Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау бойынша оларға ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізу Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі N 199 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 28 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5198 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 25 маусымдағы № 7-1/319 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 25.06.2014 № 7-1/319 бұйрығымен.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 26-бабын және "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 6-бабының 3-тармағының 14) тармақшасын орындау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау бойынша оларға ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізу Ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті және Алматы, Астана қалаларындағы және облыстық аумақтық инспекцияларымен бірігіп заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтан туындайтын тиісті шараларды қабылдасын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы С.И. Сүлейменовке жүктелсін.

      4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік департаментіне осы бұйрықты заңнамалық тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          А.Есімов

Қазақстан Республикасы   
Ауыл шаруашылығы министрінің
2008 жылы 1 сәуірдегі    
N 199 бұйрығымен    
бекітілген        

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау бойынша оларға ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізу Ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау бойынша оларға ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізу Ережесі (бұдан әрі - Ереже), Қазақстан Республикасының 10 шілде 2002 жылғы " Ветеринария туралы " және 21 шілде 2007 жылғы " Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы " Заңдарына сәйкес дайындалған, және тағам өнімдерінің барлық өмір сүру циклында ветеринарлық-санитарлық сараптаудың бірыңғай тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ереженің талаптары жануарларды дайындау (сою), ветеринариялық-санитариялық бақылануға тиісті тамақ өнімдерді сақтау, өңдеу және өткізу жөніндегі субъектілерге таратылады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2009.11.05 N 639 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

       3. Осы Ережеде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ветеринариялық-санитариялық сараптама – жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының ветеринариялық нормативтерге сәйкес келуін органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешені арқылы тексеру;

      2) тамақ өнімдерінің өмір сүру циклы - әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналымы, кәдеге жарату және жою процестері (сатылары) жатады.

      3) өндірістік бақылау бөлімшелері - Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес құрылатын және тамақ өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық нормативі мен ережелеріне сәйкестігін анықтайтын жануарларды соятын, мал өнімдері мен мал шикізаттарын өңдейтін ұйымдардың арнайы бөлімшелері;
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2009.11.05 N 639 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

       4. Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелерге және нормативтерге сәйкес тамақ өнімдерінің ветеринарлық-санитарлық сараптамасы ветеринариялық зертханалар, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалар және өндірістік бақылау бөлімшелерімен Қазақстан Республикасының лицензия саласындағы заңнамасына сәйкес, лицензия алу негізінде атқарылады.

      5. Тамақ өнімдерінің ветеринарлық-санитарлық сараптамасы оның қауіпсіздігін айқындау мақсатында жүргізіледі. Ветеринарлық-санитарлық сараптамасының нәтижесі тамақ өнімдерінің қатерлерін талдау үшін қолданылады.

      6. Тамақ өнімдері барлық өмір сүру циклында жою процестеріне дейін ветеринарлық-санитарлық сараптамаға жатады.

      7. Қазақстан Республикасының ветеринария заңнамасына сәйкес ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізуге тамақ өнімдерінен сынама алынады.

      8. Тамақ өнімдерінен алынған сынама және оның ветеринарлық-санитарлық сараптама қорытындысы есепке жатады.

      9. Тамақ өнімдерінің ветеринарлық-санитарлық сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрінің 4 желтоқсан 2002 жылғы N 399 , нормативтік құқықтық актілердің N 2100 мемлекеттік тіркеу Реестрінде тіркелген бұйрығымен бекітілген Ветеринариялық қадағалау нысандарында тағам өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық сараптамасын немесе зертхананың ветеринариялық-санитариялық сараптама актісін беру туралы Ережесіне сәйкес сараптама актісі беріледі.

      10. Сараптама актісі бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрінің 15 қараша 2002 жылғы N 372 , нормативтік құқықтық актілердің N 2087 мемлекеттік тіркеу Реестрінде тіркелген бұйрығымен бекітілген, Ветеринариялық инспекторлардың мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілеріне беретін ветеринариялық құжаттар (ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлік, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама) туралы Ережесіне сәйкес ветеринария саласындағы уәкілетті орган тамақ өнімдерінің алдағы қолданысқа, кәдеге жарату және/немесе жоюға ветеринариялық құжат беріледі.
      Ветеринариялық құжаттары болмаған жағдайда тамақ өнімдері өмір сүру циклының келесі процестеріне (стадияларына) олардың қауіпсіздігі және шыққан жері анықталғанша жіберілмейді.

      11. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау үшін оның қайта ветеринарлық-санитарлық сараптамасы мынадай жағдайда жүргізіледі:
      1) сапасыздығының айқын белгілері бар (бүлінген, бұзылған, ластанған);

      2) ветеринариялық құжаттардың қолданыс мерзім уақыты өтіп кеткенде;

      3) тамақ өнімдерінің сақтау, өткізу және/немесе тасымалдау жағдайларын бұзған кезде;

      4) тамақ өнімдерін әзірлеу, дайындау, айналым және кәдеге жарату объектілері орналасқан аумағында (аймағында) жануарлардың аса қауіпті аурулары шыққан кезде.

2. Тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау) процесінің (сатысының) ветеринарлық-санитарлық сараптама тәртібі

      12. Тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау) процесінде (сатысында) ветеринарлық-санитарлық сараптамаға нормативтік-техникалық құжаттаманың жобалары және/немесе тәжірибелік үлгілері жатады.

      13. Жануарларды сою, тамақ өнімдерін өндіруіне (дайындауына) арналған балық аулауы (ұстап алуы), шикі сүтті, балды омартадан және жұмыртқаны жинауы мен азық және азық қоспаларын жасауы тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау) процесіне (сатысына) жатады.

      14. Ветеринарлық-санитарлық сараптамасына жануарларды сою жағдайда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 31 қазан 2002 жылғы N 351 , нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу N 2105 Реестрінде тіркелген бұйрығымен бекітілген Жануарларды сою алдындағы ветеринариялық тексеру туралы және ағзалар мен ұшаларды сойғаннан кейінгі ветеринариялық-санитариялық сараптамасы туралы Ережесіне сәйкес атқарылатын сою алдындағы ветеринариялық тексеру және сойғаннан кейінгі ветеринариялық-санитариялық сараптамасы кіреді.

      15. Сойғаннан кейінгі ветеринарлық-санитарлық сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 19 наурыз 2003 жылғы N 140 , нормативтік құқықтық актілердің N 2236 мемлекеттік тіркеу Реестрінде тіркелген бұйрығымен бекітілген Ет ұшаларын ветеринариялық таңбалау туралы Ережесіне сәйкес таңбалау (клеймо) жүргізіледі.

      16. Ветеринарлық-санитарлық сараптама өндіруге арналған балық аулау (ұстап алу), шикі сүтті, балды омартадан және жұмыртқаны жинау кездерінде ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелерге және нормативтерге сәйкес жүргізіледі.

      17. Ветеринарлық-санитарлық сараптама азық және азық қоспаларын жасау кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 20 ақпан 2008 жылғы N 175 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және алғаш рет әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу Ережесі сәйкес жүргізіледі.

3. Тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) процесінің (сатысының) ветеринарлық-санитарлық сараптама тәртібі

      18. Тамақ өнімдерін ветеринарлық-санитарлық сараптама оларды өндіру (дайындау) процесінде (сатысында) барлық технологиялық процесінде және олармен байланысты орау, буып-түю, таңбалау, сондай-ақ тамақ өнімдерді ішкі өндірісте сақтау мен тасымалдау процестерінде жүргізіледі.

4. Тамақ өнімдерін айналымы процесінің (сатысының) ветеринарлық-санитарлық сараптама тәртібі

      19. Айналымы процесіне (сатысына) ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізілген тамақ өнімдер жіберіледі.

      20. Тамақ өнімдеріне ветеринарлық-санитарлық сараптама олардың айналымы процесында (сатысында) осы Ереженің 11 тармақшасындағы аталған жағдайда жүргізіледі.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2009.11.05 N 639 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

      21. Тамақ өнімдердің ветеринарлық-санитарлық сараптама Қазақстан Республикасы аумағына (аумағынан) тамақ өнімдерін әкелу (импорттау) және әкету (экспорттау) кезінде мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханаларымен жүргізіледі. Тамақ өнімдерін айқындау бойынша оларға ветеринарлық-санитарлық сараптау жасау мен сараптау актісін беру мерзімі 5 (бес) жұмыс күнінен аспайды.
       Ескерту. 21-тармаққа толықтырту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2009.02.19 N 93 Бұйрығымен.

      22. Ветеринарлық-санитарлық сараптама Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 31 қазан 2002 жылғы N 351 , нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу N 2105 Реестрінде тіркелген бұйрығымен бекітілген Базарларда ветеринариялық-санитариялық сараптамасын жүргізудің ережесіне сәйкес атқарылады.

5. Тамақ өнімдерін кәдеге жарату процесінің (сатысының) ветеринарлық-санитарлық сараптама тәртібі

      23. Қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жаратуы және жоюы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 15 ақпан 2008 жылғы N 140 қаулысымен бекітілген Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған орта қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою Ережесіне сәйкес жүргізіледі.

      24. Кәдеге жарату процесінде (сатысында) ветеринарлық-санитарлық сараптамаға ветеринариялық-санитариялық бақылануға тиісті тамақ өнімдері жатады.
      Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2009.11.05 N 639 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады