Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 18.05.2015 № 309 бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 шілдедегі N 681 қаулысымен бекітілген 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған 12 жылдық мектептің бірінші сыныбына оқушыларды қабылдау ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және жалпы орта білім департаменті (М.Т.Санатова) осы бұйрықты:
1) бекітілген заңнамалық тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын;
2) бекітілген заңнамалық тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
3) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім департаменттеріне (басқармасына), республикалық ведомстволық бағынысты жалпы орта білім беру ұйымдарына жеткізсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және жалпы орта білім департаментінің директоры М.Т.Санатоваға жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2007 жылғы 29 маусымдағы N 339
бұйрығымен бекітілген
12 жылдық мектептің бірінші сыныбына
оқушыларды қабылдау ережесі 1. Жалпы ереже
1. Осы 12 жылдық мектептің бірінші сыныбына оқушыларды қабылдау ережесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы N 1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2005-2010 жылдарға арналған білім берудің мемлекеттік бағдарламасын дамыту, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 шілдедегі N 681 қаулысымен бекітілген 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жасалған және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын барлық білім беру ұйымдарының қызметін анықтайды.
2. 12 жылдық мектептің бірінші сыныбына қабылдауды ұйымдастыру және жүргізу
2. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін ұйымдарының бірінші сыныптарына дайындық деңгейіне қарамастан сол оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін 6 жасқа толған балалар қабылданады.
3. Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін емтихан, сынақ, тестілеу өткізуге рұқсат берілмейді.
4. Баланың мектепке оқуға даярлығын анықтау кезінде, оның әріптерді тани білуі, жаза білуі талап етілмейді.
5. Мектепке дейінгі мекемелерде, мектеп алды даярлықта болмаған балаларға бір айлық мерзімдегі даярлық курсы ұйымдастырылады.
6. Баланың мектепке дайындығына медико-психологиялық тексеру бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін жүргізіледі.
7. Баланың медициналық паспортында соматикалық дамуы туралы (жас ерекшелігіне байланысты салмағы, бойы, дене пропорциясы), жүйке жүйесінің жағдайы жөнінде нақты мәліметтер болуы тиіс.
8. Бірінші сынып оқушысының психологиялық мінездемесі оқу процесінде оқушының жеке жұмысын жоспарлау үшін жасалады.
9. Сыныптар балалардың дайындық деңгейіне және даму дәрежесіне байланысты топтастырылмайды.
10. Зерттеуді ата-аналардың немесе балаға жауапкершілікті алған адамдардың келісімінсіз жүргізуге болмайды.
11. Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін қажетті құжаттар:
ата-ананың (немесе ата-ананың орнын алмастыратын адамдардың)
өтініші;
баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
медициналық паспорт;
тұрғылықты мекен-жайынан анықтама;
3x4 фотография - 2 дана.
12. Ата-аналардың өтініші негізінде білім беру ұйымы басшысының бұйрығы 31 тамызға дейін ресімделеді.
13. Әр балаға мектепте жеке іс қағаз, медициналық паспорт жүргізіледі.
14. Бірінші сынып толымдығы 25 оқушыдан аспауы тиіс.