Локомотивтік тартқыш қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2007 жылғы"28 наурыздағы N 70 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 20 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4619 болып енгізілді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Локомотивтік тартқыш қызметтерін көрсету қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Локомотивтік тартым қызметтерін көрсету ережесін бекіту туралы"(Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2972 нөмірмен тіркелген және Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде, 2004 ж., N 37-40, 1000-құжат, жарияланған) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2004 жылғы 23 шілдедегі № 286-І бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Қатынас жолдары комитеті (М.Ж.Оразбеков) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр



  Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің
2007 жылғы"28 наурыздағы
N 70 бұйрығымен бекітілген

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "магистральдық темір жол желісі операторының", "магистральдық темір жол желісі операторы", "магистральдық темір жол желісі операторына", "магистральдық темір жол желісі операторы" деген сөздер тиісінше "МТЖ операторының", "МТЖ операторы", "МТЖ операторына", "МТЖ операторы" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2008.12.23 № 555 Бұйрығымен.

Локомотивтік тартқыш қызметерін көрсету қағидалары

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Локомотивтік тартқыш қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және темір жол көлігі саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленеді және локомотивтік тартқыш қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.

      Қағидалар локомотивтік тартқыш операторының (бұдан әрі - оператор), тасымалдаушылардың және тасымалдау процесіне өзге де қатысушылардың арасындағы қарым-қатынастарды реттейді, сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошталық жөнелтілімдерді және жүктерді темір жол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру мен маневрлік және шаруашылық жұмыстарын жүзеге асыру кезінде локомотивтік тартқыш қызметін көрсетуді ұсыну тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) локомотивтік тартқыш қызметін көрсетуді ұсыну шарты - магистральдық темір жол желісімен жолаушылар, багаж, жүк-багаж, пошталық жөнелтілім мен жүк тасымалын жүзеге асыру кезінде оператордың, тасымалдаушылардың және локомотивтік тартқыш қызметін өзге де пайдаланушылардың немесе маневрлік және шаруашылық жұмыстарын орындау кезінде тасымалдау процесіне өзге де қатысушылардың арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындайтын шарт;

      2) локомотивті басқару құқығына арналған куәлік - машинистің немесе машинист көмекшісінің локомотивті басқару құқығын куәландыратын құжат;

      3) Ұлттық инфрақұрылым операторының локомотив жұмысына рұқсаты - магистральдық темір жол желісінде жұмыс істеуге локомотивке және локомотив бригадасына рұқсат беру;

      4) локомотив бригадасының жол жүруіне рұқсат беру - локомотив бригадасының магистральдық темір жол желісінің нақты учаскесінде жұмыс істеуге оператор растаған психофизикалық және біліктілік даярлығы;

      5) локомотив бригадасының қызмет көрсету аймағы - Ұлттық инфрақұрылым операторы локомотив бригадасының үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығын белгілеген локомотивтің айналым учаскесінің бөлігі;

      6) локомотивтің айналым учаскесі - Ұлттық инфрақұрылым операторы локомотивтің ауысуын белгілеген магистральдық темір жол желісінің станциялармен шектелген бөлігі;

      7) локомотивтік тартқышты пайдаланудың технологиялық сызбасы - Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілеген локомотивтерге арналған техникалық параметрлер және Ұлттық инфрақұрылым операторы мен оператордың локомотивтердің, локомотив бригадаларының магистральдық темір жол желісіндегі жұмысы кезінде өзара іс-қимылының технологиялық тәртібі;

      8) маневрлік жұмыс – вагондарды өңдеу, сұрыптау, тарқату, тиеуге, түсіруге, жөндеу жолына (жолынан), салмағын өлшеуге әкелу-әкету, поездарды құрастыру, тарқату кезінде олардың орнын ауыстыру, жылжымалы құрамды бір жолдан басқасына ауыстырып қою, локомотивтердің станция шегіндегі қозғалысы, арнайы жылжымалы құрамның, тартқыш көлік құралдарының (локомотивтер немесе моторвагондық жылжымалы құрамдардың) орнын ауыстыру;

      9) локомотивті есепке алу - Ұлттық инфрақұрылым операторының автоматтандырылған деректер базасына локомотивтің техникалық паспортының деректерін енгізу;

      10) локомотивті күтіп ұстау - локомотивтің қауіпсіз және үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нормативтік-технологиялық жұмыстар кешенін орындау;

      11) локомотивтің ілеспе құжаттамасы - жөндеу мен қызмет көрсетудің технологиялық түрлерінен өтуін көрсететін локомотивті жөндеудің және оған техникалық қызмет көрсетудің есеп картасы, сондай-ақ локомотивтің техникалық жай-күйін, локомотивтің кімге тиесілі екендігін білдіретін, сәйкестендіру нөмірі көрсетілген құжат;

      12) шаруашылық жұмыстар - магистральдық темір жол желісінің объектілерін ұстау, жөндеу, қызмет көрсету және салу жұмыстарын орындау үшін жылжымалы құрамның орын ауыстыру процесі;

      13) локомотивтің жабдықталуы - локомотивтің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оны жанар-жағар материалдармен, сумен және құммен жабдықтау;

      14) Ұлттық инфрақұрылым операторының ақпараттық-есептеу орталығы – тасымалдау процесін ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын және темір жол көлігін автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу, үздіксіз жұмыс істеу және дамыту, сүйемелдеу және пайдалану жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ететін Ұлттық инфрақұрылым операторының бөлімшесі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2008.12.23 № 555; ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен

2. Локомотивтік тартқыш қызметін көрсетуді
ұсыну тәртібі

      3. Оператор тасымалдаушыға, сондай-ақ тасымалдау процесінің өзге қатысушыларына ортақ шарттармен локомотивтік тартқыш қызметтерін көрсетеді.

      Локомотив айналымының учаскелері мен локомотив бригадаларының қызмет көрсету аймақтары, тартқыш түрі, магистральдық темір жол желісіндегі поездардың салмақтық нормалары локомотивтік тартқышты пайдаланудың технологиялық сызбасымен белгіленеді.

      4. Оператор қызмет көрсету үшін мыналардың:

      1) әрбір локомотивке ілеспе құжаттаманың;

      2) әрбір локомотив бригадасының Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нысандағы локомотивті басқаруға құқық беретін куәлігінің және локомотивтің жұмыс істеуіне Ұлттық инфрақұрылым операторының рұқсатының болуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      5. Оператор тасымалдаушы мен Ұлттық инфрақұрылым операторына мыналарды растайды:

      1) меншікті (жалға алынған) локомотивтердің және мотор-вагондық жылжымалы құрамның (МВЖҚ), құжаттардың (темір жол жылжымалы құрамын мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің), оның ішінде Ұлттық инфрақұрылым операторының ақпараттық-есептеу орталығында тіркеу құжаттарының болуын;

      2) локомотивтік бригадалардың саны туралы анықтаманы (өтілі, локомотивті басқару құқығына куәліктің болуын, Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілеген нысандағы біліктілік сыныбы);

      3) локомотивтердің және МВЖҚ-ның техникалық сипаттамаларын (қуаттылығы, конструктивті жылдамдығы, білікке түсетін жүктеме, ток түрі, қауіпсіздік және байланыс аспаптарының, құрылғыларының болуын);

      4) техникалық байқауды, техникалық қызмет көрсетуді және локомотивтерді (МВЖҚ) жабдықтауды, жөндеуді жүргізуге арналған материалдық-техникалық базасы туралы немесе осы қызметтерді көрсетуге тиісті рұқсаты (лицензиясы) бар ұйымдармен шарттың болуын;

      5) айналу пункттерінде локомотивтік бригадалардың демалуы үшін орындар ұсыну бойынша қызмет көрсету жөніндегі ұйымдармен шарттың болуын;

      6) локомотивтік бригадалардың қызметкерлеріне рейс алдындағы медициналық тексеру және мерзімдік медициналық куәландыру жүргізуге шарттың болуын.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      6. Оператор мыналармен өзара іс-қимыл жасайды:

      1) локомотивтік тартқыш қызметін көрсету шартының негізінде тасымалдаушымен;

      2) Ұлттық инфрақұрылым операторымен мыналардың:

      Ұлттық инфрақұрылым операторының локомотивтің жұмыс істеуіне берген рұқсатының;

      ақпараттық қызмет көрсету шартының;

      локомотивтік тартқышты пайдаланудың технологиялық сызбасының;

      шаруашылық және маневрлік жұмыстарды орындау кезінде локомотивтік тартқыш қызметін көрсету шартының негізінде іс-қимыл жасайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      7. Осы Қағидаларға және темір жол көлігі саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес талаптарды, ұсынылатын қызметтер ауқымын, тараптардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершіліктерін айқындайтын локомотивтік тартқыш қызметін көрсету жөніндегі шарт оператордың локомотивтік тартқыш қызметін көрсетуге негіз болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі бұйрығымен

      8. Локомотивтік тартқыш қызметін көрсету жөніндегі шартты жасасу үшін тасымалдаушылар және тасымалдау процесіне өзге де қатысушылар операторға еркін түрде өтініш пен оған қоса берілетін:

      1) жүктерді тасымалдау кезінде - тасымалданатын жүктің көлемі, атауы, бағыты және тасымал ұзақтығы көрсетілген ақпараттың;

      2) жолаушыларды тасымалдау кезінде - жолаушылар поезының үлгісі мен бағыты және тасымал ұзақтығы көрсетілген ақпараттың;

      3) көшірмелерді:

      егер тасымалдаушы немесе тасымалдау процесінің өзге қатысушыларының өкілдері ретінде бірінші басшы немесе бірінші басшының қызметін атқарушы тұлға болмаса, Шартқа қол қоюға берілген сенімхатты ұсынады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а. 09.08.2013 № 626 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)

      9. Локомотивтік тартқыш қызметін көрсету шартында көзделген қызметтерге арналған құжаттар жинағын толық ұсынбаған жағдайда оператор тасымалдаушылардың, тасымалдау процесіне өзге де қатысушылардың өтініштерін қабылдаудан бас тартуы мүмкін, ол туралы құжаттар келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей тасымалдаушыларды, тасымалдау процесіне өзге де қатысушыларды өтінішті қараудан бас тарту себептерін көрсете отырып жазбаша түрде хабардар етеді.

      10. Оператордың локомотивтік тартқыш қызметін көрсету туралы шешімі өтініш тіркелген және осы Қағидаларға сәйкес қажетті барлық құжаттар ұсынылған соң мынадай мерзімдерден кешіктірілмей қабылдануы тиіс:

      1) 15 тәулік - тасымалдарды орындау бойынша;

      2) 2 тәулік - магистральдық желі объектілерін күрделі жөндеу және жөндеудің басқа түрлерін жүргізу бойынша;

      3) 12 сағат - маневрлік және шаруашылық жұмыстар бойынша.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 20.07.2017 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Оператор локомотивтік тартқыш қызметін көрсету туралы жазбаша хабарламаны және қол қою үшін Локомотивтік тартқыш қызметін көрсету шартының жобасын жібереді.

      12. Магистральдық темір жол желісінің нақты бір учаскесінде локомотивтік тартқыш қызметін көрсетудің, маневрлік жұмыстарды жүргізудің техникалық және технологиялық мүмкіндіктері болмаған жағдайда локомотивтік тартқыш операторы локомотивтік тартқыш қызметін ұсынудан бас тартады, ол туралы локомотивтік тартқыш қызметін көрсету туралы шешім қабылданғаннан кейін бес күнтізбелік күн ішінде тасымалдаушыны және тасымалдау процесіне өзге де қатысушыларды жазбаша түрде хабардар етеді.

      13. Тасымалдаушылар мен тасымалдау процесіне өзге де қатысушылар берілген өтініште сұралған локомотивтік тартқыш ұсынатын қызметтерден бас тартқанда, тасымалдаушылар мен тасымалдау процесіне өзге де қатысушылар бұл туралы локомотивтік тартқыш операторын жазбаша түрде локомотивтік тартқышты пайдалана отырып тасымалдау, шаруашылық және маневрлік жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күнге дейін кемінде он күнтізбелік күн бұрын хабардар етуі тиіс.

3. Локомотивтер мен локомотив бригадаларының
жұмысын ұйымдастыру

      14. Ұлттық инфрақұрылым операторы оператор мен тасымалдаушыларға және/немесе тасымалдау процесiне өзге де қатысушыларға локомотивтік тартқышты пайдаланудың технологиялық сызбасына сәйкес мынадай:

      локомотив айналымының учаскелері, локомотивтерді ауыстыру пункттері, локомотив бригадаларына қызмет көрсету аймағы, олардың үздіксіз жұмысының ұзақтығы, демалыс орындары мен ұзақтығы туралы;

      нақты бір жұмысты атқару кезінде магистральдық желінің нақты учаскесінде пайдаланылатын локомотивтерге қойылатын техникалық талаптар туралы;

      жүк поездарының салмақтық нормалары, учаскелер бойынша қозғалатын жүк және жолаушылар қозғалысы вагондарының рұқсат етілген саны, магистральдық және станциялық жолдармен поездар қозғалысының рұқсат етілген жылдамдығы туралы;

      локомотивтерді жөндеуге, жабдықтауға және техникалық қызмет көрсетуге жіберу тәртібі туралы;

      локомотивтерге орнатылатын қауіпсіздік және байланыс құралдарының үлгілері мен параметрлері туралы;

      локомотивтік бригадалардың қызметкерлерін рейс алдындағы медициналық тексеруді және мерзімдік медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2008.12.23 N 555; ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен

      15. Ұлттық инфрақұрылым операторы мыналарды:

      1) қозғалыс қауіпсізігін қамтамасыз ету және тартқыш құралдарын пайдалану мәселелері бойынша операторлармен өзара үйлестірілген іс-қимылды;

      2) поездар қозғалысын ұйымдастыруға байланысты технологиялық операциялардың орындалуын күтуі кезінде локомотивтердің орналасуы үшін арнайы бөлінген жолдарды ұсынуды;

      3) локомотивтердің айналым учаскелері бойынша локомотивтік парктің орналасуы туралы ақпараттың берілуін;

      4) локомотив бригадаларының үздіксіз жұмысының рұқсат етілген ұзақтығын және демалысын;

      5) магистральдық темір жол желісінің нақты учаскелерінде локомотивтер (МВПС) мен локомотив бригадаларының жұмыс істеуіне рұқсатты;

      6) есепке алу жүйесін ұйымдастыру және локомотив паркін пайдалануға және локомотив бригадаларының жұмыстарына қатысты операторлардың есептік құжаттарды жасауын;

      7) локомотив машинисі, машинист көмекшісі мамандықтарын беруге сынауларды өткізуді, машинистерге біліктілік сыныбын беруді, локомотивтерді басқару құқығына куәлік жазып беруді және локомотивтік бригадалардың біліктілік сыныбын беруді;

      8) апаттық жағдайлар мен олардың зардаптарын жою кезіндегі локомотивтік тартқыш операторларының жұмысын ұйымдастыруды;

      9) веб-сайтта (Интернетте) локомотивтерді пайдалану қызметіне қатысты қолданыстағы немесе жаңадан енгізілген нормативтік құқықтық және техникалық актілер туралы мәліметтерді орналастыруды;

      10) операторлардың локомотивтік бригадаларын жоспармен, қызмет көрсетілетін учаскелердің пішінімен және сигналдардың, сигналдық көрсеткіштердің орналасуымен, станцияның техникалық-басқарушылық актілерімен, жолаушылар (қала маңындағы) поездарының қозғалыс кестесімен таныстыруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2008.12.23 N 555; ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен

      16. Оператор өз қызметі барысында:

      1) магистральдық, станциялық және кірме жолдарда локомотивтік тартқышты пайдаланудың Технологиялық сызбасының, поездардың үздіксіз және қауіпсіз қозғалу ережелерінің, нормативтерінің және шарттарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) тиісті біліктіліктері бар локомотив бригадаларының штатын, локомотивтер паркін ұстайды және олардың ұсталуын қамтамасыз етеді;

      3) локомотив бригадаларының қызметіне, олардың қызмет көрсетілетін учаскеге жауап беретін диспетчердің (поездық, маневрлік), станция және дөңес бойынша кезекшінің және жұмыс басшысының темір жол көлігі саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес берген бұйрықтарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      4) магистральдық темір жол желісі объектілерінің оларды пайдалану кезіндегі пайдалану мен сақталу талаптарын орындайды, өртке қарсы алдын алу жұмыстарының және темір жол көлігімен тасымалдау кезінде пайда болатын өрттерді жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілуін, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау талаптарын қамтамасыз етеді;

      5) локомотивтік бригадалардың қызметкерлерін оқытуды, біліктіліктерін көтеруді ұйымдастырады және Ұлттық инфрақұрылым операторының келісуі бойынша оларды аттестаттаудан өткізеді;

      6) машинистің бағдарғысын ресімдейді және оның деректерін Ұлттық инфрақұрылым операторының ақпараттық-есептеу орталығына беруді қамтамасыз етеді;

      7) локомотивтік тартқыш қызметін көрсету үшін пайдаланатын локомотивте локомотивке арналған ілеспе құжаттаманың болуын қамтамасыз етеді;

      8) локомотивтік бригадалардың мерзімдік медициналық куәландырудан және рейс алдындағы тексеруден өтуін белгіленген мерзімде қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2008.12.23 N 555; ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен

      17. Локомотивтік тартқыш қызметін орындау барысында локомотив пен локомотив бригадасы жұмысының уақытын есепке алу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) Ұлттық инфрақұрылым операторы:

      локомотивтік тартқыш қызметін орындаудың уақытша кестесін белгілейді;

      оператор машинисінің есептік бағдарғы - құжатын тіркейді;

      2) оператор:

      локомотивтік бригаданың жол жүруі барысында машинистің есептік бағдарғы - құжатын ресімдейді;

      жұмысты орындағанан кейін машинист бағдарғысының қосымша данасын Ұлттық инфрақұрылым операторына береді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      18. Локомотив және локомотив бригадасының жұмысын талдау және есепке алуға арналған машинист бағдарғысын ресімдеу және өңдеу тәртібін Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады