Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банк қызметiн көрсету ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2008 жылғы 28 наурыздағы N 18 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 21 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5189 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 212 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.08.2016 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының екінші бөлігінің 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банк қызметiн көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Өздерінің веб-сайттарын осы қаулы қолданысқа енгізілгенге дейін ашқан екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ол қолданысқа енгізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Ереженің 4-тармағында белгіленген мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.

      4. Төлем жүйелері департаменті (Мұсаев Р.Н.):

      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қабылдасын;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, аумақтық филиалдарына, екінші деңгейдегі банктерге, "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, "Қазпошта" акционерлік қоғамына, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне және "Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) Төлем жүйелері департаментінен (Мұсаев Р.Н.) жариялауға өтінім алған күннен бастап үш күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауға шаралар қабылдасын.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары М.М. Сартбаевқа жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                        Ә. Сәйденов

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2008 жылғы 28 наурыздағы
N 18 қаулысымен бекітілген

Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының
жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың
электрондық банк қызметiн көрсету ережесі 1. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" , 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы, "Ақпараттандыру туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі - банктер) электрондық банк қызметiн көрсету тәртібін белгілейді. Осы Ереженің күші төлем карточкаларын пайдалануға байланысты банк қызметін көрсетуге қолданылмайды.

      2. Осы Ережеде "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы, "Ақша төлемi мен аударымы туралы" 1998 жылғы 29 маусымдағы, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы және "Ақпараттандыру туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аутентификация - банк белгілеген қауіпсіздік рәсімін пайдалану арқылы электрондық құжат жасаудың түпнұсқалылығын және дұрыстығын растау;

      2) бір жолғы (бір мезгіл) код - клиенттің сұратуы бойынша бағдарламалық-аппараттық құрал-жабдықтармен жасалатын және клиентке электрондық банк қызметіне қол жеткізу кезінде бір рет пайдалануға арналған электрондық цифрлық нышандардың бірегей кезектілігі. Клиент электрондық банк қызметін көрсетуге қайтадан кірген кезде жаңадан бір жолғы (бір мезгіл) кодты жасау және пайдалану талап етіледі;

      3) ақпараттық-банктік қызмет көрсету - банктің клиентке оның банктік шоттары бойынша ақша қалдықтары және қозғалысы туралы, жүргізілген ақша төлемдері мен аударымдары туралы және клиенттің сұратуы бойынша, не банк пен клиент арасында жасалған шарт бойынша көрсетілетін және көрсетілген банк қызметін көрсету туралы өзге де ақпараттарды беруге байланысты электрондық банк қызметін көрсету;

      4) Интернет киоск - банк клиентіне Интернет арқылы өз бетінше (банктің уәкілетті қызметкерінің қатысуынсыз) электрондық банк қызметін алуға мүмкіндік беретін электрондық терминал;

      5) клиент - банкпен электрондық банк қызметін көрсету туралы шартты не банк қызметін көрсету шартын жасаған жеке немесе заңды тұлға;

      6) клиентті динамикалық сәйкестендіру - бір жолғы (бір мезгіл) кодты пайдалану арқылы оның электрондық банк қызметін алу құқығын бірыңғай растау мақсатында клиенттің жеке басын растауды белгілейтін рәсім;

      7) қауіпсіздік рәсімі - клиенттің электрондық банк қызметін алу құқығын белгілеу мен берілетін және алынатын электрондық құжаттардың мазмұнындағы қателерді және/немесе өзгерістерді анықтау мақсатында электрондық құжаттарды жасау, беру және алу кезінде клиентті бірегейлендіруге арналған ұйымдастыру шараларының және бағдарламалық-техникалық ақпарат қорғау құралдарының кешені;

      8) транзакциялық-банктік қызмет көрсету - клиенттің банктік шот (шоттар) ашуына және жабуына, ақша төлемдері мен аударымдарын, шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге, банк заемын беруге және ақпараттық-банктік қызметке жатпайтын банк операцияларының өзге де түрлерін жүзеге асыруға байланысты электрондық банк қызметін көрсету;

      9) электрондық банк қызметін көрсету - клиенттің банк шотындағы (шоттарындағы) ақша сомасы, банктік шот (шоттар) бойынша жүргізілген операциялар, банктік шот (шоттар) туралы ақпаратты алу үшін өзінің банктік шотына (өздерінің банктік шоттарына) қол жеткізуге, ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыруға, банктік шот (шоттар) ашуға немесе жабуға және/немесе банк телекоммуникациялар желілері бойынша спутниктік байланыс немесе өзге де байланыс түрлері арқылы көрсететін өзге де банктік операциялардың түрлерін жүзеге асыруға байланысты қызмет көрсетулер. Электрондық банк қызмет көрсету ақпараттық-банктік және транзакциялық-банктік болып бөлінеді;

      10) электрондық терминал - қолма-қол ақшаны беру (қабылдау), ақша төлемдері мен аударымдарын, шетел валютасымен айырбастау операцияларын және өзге де банк операцияларының өзге де түрлерін, оның ішінде төлем карточкаларын пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуге, сондай-ақ тиісті операцияларды жүргізу фактісін растайтын құжаттарды жасауға арналған электрондық-механикалық құрылғы.

2. Электрондық банк қызметтерін көрсету талаптары

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Электрондық банк қызметін көрсету Интернет киоскіні қоса алғанда, дербес компьютерлер, телефондар, электрондық терминалдар арқылы байланыс арналары бойынша қашықтықпен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен көрсетіледі.

      4. Банк электрондық банк қызметін көрсету үшін Интернет желісінде интернет-ресурс ашқан кезде интернет-ресурсты ашқаннан кейін он жұмыс күні ішінде бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі - Ұлттық Банк) хабарлайды.
      Хабарламада:
      1) интернет-ресурстың домендік аты және электрондық мекенжайы;

      2) Интернет арқылы берілетін не берілуі мүмкін электрондық банк қызметін көрсету тізбесі;

      3) банкте электрондық банк қызметін көрсету кезінде ақпарат қауіпсіздігінің және ақпаратты рұқсатсыз қол жеткізуден қорғаудың бекітілген рәсімдерінің болуы туралы растаудың болуы тиіс.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.05.30 № 52 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен. 

      5. Интернет-ресурстың домендік аты, электрондық мекенжайы өзгерген кезде банк осындай өзгерістер болғаннан кейін он жұмыс күні ішінде бұл жөнінде Ұлттық Банкке хабарлайды.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.05.30 № 52 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.

      6. Банк электрондық банк қызметтерін уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензияда көзделген банк операцияларына ғана көрсетеді.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.05.30 № 52 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.
      6-1. Банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру схемаларында электрондық банк қызметтерін көрсетудің қолданыстағы немесе енгізілетін тәсілдері мен технологияларын пайдалануды болдырмау бойынша шараларды, сондай-ақ қажетті рәсімдерді әзірлейді және қолданады.
      Ескерту. 2-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014.08.27 № 168 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

3. Банк пен клиент арасындағы шарттық қарым-қатынастар

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Клиентке электрондық банк қызметі электрондық банк қызметін көрсету туралы шарттың не электрондық банк қызметін көрсету талабы бар электрондық банк қызметін көрсету шартының (бұдан әрі - шарт) негізінде көрсетіледі.

      8. Шартта мынадай талаптар болуы тиіс:

      1) электрондық банк қызметін көрсету арқылы жүзеге асырылуы мүмкін банк операцияларының тізбесі;

      2) электрондық банк қызметін көрсетудің және оларға (Интернет арқылы, коммутация және өзге де арналар бойынша, Интернет киоскілерді, телефонды, дербес компьютерді немесе басқа құрылғыларды пайдалану арқылы) қол жеткізудің тәсілдері (тәсілі);

      3) банк электрондық банк қызметін көрсеткен кезде туындайтын тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      4) аутентификация және клиенттің электрондық банк қызметін алуға құқығын растау тәртібін қоса алғанда қауіпсіздік рәсімдері;

      5) банк электрондық банк қызметін көрсеткен кезде туындайтын өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптардың жауапкершілігі;

      6) клиентке алдын ала хабарлап және/немесе алдын ала хабарламай электрондық банк қызметін көрсетуді тоқтатып қою және тоқтату негіздемелері;

      7) банк электрондық банк қызметін көрсеткен кезде туындайтын шиеленісті жағдайларды шешу тәсілдері;

      8) электрондық банк қызметін көрсетуге байланысты мәселелер бойынша банкке хабарласу үшін байланыс телефондары мен мекен-жайлары;

      9) электрондық банк қызметін көрсеткен кезде клиенттен алынған ақпаратты банктің жария етпеуі туралы талап;

      10) тараптар келіскен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар.

      9. Банк шарт жасаған кезде клиентке электрондық банк қызметтері туралы ақпарат ұсынады. Электрондық банк қызметтерін алудың тәртібі және талаптары банктің бірінші басшысы не уәкілетті басқару органы бекіткен банктің ішкі ережесінде айқындалады. Бұл ереже, егер банк электрондық банк қызметтерін Интернет арқылы көрсетсе, банктің интернет-ресурсында орналастырылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.05.30 № 52 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.

      10. Банк пен клиент арасында жасалған шартта электрондық банк қызметтерін көрсетудің жекелеген талаптары банктің интернет-ресурсында орналастырылған және осындай шарттың талаптарынан тұратын электрондық құжатқа сілтеме жасау арқылы шартқа енгізілетіні көзделуі мүмкін. Мұндай жағдайда банк шарттың қолданылу мерзімі ішінде клиенттің осы электрондық құжатқа кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.05.30 № 52 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.

      11. Транзакциялық-банктік қызмет көрсету кезінде банк пен оның клиенті арасында ақпарат алмасу электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы және/немесе клиентті динамикалық бірегейлендіру арқылы жүзеге асырылады.
      Транзакциялық-банктік қызмет көрсетуді электрондық цифрлық қолтаңбаны және клиентті динамикалық бірегейлендіруді пайдаланбай банктің ішкі ережелерінде және шартта белгіленген қауіпсіздік ережелерін қолдану негізінде беруге жол беріледі.

      12. Банктің клиентке электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып транзакциялық-банктік қызмет көрсетуі клиентте куәландыру орталығы берген тіркеу куәлігі болған кезде жүргізіледі.

4. Қауіпсіздік рәсімдері

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13. Банктің электрондық банк қызметтерін көрсетуі банктің ішкі ережесінде және шартта белгіленген қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес жүргізіледі.

      14. Банктің ішкі ережесінде электрондық банк қызметін көрсету кезінде ұйымдастыру шараларын және ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бағдарламалық-техникалық қорғау құралдарын қамтитын қауіпсіздік рәсімдерінің сипаттамасы бар.

      15. Қауіпсіздік рәсімдері:

      1) клиентті және оның тиісті электрондық банк қызметтерін алу құқығын шынайы бірегейлендіруі;

      2) клиентке электрондық банк қызметтері негізге алынып берілетін электрондық құжаттардың мазмұнында бұрмалаулардың және/немесе өзгерістердің болуын анықтауы;

      3) банктік құпиясы бар ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуден қорғауды қамтамасыз етуі және осы ақпараттың бүтіндігін қамтамасыз етуі тиіс.

      16. Электрондық банк қызметтерін көрсетудің шынайылығы банктің ішкі ережесінде және банк пен клиенттің арасында жасалған шартта белгіленген қауіпсіздік рәсімдерін клиенттің орындауы нәтижесінде белгіленеді.

      17. Банк электрондық банк қызметтерін көрсету кезінде клиентке электрондық банк қызметтерін көрсетуге негіз болған хабарламалардың жіберілгені және/немесе алынғаны туралы растау банкте қалады.
      Егер шартта өзгеше белгіленбесе, электрондық құжатты алғандығын растау жіберушіге оны алу туралы растама жіберу арқылы жүргізіледі.

      18. Банк клиенттің сұратуы бойынша оған шартта көзделген нысанмен және мерзімде электрондық банк қызметтерін көрсетуге негіз болған электрондық құжаттарды жібергені және/немесе алғаны туралы растаманы ұсынады.

5. Электрондық банк қызметтерін көрсету кезінде
электрондық құжаттарды сақтау

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19. Электрондық құжаттар олар қалыптастырылған, жіберілген немесе алынған форматта олардың бүтіндігін және өзгермеуін сақтай отырып сақталады.

6. Рұқсатсыз қол жеткізу

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      20. Банктік құпиясы бар ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу оны рұқсатсыз өзгерту, рұқсатсыз ақша төлемдерін немесе аударымын және банк электрондық қызмет көрсеткен кезде туындаған өзге де рұқсат берілмеген іс-әрекеттерді жүзеге асыру анықталған кезде банк олар анықталғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей осындай іс-әрекеттерге жол беруге қатысы бар клиентке бұл жөнінде хабарлайды.

      21. Осы Ереженің 20-тармағында көрсетілген рұқсатсыз іс-әрекет туындаған жағдайда банк тез арада олардың салдарларын жою және олардың болашақта пайда болуының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      22. Банк және оның клиенті ұйымдастыру шараларын және бағдарламалық-техникалық қорғау құралдарын қоса алғанда, қолданатын бағдарламалық-техникалық құралдарға рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу құралдары мен шаралары осы Ереженің талаптарына жауап беруі тиіс.

7. Электрондық банк қызметтерін көрсетуді тоқтатып
қою және тоқтату

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      23. Банк мынадай жағдайларда:

      1) клиент шартта көзделген электрондық банк қызметін көрсетудің тәртібі мен талаптарын бұзған;

      2) электрондық банк қызметін көрсетуді қамтамасыз ететін техникалық құрал-жабдықтар бұзылған;

      3) шартта көзделген өзге де негіздер бойынша клиентке электрондық банк қызметін көрсетуді тоқтатып қояды немесе тоқтатады.

      24. Осы Ереженің 23-тармағында көзделген негіздер бойынша электрондық банк қызметін көрсету тоқтатып қойылған немесе тоқтатылған жағдайда банк шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде клиентке хабарлайды.

      25. Клиенттің электрондық банк қызметін көрсетуді алу құқығын тоқтатуға әкеліп соқтырған себептер жойылған кезде банк оған кейіннен жазбаша не электрондық тәсілмен хабарлай отырып клиентке электрондық банк қызметін көрсетуді жаңартады.

8. Қорытынды ереже

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 26.04.2013 № 117 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      26. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына және банк тәжірибесінде қабылданған іскерлік айналымы дәстүрлеріне сәйкес шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады