Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2009 жылғы 21 желтоқсандағы N 169 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2009 жылғы 25 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5974 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 17 наурыздағы № 147 Бұйрығымен.

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 2012.03.17 № 147 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 104 және 108-баптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы «Әділет органдары туралы» заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің қызметін ұйымдастыру туралы ережесі бекітілсін.
      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
      3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап күшіне енгізіледі.
      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        Р. Түсіпбеков

      «Келісілді»
      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі
      ____________ Ж. Түймебаев
      2009 жылғы 21 желтоқсан

Қазақстан Республикасы  
Әділет министрінің   
2009 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 169 бұйрығымен бекітілген

Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің (лицейлердің) қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінде жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің (лицейлердің) қызметін ұйымдастыру тәртібін белгілейді.
      2. Ереже Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару және Бюджеттік кодекстеріне, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының  Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.
      3. Түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептер (лицейлер) (бұдан әрі - Мектеп) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ереже мен Мектептің Жарғысын басшылыққа алады.
      4. Мектептің құрылтай құжаттары Қазақстан Республикасы азаматтық  заңнамасының талаптарына сәйкес болуы тиіс.
      5. Тіркелген сәтінен бастап Мектеп мемлекеттік мекеме нысанында заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өзінің атауы, жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері және заңнамаға сәйкес банктерде шоттары болады.
      6. Мектептің негізгі міндеттері:
      1) жасы отызға жетпеген сотталғандардың негізгі орта және жалпы орта білімді міндетті алуы;
      2) отыз жастан асқан сотталғандардың және I-II топтағы мүгедектердің қалауы бойынша орта білім алуы;
      3) кәсібі (мамандығы) жоқ сотталғандардың техникалық және кәсіптік білім алуы.

2. Мектепті ұйымдастыру тәртібі

      7. Түзеу мекемелеріндегі Мектеп Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстар, Астана қаласы, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің облыстық, Астана мен Алматы қалалық білім басқармаларының органдарымен келісілген ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылады.
      Ескерту: 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің  2010.12.22 № 341 (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      8. Мектеп Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне кіреді.
      9. Мектепті қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасының  заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Мектепті ұйымдастыру және қызмет ерекшеліктері Мектеп Жарғысымен және осы Ережемен айқындалады.
      11. Мектептің білім беру қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

3. Оқушылар

      12. Кәсіптік мектептерге (лицейлерге) қабылдау негізгі орта және жалпы орта білімі бар сотталғандар ішінен білім туралы құжатының негізінде жүзеге асырылады.
      13. Сотталғандарды жалпы білім беру мектебіне қабылдау білімі туралы құжаттардың негізінде жүргізіледі.
      14. Білім туралы құжаты болмаған жағдайда мектеп директоры сотталған оқыған білім беру мекемесі қарайтын облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім беру басқармаларына сауал жібереді. Ерекше жағдайда сотталғандар Мектепке жеке ісіндегі білімі туралы деректердің негізінде қабылданады. Қабылдау Мектеп директорының түзеу мекемесі бастығымен келісілген бұйрығымен ресімделеді. Сыныптарды топтау оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.
      15. Оқушылардың міндеті бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен жағдайы ескеріліп, Мектептің Жарғысы және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2001 жылғы 11 желтоқсандағы № 148 бұйрығымен бекітілген Түзеу мекемелерінің ережелері (тіркеу тізілімінде № 1720 болып тіркелген) бойынша айқындалады.
      16. Айып изоляторына қамалған және камера түріндегі үй-жайға, дара камераға, жаза өтеудің қатаң жағдайына ауыстырылған кәсіптік мектеп оқушылары сырттай оқиды.
      17. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген сотталғандар жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуға тартылмайды. Оларға өз бетінше білім алуға жазасын өтеу тәртібі мен жағдайларына қайшы келмейтін жағдай жасалады.
      18. Мектепті бітірген сотталғандарға мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі. Бұл құжат, сондай-ақ үлгерім және қатысу табелі сотталғандардың жеке істерінде сақталады және олардың қолына жазасын өтеуден босатылған кезде беріледі.
      19. Сотталғандарды басқа түзеу мекемесіне ауыстырған кезде үлгерім және қатысу табелі оның жеке ісіне тіркеледі.
      20. Түзеу мекемесіне оқу жылы басталғаннан кейін келген сотталғандарды мектепке қабылдау жеке ісіндегі деректердің негізінде жүргізіледі.
      21. Емтихан тапсыру үшін оқушылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан босатылады.
      22. Өндірістік оқудың толық курсын жақсы аяқтаған кәсіптік мектеп (лицей) оқушылары мемлекеттік біліктілік емтиханын тапсыруға жіберіледі.
      23. Оқу жылы кезеңінде, түзеу мекемесінің түрін өзгерту, ол ауырған жағдайда не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, түзеу мекемесiн қайта ұйымдастыру немесе тарату кезiнде, өндiрiске қажет болған жағдайда сотталушының келiсiмiмен, сондай-ақ сотталушының сол түзеу мекемесiнде одан әрi болуына кедергi жасайтын өзге де ерекше жағдайлар туындамаса, оқушыларды бір түзеу мекемесінен екіншісіне ауыстыруға жол берілмейді. Әрбір алдағы ауыстыру жөнінде мекеменің арнайы есепке алу бөлімі (бөлiмшесi, тобы) Мектеп директорын хабардар етеді.
      24. Сабақ оқитын күндері оқушыларды сабақтан қол үзуге қатысты мерзімнен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынады.
      25. Мемлекеттік емтихан басталуынан үш ай бұрын жазасын өтеуден босатылатын бітіруші курстағы оқушылар үшін емтихан мерзімінен бұрын ұйымдастырылады.

4. Оқу-тәрбие жұмысы

      26. Мектепте оқу процесінің мазмұны мен ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі әзірлейтін және бекітетін оқу жоспарларымен, жалпы білім беру оқу бағдарламаларымен белгіленеді.
      27. Мектептерде оқу жылының ұзақтығы 36 оқу аптасын құрайды.
      28. Мектепте оқу жылы 1 қыркүйекте басталады, мекеменің өндірістік кәсіпорнының 2 ауысымдық жұмысы кезінде оқу сабақтары екі ауысымда ұйымдастырылады және аптасына 5-6 күн өткізіледі. Сабақтардың басталу және аяқталу уақыттары, сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы түзеу мекемесінің бастығымен келісім бойынша Мектеп директорының бұйрығымен белгіленеді.
      29. Түзеу мекемесі әкімшілігінің өкілдері, қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелері Мектеп әкімшілігінің келісімімен сотталғандарды оқыту жөніндегі жұмысты жақсарту мақсатымен сабақтарда, білім беру процесіне байланысты басқа да іс-шараларда болуы, педагогикалық кеңестің, конференциялардың, мәжілістердің және Мектеп ұйымдастыратын және өткізетін басқа да іс-шаралардың жұмысына қатысуы мүмкін.

5. Мектепті басқару

      30. Мектепті басқару «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Мектеп Жарғысына сәйкес демократиялық, жариялылық, жалпы адамзаттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының басымдығы, жеке адамның еркін дамуы принциптерінде жүзеге асырылады.
      31. Мектепке басшылық жасауды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 26 желтоқсандағы № 657 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық орналастыру ережесімен айқындалған тәртіппен тағайындалған Директор жүзеге асырады.
      Директор өзінің қызметін функционалдық міндеттеріне сәйкес жүргізеді.
      32. Мектеп директоры түзеу мекемесі бастығының келісімі бойынша Мектептің басшы, педагог қызметкерлерін, оқыту - көмекші қызметкерлерін қызметке тағайындайды және босатады. Олардың тағайындау мен босату тәртібі Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптары бойынша жүзеге асырылады.
      33. Мектеп директорының, басшы, педагог қызметкерлердің, оқыту - көмекші қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері Мектеп Жарғысында және түзеу мекемесінің ішкі тәртіп ережелерінде айқындалады.
      34. Мектеп директоры мен педагог қызметкерлер жасақ тәрбиешілері кеңесінің құрамына кіреді, мекеме әкімшілігімен бірлесіп сотталғандардың тәрбие жұмысына қатысады.
      35. Түзеу мекемесінің әкімшілігі:
      1) міндетті жалпы білім беруге және кәсіптік оқытуға жататын, сондай-ақ жалпы білімі мен кәсіптік деңгейін көтеруді қалайтын сотталғандардың есебін жүргізеді.
      2) Мектеп әкімшілігінің, педагогикалық қызметкерлердің және оқытушы - көмекші қызметкерлердің мекеме бөлімдері мен қызметтерінің қызметкерлерімен сотталғандарды оқыту, тәрбиелеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді.
      3) Мектептің педагогикалық ұжымына мекеменің сотталғандарды оқыту мен түзеу мәселелері жөніндегі қызметін реттейтін құқықтық және әдістемелік құжаттарды зерделеуде көмек көрсетеді.
      4) Мектеп қызметкерлерінің мекемеде белгіленген режимдік талаптарды сақтауына бақылау жасайды.
      5) Мектеп қызметкерлерінің түзеу мекемелерінің аумағында болған уақытында олардың еңбек қауіпсіздігі мен күзетін қамтамасыз етеді.
      6) химиялық реактивтердің, оптикалық приборлардың, радио - фотоаппаратуралардың және басқа да приборлардың сақталуын қамтамасыз етеді және олардың пайдаланылуына бақылау жасайды.
      36. Мектептің педагогикалық ұжымы:
      1) мекеме әкімшілігімен бірлесіп міндетті оқытуға жататын жасы отызға толмаған және жалпы білімі жоқ сотталғандарды толық қамтуды қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыс жүргізеді;
      2) білім беру процесін сотталғандарды ұстау режимінің талаптарын ескеріп, оқу жоспары мен бағдарламаларына сәйкес ұйымдастырады, жаңа педагогикалық технологияларды енгізеді;
      3) оқушыларға сабақтарға дайындалуына, өз бетінше білім алу әдістерін игеруіне, мекеме әкімшілігіне сотталғандардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, оларды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту жұмысына көмек көрсетеді;
      4) мекеме әкімшілігінің алдына оқудағы және тәртіп сақтаудағы жетістіктері үшін оқушыларды марапаттау туралы ұсыным қояды;
      5) Мектеп қызметкерлерінің «Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп ережесі туралы» Әділет министрінің 2001 жылғы 11 желтоқсандағы № 148 бұйрығымен бекітілген (Әділет министрлігінде № 1720 тіркелген) сотталғандармен өзара қарым-қатынасты сақтауын қамтамасыз етеді. Мекеме әкімшілігіне сотталғандар арасында тәртіпті нығайтуда жан-жақты көмек көрсетеді;
      6) оқу-көрнекі құралдарының, құрал-жабдықтардың және басқа да мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.
      37. Мектеп қызметкері Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп ережесінде белгіленген режимдік талаптарды бұзған жағдайда, оны ауыстыру туралы мәселені шешу үшін бір мезгілде Мектеп директоры, білім беру органы хабардар етіліп, мекеме аумағына жіберілмейді.

6. Оқу-материалдық базасы, қаржыландыру және есеп беру

      38. Мектеп оқу жоспарына, сыныптан тыс тәрбие жұмысына сәйкес оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін санитарлық ережелерге және санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай келетін қажетті үй-жайлар, құрылыстар және жабдықтар алуы тиіс. Бұдан басқа, толыққанды жұмыс істеуі мақсатында Мектепте: өзін-өзі дайындау бөлмесі, киім ілгіш, шаруашылық және қосалқы үй-жайлар болуы тиіс.
      39. Жабдықтауларды сатып алу, сондай-ақ үй-жайларды ұстауға байланысты шығындар (коммуналдық қызмет көрсетулер, ағымдағы жөндеу және өзге шығындар), қызмет көрсету персоналдың еңбекақысын төлеу түзеу мекемелері қаражат есебінен жүргізіледі. Басшы және педагогикалық қызметкерлердің, оқу-тәрбие қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу, оқулықты сатып алу және жеткізу білімге көзделген жергілікті қаражат есебінен сәйкес жүргізіледі.
      40. Мектеп іс қағаздарын «Білім туралы»«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жүргізеді және білім беру органдарына бағыныстылығы бойынша есеп береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады