Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларына тексеру, жіктеу және есепке алу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2006 жылғы 23 маусымдағы N 153 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 25 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 4308. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 6 тамыздағы № 496 бұйрығымен

      Күші жойылды - ҚР Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011.08.06 № 496 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  17-бабының 1) тармақшасын іске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тексеру, жіктеу және есепке алу ережесі бекітілсін.

      2. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 123-нөмірмен тіркелген, "Қазақстан Республикасының ішкі су жолдарындағы көлік оқиғаларын жіктеу, тексеру және есепке алу туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 1995 жылғы 26 шілдедегі N 151 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті (Қ.С.Мұстафин) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Ә.Қ.Құсайыновқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

       Министр

Қазақстан Республикасы 
Көлік және коммуникация 
министрінің      
2006 жылғы 23 маусымдағы 
N 153 бұйрығымен   
бекітілді      

  Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді
кемелермен болған көлік оқиғаларын тексеру, жіктеу және
есепке алу ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тексеру, жіктеу және есепке алу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Ереже кемелермен соның ішінде шағын өлшемді кемелермен, олар ішкі су жолдарында жүзген уақытта немесе тұрақта тұрғанда болған көлік оқиғаларына тексеруді, жіктеуді және есепке алуды жүргізу тәртібін белгілейді.
      Кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тексеру, жіктеу және есепке алу мақсаты аварияның мән-жайын, себептерін, салдарын, шығындарын анықтау, қатысты тұлғалардың іс-әрекетін бағалау, сондай-ақ алдын-алу жөнінде профилактикалық шаралар әзірлеу болып табылады.
      3. Осы Ережеде мынадай түсініктер пайдаланылады:
      гидротехникалық құрылыстар - шлюздер, бөгеттер, көпiрлер, порттық және су тартқыш құрылыстар, толқын тосқауыл, сондай-ақ әуе және кеме жүрiсiнiң шегіндегі су асты өткелдерi (кабельдер, су құбырлары, телефон желiлерi және электр жүргiзу құбырлары, қалқымалы көпiрлер);
      кемелердiң суға батуы - корпустың суға толық батуы немесе судың корпусқа енуiнiң немесе корпустың аударылуының салдарынан жүзгiштiк қордың толық жоғалуы;
      жеткіліксіз кәсiби жарамдылық - кеменiң маневрлiк және техникалық қасиетiн, лоция мен штурмандық уағыздарды қанағаттанарлық бiлмеуi, дербес жүзуде тәжiрибесiздігі;
      ырық бермес және болжанбаған жағдайлар - табиғи апат себептерi, дауыл, су деңгейiнiң кенет түсуi мен көтерiлуi, ағыс жылдамдығының кенет өсуi, топырақтың сырғуы, бөгеттерді, шлюздерді судың бұзып шығуы, мұздардың кептелуi және басқалар;
      конструктивтi толық қирау - кемелер мен гидротехникалық құрылыстардың ауыстыру немесе жөндеу арқылы жоюға келмейтін бұзылуы;
      ішкі су көлігі кәсіпорны - қызмет көрсету шегінде кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету мақсатында ішкі су жолдарын тиісті түрде күтіп-ұстау және дамыту үшін өндірістік қызметті жүзеге асыру негізгі мақсаты болып табылатын ішкі су көлігінің мемлекеттік кәсіпорны;
      кеме жүргізуші - шағын өлшемді кемені басқару құқығына тиісті куәлігі бар тұлға;
      кеме қатынасының сапалары - кеменің беріктігіне, орнықтылығына, жүзбелігіне және батпайтындығына қойылатын талаптардың жиынтығы;
      қақтығысу - жүріс барысындағы кемелер мен құрамдардың өзара соқтығысуы;
      уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің аумақтық көліктік бақылау басқармасы;
      көлiк оқиғасы - пайдаланудағы кемелермен болған, апатқа әкеліп соққан және кеме қатынастық сапасын жоғалтуға, кеменің басқа кемені (кемелерді), навигациялық жабдық құралдарын, жағалау құрылыстарын, суасты кабелін, суасты құбырларын бүлдіруге, кеменің сүйреген объектісін жоғалтуға әкелген авариялық жағдай;
      уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті.
      4. Осы Ереже Қазақстан Республикасының ішкі су жолдарында:
      уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен;
      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негізінде ішкі су жолдары арқылы, соның ішінде транзит мақсатында жүзуді жүзеге асыратын шетел мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кемелермен болған көлік оқиғаларына таралады.

  2. Көлік оқиғаларын жіктеу

      5. Iшкi су жолдарының көлiк оқиғалары авария және пайдаланымдық оқиғалар болып бөлiнедi.
      6. Аварияға мыналар жатады:
      1) нәтижесінде адамдар қайтыс болған немесе ауыр дене зақымдарын алған көлiк оқиғалары;
      2) толық конструктивтi қирау, есептен шығаруға әкелген кемелердi су басу;
      3) қайраңға отыру немесе кеменiң гидротехникалық құрылыстарды бұзуы, соның салдарынан осы жол учаскесiнде немесе шлюзде бiрiншi кеменiң келген мезетiнен бастап есептегенде 72 сағат және одан артық уақытқа қозғалыстың тоқтауы;
      4) көлiк оқиғасы кезiнде 10 тоннадан аса мұнай мен мұнай өнiмдерiнiң төгiлуi;
      5) кеменің басқа кемені зақымдауы.
      7. Мыналар пайдаланымдық оқиғаларға жатады:
      1) адамдардың өлуi мен ауыр дене зақымдарын алудан басқа, болған салдарларға тәуелсіз орын алған көлiк оқиғалары;
      2) басқа кемелерге көмек көрсету кезiнде авариялық-құтқару жұмыстары кезiнде экипаждың заңды әрекет жасауы кезінде пайда болған оқиға;
      3) ырық бермес табиғи апаттың әсері нәтижесінде туындаған көлік оқиғалары;
      4) кемелер мұзды жағдайларда жұмыс жасаған кезде туындаған көлік оқиғалары;
      5) экспериментальдық және тәжiрибелік рейстер мен жұмыстарды жүргiзу кезiнде туындаған көлік оқиғалары;
      6) аварияға жатпайтын барлық басқа көлiк оқиғалары.

  3. Көлiк оқиғаларының түрлерi мен себептерi

      8. Ішкі су қатынасы жолдарындағы көлік оқиғалары мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) қақтығысу;
      2) соғу;
      3) аударылу;
      4) өрт;
      5) адамды басып кету;
      6) кемелердің батуы;
      7) қайраңға отыру;
      8) гидротехникалық құрылыстардың зақымдануы.
      9. Көлік оқиғаларының себептері:
      1) кемелерді қауіпсіз пайдалануды реттейтін нормативтік құқықтық кесімдердің талаптарын, нормативтік-басқару құжаттарында көзделген лауазымдық міндеттерді кеменің жеке құрамының немесе кеме жүргізушінің орындамауы немесе сақтамауы;
      2) вахта бастығының немесе кеме экипажы мүшелерiнiң еңбек тәртiбiн бұзуы;
      3) кәсiби жарамдылықтың жеткiлiксiздiгi, кеме жүргiзудегi қателiктер;
      4) жолды, гидротехникалық құрылыстарды, кеме жүрiсінің навигациялық жабдықтарын қанағаттанарлық жағдайда күтіп ұстамау;
      5) кемелердің, кеме қондырғыларының, тетіктерінің, жүйелердiң техникалық жарамсыздығы, конструктивтiк кемшіліктер, белгіленген жылдамдықтан асу, кеме корпусы тозуының рұқсат етілген деңгейінен асу;
      6) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн реттейтiн нормативтік құқықтық кесімдердің талаптарын жағалау қызметкерлерінің орындамауы;
      7) ырық бермес және болжанбаған жағдайлар болып табылады.

  4. Көлiк оқиғаларын тексеру тәртібі

      10. Көлік оқиғалары уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде тексеруге жатады.
      11. Кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тексеру көлік оқиғасы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде тіркелген сәттен бастап отыз күннің ішінде жүргізіледі.
      Сараптамалар жүргізу, көлік оқиғаларының себебін анықтау кезінде уәкілетті органның шешімі бойынша осы тармақта көрсетілген мерзім мынадай жағдайларда, егер:
      1) көлік оқиғасына тікелей немесе жанама қатысы бар тұлғалар көлік оқиғасын тексеруді жүргізіп жатқан уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің шегінен уақытша кеткен болса;
      2) осы Ереженің 13-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, материалдарды және қорытындыларды ұсыну үшін ұзақ мерзім қажет болса;
      3) осы Ереженің 13-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген экспериментті жүргізу қажет болса;
      4) көлік оқиғасы нәтижесінде кеме суға батқан болса ұзартылуы мүмкін.
      12. Тексеру көлік оқиғасының салдарын жоюға және кеме қатынасы жолының осы учаскесінде қозғалысты қалпына келтіру жөніндегі жұмысқа кедергі келтірмеуі тиіс.
      13. Көлік оқиғасына тексеру жүргізетін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі қызметкерлерінің:
      1) жазбаша түсініктеме алуға, іске тікелей немесе жанамалай қатысы бар тұлғалардан іс мәселелерін жазбаша түрде нақтылауға, аудио және видео жазба жүргізуге, жағалаулық радиостанциялардың аудио жазбаларын тексеру материалдарына қосуға;
      2) көлік оқиғасының мән-жайын нақтылау үшін қажетті құжаттар мен материалдарды көрсетуді лауазымды тұлғалардан талап етуге;
      3) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің "Кеме қатынасы тіркелімі" мемлекеттік мекемесі, кәсіпорындар, лабораториялар, ғылыми мекемелер және арнайы құрылған комиссия қызметкерлерінің көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін нақтылау немесе ашу мәселелері бойынша қорытындысын алуға;
      4) оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін кеме иелерінен, кеме жүргізушілерден, тиісті су жолдары кәсіпорындарының және гидротехникалық құрылыстардың басшыларынан қажет кезінде эксперимент жүргізуді талап етуге;
      5) көлік оқиғасына қатысушылардың дені саулығының, алкогольдік және нашалық мас болу жағдайын анықтау үшін медициналық куәландыруға жіберуге құқығы бар.
      14. Көлік оқиғасын тексеруді:
      1) заңдық иелігінде көлік оқиғасы орын алған тиісті уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі;
      2) көлік оқиғасына жол берген кеме тиісті уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің заңдық иелігі шегінен шығып кеткен, бірақ сол бассейн ішінде болған кезде қорытынды дайындау үшін материалдарды кейіннен жібере отырып, алғашқы құжаттарды жинауды кеменің тұрған жерінің тиісті уәкілетті органының аумақтық бөлімшесі жүргізеді;
      3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде ішкі су жолдары арқылы, соның ішінде транзит мақсатында жүзуді жүзеге асыратын шетел мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кеменің қатысуы кезінде жүргізеді.
      15. Көлік оқиғаларын тексеру мақсаты:
      1) кеменің, экипаждың жабдықтың кеме қатынасы қауіпсіздігін реттейтін нормативтік құқықтық кесімдердің талаптарына сәйкестігін бағалау;
      2) көлік оқиғасының мән-жайын, себебін және салдарын анықтау;
      3) көлік оқиғасына қатысты тұлғаның іс-әрекетін бағалау;
      4) нормативтік құқықтық кесімдерді бұзушылықтарды көрсете отырып, іс-әрекеті көлік оқиғасының туындауына әкелген немесе себеп болған тұлғаны анықтау болып табылады.
      16. Тексеру нәтижесі бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі дәлелді қорытындыны және аварияның алдын алу жөнінде профилактикалық шаралар жүргізу ұсынымдарын дайындайды.
      17. Техникалық құралдарды бөлу және сараптамалар, тәжірибелер, тікелей зерттеулер, медициналық куәландыру жүргізу жөніндегі шығындарды өтеу көлік оқиғасына кінәлі кеме иелеріне, кеме жүргізушілеріне, су жолдары кәсіпорындарына, гидротехникалық құрылыстар иелеріне тиесілі.

  5. Көлік оқиғасы туралы хабарлау тәртібі

      18. Көлік оқиғасы болған жағдайда кеме капитаны, кеме жүргізуші, кеме иесі, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғалары меншік нысанына және ведомстволық қатыстылығына қарамастан бұл туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жедел хабарлауға міндетті.
      Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жіберілетін көлік оқиғасы туралы хабарлама осы Ережеге 1-қосымшада көрсетілген мәліметтерді қамтиды.
      19. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі көлік оқиғасы туралы уәкілетті органға, жақын портқа, су жолдары кәсіпорнына және көлік прокуратурасына шұғыл хабарлайды.
      20. Кеме капитаны, кеме жүргізуші, кеме иесі, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғалары меншік нысанына және ведомстволық қатыстылығына қарамастан көлік оқиғасы болған жағдайда:
      1) көлік оқиғасы салдарын жою жөнінде шаралар қолданады;
      2) кеме иесімен, тиісті су жолдары кәсіпорнымен және аумақтық уәкілетті органмен тұрақты байланыста болады;
      3) аумақтық уәкілетті органның рұқсатынсыз көлік оқиғасы орнын тастап кетпеуі тиіс;
      4) көлік оқиғасы болған сәттен бастап 24 сағаттың ішінде осы Ережеге 2-қосымшада көрсетілген мәліметтерді қамтитын Көлік оқиғасының актісін жасайды және бір данасын аумақтық уәкілетті органға жедел ұсынады.
      Гидротехникалық құрылыстармен болған Көлік оқиғаларының актілері олардың иесі өкілдерінің қатысуымен ресімделеді.
      Көлік оқиғасына екі және одан көп қатысушы болса, олар актіні бірлесіп жасайды. Көлік оқиғасына қатысушылардың арасында келіспеушіліктер болған кезде оның себептері және салдары туралы акті жеке жасалады.
      Көлік оқиғасының актісіне мына құжаттар қоса беріледі:
      вахта бастығының көлiк оқиғасы болар алдындағы, оқиға болған мезеттегі және онан кейiнгi кезеңдегi іс-әрекеті көрсетілген уақыт ішіндегі кеме журналынан (вахта журналынан) үзiндi;
      егер осы кемеде жүргiзiлуi көзделген болса, машина мен басқа журналдардан үзiндi;
      барлық қатысты тұлғалардың түсiнiктемелерi және егер куәлар болса, олардың көрсетулерi;
      көлiк оқиғасы болған орын, сондай-ақ кеменің ретімен орналасуы және басқалар белгіленген сызба;
      көлiк оқиғасы учаскесiнiң навигациялық картасының көшiрмесi;
      көлiк оқиғасына қатысы бар басқа құжаттар мен заттай дәлелдер (радиограммалардың, бұйрықтардың, өкiмдердiң, курсограммалардың көшiрмелерi, фотосуреттер, тахограммалар, тралдау немесе тереңдiктердi өлшеу туралы механизмдер мен қондырғылардың iстен шығуы туралы актiлер, нұсқаулық жөнiндегi журналдар).
      Көлік оқиғасының актісіне қоса берілетін барлық құжаттар кеме капитанының, кеме жүргізушісінің, кеме иесінің, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғаларының қолымен расталуы тиіс.
      Қылмыстың ізін көрсететін деректер бар болған кезде Көлік оқиғасының актісі құжаттармен қоса ішкі істер органдарына да беріледі.

  6. Көлік оқиғаларын есепке алу

      21. Көлік оқиғасы туралы хабарды алған кезде Ереженің 18-тармағына сәйкес осы көлік оқиғасын уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Көлік оқиғаларын тіркеу журналына (бұдан әрі - Тіркеу журналы) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркейді.
      Тіркеу журналы нөмірленген, тігілген және уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің мөрімен расталған болуы тиіс.
      22. Жолдың және гидротехникалық құрылыстардың, кеме жүрісінің навигациялық жабдығының қанағаттанарлықсыз ұсталуы себебінен болған көлік оқиғалары үшін су жолдары кәсіпорны және гидротехникалық құрылыстардың иелері жауапты болады.
      23. Көлік оқиғасынан болған шығындарды өтеу мәселелері заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

  7. Көлiк оқиғаларының тексеру материалдарын қарау тәртiбi

      24. Тексеру барысында кеме капитаны, кеме иесі, кеме жүргізуші, су жолдары кәсіпорны, гидротехникалық құрылыстардың иелері уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің талабы бойынша көлік оқиғасы нәтижесінде кеменің алған бүлінуін бағалауға мүмкіндік беретін мынадай қосымша құжаттарды ұсынады:
      1) бүліну фотосуреттері;
      2) жөндеудің алдын-ала калькуляциясы;
      3) авариялық бүлінулерді жоюды жүргізген арнайы ұйымдардың шоттары.
      25. Тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі көлік оқиғасы туралы қорытынды жасайды және уәкілетті орган мен көлік оқиғасына қатысушыларға бір-бір данасын жібереді.
      26. Кеме иесі, кеме жүргізуші, су жолдары кәсіпорны, гидротехникалық құрылыстардың иелері уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің қорытындысымен келіспеген кезде кеме иесі, кеме жүргізуші, су жолдары кәсіпорындары, гидротехникалық құрылыстардың иелері оны алғаннан кейін он күннің ішінде өз қарсылықтарын уәкілетті органға жібере алады.
      27. Уәкілетті орган уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің қорытындысын және көлік оқиғасы жөніндегі материалдарды олардың ұсынылған күнінен бастап отыз күн ішінде қарайды, одан соң ол бойынша кеме иесінің, кеме жүргізушінің, су жолдары кәсіпорындарының, гидротехникалық құрылыстардың иелерінің қарсылықтарын және/немесе қосымша тексеруді, егер осындай жағдай болған болса, есепке ала отырып, қорытынды шығарады.
      28. Қорытындыны алғаннан кейін кеме иесі, су жолдары кәсіпорындары, гидротехникалық құрылыстардың иелері осындай жағдайлардың болашақта қайталануын болдырмайтын профилактикалық іс-шаралар өткізеді, іс-әрекеті көлік оқиғаларының туындауына әкелген және/немесе себепші болған қызметкерлерді заңнамалық нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жауапкершілікке тартады, сондай-ақ техникалық жай-күйін, бұдан әрі пайдалану және/немесе жөндеу шарттарын анықтау мақсатында кемені Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің "Кеме қатынасы тіркелімі" мемлекеттік мекемесіне куәландыруға ұсынады.

Ішкі су жолдарында кемелермен,
соның ішінде шағын өлшемді  
кемелермен болған көлік    
оқиғаларын тексеру, жіктеу  
және есепке алу ережесіне  
1-қосымша          

  Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне хабарланатын
көлік оқиғасы жөніндегі мәліметтер

      1. Қайдан және кімнен көлік оқиғасы туралы хабар алынды.
      2. Көлік оқиғасының болған күні және уақыты.
      3. Кеменің атауы, кеме иесі және кеменің меншік иесі.
      4. Оқиғаның орны, навигациялық картадағы шақырымы, жақын елді мекен, порт (пристань), гидротехникалық құрылыс.
      5. Кеме қайдан және қайда бара жатыр, оның көлемі, жүкпен немесе бос кезінде шөгуі, жүктің түрі және оның саны.
      6. Кеменің экипаж мүшелері туралы мәліметтер, егер жолаушы кемесі болса жолаушылардың саны.
      7. Ауа-райы жағдайы, желдің бағыты мен күші, судың толқуы, көру мүмкіндігі.
      8. Штаттық орындарда навигациялық белгілердің бар болуы және оның жарамдылығы.
      9. Жүріс рубкасы мен машина бөлімінің вахтадағылары туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, дипломының бар болуы).
      10. Болған оқиға туралы мәліметтер (көлік оқиғасының түрі, зақымның бар болуы және сипаты, құрбандар және адамдардың денелей зақым алуы, қоршаған ортаның ластануы).
      11. Көлік оқиғасын бағалауға және жәрдем көрсету және салдарды жою үшін техникалық құралдарды жұмылдыру қажеттілігі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін басқа да мәліметтер.

Ішкі су жолдарында кемелермен,
соның ішінде шағын өлшемді  
кемелермен болған көлік    
оқиғаларын тексеру, жіктеу  
және есепке алу ережесіне  
2-қосымша         

  Көлік оқиғасы актісінде қамтылатын мәліметтер

      1. Көлік оқиғасының күні мен орны, акт жасаушылар туралы мәліметтер (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты, ал куәгерлер үшін - тұрғылықты орнының мекен-жайы).
      2. Кеме және гидротехникалық құрылыс туралы негізгі мәліметтер (атауы, үлгісі, қуаты, жүк көтерімділігі, көлемдері, жүктің түрі және басқалар).
      3. Көлік оқиғасына қатысушылар туралы мәліметтер (лауазымы, жасы, арнайы білімі, су көлігіндегі, жетекшілік лауазымдардағы және атқарып отырған лауазымындағы жалпы жұмыс өтілі, жұмыс дипломы немесе куәлігі, оларды алу күні және кім бергені).
      4. Көлік оқиғасы орын алған учаскенің гидрологиялық сипаттамасы, ауа-райы жағдайы, көру мүмкіндігі, кеме жүрісінің көлемі және олардың жарияланғанына сәйкестігі, штаттық орындарда навигациялық белгілердің бар болуы және олардың нормативтік талаптарға сәйкестігі және басқалар.
      5. Көлік оқиғасының алдындағы іс-әрекеттерді және оған қатысы бар мән-жайды бағалау.
      6. Көлік оқиғасының мән-жайын (барлық маневрді, жүріс жылдамдығын, өкімдерді, командаларды, сигналдарды және басқаларды рет-ретімен көрсете отырып, оқиғаның толыққанды сипаттамасын беру).
      7. Кеме иесінің немесе экипаждың көлік оқиғасының салдарларын жою, адамдар мен жүкті құтқару бойынша іс-әрекеттерін қоса алғандағы кейінгі іс-әрекеті.
      8. Жарақаттанған немесе қайтыс болған адамдардың саны, олардың тегі, аты, мекен-жайы, туған жылы.
      9. Корпустың, тетіктердің, қозғалтқыштардың, руль құрылғысының бүлінуі, олар ерікті нысанда "Кеменің техникалық актісінде" ресімделуі тиіс.
      10. Бүліну салдарлары (отсектерді су басып кету, жүкті жоғалту немесе оның бүлінуі, қоршаған ортаның ластануы, қозғалу мүмкіндігі және басқалары).
      Көлік оқиғасы актісінің бір данасы қосымшаларымен бірге уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, Актінің бір-бір данасы көлік оқиғасына қатысушыларға жіберіледі.
      11. Күні.
      12. Осы Актіні құрастырушылардың қолы.

                                      Ішкі су жолдарында кемелермен,
                                        соның ішінде шағын өлшемді
                                         кемелермен болған көлік
                                        оқиғаларын тексеру, жіктеу
                                         және есепке алу ережесіне
                                                  3-қосымша

                                          Көлік оқиғаларын тіркеу
                                             журналының нысаны

              Көлік оқиғаларын тіркеу журналы

N

Көлік оқиғасына қатысқанкеменің (кемелердің) үлгісі және атауы

Кеме иесі

Кеме капитанының немесе кеме жүргізушінің тегі, аты, әкесінің аты

Көлік оқиғасы болғанкүн, ай, жыл және уақыт

Көлік оқиғасы болған жер

Көлік оқиғасын жіктеу

Көлік оқиғасының себебі

Көлік оқиғасының салдары

1

2

3

4

5

6

7

8

9

Шығындар

Көлік оқиғасына қатысты тұлғалар

Тексерудің басталуы

Тексерудің аяқталуы

Мерзімді ұзарту туралы мәліметтер

Алдын-алу шаралары

Басқа да мәліметтер

10

11

12

13

14

15

16

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады