Кредиттiк бюроларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ақпарат беру ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 маусымдағы № 77 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 23 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6507 болып енгізілді.

      Кредиттік бюролардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген Кредиттік бюроларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ақпарат беру ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова):

      1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне, "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС мәлімет үшін жіберсін.

      4. Агенттіктің Төрайым қызметі (А.А. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

Төрайым

Е. Бахмутова

"КЕЛІСІЛДІ"


Қазақстан Республикасы


Әділет министрлігі


министрдің міндетін атқарушы


Д.Р. Құсдәулетов


2010 жылғы 30 қыркүйек



  Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының 2010 жылғы
1 маусымдағы № 77 қаулысымен
бекітілді

Кредиттiк бюроларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ақпарат беру ережесі

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 4 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және кредиттiк бюроларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың (бұдан әрі – тіркеуші орган) кредиттік тарихтар субъектілері туралы иелігіндегі жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарға (құқықтар ауыртпалығына) қатысты ақпаратты (бұдан әрі-ақпарат) беру тәртібін және шарттарын белгілейді.

      2. Тіркеуші органдар Заңның 19-бабының 3-тармағында қарастырылған талаптарды сақтайды.

      3. Ақпарат тіркеуші орган мен кредиттік бюроның арасында жасалған ақпарат беру туралы шарттың негізінде беріледі.

      4. Ақпарат беру туралы шартта мынадай талаптар:

      1) тараптардың толық атауы, орналасқан жерi, банк деректемелерi;

      2) шарттың қолданылу мерзiмi, оны өзгерту, тоқтату және бiржақты тәртiппен бұзу негiздемелерi мен тәртiбi, сондай-ақ шарт бойынша мiндеттемелердi бұзғаны үшiн айыппұлдардың мөлшерi;

      3) кредиттiк тарихты қалыптастыратын ақпараттың түрлерi, көлемi, мерзiмi (кезеңдiлiгi), беру тәртiбi, шарт тараптары көрсететін қызметтерге ақы төлеу талаптары, сондай-ақ кредиттiк тарихтың деректер базасын және пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi қорғау жөнiндегi ұйымдастырушылық, техникалық шаралар мен технологиялық талаптарды бiрлесіп iске асыру талаптары;

      4) кредиттiк бюроның берiлетiн ақпаратты тек осы Заңда көзделген мақсаттарға сәйкес пайдалану туралы мiндеттемесi;

      5) кредиттiк бюроның барлық алынатын ақпаратқа қатысты құпиялылық режимiн сақтау және оны тек осы Заңда көзделген негіздемелерде, шарттарда және тәртіппен ашу туралы мiндеттемесi;

      6) ақпарат берушінің кредиттік бюроға жіберілетін барлық ақпаратқа қатысты құпиялық режимін сақтау туралы міндеттемесі;

      7) ақпарат берушiнiң кредиттік бюроға дәйектемесiз ақпарат берген жағдайдағы жауапкершiлiгiн қоса алғанда, тараптардың жауапкершiлiгi болуға тиiс.

      5. Тіркеуші органдардың кредиттік бюроға берген ақпаратта мынадай мәліметтер болу тиіс:

      1) жеке тұлғалар үшін - тегi, аты, әкесінiң аты (болған жағдайда), туған күнi, заңды мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, салық төлеушінің тіркеу нөмірі немесе бар болса жеке сәйкестендiру нөмiрi, жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу туралы және осы құқықтарға ауыртпалықты тіркеу туралы мәліметтер болуы тиiс;

      2) заңды тұлғалар үшiн - атауы, орналасқан жерi, заңды тұлға ретіндe мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, салық төлеушінің тіркеу нөмірі немесе бар болса бизнес - сәйкестендiру нөмiрi, жылжымайтын мүлiкке меншік құқығын және осы құқықтарға ауыртпалықтарды тiркеу туралы мәлiметтер болуға тиіс.

      Ақпарат кредиттiк бюро мен ақпарат берушi арасындағы келісім бойынша, олар жасасатын ақпарат беру туралы шарт негiзiнде, егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға қайшы келмесе, толықтырылуы мүмкiн.

      6. Шарттағы ақпаратты қағаз түріндегі жеткізушімен беруі көзделген жағдайларды қоспағанда, ақпарат берушiлер кредиттiк бюроға ақпаратты электрондық жеткiзушімен береді.

      7. Кредиттiк бюро алған ақпараттағы бұрмалау тіркеуші органның немесе кредиттiк бюроның техникалық қателерiнiң салдарынан, олардың қызметкерлерiнiң өзге де iс-әрекеттерiнiң немесе әрекетсіздiгiнiң салдарынан орын алған жағдайда, онда тіркеуші орган болдырған бұрмалаушылықты анықтаған күннен бастап он жұмыс күн ішінде бұрмалауды анықтаған күні ақпарат берушіде бар ақпаратты кредиттік бюроға береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады