауылшаруашылығы жұмыскерлеріне, теміржол бойындағы жұмыскерлерге, еңбекпен түзеу мекемелерінде жазалау мерзімін өтеп жатқандарға, елді мекендерден тыс жерлердегі басқа адресаттарға осы адресаттар қарауында жұмыс істейтін заңды тұлғаға дейін почта операторымен жүзеге асырылады.
118. Әскери бөлімдер мен мекемелерге және олардағы жеке құрамдарға адрестелген почта жөнелтімдерді адресаттың өзіне, әскери почтальонға немесе бөлімдер мен мекемелердің өкілетті тұлғасына беріледі.
119. Почта операторының өндірістік объектісінде берілетіндер:
1) құндылығы жарияланған хаттар мен бандерольдар;
2) үстеме төлемді почта жөнелтімдері;
3) сәлемдемелер;
4) почталық ақша аударымдары;
5) әскери бөлімдер мен еңбекпен түзеу мекемелеріне адрестелген почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымдары;
6) салмағы бес жүз грамнан жоғары ұсақ пакеттер;
7) флоппи-дискідегі электронды почта хабары, ашық түрдегі аралас электрондық хабарлар;
8) ашық түрде жіберілетін факсимильдік байланыс жөнелтімдері;
9) ақаулы почта жөнелтімдері;
10) "М" қаптары;
11) барлық басқа почта жөнелтімдері.
Кедендік төлем есептелген халықаралық почта жөнелтімдерін адресатқа табыстау осындай төлемді, сондай-ақ кедендік ресімдеу үшін кедендік алым төленгеннен кейін жүзеге асырылады.
Ескерту. 119-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
120. Тіркелетін почта жөнелтімдері мен почта аударымдары адресатқа, немесе сенімхат негізінде әрекет ететін оның заңды өкіліне және сенген адамына, почта қызметкеріне адресаттың немесе оның өкілінің тұлғасын растайтын мына құжаттардың бірін көрсеткенде ғана беріледі:
1) төлқұжатын;
2) жеке куәлігін;
3) шетел азаматының Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты;
4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
5) дипломатиялық төлқұжат;
6) қызметтік төлқұжат;
7) теңізшінің төлқұжаты;
8) әскери қызметкерлер үшін әскери билет.
Почта байланысы қызметін пайдаланушы ұсынған құжаттың мекен-деректерін, тіркелген мекен-жай адресін немесе іс жүзінде тұрып жатқан немесе тіркелген жерін көрсетеді.
121. Тіркелетін почта жөнелтімін, почта аударымын алған кезде почта байланысы қызметін пайдаланушы жөнелтімді алғаны туралы қол қояды.
Егер адресат белгілі бір себептермен почта жөнелтімін және почталық ақша аударымын алғандығына қол қоя алмаса, онда өзге тұлғаға жеке басын куәландыратын құжат негізінде қол қою арқылы почта жөнелтімін беруге рұқсат беріледі. Почта қызметкері адресаттың немесе өзге тұлғаның берген құжатындағы деректерді жазып алады.
122. Почта операторының мүмкіндігі бар кезде адресаттың өтініші немесе почта операторының ұсынысы бойынша 119 тармақта аталған почта жөнелтімдері, 9) бен 10) тармақшалардан басқа, қосымша ақы үшін үйге жеткізіліп берілуі мүмкін.
123. Кез келген почта жөнелтімдері, почталық ақша аударымы адресатқа берілгенге дейін жөнелтушінің иелігінде болады.
124. Почта жөнелтімдерін тапсыру:
1) адресаттың өз қолына;
2) сенімхатсыз, осы Ережелердің 120 тармағында аталған құжаттардың бірін және адресатқа жақын екенін растайтын құжатын көрсеткенде, отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біріне;
3) адресаттың жазбаша арызы бойынша - (үй) көршісіне (тек жай және тапсырысты хат-хабарлар);
4) почта жөнелтімін, жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімін алуға нотариалдық расталғанға теңелген сенімхат ұсынушыға 120 тармақта көрсетілген құжаттардың бірін көрсеткенде;
5) кәмелетке толмаған 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің ата-аналарына (асыраушыларына, қамқоршыларына) сенімхатсыз, осы Ережелердің 120 тармағында аталған құжаттардың бірін және адресатқа жақын екенін растайтын құжатын көрсеткенде;
6) қабілетсіз адамдардың ата-аналарына (асыраушыларына, қамқоршыларына) сенімхатсыз, осы Ережелердің 120 тармағында аталған құжаттардың бірін және адресатқа жақын екенін растайтын құжатын көрсеткенде;
7) мектеп-интернаттардың, балалар үйлерінің және басқа осындай мекемелердің заңды тұлға өкілдеріне, соңынан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға беру үшін - сенімхатпен, 116 тармақта көрсетілген басқа жеке тұлғаларға.
125. "Өз қолына табыс етілсін" деген белгісі бар тапсырысты хаттар (почта карточкалары) құндылығы жарияланған хаттар адресаттың өзіне оның заңды өкіліне немесе сенім артқан тұлғасына хабарлама бланкісіне қол қоюы арқылы беріледі.
126. Осы Ереженің 117 тармағына сәйкес жеткізілетін почта жөнелтімдерін, тіркелетін почта жөнелтімдері мен почта жөнелтімдерін алу туралы хабарламаларды тапсыру заңды тұлғалардың күшімен және қаржысымен жүзеге асырылады.
127. Почта жөнелтімін алудан бас тартар болса адресат тіркелетін почта жөнелтімінде немесе хабарламада тиісті жазба жасайды.
Ескерту. 127-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
128. Адресат почта жөнелтімдерін, почталық ақша аударымын алуға келмесе, оларға абонементтік жәшікке адрестелген жөнелтімдерден басқа жөнелтімдер үшін мынадай мерзімдерде қайталап хабарлама беріледі және қол қойғызу арқылы тапсырылады:
1) алғаш рет жазылған хабарламаны бергеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде:
жас көкөніс, жеміс-жидек салған сәлемдемелер үшін;
"Жолдамасы бар", "Билеттері бар", "Сот шақыруы. Тапсырысты хабарламамен", "Шақыру. Тапсырысты хабарламамен" белгісі бар хаттарға;
2) алғаш рет жазылған хабарламаларды апарған соң 5 жұмыс күні ішінде - барлық басқа почта жөнелтімдері үшін.
129. Салынғандарының хаттамасы бар почта жөнелтімдері мен тіркелетін ақаулы почта жөнелтімдерін адресатқа тапсыру кезінде почта қызметкері ашады.
Салынғандар хаттамаға сәйкес келмесе немесе бұзылған болса почта қызметкері белгіленген формада акті жасайды.
Ақаулы жөнелтімдерді берген кезде белгіленген формада акті жасалады, оған почта операторының өндірістік объектісінің басшысы, почта қызметкері мен адресат қол қояды. Актінің бір данасы ақаулы салыммен қоса адресатқа тапсырылады.
Адресат актіге қол қоюдан бас тартса почта операторы "Адресат қол қоюдан бас тартты" деп белгі салады. Акт өтемақыны төлеу және/немесе қызметтік тексеру үшін негіз болады. Сәлемдеменің орамы заттай дәлел ретінде почта операторының өндірістік объектісінде қалады.
Почта жөнелтімін ашудан адресаттың бас тартуға құқығы бар, ондайда адресат хабарламаға тиісті белгі соғады, бұл шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болады.
130. Почта операторы үстеме төлемақы төлеп алатын ақаулы және салынғандарының тізімдемесі бар почта жөнелтімдерін тапсыру кезінде адресаттың көзінше почта қызметкеріне ашқызады. Ақаулы почта жөнелтімі ашылғанға дейін үстеме төлем сомасы төленбейді.
Салынғандары тізімдемеге сәйкес келіп, бұзылған не зақымданған зат болмай шықса, белгіленген формада акт жасалынбайды және адресат үстеме төлем сомасын төлейді.
Салынғандары жетіспеген, ауыстырылған, толықтай не ішінара бұзылған болса акті жасалады, оның бір данасы адресатқа беріледі. Актінің басқа данасы бар почта жөнелтімі қызметтік тексеріс жүргізу үшін өткізген жеріндегі жөнелтушіге қайтарылады. Мұндай жағдайларда үстеме төлем сомасы почта жөнелтімдері ашылғанға дейін алынбайды.
Халықаралық үстеме төлемді ақаулығы бар почта жөнелтімдері ДПО актілеріне сәйкес өңделеді.
131. Почта жөнелтімін кідірту, тексеру және алу прокурордың рұқсатымен алдын ала тексеру органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіпте сот шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
132. Почта жөнелтімін кідірту, тексеру және алу почта операторының өндірістік объектісі бастығының (оның орынбасарының) немесе цех (учаске) бастығының қатысуымен жүргізіледі. Хаттаманың бір данасы почта операторының өндірістік объектісінде қалады.
133. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен алынған немесе тұтқындалған почта жөнелтімдеріне және почталық ақша аударымдары туралы іздеу салу арызы түскен жағдайда почта операторы ол туралы жөнелтушіні немесе адресатты хабардар ете алады.
134. Пайдаланушыларға арналған жазбаша хат-хабарларды, баспасөз басылымдарын салу үшін пайдаланушылардың абоненттік почта жәшіктері бүлінбеген, почташы бара алатын жерде болуы керек.
Абоненттік почта жәшіктеріне мынадай талаптар қойылады:
пәтер немесе үй нөмірі, заңды тұлғаның атауы анық көрсетілуі тиіс;
құлыппен жабдықталуы тиіс;
қалаларда және ауылдық елді мекендерде почта жәшіктері, әдетте, жеке үйлер дуалының қақпасы жанына, көп пәтерлі үйлердің жарықтандырылған кіреберісіне қойылады;
пайдаланушы почта жәшігін орнататын жерді почта операторының өндірістік объектісімен келісіп анықтайды.
135. Абонент жәшіктерін пайдалану адресаттың жазбаша өтініші және жеке төлемі бойынша жүзеге асырылады.
Бірнеше адресаттардың бір абонемент жәшігін пайдалануына және де оны абоненттеу мерзімі ішінде басқа адамға беруіне жол берілмейді.
Абонент абоненттік почта жәшігін әрі қарай пайдаланудан бас тартса, оның нөмірі арыз берілген мерзімнен бір ай өткенде немесе абоненттеу мерзімі аяқталғанда басқа абоненттің пайдалануына беріледі. Абоненттеу мерзімінің аяқталуы туралы арыз берілген соң келіп түскен хат-хабарлар қайтарылады (қайта жіберіледі) немесе таратылмағандар санына (кері адресі болмаса) беріледі.
Параграф 3. Почта жөнелтімдерін автомобиль
көліктерімен тасымалдау
136. Почта жөнелтімдерін тасымалдау ведомстволық почта операторының және автомобиль тасымалдаушы (әрі қарай-тасымалдаушы) сияқты автомобиль көлік құралдарымен (әрі қарай - автокөлік құралдары) жүзеге асырылады.
137. Автокөлік құралдарымен почта жөнелтімдерін тасымалдау қалааралық, облысаралық, қалааралық облыс іші, қалалық, қала маңы және елді мекендерді қосатын: ауылды (селоны) ауданмен немесе облыс орталықтарымен, республикалық мәніндегі қалалармен (астанамен) маршруттары бойынша жүзеге асырылады.
138. Тасымалдаушы мен почта операторының почта жөнелтімдерін тасымалдау және сүйемелдеу кезінде құқығы, міндеттері мен жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен және тасымалдаушы мен почта операторы арасында жасалатын почта жөнелтімдерін автомобильмен тасымалдау шарттарымен анықталады.
139. Автокөлік құралдарының кестесі мен қозғалыс маршруты шартқа қосымшасы болуы мүмкін. Автокөлік құралдарының кестесі мен қозғалыс маршруттары күнделікті автомобильмен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды қоспағанда, почта операторының тасымалдаушымен келісуі бойынша жасалынады және бекітіледі.
140. Почта жөнелтімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының маршрутын таңдау және қозғалыс кестесін жасау почта операторымен белгіленген қолданыстағы нормативтер мен почта жөнелтімдерін өңдеу, тасымалдау және жеткізудің бақылау мерзімдеріне сәйкес қатаң түрде жүргізіледі.
Оның ішінде қарастырылуы қажет:
1) автомобильдердің авариясыз және тиімді жұмысы (почта операторының бөлімшесінде автомобильдердің нормативтік бос тұрып қалуы нарядтағы автомобиль уақытынан 25% аспауға тиіс);
2) маршруттарда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін автокөлік құралдарының жылдамдығы;
3) еңбек режимін және жүргізушінің демалысын сақтау.
141. Почта операторы тасымалдаушымен бірігіп почтаны тасымалдау маршруттары бойынша қозғалыс қашықтығы мен уақыт шығынын өлшейді және тиісті актілер жасайды.
142. Қашықтықты өлшеу актілері почта жөнелтімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын күнделікті автомобильмен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды қоспағанда, автокөлік құралдарының қозғалыс кестесін жасау үшін, сондай-ақ почта операторының құрылымдық бөлімшелерімен есептесу кезінде негіз болып табылады.
143. Әр пункті үшін почта жөнелтімдері салынған қапқа екі данада жеке жөнелтпе құжат жасалады, оның біреуі почтамен жөнелтіледі. Бұдан басқа, барлық почта жөнелтімдері айырбастау кезектілігімен маршруттық жөнелтпе құжатқа жазылады (әр почта жөнелтімінің саны мен салмағын көрсету арқылы) және әр маршрутқа екі данада жасалады, онда жөнелту уақыты, жүргізушінің фамилиясы және автомашинаның мемлекеттік нөмірі көрсетіледі. Жөнелтпе құжаттардың жеке және маршруттық түрлері шартта қарастырылады.
Егер маршрутта екіден аспайтын айырбастау пункті орналасқан болса, онда почта жөнелтімдері әр пунктке үш данада жасалатын жеке жөнелтпе құжат бойынша жіберіледі, мұнда да жөнелту уақыты, жүргізушінің фамилиясы көрсетіледі, бірақ маршруттық жөнелтпе құжат жасалмайды.
144. Почта операторы почта жөнелтімдерінің сақталуын және алып баруын қамтамасыз етеді. Почта жөнелтімдері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамаларына (шарт бойынша) сәйкес тасымалдау үшін тасымалдаушыға берілуі мүмкін.
145. Почтаны айырбастау автокөлік құралының қасында жүргізілуге тиіс. Почтаны автокөлік құралынан почта операторының жайына және кері апару почта операторының күші мен құралдары арқылы жүргізілуге тиіс.
9-тарау. Почта жөнелтімдерін, почталық ақша
аударымдарын сақтау мерзімдері
146. Жеделдетілген және шабармандық почта мен почталық ақша аударымынан басқа ішкі және халықаралық почта жөнелтімдері жеткізілген орындарында немесе бастапқы қабылданған орындарына қайтарылған болса - сол орындарда, сондай-ақ, жіберуші көрсеткен адресі бойынша қайта жеткізілген орындарында табыс ету мүмкін болмаған күнде 30 күн сақталады, жеделдетілген және шабармандық почтаны сақтау ұзақтығы - 15 күн.
"Сот шақыруы. Тапсырысты хабарламамен" және "Шақыру. Тапсырысты хабарламамен" белгілері бар тапсырысты хаттар почта операторының өндірістік объектіге келіп түскен күннен бастап 7 күн сақталады.
147. Тіркелетін почта жөнелтімдерін (тапсырысты хаттан басқа) өндірістік объектіде сақталған күндері үшін екінші рет хабарлама тапсырылған соң бір жұмыс күнінен кейін (тапсырылған күн есепке алынбайды) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес белгіленген тарифтер бойынша төлемақы алынады.
Жіберушінің арызы бойынша почталық ақша аударымының, почта жөнелтімінің сақталу мерзімі (жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдерінен басқа), сақталғаны үшін төлемақы алынумен 30 күнге ұзартылу мүмкін.
"Талап етілгенге дейін" жолданған жай хаттардың сақталғандығы үшін төлемақы алынбайды.
"Талап етілгенге дейін" жолданған тіркелген жөнелтімдерінің сақталғандығы үшін төлем адресаттан алынады, ал қайтарылған жағдайда белгіленген тариф бойынша жөнелтушіден алынады.
Ескерту. 147-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
10-тарау. Почта жөнелтімдерін, почталық ақша
аударымдарын қайтару және әрі қарай жіберу шарттары
148. Табыс етілмеген почта жөнелтімдері, почталық ақша аударымдары жіберуші көрсеткен кері адресі бойынша мынадай жағдайларда кері қайтарылады:
1) жіберушінің арызы бойынша;
2) адресат почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын алудан бас тартқан жағдайда;
3) сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін;
4) адресат қайтыс болған жағдайда;
5) пайдаланушының адресін оқуға мүмкін болмаған жағдайда (жуылған, жыртылған және т.б);
6) абонементтік жәшікті пайдаланушының жәшігі жоқ немесе дұрыс көрсетілмеген жағдайда;
7) почта операторын өз міндеттемесін орындау мүмкіндігінен айыратын басқа да жағдайларда.
149. Жіберуші адресінің өзгергені, почта жөнелтімін қайта жіберу немесе әрі қарай жіберу, алмағандығы, уақытында алмағаны туралы арыз берген кезде осы Ережелердің 120 тармағында көрсетілген құжаттардың бірі және жібергені туралы түбіртек, ал почта жөнелтімі тізімдеме бойынша қабылданған болса, онда тізімдеме бойынша тексеріледі. Мұнда арызға ұсынған құжат туралы мәлімет жазылады.
150. Тіркелетін почта жөнелтімдерін қайтару және жаңа адресі бойынша (әрі қарай жіберу) жіберу үшін жөнелтушінің өтінішінде арнайы көрсетілген жағдайда жөнелтушіден не адресаттан қайтару немесе әрі қарай жіберу тарифтеріне сәйкес төлемақы алынады.
Алушының мекен-жайын оқуға мүмкін болмаған (жуылған, үзілген) себептен қайтарылған почта жөнелтімдеріне төлем алынбайды.
Ескерту. 150-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
151. Почта жөнелтімдерін таратылмағандар санына беру мынадай жағдайларда беріледі:
1) адресат пен жіберушінің қажетті адрестік деректерінің дәл еместігі немесе болмауы;
2) адресат пен жөнелтушінің алудан бас тартуы;
3) белгіленген сақтау мерзімінің бітуі және пайдаланушының алмауы.
Почта жөнелтімдері таратылмағандар санына тек оларды тапсырудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып, тапсырылмау себебі мұқият тексерілген соң ғана беріледі.
152. Почта жәшігінен алынған адрессіз, немесе адресі толық емес, түсініксіз, қысқартылған адресті, жай хаттар, почта карточкалары және бандерольдер, адрестері жоқ (бүлінген) тиісті жеріне жіберуге немесе жіберушісіне қайтаруға болмайтын почта жөнелтімдері, сондай-ақ табыс етілмеген үстеме төлемақылы почта жөнелтімдері таратылмағандар ретінде уақытша сақтауға тапсырылады. Талап етілмеген ақшалар почта операторында сақталады және арыздары негізінде жіберушісіне немесе адресатына тапсырылуы мүмкін.
Почта жәшіктерінен хат-хабарлармен бірге алынған құжаттар (жеке куәліктер, төлқұжаттар, әскери билеттер және т.б.) тиісті ұйымдарға беріледі.
153. Таратылмаған жөнелтімдер уақытша сақтауға келіп түсуіне қарай, бірақ кем дегенде тоқсанына бір рет, пайдаланушылар адресін немесе оларды адресаттарына немесе жіберушісіне жеткізіп беруге қажетті басқа да мәліметтер алу мақсатымен ашып көруге жатады.
Таратылмаған почта жөнелтімдерін ашу үшін почта байланысы мекемесінің бастығы (оның орынбасары) почта операторының өндірістік объектінің почта қызметкерінен, жергілікті атқарушы үкімет органының, ішкі істер органының өкілдерінен тұратын комиссия құрылады.
Егер алдын ала тексеру нәтижесінде таратылмаған почта жөнелтімі адам өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін заттардан немесе бұйымдардан тұратындығы анықталатын болса, онда почта жөнелтімі бөлініп алынады және ашылмастан құзыретті органдармен жойылады. Ондай жөнелтімдерді жою қажетті сақтық шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Аталған комиссия почта жөнелтімін ашу, бөліп алу немесе ашпастан жою фактілері бойынша акті жасайды.
Егер таратылмаған почта жөнелтімін ашу нәтижесінде тұтынушылар адресін анықтау мүмкін болса, онда ол актінің бір көшірмесімен бірге қабына салынып, адресатына жіберіледі немесе жіберушісіне қайтарылады. Таратылмаған почта жөнелтімдерін анықталған адрес бойынша қайтару немесе жіберу пайдаланушыдан төлемақы алу арқылы орындалады, төлемақы мөлшері қайтару (жіберу) датасындағы қолдану тарифімен анықталады.
Табыс етілмеген халықаралық сәлемдемелер сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін өздерін жіберген соңғы халықаралық почта жөнелтімдерін өңдеу өндірістік объектісіне жіберіледі.
Ескерту. 153-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
11-тарау. Пайдаланушылардың арызы мен шағымдарын
қарау тәртібі
154. Арыздар (өтініштер) жөнелтімнің немесе почталық ақша аударымының берілген күнінің ертеңінен бастап төрт ай ішінде жеделдетілген және шабармандық жөнелтімдер бойынша қабылданады.
Шағым (арыз) мен қуыным почта операторына почта жөнелтімдерін, жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімін немесе почталық ақша қабылдаған кезде берілген түбіртекті, қажет болғанда - тізімдеме көшірмесін көрсете отырып беріледі.
Шағым (арыз) жазбаша түрде ұсынылады және почта операторы тарапынан міндетті түрде белгіленген тәртіппен тіркеуге жатады және Қазақстан Республикасы заңнамаларында, халықаралық шарттарда қарастырылған тәртіппен қаралады.
Почта жөнелтімдерін уақытында жеткізбеу (тапсырмау) туралы шағым (арыз) почта жөнелтімдерінің жіберу және алу күндерін растап көрсететін почта штемпелінің бедері бар буманы ұсынғанда қабылданады.
155. Түбіртек пен тізім көшірмесі қоса ұсынылатын шағымда (арызда) мыналар көрсетіледі:
1) почта жөнелтімінің немесе почталық ақша аударымының түрі;
2) түбіртек бойынша нөмірі;
3) қабылданған датасы мен орны;
4) жеткізілетін жері;
5) құндылығы жарияланған;
6) адресі мен адресаттың толық атауы.
Сәлемдемелерді, тікелей контейнерді немесе құндылығы жарияланған бандерольді алмағаны туралы шағымда (арызда) орам түрі, жіберілген заттардың егжей-тегжейлі тізбесі мен құны көрсетіледі.
Почта операторы арызды алған соң арыз иесіне почта түбіртегі мен тізімдеме көшірмесін қайтарып беруге міндетті.
156. Почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымын іздестіру және почта жөнелтімдерінің жоғалғанына, жетпегеніне, ауыстырылғанына немесе бұзылғанына байланысты шығын орнын толтыру және таратылмаған почта жөнелтімдерінде табылған ақшалар мен құнды қағаздарды, басқа заттарды қайтару туралы шағым (арыз), почта жөнелтімдері мен почталық ақша аударымы тапсырылған кезінде берілген түбіртек немесе тізімдеме көшірмесін көрсеткенде қабылданады.
Егер шағым (арыз) беруші жеке адамның өзі емес, оның сенімді өкілі болса, онда арызға сенімхат тіркеледі.
157. Почта жөнелтімдерін іздестіру туралы шағым олардың жеткізілуінің бақылау мерзімі аяқталғаннан кейін қарастырылады, ал ішкі почта жөнелтімдері жөнінде - келесі хабарламаны жібергеннен және алғаннан кейін қарастырылады.
158. Алғандығы туралы хабарламамен жіберілетін ішкі және халықаралық почта жөнелтімдерін іздестіру тегін жүргізіледі.
Алғандығы туралы хабарламасыз жолданған тіркелетін почта жөнелтіміне іздеу салу үшін белгіленген тарифке сәйкес төлемақы алынады.
Ескерту. 158-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2008.06.24. N 215 Бұйрығымен.
12-тарау. Почта желілері бойынша жіберуге тыйым
салынған және шектелген заттар мен бұйымдардың тізбесі
Параграф 1. Ішкі почта жөнелтімдерінде жіберуге
тыйым салынған заттар мен бұйымдар
159. Ішкі почта жөнелтімдерінде мына заттар мен бұйымдарды жіберуге тыйым салынады:
1) қолға ұстайтын әскери атқыш және суық қару, азаматтық, қызметтік қарулар, оқ-дәрі, екі түрлі қолданатын арнайы техникалық құралдар, олардың бөлшектері;
2) есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар;
3) ядролық материалдар, радиоактивтік, күшті әсер етуші, күйдіргіш, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, қопару және пиротехника құралдары, және басқа қауіпті заттар;
4) улар, улы жәндіктер, заттар, өсімдіктер мен тұқымдар;
5) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасы мен шетел валюталары;
6) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен өзгерту, тұтастығына қол сұғу, мемлекет қауіпсіздігін бұзу, соғыс, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық артықшылықтар, қаталдық, зорлық, порнография насихатталатын немесе үгіттелетін баспасөз басылымдары, бейнелеу материалдары, кино-, фото,- аудио,- және видеоматериалдар;
7) тез бұзылатын тағам өнімдері;
8) өзінің сипаты немесе буып-түйілуі жағынан почта қызметкерлеріне қауіп төндіретін, басқа почта жөнелтімдер мен почта жабдықтарын былғайтын немесе бүлдіретін заттар.
160. Аса ерекшелікпен бір жолға мыналарды қабылдауға және жіберуге жол беріледі:
1) сәлемдемелер арқылы - азаматтық және қызметтік қарудың бұзылған бөлшектерін, оларды сатуға лицензиясы бар дүкендердің жасап шығарған зауыттарға немесе азаматтық және қызметтік қаруды жөндеу құқына лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалар атына жібергенде, сондай-ақ аталған зауыттардың, заңды және жеке тұлғалардың тиісті дүкендер атына жіберген кездерінде.
Аталған почта жөнелтімдерін, жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдерін қабылдау мен беру тиісті лицензиясын көрсеткенде ғана атқарылады;
2) құндылығы жарияланған хаттар мен сәлемдемелер арқылы - Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес банкнот, металл ақша мен құндылықтарды инкассациялау және жіберу құқығы бар заңды тұлғалар жіберетін банкнот, металл ақша мен құндылықтар;
3) барлық басқа жөнелтушілерге құндылығы жарияланған хаттарда банк заңнамаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі филиалының атына күдікті ақша бірліктерін жіберуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, сәлемдемелермен нумизматикалық металл ақшалар мен коллекцияларды жіберуге рұқсат етіледі.
161. Ішкі құндылығы жарияланған бандерольдарда, хаттарда және сәлемдемеде тізімдемеден басқа хаттар мен жазбаша хабарларды жіберуге тыйым салынады.
162. Сәлемдемелерде мерзімді баспасөз басылымдарын жіберуге тыйым салынады.
Параграф 2. Халықаралық почта жөнелтімдерінде
жіберуге тыйым салынған заттар мен бұйымдар
163. Халықаралық почта жөнелтімдерінде мына заттар мен бұйымдарды жіберуге тыйым салынады:
1) қолға ұстайтын әскери атқыш және суық қару, азаматтық, қызметтік қарулар, оқ-дәрі, екі түрлі қолданатын арнайы техникалық құралдар, олардың бөлшектері;
2) есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар;
3) ядролық материалдар, радиоактивтік, күшті әсер етуші, күйдіргіш, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, қопару және пиротехника құралдары және басқа қауіпті заттар;
4) улар, улы жәндіктер, заттар, өсімдіктер мен тұқымдар;
5) нумизматикалық мақсатпен жіберілетін ақша белгілерінен басқа Қазақстан Республикасы ұлттық валютасы мен шет ел валюталары, сондай-ақ күшін жойған құнды қағаздар (экспорттық почта жөнелтімдерінде);
6) маралдардың, ақбөкендердің, теңбіл бұғылардың мүйіздері мен тұяқтары және де теңбіл бұғының терісі (экспорт почта жөнелтімдерінде), Қызыл кітапқа енгізілген аңдар мен өсімдіктер дериваты (мүшелері);
7) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен өзгерту, тұтастығына қол сұғу, мемлекет қауіпсіздігін бұзу, соғыс, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық артықшылықтар, қаталдық, зорлық, порнография насихатталатын немесе үгіттелетін баспасөз басылымдары, бейнелеу материалдары, кино-, фото,- аудио, және видеоматериалдар;
8) сүлік пен жібек құртынан басқа тірі аңдар, бал арасы;
9) өзінің сипаты немесе буып-түйілуі жағынан почта қызметкерлеріне қауіп төндіретін, басқа почта жөнелтімдер мен почта жабдықтарын былғайтын немесе бүлдіретін заттар;
10) тез бұзылатын тағам өнімдері;
11) металл ақшалар, банк билеттері, кредит билеттері немесе алушыға арналған қандай да бір құндылықтар, жол чектері, қымбат металдар мен тастар, және солардан жасалған бұйымдар (құндылығы жарияланбаған хаттарда және сәлемдемелерде);
12) жеткізілетін елінде енгізуге немесе айналымға түсуіне тыйым салынған бұйымдар.
164. Құндылығы жарияланған халықаралық бандерольдарда, ұсақ пакеттерде, хаттарда және почталық сәлемдемелерде оларға салынғандардың фактурасы мен тізімдемесінен басқа хаттар мен жазбаша хабарларды жіберуге, сондай-ақ, ұсақ пакеттер мен сәлемдемелерде құжаттар жіберуге тыйым салынады.
Параграф 3. Ішкі және халықаралық почта жөнелтімдерінде
жіберілуі шектелген заттар
165. Қазақстан Республикасынан жіберуге шектелген бұйымдар:
1) көркемдік, тарихи, ғылыми және басқа мәдени құндылық болып табылатын өнер туындылары - мәдениет саласындағы мемлекеттік уәкілетті органның рұқсаты бойынша; P070440
2) өсімдіктер, тегі өсімдік өнімдер, сондай-ақ жануарлар, тегі жануар өнімдер - ауылшаруашылық саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша; V095768; V042717
3) радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиілікті қондырғылар - почта байланысы саласындағы мемлекеттік уәкілетті органның рұқсаты бойынша; V095792
4) Қазақстан Республикасы аумағында тіркелмеген дәрілік құралдар (Қазақстан Республикасына енгізілген кезінде) - денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік уәкілетті органның рұқсаты бойынша;
5) өлгендердің мәйіті салынған урна - мына құжаттармен:
өлімі туралы дәрігерлік куәлік және егер сойылған болса, медициналық мекемемен берілген хаттаманың көшірмесі және дипломатиялық өкілдікпен немесе консулдық мекеменің мөрімен куәландырылған, ал егер олар болмаса Қазақстан Республикасында осы елдің мүддесін қорғайтын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекеменің мөрімен.
Дипломатиялық өкілдіктердің және консулдық мекемелердің урнада бөтен заттар жоқтығы туралы жасаған анықтамасымен, олар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасында осы елдің мүддесін қорғайтын мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері;
мемлекеттік органдармен берілетін азаматтық әл-ауқатын жазу актілері, өзге құжаттар;
6) мемлекеттік наградалар (орден, медаль, белгі, атаулы заттар) - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы жіберуге тек жіберушінің меншік құқын растайтын марапаттау, құндылығы жарияланған халықаралық почта жөнелтімдерінде осындай тауарды жіберу туралы құжаттары бойынша;
7) электронды ақпарат тасығыштар (дискеттер, компакт-дискілер, бейнежазбалар, дыбыс жазбалары) - оларды жазғанда пайдаланылған ЭЕМ мен операциялық жүйе типтері туралы мәліметтер бар болса.
166. Жас жеміс-жидектердің қатты сорттары салынған сәлемдемелер тиеудің кепілді нормасы шегінде ұшақтардың тікелей рейсімен жіберуді ескере отырып қабылданады, ал темір жол көлігімен-мұндай сәлемдемелер 7 тәулікте жететін болса кепілдікпен қабылданады, ал ол мерзімнен асатын болса, мүмкін боларлық залалды жөнелтуші өтейді.
167. Халықаралық почта жөнелтімдерінде, құндылығы жарияланған жөнелтімдерден басқа, мыналар жіберіле алады:
1) бал арасы, сүліктер мен жібек құрттары;
2) ресми танылған мекемелер арасында зерттеуге арналып алмасылатын паразиттер мен зиянды жәндіктерді құртушылар.
Параграф 4. Рұқсат етілмейтін заттар салынып
қабылданған жөнелтімдерді өңдеу
168. Почта операторы сәлемдемелерді олардың ішіне жіберуге тыйым салынған заттардың салынғандығы туралы негізделген болжамы (органолептикалық көрсеткіш) пайда болған жағдайда ұстап қалуға тиіс.
Ондай почта жөнелтімдерін уақытша сақтау, олардың дәл есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз ету арқылы почта операторының өндірістік объектісінде жүзеге асырылады. Бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады.
169. Почта желісі бойынша жіберуге тыйым салынған заттардың почта жөнелтімдерінде байқалғандығы және ондай жөнелтімдердің ұсталғандығы туралы ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздігі органдарына хабарланады.
Аталған органдардың қызметкерлері почта операторының өндірістік объекті басшысының қатысуымен тыйым салынған заттар мен бұйымдардың алынуын жүзеге асырады және ол туралы тиісті акті жасалып, оның бір данасы жөнелтім жіберушісіне жіберіледі.
170. Почта жөнелтімінде байқалған улы жәндіктер мен өсімдіктер түріне қарай Қазақстан Республикасының ветеринарлық немесе фито-санитарлық бақылау органдарына беріледі.
171. Почта жөнелтімінде байқалған ұлттық валюта жіберушісіне қайтарылады немесе почталық ақша аударымы ретіне адресатына жіберіледі, соңғы жағдайда, байқалған сомадан почталық ақша аударымының тарифі бойынша тиесілі ақша алынады.
Почталық жөнелтімнен алынған шетел валютасы Қазақстан Республикасының нарықтық бағамы бойынша конверттеледі, сосын жіберушісіне қайтарылады немесе почталық ақша аударымы ретінде адресатына жіберіледі, соңғы жағдайда, конверттелген сомадан почталық ақша аударымының тарифі бойынша тиесілі ақша алынады.
172. Почталық байланыс желісімен жіберуге тыйым салынған заттарды шығарып алғаны туралы почта операторы он күн мерзім ішінде жөнелтушіге немесе почта жөнелтімінің адресатына, аталған заттар табылған фактісі бойынша ішкі істер органы қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдаған кезден басқа жағдайда, жазбаша түрде хабарлайды.
173. Халықаралық почта жөнелтімдерінде почта желілері бойынша жіберуге тыйым салынған заттар табылған жағдайда, почта операторы дереу Қазақстан Республикасының кедендік органдарын хабардар етеді.
13-тарау. Почталық байланыс қызметін көрсету
ерекшеліктері
174. Адресатқа тапсырысты хат пен бандерольді, құндылығы жарияланған почта жөнелтімдерін, жеделдетілген және шабармандық почта жөнелтімдерін, почталық ақша аударымын тапсырмай тұрып, жөнелтуші өз тілегін жазба түрде беріп, түбіртекті тіркеп, қосымша төлем төлеу арқылы:
1) өзінің почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын қайтаруға;
2) почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын басқа адамға және басқа адрес бойынша беруге немесе оны сол адресатқа, бірақ басқа адрес бойынша жеткізуге өкім жасауға;
3) почта жөнелтімінің, почталық ақша аударымының сақталу мерзімін баратын жеріндегі почта операторының өндірістік объектісіне түскен күннен бастап 60 күнге ұзартуға өкім жасай алады.
Қабылдаған жай хаттар мен бандерольдар тиесілі жеріне жіберілген сәтке дейін жазбаша өтініші бойынша жөнелтушіге қайтарылып беріле алады. Бұл арада қайтарғаны үшін ақы алынбайды.
175. Халықаралық почта жөнелтімінің жіберушісі Ұлттық почта операторының кез келген өндірістік объектісі арқылы өзі жіберген почта жөнелтімінің қайтарылуы немесе адресін өзгерту туралы өкім жасай алады.
Халықаралық почта жөнелтімдерін жіберушінің сәлемдеме адресатқа тапсырылмаған жағдайда не істеу керектігі туралы өкім жасауға құқы бар, бұл туралы сүйемелдеуші адрестің алдыңғы бетіне белгі соғылады.
176. Жөнелтуші жазбаша арызбен қабылдаған өндірістік объектіден әлі жіберілмеген тіркелетін почта жөнелтімдерін кері алуына болады, мұндайда почта операторына түбіртектің түпнұсқасын қайтарып береді. Егер почта жөнелтімдері, почталық ақша аударымдары, жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері бір адреске 5 дана және одан да көп санда қабылданса, онда бұл почта жөнелтімдерінің тізімі де қайтарылады. Мұндай жағдайда жөнелтушіге почталық төлемнің мемлекеттік белгілері мен қосымша көрсетілген қызмет сомасынан басқа төлеген сомасы қайтарылып беріледі.
177. Адресат:
1) өндірістік объектіде өз атына келген почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын түскен күннен бастап 60 күн сақтау туралы;
2) өз атына келген почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын басқа адреске жеткізу немесе жіберу жөнінде;
3) өз атына "Талап еткенге дейін" келген почта жөнелтімін, почталық ақша аударымын үйге жеткізу қолданылатын болса - үйге жеткізіп беру туралы жазбаша өкім жасай алады.
1, 2 және 3 тармақшаларда келтірілген адресат өкімін почта операторы олар берілгеннен кейін тек үш ай ішінде ғана орындай алады.
178. Жоғарғы мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының почта жөнелтімдерін "Үкіметтік" разрядымен жіберуге құқығы бар. Ондай құқықты мына лауазым иелері пайдаланады:
1) Қазақстан Республикасының Президенті;
2) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;
4) Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары;
5) Қазақстан Республикасының Министрлері;
6) Орталық атқарушы органдардың ведомство басшылары;
7) Қазақстан Республикасы Агенттіктерінің төрағалары;
8) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы және орынбасары;
9) Қазақстан Республикасы Мәжілісінің Төрағасы және орынбасары;
10) Қазақстан Республикасы Парламент Комитетінің Төрағасы және орынбасары;
11) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы және орынбасары;
12) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы және орынбасары;
13) Қазақстан Республикасы Бас прокуроры және орынбасары;
14) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы;
15) Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясының төрағасы;
16) Қазақстан Республикасы облыстарының, Астана және Алматы қалаларының әкімдері.
"Үкіметтік" разрядындағы почта жөнелтімдері бірінші кезекте өңделеді және жеткізіледі.
179. Почта операторы мен пайдаланушының жауапкершілігі Қазақстан Республикасының "Почта туралы" Заңымен және басқа да заңнамалық актілермен белгіленеді.
Қазақстан Республикасы
Ақпараттандыру және байланыс
агенттігі Төрағасының
2005 жылғы 1 шілдедегі N 210-п
бұйрығымен бекітілген
Почта байланысы қызметін
көрсету ережесіне
1-қосымша
1-кесте - Ішкі почталық жөнелтімдер үшін
өлшемдер мен шекті салмақтар
Жөнелтім түрлері |
Шекті салмағы, кг |
Буып-түйілген көлемі |
1. Почта |
- |
105х148 мм |
2. Хат |
2 |
110х220мм; 114х162 мм; |
3. Бандероль Мына |
2 1 5 шекті салмақтан 100 гр-ға дейін асуына жол беріледі |
Ең жоғарғы өлшемдері: |
4. Сәлемдеме |
14 Шекті салмақтан 500 гр-ға дейін асуына жол беріледі |
Ең жоғарғы көлемі Ең төменгі өлшемі (бал |
5. Тікелей |
500 |
|
6. Жеделдетілген және/немесе шабармандық почта хаты (пакеті) |
2 |
165х220мм; 229х324 мм; |
7. Жеделдетілген және/немесе шабармандық почта сәлемдемесі |
14 |
Ең үлкен көлемі: |
Стандартты хаттардың өлшемдері мен салмағы: 114х162х5 мм,
110х220х5 мм, 162х229 мм және салмағы 20 гр-ға дейін.
Ұсақ сәлемдемелердің салмағы: 3 кг-ға дейінгі және ең ұзын
жағы 35 см-дан аспайтын, ал үш өлшемінің қосындысы 65 см-дан
аспайтын сәлемдемелер.
Ауыр салмақты сәлемдемелер: салмағы 10 кг-дан асатын.
Ірі габаритті сәлемдемелер: сәлемдемелердің бір жағы 80х80х50
см артық. Толық көлемі: 230х180х110 см.
Ірі габаритті және ауыр салмақты сәлемдемелер тек почта
операторының бөлінген өндірістік объектілері арқылы оларды тапсыру
және алу жағдайында жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ақпараттандыру және байланыс
агенттігі Төрағасының
2005 жылғы 1 шілдедегі N 210-п
бұйрығымен бекітілген
Почта байланысы қызметін
көрсету ережесіне
2-қосымша
2-кесте - Халықаралық почта жөнелтімдері
үшін өлшемдер мен шекті салмақтар
Жөнелтім түрлері |
Шекті салмағы, кг. |
Буып-түйілген көлемі |
1. Почта |
- |
Ең төменгі өлшемдері: |
2. Хат |
2 |
Ең төменгі өлшемдері: |
3. Бандероль зағиптарға арналған басылымдар (секограммалар) салынған |
5 7 |
Ең жоғарғы көлемі: үш |
4. Ұсақ пакеттер |
2 |
Ең жоғарғы көлемі: үш |
5. Бір адреске |
20 |
|
6. Сәлемдеме |
20 |
Ең жоғарғы көлемі: |
7. Жеделдетілген почта хаты (пакеті) |
2 |
165х220 мм; |
8. Жеделдетілген почта сәлемдемесі |
20 |
Ең үлкен көлемі: |
9. Топтастырылған |
31,5 |
Ең үлкен көлемі: |