Табиғат қорғау мекемесінің рәміздерін (эмблемасы мен туын) әзірлеу және пайдалану қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 1 қыркүйектегі N 556 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 6 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6522 болып енгізілді

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - РҚ Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.10.24 № 17-03/541 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

      «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабының 6) тармақшасына және 19-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - РҚ Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.10.24 № 17-03/541 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.
      1. Қоса беріліп отырған Табиғат қорғау мекемесiнiң рәмiздерiн (эмблемасы мен туын) әзiрлеу және пайдалану қағидасы бекiтілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - РҚ Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.10.24 № 17-03/541 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.
      2. «Табиғат қорғау мекемесінің рәміздерін әзірлеу және пайдалану ережесі бекітілсін туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2007 жылғы 22 қаңтардағы № 21 (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде 4549 нөмірмен тіркелген) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Омаров Ж. Ы.) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелуін қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а.                            Е. Аман

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министірінің м.а.
2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 556
бұйрығымен бекітілген    

Табиғат қорғау мекемесінің рәміздерін (эмблемасы мен туын) әзiрлеу және пайдалану қағидасы

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - РҚ Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.10.24 № 17-03/541 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Табиғат қорғау мекемесiнiң рәмiздерiн (эмблемасы мен туын) әзiрлеу және пайдалану қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабының 6) тармақшасына және 19-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің (бұдан әрі – табиғат қорғау мекемелері) рәміздерін (эмблемасы мен туын) әзiрлеу және пайдалану тәртібін белгілейді.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - РҚ Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.10.24 № 17-03/541 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.
      2. Бейнесін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітетін табиғат қорғау мекемесінің эмблемасы мен жалауы оның рәміздері (бұдан әрі – рәміздер) болып табылады.
      3. Рәміздерді әзірлеу кезінде мынадай негізгі талаптар сақталады:
      1) эмблемада табиғат қорғау мекемесінің табиғи және/немесе тарихи-мәдени кешендері мен объектілерінің тән ерекшеліктерін көрсететін сөздік, бейнелік және/немесе көлемдік белгілер не олардың аралас үлгілері бейнеленеді, сондай-ақ оның мемлекеттік тілдегі атауы жазылады;
      2) жалау мемлекеттік табиғат қорғау мекемесінің эмблемасы мен мемлекеттік тілдегі толық атауы орналасатын мата түрінде болады. Жалау енінің оның ұзындығына ара-қатынасы – 1:2.

2. Рәміздерді әзірлеу және бекіту

      4. Рәміздерді әзірлеуді табиғат қорғау мекемесі ұйымдастырады.
      5. Табиғат қорғау мекемесінде мекеме басшысы орынбасары басшылығындағы мекеме қызметкерлері саны бес адамнан кем емес, рәміздер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылады.
      6. Рәміздер жобасын 15 жұмыс күні ішінде табиғат қорғау мекемесінің ғылыми-техникалық кеңесінде қарайды және оң қорытындысымен уәкілетті органға жіберіледі.
      Уәкілетті органда бірінші басшының не оның орнын алмастыратын адамның бұйрығымен сараптама комиссиясы құрылады, ол жиырма жұмыс күннің ішінде рәміздер жобасын қарайды. Сараптама комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін рәміздер он жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органның бірінші басшысының не оның орнын алмастыратын адамның бұйрығымен бекітіледі.
      Сараптама комиссиясының теріс қорытындысы алынған жағдайда рәміздер жобасы он жұмыс күнінің ішінде табиғат қорғау мекемесіне пысықтауға қайтарылады. Табиғат қорғау мекемесі ол қайтарылғаннан кейін бір ай мерзім ішінде сараптама комиссиясының ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып пысықтауды қамтамасыз етеді және оны қарауға қайта енгізеді.
      7. Бекітілген рәміздер «Тауарлық белгілер, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» 1999 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес табиғат қорғау мекемесінің тауарлық белгісі ретінде тіркеледі.

3. Рәміздерді пайдалану

      8. Табиғат қорғау мекемесі рәміздерді бланкілерде, баспа және өзге де ақпараттық және білім беру өнімдерінің барлық түрінде, қызметтер көрсету кезінде пайдаланады, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың оны ақылы негізде пайдалануына рұқсат береді.
      9. Жеке және заңды тұлғалардың рәміздерді пайдалануы шартпен ресімделеді.
      Шартта рәміздерді пайдалану шеңбері, тараптардың міндеттемелері, төлемақының мөлшері мен тәртібі (жарнама орналастырғаны үшін біржолғы төлем, тауарлар/қызметтер сатудан жасалатын аударымдар және басқалары), рәміздерді тиісті дәрежеде пайдаланбағаны үшін не тауарлардың/қызметтердің, сондай-ақ олардың жарнамасының мәлімделген сапаға сәйкес келмеуі салдарынан рәміздерді кемсіткені үшін тараптардың жауаптылығы айқындалады.
      Рәміздердің пайдаланылуы көзделген заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, тапсырыс беруші жеке тұлғаның деректері немесе олар шығаратын өнімдердің/көрсететін қызметтерінің тізбесі өзгерген жағдайда шарт қайта ресімделуге жатады.
      10. Рәміздерді сапаның мәлімделген жоғары көрсеткіштері бар экологиялық таза технологиялар бойынша экологиялық таза тамақ өнімін не экологиялық таза өнімдерден/материалдардан жасалған өнім шығаратын не туристік бизнеспен, экологиялық білім берумен және ағартумен байланысты қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар пайдалана алады.
      Рәміздерді олар жарнамалық материалдарда, өнімнің өзінде немесе оның тауарлық жапсырма қағазында, орамасында орналастыруы мүмкін.
      11. Рәміздерді пайдалануға рұқсат алу үшін тапсырыс беруші табиғат қорғау мекемесі әкімшілігінің атына тапсырыс жібереді, онда:
      1) заңды тұлға үшін – оның атауы, мекен-жайы, банктік деректемелері;
      жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері;
      қызметінің түрі көрсетілген өтініш;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      3) заңды тұлғаның статистикалық карточкасының көшірмесі;
      4) жеке тұлғаның жеке куәлігінің немесе төлқұжатының көшірмесі;
      5) жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      6) рәміздерді пайдалану мәлімделген, оларға сапа өлшемдері ескертілген өнімдер, көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер қамтылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады